МАШИНАТАНУ САҢЛАҒЫ

  • 25.09.2018
  • 481 рет оқылды
  • 2

Қызылордадағы студенттік жыл­дар небір қызықты күндерге толы болды. Жақаң облыс­тың Шиелі ауданындағы Бала би ауылдық мектебінде оқып жүрген кезінен-ақ математика, жаратылыстану ғылымдарына ерекше қызығушылық танытып, осы бағытта біраз өзіндік балаң ізденістерін жасап көрді. Ізденістері сәтсіз емес. Ауыл баласы болса да, сол тұста сонау астаналық қаладан шығатын «Білім және еңбек» жур­налы мен Бүкілодақтық «Квант» журналын жаздыртып алып, оқуға кәдімгідей ықыласты болды. Ата-анасы да айтулы ауыл зиялылары қатарынан саналғандықтан, бала­ның талпыныс-қабілетіне жас­тайынан үлкен жанашырлықпен қарап, күнделікті сабағына даяр­­­лығы мен таным-білікке деген әуестігін үнемі қадағалап оты­ратын. Ал, Жарылқасын жоға­рыда аталған ғылыми-көпшілік журналдардағы жас оқырмандарға арналған есептерді шығарудан еш жалықпайтын, қайта олардағы есептердің әр нөмір сайын кезек-кезегімен күрделеніп, шешуі қиын­даған сайын жігерін жанып, қашан бір нәтижеге жеткенше қатты ын­талана түсетін. Уақыт өте келе, Жа­рылқасын сол кездегі Новосібір, Ленин­град жоғары оқу орындарына оқуға түсуге талаптанып жүрген жастарға арналған емтихандардың есептерін де өздігінен еш қиналмай шы­ғаратын дәрежеге жетті. Өзінің бертінде бір көпшілік ортада: «Бәлкім, менің ауыл мектебіндегі қабілетімнің осыншалықты дамып, жетілуіне мектептегі математика мен фи­зика пәндерінен дәріс беретін ұстаздарым Базархан, Мыр­­забек, Қарабек және Сламбек ағай­­ларымның көп көмегі, әрі солардың ақыл-кеңестерінің бір пайдасы болған шығар?! Мен ақыры онжылдықты ойдағыдай аяқтаған соң, бірден солар сынды физика пәнінің мұғалімі болуды армандадым», – дегені де бар еді.
Қызылордадағы Н.Гоголь атын­дағы педагогикалық инсти­тутының физика-математика факультеті оның оқытушылық өмірдегі қабілет-қарымын ба­рынша жетілдіріп, шыңдай түсті. Мамандығы бойынша әртүрлі іс-шараларға, ғылыми басқосуларға белсене қатысып, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Сабақты да жақсы оқыды. Жа­рылқасын 1972-1974 жылдары Ленин атындағы стипендияның ие­гері атанса, 1974 жылы КСРО Жоғары және орта арнайы білім министрлігі мен Бүкілодақтық Лениншіл коммунистік жастар одағының «Үздік оқығаны үшін» төлбелгісімен марапатталды. Ол осылайша өз ортасында ертерек саңлақ студент атанды.
Жарылқасынның бір ерекшелігі, қайда жүрсе де өзінің бір кездегі ұлағатты ұстаздарын, тәлімгерлерін, жақсылығын көрген адамдарының есімдерін сағынышпен еске алып, солардың жақсылығын жар­қыратып айтудан жалықпайды. Ол бұрын мектептегі ұлағатты ұстаздарын үнемі өзінің аузынан тастамаса, енді, күні кеше ғана өздерін Қызылордадағы институт қабырғасында таным-білім, ғы­лымға тәрбиелеп, алдарынан үлкен жол ашуға мүмкіндік жаса­ған ғалым-оқытушыларының жақсылығын үнемі алға тартып: «Жақ­сы шәкірт тек осындай тәлімді жетекшілердің арқасында ғана қалыптасады» дегенді айтады. Өте орынды сөз. Адал шәкірттің ғана айтатын лебізі. Ал, оның студенттік жылдардағы Оразәлі Тұрсынбеков ағайына айтар алғысы ерекше. Ол оның ғылымға деген бейімділігіне көп көмегін тигізіпті. Физикадан дәріс оқыған Виктор Свечников ағайына, оның жақсылықтарына тағы қалай разы болмасын?! Ол кезінде өз шәкірттерін үнемі ерекше қамқорлыққа алып, адал еңбек етуге үйретіпті. Жұманазар Беркімбаев, Серіккүл Баекова, Сламхан Бек­баев, Базарбек Қашқынбаев, Құ­дайберген Жаңабергенов, Жібек Сәтбаева (кураторы), Әпшейіт Оразалиев, тағы басқа да ғалым-ұстаздарына, солардың тәлім-тәрбиесіне әліге дейін шәкірттік ризашылығын білдіреді.
Сонау, алыстағы оқушылық және студенттік жылдардан көзге түсіп, ұстаздарының назарына іліккен Жарылқасынның өмірде де жолы болды. Қызылордадағы институтты физика мамандығы бойынша үздік бітірген соң, аталмыш жоғары оқу орнына оқытушылық қызметке алынды. Ғылымдағы жұмыстары жемісті жалғасын тауып, бертінде әуелі аға оқытушы, кейін доцент, аға ғылыми қызметкерлікке дейін көтерілді. Талапты жастың ізде­ністері бұнымен де тоқтап қал­мады. Ол 1982-1985 жылдары Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің аспи­рантурасына түсіп оқыды. Оның ең бір ізденіске толы жылдары да осы кез еді. Жарылқасын 1991 жылы өзінің ғылыми диссер­тациясын сәтті қорғап, техника ғы­лым­дарының кандидаты атанды. Біраз жыл жоғары оқу орнында оқу бөлімінің бастығы және бас әдіскер қызметтерін қатар атқарып, жақсы тәжірибе жинақтады. 1995 жылы оған Қа­зақстан Республикасы Жоғары аттестациялық комиссиясының шешімімен доцент атағы бірілді. Содан, 2006 жылға дейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінде физика және физиканы оқыту әдістемесі кафедрасына басшылық етті. Өзіне таныс әрі жүрегіне ерекше ыстық орта ғалымның ізденістеріне қанат бітіріп, жұмысқа деген қызығушылығын арттырды. Жарылқасын бұндағы қызметтік міндеттерін қоғамдық жұмыстармен өте тығыз баланыстырып, ғылыми ортада біраз биікке көтерілді. Университеттің Ғылыми кеңесінің, ректораттың мүшесі және жо­ғары оқу орнындағы Ғылыми-әдіс­темелік кеңесі төрағасының орынбасары болды.
Қазіргі кезде Жарылқасын Ыс­қақов Алматы қаласында тұрып, осындағы Энергетика және бай­ланыс университетінде студент-жастарға дәріс беріп, ғылыми-педа­гогикалық қызметін сәтімен жал­ғастырып келеді. Техникалық физика кафедрасының қауымдасқан профессоры. Іскер, шығармашылық тәжірибесі мол ғалымның өмірі қазір де үлкен ізденістерге толы. Ол ауқымды оқу және ғылыми-әдістемелік жұмыстарды атқарумен бірге, студенттерді механика, оптика, классикалық механика пәндеріне кеңінен баулып, жоғары курс студенттерінің дипломдық жұмыстарына жетекшілік етуде. Оқу кезінде болашақ инженер мамандары үшін физика және электродинамика пәндері бойынша арнайы курстарын жүргізеді, сонымен бірге, ол «5В071800-Электр энергетикасы» мамандығы бойынша физикадан типтік жоба­дағы бағдарламаның да авторы.
Физик-ғалымның ғылымдағы ауқымды жұмыстары мен жетіс­тіктерінің өзі де тұтастай бір әңгіменің тақырыбына татырлық дүние деуге болар еді. Жоғары оқу орындарының инновациялық инфрақұрылымын дамытумен белсенді түрде шұғылданатын ғалым физикалық білім беруді шебер ұйымдастырушы да, оның жетекшілік етуімен заманауи қондырғы мен аспаптармен жарақтанған бірнеше физика зертханалары жасақталды. Оқу үрдісінде 20-дан астам оқу-зерттеу сипатындағы зертханалық стенд-жұмыстар, зертханалық жұмыстарды жүргізудің мо­дульдік-циклды әдістері енгі­зілді.
Ізденгіш, талмай зерт­теу жұмыстарын жүргізетін ға­лымның есімі халықаралық деңгейде де кеңінен танымал. Ол Халықаралық педагогикалық білім беру академиясының, Ғылыми қоғамдастықтардың халықаралық қауымдастығының корреспондент-мүшесі, физика саласындағы халықаралық ғылыми журналдың және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің ғылыми бағыттағы «Хабаршы» басылымының редак­ция алқасы мүшесі. Ол үнемі еліміздегі білім беру жүйесінің инновациялық бағыттарын, орта және жоғары оқу орындарындағы физикалық білімнің теориясы мен әдістемесін дамытумен, стандартты емес физикалық есептерді шешу әдістерін әзірлеумен шұғыл­данады.
Осы тұстағы бір ерекше тоқталып өтер жайт, Ж.Ысқақовтың ғылыми-педагогикалық зерттеулерінің нәтижелері 58 ғылыми-әдістемелік мақаласына арқау етіліп, 15 оқу және оқу-әдістемелік құралдарына енгізілген, 8 оқу-әдістемелік нұс­қауларында жарияланған және 26 халықаралық, соның ішінде, 5 рет Чехия, Канада, Германия елдерінде, 7 рет елімізде өткен ғылыми-прак­тикалық конференцияларда талқыланып, ортақ әңгіме өзегіне айналдырылды. Ал, ғалымның «Стандартты емес физикалық есептерді шығару тәсілдері», «Физикалық олимпиадалар есептерінің шешімдері», «Физи­калық олимпиадалар есептері» атты оқу-әдістемелік және оқу құралдары дарынды жастарды оқыту мәселесіне арналған рес­публикадағы мемлекеттік тілде жарияланған алғашқы еңбектер болып табылады. Жарылқасын соңғы бірнеше жылдар бойына жоғары оқу орындары және білік­тілікті арттыру институты базасында дарынды балаларды оқыту және ғылыми-зерттеу жұмыстарын бағдарлау мәселелері бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырды, соның бәрінде де ол тыңдаушыларға физиканың қиын да күрделі мәсе­лелерін игеру бойынша дәріс­тер оқып, әртүрлі әдістемелік ұсы­нымдарын теориялық бағыт ретінде жарыққа шығарды.
Ж.Ысқақовты машинатанудың нағыз тамаша білгірі, не сол саладағы таным-білімнің майталманы деуге толық негіз бар. Ол академик Ө.А.Жол­дасбеков атындағы Ме­ха­ника және машинатану инс­титуты дірілдегіш механизмдер мен машиналар ғылыми зерт­хана­сының меңгерушісі ретінде де ауқымды жұмыстар атқарды. Нақтылап айтсақ, ол ғылымды жалпы механика, механизмдер мен машиналар теориясы сала­ларындағы зерттеулермен, сызық­ты емес сипаттамасы бар теңгерілмеген ротордың резонанстық тербелістерін және идеал емес энергия көзі бар меха­никалық жүйенің сызықты емес динамикасын математикалық модельдеу әдістерімен байытқан белгілі ғалым-механик. Оның бұл бағыттағы ғылыми зерттеулері практикалық мәселелерді ше­шуге, соның ішінде, сенімді әрі энергия үнемді жұмыс істейтін роторлық машиналарды, иінтіректі механизмдер негізіндегі дірілдек техникаларды жобалауға арналған, ол осы сала бойынша 110 ғылыми еңбек және монография жариялаған. Жарылқасынның 3 патенті, 8 ғылыми мақаласы Швейцария және басқа елдердегі әлемнің ең беделді деректер базасына енгізіліп, Нидерланд, Швейцария, Нью-Иорк, Берлин, Германиядағы белгілі ірі онлайн платформалар-баспаларында жарық көрді. Ғылыми бағыттағы іс-шараларға белсене қатыса жүріп, 24 мәрте Тайвань, Әзербайжан, Польша, Германия, Түркия, Чехия, Ресей және басқа да алысты- жақынды елдерде болып, «ІҒТоММ»-ның Бүкіләлемдік Конгресі, симпозиумы мен ғылыми конференцияларында, 32 рет республикадағы халықаралық ғылыми конференцияларда, сим­позиумдарда, семинарларда және республикалық жиындарда баян­дамалар жасады. Ғылыми жинақ­тарға баяндамалары енгізілді. Соңғы жылдары халықаралық және мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде Ғылыми жобалар бойынша грант негізіндегі ғылыми зерттеулерге жетекшілік жасап, олардың жұмыстарын жемісті түрде жүргізіп келеді.
Білікті маман, оқытушы-ғалымның ғылыми-педагогикалық бағыттағы жұмыстары да көңіл қуантарлықтай. Ол көптеген зерттеу жұмыстарымен бірге, ізденушілерге, оқушы-студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасап, бағыт-бағдар беруде. Осыдан аз ғана жылдар бұрын, Ж.Ысқақовтың жетекшілігімен кандидаттық диссертация сәтті қорғалды. Ол РһД диссертациялық жұмыстарына жетекшілік етуде, ал, кезінде ол жетекшілік еткен оқушылар мен студенттердің ғылыми жобалары мен зерттеу жұмыстары бірнеше мәрте республикалық және халықаралық дәрежеде үздік деп танылды. Жарылқасын баулыған 10 оқушы-студент Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің дипломдарымен, 4 оқушы «Дарын» республикалық ғылыми-педагогикалық орталы­ғының алғысхаттарымен, ал, бір оқушы «Жеңіске құштарлығы үшін» арнайы номинациясы бойынша осы орталықтың сертификатымен, бір оқушы Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының мақтау қағазымен, 2 студент халықаралық ғылыми конференцияның Құр­мет грамотасы және 2-ші дәре­желі дипломымен, 9 сту­дент рес­публикалық ғылыми кон­ферен­циялардың дип­ломда­рымен және грамота­ларымен мара­патталды. Сондай-ақ, ол тәр­биелеп, ғылымға баулыған жастардың арасында ғылыми жа­рия­ланымдарымен көрінгендер, республиканың Білім және ғылым министрлігі мен Қызылорда облысы әкімінің стипендиаттары мен республикалық Білім және ғылым министрлігінің Алғысхаттарына ие болғандары мен физика мамандығы бойынша Олимпиада жеңімпазы атанғандары да баршылық.
Еліміздегі машинатану та­ным-білімі саласының саң­лағы Ж.Ыс­қақовтың ғылыми-педа­гогикалық еңбегі қоғам тарапынан елеусіз қалған емес. Ол рес­публикада білікті мамандар даярлау ісіне қосқан елеулі үлесі және инновациялық қызметімен жастар тәрбиесіне сіңірген жемісті еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғысхатымен марапатталып, аталмыш министрліктің Құрмет грамотасына ие болды. Ал, 2003 жылы оған ұзақ жылдық ғылыми-педагогикалық қызметі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағы мен төсбелгісі берілді. Туған жеріндегі ғылыми-педагогикалық жұмыстарға қосқан үлесі мен облыстың түлектеріне білім берудегі еңбегі үшін ол Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен де марапатталды. Бұның сыртында танымал оқытушы-ғалымның Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанып, екі мәрте мемлекеттік гранттың иегері болғандығы тағы бар.
Өмірін ғылымға, келер ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнаған жанның өнегесі аз ба?! Жарылқасын биылғы маусым айында Қорқыт Ата атын­дағы Қызылорда мемлекеттік университетінің физика және мате­матика мамандықтары бойын­ша 1974 жылғы түлектерімен өткен кездесуге арнаған сөзінде «Адам­ның тәрбиелі-білімді азамат болып қалыптасуында ұстаздардың, білім ошағының ролі ерекше» деген екен. Демек, ол бұл жерде туған жер, өскен орта, Сыр өңірінің қадір-қасиетіне шексіз құрметін білдіріп тұр емес пе?! Туған жер мен туған Отанының абыройын асқақтата білген педагог-ғалымның өнегесі ғылым саласы мен қарапайым өмірде де жалғасын таба бермек! Саңлақ зерттеуші, педагог-ғалымның алдағы қызметіне табыс, өміріне бақыт, деніне саулық тілейік.

Аман ӘЙТІМ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »

2 Пікір бар

  1. Жарылқасынмен көп жылдар бойы Қызылордадағы Қорқыт Ата университетінде, қазір Алматы энергетика және байланыс университетінде қызметтес болдық. Мақаладағы Жәкеңнің жеткен табыстары табжылмас еңбегінің арқасы. Ол кісінің педагогика және ғылым саласындағы еңбекқорлығына өзім куәмін. Жәке, ғылымда жаңа белестерден көріне беруіңе тілектеспін.

  2. Өте керемет ұстаз.

Пікірлерге тыйым салынады.