АДАМЗАТ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӨРІСІНДЕГІ ИДЕЯ ФЕНОМЕНІ

  • 28.08.2018
  • 112 рет оқылды
  • 0

Үмбетқан Сәрсембин,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Тарихи дәуірдегі қоғамның интеллек­туалдық кеңістігін, қоғамның бет-бейнесін бейнелейтін тұлғалар дәстүрі қоғамның интеллектуалдық өрісі (мәдениеті) қалып­тасқан уақытта, ұлттық идеяның қоғамдық сана деңгейінде әлеумет қажеттігінің жүзеге асуына тікелей ықпал ететіндігін көрсетеді. Қоғам алдына қойылып, ойшылдардың даналығы арқылы салмақталып отырған ұлттық мүддеге қызмет ету түсінігі, зия­лылардың адамзат мүддесіне қызмет ететін құндылықтарды жарыққа шығарып отыруымен бірге, ұрпаққа сол дәуірдің талаптарына сай рухани тұлғалануына жетекші болатын тағылымды да үйретеді.
Ежелгі қоғамның өзінде ғылым дами қоймаса да ғылымға бастама болған жаңа құндылықтарды пайымдау, биікке талпыныс, күнделікті өмірге қажетті нәрселерді күнделікті өмір тәжірибесі арқылы бағындырып отырудың өзі адам баласының адами болмысқа тән қасиеттерді иелене алғандығының куәсі. Тарихи кеңістіктегі идея феноменін зерделеуде бұл уақыттың да өзіндік философиясы мен ғылыми зерттеуге қажеті мол терең білімі бар.
Адамзаттық болмыстың терең құпиясы оның (адам баласының) санасымен байланысты. Адам санасының табиғаты ғылыми тұрғыда қаншалықты деңгейде зерделенгенімен сана феномені, оның жалпы көрінісі тарихи кеңістіктегі адам қызметінің өнімі арқылы ғана белгілі. Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге жетіп отырған көне дәуір қоғамының адамдары қалдырған түрлі бейнелер, күнделікті өмірге қажет құралдардың белгілері сол дәуірдегі адамдардың болашақ туралы ойланғандығын да айғақтайды.
Рухани құндылықтарды игеру мақса­тында ғасырлар бойы зиялы адамдардың, яғни, қабілет иелерінің даналыққа, ғылымға қызмет етуі, тарихтағы аға ұрпақ буын өкілдерінің рухани қызметі белгілі бір мұрат бағытындағы халықты тұлғаландыру ісінің басы. Зиялылық қашанда тұлғалар қызметіне тиесілі нәрсе. Бірақ, ұлттық идея кез келген адамның кісілік рухының қалыптасуына да ықпал етіп отырады. Мәселен, кітап бетіне түскен білім, яғни, ғұлама ғалымның ашқан жаңалығы көп жағдайда қарапайым оқушы түсінігіне тек қана формула күйінде жетеді. Ал, алған білімін жүйелей алған оқушыға (ілім іздеген адамға) ғалымның кітап бетінде қалдырған формуласы, ашқан ғылыми заңы және сол жаңалыққа берген анықтамасы сол ғылым өкілінің білімділігімен қатар игілік жолындағы тағдыры, шығармашылық қызметінің бейнесі туралы ой берері анық. Адамның терең білімге салмақты ой, терең түсінік арқылы ғана қол жеткізетіндігі бүгінгі ұрпақ үшін белгілі нәрсе. Қоғам дамуының тарихында мәдениеттің, ғылымның, өнердің дамуына, білімнің өсуіне негіз болып отыр­ған ұлттық идеяның философиясы зия­лы адамдардың халық игілігі жолындағы қызметі, тарихы арқылы қалыптасып отырған.
Ұлт игілігі үшін өмір сүретін зия­лы­лардың рухы, ұлт ісіне келгенде қоғамның қай саласында болмасын өзіне тиесілі істерді атқаруда, ақиқат жолында ізденуге белсенділік, тіпті, ұлт тағдырының шындығына келгенде халық игілігіне қызмет етуге еркіндік та­нытады. Олардың білімі бойға дарыған қасиет негізінде дамиды. Қоғамның қалыптасуының, мәдениеттің даму тарихында зиялылардың дүниеге келіп халыққа білім мен ғылымды насихаттап отыруы және өздерінің де осы бір рухани дүниенің дамуына үлесін қосуы, рухани жолда халық мүддесіне адал қызмет етуі кейінгі ұрпақ үшін аға ұрпақ буын өкілдерінің тарих алдында барлық рухани-әлеуметтік дамудың негіздеріне айналған құндылықтарды жарыққа шығарып, тарихтағы орны мен қызметін белгілеп, орнықтырып, сақтап кетуінде.
Халық игілігі жолында ізденген кез келген рухани адам шығармашылықтың сегіз қырын қатар меңгеруге мүдделі болған. Қанша қоғам дамуының заңдылықтары күрделеніп, мәдениет тегершігі алға басқан сайын, біздің өмір сүріп отырған заманымыздан көп ілгері өмір сүрген тұлғалар идеясының құндылығы сол қалпында, мазмұны тереңдігімен қалады. Адамның ішкі дүниесінен шығып отыратын қасиеттердің өзгермейтін табиғаты жөнінде билеріміздің тарихта айтып кеткен мынадай тұжырымы бар: «Жақсының серігі – әманда ақыл, қанағат, әдеп, төзім, сабыр, үміт, татулық, бірлік». Даналықтың қызметіне рухына назар аударар болсақ, идея адамның тәжірибесіне арқау болып, білімділікке жетекші адам танымы феномендерінің жоғарғы мәндегі биік шоғыры. Тарихтан белгілі болып отырғандай, ұлттық идея дүниеге келу үшін алдыменен сол идеяны жарататын адамның өзі арнайы өмірдің талаптарына сай тәжірибені иеленуі қажет. Рухани өмірдің әрбір бұрышында орын тепкен, адамның зерделі іс-әрекетіне қайшы келетін түрлі құбылыстардан сүрінбей өтуі, оның белгілі бір мәндегі тәжірибеге қол жеткізіп, ұрпақты жаңа уақыттың талаптарына икем­дей түсетін идеяның қалыптасуына ықпал етеді. Идея ұғымына адам тағдыры, ұлт мүддесі, ұрпақ игілігі тұрғысынан қа­рау, алдыменен адам болмысының рухани қалыптасуындағы жоғарғы мәнге ие қасиеттердің рухын салмақтай түспек.
Адамзат мәдениетінің тарихи болмысы көрсетіп отырғандай, қоғам дамуының қозғаушы күші тарихи оқиғалар, тарихта орын алған, уақыт өрісінде орын алатын түрлі саяси-әлеуметтік дағдарыстардың негізінде бір елдің, мемлекетінің идеологиясын кеңейтуге бағытталған саяси идеология да кезігеді. Осы себептен, тарихи кезеңдерде ел алдына шыққан тұлғалардың зиялылығын сомдаған жырлар дүниеге келіп, ұрпақтың санасы арқылы тарихта қалып отырған.
Алаш тұлғасы Ахмет Байтұрсынов, «Әдебиет танытқыш» еңбегінде тарихи жыр арқылы халық рухының қалып­тасатындығын атап көрсеткен: «Рухты ертек жырлар, батыр әңгімелері халықтың рухы көтерілген шақтағы сөз. Батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол жыр шыққан замандағы халық рухы қандай болғандығын білеміз. Ертегілер бұрынғының қалпынан, салтынан дерек бергендей, ертек жырлар бұрынғының рухынан дерек береді». Ата тарихымыздың сағымына айналған аңыз ертегі жырлардың бойынан тарихи ұғымдар ғана емес, өмірдің мәнін ұғыну және ұрпақты тұлғалыққа бастайтын даналық сарындағы ойды қалыптастырушы халық өкілдерінің интеллектісін байқаймыз. Адамды жауынгерлікке, Отанға деген адалдыққа өмір сүруге жетелейтін аңыз-ертегілер тарих бетінде қалған халық өкілдерінің рухани таңбасы. Тарих бетінде адам танымы арқылы сақталып отыратын көне дәуір тұлғаларының рухани таңбасының бойында тұлғалықтың бейнесін бейнелейтін даналықтың белгілері мол.
Адам ғылым арқылы техниканың озық түрлерін жасай алады, ал, даналықты жасай алмайды. Даналық, қабілет, терең білім арқылы ғылымды дамыта аламыз, себебі, ғылымға қажет идея даналықта. Ғылым адамнан білімнен бұрын қабілеттілікті талап етсе, сол қабілеттің көзі даналықпен ашылады. Даналықтың адамға қояр талабы халықтың игілігіне ортақ идея. Ол адамның үнемі тарихқа, өзіне оралып отыруы, тарихтың, өмірдің тәжірибесі негізінде жаңа білімді қалыптастыра алуы. Тарихи дүниелердің бойында сақталып қалған адам интеллектісінің таңбасы көне дәуір тұсында дүниеге келген рухани мұралардағы идея феноменін зерттеуге негіз болмақ.
Әр халықтың мәдениетінің тарихында қалыптасқан рухани құндылықтар негізі, сонымен қатар, ұлттың өмір сүру болмысы мен ұрпақ дүниетанымының өзегі ұлттық идея феномені философия ғылымы тұрғысында зерттелген сайын, оның қоғам дамуының тарихи және мәдени кеңістігінде, бір-бірімен сабақтаса байланысып немесе тұтастықта қалыптасып ұрпақ санасына сіңіп, өркениет дамуының заңдылықтарының ішінде қандай уақыт кеңістігінде болмасын, зиялылар даналығының рухы мен еркіндігі, ұрпақтың өмір сүру құқының сақталуын қадағалап, соған жетекші болып отыратын қызметі де анықтала түспек.
Әр халықтың тарихында ұлттық мүддеге қатысты көтерілген мәселелер, ел мүддесі тұрғысында ойшылдар тарапынан зерделенген ұғымдар, кемеңгер адамдардың ұрпақтың болашағына арнап жазып кеткен мұралары халық ішінен шыққан (шығып отыратын) тұлғалардың және олардың ұлттық идеясының қалыптасу ерекшеліктері мен рухани негіздерін айқындай түспек.
Ұлттық идея халықтың табиғаты мен болмысын, оның тұлғалану бейнесін, тарихының бағытын, ұстанымын, дүниетанымының ерекшеліктерін, салт-дәстүрінде қалыптасқан құнды­лық­тардың ішкі мазмұнын айқындайтын дүние. Тарих бойғы бір халықтың тұтас болмысын, сол халықтың ұлттық мүддесінің қалыптасу, сақталу жолындағы ұрпақ қызметінің рухын, ұлттың қалып­тасуы мен тұлғалануындағы тәжі­ри­белерді бойында сақтап отыратын құн­дылық. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын тарихи білімдердің, ұлттық құндылықтардың, тәжірибелердің үлгісі ұлттық идея арқылы көрініп отырады.
Адам баласының рухани қалыптасу жолындағы рухын сомдап, даналығының, жасампаз іс-әрекетінің құбылысын зерттеу, түрлі тарихи уақыт ішіндегі түрлі әлеуметтік құбылыстардан сүрінбей өтіп, ел өмірінен қайта табылып, ұлт топырағының бойына сіңіп, ұрпақ бойында сақталып отыратын ұлттық идеяның табиғатын көрсетеді. Әрбір тарихи уақыт ұрпақтың дүниені, дүниетанымды игеру негізінде қалыптасқан қоғамдық сана феномендеріне толы. Философиялық ойлау мәдениетінің тарихи кезеңдері ойшылдық пайым негізінде тұрған рефлексияның ба­ғыт-бағдарын, құндылықтардың саралану деңгейін, білімнің, тәжірибенің, ғылымның мүмкіндігін, сонымен қатар әлі де жарыққа шыға қоймаған нәрселердің тарихта мол екендігін растайды. Сондықтан да, мәдениет, соның ішінде ұлттық мәдениет, ұлттық идеяның өнімі болып табылады.
Ата-бабаларымыз табиғи ортада, та­биғаттың өзіне қойып отырған талаптары арқылы, өзінің дүниетанымдық тәжірибесін қалыптастырған және соған сүйеніп өмір сүрген. Сол себепті, ұлттық идеяның ұясы алдымен халық даналығы. Ұрпақ тарихқа қарап зиялылар руханиятынан білімін жинақтаса, жекелеген адамдардың қабілеті мен түсінігі, ой-санасының арқасында даналық ха­лық игілігіне қызмет етіп, ұлттық идея ұрпаққа жетекші қызметін арттыра түседі. Бұл адамзат тарихының өрісінде сақ­талып отырған ең басты тәжірибе.
Ұлттық идея ұғымын теориялық және практикалық негізде зерттеу арқылы, адамның ерте кезеңнен бастап, қазіргі уақытқа дейінгі рухани болмысының бойында сақталып отырған идеяның қызметін (білімін) игеруге болады. «Осы дүниеде, – деп жазады Ш. Құдайбердіұлы, өзінің «Үш анық» еңбегінде, – көзге ілінбейтін кішкентай жандылардан бастап адам­дарға шейін бәрі өз һәм нәсілдерінің жақсылықта болып өсіп-өнуіне қам қылады. Мұны – «барлық таласы» дейді. Бұл жаратылыстың берік жолы. Сон­дықтан, барша адам шамасына қарай бірі өзі үшін, қай бірі табы үшін, қай бірі барша адам үшін жақсылық бақ іздейді. Ақыл қарауында адам толығы барша адамға бақ іздеген болады». Адам тағдыры мен оның идеясы егіздес. Идея­сыз тұлға жоқ, адамның шын мәнінде мақсатынсыз, мұратсыз мағыналы өмір сүруі мүмкін емес. Қарама-қайшылықсыз тәжірибенің тууы мүмкін емес, жеке адам іс-әрекеті мен қоғам деңгейіндегі тарихи оқиғалардың көзі қайшылықтар мен қарама-қарсы құбылыстар уақыт орамында түрлі жаңа идеялардың қозғаушы күшіне айналып отырған. Бірақ, оның ұрпақ мүддесіне қызмет етуі немесе халық игілігіне қайшы келуі адам зердесіне тәуелді жағдай.
Идеяның мәндік негіздері мен экзис­тенциалдық мазмұнын құрайтын рухани феномендердің қызметі бір-біріне тәуелді және бір бағытта болғанымен, идеяның категориялық негіздері тұрғысында қалып­тасқан көзқарастар түрлі бағытта. «Біздің тіл байлығымыздың молдығына қарамастан, – деп жазады И. Кант «Таза зердеге сын» еңбегінде, – ойлаушы адамның ұғым өлшемін анықтауда қиындыққа кезігіп отыруы үйреншікті жағдай. Ойдың дәлме-дәл ұғымға сәйкес келуі, сонан соң бұл терминнің өзіне ғана емес, өзге нәрселерге де жуыса қоймауы үйреншікті нәрсе». Ғылым алдында көтеріліп отырған мәселені ұғымға айналдырып, ұғымның өзге бір ұғымдардың мәнін ашуға негіз болатын көзін тауып, оның ақиқаттылығына анықтама беру үшін сол феноменнің шығу негізін зерттеу ғұламалардың идея философиясын зерттеу жолындағы басты принципі. Бұған дейін де айтып отырғанымыздай, идея адам баласының рухтың ішкі серпіліс күштері арқылы кемелденіп отыратын, толғаныс күйде өмір сүретін ақыл-парасаттың өнімі. Философия тарихында көп жағдайда идея адам танымы тұрғысында зерделеніп отырған.
Дүние кеңістігіндегі адамның мақсаты шынымен де толықтай жаратылыс ақиқатын зерттеп, барлық құпияға қол жеткізу емес. Адам болып жаратылған соң, адами мәнде өмір сүру адамның парызы. Алайда, адам баласының рухани өмірінде рухани мәнге ие құндылыққа қол жеткізуі жанды күтіп, рухты тану арқылы болатын нәрсе. Қазақ ойшылы Шәкәрім ұғымында идеяның дәйекті өлшемі таза ақыл. Ал, рух – мінсіз парасат. Таза ақылдан идея туады, таза ақылдың негізінде таза білім бар. Ал, парасат таза білімнің, таза ақылға, таза ақылдың әлеуметке игілігі ортақ құндылыққа айналуы. Рух сол идея бойындағы ізгілік. Жанды таза ұстау таза ақылдың ісі. Ал, адам рухындағы, ойлау өрісіндегі тазалық бұл парасаттылық. Парасаттылықтың көздейтіні ізгілік. Ізгілік адамзат дүниесінің мәнін ашатын құндылық. Ұлттың рухын жетілдіретін құндылықтарды ұрпақтың бағалау ісі бұл мәдени қалыптасудың негізі. Бұның тарихи-әлеуметтік кеңістіктегі көрі­нісі рух. Адам баласы сол себептен де уа­қыттың даму деңгейлерін тарихи тұрғыда зерделеуде, оның қозғаушы күші адам ақылының тұлғасын тануы қажет. Зерденің қасиеті нәрсені көзбен емес ақылдың көзімен танып, ойдың тәжірибесі арқылы анықтап отыруында.
Қай уақытта да адам болмысының мәнін тереңдетіп отыратын нәрсе бұл ру­хани қасиеттер. Еркіндікке ұмтылу, еркін­дікті бағалау, еркіндікке қол жеткізуді мақсат ету, адамның көңіл-күйі, мінезі, өмір болмысының, рухани өмірдегі құбы­лыстардың адамның жан әлеміне әсері, өмір құбылыстары мен адам баласының рухани болмысының әсерлік байланысы, яғни, өмір шындығы мен сол өмірге адамның рухани қатынасы, осыдан туындап отыратын адамның рухани болмысы, оның түрлі деңгейлері, жанашырлық, оның адам табиғатына немесе адам болмысының тұлғалық табиғатының мінезге әсері Шәкәрім талдаған мәселенің негізгі түйіні. Идея басы таза ақыл, таза ақыл көзі таза зерде, таза зерде өрісі таза білім – деген тұжырымның рухани мәнін адам болмысының рухани негіздері тұрғысынан зерттейтін болсақ, барлық тарихи-әлеуметтік дамудың негіздері, рухани қалыптасудың жолы білім, өнер құндылықтарының бастауы адам жанының бойында тұрғандығын байқаймыз.
«Жан», «Рух» жаратылыстың ақиқатын бейнелейтін адам болмысының феномендері, осы бір рухани түпкілікті себептердің бізге тәуелсіздігі жөнінде Шәкәрім ұзақ жылдар бойы зерттеу жасаған. Ойшыл өзінің «Үш анық» еңбегінде мынадай тоқтамға келген: «Адам ынсап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда мұсылманша ұждан, орысша совесть бар. Бұл не? Бұны істеп тұрған кім? Бұған жауап берушілер «адамшылық ары соны ұнайды» дейді. Менше, бұл жауап сол ұжданның солай қылғанда ұнайды деген болып шығады. Мен сол ұждан, совесть қайдан шығып тұр десем оған жауап жоқ сияқты. Меніңше совесть – жанның тілегі. Неге десеңіз жан, тіпті, жоғалмайтын, бұзылмайтын нәрсе, барған сайын жоғарылайтын нәрсе. Сондықтан, тезірек жоғарылауға себеп керек қылады. Мәселен, таза дене, таза, толық мінез, ой, істер керек қылады. Соның қатты бір керегі совесть – ұждан». Шынымен де, Шәкәрімнің ойларының мәніне тарихи кеңістіктегі тұлғалар болмысы негізінен қарайтын болсақ, адам бар, сол адамды биікке, дамуға жетелейтін рухани күш бар, сонымен қатар ұлт бар, ұлт бар жерде ұлтқа қамқор болатын зиялылар бар, бұлар жүз жылда, тіпті мың жылда сирек туатын адамдар. Нағыз зиялылар ұлт, адамзат, келер ұрпақ үшін жаралған адамдар. Олардың ішкі жан-дүниесінің рухы тұтас, ұлттың рухымен, тілегімен бірдей. Нағыз зиялылардың ұлтына қызмет қылуы тек қана зиялылардың міндетіне жүктелген уақытта ғана, елдің рухы, ұрпақ тағдыры үшін осындай тұлғалар дүниеге келетін сияқты.
Жан азығы дұрыс болмайынша адамның өмір сүру қазығы болмайды. Адам жанының ерекшелігі сонда, ол үнемі рухани қасиеттермен қуаттануды қажет етеді. Бұл адам бойынан шығатын идеяның әлеуметтік құндылыққа айналуына да оң ықпалын тигізетін мән. Жанның рухани қасиеттермен азықтануы рухты қалыптастырады. Рух адамның қа­сиеттерімен өшпейтін нәрсе. Себебі, жан бар нәрсе, рух жанның өмір сүріп жатқан, өмір сүрген, адамзат санасында қалатын өнімі, өрісі, рухани-әлеуметтік кеңістігі. Адамның рухы мен рухани қасиеттеріне жетекші болатын адамзат баласының дүние ақиқаты, жанның мәңгілігі мен еркіндігі туралы дұрыс түсінігі, оның мәнін ұғыну мәселесі адамзатқа ортақ. «Біз естінің ақылын, күштінің қуатын, ұстаның шеберлігін ісінен танимыз. Менің ойымша, бүтін барлықтың бәрі бізді осындай болмақ жолды салған түп жаратушының білім, құдірет шеберлігінде. Өлшеу жоқ деп бізге секунд сайын айғайлап тұр:
Бізге дүние түпкі сырын,
Көрсетіп те айтты ғой.
Елемеді оны біздің
Тіпті өзімшіл мисыз ғой, – деген Шәкә­рім ұғымынан ұғынатынымыз идеяның дәні адам баласының ішкі әлемінде туа берілетін нәрсе. Идеяның дамуына адамның рухани қасиеттері ықпал етсе, ұлттық идеяның тағдыры үшін адамның зиялылыққа баруы бұл жан мен тән рухын бірлестіретін күш. Оның ақиқаты біздің зердемізге ұғыну арқылы жеткенімен көзге ілінбейді. Мәселен батырларымыздың мемлекет билігін қолына алып, ұлтынан қолдау табуы бұл олардың ішкі әлемінде жатқан ерекше құбылыстың қасиеті.
Қазақ жырауларының ұғымында тұлғаның қалыптасуына жетекші болатын оның жан әлемінің ерекше құбылысы. Тұлғалық құбылыстар біздің тарихи кеңіс­тігімізде шынайы өмірден туындап отырды. Үмбетей жыраудың қазақ батыры Бөгембай қазасын Абылай ханға естірткен жырларында осы жөнінде де сөз болған. Қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов өз зерттеулерінде Кенесары хан феномені туралы, «Кенесары жас кезінен батылдығымен және ер жүректігімен ерекшеленген. Жасөспірім кезінде-ақ құрдастарына: «Мен ешқашан өзімнің батырлығымды тастамаймын және керемет ерлік көрсетіп барып өлемін» – деп айтқан екен. Кейінірек Кенесары шынында ержүрек батыр және қолбасшы болды» – деп жазады. Осы айтылып отырған ойлар, тарих негізінде расталып, адамның рухани қалыптасуында оның идеясының дамуына және тұлғалық идеяның әлеуметтің өмір сүру бағдарына айналуына бастапқы себеп интеллекті қызметінің құбылысын дәлелдей түспек.
Жан адам болмысының тіршілік ету, әрекет ету, даму, рухани қалыптасуының мәні. Интеллект рухани мәннің қасиеті. Ойшылдардың пікіріне сүйенсек, адамның парасатты әрекеті, ұғыну қабілеті, әрекеті интеллект қызметінің көрінісі.
Интеллект ұғымын тек қана таным проблемасымен шұғылданған кәсіби философтар зерттеді деп айтуда біржақты ойға жетелейді. Адам танымының феномендері, танымның деңгейлері, қызметі, өрісі, рухани-әлеуметтік мүмкіндігі туралы арнайы философиялық білімнің жүйесін құрған кәсіби философтар, бірақ, қазақ философиясында ой, идея, көзқарас, сөз, іс-әрекет ұғымдарының адам болмысының табиғаты, танымы ойшылдар тарапынан зерделенген. Ойшылдарымыз, «Сөз бұлағы – ой. Сөз жаныңның айнасы. Бі­рақ, әрдайым көркем сөйлегеннің бәріне ылықсаң – қателескенің. Сөз қасиеті көркемдігінде, ой қасиеті шындығында жатыр. Сөз жөніндегі сөзді, бүгін ойлап, ертең айтқан озады. Кешкі ой тақыл, таңғы ой ақыл. Өнімсіз сөз өлген сөз…» дейді.
Интеллект феномені тұрғысында адам танымының жасампаздық қуатын зерделесек, ойшылдардың идея рухын, қызметін, мәнін ұғынуда кәсіби білімімен шектелмей ақиқатты көрсетуде даналық арқылы жол тауып, қоғам дамуының кеңістігінде идея мәніне берген бағасы арқылы уақыттан қалмайтын табиғатының ерекшелігі мол. Мағжан Жұмабаев айтқандай:
Жүрген жанның артында ізі қалар,
Етікші өлсе, балға мен бізі қалар.
Бір бай өлсе, төрт түлік малы қалар,
Шешен өлсе, артында сөзі қалар!
Тоқтамас дүниенің дөңгелегі,
Шешенің айтқан сөзі көпке кетер. Адамзат рухының еркіндігі үшін күрескен зиялылар интеллектісінің ұлттық өрістегі идеяны жаратып, оның мәдени құбылысқа айналуына зор үлес қосып отыратын тұлғасы көз алдымызға келеді. Бұл тұлғалар өмірінің мәнін ортақтастыратын өмірдің тәжірибесі.
Көне грек ғұламаларының пайымдауынша интеллект екі түрге бөлінеді. Бірін­шісі адам бойына туа біте даритын адам жанының ерекше табиғатын білдіретін қасиет, екіншіден тәрбие, оқу, ізденіс арқылы адам бойына ұялайтын қасиет.
Ғылыми-техникалық даму белгілі бір уақытта орын алатын нәрсе. Ал, оған дейін адам баласы сан ғасырлар бойы іздену үстінде. Сол ізденістің рухани өрісінде зиялылардың атқарып кеткен істерінің өнімі сақталып қала бермек. Ол алдымен ғылыми-техникалық даму ғасыры жағдайында ұрпаққа өзінің ұлттық құндылықтарын толық меңгеріп, елдің тарихи өмір сүру тәжірибесін қайта жандандыруды үйрететін идея.
Ұлттық идея ұлт дүниетанымының өрістілігін сақтап, ұрпақтың елдік толғаныстағы түсінігін шыңдап, тарихи кеңістікте қалыптасқан ұлт мүддесі жолындағы зиялылар қызметінің өнімін, құндылығын насихаттайтын, соған бағыттап отыратын рухани мұра. Ұлттық идеяның білім, ғылым, мәдениет, өнер, елдің даму жолында мемлекеттің тәжірибесіне айналуы, тарих бойындағы зиялылар идеясының жарыққа шығуына тікелей жол ашпақ.
Ұлттық идея – ұлт болмысының өрісі, тұлғалық деңгейде өмір сүрудің ұстанымы, ережелері. Әр халықтың мәдениетінде ұлттық мүддесіне ортақ, ел игілігіне сай келетін даналық дүниелер, өнер түрлері бір елдің тарихында орын алып, екінші бір елдің сондай деңгейдегі мәдени дүние жасап шығаруына негіз болып отырған.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.