ТӘКЕННІҢ ТҰҢҒЫШ ТОТЫСЫ

  • 28.08.2018
  • 69 рет оқылды
  • 0

«Поэзияның өзге жанрлардан ерекше­лігі – онда ақын өзінің атынан сөйлеп кететін шағы жиі болады. Лирикалық поэзияда автор көбінесе өз сезімін береді. Бірақ оның өз көңіл-күйі жалпы адамға тән жәйтті, жан сырын ашып отырады».
Бұл қазақ әдебиеті алыптарының бірі, даңқты суреткер Тәкен Әлімқұловтың «Қа­сым Аманжолов» атты зерттеу мақала­сының алғашқы жолдары.
Сірә, осы жолдарды жазып отырып Тәкен аға өз өмірінің өрнегіне тере­ңірек үңілген тәрізді. Роман, повесть, әңгіме­лерінде өзін Шәуке, Шәукен деп алатын жазушының әдебиет әлеміне поэзия арқылы келгенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Әуелде «Күрең өзен» аталып, кейіннен «Қаратауға» айналған повесть кейіннен «Ел мен жер» атты романға ұласты. «Замана екпіні» атты новеллалардан құралған романында да біз Шәукен Ноғайқұловпен қайта кездесеміз. Осындағы Шәуке мен Несібелі әке-шешесінен ерте айырылады. Қос мұңлық күрең өзенді кешіп өтіп кеншілер қаласынан қоныс табады. Қарапайым шаруаның баласы мүлде тосын тірлікке бет бұрып, жаңа өмірге тез қалыптасады. Талапты жастың қаз басқан қадамын, қанаты қатып, буыны беки түскенін танимыз. Шәуке білімге, білмекке, үйренбекке құштар. Ол ұшқыш боламын деп «авиа үйірмесіне» қатысады. Одан ағылшын тілін үйренбекке талпынады. Ақыры орыс тілі үйірмесінен баян табады. Аумалы-төкпелі тұрмыс жетегімен кеншілер кентіне келген жас бас инженер Георгий Алтухиннің сенімінен шығады. Алтухин аңшы да. Қолы бос кезде көл жағалап құс ататыны бар.
Сейілдеп жүрген Шәукенің мөңкіп келе жатқан бірдеңеден үрейі ұшып қашатыны да қызық. Бұл беткейде мөңкіп келе жатқан мотоцикл еді. Шәуке бұрын-соңды мұндай пәлені көрмеген. Қашқан баланы лезде қуып жеткен мотоцикл үстіндегі семіз сары орыс осы Георгий болатын. Ауданда алажаздай пошташы болып істеген Шәуке орыс тіліне едәуір қанық еді. «Шайтан арба» үстіндегі жолаушы баладан үйректердің қайда жайылатынын сұрайды. Орысша аздап тіл сындырған Шәуке кездейсоқ жолаушыға шұбар тілде өз тарихы мен үйректердің қайда жайылатынын айтып береді. Бүкіл даладан орыс тілін білетін бір жан таппай келе жатқан аңшы баланың шүлдіріне сүйсініп қалады. Осылай пәнәйі себеппен танысқан олар кеншілер мекенінде ұшырасып отыр.
Жасы келіп қалған профессор Геннадий Петрович Раевский Шәукенің ынта­лығына сүйсініп, оны кейде өзінің пәтеріне шақыратын еді. Осыдан кейін ол тілге мүлде құнығады. Бұл – өмірдің шындығы еді. Жоғарыдағы суреттерден біз Тәкеннің жастық шағын тап басып танимыз. Жазбагердің өмір жолдарына үңілсеңіз, оның өз өмірінен кейбір сәттерді айна-қатесіз суреттеп отырғанын аңғару қиын емес.
«Күрең өзен» повесінде Шәуке Балымша атты қызға ғашық. Мұны жазушы былай деп суреттейді:
«Күні бойы оның ойынан Балымша шықпай қойды. Асау аттың құлағында бозбалаша ойнайтын бойжеткен неше ықылым қылығымен елестеді. «Женттей еріп тұрған сары апамыз кімге бұйырар екен?» деп бір қойды.
Оның есіне өткен жылғы бір оқиға оралды. Үйде оңаша отырғанда Балымша әңгіме болған. Айттырған жеріне бармай, бұлғақтап жүргені айтылғанда Шәуке: «Ол қызға мен ғашықпын!» деп салған. Әуелі шошып түскен Несібелі артынша нәркес көзін соншалық тереңдікпен аудара қарап, сүйініш пен үрей аралас күйде «Ой, қарағым, ол болмайды ғой. Мұны менен басқа жан естімесін!» деген. Шәуке ұялғаннан қаша жөнелген».
Бұл, сірә, балауса, бала махаббаты болса керек. «Сары апамыз» деуіне қарағанда қыз одан жасы үлкендеу болған секілді. Айттырылып қойған қызға қайта жоламауының сыры да осында деп білеміз.
Өзекжарды туындыларын өлеңнен бастаған Тәкеннің алғаш тіліне үйірілген шумақтары жөнінде не білеміз? Бұл өлең шумақтары былайша өріледі:
Қызыл етік кигенім,
Сары қыз болды сүйгенім.
Күрең судан өткізіп,
Көңілге оны түйгенмін.
Оңашада сол қызды,
Еске алып талай биледім.
Келем десең келіп жүр,
Күнде-күнде үйдемін.
Көре алмасаң,егер де,
Алаулаған күйдемін.
Ол осы өлеңді Ажар сұлуды үйіне жеткізіп салысымен шығарып, қойын дәптеріне жазып қояды. Кейіннен Тәкеннің туған інісі Іскендір өлеңді көшіріп алады. Іскендір өзінің кластасы Есіркеп Өмірбековке өлеңді оқып берген. Есір­кеп өскеннен соң сөзге шешен болып қалыптасты. Шежіреші қарт еді. Дегенмен ақынның бұл өлеңі ешқандай жинағында жарияланбаған. Бәлкім, дүмбілез дүние көріп жаратпады ма? Әлде алғашқы ішкі сезімін жария еткісі келмеген шығар. Кейін ақын болып қалыптасқанда тырнақалды өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Жалпы, ақын Тәкеннің қаламынан «Сапар», «Жазғы жаңбыр», «Боз жорға» атты өлеңдер жинағы туды. Қалыптаса келе ол Александр Пушкиннің, Әлішер Науаидың, Михайл Лермонтовтың өлеңдерін аударды. А.Пушкиннің «Дауылын», М.Лермонтовтың «Измайл бей» поэмасының арнау жолдарын қазақша көркем кестеледі.
«Қу ағашқа қонып ап,
Жаннаттың құсы жолында.
Көк қанаты жарқылдап,
Қарайтын өстіп жалынға»,
немесе:
«Бозғылт бір тартып жылтылдар аспан,
Тұманда сұрғылт тамаша теңіз.
Дауыл,көк, толқын бәрінен асқан,
Емес пе ғажап шыңдағы сол қыз», – деген жолдар бейнелі де бедерлі емес пе?
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Тәкен Әлімқұлов әдебиет зерттеу­мен түбегейлі айналысты. Солардың ішінде қазақтың ұлы ақыны Абай шығар­машы­лығына арнаған «Жұмбақ жан», Қасым Аманжоловтың өлеңдерін зерттеген «Қасым Аманжолов» мақалалары әдебиет сыншылары тарапынан жоғары бағаланды.
Задында, біз бұл мақаламызда сұңғыла суреткердің шығармашылығына жан-жақты шолу жасағалы отырғанымыз жоқ. «Қызыл етік кигенім, Сары қыз болды сүйгенім» деп өзегін жарып шыққан өлең қалай туып еді? Ақынның алғашқы махаббаты кім? Туындыгер тұңғыш тотысымен қалай, қайда танысты? Төмендегі әңгіме осы жайлы өрбімек. Қаламгердің шығармаларын шиырлауымызда да осындай өзіндік себеп бар. Өйткені, повестердегі оқиғалар тізбегі Тәкен ағаның тұтам тіршілігіндегі тыныс-толғамдармен тұтасып тұрады.

Туысы Мелдебек пен Тәкен Сауранбай аталатын қыстақтан шығып, әкесінің інісі, етікші Керімқұлдың үйіне келіп, қонады. Жаяу-жалпылап келген екеуден Керімқұл көпке дейін бұйымтай сұрамады. «Әбден тынықсын. Сосын шаруа жайын өздері-ақ айтар» деп түйген. Ас ішіп әлденіп, аз-маз көз шырымын алған екеуі етік тігіп отырған ағасының жанына келіп отырды.
– Иә,жол болсын! – деп Керімқұл қолын­дағы жозылы бізді жерге қойды.
Тәкен үшін Мелдебек жауап қатты.
–Аға! Бұл ініңіз Ащысайдағы комбинатқа жұмысқа тұрыпты. Ондағылар бұдан үй іші жөнінде анықтама сұрапты. Шолаққорғанға барып ініңіз керекті документті алды. Ендігісі сізге сәлем беріп, батаңызды алып кету.
– Жөн екен. Ал, өзің не жұмыс істеп жүрсің? – деп сұрады Керімқұл Мелдебектен.
– Мен әлі сол ауылдық кеңестің хатшысымын ғой.
– Біреулер сені басқа жұмысқа ауысатын болды деп жүр еді. Сірә, сонысы бекер болды-ау.
– Иә, аға! Сондай сөз щыққаны рас. Мені Созаққа ауыстыратын болған. Бірақ үйім Шолаққорғанда болғандықтан, келісім бермедім. Алайда, тағы да шақырып отыр. Бұл жолы келісетін шығармын. Өйткені, бастықтар бар деген жеріне бармасаң, ренжіп қалады емес пе? Қайта қызмет ұсынбауы да мүмкін.
– Ендеше, жіберген жеріне бар.
– Өзім де солай шешіп отырмын, аға.
– Өткендегі тапсырысыңа келіп те отырған шығарсың. Етігің дайын. Аяғыңа дұрыс келер. Киіп көр,-деп Керімқұл жаңа тігілген, жосамен ысталған әдемі қызыл етікті кебежеден шығарып Мелдебектің алдына қойды.
Қызыл етік әдемі еді. Мелдебек етікті аударып-төңкеріп көріп, аяғына киді. Құйып қойғандай шап-шақ болып шығыпты. Қызыл етікке Тәкен де қызықты.
– Мен де киіп көрейінші,-деді сосын.
Мелдебек етікті шешіп, Тәкенге берді. Етік Тәкенге де шап-шақ екен. Әрі-бері жүріп көрді. Қайыс етік сықыр-сықыр етіп әдемі бір әуен шығаратындай. «Аяққа жайлы екен» деп бір қойды.
Мелдебек ойланып қалды. «Мақтағаны сұрағаны ғой» деп іштей бір шешімге келгендей болды.
– Алыста жалғыз-жарым қамығып жүр ғой. Екі ағасынан бір етік киіп кетсе, ат мінгендей болар. Сен ауылдасың ғой. Екі-үш күнде саған дәл осындай тағы бір етік тігіп беремін,-деді Керімқұл Мелдебекке қарап.
Мелдебек мүдірген жоқ.
– Мейліңіз. Тәкен бойдақ емес пе? Оған қызыл етік лайық, – деді.
– Есесіне сенің етігің енді қызыл болмайды. Қара былғары ғана қалды,-деді Керімқұл.
–Ауылдағыларға қара етік те жарай береді, – деп күлді Мелдебек.
Сосын Тәкенге қарап:
– Етік енді сенікі. Игілігіңе ки! – деді.
Тәкен бұған қатты қуанды. Екі ағасына алғысын білдірді.
Ол Ащысай поселкесіне сол қызыл етікпен шықты. Көңілі көтеріңкі. Етікті шөп-шалам, тас сырмасын деп аяғын аңдап басады. Қиялы көкке қалықтайды. Өзің төрт аяғын тең басқан жорғаның үстінде келе жатқандай сезінеді. Жылт-жылт еткен қызыл етігіне қайта-қайта қарағыштайды. Есіне әлденелер түсіп, жымың етеді. Өзіңе Ащысайдың сұлулары сұқтана қарап қалғандай ма, қалай өзі? Осы ойынан өзі­нен-өзі ұялып, көңіл кептерін басқа жаққа ұшы­рады. Ойына Теріскейдің тұлпарлары оралады. Осы ойлармен ол Торлан асуына қалай жеткенін аңғарған да жоқ.
Торлан асуының Шолаққорғанға шығар шоқтығында екі цистерна тұрады. Оларға керосин құйылады. Май Ащысайдың Серго деп аталатын базасынан жеткізіледі. Созақтық колхозшылар жанар майды осы жерден арбадағы бөшкелеріне құйып, тасып әкетеді.
Тәкен цистерналардың жанына келіп тоқтағанда соңынан өгіз арба да жетті. Одан бір әйел мен қыз түсті.
– Ащысайға бара жатырмыз, – деді әйел ешкім сұрамаса да.
Қыз иба сақтап үндеген жоқ.
– Жолымыз бір екен, – деді Тәкен.
– Тіптен жақсы болды. Серіктесіп бірге жүреміз, – деді әйел.
Әйел сөзшең екен. Сампылдап сөйлеп келеді. Ащысайға базаршылап барады екен. Екі қайнысы Ащысайда жұмыс істейтін көрінеді. Шахтада. Тұрмыстары түзу. Біреуі Көккөзде, екіншісі Ақжарда тұрады. «Шаршасам, Көккөздегі қайнымдікіне түсіп, ертең базарға қызған кезінде бір-ақ барамын» деп желпініп қойды. Қасындағысы қайынсіңлісі екен. Ащысайда оқиды. Ауылға сұранып келген. «Үйі үлкен көпірдің бергі ауылына тақау жерде, базар жақ бетте» деп Тәкен сұрамаса да қыздың мекен-жайын айтып, дерек беріп жатыр. Мұнымен де қоймай «Қай колхоздансың? Ащысайға не жұмыспен бара жатырсың?» деп бастырмалата екі сұрақ қойып үлгерді.
– Әке-шешем «Қызыл Ту» колхозында тұрады. Өзім Ащысайда комбинат кеңсесінде жұмыс істеймін,-деп Тәкен жөнін айтты.
– Жап-жас болып, қарай гөр өзін? Кеңседе істесең, табысың жаман емес шығар. Талабыңа нұр жаусын! – деп әйел серіктесіне сүйсіне қарады.
Ал, Тәкен жолға шыққалы қызға қара­ғыштап келе жатыр еді. Әйелдің сөзін бір есітіп, бір есітпей келе жатуының сыры да сол. Орта бойлы, сары қыз сүйкімді еді. Өзі далалықтарға мүлде ұқсамайды. Киім киісі де бөлек. Қос өрім етіп өрген бұрымы арқасында асау тайдай ойнақ салады. Аяғына киген етігі де өзіне жарасымды. Бірақ,Тәкендікіндей емес. Алайда, шебер қолдан шыққаны көрініп тұр.
Біраз жер жүрген соң Тәкен батылданды.
– Нешінші класта оқисың?,- деп қызға сұрақ қойды.
– Жетіншіде. Біздің мектебіміз жеті жылдық. Келесі жылы онжылдық болады дейді ағайлар.
–Мұны мен де естідім. Өндіріс өсіп келеді. Сонымен бірге жұмысшылар да көбеюде. Балалар саны да артуда. Осыдан барып мектептегі оқушылар қатары да ұлғаюы заңды ғой. Бұл жағдайда кластарды көбейтіп, мектепті онжылдық ету қисынды, – деп Тәкен өз тұжырымын жеткізді.
Жолаушылар әңгімемен Көккөз ауылына да келіп қалды. Жол айырығына келгенде әйел:
– Сары қыз, шаршаған жоқсың ба? Менің аяғым ауырды. Осындағы қайнымдікіне қонбақ ойым бар. Базарға ертең де үлгеремін ғой. Сен қайтесің? Шаршасаң, менімен қал. Болмаса үйіңе жетіп ал, – деді.
– Жақын қалды ғой. Үйге жетіп бірақ демалайын, – деді сары қыз.
– Онда мына жігіт үйіңе дейін жеткізіп салар. Қызыл судан абайлап өт, – деп жанашырлық танытқан әйел өз жолымен кетті.
Тәкен мен сары қыз қатарласа жүрді. Жоғары өрлеп келеді. Әйел ұзады-ау деген шамада Тәкен:
– Атың кім? – деп сұрады.
– Ажар!
– Атың әдемі екен! Менің атым – Тәкен, – деп болашақ жазушы қызға қолын ұсынды.
Қыз бұл күтпеген тосын сөз айтты.
– Аға, мен сізді бұрын да көргенмін. Үлкен көпірден өтіп, мектепке барамын ғой. Сонда сіз ылғи да кеңсеге қарай кетіп бара жататынсыз.
– Ә, солай ма? Мен сені аңғармаппын. Өзің бір аңғарымпаз қыз екенсің! – деп Тәкен Ажарға сүйсінісін анық жеткізді.
Оның жүрегі оқыс бүлк етіп, аунап түскендей болды. Жүрегінің дүрсілдеп соғып тұрғанын сезді. Бойында бұрын-соңды байқалмаған бір бұлқыныстың барын болжады.
Сезім арпалысымен келе жатып күрең өзенге жақындап қалғанын аңғармай да қалыпты. Қызыл-күрең су буырқанып ағып жатыр. Су ені үш-төрт метрдей еді. Одан аттап өту мүмкін емес. Бірақ таяз, кешіп өтуге болады. Қыз суды кешіп өтпекке оқталды. Мұны байқап қалған Тәкен қызды көз ілеспес жылдамдықпен лып еткізіп көтеріп алды да арғы бетке бет алды. Су кешіп келе жатқанда қыздың шашын самал жел ала қашып, мұның бетіне тиіп, сүйкімді бір шымыр ойнатқан. Қыз шашынан шыққан жұпар иіс жігітті мас қылып тастағандай. Ол балғын денені босатқысы келген жоқ. Қыз да бұлқынбады. Тек арғы бетке өткенде ғана жігіт қолынан сусып түсті.
– Мұныңыз не? Етігіңізді былғадыңыз ғой. Мына су дағы тиген жерінен оңайлықпен кетпейді. Енді не істейсіз?-деп шыр-пыры шықты.
– Ештеңе етпейді. Қызыл етікке күрең судың дағы сіңімді ме деп қалдым. Егер етікте дақ қалса, бұл екеуіміздің кездескеніміздің белгісіндей сені еске салып тұрады емес пе? – деді Тәкен.
Мынадай ұтқыр сөзді қалай тауып айтқанына өзі де қайран қалды.
Үйіне оралғанда дәптеріне қондырып қойған өлең жолдары оқырмандарға белгілі.
Қаламгер шығармаларыңдағы күрең өзен, сары қыз, қызыл етік тарихы осылай өмірмен өзектес өріледі. Жазушының өмір жолына үңілген жан оның өз сүрлеу-соқпағынан жаңылмағанын жазбай таниды.
Кейін бір орайы келгенде Тәкен осы өлеңді Ажарға оқып берген.
– Сіз ақын екенсіз. Неге өлең жазбайсыз? – деп сұрады Ажар.
– Мені ақын еткен өзіңсің. Мен ақын боламын. Сенің өміріңе де сәуле түсіретініме сенімдімін, – деді Тәкен.
Осы екі тілек те орындалды. Тәкен ақын да болды, Ажарға да үйленді.
Есіркеп Өмірбеков ағамен мен Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінде бес жылдай қызметтес болдым. Бір бөлмеде отырдық. Сонда осы жоғарыда айтылған әңгімені Есіркеп аға бізге талай әңгімелеп те берді. Кейін өзінің «Қызыл етік. Сары қыз. Күрең өзен» атты шығармасына арқау етті. Тәкен мен Ажар арасындағы болған жәйтті Есіркеп аға шығармасының желісінде алып отырмын. Бұған ұрпақтары қуанбаса, ренжімейді ғой деп ойлаймын.
1983-1984 жылдары жазушы Тәкен Әлімқұлов Созақ ауданы «Құмкент» кең­шарында прораб болып қызмет істейтін Тұран Парманқұловтың үйіне жиі келіп тұрды. Бірде сәлем бере барғанымда «Прос­тор» журналының тапсырмасы бойынша сын мақала жазып жатқанын айтқан еді. Тылсым Тәкен аға көп шешіліп сөйлей де бермеуші еді. Бірде ағаға оқыс сұрақ қойдым.
– Аға, шығармаларыңыздың кейіпкерлері шы­найы өмірде бар ма? – дедім-ау шамасы.
Тәкен аға қоңқақ мұрнын уқалап, біршама уақыт ойланып отырды.
– Сабырбек інім, жазушының әрбір шы­ғармасы өз басынан өтеді, әбден илеуі қанған соң пісіп-жетіліп, қағазға түседі. Басқаның басынан өткенін дәл суреттей алу қиын, – деген сосын.
Арада қаншама уақыт өтті. Қағазға түсіріп алғаным жоқ. Дәл осылай айтпаса да осыған шамалас ой айтқаны есімнен қалай шығар!?
Содан соң Тәкен аға 1983 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Замана екпіні» атты кітабына «Сабырбек ініме! Екпінді жазушы бол. Бірақ сыршылдықты қала. Тәкен. 2.ІХ.84 ж.» деп қолтаңба жазып берді. Қазақ әдебиетіндегі қайталанбас тұлғалардың бірі Тәкен ағамның осы өсиетін қаншалықты өтей алғанымды білмеймін. Бірдеңелер жазған боламыз. Бірақ, Тәкен ағадай терең болу біздің басқа бұйырмапты…
«Ақын ең алдымен, өз қоғамының мүшесі және мейлінше белсенді мүшесі болуға тиіс. Олай болса, шын ақын өзінің тағдыры арқылы да, өзгелердің тағдыры арқылы да қоғамдық шындықты суреттейді. Екінші сөзбен айтқанда, ол әлеуметтік маңызы бар шығармалар ғана жазады» деп жазды Тәкен Әлімқұлов «Қасым Аманжолов» атты зерттеу мақаласында.
Осы айтқандарын сирек суреткер өз шығармаларында да дәлелдеп кетті.

Сабырбек Дәніқұлұлы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.