ИННОВАЦИЯЛАРДА АДАМИ ФАКТОР МАҢЫЗДЫ

  • 28.08.2018
  • 816 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Адам қоғам мүшесі ретінде икемді, жұмылғыш, өзгерістерге қабілетті болуы керек. Бұл оның білім деңгейімен, біліктілігімен, қайта оқуға қабілетімен, шығармашылдығымен өлшенеді. Осындай мәдениет «білікті адамды» алып келеді. Адамдар жаңа идеяларға зерек болған сайын, өмірдің барлық саласында жаңалықтарды іске асыруға даяр тұрады. Яғни,  қазіргі заманғы «инновациялық адам» дегеніміз – білікті, жігерлі, іскер, тапқыр, ұжыммен жұмыс істеуге бейім және үздіксіз білім алуға дайын адам. Мұндай адамдарды қоғам да, мемлекет те қолдауы тиіс. Жаңашыл, өнертапқыш адамдарға жол ашу елді, мемлекетті дамытады, өзгеден оздырады. 

Бүгінгі заман – өзгерістер дәуірі. Жаңа, заманауи технология, ақылдықұрал-жабдықтар, техника жетістіктері өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналды. Иә, осы дәуірге дейін де адамзат бір тарихи дәуірден келесі тарихи дәуірге жаңалықтар мен инновациялар арқылы өтті, қоғам дамыды, адамдардың сан алуан қажеттіліктерін қанағаттандырудың түр-түрі ойлап табылды. Яғни, «Homo Sapiens»-тің ақыл-ой мүмкіндігінің арқасында адамзат тұрмыс-тіршілігін жаңа сатыға көтерді. Қарапайым жазу  машинкасын мәтіндік процессор ауыстырды, кәдімгі телефон – ұялы телефонға, механикалық ойын автоматы – бейнеойындарға айналды, фонографтың орнына IPod келді. Айталық, қоғамның барлық саласында қолданысқа енген компьютерлердің қуаттылығы жыл сайын екі есеге артып келеді екен. Бұл үдеріс барған сайын тек үдей бермек. Бұдан былай   айналамыздағы барлық зат «ақылды» болады: мұндай өнімдер ұсына алмаған компанияларды бәсекеге қабілетті әріптестері ығыстырып шығарады.

Сондықтан, қазіргі техногенді өркениетте жаңа адам – ең алдымен  шығармашыл тұлға, ол бүгінгі және болашақ әлемнің қожайыны. Ол – «Homo faber» (латынша – «білікті адам»), дүниені құрал-саймандардың көмегімен басқарып, бақылап отыратын адам. Шығармашылық эволюция нәтижесінде адам интеллекті жасанды нысандарды ойлап тауып, оларды өндірісте қолданады және үнемі жетілдіріп, түрлендіріп отыруға қабілетті. «Homo faber»  басты қажеттілігі тұтынуға негізделген, уақытын ойын-сауықпен, әзіл-қалжыңмен өткізуге құмар, тобырлық мәдениет адамы –«Homo ludens»-ке қарама-қарсы  тұлға. Әлем осындай адамдардың әрекетімен жаңарады, өзін-өзі жетілдіреді, дамиды, құлдыраудан құтылады, өзін-өзі сақтап қалады.

Қазіргі әлем елдерінің даму көшін бастап тұрған озық елдердің экономикалық өсіміне, әл-ауқатының жоғары болуына әсер еткен де осы  ғылымның дамуы, ғалымдар еңбегінің нәтижелері. Ұлттық экономиканың  табысқа жетуі ғылым мен білім нәтижелеріне тәуелді  екендігіне осы елдердің тәжірибесіне қарап көз жеткізу қиын емес.

Жалпы, экономиканың кемелденуі техникалық прогреске тәуелді және ол үшін адамдардың мінез-құлқында ғана емес, мемлекеттік деңгейде де идеологиялық өзгерістер жүруі шарт. Айталық, еңбекке көзқарасты өзгерту, адал еңбекті дәріптеу, жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды барынша жылдам игеруге құштарлық, осының бәрі тиісінше өндірістің, халықтың әлі-ауқатының өсуіне алып келеді.

Жаңа дәуірде инновациялар мен жаңалықтардан бас тарту – ел  болашағына төнген қатер. Бұны сонау ХХ ғасыр басында-ақ Алаш зиялылары айтып кеткен. Айталық, ірі саяси қайраткер Смағұл Сәдуақасов VI партконференцияда Қазақстан индустриясының шикізаттық бағытта болуын қолдаған Ф.Голощекинге қарсы шықты. Ол: «Өнеркәсіп мәселесі — қазақ кедейінің тағдыры, қазақстандық кедей тағдыры ауылмен ғана емес, қаламен де байланысты», – деп дәлелді пікірлер айтып, республика  өнеркәсібін экономикалық сара жолмен дамытуға шақырған еді. Алайда, ол кезде ұлт зиялыларының мұндай батыл пікірлері мүлдем ескерілмегені мәлім.

Соңғы онжылдықтарда Қазақстанда экономиканы әртараптандыру бағдарламалары қабылданып, жүзеге асырылуда. Дегенмен, елімізде V және VI технологиялық укладты қалыптастыру міндеттері өзекті күйінде қалып отыр. Өйткені, Қазақстанның өнеркәсіп саласында қалыптасқан жағдай негізінен ІІІ технологиялық укладқа сәйкес келеді – құрылыс материалдары өнеркәсібі, қара металлургия, металл өңдеу, ағаш өңдеу және т.б. салалар басым, ал ең жоғары V және VI технологиялық укладтар – 4-ақ пайыз. Жоғары технологиялық дамуды білдіретін VI уклад бізде жоққа тән.Осы тектес проблемаларды шешудің бірден бір жолы – жаңа технологияларға иек арту. Өнеркәсіптік төңкерісті бастан кешкен елдердің бәрі осы жолдан өтті. Олар қазір VI-укладта өмір сүріп жатыр.

Инновациялар тақырыбы Елбасының назарынан еш түскен емес.  Мысалы, «Инновациялық Қазақстан-2020» Форумында Президент Н.Назарбаев «2020 жылы Қазақстан инновациялық типте жұмыс істейтін мемлекеттің барлық  белгілері мен атрибуттарына ие болуы тиіс» деп атап көрсетті. Бұл үшін көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Еліміз үшін басым бағыттар: ғарыш, энергетика, биотехнологиялар, химия, телекоммуникация және байланыс саласы деп белгіленген. Осы салаларда Қазақстан әлемдік бәсекеге қабілетті тауарлар мен қызметтер шығаруға бағыт ұстануы  тиіс.

Осындай талаптарға қарамастан, Қазақстан кәсіпорындарының инновациялық белсенділігі шет елдермен салыстырғанда тым төмен – 9,3% (2016 ж.). Ал, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 пайызға жетеді. Елімізде  индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылған 800-ге жуық кәсіпорын «мынау Қазақстанның бренді, инновациялық өнім» дейтін атқа лайық өнім беруден көзге түсе алмай отырғаны жасырын емес.  Мұндай кемшіліктің басты себебі, елімізде ғылыми жаңалықтарға жеткілікті көңіл бөлінбеуіне келіп тіреледі. Ғалымдар, нарыққа озық идеялар ұсынатын талантты адамдар бар болғанымен, оларды пайдаланудың, идеяларын жүзеге асырудың тетіктері мардымсыз. Оның айқын бір дәлелі – әлемдік нарықтағы ғылымиқамтымды өнімнің қазақстандық үлесі нөлге тең. Айталық, ол Еуроодақ елдерінде – 35%, АҚШ – 25%, Жапония – 11%, Сингапур – 7%, Оңтүстік Корея – 4%. Дәл осы ғылымиқамтымды өнімнің әлемдік нарықтағы үлесі сол елдегі ғылыми-техникалық саланың қай деңгейде екенін көрсететін басты көрсеткіш.

Жалпы, инновациялық өнім дегеніміз не? Мұндай өнім атағына ие болу үшін бірнеше шарт қойылады: ол өнім елде бірінші рет сериялы түрде шығарылуы, сапалық жағынан жақсартылуы, отандық патенттер мен өнертабыстар негізінде өндірілуі міндетті. Сонда ғана оны инновациялық өнім деп атайды. Сонымен бірге өнімді шығару мерзімі үш жыл ғана инновациялық деп аталады. Ары қарай бұл өнім жаңғыртылып, жаңарып отыруы тиіс. Ал мұндай өнімді, тауар түрін ғалымдар, жаңашыл адамдар жасайтыны белгілі.  Өз идеяларын адамдарға қажетті (олардың өмірін жақсарта түсетін) дайын өнімге айналдыратын мамандарды қазіргі заманда инноваторлар дейміз.

Дүние жүзі бойынша көшбасшы компаниялар тобында тұрған Toyota Motor (Жапония), Microsoft (АҚШ), GlaxoSmithKline (Ұлыбритания), Siemens AG (Германия), Ford Motor (АҚШ), Sanofi-Aventis (Франция), Intel (АҚШ), Volkswagen (Германия), Nokia (Финляндия), IBM (АҚШ), Matsushita Electric (Жапония), Nissan Motor (Жапония) бұл жетістікке ғылым мен инновация жетістіктерін қолдану және оған ірі қаражат бөлудің арқасында ғана жетті. Бұл көрсеткіш осы елдердің даму деңгейін де білдіреді. Яғни, ХХІ ғасырда әлем елдерінің даму деңгейін айқындайтын бірден бір өлшем –  ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін қолдану, ғылым мен білімнің салтанат құруы.

Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанда ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстармен айналысатын 386 ұйым бар. Оларда тікелей ғылыми зерттеулермен 17,2 мың жұмыс істейді (Германияда 4 млн-ға тарта адам, Жапонияда 5 млн адам осы салаға қамтылған). Мысалы,  АҚШ-та жылына 200 мыңға жуық өнертабысқа патент алынады. Бұл инновациялардың іске асу қарқыны қандай екенінің айқын дәлелі. Қазақстанда  2017 жылы ғылыми-техникалық бағдарламалар нәтижелері бойынша 201 патент пен 21 авторлық куәлік алынған. Бірақ, осы бағдарламалардың үштен бірі ғана практикалық қолданысын тапқан. Олардың  63 пайызы ауыл шаруашылығына тиесілі (мәдени сұрыптар, құрал-жабдықтар, т.б.). Өкінішке қарай, көптеген ғылыми-зерттеу нәтижелері қағаздағы күйінде қалып отыр.

Қазір бізде заманауи білікті мамандар, өнімді сатуды және ұсынуды білетін менеджерлерге қажеттілік өте жоғары. Олар – адам капиталының әлеуетті бөлігін құрайды. Яғни, инновацияларды барлық салаға енгізу үшін    басты мәселе – кәсіби мамандардың құзыреттілігі, шығармашылық және  іскерлік қуаты.  Сонда ғана инновациялар мен білім ақшаға айналады. Ол үшін ғылымға ақша салу керек, ол ақша білімге айналады. Идеялардың іске асуы дегеніміз осы. Оған мемлекеттен бастап, бизнес саласы, ғылыми ұйымдар, оқу орындары, инновациялық-технологиялық компаниялар, жекелеген адамдар түгелдей қатысқан кезде инновациялық жүйе қалыптасып, оның қызметі үйлесімді дамиды. Мәселен, АҚШ-та шағын бизестегі инновацияларды қолдауға айрықша назар аударылып, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді және осы бағытта жұмыс істейтін арнайы бағдарлама бар (SBIR – Small Business Innovation Research).

Осы ретте жастарға жүктелетін міндет жүгі ерекше ауыр екені сөзсіз. Жаңа экономика шығармашылық пен білімге негізделеді. Міне, сондықтан да Елбасы Н.Назарбаевтың интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясын ұсынуы тегін емес. Адам капиталы – өсімнің басты негізі. Қазір бізде креативті топты – шығармашылық адамдарын көтермелеу, ынталандыру аса өзектіленіп отыр. Олардың білімдерін ел үшін пайдалану, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты жандандыру сонда іске асады. Әсіресе, жастарды инженер-техник мамандығына, озық технологияны меңгеруге тарту қажет. Бүгінгі  жастардан сапалы білім алуға ұмтылу, техникалық мамандықтарды игеру талап етіледі. Биыл жоғары оқу орындары үшін бөлінетін мемлекеттік грант көлемінің басым бөлігі техникалық, жаратылыстану мамандықтарына берілуі де осы міндетті жүзеге асырудың қадамы. Бұл біздің экономикамызды әртараптандыру үшін аса қажет. Өйткені, сонау Кеңестік кезеңнен күні бүгінге дейін  экономикамыз біржақты дамып келді. Экономиканың тек шикізатқа бағдарлануы салдарынан бюджет саласы шикізат сатудан түсетін қаржыға тәуелді. Ал, шикізат нарығын әлемдік сұраныс пен баға билейді, бұл бағаның күніне қырық құбылуы біздің экономикамыз үшін оңай соққы емес.

Сондықтан, шетелден дайын технологияларды алып көшіре бермей,  оларды өз бетімен жасауға деген шығармашылық қабілеттері бар адамдарды қолдап-қолпаштайтын, насихаттайтын, үлгі ететін, идеяларын іске асыратын кез келді. Жастарымыз қазіргі ғаламдық жағдайларға бейімделуі керек. Және де ол жастардың тәрбиесі, дүниетанымы, тілі мен ділі ұлттық болуы, отаншыл, мемлекетшіл болуы құба-құп. Сонда біртіндеп қазақтың шығармашыл, инноватор, зияткер ұл-қыздары өсіп шығып, ұлттық экономиканы аяғынан нық тұрғызары сөзсіз. Өйткені, инновацияларда қашан да адами фактор маңызды.

«Инновациясы жоқ елдің болашағы жоқ» дейді атақты «Ideon» ғылыми паркінің негізін қалаушы, «Technology Transfer Foundation» компаниясының атқарушы директоры Свен-Тор Хольм. Бүгінгі жастардың кумирі поп-музыка жұлдыздары емес, Билл Гейтс, Илон Маск, Уоррен Баффет, Джек Ма, Марк Цукерберг тәрізді әлемге әйгілі  кәсіпкер азаматтар болуы тиіс. Олардың бәрі бүгінгі табысына адал еңбекпен, маңдай термен, жеке тәжірибесімен жеткен. Еліктесек те осындай адамдарға еліктейік. Мемлекет маған не береді деп күтіп отыра бермей, мейлінше өзін-өзі танытып, талпынса, тұлғалық қабілеттерін іске асырып, талмай ізденсе, нәтиже болары анық.

Дина ИМАМБАЕВА

 

Алдыңғы «
Келесі »