МҰЗЖҮРЕКТЕР МЕН МҰҢЛЫҚТАР

  • 25.09.2018
  • 95 рет оқылды
  • 0

немесе қоғам мінсіз болсын десең қызыңа қара

«Ананың өз сәбиінен бас тартуы – жай әлеуметтік құбылыс емес, әлемдік апат. Қоғамдық мінез-құлықтың бұрмалануы – бір елдің проблемасы емес, адамзаттың проблемасы» дейді Жапония ғалымдары.
Ал, бізде өз сәбиінен бас тартқан былай тұрсын, өз қағынан өзі жерініп, әжетханаларға, қоқыс жәшіктеріне шаранасын шырылдатып тастап кеткен оқиғаларды күнделікті көре-көре оған етіміздің үйренгені соншалық, мұны қалыпты жағдайдай қабылдайтын болдық. Өтірік деп көріңізші, теледидардың қай арнасын қосып қарасаңыз, еліміздің әйтеуір бір түкпірінде жоғарыда жазғанымыздай баласын шырылдатып күл-қоқысқа лақтыра салған оқиға қылаң етіп шыға келеді. Бұдан Шымкентіңіз де шеткері емес. Ана бір жылдары сәбиінен бас тартқан бір келіншектің баласын саудалаған екі мейірбике істі болды. Сайрам ауданында да осыған ұқсас оқиға орын алды. Облыстық білім басқармасының берген есебі бойынша өңірде 2015 жылы 2990 сәби ата-ананың қамқорлығынсыз балалар үйлері мен «Бауыржан» отбасылық үлгідегі балалар ауылында тәрбиеленген. Одан беріде жетімектер саны көбеймесе азайған жоқ. Балаларды қорғау комитетінің мәліметінше, елімізде 27274 жетім бала бар екен. Солардың алты мыңнан астамы балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатыр. Бұл аз ба, көп пе?
Әрине, көп. Өйткені, қазақ қашан жетімін жылатып, жесірін қаңғыртып, қарияларды кемсеңдетіп еді? Қазақ елінде жетімдер үйі деген болып па еді? Алыста қалған аласапыран кезеңдерде ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен жаугершілік заманда да қазақ даласында жетім бала болмағанын тақсыр тарих толығымен растайды. Біздің асыл әжелеріміз әкесі соғыста қаза тапқан жәутеңкөздерді бауырына басты. Абыз аталар оларға үлгі-өнеге көрсетті, тәрбиеледі. Темірқанат болғанда енші беріп, өз алдына отау етіп шығарды.
Осы жерде бір ой келеді. Шетелдік азаматтар неге Қазақстаннан бала асырап алуға құмар? Кейбір зерттеушілер шетелдіктердің бала асырап алуы сауапты іс үшін жасалатынын жазады. Ал, қашан да сауапты істі бірінші кезекке қоятын қазекем өз қандасына келгенде көзді жұма қарайды. Шетелдік азаматтар жүрек қалауымен алып кетіп, бала етіп тәрбиелеп отырған жеткіншекті кері қайтармайды екен. Ал, бізде керісінше, бүгін балалар үйінен алып кетіп, ертеңіне әкеліп тастайтындар ұшырасатын көрінеді. Япыр-ай, бала жүрегінен нәзік не бар десеңізші. Мұндайда бұл мұңлықтардың жү­ректері қалай жұлым-жұлым болатынын бір сәт көз алдымызға елестетіп көрелікші. Онсыз да жаралы жаны жабырқап, ешкімге керек емес екенін ойлап, бұл жалғаннан баз кешіп кетпейді ме? Мұзжүректілер сонда да селк етпейді. Амал қанша?
Қазір заман тыныш, ел тоқ. Ауқаттылар байыған сайын байып жатыр. Тіпті, дүниесінің есебіне жете алмай жүрген тоғышарлар толып жатыр. Бірақ, сіз соңғы жылдары «пәлен деген бизнесмен немесе кәсіпкер бір жетім баланы асырап алып, оқытып, үйлендіріп, үй салып беріпті» дегенді естідіңіз бе? Әрине, естіген жоқсыз. Естімеуіңіз де мүмкін. Өйткені, бүгінгінің байы кешегінің кедейінен жаман. Жаман болатыны, қолында барды басқамен бөлісе алмайды. Шетінен сараң. Ал, сараңдар көбейген заманда ертеңің қараң.
Тоғышарлық, өзімшілдік, пасық­тық, сараңдық, алакөздік, тойым­сыздық дертіне шалдыққан олар «мейірімге мұқтаж мұңлықтарға мыс­қалдай болса да көмек берейік, олар да қанаттанып кетсін» деп ойлай алмайды. Бәлкім, ойланар ма еді, жоғарыдағы жұқпалы дерттері асқынып, адамгершілік ауылынан алыстатып әкеткен. Дүниеқоңыздық оны доңызға айналдырып жіберген. Айуаннан тезегі бөлек демесеңіз, істеп жүргендерінің бәрі адами қарекеттерге келіңкіремейді. Шектен шықты деме­ңіз, шындық осы.
Енді айналамыздың барлығы жүрегі мұздан жаралған мейірімсіз адамдарға толып кетті деуден аулақпыз. Айталық, өткен ғасырдың соңғы жылдары Шымкентте Манап Өтебаев деген азамат Жоғары жаңа технологиялар колледжін басқарды. 1995 жылдың 14 сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы колледжге арнайы келіп, ұжымға жоғары баға беріп кеткенін әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. ЮНЕСКО-ның «Алтын медалімен» марапатталған осы кісі Шымкент, Түркістан, Арыс қалаларының, Сарыағаш, Ордабасы, Отырар аудандарының Құрметті азаматы еді. Әруағы разы болсын деп жазып отырмыз, айтпағымыз бұл емес. Осы бір қайырымды адам әр жылы балалар үйінде тәрбиеленушілерді сүндетке отырғызып, тойларын жасап беретін. Әр тәрбиеленушіге жеке есеп-шот аштырып, қаржы аударатын. Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімдерінің бірі Қалық Абдуллаев 16 балаға жоғары оқу орындарын бітіріп шыққанша қамқоршы болғанын қалайша айтпай өтеміз? Кентау қаласында Жұмашевтар отбасы әке-шеше қамқорлығынсыз қалған мұңлықтарды қанатының астына алып, жан жылуын бөлісіп келеді. Сондай-ақ Шанарбаевтар отбасы балалар үйінен 8 бала асырап алып, тәрбиелеп отыр.
Әйткенмен, біздің айтпағымыз бұл да емес еді. Жас ананың тоғыз ай көтеріп, кенересінен жарып шыққан бауыр етін тағдыр тәлкегіне тастап кетуге қалай ғана дәті шыдайды екен? Тағы да өткенге оралайықшы. «Қарындасыңа пәлен деген жігіт келіп жүр екен» деген сөздің өзіне жігіттер қатты намыстанатыны сондай, мұның соңы үлкен шатаққа айналушы еді. Әлгі жігіт қарындасын да, жылтыңдап келе беретінді де «орнына» қоятын.
Ал, қазір қыздарына қырық үйден тыйым қойып, қарауылдап жатқан ата-ана бар ма? Көп дей алмаймыз. Неге? Өйткені, жақында ғана ҚР Денсаулық сақтау министрлігі кәмелеттік жасқа жетпей-ақ жүкті болып қалған бойжеткендердің шамадан тыс көбейіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Денсаулық сақтау саласының мамандары ерте жүктіліктің зардаптарын айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ, одан сабақ алып, тыйылып жат­қан бойжеткендеріміз бар ма? Тағы да көп дей алмаймыз. Таяуда Ішкі істер департаменті қызметкерлерімен жасалған рейдтік іс-шара барысында түнгі ойын-сауық орындарында «серілермен» бірге селкілдеп жүрген қаракөздеріміздің көп екенін анықтады. Осыдан кейін ата-аналар бойжетіп келе жатқан қыздарына толық тәлімді тәрбие беріп отыр деп айта алар ма екенбіз?
Түркістан облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әбдіғани Сейдуәлиевтің мәлімдеуінше, өңірде биылдың өзінде 14-16 жас аралығындағы 500-дей қыз ерте жүкті болған. Бұл арнаулы тіркеуге алынғандары ғана. Ойнақ­таймын деп от басқан кейбір қыздарымыздың құрсағындағы шаранадан ертерек құтылу үшін түрлі айла-шарғыларға баратынын білмейді емеспіз, білеміз. Олар, тіпті, бақсы-балгерлердің де көмегіне жүгінеді. Мұндай жағдайда балауса қыздардың денсаулықтарына қандай зиян келетінін дәрігерлерден сұрап көріңіз. 2016 жылы 14 жастағы қыз босанды. Оны он бір жасынан жездесі зорлап келген екен. Ал, биылғы сәуір айында Шымкент қаласындағы №1 облыстық перинаталдық орталықта 2005 жыл­ғы жасөспірім қыз дәрігерлердің көмегімен 4 келі 200 грамм болатын сәбиді дүниеге алып келді. Сарыағаш ауданынан келген бұл қыз баланың әкесі кім екенін айтпайды.
Тал шыбықтай бұралып, бойжетіп келе жатқан қаракөздерімізді жаппай кінәлаудан да аулақпыз. Олардың бірқатары ер-азаматтардан зорлық көреді. Мәселен, жоғарыдағы 14 жасар қыз жездесінің үйіне отымен кіріп, күлімен шығып жүрген. 4 сыныптан соң мектеп бетін көрмепті. Оның осындай қорғансыз халін пайдаланып, жексұрын жездесі әйелі үйде жоқта балдызын шыр айналдырмайды ма? Қыздың айтуынша, жездесі оның қолын бұрап, қорқытып, дегеніне жеткен. Мұндай зорлықшыларды аямай жазалау керек-ақ.
Ресми емес дерек көздері қытайлық азаматтардың қойындарын жылытып жатқан қарындастарымыз бен қыздарымыздың саны 25 мыңнан асып кетті деп дабыл қағуда. Онысы рас та шығар. Әлеуметтік желілерді ашып қарап отырсаңыз, шошынасыз. Шетелдіктерге жар болғысы келетін қаракөздеріміздің саны күн санап артып келеді. Астана мен Алматы қалаларында бай-бағландар мен ірі шенеуніктерге, яғни, «ағашкаларға» тоқал болғысы келетін қыздар еш қымсынбай, әлеуметтік желілерге ойларын ашып жазып жатыр. Тіпті, бір бойжеткен «ағашкасымен» қалай ашына болғанын ашық жазғаны соншама, оқығанда бет түгілі безеу ұялады. Алғашқы түнінің қайырымына сол «ағашкасы» есеп-шотына 20 мың доллар аударып беріпті. Осыны оқыған екінші бір онсыз да от басқалы тұрған қыз қандай қылыққа баратынын білмей, дал болып отырған жайымыз бар.
Япыр-ай, қайда кетіп барамыз? Қоғам мінсіз болсын десек, қызда­рымызды адалдыққа, иман­дылыққа баулуымыз керек-ақ қой. Өйткені, бұрынғылар «Әйел бұзылса, әлем бұзылады» деп текке айтты ғой дейсіз.
Жалпы, жас қыздардың болашақ ана болуына психикалық тұрғыдан дайындайтын ең әуелі өз шешесі. Бұл жерде анасының ақыл-кеңесі, берген тәрбиесі үлкен міндет атқарады. Сондай-ақ, жеңгейлер де қайынсіңлілерінің сенімді сырласы, ақылшысы бола білген. Қай бала болсын, алғашқы тәрбиені отбасында алады. Бірақ, біз бұл жерде бүгінгі сауналар мен қонақүйлерде жүргендердің әке-шешелеріне қара күйе жаққымыз жоқ. Ешбір ата-ана «қызым осындай болсын» деп тілемейді. Көбіне баласынан бас тартқан аналар жасында негативті өнеге алғандардан шығатынын өмір дәлелдеп отыр. Барлық гәп қоғамдық жауапкершілік мәдениетінің қалыптаспауында. Егер қоғам бұл мәселені адам төзгісіз жағдай деп қабылдаса және соған жол бермеуге жаппай атсалысса, қаракөздеріміз кім көрінгенге қарап қылмыңдамас еді.
Мына қырғыздарда оқушы жүкті болып қалса, ұлдың да, қыздың да ата-анасын жазалайтын заң бар екен. Осы Заң бізде неге жоқ? Егер бар болса, жоғарыдағыдай келеңсіздіктер азаяр ма еді, кім білсін?!
Жас аналардың өз шаранасынан жерінуін қоғамдық құбылыстардан да қарастыруға болады. Жоғары оқу орындарын бітірген бойжеткендердің жұмысқа орналаса алмауы, орналасқан қызметінде жалақының төмендігі, ерлі-зайыптылардың жиі ажырасуы, отбасындағы кикілжің, берекенің қожырауы, осының барлығы айналып келгенде қыздардың жан-дүниесіне әсер етеді. Содан барып өмір сүрудің жеңіл жолдарын қарас­тырады. Ойнақтап жүріп от басып қалатындарын осыдан іздестіруіміз керек. Ал, мұнан соң некесіз тапқан баласын жұрт көзіне көрсетуге қымсынады. Әке-шешесі болса да оң жақта отырып балалы болған қызынан ат-тонын ала қашады. Алданып қалған қыздардың тығырыққа тірелетін жерлері де осы.
Міне, осы олқылықтың орнын толтыруда «Аналар үйі» мен бейімдеу орталықтарының қосып келе жатқан үлесі елеулі. Олар аяғын шалыс басқан немесе алданып қалған жас қыздардың сәбилерін тастап кетпеулеріне мүмкін­дігінше ықпал жасап бағуда. Қазір Шымкенттегі «Аналар үйінде» отызға жуық жас ана жатыр. Орталық басшы­сының айтуынша, олардың ешқайсысы баласынан бас тартпаған.
Сәби жайлы әңгіме болғанда «олар періштелер ғой» деп жатамыз. Періштені бір үркітсеңіз, ол қолыңа қайта қонбайды. Бұл тәмсілді текке айтып отырғанымыз жоқ. Сәбиінен бас тартқандар (бұл жерде кәмелеттік жасқа толмаған қыздардың түсік жасатуын меңзеп отырмыз) бақытқа қайтадан қол жеткізе алмайды. Бастан бір ұшқан бақыт құсы қайта айналып жағаңа қонушы ма еді? Ендеше, мұзжүректі ерітіп, мұңлықтарға деген махаббатты маздату керек. Бұл ұлт келешегі үшін де керек.
Бірді айтып, бірге кеткендей болып жатырмыз. Қайырымсыз байды да айттық, қараусыз, қайырусыз кеткен қыздарды да айттық. Бір қарағанда екеуі екі тақырып сияқты, алайда, бұлардың арасында көзге көрінер-көрінбес байланыс бар. Анасы жақсы ұлдан ешқашан қаталдық, қайырымсыздық шықпайды. Ол бай болса да, кедей болса да мейірбандығынан айнымайды. Ал, бүгін саунада жүрген қыздан ертең қандай жақсы ана шығады? Тіпті, ол отбасын құрып, балалы-шағалы болып кеткенде де кандай ұрпақ тәрбиелейді? Өзі қаталдық көріп өскен қыз ертең баласын мейірімді етіп тәрбиелей алады ма?
Міне, мәселе осында…

ЖҰЛМАЛАЙДЫ ЖҮЙКЕҢІЗДІ ЖАРНАМА

Кез келген тұтынушы барлық саладағы сияқты ақпараттық кеңістікте де сапалы өнім алғысы келеді. Бірақ, бүгінгі телеарналарда сапалы өнім­дердің азайып бара жатқаны жасырын емес. Бұл, әсіресе, жарнамаларға қатысты. Сөз жоқ, жарнама – табыс көзі. Телеарна табысының белгілі бір бөлігін осы жарнамадан тауып отыруы да бек мүмкін. Ендеше, оларға «жарнама берме» деп жарлық айтудан аулақпыз.
Десек те, жарнаманың да жарнамасы болатынын теледидарға қарап отырып айқын аңғаруға болады. Жұмыстан соң бірауық біздің де телеарна қарайтын дағдымыз бар. Мұндайда сорақы жарнамалар беріліп кетеді екен деп теледидар алдынан кішкентайларды бөлек бөлмеге қамап тастай алмайсыз ғой. Бірақ, бүгінде теледидар алдына балалармен бірге отыра алмайтын халге жеттік.
Күні кеше жұмыстан келгенімізді міндетсініп, теледидар алдында қос құс жастықты бауырға басып жатпаймыз ба? Бір кезде немеремнің түрі бұзылып кетті. Сөйтсем, теңгенің құнсызданбауына қатысты бір жарнама беріліп жатыр екен. Экрандағы біреу тоңазытқышты ашып қалып еді, ішінен жын ба, дию ма, бір құбыжық шыға келді. Артынша бөлмеде беті-ауызы айғыз-айғыз сабалақ біреу кетіп бара жатты. Артынша қолында электрлі арасы бар бір «жаналғыш» автокөлікті аралай бастады. Қорқынышты осы көріністен соң немерем екі-үш күн бойы түнде шошынып шығатын болды.
Енді, мына «қызыққа» қараңыз. Бір епсіз шатыр үстінде бет-аузын қисаңдатып қалт-құлт етіп келе жатыр. Ол сол епсіз қозғалысымен секіріп қалды да шатырды ойып ішке оңбай құлады. Осы кезде шатырдағы адамдар оған «Сен қандай епсіз едің. Мә, сникерс же» дейді. Сникерсті бір тістеген әлгі епсіз демнің арасында бәріне бейім сайыпқыран сарбазға айналып шыға келеді. Мұнан жарнама берушілердің нені көздеп отырғанын аңғаруға болады. Алайда, осы «епсізді» көрген сайын немерем «Ата, мынау жынды ма?» деп сұрайды. Демек, бала түйсігіне тым кереғар көрініс екенін осыдан-ақ байқауға болады.
Ал мына жарнама жоғарыда­ғылардан да «жынды». Көл жаға­сында бір шал балық аулап отыр. Балық­шының жанында шатыр тұр. Сол шатырдан сығалаған кемпір: «Болсаңшы, жаным» деп шалын тоят төсегіне шақырады. Қутың қаққан шал болса «міне, бара жатырмын» деп шатырға қойып кетеді. Сөйтсек, бұл «Казанова» атты еркектердің бел қуатын еселеп арттыратын дәріні жарнамалау шарасы екен. Осыны көрген жастар қандай тәрбие алады?
Бұл бергі жағы ғана. Әйелдердің ішкиімінен бастап түрлі жаялықтарды жүріп жатқан көркем фильмді шорт кесіп тастап көрсеткенде бар ғой, жүйкеңіз жидіп сала береді. Жарнамасы жетісіп тұрғандай, оны әр бес минут сайын қайталайтынын қайтерсіз. Бір жарнамада дезодорантты насихаттау үшін келіншектің қолтығын көрсетті. Не деген сорақылық! Қойшы әйтеуір, бір киноның соңына жете алмай «жынданып» кететіндер де бар. Сонда дейміз-ау, телеарна басшылары көрермендердің жағдайын ойласа осылай жасар ма еді? Әлде оларға бәрібір ме? Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп қаржы тапса болғаны ма?
Кейде ойлаймын, жарнаманы да жалықтырмайтындай етіп берудің түрлі тәсілдерін неге ойлап таппасқа. Мәселен, кешегі Кеңес үкіметі тұсында клубтарда көркем фильмнің басында 10-15 минуттық жарнамалық деректі фильмдер беріліп тұратын. Сол қысқа метражды фильмді қойып болған соң бірер минут үзіліс жарияланып, клубқа кешіккендер орындарын тауып жайғасатын еді. Осы тәсілді телеарналарда да жасауға неге болмасын? Мәселен, белгілі бір хабардың немесе фильмнің алдында жарнамаға кеңістік тастап, онысын бір сағат көрсетсе де көрермендер түсіністікпен қарар еді ғой. Киноның нағыз шарықтау шегіне келгенде жүйкені жұлмалап, жарнама бергенмен, көрермендер соны зердесіне тоқып қала алады ма? Арна жетекшілері осыны неге ойланбайды? Жарнаманы «жүгіртпе жол» арқылы берсін. Қазір экранға қалай да сыйдырып жіберуге болады, арнаның белгілі бір бөлігіне жарнамаңызды жалпитып беріңіз. Сонда көрермен қызығып көріп отырған киносын жүйкесі жұқармай соңына дейін көре алады.
Жалпы, салалық министрліктегілер де осы жағына назар аударса екен дейміз. Өйткені, барлық жаңалық атаулыны телеарналардан алатын көрермендер түптен келгенде өзіміздің адамдар. Ал, адамдардың денсаулығы мемлекеттік маңызы бар үлкен мәселе.
Біз осы өз денсаулығымызды өзіміз құртып жүрген жоқпыз ба?..

Сабырбек Дәніқұлұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.