ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ ҚАЙНАРЫ

  • 25.09.2018
  • 197 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Құзіретті газет тілшісі ретінде академик, сол кезде министр де болып тұрды-ау деймін, Төрегелді Шарманов ағамыздың үйіне бас сұғып, 60 жасқа толған мерейтойына орай жайылған дастарқанынан дәм татып едім. Сол жылдары тағы бір академик, қазіргі Урология ғылыми орталығына есімі берілген Б.Жарбосыновпен де 60 жылдық мерейтойына орай тіл­дескенмін. Іле өзімнің тікелей бастығым, сол жылдары атынан ат үркетін айтулы тұлға Шерхан Мұртаза ағамның да 60 жылдық мерейтойында аяғым жерге тимей билегенім есімде. Шамалы жылдардан соң қазақтың абыз жазушысы Әбіш Кекілбаев ағамыздың 60 жылдық той дастарқанынан дәм татудың сәті түсті.
Ол кездегі алпыс… Сол алпысқа менің қатарластарым да кезегімен жетіп жатыр. Бұрын 60 дегенің өмірдің шеті сияқты еді. Қазір… Кесімді байлам жасауға асықпайық. Жоғарыда 60-қа келген кезін біз тізіп шыққан тұлғалар, әрине, олармен салыстырсаң кім-кімнің де салмағы төмен түседі. Сырт көзге солай. Мән берсек оның да өзіндік себептері мен салдары бар. Мәселен, сол 60-қа кезінде Шәмші Қалдаяқов та келген. Алайда, ән па­ди­шасының алпысқа келгенін былай қойғанда, өмірден өткенін де көп адам білмей қалды. Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз да өмірден тап солай ың-шыңсыз өтіп кетті. Біз мұны жай деңгей өлшемі үшін қаперге алып отырмыз. Оның үстіне уақыттың беретін бағасы тағы бар.
Уақыт демекші, қазір біз қым-қиғаш, саналуан жаңалыққа толы кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бір жағынан уақыт дегенің бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен өтуде. Солай бола тұра, адам баласының қартаю уақыты созылып кетті. Сондықтан, бүгінгі алпыс жас жаңа бір өрлеу кезеңінің алғашқы баспалдағы сияқты әсер қалдырады. Бұл асылық сөз емес, ғылыми тұжырым. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі алпысқа келгендерге қарата «Әлі бергенінен берері көп» деген жаттанды сөзді шын мағынасында айтуға болады. Ал, бұрынғылар айта беретін «Алпыс – талтүс» деген жай әншейін көңілжықпас сөз. Алайда сол сөз бүгін шындыққа айналды.
Жә, осымен «алпыс» туралы әфсә­­­намызды шегере тұрып, негізгі айтпа­ғымызға ойысайық. Ол – биылғы жылы алпыстың асқарына көте­ріліп отырған қарымды қаламгер Қайнар Олжай туралы. Біз бұл мерейтой иесімен сонау бір жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде бірге қызмет атқардық. Сондықтан, сол кезеңдегі кейбір сәттерді ғана тілге тиек етпекпіз.
Жаспыз. Дұрысы – біз жаспыз. Ал, Қайнар бұл газет табалдырығын есейіп аттады. Жасы біз құралпылас болғанымен болмыс-бітімі ересек еді. Сондықтан, біз жасқаншақтап ашатын есіктерге Қайнар батыл енетін. Ойын да ашық айтатын. Сол мінезімен кім де болсын оңаша қалуға жасқанатын адуынды редактор Шерxан Мұртаза ағамыздың көңілінен шықты. Заман да, қоғам да алмасып жатқан кез. Қайнар сол дәуір тынысын тамыршыдай дөп басып, сезіне алды. Не керек, сол кезеңде талай талантты жігіттердің басы «СҚ»-да түйісті. Солардың ортасында ақ алмастай жарқырап Қайнар жүруші еді.
Ол кезде Қайнардың мақаласынсыз газет шықпайтын. Әріптестері оған қызыға да, қызғана қарайтын. Газет бетінде алғашқылардың бірі болып шетелден ақпарат берген де осы Қайнар. Ол кезде біздің секретариатта шапқылап жүрген кезіміз. Қай­нар болса бөлім меңгерушісі. Бөлім меңгерушілері көп қой. Бірақ, олардың ешқайсысы дәл Қайнардай газеттің оны-мұны шаруаларына араласа бермейді. Ал, Қайнар болса газет макетінің сызылып жатқан кезінен бастап алқа мүшесі ретінде бүкіл шаруаға араласып отырады. Араласып қана қоймай, макетке Шерағаңмен бірге шұқшиып, кейбір мәселелерге өзгеріс енгізіп жатады. Редакцияға келген алғашқы компьютердің тілін де алғаш Қайнар білді. Мамадияр Жақып, Нури Муфтаx сынды атақты шаxматшылардың да алдына Қайнар түсті. Теннис ойнаудан да біз оған ілесе алмай қалдық. Жалпы, өз басым нанымды журналистикадан жеп жүрсем де табиғатым журналист емес. Бізде кәсіби журналистер тым аз. Олар барлық уақытта жұмыста жүреді. Өзгелер көрмегенді көріп, түйсіне алады. Және де сол сәтте уақыт талғамай өз жұмысын атқарып жатады. Қайнар сондай жан.
Қайнардың қалам қарымы тілге тиек етілген кезде негізінен «Егемен Қазақстан» газеті және осы газетке Шерхан Мұртаза ағамыз бас редактор болған кез қаперге көп алынып жатады. Рас, Шерағаң бас редактор болған кезде Қайнар Олжай есімі даңқ тұғырына көтерілді. Бірақ, Қайнар соған дейін де қалың оқырман қимасына айналып үлгерген болатын. Иә, ол өз оқырмандарын қалыптастырды және солардың қи­масына айналды. Мұндайда әдетте «қаламы қалыптасты» деп жатады ғой. Ал, оның қаламы одан бұрын, тіпті ерте қалыптасқан болатын. Ол «Социалистік Қазақстан» газетіне өз қатарларының алдына түсіп келді. Жалпы, Қайнардың балауса қанатын қатайтқан, журналистика әлеміне жол ашқан, әсірелеп айтсақ, «қызылға» түсіріп, топшысын сыпырған Ер­жұман Смайыл ағамыз болатын. Иә, Ерағаңның қамқорлығын көрген қаламгерлер аз емес. Солардың ішінде Қайнар сол құрметке шомып өсті. Рас, Ерағаң Қайнарға өз ықылас-пейілінен басқа ешнәрсесін бөліп берген жоқ. Алайда, Қайнар сынды тума талантқа сол пейілден басқа ешнәрсенің қажеті де жоқ болатын.
Енді, сол «пейіл» мәнін сәл-пәл аша кетейік. Сонымен, Қайнар «Со­циалистік Қазақстан» газеті есігін тілші ретінде К.Дүйсеевтің кезінде ашты дедік. Біздің ол кезде секретариатта жүрген кезіміз. Газет «қазаны» қасында болғандықтан редакцияның бүкіл ішкі шаруасы көз алдымызда өтіп жатады. Ол кез газеттің аты айтып тұрғандай, сықиып тұрған кезі. Бөлім атауларының өзінен ат үркеді. Басты бөлім – партия тұрмысы, одан кейінгі – насиxат, сосын – совет құрылысы, одан кейінгілер – экономика, ауыл, право, руxаният, xат сияқты бөлімдермен жалғасып кетеді. Секретариатта әр бөлім дайындаған материалдарға арналған бір-бір папка бар. Ол папкілерде бастықтар қол қойып, өндіріске жіберуге дайындалған материалдар жыртылып-айрылады. Тіпті, кезек күтумен уақыты өтіп кеткен материалдарды ара-кідік папкілерді ақтарып, өндірістен алып тастап жатамыз. Солай бола тұра, Қайнардың жазғандары тоқтамайды. Тоқтатпайтын, біз жоғарыда айтқан Ержұман Смайылдың пейілі. Сол пейіл Қайнарды іссапармен талай рет шетел асырды. Оның жиі қайталанатыны сонша, Шерағаң бас редактор болып келген кезде де Қайнар кезекті іссапарында болатын. Сонда, Шерағаң мұртын ежірейтіп: «Иә, ол жігітті сыртқы істер министрі деп естіп жатырмыз» деген. Сосын, «тағы не деп қояр екен» дегендей үрпиісіңкіреп отырған бізге, секретариат жігіттеріне қарап: «Мына қырғыздар сыртқы істер министрін «тышқыштер», ал ішкі істер министрін «ішкіштер» деп атайды екен» деп күлген. Қабағынан қар жауып жүретін Шерағаңның одан кейін де талай күлгеніне куә болдық. Қырғызша шырқаған әндерін де сан рет естідік. Суырып салып айтатын өлеңдерін де тыңдадық.
Бірде Қайнар Қазан қаласынан мақала жіберді. Шерағаң өзі бақылап, нөмірге салдырды. Сосын іле:
Қазанға барды Кербабай,
Кербабай айтты: «Қыз давай».
Қазаннан қайтты Кербабай,
Қазанда қалды бір малай, – деп, раxаттана күлді де: «Ана Қайнар батыр да сол жақта бір малай қалдырып жүрмесін» деді. Шерағаңның маңдай қыртысы жазылғанын аңдаған Совет Шиманбай ағам: «Олжаев, қыз сұрады қол жайып» деп сарт еткізді. Сонда Шерағаң: «Қайнар қол жаймайды» деді. Бұл Қайнардың мінезіне, болмысына, қаламына берген Шерағаңның бағасы еді. Шерағаң кейін осы тақылеттес әзілдерді Қай­нардың өзіне де сан рет айтты. Қай­нардың өзі де Шерағаң төрде отырған талай дастарқанға асабалық етті. Қайнар да сөзін жұтпайтын жігіт. Орайы келгенде ұтымды әзілді Шерағаңның өзіне сарт еткізеді. Иә, ол да бір дәуір еді. Ол кез де артына осындай жылы естелігін қалдырып, өте шықты. Айтпақшы, біз жоғарыда тізіп шыққан бөлімдерге ақпарат қосылды. Сірә, бұл бөлімді Шерағаң Қайнар үшін арнайы ашты-ау деймін.
Қайнар кейін қаламын эфирге алмастырды. Білікті басшы болды. Біз Қайнардың ол кезеңінен сырт қалдық. Сондықтан, біз өз Қай­нары­мызды, газеттегі Қайнарды са­ғына береміз. Қайнар, ол қара жер төсін жарып шығады ғой. Сол үшін де қайнар да! Ешқашан сарқылмайды. Алпысыншы жылға аяқ басқанда тіпті қатты қайнайды деседі. Өзі де, соның есімін алған иесі де. Ендеше қайнай түс, Қайнар бауыр! Халқыңыз қайнарыңыздан қанып іше берсін!

Құдияр БІЛӘЛ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »