Конституциялық мәдениет Ата заңға құрметтен басталады

  • 28.08.2018
  • 945 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, айрықша маңызды нормативтік-құқықтық құжат.  Конституцияның жоғары заңдық күші бар, басқа заңнаманың барлығы Негізгі заңды басшылыққа алады.  Қазақстан Республикасының тарихында бірнеше Конституция  қабылданғаны белгілі. Қолданыстағы 1995 жылы 30 тамызда қабылданған басты заңымыз бүгінгі күні Қазақстан Президентінің архивінде көздің қарашығындай сақтаулы. Заманауи қоғамдағы өмірді қамтамасыз етуші негізгі заңның біздің мемлекеттігіміздің дамуындағы маңызы туралы және жалпы Президент архивінің қызметі жайында Қазақстан Президенті архивінің директоры, техника ғылымының докторы, профессор Борис Жапаровпен сұхбаттасқан едік. 

– Борис Әлікенұлы, тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстанның тұңғыш Конституциясының қабылдануы еліміз үшін тарихи ауқымды оқиға болды. Осы орайда қазақ елі үшін басты заңның мән-маңызы қандай?
– Конституция мемлекеттік және қоғамдық құрылым, мемлекеттік билікті ұйымдастыру, қоғам мен мемлекет, азамат арақатынасын анықтайтын негізгі заң болып саналады. Жалпы қазақ халқының өзіндік дәстүрлі құқық жүйесі бұрын да болған. Тарихқа көз жүгіртсек, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» ұлтымызға тән әдет-ғұрып пен құқықтық мәде­ниеттің ерекше үлгісі саналады. Бұл заңдар ел басқару жүйесін, құқықтық нормаларды бір ретке келтіріп, қазақ қоғамындағы өмірдің барлық жағын түгел қамтыды. Мысалы, билер сотының қазақ үшін қандай орын алғанын баршамыз білеміз. «Тура биде туған жоқ» деп, даулы мәселені бір ауыз сөзбен шешкен дана билердің әділ кесіміне ешкім қарсы шықпаған. Бұл би-шешендердің қандай бедел мен абыройға ие болғанының айқын дәлелі. Сол кездегі Қазақ хандығының нығайып, саяси-әлеуметтік дамуында бұл заңдардың атқарған ролі ерекше.
Ал, Кеңес Одағы құрамындағы Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы саяси режимді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекіткенімен де, КСРО Конституциясының көшірмесі сияқты болатын. Одан кейін де 1937, 1978 жылдары Қазақ КСР Конституциясы қайта қабылданды. Бұл негізгі заңдарда өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында делінгенімен, нақты шешім қабылдау орталық саяси биліктің ырқында болды. Содан да болар, ол кезеңде бұқара халық Конституция туралы мереке күні ғана еске алатын.
Қазақстанның тәуелсіз ел ретіндегі тұңғыш Конституциясы 1993 жылдың 28 қаңтарында  Жоғарғы Кеңестің сессиясында қабылданды. Негізгі заңда еліміз парламенттік республика деп танылды. КСРО тарағаннан кейінгі қиыншылыққа толы кезеңде қабылданған бұл заңда еліміздің тәуелсіздігі заң жүзінде бекітілді.
– Бұл Конституциядан бас тартуға не себеп болды?
– Жас мемлекеттің Негізгі заңын жасау қиыншылыққа толы жылдары қолға алынды және мамандардың бұл саладағы тәжірибесі аз еді. Соның өзінде бұл заңда адамның басты құқықтары мен теңдігі, қоғам, мемлекет пен адам қатынасы, т.б. мәселелер қамтылды. Мысалы, Америка конституция­сында «теңдік» деген ұғым жоқ. Абайдың «Қара сөзінде» айтылған ғой, адам мен адам тең болып тумайды. Бізде қазір бай да бар, кедей де бар. Мемлекеттің мақсаты барлығын тең қылу емес, бәріне тең жағдай жасау. Ол дәулетті адам болғысы келе ме, кедей бола ма, өз таңдауын өзі жасайды. Тіпті Германия сияқты бай мемлекетте де көшеде түнейтіндер кездеседі. Оның құқығы ауқатты неміспен бірдей, бірақ оның жұмыс істегісі келмейді. Міне, Негізгі заңда жалпыға бірдей қағидалар жазылады, ал, әркім оны әрқалай пайдаланады.
Өтпелі кезеңде қабылданған 1993 жылғы Конституцияның кейбір баптары елді дамытудың саяси, әлеуметтік, экономикалық жаңа талаптарына жауап бере алмады. Сондықтан да, басты міндет – ел тәуелсіздігін сақтау және болашақ дамуды ескеру үшін Президенттің бастамасымен жаңа Конституция қабылданды. Нарықтық экономикаға бетбұрыс, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту шараларын жаңа Заңның нормалары ғана реттей алатын еді. Бұл заң бойынша еліміз басқарудың парламенттік-президенттік түрінен президенттік республикаға ауыс­ты. Қазіргі қолданыстағы Конституция жобасы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бұл құжатта мемлекеттің құқықтық негізін қамтамасыз ететін бұлжымас ұстанымдар белгіленді. Осы заң аясында еліміз зайырлы, біртұтас егемен ел болып, болашаққа қадам басты. Адам құқығы ең жоғары құндылық болып танылды. Одан бергі уақытта бірнеше рет өзгертулер енгізілгеніне қарамастан, Негізгі заңымыздың өміршеңдігін уақыттың өзі көрсетіп отыр.
Міне, дәл осы құжат – 1995 жылы қа­былданған Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы Қазақстан Президентінің архивінде сақтаулы.
– Өз құқықтарын білу, заңды құрметтеу әр азаматтың міндеті екені белгілі. Дегенмен, біздің қоғамда құқықтық мәдениеттің кемшіндігі байқалады. Бұл қатардағы қазақстандықтың өз елінің басты заңын білмеуінен емес пе?
– Құқықтық мәдениет Ата заңға құрмет, онда жазылған нормаларды орындау, өз құқықтарыңды білуден және пайдаланудан басталады. Өз еліңнің мемлекеттік рәміздерін қалай құрмет тұтсаң, Негізгі заңға да солай қарау қажет. Бұл баршаға ортақ міндет. Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім және басқа да көптеген адами құндылықтар құқықтық, яғни, конституциялық мәдениетпен тығыз байланысты.
Конституцияда Қазақстан Республи­касының ең қымбат қазынасы ретiнде адам және оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары атап көрсетілген. Адам құқығына байланысты басқа заңдардың барлығы Конституцияны басшылыққа алады. Сондықтан, әрбір азамат өзінің саяси, азаматтық, экономикалық және мәдени құқықтары мен міндеттерін жақсы білуге тиіс. Ондай адам өзгелердің де қадір-қасиеті мен абыройын төмендетпейді.
– Мемлекет тарихының сақтаушысы болып отырған маңызды мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?
– ҚР Президенті архиві Қазақстанның соңғы 100 жылдағы саяси тарихына қатысты маңызды құжаттардың сақ­таушысы болып табылады. Олар ҚазКСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің, ком­сомолдың, тәуелсіздік алғаннан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінің және ҚР Президентіне тікелей бағынышты минис­трліктер мен ведомстволардың, Дүниежүзі қазақтары құрылтайының, Қазақстан халқы ассамблеясының, т.б. мемлекеттік емес ұйымдардың құжаттары. Бүгінгі күні архив қорындағы құжат саны 800 мың бірліктен асады. Әрбір сақтау бірлігі 100-ден 300 бетке дейінгі құжаттан тұрады. Олардың барлығы тек түпнұсқа. Бұл ретте қабылданған құжаттардың бәрі мемлекеттік сақтауға жіберіледі екен деген ой тумауы керек. Арнайы сараптамалық-әдістемелік комиссия ведомстволардан келіп түскен әрбір құжаттың бағасын береді. Содан кейін сәйкесінше мәңгілік немесе уақытша сақтау туралы шешім қабылданады. Мемлекет үшін құндылығы бар құжат болмаса қабылданбайды. Архив қой­масының да өзінің сақтау мүмкіндігі бар. Бұл ғимарат 1974 жылы арнайы жобамен салынып, Қазақстан Коммунистік партиясына қарасты Партия тарихы инс­титутының архиві болған. 1 млн. сақтау бірлігіне арналған қойма.
Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша мем­лекеттік архивтерде 23 миллиондай сақтау бірлігі бар, соның 1 миллионға жуығы осы Президент архивінде. Оларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы архившілерге қойылатын басты міндет – мұрағат қорын көздің қара­шығындай сақтау, қалыптастырушы дерек­көздер болып саналатын мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың маңызды құжаттарын қабылдап алу және оны ғылыми айналымға шығару, насихаттау. Осы бағытта жұмыс істейміз. Қазір архивтің 36 қалыптастырушы дереккөзі бар. Жоғарыда айтылған 800 мыңға жуық құжаттың жартысы басқарушы, ресми құжаттар, ал 40 пайызға жуығы жеке құрам бойынша, яғни, азаматтардың жеке құжаттары, оның ішінде жұмысқа қабыл­данғаны, айлығы, зейнетке шығуы туралы, т.с.с. құжаттар. Өздерінің еңбек өтілін іздеген кезде олар бізден анықтама алады. Бұл да архивтің бір міндеті.
Ал, енді осы мыңдаған құжатты жо­ғалтып алмай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жаңа технологияларды қолдануды қажет етеді. Оның бірден бір жолы – архив жұмысына цифрлық технологияларды енгізу. Соңғы жылдары электронды архив құру жұмысына Президент әкімшілігі көп қолдау көрсетіп отыр. Мұрағатты техни­калық жабдықтау мәселесі оң шешімін тауып, заманауи құрал-жабдықтар алынды. Солардың көмегімен қағаз бетіндегі құжаттарды электронды нұсқаға ауыстыру, ақпараттық іздестіру желісі арқылы зерттеушілердің назарына ұсыну бағытында көп жұмыс жүргізіліп жатыр. Біз соңғы 3 жылдың ішінде қордағы 800 мың сақтау бір­лігінің 12%-ын электронды форматқа көшірдік. Яғни, цифрландыру жұмыстары өте жоғарғы қарқынмен жүргізілуде. Бұл арада біздің архив қызметкерлерінің еңбегі зор.
Соңғы жылдары Президент архиві мұрындық болып, бірнеше халықаралық деңгейдегі ғылыми конференциялар өтті. Сондай-ақ, ТМД мемлекеттері жас архившілерінің жазғы мектептерін өт­кізу дәстүрге айналды. Бұл жиындарға АҚШ-тың Ұлттық архив әкімшілігінен, Бүкілресейлік құжаттану және архив ісі ғылыми-зерттеу институтынан (ВНИИДАД) мамандар келіп қатысты. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяның ұлттық архивімен, Германияның, Польшаның мемлекеттік архивтерімен келісім-шарттар жасап, бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы шетелден келген мамандар Президент архиві қызметінің дұрыс бағытта дамып жатқанын және қол жеткен табыстардың мол екенін көздерімен көріп, басқа елдерге үлгі болатынын айтып жүр.
Қазақстанда архив саласының мамандарын даярлайтын бірден бір оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық уни­верситетімен тікелей қарым-қатынас орнатып, Президент архивін тарих факультетіндегі архив және құжат басқару мамандығы бойынша практикалық базаға айналдырдық. Студенттер осында практикадан өтеді, біздің мамандар оларға дәріс оқиды. Осы арқылы жастардың заманауи талаптарға сәйкес білім алуы­на мүмкіндік жасалуда. Жыл сайын Алматы қаласында студент жастар арасында қалалық олимпиада, республика көлемінде жас архившілердің байқаулары ұйымдастырылады. Мұның барлығы архив қызметінің ілгерілеуіне ықпал етуде және оның нәтижесі көзге көрініп те жатыр. Мәселен, қазір көптеген аудандарда, облыс­тарда архивтер арнайы сайттарын ашып, өз жұмыстарын насихаттай алады. Әсіресе, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсетілгендей, аудан, облыс тарихы, елдің дамуына үлес қосқан азаматтар, маңызды оқиғаларға арналған іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Сондай-ақ, Президент архиві облыс архивтерімен бірлесіп, ашаршылық құрбандары туралы деректер базасы жасалып жатыр. Яғни, бұл архивтің тек зейнетке шығар алдында анықтама алатын орын емес екенін көрсетеді.
– 1920-30 жылдардағы ашаршылық және қуғын-сүргінге ұшыраған туған-туыстары туралы деректерге кез келген азамат қол жеткізе ала ма?
– Бұл күрделі мәселе. Мұндағы қиындық неден туады десек, ең алдымен, патша отаршылдығы кезінде де, большевиктер билікке келгеннен 1934 жылға дейін де Қазақстанда ешбір АХАЖ орындары жұмыс істемеген, қазақтарға дүниеге кел­генін растайтын жеке құжат – метрика, паспорт, куәлік атаулы берілмеген, санаққа алынбаған. Жыл сайын жаз айында мал санағы жүрген, ондағы негізгі мақсат – малдың санын анықтау, ірі қара, жылқы мен қой қанша тұяқ дегендей. Міне, соған қосымша малдың иесі, оның жұбайы, балалары туралы деректер жазып алынған. Болды, басқа ресми тіркеу жүргізілмеген. Үлкен қалаларда болған шығар, бірақ ол кезде қалада тұратын қазақтың саны саусақпен санарлық еді ғой. Сол себепті ашаршылықта, қуғын-сүргінде опат болған қазақтар туралы толық мәлімет табу өте қиын. Ал, сол уақытта Қазақстанға Ресей жерінен келіп қоныстанған христиан дініндегі азаматтар шіркеуде тіркеуден өткен, ондағы метрикалық кітаптарда кім қашан, қай жерде туды, әкесі мен шешесі, қайтыс болған күні тіркелген.
Дегенмен, ресми құжаттарды, Орталық комитетке келген түрлі хаттарды көтеріп отырып, біршама деректерді анықтауға болады. Мысалы, Батыс Қазақстанның Тайпақ ауданынан келген хатта ауылдарда биыл мұнша адам қайтыс болды, оның ішінде ерлер мен әйелдер, балалардың саны осындай деген сипаттағы мәліметтер кездеседі. Міне, осылай тірнектеп жинап жатырмыз. Кезінде тарихшы Қамбар Атабаев әрбір студентіне жазғы демалыста өз ауылындағы үлкендерден деректер жинап келуін тапсыратын. Осы бағытта жұмыс істеген азаматтар облыстарда да болды. Солардан қалған қолжазбаларды да пайдаланамыз.
Ашаршылық құрбандарына арналған asharshylyq.kz сайттың жұмысын үйлестіріп отыратын ғылыми кеңес құрылған, оның құрамында белгілі тарихшылар, ғалымдар бар. Жалпы, ашаршылық, қуғын-сүргін тақырыбы еліміз үшін ешқашан ескірмейді, күн сайын маңыздылығы арта береді. Біз іздеушісі жоқ халық емеспіз. Ертеңгі күні «ақырып теңдік сұрайтын» саналы жас ұрпақ өсіп келе жатыр, олардың ата-бабасы туралы шындықты білгісі келетіні анық.
– Президент архивінің алдағы жоба-жоспарларымен бөліссеңіз.
– Басты жұмысымыз қалып­тастырушы дерек көздерінен келіп түскен құжаттарды ведомстволық сақтауды сапалы жүргізу. Бізге келіп түсердің алдында ол құжаттар ведомстволық сақтауда болады. Сондықтан, біз барлық қалыптастырушы дерек көздері үшін арнайы әдістемелік нұсқаулықтар жасап, биылдан бастап рейтингтік жүйені іске қостық. Бұл түрлі ведомстволардағы жұмысты дұрыс ұйымдастыруға оң әсерін тигізіп отыр. Жоспарлы түрде семинарлар өткізу, әдістемелік көмек көрсету де архивтің негізгі жұмыс бағытының бірі. Сарапшылық-әдістемелік комиссияның отырыстары тұрақты түрде өткізіледі. Содан кейін барып құжаттар сақтауға алынады.
Қағаз бетіндегі құжаттарды дұрыс сақтау үшін температура, ылғалдылық бірқалыпты деңгейде болуы шарт. Санитарлық нормалар орындалған кезде ғана қағаздың сақталу мерзімі ұзақтау болады. Бірақ, кез келген қағаз күндердің күнінде тозаңға айналады, сондықтан, ертеңгі күні тарихымыздың маңызды деректерінен айрылып қалмау үшін цифрлық форматқа көшіру керек. Түпнұсқаға адамның қолы неғұрлым аз тисе, соғұрлым ол ұзағырақ сақталады. Зерттеушілерге де ақпараттық іздестіру желісі арқылы жұмыс істеу ыңғайлы. Мысалы, түпнұсқамен бір мезгілде бір адам ғана жұмыс істей алады, қалғандары күтіп отырады. Ал, электронды құжат кезінде мұндай проблема жоқ.
Және де Президент архивінде қандай бағыттағы құжаттар бар екенін білу үшін арнайы келудің қажеті жоқ, біздің интернет-порталымызға кіріп, ресми тіркеуден өткеннен кейін қорлардың тізімін алуға болады. Өзіне қажетті құжаттардың тізімін электронды түрде жіберсе, сол күні жауабын алады. Одан кейін мақсатты түрде келіп, оқу залында жұмыс істей береді. Электронды деректер жоқ болса, түпнұсқамен жұмыс істеуге мүмкіндік бар.
Айта кетерлігі, бұл арнайы архив бол­ғандықтан, кеңестік дәуірде мұнда кіріп-шығудың өзі қиын болатын, көпшілігі құпия немесе қызметтік бапта қолданылатын жабық материалдар еді. Тәуелсіздік ал­ғаннан кейін Үкіметтің шешімімен ве­дом­ствоаралық комиссия құрылып, сақ­таудағы құжаттарды құпиясыздандыру бойынша көп жұмыс атқарылды. Қазір қордың негізгі бөлігі ашық. Қазақстанның азаматына да, шетелдік зерттеушіге де еш кедергі жоқ. Сондықтан да, соңғы уақытта бізге келушілердің саны арта түсуде.
Қазақстандағы ІІ дүниежүзілік соғыс тұтқындары туралы арнайы ашылған tutkyn.kz деген сайттың көмегімен көптеген адамдар хабарсыз кеткен аталарын, әкелерін іздеп тауып жатыр. Осыдан екі жыл бұрын осы жобаны бастаған кезде ГФР-дің Қаржы министрлігі хабарласып, соғыс кезінде Германияда концлагерьде отырған азаматтарға 2500 евро өтемақы төленетінін жеткізді. Содан біз Қазақстан бойынша көзі тірі 19 соғыс ардагерін тауып, олар өз өтемақысын алды. Бұл енді көп қаражат болмаса да, көрген қиындығының аз да болса өтемі ғой. Одан бөлек, ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі өз әскери тұтқындарын іздестіру жөнінде Немістің халық одағы атты ұйымнан және Мәскеудегі Неміс та­рихы институтынан делегация келді. Олар біздің жобамен танысып, өзара келісім-шартқа қол қойылды.
Осы уақытқа дейін Президент архи­вінің түрткі болуымен Ішкі істер ми­нис­трлігі және облыс архивтерімен бірлесіп, 36 мың соғыс тұтқынының аты-жөнін тауып, деректер базасына енгіздік. Кеңес Одағы кезінде бұл жабық тақырып бола­тын, соғыс тұтқындары халық жауы саналды. Сталиннің 1941 жылы айтқан «Кеңес әскерінде соғыс тұтқыны жоқ, олар Отанының опасыздары» деген сөзі бар. Міне, сөйтіп олардың барлығына қара бояу жағылып сатқын атанды, көрмеген қорлықтары жоқ. Қазақтың жап-жас жігіт­тері, аштық пен репрессиядан аман қалғандар 1939 жылдан бастап әскерге шақырылған, көпшілігінің білімі жоқ, орыс тілін де білмейді. 1-2 ай оқытып, қан майданға салды да жіберді. Командирлері тұтас әскери бірліктерді жау қолына тастап кеткені де бар. Жалпы Компартия кезінде тарихшылар біз соғыста бірінші күннен қаһарман, жеңім­паз болдық деп жалған жазуға мәжбүр болды. ІІ дүниежүзілік соғыстағы Кеңес Одағының жеңісі – қырғын майданда сансыз миллиондаған КСРО азаматтарының өлімімен келген қанды жеңіс. Халықтың қадірін білмеген деген осы.
Сондықтан да, архившілердің мақсаты – еліміздің тарихи мұрасын дұрыс сақтау, тарихшылар мен ғалымдардың назарына ұсыну. Ал, олар өз кезегінде зерттеп, зерде­леп өз тұжырымдарын айтады.
– Әңгімеңізге рахмет.

Дина ИМАМБАЕВА,
«Ақиқат» журналының бөлім
редакторы

Алдыңғы «
Келесі »