ШАБЫТ ШЫНАРЫ

  • 25.09.2018
  • 165 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жазушы
Ахметжан Әшири 80 жаста

Көркем ой ешқашан астамшылық атаулыны, шектен шыққан шам­шылдық пен шәнжу шікәмшілдікті көтермейді. Ол күрделі өмірдің өзіне тартып, жақсылық пен жамандық, зиялылық, шапағат, қорлық пен зорлықтың қанмайдандағы аяусыз айқасы, тіршілік текетіресі. Оған тек тәуекел табалдырығынан аттап нағыз жүрек жұтқандар ғана бара­ды дейтініміз сондықтан. Соның алдыңғы шебінен көрініп жүрген қазақ әдебиеті орыс, ұйғыр, неміс және кәріс халықтарының ұлы даладағы сөз өнері өкілдерін қанатының астына алып, қал-қадарынша қамқорлық пен жанашырлық жасап, рух оятудан танған емес. Қонақжайлық көрсетіп, кенжелеп келдің деп кеудеден итер­меді.
Иә, киелі әдебиет кез келген көлде­нең көк атты аялдап соғып кете­тін ойыншық ермек әлеміне жатпайды. Құнарлы топыраққа түскен дән, шанышқан шыбық ащы тер төгіп мәпелемесе қисық-қыңыр өсуі мүмкін. Қалай болса солай бейберекет құр бойлаған ағаштың көлеңкесі қайбір түзу түседі. Шабыт шынары да еңбек пен Құдай қиған дарынның арқасында терең тамыр тартып, бүр жарып, жапырақ жаяды. Таланттың да табиғат тәрізді төрт маусымы болатындай. Олардың маңдайына от басы, ошақ қасында отырып қалу жазбаған-дүр.
Әрқашанда әрекеттеніп ізденемін дегендерге рахман нұрын жаудырып, шапағатқа бөлейді. Бейнеттің зейнеті сол.
Қазір қит етсе социалистік құры­лысқа (қызыл қағанат) бәле-бәтірдің бәрін жауып, пәткерде қылып шыға келетін дүдамал дағды пайда болыпты. Еңбеккердің жағдайы мен тұрмысы беймаза бүгінгі күннен артық болмаса кем болған жоқ. Тегін сауат ашып оқыды. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса емін-еркін емделді. Жұмыс­сыздық жойылды. Ой мен өнер адам­дарының атақ-абыройы аспандап, айбыны мен айдыны асты. Әрине, ешкім етегіне намаз оқыған емес. Ол дәуірдің де кемшілігі көп. Шашетектен. Адамзаттың басына қашан қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын байқұт заман орнап еді? Ол неге ғұмыр бойы жерұйық іздеп өтті? Бірақ, бірте-бірте өмір өзгерді. Өртеңде жас буын қаулап өсіп келе жатты. Жылымық кезі еді. ХХ ғасыр­дың алпысыншы жылдарының басында сәл еміс-еміс еркіндік сезіліп, мәңгілік көрінетін тас қамалдың іргетасы босаңсып қақырай бастады. Сонда ғой, КСРО-ның әпербақан бас­шысы БҰҰ-ның биік мінберін то­пы­лимен тоқпақтап, жаппай жүгері еккізіп, Манеж алаңында жаңа бағыт­ты ұстанғандарды сынап, таңсық туындыларды шынжыр табанымен таптата жаздады. Қайран жиырма беске жетпей Ахметжан ар ісіне апыл-тапыл басып кіріп, қаршадайынан әдебиет майданына араласты. Бірінен кейін бірі шығып жатқан әңгімелер, хикаяттар мен романдар көкейкесті маңызды мәселелерді қозғап, адамның жан айнасына үңілдірді. Оталған орман-тоғай, тартылған теңіз һәм уақыт желі мен селінен мүжілген мұзарттар толғандырды. Сол аядағы түрлі-түрлі тағдырлар, тіршіліктен көп теперіш көрген мақұлық меңзелдес бекзат бейнелер. Періште мен пері пенделер. Күйінеді. Сүйінеді. Ақыл азабын тартады. Жер мен адамдар. Тобыр мен тұлғалар тұңғыш «Таңғы самал» мен «Алуан адамдар» кіта­бына кірген шағын шығармалар назар аудартты. Уақыт алдындағы азаматтық жауапкершілікті сезінген қағілез жандар көз алдыңнан сыныптай сырғып өтеді. «Жалғыз жалбыз», «Нұр ана» романдарында тақырып ұсақ­талмай түрлі-түрлі реңк алып, кесек күйі терең сыр арынды тау суындай ақтарылады.
Ең бастысы, жас жазушы төл та­қырыптарын таратқанда өз қол­таңбасын танытып, тіршілік тылсы­мын алға тартты. Өмір десе өзегін суырғандарға өзін тапқанына иман­дай ұйытты.
Кей-кейде уәж бен бәтуа айтылмай бозадағы бөстекі сөзді иемденіп, көстеңдеп көсем, шала-шарпы ша­лағат шешендер кездесіп қалып жүр. Біздің бүйрегіміз бұратын бауыр қаламгеріміздің жаратылысы ондай емес. Ұлттың маңдайына біткен бірден бір университеттің шаңырағы астында бірге оқыған түлектер Әбіш Кекілбайұлы, Шәрбану Құмарова және басқалармен қосылып, ұлы Мұхтар Әуезовтен дәріс тыңдап, тәлім алғандардың сойынан.
Ахметжан Әшири! Төрт құбыла­мызды түгендеп, жұлдыздар кеш жанады десек те оның есімінсіз түркі дүниесін елестету оңай болмай тұр. Ол азғана қалаулы қалам қайраткерлерінің қатарында.
Әне бір кезде Алматыдағы «Жетім бұрышты» жабыға жағалап жүретін жағдайы жүдеу ақын-жазушыларды жаратқан жарылқады ма, әп-сәтте баспана бұйырып (пендеміз ғой бәріміз) мәз-мәйрам болғанымыз әсте ұмытыла ма? Ақ үйдің шығыс қанатында Тәкен Әлімқұлов, Қуандық Шаңғытбаев, Оспанхан Әубәкіров, Хизмет Абдуллин, батыс жақтан Жақан Сыздықов, Өтебай Қанахин, Зейнолла Серікқалиев, Оралхан Бөкей пәтер алыпты. Шайым Шаваев, Ибрагим Исаев, Марат Қабанбаевтармен біздің кіріп, шығар есігіміз біреу екен. Ұйғыр ағайындармен қоян-қолтық араласуымыз сол кезде біржолата бас­тал­ғандай. Ендігі тілеу «ағайынның атынан гөрі қоңсының тайы озсын» болды.
Бір кездері абдырап әдебиет әулие­ханасының есігін ашқан жасөс­пірім жігіт алды-артына қарап, ой жүгірте көз салып, туған халқына асыл қызметін ұсынып, рухани өмірге көр­­кемдік көшін бұрды. Содан бері А.Әшири не жазып, не айтса да (дүние күйіп тұрса да) бұлталаққа салмай, бүкжектемей тікесінен, төтесінен тартып келеді. Өзі үшін. Елі үшін. Жанпида. Ол халық пен әдебиет алдында таң шығындай мөлдір, пәк. Құлақ түрсең тәнті етеді.
«Поэзия шайырият – ұйғыр әдебие­тінің сан ғасырлық жазба тәжірибесі бар дәстүрлі жанр. Шайыр-ақындар сол қасиетті, мұқаддас дәстүрді жал­ғастырып, сол деңгейден көрініп келеді».
«Қазақстандағы ұйғыр әдебиеті жаңа бір дәуірге сенімді қадам басты. Бұл әдеби бағытта қазақ-ұйғыр халық­тарының достығын баяндайтын көркем шығармалар жазылды».
«Қазақстан ұйғыр суреткерлерін алақанына салып аялады. Біздің қаламгерлер өткен заманды, бүгінгі күнді, болашақты терең түсінетін озық ойлы зиялылар. Олар кез келген салада Қазақиядағы барлық ұлт өкілдерімен тығыз байланыспен, жарасымды қарым-қатынаспен өмір сүріп келе жатыр». Оған мәймөңкілеу, қасақана монтансу мінезі жат.
Зәуінде бір сындарлы сәттер болады. Ол кімнің кім екенін және кісі­­лік келбетін көрсетеді. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі әлі бізде тиісті бағасын алған жоқ. Дүйім дүниені дүр сілкіндірген қасіретті оқиғалар тұсында әлдекімдер «қаңғып келген шүрегейдің» сөзін сөйлеп жағынып жүргенде, ұлтжанды оғыландар Ж.Мол­дағалиев, С.Бердіқұлов, С.Шай­­мерденов сөз семсерін суырып, ор­талықтың суық ызбарлы қаһарынан қаймықпай, тұтас ұлтқа қара қазан­ның күйесін жағуға қасқайып қарсы шықты. Ахметжан Әшири Жа­зушылар одағы партия ұйымының хатшысы еді. Тағдыршешті жиналыс үстінде оның жүрек талмасы ұстап абзал адамдардың араласуымен әрең тірі қалады. Бұнымен оны қаһарман етіп көрсеткіміз келген жоқ. Алайда, оның азаматтығын айтпасқа тағы дәтіміз жетпейді. Біздің білгеніміз қаз-қалпында болған жай.
Сөз бар ма? Кешегісіз келешек жоқ. Идиқұт – ортағасырдағы ұйғыр мемлекетінің ең жоғарғы лауазымы. Елбасы. Тақтағы тақсыр. Оның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. А.Әшири сол адас романында Шыңғысхан дәуіріне дейінгі ұйғыр халқының басынан өткен оқиғаларды суреттейді. Бұл арнайы толық әңгі­мелеуді қажет ететін кез келеді әлі.
Ол жарты ғасырдан астам уақыт әдебиет әлемінде адал еңбек етті. Марапат, атақ пен абыройға кенде емес. «Ахметжан Әширидің бойындағы жақсы қасиет интернационализм, халықтар арасындағы достық. Әсіресе, мынау орыс пен ұйғыр, қазақ пен ұйғыр халықтарының арасындағы достықты дәнекерлеп отырады. Оның өзінің шығармасында ғана емес, күнделікті өмірінде ылғи да насихаттаумен келеді. Жай құрғақ сөз күйінде емес, іс жүзінде көрсетіп келе жатқан жазушы дер едім». Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ қарасөзінің қабырғалы қалам қайраткері Сайын Мұратбеков солай депті бір сұқбатында ақиқаттың алажібін аттамай. Үлкен әріптесі шығар­машылыққа шынайы шуақ шашқандай.
Былтыр Зия Самадидің 100 жылдығы Алматы мен Анкарада айрықша аталып өтті. Хизмет Абдуллиннің туғанына 90 жыл толу мерейтойын оңтүстік астанада бүкіл халық болып тойлады. Сол ұйымдастыру шараларының ішінде біте қайнасып жүрген Ахмет Әшири де сексеннің сеңгіріне қарай аяқ басыпты. Бәлкім, жастық буы жанына жігер-қайрат беріп байқамай қалған да шығар. «Рухани шабуылға ұшырап жатқан дәл қазіргі қо­ғамда халық әдебиеттен рухты дүниелер күтеді… Қалай бай болуды үйрететін әдебиетіміз болмаса да, рухани кедей болмауды үйрететін әде­биетіміз аман болсын» деп қара қылды қақ жарғандай тұжырыпты Шерхан Мұртаза ағамыз. Ақжолтай жақсы тілек үстіндегі баршамызды тәңір жарылқасын! Самғайтын қыранға талмайтын қанат бергей!

Аян-Сейітхан НЫСАНАЛИН,
уәжгер (публицист)

Алдыңғы «
Келесі »