Ақшидегі «жасыл» технология жемісі

  • 28.08.2018
  • 467 рет оқылды
  • 0

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында «Өңірлерде су инфрақұрылымын тиімді басқару» атты пилоттық жобаның ресми ашылу және таныстырылу рәсімі өтті. Бұл жоба Еуропалық Одақ, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы, Еуропалық экономикалық комиссия сияқты халықаралық беделді ұйымдардың «Қазақстанның жасыл экономика моделіне өтуін қолдау» атты біріккен жобасы аясында жүзеге асырылды. Ауылдық елді-мекендерде дренажды суларды жинап, оларды экономикалық тұрғыда тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін экологиялық таза тәсілдер мен технологияларды көрсету мақсатында Ақши ауылында өткен шараға БҰҰ-ның Тұрақты үйлестірушісі әрі БҰҰДБ Тұрақты өкілі  Норимаса Шимомура, Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханес Стенбаек Мадсен, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов және БАҚ өкілдері қатысты.

 Қазақстан тұрғындарының жартысынан астамы, атап айтқанда 53 пайызы орталық су тарту жүйесіне қол жеткізе алмай отыр,  ал үштен бірі таза ауыз суға зәру. Ал, 2030 жылға қарай халық санының және экономикалық қажеттіліктердің өсуіне байланысты елімізде тұрақты су ресурстарының жетіспеушілігі 13-14 млрд текше метр төңірегінде болады деп күтілуде. Осы орайда, БҰҰ-ның Даму бағдарламасы Қазақстанның ұзақмерзімдік тұрақты дамуға қол жеткізуіне өз үлесін қосып келеді, оның ішінде су секторы да бар. Мәселен, БҰҰДМ, Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігі және Еуропалық комиссия ұйымдарының Қазақстанның жасыл экономикаға өтуі жөніндегі бірлескен жобасы су және климаттың өзгеруі  мәселелерін нысанға алған. Сондай-ақ, бұл жоба су пайдалануды пилоттық нысандар арқылы оңтайландырудың жылдам әрі нақты шешімдерін жүзеге асыру міндетін қойып отыр. Міне, осы ауқымды жобаның алғашқы қарлығашы – Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданының Ақши ауылындағы дренаждық жүйенің іске қосылуын журналистер қауымы өз көздерімен көріп қайтты.

Қонақтарды мектеп оқушылары қарсы алып, өз ауылдарындағы жасыл экономиканың керемет жобасымен таныстырды. Оқушылар қашыртқы жүйесінің қалай жұмыс істейтіні, пайдаланылған суды биотазалаудан өткізу, тамшылатып суғару, жылыжайда жеміс-жидектер өсіру және басқа да жасыл технология жетістіктері туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде айтып берді.

– Біз Қазақстанды болашақ дамудағы аса маңызды стратегиялық әріптес санаймыз және жоғары бағалаймыз. Аймақтардағы жұмыстар біздің стратегиямыздың құрамдас бөлігі болып табылады. Біздің жоспарымызда өңірлермен, оның ішінде Алматы облысымен даму банктері арқылы жаңа форматта бірлесіп жұмыс істеу міндеті бар. Еуропалық Одақтың қолдауымен  жүзеге асырылған бұл жоба жасыл экономика саласындағы жобаларды іске асырудың жарқын мысалы болып табылады, – деді өз сөзінде Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханес Стенбаек Мадсен. Оның айтуынша, Астана қаласы, Алматы, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаға Еуропалық одақ 7 млн еуро бөлген. Ал, 5000 тұрғыны бар Ақши ауылында іске асырылған жобаға 1,1 млн доллар жұмсалған.

  Пилоттық жоба шеңберінде ұзындығы 4,7 км коллекторлық-дренаждық желі қайта құрастырылды. Соның арқасында Ақши ауылындағы 122 гектр аумақ пен көптеген ғимаратты су басу қатері азайды. Мектеп оқушылары бұдан былай таза су ішетін болады. Онымен қоса, «жасыл» технологияларды енгізу ауылдағы мектеп, балабақша және емхана мекемелерінің су және электр энергиясы бойынша жылына 6,5 млн теңге үнемдеуіне мүмкіндік береді.

Бұдан былай мектеп ауласында орнатылған күн батареяларының арқасында бүлдіршіндер жыл бойы таза ауыз су ішіп, қысы-жазы ыстық судың пайдасын көре алады. Ал, мұндағы санитарлық бөліктегі «ақылды» қондырғылар суды мейлінше үнемдеуге мүмкіндік береді. Мектептегі пайдаланылған су бостан-босқа жер астына ағып кетпей, биологиялық тазартудан өткен соң мектеп ауласын көгалдандыруға жұмсалады. Арнайы сорғылар арқылы суды ғимараттың үшінші қабатына дейін жеткізуге болады.

Айта кетерлігі, аталмыш жоба үшін Ақши ауылының таңдалуы тегін емес. Бұл елді мекенде жерасты сулары жер бетіне өте жақын жатыр және су басу қаупі басым. Сол себепті бұған дейін мектеп жертөлесін үнемі су басып жататын болса, енді жаңа жобамен салынған қашыртқы жүйесінің арқасында тіпті 5 метрге дейін су шықпайтын болады.

Керіосмотикалық тазалау қондырғысы суды зиянды қоспалардан, химиялық қосылыстардан, ауру тудырушы бактериялар мен вирустардан тазартады. Сол арқылы балалар таза және қажетті минералдармен байытылған су ішеді. Су ысытқыш гелиоқондырғы күн энергиясының есебінен жыл бойы ыстық сумен қамтамасыз етіп, суға қажеттіліктің 70 пайызын жабады. Су ресурстарын пайдалану деңгейін төмендету, сарқынды сулардың пайда болуын азайту үшін жоба бойынша суүнемдеуші технологиялар орнатылған. Су қорын қайта пайдалану мақсатында мектепте биологиялық тазарту жүйесі енгізілген, ол тоғанда жиналған сарқынды суды тазартады. Өңделген су бау-бақшаны, жылыжай кешеніндегі көкөністерді суғаруға жіберіледі.

– Ауданымызда жерасты суының жақын орналасуы себепті су басу қатері басым елді мекендер көп. Сондықтан бұл жобаның біз үшін маңызы зор. Жоба бойынша Ақши ауылындағы мектепте күн батареясы орнатылды, ғимараттың жертөлесінде су сүзгіші қойылды, барлық унитаздар мен қолжуғыштар суды үнемдеу үшін «ақылды» қондырғыларға ауыстырылды. Кәріз жүйесі қайта жасалды. Осы жұмыстардың барлығы балабақшада да жүргізілді. Жаңа дренаж жүйесі «Есік су құбыры» мекемесінің балансына берілетін болады, – деді жиында Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов.

Жобамен таныстырушылар Ақши ауылындағы бизнес-жоба дренаждық торапты жеке меншік есебінен қаржыландыруды көздейді. Қазірдің өзінде ауылда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Айталық, жоба аясында ауыл тұрғындары «Жарсу фермерлері» атты су кооперативіне бірігіп, су жинақтаушы тоғандар жанынан жылыжай салған. Жылыжай бизнесінен түскен табыстың бір бөлігі дренаждық торапты ұстауға жұмсалатын болады.

– Жоба аясында көрсетілген бизнес-модель су инфрақұрылымын қайта

жөндеуге салынған бюджет қаражатының тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның бұдан әрі дұрыс жұмыс істеуі жергілікті тұрғындарды тартуға, олардың жауапкершілігі мен қаржы салуына байланысты, – деді БҰҰ өкілі Норимаса Шимомура.

Ақшидегі жаңа қашыртқы су жүйесі арнайы тоғанда жинақталып, өңделеді. Содан кейін жылыжайда ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге пайдаланылады. Бұл үшін осы жобаға байланысты 10 жылыжай салынған. Оларда жергілікті кәсіпкерлер жұмыс істейді. Фермерлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін сатудан түсірген табысының бір бөлігі дренаждық жүйені ұстап тұруға жұмсалады. Міне, бұл аталмыш жоба ауыл тұрғындарына пайда келтірумен қатар, өзін-өзі ақтайтынын көрсетеді. Осы күні шетелдік қонақтар мен БАҚ өкілдері ауқымды жоба аясында салынған жылыжайлардың салтанатты ашылуына қатысты. Жылыжай лентасын қию рәсімін Норимаса  Шимомура және Еңбекшіқазақ ауданы  әкімінің орынбасары  Нұржан Құдайбергенов атқарды. Бұдан кейін жылыжай жанындағы ауыл шаруашылығы көрмесінде жергілікті фермерлер өздері өсірген өнімдерімен таныстырып, дәм татқызды.

– Жылыжайлардың жалпы ауданы 1500 шаршы метр, ал әрқайсының көлемі 150 шаршы метрді құрайды. Жылыжайлар жаңадан кәсібін бастаған 10 фермерге тиесілі және олар «Жарсу фермерлері» деген су кооперативіне біріккен. Қазір жылыжайда қиярдың «Директор» атты сұрпы өсірілуде. Әрбір жылыжайда тамшылатып суғару қондырғысы бар және 1000 литрлік ыдыс арқылы өсімдіктер органикалық тыңайтқыштармен қоректендіріледі. Қыс  кезінде де су мен тыңайтқыштар бір температурада болады, – деді осы істің басы-қасында жүрген агроном Павел Кавунов.

    Қорыта айтқанда, БҰҰДБ мен Еуроодақ ұйымдары бірлесіп жүзеге асырған жобаның Ақши ауылындағы пилоттық нысандағы нәтижелері қомақты. Атап айтқанда, Ақши ауылы білім беру мекемелеріндегі балалардың сапалы ауызсу мен ыстық суға қол жеткізуі; білім беру мекемелерінде су үнемдеу технологияларын енгізе отырып, қайнар көздердегі сарқынды суларды азайту; суғару үшін қайтара пайдалану және ауыл кооперативінің органикалық бизнесін дамыту үшін су жинағыш-тоғандардағы сарқынды суларды тазалау әрі жинау; коллекторлық-дренаждық желіні реконструкциялау арқылы Ақши ауылы аумағын және ғимараттарын су басу қатерін азайту қамтамасыз етілді.

Шынында да, жоба аясында Ақши тұрғындары көп игілікке кенелгені сөзсіз. Жаңа бастаманың экономикалық, әлеуметтік жетістіктерін айтпағанда, өскелең ұрпақ «жасыл» технологияның шын мәнінде не екенімен көзбе-көз танысып, оның жемісін жейтін болды. Осы орайда Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбаек Мадсен: «Бұл жобаның мектепте жүзеге асырылуы және оған оқушылардың тартылуы мені ерекше қуантып отыр. Бұл жоба Ақши ауылының ғана емес, бүкіл Қазақстандағы кәсіпкерліктің дамуына түрткі болатынын қазірден-ақ байқап тұрмын. Жаңа ғана оқушылар жасыл технологиялар туралы бізге тәптіштеп айтып берді. Келешекте, осы балалар ержеткен кезде, олар нағыз іскер азаматтарға айналып, Қазақстан мен Еуроодақтың арасындағы әріптестік қатынастардың одан әрі дамуына жаңа серпін беретініне сенемін» деп, ризашылығын білдірді.

Осылайша, әлемдік деңгейдегі беделді ұйымдардың көмегімен орындалған жаңа жоба елімізде заманауи «жасыл» технологияларды енгізудің жарқын көрінісі және өңірлерде су ресурстарын тиімді пайдаланудың үлгісі болды. Бұл бастаманы Қазақстанда аграрлық-индустриялық даму мақсаттарына қол жеткізудің «дайын» шешімі ретінде пайдалануға жол ашық. Ақшидегі   жағымды жаңалық Қазақстанның өзге өңірлерінде де қолдау тапса құба-құп.

Дина ИМАМБАЕВА

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.