Шығармашылық шыңында

  • 25.09.2018
  • 77 рет оқылды
  • 0

Шархан Қазығұл,
журналист

Қазіргі заманғы живописьте қатып қалған стиль немесе бағыт жоқ. Бұл түсінікті де. Егер кез келген өнер классицизммен тоқтап қалған болса, адамдардың ойлау қабілеті де тоқырауға ұшырар еді. Бүгін осындай қорытындыны қорықпай жасауға болады. Сондықтан да, қазіргі толып жатқан «измдерден» тұратын ағымдар адамдарды жаңаша ой қо­рыта білуге тәрбиелейтіні сөзсіз.
Белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алпысбай Қазығұлдың картиналары абс­тракционизм, сюрреализм, трансавангард, экспрессионизм элементтеріне өте бай. Ол бір ағымнан екінші ағымға нәзік көше білетін көшелі суреткер. Дәл осы жерде Алпысбай ешкімге ұқсамайтын жаңа ағымды ашу үшін арпалыс үстінде екенін өнертанушылардың байқамай қалуы мүмкін емес. Алпысбай өз туындыларында қарама-қай­шы­лықтарды қораластыра қол­данудың арқасында өнерде «таза стиль» деген болмайтынын дәлелдеп үлгерген сақа суретші екені қазір дәлелдеуді қажет етпейді. Ол осы қыры арқылы өз мақсатына жетті. Белгілі бір түстердің топтамалық үйлесімділігін жасау арқылы өз шығармашылығының гармониясын қалыптастыра білді. Осындай заңғар биікке көтерілген суреткердің әрбір жұмысынан оның характері мен сол сәттегі шағала көңілін айнытпай тани аласыз. Абстрактілі өнердің шырқау шыңына апарар төте жол осы!
Мұндай деңгейге буырқанған бояудың табиғатын түсінуге ты­рысатын суретшінің бәрі бірдей жете алмайды. Табиғат пен натураны өз ойына тек түс пен кеңістікті қабылдау қабілеті ерекше дамыған өнер иесі ғана бағындырады. Алпысбайдың қаламынан туған картиналарда суретшінің осы қасиеті барынша ашылған. Мысалы, ол “Екеу” атты картинасында бәрі­мізге бұрыннан таныс нәрсені ол тың толғанысқа толы толағай парадигма арқылы көрсете біледі. Картинадан ырғақ энергиясын ілкі сәтте сезіну бақытына бөленесіз. Мұндай қозғалысты кеңістік пен түсті жүрек түкпірінде алабөтен сезіне алатын суреткер ғана ашып көрсете алады. Табиғаттың көңіл-күйін өзіне бағындыра білетін суреткер ғана шедеврді дүниеге әкеледі. Суретшінің лирикалық ағынан жарылуының нәтижесінде туған туынды ғана алғашқы әсерге бөлей алады. Өнер туындысын сіздің санаңызда мәңгі сақтайтын да – сол алғашқы әсер импульсі.
Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Алпысбай Қазығұлов Қазақстан аумағында ғана емес, Ресей, Жапония, Нидерланды, Бельгия, Ұлыбритания, Чехия, Түркия сынды шетелдердегі кәсіби бейнелеу өнері шеберлерінің көрме­леріне қатынасып, жеке көрмелерін өткізіп жүр. 2003 жылы Прагада Еуропалық өнер одағы әлемдік өнерге қосқан сүбелі үлесі үшін суретшіні Масарик атындағы сыйлықпен марапаттады. 2013 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.
Суретшінің 2007 жылы жарық көрген «Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме» атты альбомына алғысөзді әйгілі жазушы, орыс және қырғыз әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов жазған: «Алпысбай Қазығұловтың буыр­қанған бояуларға толы туындыларын осыдан 10 жыл бұрын, нақтырақ айтқанда 1996 жылы наурыз айында алғаш рет Брюссель қаласында көрдім. Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дархан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген сүйіспеншілік сезіледі. Алпысбайдың суреттері мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті.
Суретшінің қылқаламынан ту­ған дүниелерде жалғандық жоқ. Шы­ғармалары бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыстап кетпеген. Қылқаламына тәуелді туындылар «модернистік» формада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді: Біз не үшін өмір сүреміз? Сүйіс­пеншілікті қалай түсінеміз? Адам табиғаттан жаралған ба, әлде жаратқан ба? Жан бар ма, әлде бұл жалған ба?.. Адамзат баласының ақы­лын алаңдатқан сауалдар.
Тек өнер ғана осындай тау­сылмайтын мәңгілік тақы­рыптарға терең бойлай алады. Алайда, шынайы шабыттан туған үлкен өнер ғана осы тектес сауалдарға жауап таба алады» деп, ұлы жазушы Алпысбай туындыларының салмақтылығына, тақырыптық тереңдігіне жоғары баға беріпті.
208 беттік бұл альбом «Апрель» баспасынан 2100 дана болып жарық көрді. Полиграфиялық жұмыстарының жоғары сапа­лылы­ғының арқасында (кітап Түркияда басылған) Алпысбай Қазығұлов картиналарының бояулық және композициялық байлығымен еркін сусындауға болады. Осы альбомның жарық көруі тәуелсіз қазақ елінің рухани өрлеуінің, еліміздегі мәдени қоғамдастықтардың ғаламдық өнер орбитасына бет бұрғандығының айқын айғағы болып табылары сөзсіз.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.