БАТЫР МЕН ЖЫЛАН

  • 25.09.2018
  • 107 рет оқылды
  • 0

Оралхан Дәуіт,
журналист

Баяғыда театр актерлары ауылдарды жиі аралап, жаз бойы гастрольдетіп жүреді екен. Тіпті егістік басында еңбек етіп жатқан жұмысшыларды өздері іздеп барып, кең далада оттың жарығымен қойылымдар қоя береді. Дәл осылайша кеш түсе шөп шауып жатқан бір топ еңбеккерлер алдында Алпамыс батыр ма, жоқ, Қобыланды батыр ма, әйтеуір, бір батыр туралы шағын спектакль қойып жатса керек.
Театрға деген елдің ықыласы ерекше. Жаңа орылған көк шөпке жалп-жалп етіп отыра кетіп, артистердің ойынына қызығып беріліп кеткен.
Спектакль ортасынан ауып қалған кез болса керек… Бір кезде үстінде сауыты, қолында қылышы бар алып тұлғалы батыр жұлқынып ортаға атып шығады ғой. Шыға сала аяғының астына бір қараған батыр кенеттен шыңғырып жіберіп, ыршып-ыршып түсіп, көрермендердің ортасына қойып кетіпті.
Артистердің ойынына жан-тәнімен беріліп кеткен адамдар алғашында түсінбей қалса керек.
– Оу, не болды? – депті батырды орнынан тұрғызып жатып.
– Ойбай, жылан… – депті батыр қылышымен сахна жақты нұсқап.
Қараса, шынында, сахнаның аяқ астындағы шөптің арасында кішкентай сары жылан жорғалап барады екен.
Жұмысшылар әлгі жорғалағанды таяқпен іліп алады да аулаққа лақтырып жібереді.
– Ал, енді, батырым, жылан жоқ. Ары қарай ойнай бер, – депті бәрі.
Сонымен спектакль ары қарай жалғасады. Үстінде сауыты, қолында қылышы бар алып тұлғалы батыр «қырамын-жоямын, кім бар менімен жекпе-жекке шығатын?» деп қайтадан ортаға атып шыққан ғой…
Сөйтсе, көрермендердің арасында отырған бір ақсақал:
– Кішкентай жыланнан қорыққан сендей батырдың дақ шешесінің… – деп, аузындағы насыбайын бір түкіріп, орнынан тұрып кеткен екен.

«72-нің балалары»

Біз мектеп бітіретін жылдары ауылды «72-нің» балалары «ұстайтын». «72» дегенім – мен туған Майбұлақ ауылында 1972 жылы туылған жігіттер. «Ұстайтын» дегенім – екі өзендегі төрт ауылда солардың айтқаны болады. Барлық жігіттер «72»-лер келе жатыр…» десе аяқ астынан сызылып, лезде тәубесіне түсіп қалатын.
Алла тағаламыз 1972 жылы біздің ауылдағы аналардың құрсағына берекесін төге салған ғой деймін, «72»-нің балалары өте көп, сосын шетінен алпамсадай дәу болатын. Жүрмейтін жерлері жоқ. Мектеп, клуб, бешір, ауылдың шеткі қараңғы көшелері… Қысқасы, ауылда тас лақтырсаң, осы «72»-нің балаларының басына тиеді. Шеттерінен намысшыл. Кейде көрші ауылдың балалары кештетіп біздің ауылдың қыздарына келеді ғой. Онда да шарбақтың ар жағында әлгі қыз, бер жағында көрші ауылдың жігіті велосипедінен түспеген күйі, бір аяғымен жер тіреп, өткен-кеткенді айтып, ерігіп әңгімелесіп тұратыны бар. Көздері қырағы «72»-нің балалары сондайларды сонау қиядан көреді ғой. Ауылдың ішінде бөтен жігіттің жүргеніне, ауылдың қызына қарап күлгеніне намыстан жарылып кете жаздайды. Ал, сонымен төбелес, таяқ жеу, қиқулап қуу…
Бірде көрші Кеңесарық ауылының екі-үш жігітін «72»-нің балалары ұрып-ұрып жіберген ғой. «72»-нің балаларынан таяқ жегенін олар да біліп қайтқан.
Сөйтіп, арада бір-екі апта өткенде «72»-нің бір баласы Ербол сол Кеңесарыққа тойға барыпты. «Ойбай, Майбұлақтың «72»-сінің бір баласы тойда отыр» деген хабарды ести салып, баяғы таяқ жеген жігіттер алып-ұшып жеткен ғой. Келсе, Ербол төрде отыр. Қасына отыра қалып, «Сен Майбұлақтансың ба?» деген ғой әлгі жігіттер.
Сонда Ербол байғұс шайына шашалып:
– Ия, Майбұлақтанмын. Бірақ, оллаһи-биллаһи, «72» емеспін…- деген екен.

«КЛАННЫҢ» КЕСІРІ…

Өткенде үш күн үйден шықпай, кино көрдім. «Клан» деген сериал бар екен. Орыстар түсірген. Мафия, бандит, атыс-шабыс, кек алу, криминал… Көріп отырып, осындай қоғамда өмір сүріп отырғаныңды ойлап, қорқып кетесің. Адам өлтіру деген түк емес. Полицияның барлығы дерлік ақшаға сатылған. Көп жерде «Вор закона» дегендердің айтқаны болады. Бірақ, киноның оқиғасы тым шытырман, өте қызық. Үш күн бойы ноутбуктің алдынан шыға алмадым…
Үшінші күні кешке анам телефон шалды. Қашанда ауылдың проблемасы бітпейді ғой, әйтеуір. КМФ деген несие беретін ұйым бар екен. Бұл банктің бір ерекшелігі – төрт адамды қосақтап, бір-біріне кепіл болған жағдайда ғана ақша беретін көрінеді. Менің шешем де ауылдың төрт адамымен бірігіп, несие алған. Енді соның ішіндегі бір келіншек несиесін төлемейді. Барып сөйлессе, «ұят болды-ау» деп ұялып жүрген ол жоқ дейді. «Соны не істеймін енді?…» дейді ғой шешеміз.
Өзім сериалдың «сиқырынан» әлі айыға алмаған болуы керек:
– Валить надо их.., – дедім ойланбастан. Аузыма түскен сөз осы болды.
– Не дейсің? – дедім шешем түсінбей.
– Мочить надо…
Шешем тағы түсінбей қалды. «А-а…» деді де қойды.
– Көрші кемпір «полицияға айтып, келіншекті солар арқылы қорқытпайсың ба?» дейді.
– Ой, жише, полициялардың барлығы продажный ғой. Олар сені тыңдайды дейсің бе?
– Енді не істейміз сонда?
– Ауылда «Вор в законе» сияқты шалдар бар емес пе? Соларға айту керек шығар…
– Қандай шалдар дейсің?
– Айтқаны болатын, ауылдың адамдары тыңдайтын ақсақалдар бар емес пе? Соларға айту керек шығар.
– Әй, қайдам, оларды да тың­дамайды-ау…
– Тыңдамаса шетінен мочить надо…
Қысқасы, анам бүгін мені танымады.

ПЛАНШЕТ

Қу дүние деген қиын екен ғой. Қайбір күні Парламент Мәжілісінің төрағасы журналистерді құттықтаған кезде, бәрімізге бір-бір сөмкеден таратты. Кең залға кіріп, кәдімгі депутаттар отыратын орындыққа жайғасып алған соң сөмкені аяқтың астына тастай салдым.
Менің жанымда отырған бір ағамыз өте ұқыпты екен. Орнына жайғасқан соң бірден сөмкенің ішін ашып көрді. Тура қасында отырған соң сөмкенің ішінде не бар екенін мен де байқап қалдым. Қаламсап, күнделік блокнот, тағы бір шағын қорапша, сосын планшет… Ағамыз қасын бір керді де, сөмкенің аузын қайтадан жапты.
Планшетті көргеннен кейін жаңа ғана жерге тастай салған сөмкемді сипалап жүріп тауып алдым да, тура жаныма қойып қойдым…

РАХЫМ ҚАЙНАҒА

Қайдан және қалай шыққанын қайдам, ауылда қайнағаларының есімдерінің алғашқы бір әрпін өзгертіп айту дәстүрі әлі күнге бар ғой.
Баяғыда бір үйдің қызы күйеуге қашып, екі-үш ағайыны қуғыншы боп барайын деп жатса керек. Арасында Мықты деген есімді бір кісі бар екен. Сонда келіндері:
– Сықты қайнаға, барғанда мас боп қалмаңыз, мықты болыңыз, – деген екен.
Сол айтпақшы өткенде ауылға барсам, жеңгелеріміз Рахым ағамызды «Трахым қайнаға» деп айтып жүр. Ең қызығы, қай қудың шығарғанын қайдам, кейбір жеңгейлеріміз бұл сөздің қисық мағынасын түсінбеген күйі жүр.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.