Қарсақбай – түсті металлургияның қара шаңырағы

  • 28.08.2018
  • 390 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Амандық РАХҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі

Халқымызға ықылым заманнан бері белгілі жездің тарихы тым әріге кеткенімен, Жезқазған жерінде өндірістік негізде мыс өндіру 1928 жылы басталған. Қазақстандағы түсті металлургияның қарашаңырағы – Қарсақбай мыс зауытында алғашқы мыс алынғанына биыл 90 жыл. Тоқсан жыл – ғасырға жуық кезең. Содан бергі уақытта өндіріс көлемінің өсуі мен технологиялық жаңару жағдайының мүлдем жаңа белеске көтерілгенін көруге болады.
Жезқазған кеніштерінде өндірілген кен ширек ғасыр бойы Қарсақбайда өңделіп, мысқа айналған айтулы кезең ел есінде. Оның да тарам-тарам тарихына үңілер болсақ, өткен ғасырларға қарай жетелей береді. Өңірдегі алғашқы өндірістік мыс кәсіпшілігін 1847 жылы орыс көпесі Н.Ушаков ашқан. Кейін орыс көпестері бай кен орындарын иеліктеріне алғанымен, ХХ ғасырдың басына дейін өңірде мыс өндіру дами қоймады. Ағылшын геологы Х.Болл Жезқазған қойнауындағы қазба байлықтарына зерттеу жүргізіп, мыс қорының мол екеніне көз жеткізсе керек. Ағылшын миссионерлері де осы өңірдің кен байлығына қызыға қарағаны белгілі. Лондонда 1904 жылы ағылшын-француз іскерлерінің ынта білдіруімен құрылған «Атбасар мыс кентасы» акционерлік қоғамының қолына көшкеннен кейін ғана Жезқазғанның қазба байлықтарын игерудің алғашқы қадамы басталды.
Қарсақбайдың іргесі 1911 жылы қаланған еді. «Спасск мыс кені» АҚ-ның 1912 жылғы желтоқсан айындағы жалпы жиналысы Жезқазған кені негізінде мыс қорыту зауытының және байыту фабрикасының құрылысын бастау жөнінде қаулы қабылдайды. Ағылшындар 1907 жылдан бастап алғашқы шахталарды қазып, одан соң 1913 жылы Қарсақбай зауытын салуға кіріседі. Олардың балқытуға дайындаған мыс кенінің көлемі сол уақытта 37500 тонна болған екен. Алайда, олар кен көзінің тереңіне бойламай, жер бетіне жақын мысы мол жерлерді ғана игерген. Жезқазғанның мол байлығын тереңдеп зерттеп, болашағын болжау әйгілі академик Қаныш Сәтбаев пен оның шәкірттерінің үлесіне тиді.
Қазан төңкерісінен кейін істен шығып қалған бұл өндіріс орнын қалпына келтіруді Кеңес өкіметі 1926 жылға қарай кеңінен қолға алды. Сол кезде Томск технология институтын бітіріп келіп, «Атбасартүстіметалл» тресінде инженер-геолог, бас геолог және Қарсақбай комбинаты жанынан құрылған геологиялық барлау бөлімінің бастығы болған кездің өзінде-ақ Қаныш ағамыз Жез­қазғанның таңғажайып бола­шағын дәл болжап, батыл да байсалды ғылыми шешімдер жасайды. «Қарсақбай – Үлкен Жезқазғанға апа­ратын сара жолдың алғашқы бас­палдағы ғана, ал Жезқазған-Ұлытау өңірі кешікпей-ақ, Сарыарқа төсіндегі белді индустриялы өлкеге айналады» деген еді көреген ғалым. Айтса айтқандай, Жезқазған кенін игерудің және қанат жаюының бұдан былайғы өсу баспалдақтары тікелей Сәтбаев есімімен тығыз байланысты. Ол кезеңде бұл өңірдің болашағына сеніммен қарайтындар аз, күдікпен қарайтындар көп еді. Алайда, данышпан ғалым көптеген құнды зерттеулер жүргізіп, өз тұжырымдарын Одақ ғалымдары алдында дәлелдей білді.
Қаныш Сәтбаев 1934 жылы Ауыр өнеркәсіп халық комиссары С.Орд­жоникидзенің қабылдауында болған соң тоң жібігендей болып, Үлкен Жезқазғанға деген көзқарас өзгере бастайды. Бірақ, әртүрлі ведомстволық кедергілер салдарынан іс барысы созбақталып, Жезқазған комбинатын салу туралы қаулы 1936 жылғы 25 наурызда қабылданады. Байыту фабрикасы, жылу-электр орталығы салынатын болды. Үкіметтің қаулысына сәйкес Нілді-Жезқазған теміржолының құрылысы 1936 жылы басталды. КСРО Түсті металлургия министрлігінің бұйрығымен 1943 жылы Жезқазған мыс комбинаты құрылғанда оның құрамында Қарсақбай мыс зауыты мен Байқоңыр көмір ошағы және 17 шахта мен 3 карьер болды. Үлкен Жезқазған кенті 1954 жылы қалаға айналып, 1966 жылы жаңа мыс зауытының құрылысы осында басталды.
Қарсақбай мен Жезқазған – бұл екеуі егіз ұғым. От ойнатып, мыс балқытқан металлургтер әулетінің барлығы қарашаңырақ Қарсақбайдан шыққандар мен солардың ізбасарлары. Жезқазған мыс қорыту зауытының бірінші кезегі 1971 жылы іске қосылып, 23 ақпанда тұңғыш мыс балқымасы алынды. Ал, осыдан тура екі жылдан кейін 1973 жылы 21 ақпанда электр пеші іске қосылып, бірінші штейн конверторға құйылды. Зауыт тарихында алғашқы катод мысы В.Азановтың ауысымында алынса, қара мысты Ж.Ыбыраевтың ауысымында аға конверторшы С.Елемесов балқытқаны мәңгі жазылып қалды. Негізінде, Жезқазған мыс қорыту зауыты бүгінде Қазақстан түсті металлургиясы алыптарының бірі саналады. Құрамында штейнге бай кремнийлі мыс концентратын электр қуатымен балқытуға негізделген зауыттың технологиясын кезінде «Гипротүстімет» жобалап, оның құрылысына Кеңес Одағының түсті металға қатысты көптеген ғылыми ұйымдар мен кәсіпорындар атсалысқан болатын.
Сол кезде «Қарсақбайдан келгендер осы күрделі мыс балқыту үдерісін алып кете алар ма екен» деген күдік те болмай қалмады. Қарсақбай зауытында Мұзафар Жүсіпов, Қозыкен Жанпейісов, Еркөз Елеукенов сынды атақты металлургтер болған. Солардың мектебінен тәлім алған балқытушылар жаңа технологияны да жатсынбады. Оразалы Мейрамов, Қойшыбек Доспанов, Смағзұм Салқауов және басқа да мыс өндірісінің өрендері қалыптасты. Сонымен қоса, жергілікті кадрлардың көпшілігі күрделі технологияны игеру үшін Норильск, Алмалық, «Печенганикель» кен-металлургия комбинаты, Пышма мыс-электролит зауыты сияқты КСРО түсті металлургиясының салалас кәсіпорындарына барып оқып үйреніп, іс-тәжірибе жинақтап келген еді. Қарсақбайдан бастау алған металлургтер мектебінің жақсы дәстүрлері бүгінге дейін жарасымды жалғасын тауып келеді.
Қарсақбай десе, Қадыр Мәткенов еске түседі. Сонау Көкше жерінен өрімдей жас кезінде келіп, түсті металлургияның қарашаңырағында жарты ғасырға жуық еңбек етсе, соның 33 жылында басшылық қызметте болды. Нарық заманы келген қым-қуыт кезде металлургия зауытын тоқтатып, көне өндірісті біржола жауып тастау мәселесі көлденеңдегенде, сақтап қалған осы Қадыр Мәткенов болатын. «Ат тұяғын тай басар» демекші, Қадекеңнің баласы Мұрат Мәткенов әкесінің жолын қуды. Қарашаңырақтан бастау алған осындай өнеге тұтар үрдіс көп мұнда. КСРО-ның Құрметті металлургі, «Қазақмыс» корпорациясының» Құрметті еңбек ардагері Тағанбай Салқауов өмірінің 45 жылын металлургия цехында өткізген адам. Соның 20 жылында ол Қарсақбай зауытында еңбек етіп, мыс өндірісіндегі үлкен технологиялық тізбектің бастауында тұратын шихта дайындаудың шеберіне айналған. Қарсақбай зауытының негізгі жұмысын тоқтатуына байланысты 1975 жылы Жезқазған зауытына келіп, шихта күйдіруші, балқытушы болып еңбек абыройына бөленді.
Міне, осындай ардагер металлургтер үшін қарашаңырақтың орны бөлек екені даусыз. Еңбек жолын Қарсақбайда жұмысшы, ауысым шебері болып бастап, 1963 жылы сол зауыттың директоры болған Төлеген Әбдірахманов: «Қарсақбай зауытының түтіні көкке бойлап, атағы жер жарған шағында жылына 5 мың тонна көлемінде ғана мыс өндіретін» деп еске алады. Жезқазған зауытының жылына орта есеппен 250 мың тонна сапалы мыс өндіру мүмкіндігі бар екенін алға тартқан кәнігі маманның айтуынша, корпорация уақыт талабына сай технологиялық жабдықтарды жаңарту үшін жыл сайын қыруар қаржы бөліп келеді. Мәселен, «Kazakhmys Holding» ЖШС-і жаңа күкірт қышқылы цехын салумен қатар, бұрын тоқтап тұрған екінші кен-термикалық пешін іске қосуды көздеп отыр. Мыс қорыту зауытын толық қуатына көшіру өнім өндіру көлемінің ұлғаюына және қосымша адамдарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге жол ашпақ. Бұл қадамды Елбасы Н.Назарбаев алға қойған Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуға лайықты үлестің бірі деп бағалауға әбден болады.
Тәуелсіз елімізбен бірге түлеп, өркен жайған «Қазақмыс» бүгінде Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші болып табылса, әлемнің осы саладағы көшбасшы он компаниясының бірі. Алып компаниядан енші алып, жеке құрылымға айналған «КАZ Minerals» екі жыл бұрын іске қосылған Бозшакөл, Ақтоғай сынды кен өндірісіндегі жаңа жобаларды қарамағына алды. Ал, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС негізінен Қарағанды облысындағы мыс өндірісі құрылымдарына басшылық жасауда. Қазірде оның қарамағында 10 кеніш, 5 кен-байыту фабрикасы, 2 мыс қорыту зауыты және 2 көмір разрезі бар. Кейінгі жылдардың көрсеткіші бойынша, корпорация өздері өндірген кеннен жылына орта есеппен 220,8 мың тонна шақпақ мыс, 3323 кило құйма алтын алуда. «Қазақмыс» сонымен қатар, әлемдегі ірі күміс өндіруші болып табылады. Кен қорын алдағы 30-40 жылға жеткізу үшін барлау жұмыстарының аясын кеңейтіп, жаңа кен көздерін ашу, байыту фабрикасын салу сияқты игілікті жобалар да бар. Қарт Қарсақбайдан басталған жарқын жол жаңғырып, жаңарып осылайша жалғаса бермек.

Алдыңғы «
Келесі »