ҚАЗАҚТЫҢ МӘҢГІЛІК ҰСТАНАТЫН ҚАҒИДАЛАРЫ

  • 08.11.2012
  • 9902 рет оқылды
  • 4

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

Қазақ халқының ежелден келе жатқан ауыз әдебиетінің тамаша үлгісі – Наурыз жырлары болып табылады. Ол негізінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүр жырларына жатады. Себебі оның түпкі мәні еңбекпен, кәсіппен, салтпен байланысты. Қазақтың ескі дәстүрінде көне замандарда наурыз, қазіргі Наурыздың 22-сі күн мен түннің теңелген шағы, жаңа жылдың басы деп есептеліп, ол күн мерекеленетін болған. Кеңестік кезеңде бұл Ұлыстың ұлы күні ескінің жұрнағы, күні өткен әдет-ғұрып деген желеумен тойланбай келді. Қазақстан Тәуелсіздікке қадам басысымен наурыз ұлттық мереке ретінде тойланатын болды.
Қазақ халқы наурыз күнін жоғары бағалаған, елдегі өзге әртүрлі мейрамдар нақ Наурыздай ардақталмаған. Оның жас ұрпаққа берер тәлім-тәрбиесі аса құнды, баға жеткісіз. Наурыз күнінің ерекше бағалануы халықтың еңбекті, шаруашылықты қастерлеуінде жатыр.
Қазақ халқының тұрмыс-салт жырларында бесік жырының алатын орны ерекше болып келеді. Жас ана бесік жыры арқылы сәбиін жұбатады, аналық ақ сүтімен бірге жан-жүрегінен жарып шыққан жыр арқылы мейірімін төгеді. Бұл мейірімде ананың ақ махаббаты, жүрек жылуы, қуаныш-қызығы, алдағы күндерден үміті, асыл арманы жатыр.
Үлкен өкінішке орай, қазір жас ана ғасырлар бойы мирас болып келген бесік жырына мән бермейтін болды. Айтылса да, ауызға үзіп-жарып сирек алынатын болды. Қасиетті саналатын бесік жырын замана төріне шыққан телевизор, магнитафон алмастырды. Мұның таза ұлттық тәрбиеге, жас ұрпаққа тигізер кері әсерін түсіндіріп жатудың өзі артық.
Фольклорда халықтың педагогикалық тәрбиесі әрдайым жарқын көрініс тауып отырады. Қалың бұқараның ғасырлар бойы жинақталған тәрбие тәжірибесі олардың тыныс-тіршілігіне тікелей байланысты болады. Ізгілікті педагогикалық идеялар дамуының қайнар көзі болып табылатын халық педагогикасы мен салт дәстүрлерінің жоғары тиімділігі сол тәрбие тәжірибесімен тығыз астасып жатыр.
Халықтың, гуманистік құбылыстарға бай болып келетін фольклорда өзге халықтармен туысқандық, бауырмалдық қатынастар берік сақталып отырады. Фольклорда көрініс тапқан идеялар, образдар, адамгершілік прин­циптер жалпыадамзаттық сипатқа ие. Олар этникалық жағынан жақын халықтарға ғана емес, әлемнің көптеген халықтарына да ортақ. Сондықтан да фольклордағы көптеген құбылыс-көріністердің жалпыадамзаттық сипаты жөнінде айтуға болады. Осы тұрғыдан келгенде көптеген түркі халықтарына ортақ саналатын қазақтың «Алпамыс батыр» жыры әлемдік мәдениеттің тамаша эпи­калық ескерткіші саналады. Ол өзінің ма­ңызы жағынан «Манас», «Қөроғлы», «Олонхо», «Давид Сасунский», «Гэсэрнада», «Махабхарата», «Рамаяна», т.б. әлемдік эпостардың, ақыр-соңында ежелгі гректердің классикалық эпикалық «Илиада» және «Одиссей» поэмасының қатарынан орын алады. «Алпамыс батыр» жыры әлемдік әдебиеттің інжу-маржандарына қосылған үлесі деп сеніммен, әрі мақтанышпен айта аламыз.
«Алпамыс батыр» жыры – қазақ халқының батырлар жыры ішіндегі ең көне жыр. Ол патриархалдық рулық қарым-қатынастар кезінде туған. Жыр ішіндегі кейіпкерлердің қиял-ғажайып ертегілеріндегі қаһармандарға ұқсауы, көне замандағы батырлық ертегілер сарындарының ұшырауы, бұл жырдың негізі баяғы замандардан келе жатқанын дәлелдейді.
«Алпамыс батыр» жыры халықтың бірлігін, тұтастығын, ынтымағын армандаудан туған. Жырда тек бірлік, ынтымағы бар ел ғана жауға қарсы тұра алады деген түйін айтылады.
Жырда Алпамыстың батырлығын көрсететін эпизодтар аз емес. Даңқы жер жарған Алпамыс – досына сүйеніш, дұшпанына қорқыныш. Алпамыс жауына құрсаулы қара бурадай, айбарлы арыстандай көрінеді. Байбөрінің жылқысын алған Тайшық ханның түсінен шошып оянып, не қыларын білмей сасуының өзі-ақ осының айғағы.
Жырда Алпамыс атса оқ өтпейтін, шапса, қылыш кеспейтін, суға салса батпайтын батыр болып суреттеледі. Алпамыс жасаған ерліктер елін, жерін жаудан қорғау жолында жасалған ерліктер.
Ежелгі халық жырларында әйелдер бейнесі тамаша жасалған. Бұл халықтың батырға лайықты көмекші, ақылшы жарды армандауынан туған. Алпамыс жырында ол Гүлбаршын бейнесі арқылы берілген. Жырда Гүлбаршынның бойына талай асыл қасиеттер дарытқан. Ол айтулы сұлу, кербез. Гүлбаршынға таласып көп қан төгіледі. Өзіне ынтық-ынтызар болған қалмақ ханы мен Қаражанға уәде бермей, ұзын сонар, кең тұсауға салады.
Алты айдың ішінде Алпамыс келіп қалар деген үмітпен, жауын кідірте тұруды ойлайды.
Баршын жырда батырды бағалай білетін, елін сүйетін, ақылды, байсалды қыз бейнесінде есте қалады. Махаббатқа берік Баршын қыз Алпамыстың сүйікті жары, әрі жәрдемшісі.
Қазақ халқының педагогикасында жас ұрпақты ғашықтық, сүйіспеншілік, махаббатқа адалдық сезімдеріне тәрбиелеуде халықтық эпостық поэмалардан өзге лиро-эпостық поэмалар орасан зор маңызға ие. Батырлар жырларымен салыстырғанда, сүйіспеншілік, махаббат тақырыбындағы жырларда халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, адамның ішкі сезімі көбірек баяндалады. Бұлардың лиро-эпос деп аталуының өзі лирика мен эпикалық тектер элементтерін бірдей қамтуында. Қазақтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» – лиро-эпос жырларына жатады. Халықтың тұрмыс-салты лиро-эпостарда шебер суреттелетінін осы жырларды бәрінен де аңғаруға болады. Айталық, «Қыз Жібек» жырларында қазақтың көшпелі өмірі, әдет-ғұрпы (құда түсу, қыз айттыру, т.б.), халықтың мінез-құлқы, киім киісі, жүріс-тұрысы кең қамтылады. Әсіресе, жырда халықтың көшпелілік тұрмыс-салтын бейнелейтін таңғажайып көріністер жиі ұшырайды.
«Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» поэмасы – қазақ лиро-эпостарының ішіндегі ең көнесі. Оның ондаған нұсқасы бар. Жырда өткен дәуірдің ауыр тұрмыс, қатал мінездерін бейнелеген. Мұнда үлкен әлеуметтік мәселе – жастардың бас бостандығы, еркін махаббатты аңсаған халық арманы көрініс тапқан.
«Бұл дастан, – дейді М.Әуезов, – рулық әдет-ғұрып жағдайында, соның қатал нәтижесінде құрбан болған, сүйіскен жас­тардың трагедиялы тағдырын жыр етеді. Ол махаббат – ештеңеге тәуелсіз, азат се­зім екендігін жырлайды, қара түнек өт­кеннің қатыгездігін, масқара салт-ғұрпын әшекерелейді, жастарды өз бақыты жолында күресе білуге шақырады. Дастанның халықтық қасиеті де осында» .
Қазақтың көне мұрасын жинаушы орыс ғалымдары ХІХ ғасырда дастанның алғашқы жазбаларын хатқа түсірген. В.В.Радловтың өлеңмен жазылған нұсқасы, Е.А.Кастеньенің қара сөзбен баяндалған варианттары осындай. Пушкин архивінен дастанның қысқаша мазмұны жазылған қолжазба табылған.
Дастан он бір буынды қара өлең ұйқа­сымен шығарылған. Бірақ эпикалық баяндау сарынына тұрмыс-салт жырларының үлгілері жиі араласып отырады. Қазақ фоль­клорының шағын формаларын өз бойына дәл осы дастандай мол жинаған көне шығарма жоқ. Онда үйлену-салт жырларына жататын «жар-жар» да, «қоштасу» да, «ес­тірту» де, «жоқтау» да бар. Бұлардың бәрі бір дастанның сюжеттік желісіне қабыса кірі­гумен бірге дербес көркем шығармаға тән қасиеттерді де танытады.
Баян – өз махаббатын қорғай білген өжет те қайратты қыз. Ол феодалдық салт-санаға, әке үкіміне наразы. Қатыгез әке оны Қодарға еріксіз қоспақ болады. Қозы өлімінен кейін ол сүйгені үшін кек алады, Қодарды өлтіреді. Өзін де өлімге байлап, жарын құшақтап дүние салады.
Қозы мен Баян – пәк, мөлдір махаббаттың мәңгілік бейнесі. Қазақ халқы ғасырлар бойы оларды қастерлеп келеді, мәңгілік махаббатқа тағзым ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда.
Қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрінің негізі жеке адам, оның адам­гершілік-ерекшелік тұрғысындағы интел­лектуалдық сапарлары жөніндегі ұғым-түсініктермен ерекшеленеді. Алайда, оның құндылығы моральдық бейнесімен ерекшеленеді. Бұл жерде әдеп-инабат, намыс қасиеттері үлкен рөл атқарады. Халық ерте замандарда әдепті жоғары бағалаған. Қазақ ұл-қыздарының бойынан осы асыл қасиеттер аңғарылып тұрған. Ұлттық фольклорда кездесетін қыпша бел, қара көз сұлу арулар, қолаң шашы тобығына түсіп, жүріс-тұрысы биязы, мінезі жайдары, үлкенге кішіпейіл, кішіге мейірімді болып келсе, жігіттер жауға қарсы жайдақ атқа міне шабатын өжет, батыл, адал, еліне, жеріне, туған халқына ыстық ықыласты, қамқор, басынан сөз асырмайтын намысқой болған.
Қазақ адамдардың бір-бірімен ұнамды қатынас жасай білуін әдептілік деп есептеген. Өзінің ұрпағына да осыны өсиет еткен. Бұл – адамзат баласының өз өміріне серік етіп, тіршілік құру жолындағы ұстанып келе жатқан қағидасы. Қазақ халқының өз ерекшелігіне тән әдеттер мен дәстүрлер өмірге келіп, соларға сай әдеп қағидалары туындап, ғасырлардан ғасырларға жалғасып, ұласып келеді.
Әдеп, адамгершілік, инабат, ар-намыс қағидалары халықпен тағдырлас, халықтық мазмұн мен сипатқа ие. Халық бар жерде оның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын салт-дәстүрлері бар. Бұлар адами адамшылықтың басты көрінісі, мәңгілік ұстанар қағиданың өресі.
Ертегілерде халықтың тұрмыс-салтына, ұғым-нанымдарына, әлеуметтік топтардың дүние тануы мен дүниеге көз-қарастарына тән ерекшеліктер аңғарылып тұрады. Қазақ ертегілерінің қандай түрінде болмасын, қиял-ғажайып, салт, хайуанаттар жайындағы, балаларға арналған және аңыз ертегілер мен күй-аңыздарында халықтың арман мұңы, асыл қасиеттері, сезім-сырлары нәр-нақыш береді. Ұлттық ертегілер түрінің көптігі тұр­мыс-салттағы тыныс-тіршіліктің өзіндік ерекшелігінен туындаса керек.
Ерте заманнан бері ұрпақтан-ұрпаққа жеткен «Ер Төстік» ертегісінен қазақтың ескі мал шаруашылығымен біте қайнасқан тыныс-тіршілігін, дүниетану көзқарасын көруге болады.
Ер Төстіктің тылсым қара күштермен – дию, перілермен, мыстан кемпірлермен қарсы күрестегі жеңістері жас ұрпақты қайсарлыққа, өжеттілікке, батырлыққа тәрбиелейді.
Қазақ ертегілерінің қай-қайсысы болмасын жақсылықпен, мұрат-мақсатқа жетумен аяқталып отырады. Бұл ежелгі қазақ халқының өмірге оптимистік көзқарасын білдірсе керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Наурыз. Салт-дәстүр. –Алматы: Қазақстан. 1992.
2. Алпамыс батыр. Алматы, Жазушы. 1989.
3. Қыз Жібек, Баян Сұлу. Алматы. Жазушы. 1985.
4. Оңғарсынова Ф. Шығармалар жинағы.-Алматы:-2-том. Жазушы. 1989..
5.Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. –Алматы: Мектеп, 1974.
6.Константинов Н.А., Мединский Е.Н.., Шабаев М.Ф. История педагогики. –М: 1974.
7.Алтынсарин Ы. Таңдамалы педаго­гикалық мұралар. – Алматы: Рауан, 1991.
8.Адамбаев Б. Шешендік сөздер. –Алматы 1992.

Іn the artіcle wіll tell about of people’s ethnіc and pedagogіkal experіence.

Алдыңғы «
Келесі »

4 Пікір бар

  1. жақсы жазылған.өз басыма ұнады.сіздерге білмеймін.

  2. Маған ұнамады. Айжан кешір сенің айтқаныңа келіспеймін.

  3. Қалайша ұнамайды түсінбеймін. Анық жазылған ғой.

  4. Ата-бабаларымыздың бізге мирас болып жеткен дүниелерден біз кімбіз? қандаймыз? деген сұрақтарға жауап табамыз. Расында, біз алыптардан жаралғанбыз. Осы Алпамыс, Ер Төстік ертегілерін “Төрұя” (“Троя”)киносын экранизацияланғандай жасаса ғой шіркін! Бізге ешкімге еліктеудің де ұқсаудың да керегі жоқ. Өз бабаларымыздың дүниесі артылып жетеді бізге деп ойлаймын.

Пікірлерге тыйым салынады.