ЕЛБАСЫ МАНИФЕСІ

  • 28.08.2018
  • 455 рет оқылды
  • 0

Зарема ШАУКЕНОВА
Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер
институтының директоры, социология ғылымының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті

Тәуелсіздік қарсаңында Қазақстан Республикасының ядролық арсеналы әлемде 4-ші орында болатын. Бізде құрлықаралық баллистикалық ракеталар мен ауыр бомбалаушыларға арналған 1216 оқтұмсық болды. Ядролық стратегиялық күштер кешені ең заманауи жаппай қырып жоятын қару-жарақтан тұратын. Қазақстанда баллистикалық ракеталарды сынақтан өткізетін маңызды нысан, сондай-ақ, қанатты ракеталармен жарақталған Ту-95 МС стратегиялық бомбалаушы ұшақтардың ірі базасы орналасты. Семей полигоны Одақ бойынша аса маңызды стратегиялық нысан еді. Жарты ғасыр бойы мұнда 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалды. Мұндағы ядролық зарядтардың қосынды қуаттылығы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе артық болатын. КСРО тарағаннан кейін мемлекетіміз өзінің дербес ядролық қаруын құруға жететін ғылыми-зерттеу, өндіруші және өндірістік инфрақұрылымға ие болып қалды.
Бірақ, біз басқа жолды таңдадық. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қару сынақтарынан көп зардап шеккен халқының арман-тілегін жүзеге асырды. Елбасы атом арсеналын жойып қана қоймай, сонымен бірге елімізге жаһандық ірі державалардың ел қауіпсіздігіне кепілдігі мен ядролық инфрақұрылымды жабуға қажетті инвестициясын қамтамасыз етуге қол жеткізді. Қазақстан ядролық арсеналды жоюды геосаяси ресурсқа айналдырды. Бұл модель қазір бұрынғыдан да өзектіленіп отыр. Ядролық технологияларды пайдаланудан болатын әлемдік қақтығыстардың алдын алуда еліміз үлгі көрсетті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен халықаралық саммитте жасаған ұсыныстары әлем елдерінде үлкен серпіліс туғызды. Атап айтқанда, ол барлық ұлттардың әскери қақ­тығыстарды болдырмау жөніндегі үйлесімді іс-әрекеттерін айқындайтын «ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» атты ауқымды бағдарлама қабылдауды ұсын­ды. Қазақстан Президенті жа­һандық державалар көшбасшыларын қарусыздану бағытына қарай үзілді-кесілді қадам жасауға шақырды. Қарусыздану ғана біздің ортақ планетамызды жаһан­дық апаттан аман алып қала алады. Нұрсұлтан Назарбаев «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесінде ядролық қаруды қолданған жағдайда дүниежүзі тап болатын сұмдық салдарларға назар аудара келіп, «ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек! Бұл – шетін мәселе! Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бер­мей, әлемді соғыс қа­терінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітім­гершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар» деген сөзі бұл манифестің барша адамзат тағ­дырына қатысты маңызды құ­жат екендігін көрсетеді. Сондықтан, Ел­ба­сының бейбіт бастамасы әлемдік деңгейде жоғары бағаланып, БҰҰ Бас Ассамблеясы мен Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды.
Дегенмен, қазіргі уақытта әлем бойынша шиеленіс ошақтары пайда болуын тоқтатар емес. Елбасы 2012 жылғы халыққа Жолдауының өзінде-ақ Қазақстан ескеруге тиіс жаһандық сын-қатерлерді белгілеп берген болатын. Олардың арасында қазіргі заманғы адамзат өркениетінің құндылықтар дағдарысына тап болғаны атап айтылды. Дағдарыстың көріністері – араб әлеміндегі және Таяу Шығыстағы барған сайын күрделеніп бара жатқан шиеленіс. Мамандар өркениеттер қақтығысы туралы сөз қозғауда. Бұл ретте қайшылықтар дәстүрлі ислам және христиан, Шығыс-батыс арасында ғана емес, Шығыстың өзінде де туындауда. Осы тұрғыда тарихи сабақтастықты назарда ұстау маңызды. Мысал ретінде Еуропадағы қайта өрлеу кезеңінен кейінгі дамуды, біртұтас Араб халифаты аясында ислам дінінің гүлдену кезеңін айтсақ болады. Сол тұста ислам елдері ғылымның, мәдениеттің, сауданың орталығына айналғаны белгілі. Еуропаның гүлденуі оның әлем бойынша үстемдік алуына және ислам аймағын іс жүзінде батыс елдеріне бағындыруға алып келді. Еуропа тарихи процестің өрлеу сызығымен өмір сүрді. Қайта өрлеу дәуірінде туған гуманизм және адами құндылықтар идея­лары өз кезегінде діни реформаларға алып келсе, кейіннен Ұлыбританиядағы тұтынушылық төңкерістерге жалғасты. Еуропаның дәуірлеу кезеңі осылай пайда болды. Дін зайырлы қоғамға орын берді. Тұтыну қоғамының дамуына қолайлы алғышарттар қалыптасты.
Ал, бүгінгі күні біз кері үрдіс­тер­ге куә болып отырмыз. Арада бір­не­ше ғасыр өткенде Еуропадағы тұ­тынушылық қоғам дағдарысқа ұшы­рауда. Сонымен бірге, ислам әлемі мен Қы­тайдың пассионарлық өсімі үдей түсуде. Бұның барлығы өзара байланыс­ты үдерістер, себебі, бұл әлеуметтік модельдің дағдарысы болып табылады. Адам даралығының шектен шығуы тұ­ты­нушылықпен қосылып, әлеуметтік эгоизмге әкеп соғады. Яғни, адамдар бейқам өмірге ұмтыла отырып, өздерін отбасы тіршілігіне жеккісі келмейді. Туу деңгейі төмендейді. Балалар ата-анасына қамқор болуды ойламайды. Сөйтіп, ұрпақтар арасындағы байланыс үзіледі. Осындай үрдістер салдарынан әлем елдеріндегі миграция мәселесі де ушығуда. Бүгінгі таңда тұрғылықты жерін өзгертетін адамдар саны жылына 200 миллионға жетеді. Ал, бұл өз кезегінде мультикультурализм, әлеуметтік тұрақсыздық мәселелерін туғызды. Дамыған елдерге ағылған мигранттар ол елдердің ішкі саясатын өзгертуге ықпал етеді. Сондықтан, бұл елдердің басшылығы тиісті шаралар қабылдауға кіріскені белгілі.
Көші-қон қозғалысы әлем елдерінің дамуындағы экономикалық алшақтықтарға қарай өсе түсуде. Сондай-ақ әлем халқы санының артуына байланысты жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі пайда болды. Тұтынушылық деңгейі бұрын-соңды болмаған мөлшерге жетті. Алайда, аймақтар арасындағы тұтыну деңгейінің алшақтығы жер мен көктей деуге болады. Мәселен, кениялық лагерьдегі бала 10 долларға үш апта тамақ жей алатын болса, Манхеттенде бұл ақша деп саналмайды. Сарапшылардың айтуынша, әлемде 1 млрд адам аштық жағдайында өмір сүріп жатса, миллиардтан астамы артық салмақтан зардап шегуде. Міне, қазіргі әлемде осындай қайшылықтар көп.
Тұтыну қоғамы орасан зор ресурстарды талап етеді. Оны кезіндегі географиялық ашулар кезіндегі сияқты жаулап алған колониялар бере алады. Батыс әлемінің мұхиттық экспансиясы осы мақсатты көздегені белгілі. Ол кезеңнің технологиясы кемелер болса, бүгінгі таңда әске­ри, ақпараттық және ғарыштық техно­логиялардың көмегімен жаңа экспансия құрлықта да, теңіз бен ауада да іске асырыла алады. Сондықтан да, бүгінгі әскери бюджет рекордтық шамаға жетті. Бұл сан триллиондаған доллар немесе әлемдік ЖІӨ-нің 2 пайызынан астамын құрайды.
Дүниежүзіндегі қақтығыс ошақтары – осы саясаттың нәтижесі. Геосаяси құлқын кез келген елді жанжалға тартуға қабілетті. Сондықтан, ядролық қару мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Ядролық қатер ауқымы барған сайын кеңейіп барады. Бүгінгі күні Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Ресейден бөлек, Солтүстік Корея, Иран, Израиль және т.б. елдер ядролық қаруға ие. Мысалы, Солтүстік Кореядағы ядролық сынақ бүкіл әлемнің наразылығын туғызумен бірге, әлемдік қауіпсіздік жүйесінің қаншалықты нәзік екенін айқын көрсетіп берді.
Осы тұрғыда Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясы шеңберінде еліміз аймақтық эконо­ми­калық интеграция, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу және басқа маңызды іс-шаралар сияқты сыртқы саяси баста­маларын ілгерілетуді жалғастыра бермек. Бұл ретте Қазақстан өңірлік көшбасшы миссиясымен көзге түсуде. Оның ішінде ядролық қарусыздану мәселесі ерекше орын алады. Сәл шегініс жасайтын болсақ, 2012 жылы наурыз айында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит өткен болатын. Бұл жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекші роль атқарды. Елбасы АҚШ Президенті Барак Обаманың ядролық қаруды таратпау туралы бастамасын қолдай отырып, бейбіт мақсаттағы ядролық технологияларға назар аударды. Саммит аясында Қазақстан, АҚШ және Ресей президенттерінің үшжақты маңызды кездесулері өтті. Жалпы алғанда бұл саммит ядролық қаруға қарсы белсенді күрескер ретінде Қазақстанның әлемдік беделі мен елімізге деген сенімнің өскенін көрсетті. Н.Назарбаевқа америкалық Превентивті дипломатия қорының бейбітшілік және келісім сыйлығы табыс етілді. Әсіресе, ерекше айта кетерлігі, БҰҰ Қазақстанның Семей ядролық полигоны жабылған 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық сынақтарға қарсылық күні деп жариялау туралы бастамасын қолдады.
АҚШ конгресмені, Өкілдер пала­та­сының энергетика жөніндегі комитетінің төрағасы Джо Бартон конгресте сөйлеген сөзінде былай деп мәлімдеді: «Бұрынғы КСРО-ның ядролық және биологиялық қару бағдарламасының орталығы бола отырып, Қазақстан Одақ тарағаннан кейін орасан зор әрі аса қауіпті күшке ие болып қалды. Қазақстанда әлем бойынша төртінші орын алатын ядролық арсенал болды, оның қоры Ұлыбритания, Франция мен Қытайды қосқандағыдан асып түсетін. Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев елдегі осынау қауіпті қаруды жойып, Қазақстанды өңірдегі тұрақтылық аймағына айналдырды».
Елбасы халықтың арман-тілегін жүзеге асырды. Өйткені, қазақстандықтар ядролық сынақтардан көп жылдар бойы әбден зардап шекті. Еліміз тұтастай полигонға айналуға шақ қалды, жер-жерде сынақ алаңдары орналасты. Сондықтан, Қазақстан басшысы ядролық қаруды жойып қана қоймай, еліміз үшін қажетті қауіпсіздік кепілдігіне қол жеткізді. Ірі державалар тарапынан тікелей кепілдікпен қоса, инфрақұрылымға арналған инвестициялар, медициналық бағдарламаларға қолдау жасалды. Осы­лайша, бүкіл Жер бетіндегі тіршілікке қатер әкелетін ядролық қаруды жою және белсенді дипломатия жүргізу нәтижесінде ол геосаяси ресурсқа айналды. Міне, бүгінгі күні Қазақстан әлемге үлгі болып отыр. Дүинежүзі ядролық технологияларды қолдану төңірегіндегі жанжалдардың алдын алу үшін Қазақстан бастамасын қолдау қажеттігіне көз жеткізді. Превентивті дипломатия арқылы, гуманизм және ынтымақтастық қағидаларын ілгерілету арқылы табысқа жетуге болады. Қазақстан ядролық қаруға қатысты дұрыс шешім қабылдаған бірден бір мемлекет саналады.
АҚШ-та өткен жаһандық саммитте атом тақырыбымен қатар саяси мәселелер де талқыланды. Өйткені, бүгінгі таңда дүниежүзінде тұрақтылық қыл үстінде тұрғаны жасырын емес. Планетамыздың әр түкпірінде жаңа соғыс ошақтары әлсін-әлі бұрқ ете қалады. Міне, осындай өзара тартыс, түрлі лаңкестік әрекеттер, миграциялық және қаржы дағдарысы кезінде АҚШ-тың Карнеги қорының штаб-пәтерінде өткен саяси және қоғам қайраткерлерімен кездесуде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі үміт шырағын жаққандай болды.
Қазақстан бүгінгі күні бейбіт атом жобаларына кеңінен қатысуда. Еліміз ядролық қарусыздану мәселелерінде өзінің белсенді позициясымен әлемге танымал. МАГАТЭ қадағалап отыратын ядролық отын банкі елімізге орналастырылды. Қазақстан ирандық ядролық бағдарлама мәселелерінің шешімін табуына ықпал жасады. Осылайша, бейбіт өмірді қадірлеуде еліміз дүниежүзіне үлгі көрсетуде. Сондықтан да, Елбасы Н.Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі және өзге де жаһандық бастамалары қазіргі заманғы сын-қатерлер кезеңінде планетамызды мекендеген барша ұлттардың бейбітшілік пен тұрақтылықта өмір сүріп, гүлденуі мен дамуына қосылған үлкен үлес болып табылады.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.