Дала шонжарлары болыстық мансапқа неге ұмтылды?

  • 28.08.2018
  • 554 рет оқылды
  • 0

Біріншіден, өкімет болыс басқару­шысына жақсы жалақы төледі. Екіншіден, бүкіл болыстықтан жиналатын салық алдымен болыс басқарушысының қолына түсті. Ол түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін жасырып қалуға мүмкіндігі болды. Оның үстіне 1867 ж. Ереженің 112 параграфына сәйкес болыс басқарушысына өз қарауындағы тұрғындарға белгілі бір айыбы үшін 3 сомға дейін айыппұл салуға құқысы болды. «Кеңсесі» қоржынында жүретін болыс басқарушысының қаржы есебін толық­қанды бақылауда ұстауға үкімет дәрменсіз еді.
Түркістан өлкесін тексеру үшін Ресей Сенаты құрған комиссияны басқарған сенатор граф Паленнің есебі негізінде жасалған Әскери Министрліктің 1906 ж. «Түркістан өлкесінің мемлекеттік және қоғамдық-экономикалық мұқтаж­дықтары туралы жазбаларында» көш­пенділер арасындағы болыс, старшын, би сайлаулары туралы былай дейді: «…сайлаушыларды сатып алу мен үгіт-насихат жұмыстарына 40-50 мың сомға жететін орасан көп ақша жұмсалатын болды. …Сайлаушыларды сатып алу жүйесі кең етек алды», «Билікке осындай жолмен келген лауазымды қызметкер ең алдымен өз шығынын қайтаруға тырысатыны табиғи жағдай, сондықтан лауазым иесі тегін саусағын қимылдатпайды, ал сыйақы үшін барлығын шешеді»…
«Болды да партия, ел іші бүлінді…», «Қалың елім – қазағым…» – деп ұлы Абай­дың күңіренетіні осы кез. Қазақтың жаңа атқамінерлері параға жұмсалған шы­ғынның барлығын қара халықтың мойнына салды. Елде арты адам өлімімен аталатын «барымта, барымтаға қарымта» дегендей ұрлық-қарлық, оның арты бірінің үстінен бірі оязға шағымданып, екіжақты жем болу көбейді.
Бұрын жанындағы ақын-жырау, сал-серілерімен мақтанатын қазақтың бай-бағландары, енді баукеспе ұрыларымен бәсекелесетін жағдайға жетті. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ержүрек ұлы, бүкіл қайратты ғұмырын Ресейлік отаршылармен күреске бағыштаған Садық сұлтан өмірінің соңғы кезеңін Қарабұлақтың маңындағы «Ханқорған» деген жерде өткізгені белгілі. Осы Садықтың 3 жылқысын Машат болысының бұрынғы болысы Иса Батырбеков пен старшыны Әбіш Пірімқұлов дегендер ұры жұмсап, алдырып сотты болады. Істі Шымкент уездік соты 1894 ж. 18 наурызында қарайды. Болыс пен старшынның аш емес екені түсінікті болса керек?! Ең сорақысы, қазақтың би-болыстарына «жандаралдың» (генерал-губернатор) қолынан медаль алу дүниедегі ең үлкен мәртебелі іске айналды. Өкінішке қарай, аталарының отаршылардың қанға малынған қолынан алған «салпыншақтарын» мақтан ететін ағайындар әлі күнге арамызда баршылық.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы, «Қазақстан Республикасы білім
беру ісінің құрметті қызметкері»,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
«Ауыл тарихы – ел тарихы» кітабынан…

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.