ҰЛТ ТҰҒЫРЫ – ТІЛІНДЕ

  • 25.09.2018
  • 109 рет оқылды
  • 0

Шерәлі Біләл,
физика-математика ғылымдарының кандидаты,
филология ғылымының докторы,
профессор

Ұлттық тілбілімнің  келешегі туралы

Ұлттық тілбілім ілімінің келешегі оны латынға көшіруден бастау алады немесе ұлттық тілбілім ғылымының негізі латынға көшу арқылы қалып­тастатын болады. Яғни, тілбілім ілімі (лингвистика, языкознание) ұлт тілін­де, қазақша сөйлеп, шынайы ғылыми ахуал қалыптасатын болады. Олай болмаған күнде, латынға көшу ешбір қисынға келмейтін берекесіз тірлік болмақ.
Біз латынға көшу арқылы 30 жыл бойы айтумен келе жатқан, ше­шімі толық табылмаған аса күрделі мәселенің – Мемлекеттік тіл мәселесінің шешімі табылатын болды. Ия, ұлттық тілбілім ғылымының тілі – қазақ тілі, ол – мемлекеттік тіл. Солай дегенмен, қалайша аса күрделі мәселе бір мезетте бірден шешіле салады? Ол былай: біріншіден, латынға көшу дегеніміз, қазақ тілбілім ілімінің заңдылықтарын, ережелерін, жалпы ғылымды қайта қарау, оны ұлттық қалыпқа келтіру деген сөз; екіншіден, ғылымның идеологиялық (теориялық) негіздері дұрыс, Ахмет Байтұрсынұлы үлгісінде қалыптастырылған; үшін­шіден, Ахаңның ұлттық тілбілім теориясы қазіргі таңдағы қазақ тілінің өркендеп-өскен деңгейін ескере отырып немесе оның өсу деңгейіне сәйкестендіріп модернизацияланған; төртіншіден, ғылым атаулары ұлт тілінде өрнектелген; бесіншіден, ұлттық ғылыми өрнек (стиль) қалыптастырылған; алтыншыдан, ұлттық ғылым тілінің ақпараттылығы (информативность) қамтамасыз етілген; жетіншіден, ғылым тілі тұрпаттандырылған (формализация).
Бұл дегеніміз, ұлттық ғылым өз тұғырына қонды деген сөз. Енді оны орнынан қозғау – қиынның қиыны, мүмкін емес десе де болады. Осы аталған фактілерді іске асыру үшін Ахмет Байтұрсынұлы тілбілім ілімінің теориясы кеңінен қолданылатын болады, қолданылуы тиіс. Ол ілім теориясы осы уақытқа дейін жарияланбағандықтан немесе ол қоғамға жат элемент еңбегінің нәтижесі деп танылғандықтан, оны қоғамның тұтынуына тыйым салынған еді. Енді соны жария ету, қайта жасау қажеттілігі туып отыр. Ол қалай жасалмақ? Біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде мынадай (Ахмет Байтұрсынұлы тілбілім ілімінің теориялық негіздері) бағдарламалық жоба дүниеге келді. Бағдарламамыз төрт түрлі қомақты да, атқарылуы күрделі жобалардан тұрады:
1-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы Тілбілім ілімі атауларының көптілдік (қазақ, орыс, араб, ағылшын) екіжақ түсіндірме сөздігін (ұғым, этимология) жасау.
2-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы Тілбілім ілімі атауларының жасалу теориясын әзірлеу.
3-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы Тілбілім грамматикасы теориясын жасау.
4-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы Тілбілімінің жалпы теориясын жасау.
Бағдарламаны атқаруға жиырмаға жуық белгілі мамандарды қатыстыру көзделіп отыр, аяқталу мерзімі бір-ақ жыл. Ендігі мәселе, қаражатқа тіреліп тұр. Жұмысқа негізінен, Тілбілім институтының қызметкерлерін тарту жоспарланған.
Ал, енді латынға көшу, жазуымызды латынға көшіру ісінде асқан парасат-пайым қажет екендігін, бұл істің жай емес, ғылыми проблема екендігін жұрт түсіне ме екен? Түсінсе, жақсы. Сонда ғылым қалай жасалады? Алға қойылған проблеманы шешуге қажетті материалдар жинақтау, оның ішінде, сол проблеманы шешуге бағытталған отандық ғылыми мектептер, оның жетекші ғалымдарын анықтау аса маңызды. Олар анықталғаннан кейін олардың еңбектерін іске жарату парыз. Ондай мектеп бізде бар. Ол – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Жасанды интеллект институтының директоры Алтынбек Шәріпбаев мектебі. Бұл мектеп университет ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді, яғни 20 жылдық тарихы бар деген сөз. Бұл бағытта А.Шәріпбаевтың жетекшілігімен қаншама ғылым докторлары, кандидаттары, философия докторлары дайындалды. Осындай ғылыми ізденістердің нәтижесінде, бүгінгі күні Елбасымыз қойып отырған латынға көшу міндеті теориялық тұрғыдан түбегейлі шешімін тапты, һәм жаппай компьютерлендірілді (автоматтандырылды).
Олай болса, осы үлкен мемлекеттік істің, латындандыру ісінің басында тұруға тиісті профессор Алтынбек Шәріпбаев неге ұлы істен шеттетіледі? Комиссияға кіргізілгенімен, оның пікірімен санаспаушылық байқалады. Комиссияны өңкей «білгіштер» жаулап алған. Мәселен, қазақ тілі әліпбиінің латын нұсқасын алғаш ұсынған азаматтардың оған ешқандай моральдық құқығы жоқ болатын. Оны қанағат тұтпай, яғни ұсыныс өтпегеннен кейін, тоқтаудың орнына екінші нұсқасын ұсынып, оны қолданысқа енгізді. Қабылданғанымен, бұл нұсқа да сын көтермейді. Әйтпесе, мұндай іске бару үшін проблеманы жетік білу шарт емес пе? Бұл да болса, жауапты тұлғаларға құлаққағыс. Осымен келешектің ісі тәмамдалды десек болар еді, алайда ұлттық Тілбілім ілімі латындық нұсқада жасалып қойған болса (профессор А.Шәріпбаев ұлттық ғылымның жаңа нұсқасын толығымен жасап қойды дедік), онда А.Байтұрсынұлы атындағы Тілбілім институты немен айналыспақ керек? Біз осы тұста өз пікіріміз бола тұра, мәселені шешуді Институт ұжымының құзырына қалдырайық.
Жоғарыда келтірілген ұлттық Тіл білім келешегіне деген көзқараспен, жалпы тақырып мазмұны логикасымен үйлеспесе де, тағы бір адами қасиеттің жақсы үлгісі ретінде Ұлт тілінің нағыз жанашырлары туралы айта кеткенді жөн көрдік. Нағыз жанашырлары дегеніміз, біздің түсінігімізше, тіл, мемлекеттік тіл проблемаларын терең түсінетін, пікірлері нақты да дәлелді, лингвист ғалымдар: академик Өмірзақ Айтбаев, профессор Байынқол Қалиев, профессор Махамбет Жүсіпов, профессор Шерәлі Біләл, ҰҒА корреспондент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы, профессор Спандияр Ақаев. Олардың басты еңбектері мыналар: Айтбаев Ө. «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» (1988 ж.); Қалиев Б. «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (15 томдыққа қосымша 1 том)», Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2014 ж.; М.Жүсіпов. «Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма», Ташкент, 1995 ж., «А.Байтұрсынұлы һәм терминология мәселелері», Алматы, 2017 ж.; Ш.Біләл. «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері», Алматы, Ғылым, 1996 ж., 420 б.; Ш.Құрманбайұлы. «Қазақ тілі лексикасының терминденуі», Алматы, Ғылым, 2001 ж.; С.Ақаев. «Терминнің танымдық табиғаты». Алматы, 2004 ж.

Ұлттық Тілбілім ілімінің  дамуына жасанды кедергілер һәм оның тілтұтыну үдерісіндегі  салдары

Ұлттық ғылым тілінің қалыптасып, одан әрі дамуы әрқашанда мемлекет назарында болып келгендігі көңіл аудартады. Әрбір ұлтты ғылым тілі мәселелері толғандырмай тұра алмайтын болса керек. Соның нақты көрінісі ретінде 1925-1935 жыл­дар аралығында Қазақ ССР Оқу халық коммиссариаты жанындағы Мем­терминком (Мемлекеттік тер­минология комиссиясы) терминология мәселелеріне жетекшілік жасап келген. 1931 жылы жарық көрген «Атаулар сөздігі» сол кезеңмен тұстас келеді. 1935 жылы Мемлекеттік терминология комиссиясы бюлле­тенінің 4 нөмірі жарық көрді. Бюллетеннің бұл сандарында алдағы зерттеу жұмыстарына бағыт-бағдар сілтейтін материалдар жарияланды.
Бюллетеннің 2-санында «Математика терминдері жөнінде» атты мақала басылған. Ал, үшіншісінде бюллетеннің алғашқы санында басылған «Математика терминдерінің орысша-қазақша сөздігінің» жалғасы жарық көрген. Яғни бюллетеннің төрт бірдей санында да математика аталмай қалмаған. Бұл аталған еңбектер сол кездегі ғылымның әр саласында қызмет етіп жүрген Ә.Ермеков, Р.Бөкейханов, Ғ.Бегалиев сияқты ел азаматтарының екпінді іс нәтижесі болса керек. Жұртшылық талқысынан өткен, мәдениет қайраткерлерінің Бүкілқазақстандық съезі мақұлдаған осы атаулар Қазақстан Халық Комиссариаты Кеңесінің қаулысымен бекітіліп, 1936 жылы терминологиялық сөздікте «Қазақ тілі терминдері» деген атпен жарық көреді. Қ.Жұбановтың жалпы редакциясымен «Қазақстан» баспасынан шыққан бұл сөздікте әлеуметтік экономика, физика, математика, салалары қамтылған. Сонымен қатар онда негізін Қ.Жұбанов жасаған сөздік бекіткен, 10 тармақтан тұратын қазақ әдеби тілі терминологиясының принциптері берілген.
«1920 жылдарда пайда болып, қолданыста қилы-қилы өріс тауып, ала-құлалықты өрбіткен термин жасау процесіндегі шалағайлықтар, көбінесе мұның принциптерін жөнді түсінбегендіктен, термин жасау мен қабылдаудың қағидалары мен заңдылықтарын жете білмегендіктен кетіп жататын. Бұл түзілген принциптер сол олқылықтың орнын толтырды» деген Ө.Айтбаевтың пікірімен біз келісе алмаймыз. Принцип, қағида, заңдылық дегеніміз мемлекеттің қаулы-қарарымен ғана тұжырымдалып, бекітілген дүние емес, сол табиғаттың өзінен де туындап жатқан дүние. Яғни, ұлттық тіл табиғатын терең пайымдау негізінде, оның өзінен, өмір сүру, өсіп-өну, өрбіп даму қажеттілігінен туындайтын табиғи ережелер. Сондықтан да 20-жылдардағы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларына «шалағайлықтарды» таңу орынсыз, керсінше, олар ұлттық тілдің даму жолын, бағыт-бағдарын жете түсінгендіктен ғылыми атауларды қазақ тілінде жасауға барынша күш-жігер жұмсады. Бұл үлкен білімдарлықтың, көрегенділіктің белгісі еді. Оны көріп-біле тұра, кереғар ой-пікір ағымына ілесіп, басқалай бағалау орынсыз.
Біз осы баптағы деректерді, басқасын да түгелдей Өмекеңнің өзінен ала тұрып, соған қарсы пікір қоздыруымыз өзге түгілі өзімізге де дөрекілеу көрінгенімен, бұл жолды саналы түрде таңдап отырмыз. Қазақ тілінің қазіргі кемшін жағдайы 20-жылдардағы «шалағайлықтардың» салдарынан емес, 30-жылдардан бас­тау алатын жалған «білімдарлықтың» зардабынан деп ұғынғандықтан, ағамызбен «түс шайысып» отырған жағдайымыз бар. Бірақ, қалай десек те, біздің қазіргі танымымыз тұрғысынан алғанда теріс пікір білдірген Өмекең де, 30-жылдарда ғылым тілінің ұлттық тірегін шайқалтуға атсалысқан ағалар да кінәлі емес, бәріне уақыт кінәлі екендігін тағы да еске саламыз. Себебі, кез-келген ұлтжанды азамат өз тамырына саналы түрде балта шаппақ емес. Ал, ғылым тілін «ұлтсыздандыру» немесе халықаралық атауларды түпнұсқада қабылдау деген сияқты ағым осымен парапар келетін нәрсе емес пе? Осыны біз әлі де жете түсінбеген сияқтымыз. Бұл да болса ұлттық сананың әлі қалыптасып болмағандығының белгісі болса керек.
Енді кезінде терминжасам ісіне мол пайдасы тиген тарихи құжаттың өзіне, оның он принципіне жеке жеке тоқталып көрелік. Онда да біз түпнұсқаға емес, өзіміз пайдаланып отырған Өмекеңнің кітабындағы деректерге жүгінеміз. Сонымен аталған құжаттың бірінші шарты бойынша, «әдеби тілдердің көбіне ортақ революция, совет, теория, практика, тенденция, медицина, хирургия, климат, абсолютный, конкретный, т.с.с. халықаралық сипаты бар терминдерді сол түпнұсқадағы қалпынша қазақ тіліне аудармай алу» қажеттілігі айтылыпты. Ғылым атауларын орыс тілі түпнұсқада қабылдаса, одан өзге ұлт тілдері де солай қабылдау қажеттілігі туындамайды. Бұл жерде әр тілдің өз табиғаты, ішкі мүмкіндіктері ескерілуге тиіс. Табиғаты мүлде жат сөзді, ғылым атауын «халықаралық» сияқты жасанды ұғымдар арқылы ұлт тіліне таңу күпірлік болар еді. Егер ол, жат тілдік атау-сөз ұлт тілімен үйлесіп, үндесіп жатса сөз басқа. Яғни, ол сөздің туыстық, жақындық белгілері болып жатса, оны қабылдағаннан ұлт тілі ұтылмайды, ұтады. Ал «халықаралық сипаттағы» деп ол «сипаттың» түбіріне терең үңілмей, ондағы заңдылықтарды ұғынбай, атауларды сол күйінде, түпнұсқада қабылдай беру ұлт тілін ғылым тілі болудан мүлде қалдырған болар еді.
Екінші шарт бойынша, «әдеби тілдер тәжірибесінде аударылып жүрген производство, труд, деньги, корень, стебель, мышцы, деление, умножение тәрізді халықаралық терминдерді аудару керек» делінген. Яғни, орыс тіліне аударылатын атау­лар қазақ тіліне де аударылуға тиіс. Жарайды, солай-ақ болсын. Бірақ атау-сөздің мағынасын, түр-тұлғасын ажыратпай жатып, орыс тілі жетегінде кете беру ұлт тіліне абырой әпермейді. Осы екінші шарт бойынша, тағы да «сословие, состав, клетка, слет сияқты қазақ тілінде баламасы жоқ немесе терминнің қазақша нұсқасы бастапқы мағынадан ауытқитын болса, онда оны аудармай алған жөн» делініпті. Баламасы жоқ емес, баламасы бар, бірақ оны іздеп табу керек. Ал, ол дегеніңіз өте ауыр жұмыс, көп ізденуді талап етеді. Сондықтан да, басты ауыртпаудың бірден-бір жолы аталған сөздерді сол күйінде қалдыру болса керек. Ал, қазақша нұсқа бастапқы мағынадан ауытқитын болса, онда баламаның дұрыс табылмағандығы. Яғни, осы екінші шарттың қосымшасында ешбір қисын жоқ, көңілге қонбайды. Кез келген ғылыми тұжырымда тиянақтылық болуы шарт.
Үшіншіден, әр түрлі ғылым салаларына ортақ терминдер болуы мүмкін. Мысалы, «материя термині философия мен физикада, түбір термині математика, ботаника мен лингвистикада, реакция термині химия, биология және саяси ұғым есебінде, экскурсия сөзі оқу-ағарту ісі мен физиология ғылымында кездеседі. Бұларды сол бірыңғай түрде қалыптастыру керек» делінген. Бұл қағидамен келісуге болады, бірақ бірыңғайлық бола бермейді. Мысалы, келтірілген атаулардың ішіндегі түбір сөзі ботаника мен лингвистикада бір мағынада қолданылса, математикадағы мағынасы оған сай емес. Осындай атаулар кездесе береді.
Төртіншіден, әрқилы жағдайда әр алуан мағынаны білдіретін мануфактура (тарихи-экономикалық және тауартану мағынасында), продукт (өндіріс өнімі және азық-түлік мағынасында) сияқтылар бір пәнде термин ретінде алынсын да, екіншіде жай сөз ретінде аударылсын». Осы бір қағида дұрыс аударылмаған. Қай кезде аударылып, қай кезде өз күйінде сақталатындығын білдіретін шартты белгі айқындалмаған. Екіншіден, бұл қағида бойынша бір сөзді аударып та, аудармай да қолдана беретін боламыз. Сонда бұл дегеніміз, бір берекесіз дүние болды ғой. Егер әр түрлі жағдайда әр алуан мағынаны білдіретін болса, әр мағынаға сәйкес жеке сөз табуға болады емес пе? Осы жерде бір ескертетін нәрсе, термин деген ұғым атауына соншалықты үлкен дәреже беріліп, оны өзге сөздерден барынша бөлектеу байқалады. Оның жай атау-сөз ғана екендігі естен шығарылады немесе термин атауына бір сиқырлы күш-қуат дарығандай, сол арқылы ол өзін жасаушыларға немесе реттеушілерге жоғарыдан қысым көрсетіп тұрғандай.
Бесіншіден, халықаралық терминдер орысшадан қалай алынса, қазақшада да солай алынады. Егер ол сөздерді таңбалайтын кейбір әріптер жетіспесе қазақ алфавитінің бар мүмкіндігі пайдаланылатын болсын. Мысалы, porma (форма), gijmija (химия), rebolutsia (революция), т.б. Бұл қағида бойынша, халықаралық атаулар аударылмай, түпнұсқада алынатындығымен қоса, орысша қалай жазылса, қазақша да солай жазылсын деп тұр. Яғни, келсін-келмесін орысша жазуға міндеттейді. Бұл дегеніміз орыс тілін күштеп таңу деген сөз. Бұл қағидада ешқандай ғылыми негіз жоқ.
Алтыншы тармақ бойынша, «аударуға келетін терминдерді аударғанда оның ғылыми мәні дәл берілуін қадағалау керек. Аудару кезінде қазақ тілінің грамматикалық ерекшеліктері қатаң сақталуы тиіс. Berilis – передача, kopkil – многоугольник, togbma – текстиль, tacirbe – практика тәрізді терминдерді түсініксіз ететін жасанды сөзжасамға үйір болмаған жөн». Бұл қағиданы толық мақұлдауға болар еді, бірақ соңғы мысалдарға келтірілген ескертпе түсініксіздеу. Қазақы атауларға қатысты айтылған «жасанды сөзжасам» ұғымы орынсыз сияқты. Яғни, қазақы атауларда көзге ұрып тұрған жасандылық байқалмайды және де қазақшаланғаннан терминдер түсініксіз тартты деу мүлде қисынсыз. Қазақ тілін кемсіткеннен ұтарымыз не сонда?
Жетінші тармақта былай деп көрсетіледі: «Есім және есімденген етістік формаларындағы халықаралық (интернационал) терминдер сол түрінде алынсын. Ал -изация, -ификация, -ация жұрнақтарымен келетін машинизация, электрофикация, объектинизация сөздеріне қазақ жұрнақтары жалғанып алынсын (машиналандыру, электрлендіру, объективтену). Ал, -ский, -ный жалғаулары арқылы жасалған анықтауыш сын есімдер қазақшасында қысқартылып, популяр кітап (популярная книга), абсолют шама (абсолютная величина), буржуаз идеология (буржуазная идеология), экстенсив шаруашылық (экстенсивное хозяйство), дифференциал теңгерме (дифференциальное уравнение) түрінде алынуға тиіс. Сондай-ақ, түбір сөздің к дыбысы ү-ге айналып, -ский жұрнағымен келетін сын есімдер жалғауы қазақшасында қысқартылып, электр шам (электрическая лампа), физика география (физическая география), т.б. түрінде берілсін. «Изолировать, машинизировать тәрізді есімнен болған етістік формалар қазақ тілінің жұрнақтары арқылы изоляциялау, машиналандыру деп алынсын.
Бұл қағида атаулардың орыс тіліндегі нұсқасына бейімделіп жасалған. Яғни, орысша жұрнақтар қазақша жұрнақтармен ауыстырылу арқылы атау қазақы түрге келтіріледі. Атау құрайтын анықтауыш сын есімнің қысқартылып алынуы да көңілге қонады. Бірақ, бұл шарт «халықаралық» атауларға қазақша балама табылмаған күнде ғана орынды, тек сонда ғана онымен келісуге болады. Ал, «халықаралық» ұғымы әрқашан да атауға қазақша балама іздестірудің қажетсіздігін санаға сіңірумен болады. Оның байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Шындығына келсек, бұл ұғым тілге қатысты, атау жасауға қатысты анықталмаған ұғым. Яғни, ол ұғымды қолдану үшін, алдымен оны дұрыс анықтап алған жөн. Төрт-бес ел тұтынған сөзді бүкіл дүние тұтыну қажеттілігі тумайды.
Сегізінші тармақта халықаралық терминология тәжірибесінде қол­данылып жүрген кейбір -ист, -изм тәрізді суффикстер мен ре-, син-, де-, ант-, контр- тәрізді сөз алды префикстерінің қазақ тілінде баламасы жоқ болғандықтан, термин сөздермен бірге бұлар да қолданылсын, басқа қосымшалардың бәрін де қазақша түрінде алу керек дегенді атап көрсетеді. Бұл қағидамен де келісу қиын. Келтірілген қосымшалардың қазақша баламасы жоқ болсын-ақ дейік, бірақ толық сөздің баламасы табылуға тиіс қой. Тағы да сол «халықаралық» ұғымы қол байлау болып тұр. Осы ұғымды нақтылай түсер болсақ, онда ол тілдерге қатысты «тіларалық» болып өзгерсе орынды. Ал, «тіларалық» сөздерді ортақ, бәріне бірдей сөздер ретінде ұғынсақ керек. Ол қандай сөздер, несі ортақ, несімен бірдей деген сияқты сұрақтар туындайды. Оның жауабы – ортақ қасиет, ортақ белгілер.
Яғни, сөздердің туыстығы, ұқсас­тығы оны екінші тілде тұтынуға мүмкіндік туғызады. Ал, олай болмаған жағдайда, бөтен сөз келтіріліп барып тұтылмағы жөн. Ұқсатуға келмеген сөзді аудармауға лаж жоқ. Ондай сөздердің, айтқанда тіл күрмелетін сөздердің баршылығы ақиқат. Ол сөздерді қаншалықты келтіріп ұқсатқанмен оны тілдік орта қабылдай алмайды немесе тілге сіңісіп кете алмайды. Сондықтан да, «халықаралық» ұғымның тасасында жат сөздерді қабылдаудың да шегі бар екендігі және ұғымның өзін қайта анықтау, дәл анықтау қажеттілігі туындайды.
Тоғызыншы тармақта қысқарған сөздер жайы әңгіме болады. Авто, аэро, авио, т.б. қазақ сөздерімен бірік­тіріп, автожол, автоқатынас, авиошина деп алынсын депті. «Осы күнге дейін қазақша аудармасы беріліп келген диктатура, революция, совет, теория, практика, контрреволюция, милитаризм тәрізді терминдер бұдан былай аударылмай, сол халықаралық қолданыстағы қалпынша алынуға тиіс». Бұл қағидамен де келісе алмаймыз. Себебі, орыс тілінен гөрі қазақ тіліне жақын әрі туыс тілдер (түркі тілдері) тобында осы қағиданы ұстану үрдісі байқалмайды. Мысалы, автотрассаны түріктер – karayolu, қырғыз – қара жол, ұйғыр, өзбектер – жол, әзірбайжан – sose (шоссе) депті. Сол сияқты осы тәрізді басқа да сөздерде бірізділік байқалмайды. Ал, енді екінші сөздер тізбегіне келер болсақ, онда да орыс тіліне еліктеу жоқ. Мысалы, революция сөзі түріктерде devrim, әзірбайжанда ingilab, башқұртта inkilab, қазақта төңкеріс, қырғызда inkilab, төңкеріс болып кете береді. Бұл қағида орыс тілі ыңғайында жасалған. Орыс тіліндегі жартыкеш аудармалар қазақ тілінде де солай беріліп, орыс тілінде аударылмай алынған сөздер қазақ тілінде де аударылмай алынсын дегенге саяды. Ондай тұжырымда ешқандай да ғылыми негіз болмақ емес.
Оныншы тармақта да өте маңызды мәселеге мән беріледі. Атап айтқанда, Ұлы Октябрьден бері орыс тілінің сөз жасау тәжірибесінде қолданылып келе жатқан біріккен күрделі сөздер мәселесі әңгіме болады. «Саяси экономия (политэкономия), ауатком (райисполком) тәрізді жаңа тіркесім терминдер қазақ тілі заңдылығына орай жасалып, Мемтерминком бекіткеннен соң ғана қолданысқа ендірілсін». Егер біріккен күрделі сөздерден тұратын атаулар мысалдағыдай қазақша берілетін болса, онда бұл қағидамен толық келісуге болады. Бірақ, бекітіп тас қылу дегеніңіз көңілге қаяу салатын сияқты.
Мінеки, мемлекет тарапынан қаулы қабылданып, заңдастырылған атау жасау қағидалары осындай. Бұл қағидалар мүлтіксіз орындауға міндеттейді. Сондықтан да, мем­лекеттік қадағалауды қажет етеді. Бірақ, бұл қағидалар орыс тіліндегі атау жасалу негізін басшылыққа алған. Әр тілдің өз ерекшеліктері, өзіндік даму жолы есепке алынбаған. Ғылыми тұрғыдан дәйекті түрде тия­нақталмаған, түбегейлі зерттелмеген мәселені жаппай міндеттеу орынды іс емес.
Сонымен, Мемтерминком бекіткен атау жасау қағидалары ұлт тілінің даму аясын барынша тарылтып, оның еркін дамуына нұқсан келтіреді. Қазақ тілі ғылым тілі болудан мүлде қалу қаупі туады. Себебі, ғылым атаулары қазақша сөйлемеген жерде қазақ тілі ғылым тілі болады немесе болды деп айту орынсыз. Ал, аталған құжатта қазақ тілін барынша шектеу мен шеттетуге жол берілген. Осы құжатты басшылыққа ала отырып, қазақ тілін ғылым тілі ету мәселесін күн тәртібіне қоюдың өзі қаншалықты қисынды екені түсініксіз. Бірақ, ұлт бар жерде оның тілі бар, тілдің өсіп-өркендеуі қажет. Ол үшін ұлт тілі өмірдің бар саласында еркін қолданыста болуы шарт. Олай болмайынша, тілдің қалыпты дамуы қамтамасыз етілмейді. Тіл мәселесі оның еркін дамуына жағдай жасалғанда ғана шешіледі. Құжаттағы, оның әр бабында дерлік ескерусіз қалмаған «халықаралық» атаулар ұғымы қазақ тілін ғылымнан шеттетудің анық көрінісі. Ғылымның қазақ тілінде жасалмағандығы қаншалықты шындық болса, оның атаулары біз үшін «халықаралық» болып танылуы да шындық. Себебі, қазақ тілі көшіретін, айнытпай ұқсататын орыс тілінің ұстанған бағыты осы. Өзі жасаған, өзі тудырған атаулар болмаса, жат тілдік атауларды аударып қиналып жатпайды, өзінің тілдік қалыбына салып келтіреді де, қолдана береді. Одан орыс тілі зардап шегіп жатқан жоқ, қайта сөздік қоры молайып, жаңа сөзбен толыққан сыңай танытады. Қазақ тілінің сырқаты осыған көзсіз еліктеуден болса керек. Соның салдарынан сырқат дертке айналып, негізі қалана бастаған ұлттық ғылым тілінің тірегі шайқала бастады.
Орыс мәдениеті, орыс әдебиеті өзге ұлттар мәдениетіне, әдебиетіне зор ықпалын тигізбей қойған жоқ. Бұл міндетті түрде солай болуға тиісті, табиғи құбылыс еді. Осы құбылыстың ұлттық тіл мәдениетінде, оның ішінде ұлттық ғылым тілі мәдениетіндегі көрінісі әрқилы. Басында ғылымның, ғылым тілінің ұлттық негізде қалануына жағдай жасаса, көп ұзамай ұлттық негізді шайқалта бастады. Қазақ тілінде жасалған ғылым атаулары біртіндеп орыс тіліндегі «келтірілген» нұсқаға ауыстырылып, ұлттық ғылым тілі орыстануға бет алды. Мұндағы «келтірілген» нұсқа деп отырғанымыз, орыс тілі өзінше бейімдеп алған шет тілдік атаулар. Ғылым тілі ұғымы осы ғылыми атаулар арқылы анықталатын болғандықтан, оларды орыс тіліне еліктеп түпнқұсқада қабылдай беруді орыстану десек керек. Яғни, орыс тілі бағытын ұстану. Осы бір ұлттық негіздің шайқалуын немесе ұлттық ғылым тілінің орыстану үрдісін ұлттық санадан тәуелсіз құбылыс ретінде түсіндіру жолында, жалпы қоғамдық қатынастардың даму бағытымен сәйкестендірген болатынбыз. Ол алғашқы, 1930 жылдары жасанды «ұлтсыздандырудан» көрініс берсе, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі жылдары ұлттардың табиғи жақындасуынан көрініс берді. Бұл, біріншіден.
Екіншіден, орыс тілі ғылымды, оның ішінде математиканы ерте меңгергендіктен, ғылым атаулары тұрақты қалыптасқан. Ал, қалыптасқан атаулар болса түгелдей дерлік шет тілдерден ауысқан, орыс тіліндегі атаулар тым аз. Сондықтан, оларды игеру қазақ тіліне де оңайға түспеген болар еді. Сонымен қатар, жоғары математика атауларының күрделілігі, әрі тым дерексіздігі оны нақты зат, нақты табиғат құбылыстарымен салыстыруды қиындатып, балама табу ісін баянсыз етер еді және де мектеп математикасында анықталған атаулардың қайсыбірі жоғары математикада қайта анықталып, жаңа қырларымен танылып жатады. Мұндай жағдайда, яғни, мектеп математикасы атауларының ұлттық нұсқасын жасау барысында, атау мағынасы жан-жақты қарастырылмаған жағдайда бастапқы ұлттық атаудың мағынаны толық бейнелеуге дәрменсіздігі көрініс береді. Осыдан келіп атаудың ұлттық тілдегі баламасы жарамсыз танылып, тәрк етіледі.
Профессор Әлімхан Ермекұлының (Аналитикалық геометрия) өзіне дейінгі жасалған кейбір қазақы атаулардың пайдаланылмай түсіп қалуын осылай біржақты түсіндіруге болар еді. Олар ұғым мағынасын толық ашпайды деп табылып, қолданыстан шығарылған. Ал, ұғым мағынасын толық беру немесе бір сөзбен толық бейнелеу мүмкін бола бермейтіндігі ескерілмеген. Осылай бсталған ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі жаппай орыстану кезеңіне ұласты. Ол шамамен 1950 жылдардан бастау алады. Сол кездерде жарық көрген оқулықтарда, сөздіктерде «халықаралық» деп аталған ғылыми атаулар түпнұсқада берілген. Оларға қазақша балама табу қажетсіз деп табылған. Орыс тіліндегі атауларға балама іздестіріледі. Ол ешқандай күмән туғызбайды. Ал, басқа жаттілдік атаулар болса «халықаралық» деп таңылған атау арқылы аударудан сақтандырылады, орыс тіліндегі нұсқада қабылдана береді.
Ендігі жерде осы кезеңде жарық көрген жоғары математикаға арналған еңбектердің ішінен өзіміз таңдаған еңбектерге жеке тоқталуға болар еді. Бірақ, ол еңбектердің бәріне бірдей ортақ қасиет «халықаралық» атаулардың аударылмай, дәлірек айтқанда, орыс тілі қабылдаған нұсқада алынатындығын, ғылым тіліне қосарымыз аз болғандықтан ол райымыздан қайттық. Қанша үңіліп іздесек те ол кітаптардан ұлттық ғылым тілін байытар жаңа атаулар тізбегін көптеп кездестіре алмаймыз. Сондықтан, оларға үңілуді жөн көрмедік. Арнайы айдар тағып, тақырыпқа ат қойып, орнын бөлсек те кіріспеде келтірілген топшылаулармен шектелеміз.

Ұлттық Тілбілім ілімінің идеялық (теориялық) тұғыры

Ахмет Байтұрсынұлы – теңдесі жоқ ұлы ғалым. Әл-Фарабидан кейінгі қазақтан шыққан екінші ғұлама. «Теңдесі жоқ» дегенде біз ол кісіні әл-Фараби бабамыздан да жоғары қоюмызға болар еді, бірақ ата-баба дәстүрі бізді одан аяқ тартуға мәжбүрлейді. Әлем тарихында Ахаң­дай құбылыс жоқ десе де болады. Яғни, бір өзі жалғыз ғылым жасады дегенге қазақтан басқаның сенуі қиын, сендіру де қиын.
а. Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық ғылым жасаушы
Ұлттық ғылым дегеніміз – ұлтқа қызмет ететін, оны өркениет жолымен таным шыңына жетелейтін, ұлттық болмысты жарқыратып көрсететін, ұлттық санаға жарық отын жағатын рухани қару. Ұлттық ғылым жасаудың алғашқы үлгісі Ахаңның «Әдебиет танытқышынан» көрініс береді. Оның 1-бетіндегі 28 жолдан сәл ғана асатын «аңдату» тақырыпшасының мазмұнына тоқталып көрелік. Онда аз сөзбен жалпы өнерге, оның қоршаған дүниемен, табиғатпен байланысына ауқымды түсінік берілген. Мұнда талдау (анализ), өру (синтез), индукция (жалпылау), дедукция (жалқылау) әдістері кеңінен қолданылған. Баяндау тәсілінде қисындылық, ұлас­палық, жалғастық, өзара тығыз бай­ланыстылық көзге ұрып тұр. Зерттеу нысанасы тиянақты жүйе ретінде алынып, оның әуелдері (элементтері) арасындағы табиғи байланыстың сыры айқындалып, дүние бүтінделе түскен. Қазақ ұлтына тән ауқымды дүниетанымдық көзқарас негізінде қиыстырылған өнер талғамы, өнер таптастыруы (классификациясы) ұлттық болмысқа сүйенеді. Бүкіл дүниенің ара жігі өнерге қатысты ажыратылып, өнерге қатысты тұйықталған. Әдебиеттану ғылымының басында өнер тұр немесе ол сөз өнерінің ерекше көрінісі. Әдебиетті ғылыми ретінде таныту алдында оның өзге ғылымдармен сабақтастығын айырып, оның шығу төркінін анықтайды. Одан әрі сөз өнері (әдебиет) ғылыми жүйеленіп, салаланып, жіктеліп, тұлғаланып, тұтас та бірегей ғылым тұрғысында танылады.
Сөз өнерінің ғылыми тіл (лұғат) қисыны мазмұн жағынан қара сөз жүйесі, дарынды сөз жүйесі болып бөлінеді. Әр сала жеке талданып, құрамды бөліктері толық анықталады. Ғылым түзетін ұғым атаулары айқындалып, оларға нақты түсінік беріледі. Ұғымдық мағына мен атау сәйкестігі жоғары деңгейде қалыптасқан. Мысалы, тіл көрнектілігін айқындайтын көріктеу, меңзеу, бейнелеу, ауыстыру, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, әсірелеу, мезгеу, әсерлеу (лептеу) сияқты атаулардан олар белгілеген ұғым мағынасы толығымен ұғынықты. Ғылыми ұғымдарды танытуда немесе ғылымды мәністеуде салыстырмалық әдіс кеңінен қолданылады. Яғни, жаңа ұғым, нысана мысалдар арқылы, белгілі заттық, мағыналық қасиеттер арқылы түсіндіріледі. Мысалы, үміт өлең. Біреуден үміттене, бір нәрсе дәмете айтылған өлең. Бұған мақтау өлең, құттықтау өлең, сұрау өлең жатқызылады. Одан әрі жеке ақындардың өлеңдері келтіріліп, ұғымдық мағына нақтылана, тия­нақтала түседі.
Сонымен, ұлттық ғылым жасау­шы ұғымын толық анықтау үшін, ғылым жасалғандығын көрсетсек жеткілікті, ал ұлттық атауына оның ұлт тілінде өрілгендігі дәлел. Ғылым жасалғандығы жалпы өнердің қомақты бір саласының бүге-шігесіне дейін талданып, жеке құрылымды жүйе ретінде танылғандығынан, оның құрамды бөліктерінің деңгейлік таным сатыларына сәйкестендіріліп анықталғандығынан, олардың өзара ішкі байланыстары және сыртқы өнерге қатысты байланыстарының айқындалуынан көрініс береді. Ал, ұлттық тілтану ғылымының жасалғандығына келер болсақ, оны үстірт пайымдау қиын. Ондағы жіктеу, таптау, топтау, жүйелеу амалдарының өзі терең талғамды қажет етеді. Әрине, Ахаңның ілімін таныту қажет, бірақ оның ілім (ғылым) екендігін дәлелдеу артық, оған еңбектерінің өзі дәлел. Сонда да болса, ұлының ұлылығын баса көрсеткен жөн.
ә. Ахаң – назариал (теоретик) ғалым, оның теориясы
Ақаң ұлттық әдебиеттану, тіл­тану назарияларын (теорияларын) жасады. Енді сол теориялардың таби­ғатына, ерекшеліктеріне үстірт болса да үңіліп көрелік. Ахаңның әдебиеттану назариясын біз «ұлттағылымдық назария» деп атаймыз. Себебі, назария ұлттық болмыс, ұлттық таным, ұлттық руханият жүйесі негізінде жасалған, сондықтан да, тағылымдық мәні зор деп бағаланады. Қазіргі ғылымда қалыптасқан теориялардан кем соға­тын жері жоқ, қайта артықшылығы басым. Белгілі теориялар бүтін ғылым саласын түгелімен қамти бермейді, жеке мәселеге ғана бағытталып жатады. Ал, Ахаң теориясы бүкіл ұлттық әдебиет ілімін бүге-шігесіне дейін талдап, жіктеп, таптастырып, екшеп, саралап, даралап, өзіндік ерекше табиғаты бар әлемдік ғылымдар сапына қосады. Мысалы, Ахаң бойынша, «сөз талғаудың» қоятын шарттары: сөз дұрыстығы (оның өзі үшке жіктеледі), тіл тазалығы, тіл (лұғат) анықтығы, тіл дәлдігі, тіл көрнекілігі. Көрнектіліктің өзі үш тапқа: көріктеу, меңзеу, әсерлеу деп бөлініп, оның әрқайсысы жіктеліп, бүтін ұғымдық мағына-бұтақты құрылымының кезекті сатылық деңгейі анықталады. Яғни, тұтас мағына одан әрі бөлінбейтін күйге жеткенше бөлшектене береді. Осы көпсатылы мағыналық тұлғалардан өрілген кең ауқымды бүтін мағыналық тұлға бұтақты құрылым төбесінде орналасқан.
Ахаңның ұлттық тіл білімі назариясын, оның өз сөзімен айтқанда, «сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін жазу сондай керек» дегенінен шығарып, «кестелеу назариясы» деп атасақ болғандай. Себебі, бұл назарияда сөз кестесі келтіріліп немесе сөз бірліктерінен ұлттық тіл жүйесі қалыптасуының жолдары, оның дыбыстық жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесі толық сараланып, тұтас құрылымды жүйе жасақталған. Яғни, ұлттық тіл білімі толық жүйеге келтіріліп, оның кірісі мен шығысы, ішкі құбылыстары мен заңдылықтарының сыры ашылып, жеке ғылым саласы ретінде қалыптастырылған. Осы ұлттық ғылым жасау жолындағы Ахаң теориясы жалпы таным теориясы, даму теориясымен ұштасып жатыр, оны сол жалпы адамзаттық аса кең ауқымды теориялардың нақты нысанаға қатысты көрінісі ретінде бағалаған жөн. Тым көтеріңкі әрі бейнелі айтылса да, «кестелеу назариясы» атауы Ахаңның ұлттық тіл білімі назариясының мәнісін дәл бейнелейді. Бұл назария шын мәнінде сөз өрнегін кестелеу, тілді жүйелеп, оның өрнегін келтіріп, кесте тоқығанмен парапар.
Таным теориясы тұрғысынан алғанда, ұлттық тіл жүйесі элементтері толық анықталып, олардың өзара байланысы, даму заңдылықтары толық анықталып, олардың өзара байланысы, даму заңдылықтары, ұлттық ерекшеліктері нақты көрініс берген. Жалпы даму теориясы тұрғысынан тілдік жүйені түзейтін бөлінбейтін әуелдер, олардан жасалатын тілдік құрылымдар (дыбыс, буын, сөз, сөйлем) анықталып, олар жіктеліп, таптастырылып, жүйеленеді. Ұлт тілі ұдайы қозғалыста болып келетін жанды дүние ретінде танылады. Алдымен табиғат жан беріп, Ахаң дем берген ұлт тілі рухы бүгінге дейін қуатын жойған емес. Оның сыры Ахаң жасаған ұлттық тіл білімі теориясының аса қуаттылығында. Яғни, шынайы ұлттық тіл білімі теориясының жасалуы арқылы қазақ тілінің тыныс көздері ашылып, жұмыс тетіктері іске қосылып, соның арқасында жанды құбылысқа айналды. Егер Ахаң жасаған теория әлсіз болғанда немесе ол ғылымилығы аз, ғылымға негізделмеген дәйексіз тұжырымдар жиынтығы болса, онда қазақ тілі әлдеқашан өз тұғырынан тайған болар еді, ол тіпті көркем әдебиет тілі болудан да қалар еді. Оны құлатпай ұстап тұрған өз табиғатынан басқа бірден-бір күш – Ахаң жасаған ұлттық тіл білімі теориясы деп пайымдаймыз.
б. Ахаң – ұлттық ғылым тілін жасаушы
Ахаң – ұлттық ғылым жасаушы. Ал, ұлттық ғылымның айқындаушы белгісі – оның тілі. Басқа белгілер соған көмекшілік қызмет атқарады. Ғылымның ұлт талғамайтын жалпы­халықтық адами қасиетіне келер болсақ, ол ұлттық қасиетке кері әсері жоқ, оны байыта түседі. Өз кезегінде, ұлттық қасиет те жалпы ғылымның дамуына оң ықпал етеді. Бұл қасиеттер жалпы даму заңдылығынан туындайтын қалыпты құбылыстар, ешбір дәлелдеуді қажет те етпейді. Ахаң ұлттық әдебиеттану, ұлттық тіл білімі ғылымдарын жасағандықтан, олардың тілін де жасап, қалыптастырғандығы дау туғызбауға тиіс. Себебі, ұлттық ғылым тілі жасалып, қалыптасқанда барып ұлттық ғылым жасалды дей аламыз. Мәселенің екінші жағы, табиғаты шынайы ұлттық болуға тиісті ғылымдар жасалды, одан жалпы ұлттық ғылым жасалды деп түйіндеу, әрине, қисынсыз. Яғни, өзге ғылым салалары ұлт тілінде жасалды немесе оны Ахаң жасады деуге ертерек. Сонымен қатар, Ахаң жасаған үлгіні негізге ала отырып, өзге ғылым салалары бойынша ұлттық ғылым тілінің негізі қалана бастады. Бұған медицина (Х. Досмұхамбетұлы), математика (С.Қожанов, К.Жәленов, Е.Омаров), педагогика (М.Жұмабаев), психология (Ж.Аймауытов), т.б. салалар бойынша қазақ тілінде оқулықтардың шығарылуы мысал бола алады. Бұл оқулықтардың қазіргі пайдаланылып жүрген оқулықтардан ерекшелігі, ондағы ғылым атаулары мүмкіндігінше ұлт тілінде қалыптастырылған немесе ол еңбектерде ұлт тілінің сөздік қоры сарқа пайдаланылған. Бірақ, Ахаң «жалпы ұлттық ғылым жасады» деу де жеткіліксіз. Және де бір адамның бүкіл ғылымды ұлт тілінде сөйлетуі мүмкін де емес. Олай болса, Ахаңа сонша ауыр жүк артуымызға қандай негіз бар? Ол, біздің түсінігімізде, Ахаң жасаған ұлттық ғылым теориясы. Әдебиет және тіл білімінен басқа ғылым салалары бойынша ұлттық ғылым тілінің қалыптаса бастауында осы Ахаңның ұлттық ғылым теориясының үлесі мол және осы бағыттағы ізденістер Ахаң теориясын толық меңгеру нәтижесінде табысқа қол жеткізіп отыр. Сондықтан да, жалпы ұлттық ғылымды Ахаң атымен байланыстыруымыз әбден орынды. Дегенмен, мәселеге қарсы жақтан келер болсақ, яғни, Ахаң ұлттық әдебиеттану, ұлттық тіл білімі атауларын толық қалыптастырғандығынан жалпы ұлттық ғылым тілінің жасалуы туындай ма? Немесе Ахаң жалпы ұлттық ғылым тілін жасады деуге бола ма? Болмас, әрине. Бірақ жалпы ұлттық ғылымға негіз болатын ғылымдар тілі, оның барша ұғым атаулары шынайы ұлт тілінде ұлттық ерекшеліктер толық ескеріле отырып жасалғандықтан және де сол қалып, сол үлгі өзге ғылым салаларында да толық көрініс бергендіктен, «ұлттық ғылым тілін жасаушы» ұғымын Ахаң атымен баланыстыруымыз тағы да орынды.
Бір ғана мысал. Ахаңның тіл білімі теориясында Есімдік: 1) жіктеу есімдігі, 2) сілтеу есімдігі, 3) сұрау есімдігі, 4) танықтық есімдігі болып бөлінеді. Әрқайсысы жеке түсіндіріледі. Күнделікті қолданыстағы тұрмыстық сөздер тұлғасын аз ғана өзгертіп, атаулық қасиетке ие болады, терең де ауқымды ғылыми ұғымды белгілейтін атаулар арқылы ұлттық ғылым тілі қалыптастырылып, ғылыми теория, ұлттық ғылым жасалады. Осының өзі ғана жалпы ұлттық ғылым ілін жасауға үлгі бола алады.
в. Ахаң – ұлттық ғылыми стильді (мәнерді) қалыптастырушы
«Ұлттық ғылым тілі» ұғымы «ұлттық ғылым атаулары» мен «ұлттық ғылыми мәнер» ұғымдарының бірлігінен тұратын болса да, ғылым атауларына басымдық беріліп келді. Оның мәнісін түсіндірудің қажеті жоқ болса керек. Ғылым атаулары ұлт тілінде жасалып, қалыптастырғаннан кейін немесе ғылым ұлт тілінде мүдірмей сөйлегеннен кейін, ғылыми стиль туралы сөз қозғау орынды. Яғни, ұлттық ғылым теориясын жасаушы Ахаң үшін ұлттық ғылыми стильді қалыптастырмау қисынсыз. Ахаң ілімінің логикасы заңды түрде осы түйінге, ұлттық ғылыми стильді қалыптастыруға әкеліп тірейді. Сонымен, ғылыми стиль деп ғылымды ұлт тілінде сөйлетудің ұтымды сөз өрнегін айтамыз. Осы анықтаманы негізге ала отырып, Ахаң іліміндегі қалыптасқан ұлттық ғылыми стиль ерекшеліктеріне тоқталайық.
Мысалы, «Тіл-құралдың» 2-ші жылдығы «Сөйлеу бөлімдерінен» басталады да, бірінші зат есім анықталады. «Зат есім – нәрселердің атын көрсететін сөздер. Нәрсе деп не түрлі заттарды айтамыз. Зат тегінде екі түрлі. Біреулері – көзге көрінетін, құлаққа естілетін, мұрынға иіскелетін, тілге татылатын, денеге сезілетін деректі заттар. Екіншілері – көзге көрінбейтін, құлаққа естілмейтін, мұрынға иісі келмейтін, тілге татылмайтын, денеге сезілмейтін, адам ақылмен ғана білетін дерексіз заттар. Сол деректі һәм дерексіз заттардың атын көрсететін сөздерді зат есім дейміз», – деп қайырады Ахаң. Осылай, ғылым тереңіне одан әрі бойлаған сайын, әрбір жаңа атауға түсінік беріліп, талданып, аражігі ажыратылып, мысалдар арқылы нақтыланып, дағдыландырылады. Бұл – жалпы ғылыми стильге тән жүйелілік, дәйектілік, тұжырымдылық көрінісі. Яғни, ұлттық тіл білімінің әр бөлігі (сөйлеу бөлімдері) элементтерінің құрылымдық ерекшеліктері, өзара байланысы, олардың қозғалыс заңдылықтары екшеле келіп, жүйелілік анықталса, қисынды сөз байланыстары, белгілі мақсатқа бағытталған тұрлаулы сөз тіркестері арқылы дәйектілік, ал, тиянақты ой қорытындысынан тұжырымдылық бой көрсетіп жатады. Мұндағы ұлттық ерекшеліктерге табиғи ұлттық түсінікті, салыстырымдық, амалдау нысаналарын, ұлттық ұтқыр да зерек пайымдауды жатқызуға болады. Жоғарыда келтірілген Ахаңның «Сөйлеу бөлімдеріне» кіріспесінен үзіндісінде осы айтылған стилистикалық тұ­жырымдар түгелімен көрініс берген. Деректі, дерексіз заттар табиғаты салыстырмалық негізде дәйекті анықталып, сол арқылы «зат есім» ұғымы тиянақты тұжырымдалады. Ғылыми стильге қатысты бұл ерек­шеліктерді (жүйелілік, дәйектілік, тұжырымдылық) біз тұлғалық ерекшеліктер қатарына жатқызамыз. Немесе сырт көрініс, ғылыми стильдің сырт көрініс белгісі. Бұл қасиеттер жалпылама болғандықтан, ұлттық ерекшеліктері айқындала қоймайды. Ал, енді, ғылыми стильдің іш көріністері немесе мазмұндық ерекшеліктеріне мынаны жатқызамыз: ақиқаттылық, нақтылық, ұғынықтылық, қисын­дылық, қысқалық, нұсқалық. Мұндағы ақиқаттылық – ғылыми жазбадағы пікір тиянақтылығы, дәлелділігі, шындық сипаттамасы. Ахаң мысалында пікір тиянақтылығы, дәлелділігі, шындық сипаты жарқырап көрініп тұр. Нақтылық – ғылыми жазбадағы ой-тұжырымдардың, пікірдің ны­санаға дәл бағытталуы, ғылыми мәнердегі баяндаудың бірмәнділік қасиеті. Ахаңның деректі, дерексіз заттары, нәрсесі, заты, зат есім осы қасиетті толық қанағаттандырады. Ұғынықтылық – ғылыми жазбаның түсініктілігі немесе ғылыми стильдің түсіндіргіштік мөлшері. Яғни, ғылыми жазбаның ұғынықты болу шарттылығы. Бұл шарт орындалуы үшін баяндау тәсілінде белгісіз ұғымдар белгілі ұғымдар арқылы анықталады. Ахаңның мысалында «зат есім» белгісіз ұғымы зат, нәрсе, деректі зат, дерексіз зат белгілі ұғымдары арқылы анықталып тұр. Қисындылық деп ғылыми стильдегі турашылдықты (қайшылық жоқтығы), өзара тығыз байланыстылықты, ғылыми ой желісінің нәтижеге тура бағыт­талғандық қасиетін айтамыз. Мысал үзіндіде бұл қасиет те көрініп тұр. Қысқалық – ғылыми стильге тән бейшұбалаңқылық, баяндау тәсіліндегі ықшамдылық, аз сөзділік. Ахаңның мысалында бір де артық сөз жоқ. Көпсөзділікке, шұбалаңқылыққа жол берілмеген, сөйлем ықшамды құрылған, аз сөзбен зор мағына берілген. Нұсқалық – ғылыми стильдің тұрақты қолданылатын сөз-тұлға, сөзжазба ретінде пайдаланылу мүмкіндік қасиеті. Ахаңның мысалындағы тіл нысаналарының анықталу сүлбесін тұрақты пайдалануға болады.
г. Ахаңның атаутану ілімі мына принциптерге негізделген: «а) Для терминов предпочтительно перед другими брать казахские слова с вполне соответствующим данному понятию значением. Это делается во избежание расслоения языка, т.е. для того, чтобы не получился язык верхов и язык низов, или, вернее, язык грамотных и язык неграмотных… б) В случае отстутствия в казахском языке подобного рода слов, заимствовать таковые из родственных казахскому языку… в) Общеупотребительные мировые термины могут приниматься, но с соответствующими природе казахского языка изменениями. При наличии казахских слов, могущих заменить их, должны помещаться оба, чтобы право выбора предоставить общест­ву… г) Все неказахские слова, не согласующиеся с природой казахского языка, точно должны подвергаться изменениям соответственно казахскому говору…». Бұл принциптер ұлт тілі мүмкіндігін сарқа пайдалануға бағытталған. Сонымен, Ахаңның атаутану ілімін ұлттық әдебиеттану теория­сы тұрғысынан қарастырар болса, ол теория жасаушы қару, құрал, сайман есебінде қолданылған. Тақырып атауларынан, жалпы әдебиет атауларының өзінен-ақ, теория элементтері, тео­рияның танымдық белгілері көрініс беріп, теория мазмұнынан да мағ­лұмат алуға болады. Яғни, Ахаң ілімінің нәтижелілігінің арқасында әдебиеттану теориясының мазмұны ай­қындала түскен. Мысалы, «Аңдату» атты алғашқы тақырып әдебиеттануға енгізуге және оның табиғаттағы алатын орнын белгілеуге арналғандығы бірден атынан-ақ аңғарылады. Сол сияқты, «Сөз өнерінің ғылымы», «Тіл қисыны», «Сөз талғау», т.б. тақырып атауларынан да теориялық мәселелердің исі аңқып тұр немесе мәселенің қисыны, мәніс ауқымы аңғарылады. Ал, меңзеу, бейнелеу, алмастыру, кейіптеу, бернелеу, әсірелеу, мезгеу, әсерлеу (лептеу) т.с.с. атаулар әдебиет теориясын жасаушы сөзтұлға бейнесінде ғылымды халыққа барынша жақындатып, оның ұлттық кескінін аша түскен. Сонымен, Ахаңның атаутану ілімі дегеніміз, ғылыми ұғымдарды ұлт тілінде дәл бейнелеу арқылы ұлттың сөзөрнегін ғылымтану құралына айналдыру арқылы ұлттық ғылым жасау жүйесі. Яғни, ұлттық ғылыми атауларды ұлт тілінде қалыптастыру арқылы жасалады. Атауды тану арқылы ғы­лым танылады. Ахаңның әдебиет теориясын түзетін атаулар арнайы жасалмаған, олар баяндау барысында сөзтізбелердің табиғи элементтері ретінде қалыптасқан, ерекше белгілері жоқ жай сөздер. Сондықтан, бұл атау­лар ұғымды дәл бейнелейді. Яғни, атаулар дәлдігі олардың сөзбейнесінің өз табиғатынан туындайды. Ғылым ұлт тілінің табиғи сөзөрнегі арқылы өрілгендіктен, ғылыми атаулардың табиғилығы, шынайылығы сақталған.
Енді, Ахаңның атаутану ілімін оның тіл білімі теориясына қатысты топшылайтын болсақ, тіл білімі теориясының күрделілігі ғылым атау­лары күрделігінен көрініс береді. Атаулар күрделілігі деп, олардың табиғилығы емес, соған барынша жа­қындатып алынған жасандылығын айтамыз. Мысалы, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, етіс, сабақты етіс, салт етіс, ортақ етіс, өздік етіс, беделді етіс, ырықсыз етіс, шығыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс, рай, бұйрық рай, ашық рай, билік рай, шартты рай, ереуіл рай, реніш рай, т.с.с атаулар күнделікті қолданыстағы атаулар емес, ғылым, ғылыми теория жасау барысында пайда болған жасанды атаулар. Бұл атау­лар өздері белгіленген ұғымдармен қатар бірлікте ұғылады. Мысалы, ереуіл рай – істейтін істің мақсұтына болымы қарсы, ереуіл болғанда айтылатын сөз түрі. Осы келтірілген атаулардан олардың жасалуындағы заңды ерекшелік байқалады. Тірек мағынаны білдіретін сөзтұлға таңдалып, ол іс-қимыл әрекеттері, сын-сипаты арқылы жіктеледі. Яғни, тірек атауға сипаттамалық атау сыңары жалғанып, тұтас атау жасалады. Ал, тірек атау­лар ұғымдық мағынаның маңызын (өзегін) бейнелейтін түбір сөзге жұр­нақ, жалғаулар жалғануы арқылы жасалған. Сөйлем түрлеріндегі көпсөзді атаулардың да жасалу жолы осы келтірілген сүлбеге саяды. Бірақ, тірек атаулар бірсөзділіктен көп сөзділікке қарай біртіндеп ұласа береді. Немесе бұл атаулар сатылап, шендестірмелік (иерархиялық) үлгіде жасалған. Мысалы, сөйлем: іргелес сөйлем, құрмалас сөйлем; сыйысулы құрмалас, қиысулы құрмалас; қиысулы салалас құрмалас, қиысулы сабақтас құрмалас; қиысулы сабақтас құрмалас; қиысулы сабақтас басыңқы құрмалас сөйлем, қиысулы сабақтас бағыныңқы құрмалас сөйлем. Одан әрі бастауыш бағыныңқы, анық­тауыш бағыныңқы, т.б. Яғни, тірек атаулардың сөз құрамы сатыдан сатыға ауысқан сайын біртіндеп көбейе береді. Сонымен, Ахаңның атаутану ілімі оның әдебиеттану теориясымен, ұлттық тіл білімі теориясымен ұштасып жатыр. Атаутану ілімі жеке-дара бөлек, тәуелсіз түрде жасалған ғылым саласы емес, ол Ахаңның негізгі теорияларын жасау барысында табиғи пайда болған және сол теорияларды жасаушы құрал десе болады. Сондықтан да, теориялардың өзара тұтасып, бірігіп жатқандығынан да, Ахаң ілімінің шынайы ұлттық қасиетінен де, табиғи бітімінен де Ахаңның атаутану ілімінің аясы кең екендігі, оны басқа ғылым салаларында кеңінен пайдалану қажеттігі туындайды.
ғ. Ахаң тұлғаландыруы (фор­мализмі)
Тұлғаландыру арқылы немесе сөздерді терминдендіру арқылы ұлттық ғылыми стильдің сырт сипаты қалыптастырылған. Бұл – ғылыми стильге тән құбылыс. Ғылыми стиль немесе ғылымның сөйлеу мәнері жеке сөзтұлғалар байланысы арқылы өрнектеледі. Мағыналық ауқымы дәл анықталған сөзтұлғалар байланысы немесе солар арқылы жасалған сөздік құрылымдар көпмәнділіктен бірмәнділікке қарай жол ашады. Жалпы тұлғаландырудың мақсаты да сол – көпмәнділіктен арылып, бірмәнділікке қол жеткізу арқылы зерттеу нәтижелігін арттыру болып табылады. Ахаңның әдебиет теория­сында терминдер (атаулар), жеке мағыналы сөзтұлғалар көп емес, олардың сөйлемдегі арасалмағы тым аз, тұлғаландыру жай сөздерді ұтымды пайдалану арқылы жүргізіледі. Мысалы, «Тіл тазалығы дейтініміз – ана тілінің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау. Басқа тілден сөз тұтыну қажет болса, жұртқа сіңіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» деген сөзбайламда ұғым атауының ауқымдық мәні дәл анықталған, жай сөздерді орынды қолдану арқасында атау-сөз мән-мағынасы нақтылана түскен. Яғни, сөздерді дұрыс қолдану арқылы бірмәнділікке қол жеткізіледі. Бұл – ғылыми стильге тән қасиет. Ал, Ахаңның тіл білімі теориясында тұлғаландыру атауларды көптеп енгізу арқылы жүргізіледі. Жаңа ғылым, жаңа ғылыми теория жасалып жатқандықтан және де тіл білімі теориясының табиғаты осындай тұлғаландыруды қалайтындықтан, атаулар молшылығы табиғи құбылыс ретінде танылады. Тұлғаландыру – ғылыми стильдің басты қасиетінің бірі болып табылатын бірмәнділікке қол жеткізудің ең тиімді әдісі. Бұл әдісті Ахаң өз теориясының жанды құралы ретінде пайдалана білген. Ахаңның тұлғаландыру әдісі оның тіл ғылымы атауларын жасау ерекшеліктерімен байланысты болғандықтан, мұндағы Ахаң формализмі атаудың жасалу жолдары, олардың ұғыммен сәйкестігі, дәлдігі, ұлттық бояуы, бітімі, т.с.с. ғылым атауларының айқындауыш белгілерімен ұштасып жатыр және сондықтан бұл ұғымдарды өзара тығыз бірлікте қарастыру қажет. Сонымен, Ахаң формализмі ұлттық ғылыми стильді қалыптастырудың бірден-бір тұрлаулы үлгісі болып табылады.
д. Ахаңдағы ақпараттылық (информативность)
«Информативность – насыщенность содержанием, информацией; количество сведений, знаний». Бұдан дәлірек те нақтырақ анықтамалар бола тұра, біз әзірге осымен шектелеміз. Ақпараттылық ғылыми стильге тән және оның негізгі көрсеткіші болып табылады. Ғылым тілі жаңа да құнды деректерімен ерекшеленетін болғандықтан, ғылыми стильге де қойылар талаптың бірі – ақпараттылық. Өз еңбектерінде Ахаңның осы талап үдесінен шыға білгендігін көреміз. Мысалы, «Әдебиет танытқыштан» мына бір сөйлемді талдап көрелік: «біздің анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі де табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе». Осы сөйлемде екі бірдей ұғым анықталып тұр. Яғни, табиғат ісінен шыққан нәрселер – жаратынды нәрсе, адам ісінен шыққан нәрселер – жасалынды нәрсе. Бұл сөйлемдегі аса қомақты немесе маңызды мағына, ол – бүкіл дүниедегі адам таныған барша нәрселердің осы екі ұғымға сиятындығы немесе барша нәрсенің осы екі түрмен ғана анықталатындығы. Тағы бір көмескі мағына, ол, адам танымайтын нәрселердің де барлығы немесе дүниенің шексіздігі. Бұл сөйлемдегі ақпараттылық тек білім, мағлұмат мөлшерімен ғана анықталмайды, әр сөздің мағыналығымен, мәністілігімен де өрнектеледі, әр сөзге жеке мағыналық жүк артылған. Ахаңның тіл білімі теориясы әдебиет теориясына қарағанда көбірек тұлғаландырылғандықтан, ақпараттылығы да молырақ болып келеді. Осы жерде, ақпараттылықтың тұлғалылыққа тікелей тәуелді екендігін ескеру қажет. Пікіріміз дәлелді болуы үшін «Тіл тағылымынан» мысал келтіріп, оны талдап көрейік: «Түбір сөз дегеніміз – бастапқы мағынасындағы, бастапқы тұлғасындағы сөз; мәселен, бас, тас, шаш, қол. Туынды сөз дегеніміз – бастапқы тұлғасы да, мағынасы да өзгерген сөз; мәселен, бастық, тастақ, шашақ, қолтық». Келтірілген сөйлемдер түгелдей дерлік атау сөздерден құрастырылған: түбір сөз, бастапқы мағына, бастапқы тұлға – сөз, бас, тас, шаш, қол, т.б. Әр сөздің, сөзтұлғаның өзіне тән мән-мағынасы бар. Түбір сөз, туынды сөз – тіл білімінің негізгі атаулары болғандықтан, олар арқалаған мағына жүгі де салмақты, олар білім сеуіп, ілімнен зор мағлұмат беріп тұр. Өзге атаулардың да жүгі салмақты екендігін айтуға болады. Ақпараттылық және ұлттық ғылыми стиль Ахаң ілімінің басты қасиеті десе болады. Cондықтан, Ахаң еңбектерінде қалыптастырылған ұлттық ғылыми стильді оқып-үйреніп, бүгінгі күн сұранысын өтеуге жұмсау – уақыт талабы.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.