• «Ақиқат» журналы
  • >
  • Келелі кеңес
  • >
  • АЛАШ ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ немесе неге монархия құлар қарсаңындағы 6 миллион қазақ сілкіністерге толы 16 жылда үш есеге жуық кеміді

АЛАШ ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ немесе неге монархия құлар қарсаңындағы 6 миллион қазақ сілкіністерге толы 16 жылда үш есеге жуық кеміді

  • 28.08.2018
  • 262 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Ғалымдардың айтуынша, егер де ХХ ғасыр басындағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін зардаптары болмаса, бүгінгі таңда қазақ ұлтының саны кем дегенде 45 миллион болуға тиіс екен. Сол бір тар жол, тайғақ кешу жылдары халқымыз тең жартысынан айырылды. Бұл «қазақтың әр екіншісі аштан өлді немесе саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды» дегенді білдіреді. 1928 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы малдың саны 40 миллион болған (!). Сонда, халық неге аштан қырылды? Міне, жуырда «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өткізген «Алаш арыстары және ашаршылық» атты ғылыми конференцияда осы нәубет тарихы айтылып, халықтың мұңы мен шері тағы да қозғалды. Белгілі тарихшы-ғалымдар Талас Омарбеков, Хангелді Әбжан, Бейбіт Қойшыбаев, саясаттанушы Айдос Сарым және басқа қатысушылар өздерінің нақты ой-пікірлерімен бөлісті.

Талас Омарбеков, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылы­мы­ның докторы: – Ке­ңестік заманда таптық  маркстік-ле­ниндік ұста­ным­­мен зерттеу жүр­­гізуге мәжбүр бол­­ған тарихшылар бұл оқиға туралы аса маңызды тарихи шындықтардан жалтарып, оның ресми большевіктік билікке қолайлы тұстарын ғана әңгімеледі. Егер, мәселе тек осылай біржақты қойыл­ған болса, сол заманның идео­логиясының кемшін тұсы ретінде бұған да түсіністікпен қарауға болар еді. Алайда, кеңестік тоталитарлық жүйе тарихи шындықтың толық айтылмауын қанағат тұтпай, 1916 жыл оқиғаларын қазақ ұлтына адал берілген қазақ зиялыларын айыптау және қуғындау құралына айналдырды. Бір өкініштісі, осы ба­ғытта  негізінен пікір білдірушілер боль­шевиктік-таптық бағытты ұстанушы өзі­міздің қазақтар болды. Солардың бірі Әліби Жанкелдин: «…байлар интеллигенциясына патша үкіметінің жағына шығу тән болды. Орынборда қазақ тілінде басып шығарылған «Қазақ» газетінде фео­дал-байлар интеллигенциясы патша армиясына баруға, мобилизацияланғандарға арнап киім және тамақ дайындауға шақырды» деп жазды. Мұнда тарихи шындық біршама дұрыс баяндалғанымен, қазақ ұлттық интеллигенциясы неліктен осындай қадамдарға барды деген сауалға жауап жоқ.
Таптық ұстанымдағы алғашқы қазақ тарихын жазған Санжар Асфендияров болса, өзінің 1916 жылға байланысты зерттеуінде М.Тынышбаевтың, Б.Қаратаевтың және Ж.Сейдалиннің осы мәселеге байланысты пікірлеріне шо­лу жасай отырып, қазақ ұлттық интел­лигенциясының 1916 жылы ұс­тан­ған бағытына «қорқақтық», «сат­қындық», «орыс монархтары алдындағы жиір­ке­ніш­ті жағымпаздық» деген тәрізді орынсыз айыптауларға негізделген бір­­жақты баға берді. Алайда, мұндай көз­қарастардың тарихи шындықтың терең тамырларынан бастау алмайтыны, сондықтан да, біз айтып отырған мәселе тарихын қаз-қалпында сипаттай алмайтыны Алаш қозғалысына қатысқан қазақ интеллигенциясының көр­некті өкілдерінің өздерін тыңдағанда айқындала түседі. Солардың бірі және бірегейі Міржақып Дулатов 1926 жылы «Еңбекші қазақ газетінде жазған мақа­ласында 1916 жылғы қазақтан қара жұмысқа жігіттер алу туралы маусым жарлығы шыққаннан кейінгі қазақ интел­лигенциясының дағдарысты көңіл-күйін төмендегідей бейнелейді: «…бір күні төбеден түскен жайдың оғындай июнь жарлығы сарт ете түсті. Бұл жарлықтың бізге жайдың оғындай көрінуі қалың қазақ еліне оның әсері қандай болатындығын сезгенімізден еді. Бұл жарлықтың қазақ арасына қалай тарайтыны, қазақ елі не күйге ұшырайтыны көз алдымызға елес­тей қалды. Өз өмірімізде басымызға тумаған ұлы дағдарысқа ұшырадық. Қайтпек керек? Не істейміз? Елге не айтамыз? Біздің басшылығымыз қандай болмақ керек? Елдің ризалықпен көнгісі келмейтіні, балаларын бергісі келмейтіні, «соғыс», «солдат» деген сөздерден өлердей қорқатыны, патша өкіметіне сенімі жоқтығы белгілі. «Көнбе, берме» дейміз бе? Оның түбі не болады? Немізге сеніп, «Көнбе» дейміз? Көнбейтін күшіміз қайда? Біздің ұйымда күш жоқ. Барар жер, басар тауымыз белгілі… Орыс өкіметінің табанында езіліп келе жатқан бишара қазақ көнбеймін десе қор болмай ма? Көнгені дұрыс па екен? Екеуінде де зиян бар екен. Екі зиянның қайсысы жеңіл болар екен? Міне, біздің басымызды даң қылған, миымызды ашытқан, ұлы дағдарысқа қалдырған сұраулар осылар еді. Қайткенде бізге бұл жолдың біріне түспеске болмады» .
Ия, бұл бүкіл қазақты тығырыққа тіреген мәселе шындығы! Кезінде осындай қыспақтан шығар жол таңдаған Мір­жақып, Әлихан Бөкейханов және Ахмет Байтұрсыновпен бірігіп, патша шешіміне көнгенде жұртқа қандай ауырлық бар, көнбегенде қандай ауырлық бар деп шарқ ұрды. «Бірі – барса шаруаға кемшілік келіп, алынған жігіттер аз қазаға бейнетке ұшырағаны, екіншісі бармаймын деп қарсылық қылса, елге келетін зор бүліншілік. Осы екі ауырлықтың жұрт қай жеңілін таңдауы керек. Біздің білуімізше, жеңілі – көнген. Ал, ел көнді, көнгенде не істеу керек? Ел басшысы адамдар әділдікпен списокті өздері түзеп беруі керек. Мынау жақсы, мынау жаман, мынау бай, мынау кедей деп бөлмей, сатылмай дұрыстықпен іс қылу керек» (Алаштың азаматы // «Қазақ» газеті).
Көріп отырғанымыздай, Алаш қозға­лысы қайраткерлері патшаның маусым жарлығына амал жоқ мойынсұнған, қалыптасқан қиын ахуалды таразылай келе артын ойламай, ашу жетегіне ілескен бейбіт халықты патша үкіметінің мұздай қаруланған және жақсы үйре­тілген жазалаушы әскеріне қарсы қойып қырып алмауды ойлап, халыққа «патша жарлығына көніңдер» деп кеңес беруге мәжбүр болған. Алайда, Алаш көсемдерінің осындай, бәрінен бұрын халық қамын ойлаған ізгі ниеті Алаш қозғалысы басшыларын керісінше, ха­лыққа қарсы тұлғаларға айналдырып, тіптен, оларды адамгершіліктен жұрдай етіп баяндауға құштар кеңестік тарихнама назарына қасақана ілінбей қалды. Алаш зиялылары қалың қазаққа жанашыр болып қана қоймай, күші басым отаршыл жүйе құрсауына түсіп қалмай, өздері армандаған жарқын болашаққа қантөгіссіз баруды да ойластырды.
Кейінірек, патшаның маусым жарлығы жарық көріп, үкімет қазақты cолдаттыққа емеc, тыл жұмысына алу туралы шешімге келгенде де қазақ зиялылары 17 тармақтан тұратын, Ә.Бөкейханов, О.Алмасов және М.Дулатов қол қойған өздерінің патша үкіметіне тапсырған талап-тілектерінде тыл жұмысына шақырылатын қазақтарға қамқорлық жасауды патша үкіметінен арнайы талап еткені белгілі. «Қазақ» газетінде жарық көрген «Соғыс майданында қазақ жұмыскерлер» деп аталатын мақаласында олар былай деп жазды: «Қазақ жұмыскерлерді ренжітпей жақсы ұстау үшін, мынадай шарттар қойылсын:
1. Қазақтар өз алдына қос болсын. Өз арасынан ақсақал сайласын, тіл білетін тілмәштары болып, дружина бастықтарымен сөйлесу, хабарлау үшін;
2. Намаз оқу секілді құлшы­лықта­рынан тыйылмасын, қажет орны болса, табуға мүмкін болғанда араларына молда қойылсын;
3. Тамақтары: шай, қой еті, тұз­даған сиыр еті болсын. Шошқа етін беруге болмайды. Ұн, тары, май, ет, шайлар қолдарына берілсін. Өз араларынан аспазшы сайланып қойылсын;
4. Қазақтардың таза тұруына көз салынсын».
Қазақ ұлттық интеллигенциясы көзқа­расына жасалған талдау оның болашақ саяси төңкерістен үміт күткенін, бірақ, ол төңкерістің нақты қашан болатынына көздері жете қоймағанын көрсетеді. Десек те, әрқашан да либералдық демократия жолын ұстанған ұлт зиялылары қазақ ұлтының мүдделерін төңкеріс жолында құрбан етуге де  бара қоймаған болар еді. Төңкерісті пайдаланып, жеке бас мүддесін күйттеп, билікке қол жеткізу Алаш зиялыларына жат болатын.
Халықтың қарсыласамын деп қанға бөгіп қырылып қалмауын ойлаған Алаш зиялыларының мұндай адамгершілікті басшылыққа алған гуманистік көзқарасы өзінің ұлтына деген сүйіспеншілігінің, оған шексіз берілгендігінің тағы бір айқын көрінісі. Қазақстанның тәуелсіздік алуынан кейінгі кезеңде жарық көрген қазақ зерттеушілерінің еңбектері бұл пікірді нақты мұрағат және баспасөз деректеріне сүйене отырып, ғылыми тұрғыдан нақты дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, кеңестік кезендегі тарих ғылымы қазақ ұлттық интеллигенциясының тыл жұмысына алынған қазақ жігіттеріне көрсеткен көмегі туралы мүлде жазбауға, тіптен, бұл мәселені ауызға алмауға тырысты. Қазақ интеллигенциясы патшаның маусым жарлығы шығысымен-ақ, қалыптасқан ауыр ахуалда туған халқына қолынан келген көмегін аянып қалмады. Тыл жұмысына шақыруды кейінге қалдыру әрекеті, халықты көтеріліске шығып, орынсыз қырылып қалудан сақтандыру, сонымен бірге, тыл жұмысына алынған қазақтар арасына өз еріктерімен барып, олардың ауыртпалықтарын жеңілдетуге тырысу – міне, туған халқының басына тұтқиылдан түскен ауыртпалықты жеңілдетуге тырысқан осы әрекеттердің бәрі кезінде кеңестік әдебиетте орын алған қазақ интеллигенциясын өзінің туған халқының мүддесіне қарсы қою әрекетінің қисынсыздығын тағы да дәлелдей түседі. Ал, мұның өзі академик Кеңес Нұр­пейісовтың сөзімен айтар болсақ, көп жылдар бойы айтылып та, жазылып та келген «Алашорда 1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады» деген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетеді.
Қорыта келгенде айтарымыз, ке­зінде сталиндік қуғын-сүргінге ұшы­раған қазақ зиялыларының 1916 жыл­ға байланысты көзқарасында екі бағыт айқын байқалады. Олардың алғаш­қысы – қазақ демократиялық ұлттық интеллигенциясының осы көтерілістің өзіне және оның сипатына, ерекшеліктеріне байланысты ұстанымдары болса, ал, екіншісі тарихқа баға берудің таптық, сталиндік концепциясын қабылдап, соған қызмет етуге мәжбүр болған қазақ большевиктерінің бағыт-бағдары. Айта кеткен жөн, қазақ интеллигенциясының осындай көзқарастарын тарихнамалық тұр­ғы­дан өзара, жан-жақты зертте­меудің салдарлары бүгінгі тарихымызда да көрініс беруде. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихшылары сондықтан да, 1916 жылға баға беруде әлі де ортақ пікірге келе алған жоқ. Мысалы академик М.Қозыбаев бұл қозғалысты «көтеріліс шеңберінен шығып, төңкеріс дәрежесіне көтерілген» тарихи оқи­ға ретінде бағаласа, ал, зерттеуші А.Би­сенбаев бұл көтерілісті «ұлт-азат­тық соғысы» ретінде қарастырды. Алаш қозғалысының тарихын арнайы зерт­теп жүрген ғалым М.Қойгелдиев 1916 жылғы көтерілісті қазақ ұлттық демократиялық интеллигенциясының көзқарасымен және қоғамдық-саяси қызметімен тығыз байланыста қарас­тыра отырып, бұл маңызды тарихи оқиғаны төңкеріс, яғни, революция ре­тінде бағалауға болмайтынын атап көрсете келіп, «16-жылғы көтеріліс ұлт-азаттық революция дәрежесіне көтерілуі үшін қоғамдағы негізгі саяси күштердің, ең алдымен оның мақсат мүддесін анықтап, бағыт-бағдар бере алатын ұлттық интеллигенцияның қолдауын алуы керек еді» деген пікірді алға тартады.
Белгілі тарихшы К.Нұрпейісов «Бү­кіл Қазақстанды қамтыған көтеріліс негі­зінен патшалықтың қатал әскери-отар­лық және кең көлемді орыстандыру саясатына бағышталған ұлт-азаттық қозғалысына ұласты. Сонымен қатар, бұл көтеріліс халық шаруашылығын дағдарысқа, ал, халықтың басым көп­шілігін қайыршылыққа ұшыратқан Бірінші дүниежүзілік империалистік соғысқа да қарсы бағытталды» деп тұжырымдаған болатын.
Бұл салиқалы қорытындының 1916 жылғы көтеріліс сипатын анықтаудағы жа­ңа көзқарас екендігі айдан-анық. Барлық ұлт-азаттық көтерілістері тәрізді 1916 жылғы көтерілістің тарихы да қоғамдық дамудағы әртүрлі саяси-әлеуметтік өзге­ріс­терге сәйкес бірнеше ондаған жылдарға, тіптен ғасырларға созылған тарихи ой-пікірдің эволюциялық өркендеу тезінен өте келе біртіндеп қалыптасып, ақиқатқа қол жеткізді. Мұны бүгінгі тәуелсіз Қазақстан тарихшылары да ескерулері керек.
Бейбіт Қой­шы­баев, жазушы: – 1930-шы жыл­­­дарғы алапат ашаршылық – Ұлт­тық апат – кездейсоқ тап бол­ған зобалаң емес. 1917-1919 жылдары Түр­кістан Рес­публикасына қарайтын Сырдария және Жетісу облыстарында көшпенді ха­лықтың миллионнан астамы, яғни, бір ширегі опат болды. Мұның басты себебі – өлкедегі Ке­ңес билігінің қолындағы қа­ру-жарақ күшімен құлаған режимнің қанау саясатын жалғастырғанында. Бұл ХХ ғасырда қазақ халқының басына түскен Ұлттық Апаттың бірінші кезеңі еді. Екінші кезең Қазақ Республикасында 1921-1923 жылдары орын алды. Оның да басты себебі жергілікті халықтың отарлық қанау салдарынан кенеуі кете бастаған дәстүрлі шаруашылығын әуелі азамат соғысы, одан соң орталықтың азық-түлік жинау жасақтары одан әрмен күйзелтуінде еді. Қазақ халқы сол шақтағы жалпы санының тағы да бір ширегін жоғалтты. Мұстафа Шоқай атап айтқандай, қазақ жарлы-жақыбайының трагизмін және Кеңес үкіметінің цинизмін түсіну үшін, патша режимі кезінде қазақ халқынан 40 миллион десятина шамасындағы ең жақсы шұрайлы жер орыс переселендері пайдасына тартып алынғанын, ал, патшалық орнына келген Совет билігінің «құлаған режимнің жер жөніндегі әділетсіздігі түзетілетін болады, қазақтарға тартып алынған жер-су қайтарылады, қазақ жерлеріне переселендер жіберілмейді» деп ұлт-азаттық революция атынан, «әлемдік революцияшыл пролетариат» атынан уәде бергенін, бірақ, оны орындамағанын білу керек.
Қазақ қайраткерлері ұлттық межелеу нәтижесінде екі өлкедегі жер-суы мен хал­қы бірігісімен, ашаршылықтың Үлкен Қазақстанда қайталануына жол бермейтін амалдарды қарастырған. Ресей Компартиясы Қазақ обкомының 1925 жылғы сәуір пленумында мал бағудың көшпелі түрі – егін егуге қолайсыз даланы шаруашылық кәдесіне асырудың бірден-бір ықтимал тәсілі ретінде мойындалды. Сондықтан да, жайылымдарды суландыру, жем-шөп әзірлеу, қой тұқымын асылдандырып, құрамының сапасын жақсарту үшін көшпенді халыққа кең көлемде несие беруді аса маңызды шара деп тапты. Бұл мәселелер бойынша республика Кеңес­терінің Ақмешіттегі 1925 жылғы сәуірде өткен тұңғыш съезінде жан-жақты қарар­лар қабылданды.
Алайда олардың орындалуына Мәскеу кедергі келтіре берді. 1925 жылғы қыр­күйекте Қазақстанды басқаруға келген БК(б)П Орталық Комитетінің эмиссары Филипп Голощекин тоталитарлық ойлау жүйесінің қазақстандық «ұлы құрылысшысы», яғни, сол кезгі қай­раткерлердің өздері атап айтқандай, диктаторға айналып, ұлттық мүддені көздейтін шешімдерді қилы больше­виктік айла-амал қолдану арқылы жоққа шығарумен шұғылданды. 1927 жылғы БК(б)П XV съезі шешімі бойынша елдің ауыл шаруашылығы 1932 жылдың көк­теміне дейін жеке қожалықтардан ұжым­дық шаруашылықтарға айналып үлгеруге тиіс еді. Партия алға қойған осы міндетті орындау үшін, 1928 жылғы 27 тамызда Қазатком жартылай феодалдарды тәркілеу туралы арнайы декрет шығарды. 1928 жылғы 13 қыркүйекте тәркілеуге қарсылық көрсеткендерді қылмыстық жауаптылыққа тарту және байларды жер аудару туралы қаулы алды. Тәркілеу соңынан «Алаш ісі» атанған саяси репрессиялар басталып, «Кеңес өкіметінің қас дұшпандары» деп танылған алаштықтарды түрмеге жапты. 1930 жылғы 19 ақпанда ауыл шаруашылығын социалистік тұрғыда қайта құру ісін нығайтуды және бай­ларға қарсы ымырасыз күресуді көз­дейтін қаулы қабылданды. Халыққа қисынсыз ауыр салықтар салынды. Тәр­кілеу мен ұжымдастырудағы сола­қайлық салдарынан республиканың әр жерінде үш жүзден астам халық кө­терілісі туды, олар әскери күшпен басып-жаншылды. Соның бәрі ел-жұртты жаңа алапат апат иіріміне құлатты. Ұлттық Апаттың үшінші, ең қасіретті кезеңіне айналған сол 1931-1933 жылдары көшпелі халықтың жартысына жуығы аштан қырылды. Шамасы жеткендер басқа өлкелерге босып, шетелдерге өтіп кетті.
30-шы жылдардың басында алғашқы босқындардың пайда болуы мен үдеп келе жатқан аштық күйзелісі жайында жекелеген азаматтар Мәскеуге, Алматыға жеделхаттар жөнелтті. Ф.Голощекиннің атына 1932 жылғы 4 шілдеде өлкекомның жауапты қызметкері Ғабит Мүсірепов, Қазмембаспа меңгерушісі Мансұр Ғатаулин, Комвуз басшылары Мұташ Дәулетғалиев пен Емберген Алтынбеков, Госпланның сектор меңгерушісі Қадыр Қуанышев қол қойған «бесеудің хаты» түсті. Хатта ауыл шаруашылығындағы құлдырау деректері келтірілді (1930 жылғы 40 миллион бас малдан 1932 жылы 5 миллион ғана қалған еді). Қазақтар арасында осынша мүшкіл халге «солшылдық» асыра сілтеулер мен Қазөлкекомның қате саясаты жеткізгені айтылды.
Ақтөбе вокзалында жиналған қалың жұрттың көзінше, 72 жасар зейнеткер Бақытжан Қаратаев Ф.Голощекинге ашар­­шылық үшін айыптаған ауыр сөздер ай­тып, қазақтарды шыбынша қырған аштық қасіретіне республиканың бірінші бас­шысы ретінде жауапты екенін бетіне басты. Алайда, артында қалған жазбаларында алапат ашаршылыққа жалғыз Голощекин емес, оның айналасындағы қазақ қайраткерлері де айыпты деп түйді. Солардың бірі санатындағы Қазақ өлке­парткомының Бюро мүшесі, республика Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Ораз Исаев 1932 жылғы тамызда Сталинге үлкен хат тапсырған-ды. Онда ол өлкедегі ахуалды ашық баян етті. Бұл үшін өзге бюро мүшелерімен қатар өзінің де жауапты екенін мойындай отырып, «бірінші хатшының көпке мәлім ерекше рөлін» ескере келе, «басшылықта өзіне-өзі сын көзбен қарауға қабілеті жетпейтін» Ф.Голощекин отырғанда республикадағы ауыр жағдайды сауықтыру еш мүмкін емес деп санайтынын жазды. Ол Голощекинді Қазақ партия ұйымының жетекшілігінен кері шақырып алуды Бас хатшы Иосиф Сталиннен жалғыз өзі тікелей ашық талап етті. Сонымен бірге, қазақ ауылы мен мал шаруа­шылығына байланыс­ты шұғыл мәсе­лелер жөнінде Орталық Комитеттің арнайы шешім шығаруын сұрады. Өтінішінің бұл бөлігі қанағаттандырылды. Оның хатында көрсетілген жайттар Қазақстанның мал шаруашылығын дамыту жайында 1932 жылғы 17 қыркүйекте қабылдаған қаулыға негіз етіп алынды.
Қаулыға байланысты өзінің бірқатар ұсынысын РКСФР Халкомкеңесі төр­ағасының орынбасары Т. Рысқұлов 1932 жылғы 29 қыркүйекте Сталинге жолдаған баянхатында айтты. 1933 жылғы 24 ақ­пан­да Бас хатшы И. Сталин мен Қазақ өлкекомының жаңа бірінші хатшысы Л.Мирзоянның атына Мәскеуде оқитын «алтаудың хаты» (қол қойғандар: қызыл профессура институтының тыңдаушылары Ғатаулла Исқақов, Ильяс Қабылов, Жүсіп­бек Арыстанов, Бірмұхамед Айбасов, Қазөлкеком мүшесі Ғаббас Тоғжанов, студент Оразалы Жандосов) жіберілді. Онда 300 мыңнан астам қазақ отбасыларының Сібір және Орта Азия теміржол станцияларына, қалаларына, орталықтағы қалаларға, көрші республикалардың облыстарына босып кеткені, көбінің қайыршылық хал кешіп жатқаны айтылды. Шұғыл көмек көрсетілмесе, көктемге қарай олардың арасындағы өлім-жітім тым көбейіп кететіні хабарланды. 1933 жылғы 9 наурызда Т.Рысқұлов Сталинге Қазақстандағы ашаршылық зардаптарын жою жөніндегі баянхатын жолдады.
Қазақстанның жаңа басшылығы рес­публикадағы 162 ауданның ішіндегі ашар­шылық зардаптарын жоюға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізді. Босқындарды елге алып келу үшін автономиялық үкімет атынан жан-жаққа арнайы өкілдер аттанды.
Монархия құлар қарсаңдағы 6 миллиондай қазақ саяси сілкіністерге толы 16 жылда үш есеге жуық кеміді. Ұлттық Апат­тың аталған үш кезеңінде тікелей төрт жарым миллиондай, ықтимал табиғи өсімін есепке алғанда, он миллиондай адамнан айрылды. Біз ашаршылық құрбандарына мәңгі борыштымыз. Осыны түсініп, сол миллиондаған аруақтарға тағзым ету, Ұлттық Апаттың себеп-салдарын, ащы шындығын жан-жақты ашу, тәуелсіздік жарияланған бетте Жоғарғы Кеңес құрған арнайы комиссияның ұжымдастыру жылдары көшпенділерге геноцид жасалғаны жайындағы тұжырымын көтеру, оған тиісті тарихи, заңдық, саяси бағасын беру және осы ащы шындық айтылған қазақтың қасіретті тарихы арқылы күллі қазақстандықты тәрбиелеу – парыз, ол елдің бірлігін, тұтастығын нығайта түсетін болады.
Болат Төлеп­бер­генов, жел­тоқ­саншы: – Қа­­зақ атамыз «Өлі риза болмай, тірі байы­мас» дегендей, хал­қы­мыздың бо­ла­ша­ғы үшін күрескен, сол үшін қуғындалған асыл азаматтар еліміздің тәуелсіздігі мен ата-баба руханияты үшін күрескені анық. Алаш заманында Міржақып Дулатұлы: «Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал һараб боп, Қазағым, енді жату жарамас-ты!» – деп дабыл қақса, Кеңес империясы дәуірінде, жел­тоқсаншы Қайрат Рысқұлбеков кеңес жа­за­лаушыларының алдындағы «Соңғы сөзінде»: «…Туған жердің намысы, Бө­тен қолда кетпесін. Баба салған сара жол, Қолдаушысыз болмасын. Барлық ұлтпен тең болып, Ешкімнен көңілің қалмасын» деп ұлт-азаттық мұраттарына желтоқсандықтардың жанын беретінін мәлім етті.
Патша империясы 1867-1868 жылдар­дағы реформа бойынша патша үкіметі қазақ даласында жергілікті басқаруды қалыптастырудың сайлау жүйесін енгізді. Бұл жайында Жүсіпбек Аймауытов: «Орыстар қазақтың жерін тартып алып, тілін бұзуға, дінін бұзуға аулный школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрпын, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа закон, мировой судия, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау, штат деген шырға тастап, өзді-өзін жұлқыстырды» деп жазды.
Қазақтардың саяси биліктен айрылуы қазақ тұрмысының барлық саласында әлеуметтік теңсіздіктердің орын алуына әкеп соқты. Осыған байланысты Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы өз естелігінде: «Мен 9 жасқа дейін бірде-бір орысты көрмедім. Онға толғанда ауылға алғаш рет орыс уряднигі келді. Ол ауылда тіркелмеген татардың өмір сүріп жатқаны үшін еркектердің бәрін сабады. Шалдарды да аямады. Мен үшін бұл қорқынышты оқиға болды. Бір аптадан кейін ауылға ветеринар келді. Ол ауылдың бар малын «ауру» деп тапты және «көлемді пара бермесеңдер, сиырларыңның бәрін атып тастаймын» деп қоқан-лоққы жасады. Бұған мал иелері келіспеді. Сонда, ойы жаман фельдшер сауын сиырларды 2-3 шақырым жерден ауылға қарай қиқулап қууды бұйырды. Бұған қай мал шыдасын, сиырлардың екі бүйірінен әрең демалып тұрғанын «ауруға» балап, қағазға қаймана мал иелерінің қолын қойғыздыруға тырысып бақты. Іс насырға шабарын сезген қазақтар ветеринардың сұраған ақшасын беріп құтылды. Осы әділетсіздік менің сезімімді, жүрегімді алай-түлей қылды. Бұдан кейін, біз бала болып бұзықтық жасағанда анамыз да әне урядник келе жатыр, фельдшер келе жатыр» деп қорқытатын» – дейді.
Кеңес империясы дәуірінде де Қа­зақ елі тең дәрежедегі 15 одақтас рес­­­публикаларының бірі болды делін­генімен, дербес саяси билік жүргізе алған жоқ. Қазақ жерін басқару патша дәуіріндегідей дәл әскери болмаса да, соған жақын, тонын айналдырған түрге ие еді. Нақтырақ айтқанда, Мәскеу Қазақстанның республика, облыс басшыларын патша заманындағыдай барынша орыстандыруға тырысты. Егер, қазақтар басым шоғырланған жерлерде бірінші басшы қазақтан болса, оның басқан ізін аңдып отыру үшін екінші басшы мен арнайы қызмет органдары басшылары басқа ұлттан тағайындалды. Әсіресе, Республика басшысын тағайындауда бұл қағидаттар мүлтіксіз орындалды. Мәселен, Алашорда үкіметі құлағанан кейін 1919-1920 жж. С.Пестковский, 1920-1925 жж. Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің төрағасы Сейтқали Меңдешев болғанымен, Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В. Радус-Зенкович болды. 1925 жылдан Ф.Голощекин, Л.Мирзоян 1933 жылдан, одан соң Н.Скворцов пен Г.Борков келіп басқарды. Бұл Кеңес одағы тарағанға дейін жазылмаған бұлжымайтын заң болып, біржола орнықты.1986 жылы Г.Колбин бірінші секретарь болып Д.Қонаевтың орнына келгенде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы О.Мирошхин болса, Қазақ КСР Қауіпсіздік комитетінің төрағасы В.Мирошник еді.
Сол кездегі кеңестік сайлау жүйесі демократиялық өркениеттілікті талап етуші батыс елдерін алдарқатудың көрінісі ғана еді. Онда саяси сауатсыз жұмысшы, шаруа, малшы-сауыншы өкілдерінен баламасыз, шартты түрде сайланған парламент (кеңестер) ештеңе шешпейтін. Кеңес империясында ұлттық тәрбие мен ана тілімізге қауіп төнді. 1960 жылдары жүздеген ауыл, селоларда қазақ мектептері жабылды.
Алаштықтарды 1905 жылғы революциядан 1917 жылғы Алашорда үкі­метіне алып келгендегідей, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі 1991 жылғы Қа­зақстан Тәуелсіздігіне жол ашты. Алаш­тықтарды республика құруға итермелеген тарихи жайлардың болғаны сияқты, Желтоқсанға идеялық жол көрсеткен оқиғалар болды. Желтоқсандықтардың тек саяси мақсат ұстанғанын ұрандарынан анық байқауға болады. «Біріккен Ұлттар Ұйымына жеке мүше болу құқығын талап етеміз!», «Қазақстанға дербестік берілсін!», «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» деген ұрандардың өзі-ақ елді саяси ұғымдарға жетелейтін еді. Сондай-ақ, Желтоқсандықтар осыған дейінгі кадр саясатындағы әпербақан әсіре зорлыққа қарсы ұрандар көтерді. Желтоқсанға терең үңілген сайын жастардың көтерген идеясы тікелей саяси тәуелсіздік болғанын ұғына түсесің.
Алаштықтар мен Желтоқсандықтардың мақсат-мүдделері де ортақ еді. Олар өз Отанында, жерінде тұрып жатқан қазақ халқының саяси, мәдени, тіл, жер, тұрмыс мәселелерінде, оқуда, еңбек етуде теңдікке жетуін қалады.
Желтоқсан қозғалысын тарих сахнасына алып шыққан сол отарлық тәуел­ділік пен тоталитаризм еді. Бірі ХХ ғасыр­дың басындағы, екіншісі аяғындағы оқиғалар болғанымен, тарихи негіздері мен саяси-әлеуметтік сипаттарына қарап-ақ екі қозғалыстың арасында шынайы сабақтастық бар екенін байқауға болады. Сондай-ақ, сындарлы сәтте пайда болатын қорғаныштық қасиет Алаштықтар мен Желтоқсандықтардың бірліктері мен ұйымшылдықтарын шыңдады. Алаш қайраткерлерін ақтаудың 1950 жылдардың аяғында басталған үрдісі енді ешкім бұра тартып, қарсы тұра алмайтындай батыл қарқынға ие болды. Бұның өзінен де Алаш пен Желтоқсан арасындағы сабақтастық қана емес, көзден таса тылсым рухани бірліктің барлығын байқаймыз.
Айдос Сарым, саясаттану­шы: – Мен өз ұсы­ныс­тарымды нақты тезистер түрін­де айт­қым келеді. 1.Ашаршылық, Ұлт­­тық Апат, Зұл­мат та­қы­рыбы мәңгі та­қырып. Жаны, жүрегі, рухы қазақ жан­дар бұл та­қырыпты ешқашан ұмытпақ емес.
2. Тарихшы, архивші ғалымдар алдағы уақытта Зұлматта көз жұмған қазақ саны туралы ортақ мәмлеге келуі шарт. Бұл ұжымдық келісім – ұлттық келісім мен бірігудің шарты. Бұл келісім ортақ мұратшылдық пен саяси әрекеттердің басы болмақ.
3. Қазақ қоғамы Зұлматты қазаққа жасалған қасақана геноцид деп тануы міндет. Бұл мәселе тарихшылар мен зиялы қауым тақырыбы аясынан шығып, ұлттың саяси күн тәртібіне еніп, кешегі империямен ат құйрығын кесісудің алғышарты болуы тиіс.
Біз бұл тақырыпты әлемге мойын­датуға тиіспіз. Түбі әлем қазақпен бір­ге иық тіресіп, Зұлматты – геноцид, ком­мунизм-сталинизмді – қылмыстық идеология деп танитын болады.
4. Бұл тақырып бізге біреуден кек алу үшін керек емес. Бұл біздің ұлт, қоғам ретіндегі ұйысып, бірігуіміздің нышаны. Бұл біздің ұрпақтық, адами, адамгершілік борышымыз. Екінші дү­ниежүзілік соғыста, 1920-30 жылдар­дағы Зұлматта көз жұмған әрбір қазақты айтпай, түгендемей, жерлемей біз ел бола алмаймыз. Өлі риза болмай, тірі байымайды.
Жиын соңында «Алаш арыстары және ашаршылық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция қатысушылары арнайы қарар қабылдап, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында елімізде болған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін ресми түрде қазақ халқына жасалған «геноцид» деп бағалануы керектігін алға тартты. Сондай-ақ, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуды жеке-жеке күндерде атап өтуді қолға алу керек. Атап айтқанда:
– Ашаршылық құрбандарын еске алу күнін «Жалпыұлттық аза тұту күні» деп атау;
– Саяси қуғын-сүргін құрбанда­рының рухына тағзым ету күнін арыстарымызды «Еске алу күні» деп белгілеу;
– Ашаршылыққа байланысты барлық мәліметтерді, құрбан болған­дардың есім­дерін жинақтайтын және ғылыми түрде баға беретін арнайы ғылыми-зерттеу орталығын құру;
– Үкіметтің бекітуімен ашаршы­лықты ресми түрде ұлтқа жасалған «геноцид» деп баға берілген саяси-құқықтық шешім қабылдау;
– Республика бойынша «Жалпы­ұлттық аза тұту күні» бір минуттық үнсіздік жариялау;
– Сол күні барлық жерлерде ойын-сауық­тық шараларды тоқтату;
– Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы деректі және көркем фильмдер түсіріп, театр сахналарында қойылымдар қою;
– Бүкіл халықтан ашаршылық туралы естеліктер жинақтап, естеліктердің көптомдығын шығару;
– Азалы күні іс-шаралар кезінде қойы­латын қайғылы күй шығаруға байқау жариялау, жоқтау шығару және т.б. шаралар.

Дайындаған
Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ

Алдыңғы «
Келесі »