ТҮРКІСТАН ТАРИХЫМЕН ДЕ, ТАБИҒАТЫМЕН ДЕ ТАМСАНДЫРАДЫ

  • 28.08.2018
  • 300 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Түркістан халықаралық дәрежедегі тарихи-мәдени ескерткіштерге бай, тамсандырар табиғаты мол өңірлердің бірі. Облыста 1278 тарихи және мәдени нысандар, 4 ерекше қорғалатын табиғи қорық бар. Заманауи демалыс орындары әр шатқалда бар десек, қателеспейміз.
Күні кеше ғана Түркістан есімін иеленген өңір туризм саласын өркен­детуге сұранып-ақ тұр. Мұнда жұрт­шылық, әсіресе, киелі орындарға зиярат етуге көптеп ағылып жатады. Ал, шетелдік туристер көне қалаларды көбірек төңіректейді. Теберікті Түркістанда туризмді дамытудың өзге аймақтарға қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар. Облыста тарихи-мәдени орындар, көне кенттер мен әулиелі жерлер баршылық.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Көне Түркістанды жаңғырту» және «Шардара ауданында жағажай туризмін дамыту» жобалары қолға алынып, биыл осы бағытта 16 іс-шара жүзеге асырылды. Облыс аумағында қасиетті, киелі орындар мен туристерге көрсетуге таптырмас орын саналатын табиғи ескерткіштерге бастайтын 21 бағыттағы туристік маршрут ашылған.
Міне, сондықтан Түркістан облысына ағылатын туристер саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр туристердің саны 270 мың адамды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда (198515) 36%-ке артқан. Соның ішінде ішкі туризм бойынша келушілердің саны 248 мың адамды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда (185470) 33,6% -ке өскен. Шетелдерден келген туристер саны 22,3 мың адамды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда (13045) 71,5% -ке артқан. Қонақүймен қамтамасыз ету де жақсара түскен. Көрсетілген қызмет түрлерінен түскен табыс жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2016 жылдың алты айында көрсетілген қызмет түрлерінен 2,7 миллиард теңге түссе, 2017 жылдың тиісті мерзімінде оның көлемі 3,6 миллиард теңгені құраған. Бұл көрсетілген қызмет түрлерінен түскен табыстың 33,3%-ке артқанын көрсетеді.
Түркістан қаласына саяхаттап келу­шілер 1,2 миллион (57,2%) адамға артқан. Отырар ауданына 290 мың турист келіп, олардың саны 169%-ке өсіпті. Ал, Сарыағаш ауданына 90 мың турист келген. Сонымен қатар, «Ontustik Тourism Сenter» туристік ақпараттық орталығы 28 елден келген 3,9 мың шетелдік туристерге қызмет көрсеткен.
Қазір облыста туризм индустриясын дамыту 6 бағытта жүргізілуде. Олар: туристік инфрақұрылымды дамыту, маркетингті ілгерілету, қызмет көрсету сапасын жақсарту, туристік саланы цифрландыру, сондай-ақ «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында жұмыс ау­қымын кеңейте түсу.
Туристік саланы ілгерілету мақсатында облыста халықаралық форумдар, жәр­меңкелер, ақпараттық турлар, роуд-шоу және басқа да іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Облыс делегациясы халықаралық көрмелерге жиі тартылады. Жарнамалық-ақпараттық материалдар баспалардан кітап, билборд түрінде жиі шығарылады. Биыл түркістандық туризм саласының мамандары Мәскеу және Қазан қалаларында өткен халықаралық көрмелерге қатысып қайтқан. Қазан қаласында өткен шарада туризм саласы бойынша 2 меморандумға қол жеткізіліпті. Сонымен қатар, Туристік ақпараттық орталықтарының слеті өтті. Ақмола және Түркістан облыстық ақпараттық орталықтарының арасындағы меморандумға қол қойылып, жаңа үш маршрут әзірленген.
Қазақстан және Өзбекстан Рес­­публи­калары арасындағы ынты­мақ­тастықты нығайту мақсатында 2018 жылғы қаңтарда Шымкент-Ташкент халықаралық автобус бағыты жұмысын бастады. Аталған бағыттағы автобус жолаушылары бақылау-өткізу бекетінен «жасыл дәліз» арқылы кедергісіз өтеді. Жаңа маршруттың ашылуына орай түркістандық туристік ұйымдар өзбекстандық әріптестермен бірлескен турмаршруттар әзірлеуде.
Облыс әкімдігі ТҮРКСОЙ кеңесімен бірлесе отырып, Жібек жолы бағыты бойынша жаңа туристік маршрут белгіледі. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия елдерінің көрнекі жерлері енген. Бұдан бөлек, биыл Облыстық туризм индустриясын дамыту орталығы қауымдастығының базасында Түркия мен Швейцария тәжірибесі бойынша заманауи зертхана ашылған. Бұл зертхана қонақ үй, мейрамхана, гидтер ісі бойынша қызмет көрсету тәжірибесін үйретеді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс көлемінде алдын ала 104 киелі нысан белгіленген. Ол 40 туристік маршрутқа енгізілген. Аталмыш бағдарлама негізінде былтыр өңірдің көрікті жерлеріне түрлі саяхаттар ұйымдастырылды. Оған жастар көптеп тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс 2018 жылдың сәуір айынан жалғасын тауып келеді. Шетелдік қонақтарға алты тілде қызмет көрсететін портал ашылған. Туристер жиі баратын 35 нысанда QR кодтар орнатылды. Облыстық өлкетану музейінің 70 экспонаты туралы мәлімет туристік порталға орналастырылған. Туристік ақпараттық орталықта виртуалды 3D бейнеролик әзірленіп, VR құрал-жабдығы орнатылыпты. Шымкент қаласының әуежайы мен темір жол вок­залына электронды ақпараттық тер­минал қойылмақ.
Облыстың барлық қала, аудандары бойынша 1-3 күндік туристік маршруттар әзірленген. Оларға 84 тарихи-мәдени және табиғи нысан енгізілген. Туристік нысандарға бірыңғай дизайнде жол­сілтеуіштер мен төлқұжаттар әзір­ленген.
Түркістан төңірегінде туризмді дамы­тудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы орайдағы ірі жобалар – «Қасқасу» тау курортының құрылысы, Шардара ауданында жағажай туризмі, Сарыағаш шипажайын одан әрі кеңейту, Түркістан, Шымкент қалаларында және Ордабасы, Қазығұрт аудандарында тарихи-танымдық туризмді дамыту қолға алынды.
Осы жобаларды жүзеге асыру мақ­сатында Шардара су қоймасы жаға­лау­ларының инфрақұрылымы құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындау үшін 20 миллион теңге облыстық бюд­жеттен бөлініп отыр. Бұл жоба Қа­зақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжы­рымдамасына туристік нысан ретінде ен­гізілді.
Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесі ЮНЕСКО қорғауындағы ғимарат екені белгілі. Кесене аумағын абаттандыру, құрылыс жұмыстарының жобасымен келісу үшін құжаттар ЮНЕСКО-ға жолданған. Шымкент қаласында Арбат үлгісіндегі екі көше айқындалды. Облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлініп, шымкенттік Арбат қонақтар мен қала тұрғындарының көз қуанышына айналды. «Кеме қалған» туристік кешенінің ашылу салтанатына куә болар күн де алыс емес.
Елімізде туризмді дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданғалы да біршама жоба қолға алынды. Солардың бірі – «Жібек жолын қайта жандандыру». Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында туризм туралы Тұжырымдама қайта әзірленгені белгілі. Онда 6 мәдени-туристік кластер құру туралы айтылды. Міне, осыған орай Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан) «Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру кластеріне» енгізіліп, Шымкент қаласы кластердің орталығы ретінде айқындалды. Аталған кластерге облыс бойынша Түркістан қаласы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген ортағасырлық Отырар қалашығының және отырарлық алқаптың археологиялық обьектілері, Сауран археологиялық кешені, палеолиттік учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мем­лекет­тік табиғи қорығы, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік ұлттық табиғи қорығы, «Қасқасу» тау курорты, Сарыағаш, Шардара қалалары кірген. Бұл бағытта Түркістан қаласында тарихи-танымдық туризмді дамыту бойынша арнайы Тұжырымдама әзірленген. Қазір жоба ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра комитетінің келісімін алған.
«Қасиетті Қазақстан» өлкетануды дамыту орталығының сараптамалық Кеңесіне өңірден жүз шақты киелі, тарихи орындар ұсынылған. Оның 25-і республикалық, 75-і жергілікті маңызы бар орындар.
«Бес институционалды реформаны іске асыру» Ұлт Жоспарының 57-ші қадамын жүзеге асыру шеңберінде шипажайлар мен қонақүйлерде энергия үнемдеуші технологияларды енгізуге бағытталған іс-шаралар басталып та кетті. Сонымен қатар, демалыс орындарының қызмет бағасын төмендетудің бірден бір тетігі бәсекелестікті жоғарылату деп саналып, бұл бағытта оңды жұмыстар жалғасуда. Облыста жүзеге асырылып жатқан жобалар, яғни, орналастыру орындары, қонақүй, емдік-сауықтыру кешендері жергілікті инвестиция есебінен салынуда.
Облыста экологиялық туризм де қар­қынды дамып келеді. Ерекше қорғалатын аймақ «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік республикалық табиғи паркі, «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Қаратау», «Ақсу-Жабағылы» мем­лекеттік табиғи қорықтары шетелдік туристердің қызығушылығын туғызуда.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шу­чинск-Бурабай курорттық аймағында болған сапарында: «Имантау-Шалқар демалыс аймағы, Павлодардағы Баянауыл, Түркістан облысына басты назар аудару қажет. Осы аймаққа 100 мыңдаған адам келе алады, біз жақын арада бұл санды көбейтуіміз керек» деп атап көрсетті. Бұдан Түркістан өңірінің туризмге сұ­ранып тұрғанын тағы да айқын көре аламыз. Елбасы тектен-текке Түркістанды даралап айтып отырған жоқ. Бүгінгі күні облыс орталығына айналған Түркістан тылсым табиғатымен, терең тарихымен талайларды тамсандыра береріне сеніміміз кәміл. Екі дүние есігі, Ер Түріктің бесігі, Тәңірі берген несібі – Түркістан түрлене түсіп, түлей береріне дау болмаса керек.

Алдыңғы «
Келесі »