ТЕЛЕНІҢ ТАРЛАН ДҮЛДҮЛІ

  • 28.08.2018
  • 158 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Құсыман Игісін,
публицист-жазушы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
ШҚО Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы

Көген көздер

Әз наурыздың 14 жұлдызына қазақ теледидарының 60 жылдық тойына арнайы шақырды. Алды-артымыздағы жетпісті жағалағандар желпілдемей, сексенді сағалағандар селкілдемей-ақ «Эйр Астананың» ақ құсымен ұшып, ардагер деген атымыз, қария деген қалпымызды бұзбай қадірімізбен Астана бардық, аста-төк құрмет көрдік. Несін айтасыз, керемет!
Қонақ үйдің көше жақтағы кең баспалдығымен көтеріліп, «енді қалай кіреміз» дегенше ойыңызды оқып тұрғандай, алдыңыздағы айнадай жарқыраған әйнек есіктің өзі сізге үндемей ғана ашылып, ізет көрсетеді. Аржағында жасы 50-ге енді келгенде күллі Еуразия кеңістігінде алғашқы болып Алматы қаласында өзі ашқан халықаралық «Мир» компаниясының алдында Американың 39-шы президенті Джимми Картерді қарсы алғандай қасқайып, аппақ тістерін айшықтай көрсетіп, көзілдірігі жарқыраған Ғаділбек тұр сорайып! Қасында қыз-жігіті, орыс-қазағы демей Қазақ теледидарының бұдан 50 жыл бұрынғы гүлдей жайнаған тележастары тұр жиналып (ол кезде «тележұлдыз» деген ұғым жоқ).
Содан бергі жылдам өткен жарты ғасырлық ауыр да аяулы жылдардың азабы мен аязы қарыған ақ жүздерін әжім торлап тоза бастағынымен, бала кезде аналар ақ білегін сыбанып қой сауғанда шаңқай түстің шуағына шомылып, қой қосақтың үстінде аунағанды дүниенің ең мамық, ең кызық рахаты санаған, одан құлдырап, құрақ ұшып жүгіріп жүріп көгеннің бұршағынан қозы ағытқан, көшпенді қазақтың сол тәтті тірлігін балалықтың базарымен бірге бұл жалғаннан біржолата жоғалтқан, енді қазір өндері өзгерсе де өздерінің көңіл шіркіндері қартаймай, қақпағын көтерсең болды күйсандық болып күмбірлей жөнелетін жап-жас қыз-жігіт қалпында қалған өзіміздің кіл көген көздер тұр жамырап! Бұлармен жанарың жанаса кетіп, көзіне көзің түссе болды жүрегің жылып, жаның елжіреп сала береді.
Бұлардың бәрі де өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы отты шақ­тарын ойнап-күліп жүріп теледидар дейтін жаңа өнердің көгінде жасындай жарқылдаған, жаратқан өзі сыйлаған «қайран жастығымен» қоса бар өмірін қазаққа тәнірдің өзі тарту еткен теледидар дейтін құдіреттен күллі өркениеттің көшін көрсетіп, ендігі еркін кезде із кесіп соған ілескен өз елінің ақ дидар ажарын аялауға арнағандар.
Солардың бірі – қыз кезінде бозбала, жігіт атаулыны өзіне жалт еткізіп бір қаратпай қоймайтын құралай көзі көрген жерде көкейіңді қытықтап, әлі сол жайнаған қалпында жұтынып тұрған, Ертістен ертелей ұшып Қарағандыда қалықтап, енді еркелей келіп Есілге қонған Семейдің Шайкенова Қарлығашы тұр қасында Ғаділбектің! Және жай тұрған жоқ, Алматы қоңыраулатып, Фатимамен айына бір сөйлескенге айызы қанбай жүрген болуы керек, сегізінші сыныптан соң Семейдің педучилищесінде бірге оқыған, жасынан жан құрбысы болған, ол Алматы асқанда Семей теледидарындағы оның дикторлық орнына өзі шақырылған, қызыл тумен құйғытып, қан жоса ғып өткен Кенестік ғасырдың жиырмасыншы жылдары жоғалған Алтыбақанын жарты ғасыр өткенде төрінде тұрған теледидардан қазаққа қайта құрып берген құрбысы, атақты Фатима Бегенбаеваның жұбайы Жәкенге жабысып алыпты. Көрмегелі көп жылдың жүзі болған сағынышының мауқын Қарлығаш, сірә, жан құрбысының жары Жәкен қолының жылуымен осылай басқысы келген болар.

«Қызыл керуен»

Жәкен Нұрахметов пен Ғаділбек Шалахметов екеуі бірі шығыс, бірі батыста қой жылы туған төл құрдастар және екеуі де онда Алматыда ашылғанына небәрі 12 жыл болған Қазақ теледидарының «Құрдастар-ровесники» атты қос тілді жастар редакциясының белді телекоментаторлары.
1970 жылы жалпы адамзат тарихында тұңғыш рет әділет орнатам деп, атын Кеңес қойып, орақ пен балғаны қосып жұмысшы-шаруаның өкіметін құрған Лениннің туғанына 100 жыл толды.
Онымен қоса өздері арманда кетсе де содан жарты ғасыр бұрын сол Лениндермен айтысып-тартысып жүріп, ежелгі «Дешті-қыпшақ» заманынан бұрын жылқыға жайлы қоңыржай қазақ жері болған Құлынды даласы мен қазіргі Қызылжар тұрған теріскей аумағын түгелдей Ресейге бермек болған теріс пиғылдан Әлихан Бокейханов бастаған Алаштың өзі аман алып қалған Кеңестік Қазақстанның республика болған 50 жылдығы тойланбақ.
Жаратылысы жасынан зерек, ойға алған ісін кеңінен қозғап, екінің бірінің өресі жете бермейтін биіктен толғап барып тындыратын Ғаділбектің теледидардағы алғашқы алымды қадамы сол 1970 жылы басталды.
Теленің жас журналисі басшылардың алдына бұл мерекені сонау 20-шы жылдары Арқа жұртының арасына Кеңестік үгіт-насихат жүргізген «Қызыл керуеннің» ізімен арнайы телеэкспедиция жасап, елінің 50 жылдағы еңсесін сол арқылы көрсетуді ұсынды. Екінің бірінің құлағына шалына қоймаған мұндай тосын ұғым, тосын бастама басшыларды елең еткізді.
Жасында жаһан кезіп Азия мен Африка, Еуропаны жаяу аралаған, 1911 жылы Женевада Ленинмен жолығып жолын қуған, 1913 жылы Торғайға келіп төңкерістік жұмыс жүргізіп, 1916 жылы Амангелді бастаған Ұлт-азаттық көтерілісін ұйымдастырған, 1918 жылы Лениннің тапсырмасымен Мәскеуден аттанып, Еділмен жүзіп Астрахан же­тіп, одан пароходпен Бозашы барып, орталықтан «ақтар» бөліп тастаған Ақтөбе майданындағы «қызылдарға» 300 түйемен 2000 шақырым жол жүріп қару-жарақ жеткізген, 1922 жылы Жоғарғы атқару комитетінде отырған аса тәжірибелі Әліби Жангелдиннің өзі жастардың сондағы бастамасын қызу қолдап, оны «Қызыл керуен» деп атаған. Оның жолы Ордан бас­тап Торғай Атбасар, Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қарқаралы арқылы Семейде аяқталған. Сондай-ақ, Спаск зауыты мен Екібастұз кенінде болған.
Ғаділбектің содан жарты ғасырдан соң жанына Жәкенді ертіп жасаған бұл тұңғыш телесапары ай-күніне дейін аудырмай, тура сол «Қызыл керуеннің» ізімен 1970 жылғы тамыздың 9-шы жұл­дызында Семейге келген.
Ол кезде жаңадан ашыла бастаған телестудиялардың Алматыдан адам келсе, қазіргі Астанадан «Нұр Отан» келгендей құрметпен қарсы алып, кешкі студияға шақыратын жақсы әдеті болатын. Сол дәстүрге сай кешкі сұхбатқа Алматының «Қызыл керуенші» қос комментаторы да шақырылды.
Атам қазақтың әуелден «Құдайдың маңдайына жазғаны сол» деген сөзіне жасымда онша илана қоймасам да ұлғая келе қазір қағида деп қабылдайтын болдым. Әйтпесе, сол сұхбатта бір-бірін жаңа көрген Жәкен мен Ақсуаттың ақ сұңқардай әдемі қызы, Семей теледидарының бесаспап дикторы Фатима Бегенбаева екеуінің ендігі өмірі көк сандықта көгенделіп, құдай қосқан ерлі-зайыпты болып, қосақтала қояр ма еді?! Сол күннің ертеңінде олар Абай мұражайына барып, одан Фатиманы шығарып салғаннан кейін, қоңыр дауысын қоюлап соза сөйлейтін ғадетімен Ғаділбек:
– Апыр-ма-ай! Абайдың Әуезов жазған нағыз «Әй – керімі» екен, а ?!, – деп, кейде әсерлі кезінде өзі айтып алып «а» деп – өзі сұрайтын осындай әдетімен қа­сындағы құрдасына қарап, – енді айрылма, «Қызыл керуеннің» ең үлкен жеңісі осы болады, – деген. Мұны да оның аузына құдай салған болар, енді бір айдан кейін қыркүйектің күзінде қыз бен жігіт Жәкен менен Фатима Алматыда отау көтерген тойын жасаған.
Тағы бір жылдан кейін Ғаділбек Жан­гел­­диннің екінші «Қызыл керуенінің» ізімен Орынбордан Қызылордаға дейін жәй ғана моторлы көлікпен емес, енді ескектің орнына үш доңғалақ орнатқан желкенді қайықпен жүріп өткен. Бұл да ізденіс, талпыныс, қайран жастықтың Біржан айтқан «қайрап ап қайта жауға сермегендей» көк семсер кезі екен ғой.

Шолпан

Сол Астана шақыруынан тура ай он екі күн бұрын Алматыдағы ұлттық кітап­ханада Ғаділбек өзінің алғашқы жары, 10 жыл бойы от жаққан Мәскеуден Астанаға келе жатып, аяқ астынан мынау жарық дүниеден көзін ашып-жұмғанша аттанып жүре берген Ирадан кейін тағы да құдайдың маңдайға деген жазуымен «екі жарты бір бүтін» болып қосылған, бар-жоғы бес жылдың өзі бес күндей болмай қимастық ғұмыр кешкен қосағы Қайыртай қызы жөнінде жазылған «Шолпан – утренняя звезда» (Таң жұлдызы-Шолпан) деген кітабінің тұсаукесерін жасаған.
Жақсы кітап екен. Не жазса да Ғаділбек өзінің ақын жүрегімен ағынан жарылып, жанын сала барынша ақтарылып, түбін сарқа төге салатын тәңір сыйлаған табиғи қасиетімен тамаша жазыпты. Кітаптың дизайны мен көркем безендірілуі де ерек. Енді қартайғанда көкейге түрлі ой салып, көзге оттай басылатын көне суреттерге сағынышың басылмай қайта-қайта қарай бергің келеді. Солардың арасында бұдан 40 жыл бұрын Ақмоладан «Атамекен» хабарын жасауға барғанда маған барынша жанашыр болған, 1963 жылы Алматыдан сол Целиноград теледидарын ашуға Ленинградта оқитын жас маман Шолпан екеуі егіз қозыдай ойнақтап бірге барған жан құрбысы Күлән Иманқұлованың көзін көргенде көңіл бұзылып, көкірек күрсінді.
Шолпанның кітап мұқабасындағы мөп-мөлдір жанарының шуағымен жаныңды елжірете қараған фотосуретінен бастап туындыдағы тоғыз тараудың әрқайсысының алғашқы бетінде аяусыз жылдардың әр белесінен сізге аялай қараған Шолпанның көзін көресіз. Өз жарының жанарын өмір бойы жеткізе сала алмай арманда кеткен атақты қытай суретшісі сияқты Ғаділбек те Шолпанның көзіне ғашық болыпты… Сондықтан, Шолпанның көзін кітаптің өзіне «мені ұмытпаңдар» деген лейтмотив етіп алғандай.
Менің қазақша жазған бір естелігімді еркінше сәтті аударып, туындының ком­­­­позициялық тұтастығын бұзбай екі та­­рауға бөліп берген оның редакторлық тап­қырлығына да тәнті болдым. Өйтпесе Ғаділбек бола ма?!
Шолпан екеуінің алғаш танысқаны 1965 жыл. Онда Ғаділбек жастар редак­циясының штаттан тыс тілшісі болып құрылысшы студенттер туралы «Комиссар» деген хабар жүргізетін, Шолпан болса Алматы теледидарына сол жылы арнайы шақырумен келген.
«Ал, Шолпанға келсем, – дейді Ғаділ­бек осы кітабінде, – мейлі Алматы теледидарында, не басқа бір жерде, басқа бір жағдайда болсын, әйтеуір, тағдыр бізді түбінде бір табыстыратынына сол кезде-ақ сенгім келген».
Солай болды да. Және Ғаділбек жар алдындағы парызын осы кітабімен Шолпанға ескерткіш орнатып адал орындады.

Бір бөлмедегі төртеу

Қазақтың халық ақындарының біразы жасында өнердің жыны буып, ауырып, қатты қиналған сәттерінде ақ сақалды қариялар түсіне Қыдыр боп кіріп «Көген аласың ба, өлең аласың ба?» деп аян беретін көрінеді. Кейінгілердің айтуын өз құлағыммен естіген солардың бірі «Шығыстың бұлбұлы» атанған, «Бақ­тиярдың 40 бұтағын» 40 күн жыр­лаған Жанұзақ Шыңанұлы, екіншісі маған қимас құдам Сақыпкерей Жантаев айтқан, Жамбылдың пірі Сүйінбайдың замандасы Жиынбай Шортанбайұлы. Сонда жын буып жатқан бозбала «өлең алам» деп орнынан ұшып тұрып, домбыраға қол созған дейді. Осындай жұмбақ, тылсым құбылыс сияқты теледидар өнері, менің ойымша, түсіне Қыдыр болып кірмесе де жас ақынға өңінде Өскемен қаласында өзі жатқан жатақ жанындағы темір мұнаралы телестудия болып көрінген-ау деймін. Осы кітабінде Ғаділбектің өзі де «Жатақхана ауласындағы телестудия маған тағдырымның жіберген аяны болды» дейді.
Онда Ғаділбек 19-да ғана. Әкесі Мінәж «он жыл оқып орыс болдың, енді қазақ болуың керек» деп мектеп бітірген бойда мұны Астраханнан әкеліп Алматының тау-кен институтына түсірген. Ал, Өскеменге өндірістік тәжірибеге келгенде металлургия факультетінің екінші курс студенті.
Бұл 1962 жыл болатын. Ғаділбектің жаңағы телестудияны көргені де, держава болып дүркіреп тұрған Кеңестер Одағының ғарышқа Юрий Гагариннен кейін Герман Титовты ұшырғаны да сол жыл. Бала жастан Пушкин мен Лермонтовты жаттап өскен Ғаділбекке жаратқанның тағы бір тартқан сыйы ақ жүрек ақындығы. Ал, ақын адамның қасында қаптап жүрген қарапайым пенделерден ең басты ерекшелігі оның айна­ласындағы өмір құбылыстарына өзгеден бұрын қуанып, өзгеден бұрын мұңаятын сезімталдығында.
Сөйтіп, ғарышқа Герман Титовтың ұшқанына жатақта жатып қуанған студент отыра қалып демде жазған өлеңін жүгіре басып көрші тұрған студияға, редактор Люба Марковаға әкелген. Мұның түрін көрген Люба мырс етіп көзін төмен салған.
– Осыны камера алдында өзімнің оқуыма бола ма?
Қалалық партия комитеті ертеден бері бұл керемет оқиғаға қала жұртшылығының үнқосуын ұйымдастыруды талап етіп отыр еді, редактор Люба бұған қарап:
– Несі бар, оқысаң оқисың, бірақ, кешкі сағат жетіге дейін жазғаныңды жаттап алып оқисың, жарай ма? Және дұрыс киініп келесің, – деді.
– Онда мен қазір студияға кіріп каме­раның алдында жаттасам қайтеді? Рұқсат бересіз бе? – деп сұрады студент.
– Неге бермеске? Жүр, – деп, редактор Люба Ғаділбекті ертіп студияға кіргізіп, жігіттеріне айтып төбедегі шамдарды жаққызды, камераны сүйретіп әкеліп бұған қарай бұрды да өздері шығып кетті. Жас ақын студияда жалғыз қалды. Жан-жағына таңырқай қарады. Жоғарыда жарқыраған прожекторлар. Биіктігі кісі бойындай камера. Оның саған өңменіңнен өткізе тесіле қараған суық көзі. Еденде жыланша ирелеңдеп жатқан ұзын-ұзын кабельдер. Осының бәрі оған төтенше тосын және біртүрлі сиқырлы дүние сияқты болып көрінді.
Сол сиқырлы дүние 19 жасар студентті бірте-бірте өзіне тарта берді…
Енді студияның тележурналистері комбинатта металлургтің көмекшісі болып жүрген сидам бойлы, жұмсақ қоңыр үнді, өзі қазақ болса да орысшасы әдемі студентті іш тартып, шүйіркелесіп, оған арнайы тапсырма беріп, сені халық көретін қадірлі өнер – теледидардың қыр-сырына баули бастады.
Солардың бірі осы студиядағы жалғыз кинооператор Сайд Фазылов бұған бірде:
– Осы екеуіміз сенің бөлмеңде бірге жатқан студенттер туралы деректі фильм түсірсек қалай болады? – деп сұрады. Көзі қарақты кинооператор, сірә, жақсы сценарий жазу мұның қолынан келетінін байқаса керек. Мұндай кесек дүние жасау деген ойламақ тұрмақ түсіне де кірмеген Ғаділбектің «А» деген аузы ашылып қал­ған. Енді есін жиып:
– Бірақ, бізге кинотаспа керек қой, – деді.
– Ол жағын өзім реттеймін, сен тек фотоаппаратыңды ал, ол да керек болады, стопкадрларды фотоға түсіреміз, – деді.
Еділдің қарт Каспийге құятын тұсын­дағы құба белді, жағалауы нулы, қамыс-құрақты ғажап жазығынан аспаннан түскендей Алтайға тап болған боз бала алдымен асқар таулардың арайлап атқан ақ таңдарын көруге асықты. Шипажайға келген күннің ертеңінде Сайд Фазыл екеуі таң қылаң бере Рахман қайнарының демалыс үйлері орналасқан кең сайды өрлеп, оң жақтағы биікке көтерілді. Алтайдың төбесі аспанға тиіп тұрған, орыстар «Белуха» деп кеткен, қазақтың кейін Оралхан Бокейі жазған Мұзтауының ақ басын алтын күннің алғашқы сәулесі ұлын сағынған анадай мейірлене аймалай бастаған ертеңгі шақ.
Ақын Ғаділбек Алтай табиғатының осынау қарасаң көз тоймайтын таңғажайып сұлу суретін көкейіне біржола құйып алғысы келгендей айналасына аш көздене, сәл бусанған жүзі бал-бұл жанып, шабыттана қарады.
Сұлулық менің ғашығым мәңгі,
Көрінсе бояу тұнады көзім.
Аралап нұрлы дүниені таңғы
Тауларды келіп тұрады кезгім….
«Бір бөлмедегі төртеу» деп атын өзі қойған фильмді бұлар тек қапас қаланың ішінде ғана емес, шығыстың атақты шипа жайы, Мұзтаудың бөктеріндегі мүк басқан сарқырамаларына дейін көрсетіп осы Рахман қайнарында түсіруге келіскен.
Жастардың әдемі юмор, жеп-жеңіл әзіл қалжыңдары Ғаділбектің кадр сыр­тындағы қоңыр үнімен қабысып жараса кетті. «Ең бастысы маған берілген бірінші тапсырма Алтайдың осы Рахман қайнарынан жасалған алғашқы репортажым өте сәтті түсірілді» дейді, қазіргі Ғаділбек сол кездің суреттерін сағына еске алғанда.
Өскеменде эфирден өткеннен кейін басшылар бұл «жақсы дүниені» қазақ теледидарының жастар редакциясына ұсынып, Алматыға көрсетілді. Осылайша жылдар өте келе, кемеріне толып, кемеліне келгенше теледидарға небір керемет дүниелерді әкелген Ғаділбектің ең алғашқы, бұдан 53 жыл бұрын жасаған «Бір бөлмедегі төртеу» атты тырнақалды телетуындысы оның тағдыр-талайын өзі таңдаған өнердің сан қиянына салып, ендігі өмір жолын кеншілікке емес, бір­жолата тележурналистикаға бұрып жіберді.

«Сынақ»

Қазақ теледидарының жастар редакциясын сол 60-шы жылдары басқарған, кейін Мәскеуге кеткен Николай Черков, Надежда Белканова дейтін жаңа өнерді жаны қалап шын сүйген, тынымсыз ізденетін іскер журналистер Ғаділбекті Өскемендегі сол тырнақалдысынан таныды. Тау-кен институтының 3-ші курсінде оқып жүріп ол штаттан тыс тілші болып «Құрдастармен» жиі араласты. Мұндағы қыз-жігіттер арқылы Алматыны ағалатқан Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Совет Масғұтов, Тимур Сүлейменов, Болат Қарақұлов, Сәтімжан Санбаев сынды ақын-жазушы, дарынды ғалым және жүйрік журналистермен достасты. Олардың арасынан Ғаділбектің өзі ұстаз тұтқан Болат Ғабитов болатын. Бұл 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен атылған қазақтың классик ақыны Ілияс Жансүгіровтың ұлы еді. Институтын бітіріп 1967 жылы теледидарға қыз­метке келгенде Болат мұндағы жастар редакциясының бөлім бастығы екен, екі жылдан кейін ол «әкемнің романын орысшаға аудару менің парызым» деп қызметтен босағанда өзінің орнына осы Ғаділбекті қойып кетті.
Теледидардағы «Қызыл керуеннің» топтамасынан басталған төрт жыл Ғаділ­бектің жаңа өнердегі тыңнан салған, соны соқпағы болды. Оны 15 одақтас республика теледидарының әрқайсысындағы жылт еткен жаңалықты қалт жібермей қадағалап отыратын Мәскеудің Орталық теледидары да байқады. Қазақ киносы мен теледидарының нағыз жанашыры болған, ол кезде қазақ киносын басқарып отырған Камал Смаилов бір күні мұны өзіне ша­қырып алып «Сен, Ғаділбек, металлургияны менсінбедің, журналистиканы жарытып оқыған жоқсың, жеткен жеріңде тоқтап қалмау үшін саған оқу керек» деп мұны Мәскеудегі екі жылдық жоғары сценарлік курсына жіберді. «Тағдырым мені шын мәнінде Ресей теледидарының негізін қалаған, РТР-дің бірінші директоры болған, атақты «Взгляд» бағдармасын жасаған Анатолий Лысенкомен, Эдуард Сагалаевпен, Марина Голдовскаямен табыстырды» дейді Ғаділбек. 1978 жылы Совет Масғұтовтың ақылымен Мәскеудің сол мықтыларымен мен де таныстым. Қазір де «КВН»-ді өзімен бірге қартайтып отырған Александр Масляковпен бірге «Горький» фестиваліне қатыстым. Солар­дың бәрі «Володя» десең болды қоғадай жапырылады екен (ондағылар Ғаділбекті орысша солай атайтын).
Мәскеуде бұлардың курсына жетекші болған Вадим Трунин (белгілі «Белорус вокзалы» фильмінің авторы) бұған «қазір Қазақстанда Маңғышлақ арқылы өтетін Самара газ құбыры тартылып жатыр. Ол өлкенің табиғаты қандай екенін өзің білесің, содан бір жақсы дүние жасауға болар еді» деп ой салған. Ондайды іздеп жүретін Ғаділбек енді «сценарлық дайын­дыққа» деп берілетін екі ай бойы Маң­ғыстау мен Бейнеу және «Жаңаөзенді» шарлады.
Маңғыстаудың «Мұнай королі» атан­­ған, автокөлік апатынан амалсыз орын­дыққа таңылған Сафи Өтебаев, аты Одаққа танымал, «Правдадағы» мақтаудан кейін атағы дүрілдеп тұрған Рахмет Өтесінов, Валери Жваний сынды болашақ кейіпкерлерімен кездесті. Ең бастысы сан ұлттың өкілдері бас қосып, тағдырларын осынау мейірімсіз құмды өлкенің қатал табиғатына тапсырған «Жаңаөзен» қаласының жарқылдаған жастары.
Несін айтасыз, шілденің шіліңгір аптабында екі ай бойы құмды шөлді кезген Ғаділбек мәскеуліктерге әуелде Африкадан келгендей көрінген. Камераның көзін көкірегіне орнатқан дарынды кинооператор Марина Голдовская қазақ жерінің эпосқа бергісіз осынау ерлік экзотикасына бар жігерімен кірісті. «Кейін АҚШ-тың Лос-Анджелестегі кинематография институтының жетекші профессоры бол­ған Марина «деректі киноның болашақ американдық шеберлерінің бірінші дәрісі әлі күнге дейін «Сынақ» фильмін көруден басталады» депті. «Демек Жаңаөзеннің сабағын АҚШ-тың Лос-Анджелесі мойындаса жаман болмағаны» дейді қашанда қарапайым, сол сақи қалпынан аумайтын, мақтауды жақтыра бермейтін Ғаділбектің өзі.
Енді осы «Сынақ» фильмі бас кейіп­кер­лерінің бірі Рахмет Өтесіновтың Ғаділ­бектің «В пустыне каждый на виду» («Құба түзде кім биік») деген кітабында жаз­ған мақаласынан үзінді келтірейін.
«Шалахметовтар әулеті елден ерте көтеріліп, Ресей жерінде кәсіп еткен. Ғаділбектің әкесі Мінәж Астрахан, Сталинград қалаларында, інісі Ахон Саратов, Түмен облыстарында тұрған.
1976 жылы Марина Голдовская екеуі салып отырып Ақтауға, Жаңаөзенге жетіп келді. Міне, біздің танысқан, табысқан кезіміз осы. 1977 жылы менің 50 жылдық мерейтойыма қатысып, сол жылы «Сынақ» атты деректі фильм түсірді. Фильм бірден көзге ілініп, Константин Симоновтың алғысөзімен Орталық теледидардан көрсетілді. 1978 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығын алды».
«Сынақ» фильмі Ғаділбектің теледи­дардағы алғашқы жеті жылда жеткен кезекті, үлкен жеңісі болды.

«Ырғақ» операциясы»

1987 жылдың қаңтары Ғаділбектің Мемлекеттік Телерадио комитетінің төрағасы болып тұрған кезі. Мұндағы аймақтық басқарманың редакторы Мұқай Байсейітов және мен («Алатау» арнасының бас редакторы) үшеуміз Орал тауының оңтүстігіндегі Челябинск қаласында өтетін, өнеркәсіп тақырыбына жазатын жүрналистердің Бүкілодақтық конференциясына баратын болдық. Алматыдан ұшып Қостанай қонып, одан ақ боранның астында пойызға мініп, түнқата жүріп, таң ата Челябіге жеттік. Ортасында өзені бар үлкен бір кең сайдың ішіне өрлей орналасқан өндірістік қала екен. Кезінде мұнда қазақтар «шотаяқ» деп атап кеткен атақты «ЧТЗ» трактор зауыты болған.
Одақтың 15 республикасынан келген журналистердің арасында Ғаділбекті білмейтіндер кем де кем болып шықты. Бірінен соң бірі келіп, қол алысып, «Ыр­ғақ» операциясынан» алған әсерлерін айтады. Маңғышлақтың мұнайы мен Екібастұздың көмірін сұрайды. Ал, Мұқай екеуміз Ғаділбектің сол «Ырғақ» операциясы арқылы Одаққа танымал болған, Одақтық өнеркәсіп министрлерінің өзін өткір де тосын сауалдарымен тұқыртып тастайтын керемет тележүргізушінің экран­дағы бейнесін ұмыта бастап, енді оған тек «төраға» деп ләппаймен ғана қарайтын сияқтымыз. Қазекемнің «шам­ның жарығы түбіне түспейді» деген сөзін сонда түсіндім. Тағы да сол атам қазақтың «ауылдағының аузы сасық» дегеніне әуелден етіміз үйреніп кеткен. Конференцияның сол бірінші күні Ғаділбекке сөз берілді. Ол жалпы жаңа өнер – теледидардың құдіретін Американың «Голливудына» теңеді. Сол құдіретті өнердің күшін дұрыс пайдалана алмай, Одақ дамуына лайықты үлес қоса алмай отырғанымызға тоқтала келіп, СССР-дің қазіргі даму қарқынын бір орнында тұрған, бірақ, бізге зулап келе жатқандай көрінетін пойызға теңеді. «Оның жүрісін біз, сол жолаушы пойызының ішіндегі совет адамдары арттағы рельсті пойыздың алдына әкеп қайта төсеген кездегі айқай-шу, ұраннан ғана сезінеміз. Енді тек паровоз доңғалағын рельске тигізбей көтеріп қою ғана қалды. Сонда бір орында тұрып-ақ құстай ұшып, Американы қуып жетіп, басып оза береміз» деді. Залдағы журналистер ду шапалақ ұрды.
Конференциядан кейін оңаша қал­ғанда:
– Әлгі келтірген теңеуің ертең басыңа сойыл боп тимей ме? – деп сұрадым.
– Одан қорықпаймын, «отыз жеті» енді қайтып оралмайды, – деді ол, – СССР-дің тоқырауда екенін бәріміз де білеміз, бірақ, бір-бірімізге қарап өтірік күлеміз, – деді, өзі де кеңкілдей күліп,- былтыр «86»-ның кезінде мен Мәскеуде едім, Республикаға тек қазақ тілінде хабар тарататын телеарна ашуды талап еткенмін, сонда ондағылар мені «сен де ұлтшылсың» деп айыптаған, – деді.
– Сонда өзің бес жыл бойы тер төккен, одақ көлеміндегі жеті бірдей өн­ді­рістік аймақты бір «ырғаққа» түсіріп, жан бітірген, ақыры әлемде теңдесі жоқ жылу энергетикалық кешені болып іске қосылған Екібастұзың да тоқырауда ма, – деп сұрадым.
– Жоқ, – деді ол, – түбінде көшпенділер өрениетінің қойы мен жылқысын былай қойғанда Қазақстанды қаржымен асырайтын үш ғаламат бар. Ол Арқаның астығы, Екібастың көмірі және Каспий мен Маңғыстаудың мұнайы. Бірақ, – деді сөзін жалғап, – біздегі имперлік саясат о бастан бүкіл 15 республиканы бірінсіз бірі күн көре алмайтындай етіп, өрмекшінің торындай шырмап тастаған. Дегенмен, осы қалпымыздан аумайтын болсақ ол тордың да сетінейтін күні алыс емес.
Айтса айтқандай, айналдырған үш жылдан кейін КСРО күйреп, тәуел­сіз­дігімізді алғанда Ғаділбектің сондағы сұңғылалығына тәнті болдым.
Жалпы кеңестік ақпарат құралдары, оның ішінде қазақ журналистикасында өнеркәсіп тақырыбын жете зерттеп, толғақты мәселелерді талдап, оның шеші­мін көрсетіп өндіріске өз сеп­тігін тигізген журналистер кем де кем болды. Қазақ радиосының өндіріс бөлі­мін басқарғанда «Мыңдар жарысын» ұйымдастырып, кәсіпорындардың зәру мәселелерін талдамақ болған өзім де «Мың да бір рахмет», «Атамекен» деп адам тағдырына ауысып кеттім. Ал, Ғаділбек техникалық институтта оқығанынан ба, әлде ақыл-ойы­ның өрелі биіктігінен бе, әйтеуір, Еуразия кеңістігінің «көк сандығында» керемет журналист-тележүргізуші болды. Сол сексенінші жылдары теледидарда «насихатты» басқарған Ғаділбектің өзі оны былай баяндайды:
– Екібастұз жылу-энергетикалық кешені Кеңестер Одағының ең соңғы алып құрылысы болды. Екібастың көмірін қазатын, қуатын құлақ естіп көз көрмеген керемет «Богатырь» кенішін іске қосып, Екібастұз ГРЭС-ін салып, жоғары вольтті электр желілерін тарту керек болды. Қазақ теледидарының осынау өнеркәсіп эпопеясы болған «Ырғақ» операциясын» жасағанда біз солтүстік Қазақстанда, оңтүстік Оралда теміржолда түнеп, көмірдің қалай тасылатынын көрсеттік. Ең бастысы сол эпопеямен елге танымал болған кейіпкерлерді таптық. Олардың екеуін ғана айтайын – Нығметжан Есен­ғарин және Юрий Лавриненко. Ал, менің командам Галина Күзембаева, режиссер Клара Байметова, кинооператор Алексей Чапенко. Бәріміз бес жыл бойы көмір кенішінен шықпадық».
«Ырғақ» эпопеясы қазақтың Екібас­тұзын күллі әлемге теңдессіз еткен Ға­діл­­бектің тағы бір ерен еңбегі еді. 1982 жылы сол еңбегі үшін СССР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.

Бір ізет

«Министр дәрежесіндегі қызметке ұлтымыздың ардақты ұлы Д. Қонаевтің өзі тағайындаған ҚазССР мемлекеттік телерадио комитетінің соңғы төрағасы мен болдым» дейді Ғаділбек. Бұл кез Камал Смайыловтың «Ақ үйге» ауысып, орнына Ғаділбек келген 1986 жылдың жазы еді. Алматының әдемі, сырты Маң­ғыстаудың ұлутасымен қапталған «Самал» ауданындағы өзі кірмек болған төрт бөлмелі кең үйін Ғаділбек сонда маған бергізген.
Сол жылдың соңында Американың картасы маңдайына мөр боп басылып, қалы боп қатқан Михаил Горбачев Қонаевтың орнына қанішер Колбинді жібергенде күллі КСРО-ны сеңдей соғып есеңгіреткен, аз ұлттардың есін жиғызып, еңсесін көтерген Алматы жастарының желтоқсан желі соққан дүрілдеп!
Жел емес, дауыл басылғанда жас­тарды жазалаған қаңтар мен ақпанның аязы қарыды қазақты… Қайтадан жаз келді, «Ақ үйдің» маңы гу-гу әңгіме. «Асқаровты отырғызыпты. Ендігі кезек Қонаев көрінеді». Соны ести сала Ғаділбек қызметтен кеткелі кешегі қаптап жүргендерден қасына жан жуымаған Қонаевқа сәлем беруге барды. Қария қатты қуанып қалды… Колбиннің Мәскеу прокуратурасынан арнайы тергеуші шақыртқанын, ол алты ай бойы тіміскілеп түк таппағанын, керісінше, өзіне тиесілі академиктік жалақысын жетімдер үйіне аударып тұрғанын білгенін, ақыры Ас­қаров арқылы ілік таппақшы болып оны да қатты қинағанын, одан да түңілген соң арнайы тергеушінің өзі орнынан түсіп, қызметтен кеткеніне дейін асықпай айтып қария біраз шерін тарқатты…Қайтарында Ғаділбек:
– Түркияның Анталиясына барып емделіп, тыңайып қайтуға қалайсыз? – деп қолқа салған.
– Оған баратын қаржым жоқ қой менің, – деп, Қазақстанды 25 жыл басқарған қария биязы жымиды.
– Бұған алаңдамаңыз, – деп Ғаділбек достарымен бірігіп, 600 доллар жинап қарияны Анталияға жіберген.
Әрине, бұл ұлтжанды ұлдың қазақтың ұлы тұлғасына деген қарапайым ғана бір ізет-құрметі болатын..

«Мир» компаниясы

«Тәуелсіздік таңы атып, жаңа заман келгенде алдымызда ынтымақтастық теледидарын ашу міндеті тұрды. Қазақстан Президентінің таңдауы маған түсті. Жаңа теледидарды ұйымдастырушы ретінде ол мені Б.Ельцинге және ТМД басшыларына тапсырды.
Мемлекетаралық «Мир» телерадиокомпаниясын ашуға мен бар тәжірибемді жұмсадым. Қазір «Мир» жаңа заманды бастан кешіріп отыр. Ынтымақтас елдер басшыларының саммитінде Владимир Путин «мемлекетаралық «Мир» компаниясы Кеңестер Одағының бұрынғы аумағындағы біртұтас ақпараттық кеңіс­тіктің орталығы болуға тиіс» деді.
ТМД-ға өзім қосқан үлестің бағасы да, меніңше, осы сөздермен айқын айтылған деп есептеймін», – дейді Ғаділбек.
Әрине, күллі Еуразия кеңістігі көретін телерадио ашу үшін тек тәжірибе ғана емес, терең білім, талмай ізденіс, өресі биік ақыл-ойдың парасаттылығы керек-ті.
Ғарыштық энергия толқындарының ортасында жүзіп келе жатқан жер шарының көрінісімен 1993 жылдың 20 маусымында «Мир» компаниясының алғашқы хабарлары көрсетілді. Ғаділбектің өміріндегі ең бақытты күндерінің бірі осы еді. Мұны Л.Н. Гумилевтің «Этногенез және жер биосферасы» (абақты топтамасынан) атты кітабінің бірінші басылымына жазған алғы сөзінде Ғаділбек былай толғайды:
«Біздің ғаламшарымыздағы тіршілік биологиялық талшық түрінде пайда болды, одан миллиондаған жылдар өткенде материя мен рух өздерін адам ретінде сезіне бастады. Сөйтіп олар өлі мен тірінің тылсым құпиясын алдымен тасқа қашап, одан сүйек пен ағашқа ойып, метал мен қағазға түсіріп, ақыр соңында электрондық эфирдің көзге көрінбейтін талшықтарын тоқып үйренгенге дейін жер мәдениетінің жылнамасын жасады. Тек сонда, жер бесіктің үстіндегі зеңгір көкке көтерілгенде ғана олар өздерінің бір үйдің балалары екенін анық сезінді. Ал, біздің сенгіміз келетіні планетамыздың алты құрлығының біреуінің үстінде ноос­фераның ерекше ғаламат руханият шұғыласы төгіліп тұр. Ғаламшарымыздың нұр-тәжі дегеніміз осы. Онда жер бедері бірегей Еуразия кеңістігінде ғұмыр кешкен және қазірде өмір сүріп отырған сан түрлі халықтардың ең таңдаулы адамдарының өлмес ойлары мен өрелі ұмтылыстары өрілген. «Мирдің» басты міндеті өзінің телерадио арналарында Отанымыздағы осы ғаламат шұғыланың бар бояуын ашып айту, жете көрсету.
Ал, егерде, жұмыс туралы айтсақ, бұдан 400 және 200 ғасыр бұрын өзінің туған даласынан, Алтай мен Сібір орман­дарынан Беринг бұғазы арқылы Тынық мұхиттан өтіп, Американың ұлан-ғайыр жайылымына жеткен өзіңнің туыс­тарыңды есіңе ал. Өз жолында олар «бейбіт әлем» ұғымының аян-белгілерін жасынан жадына құйған, өмірге өздері әкелген халықтарды қалтырып отырды».
Осы «МИР» атауының мағынасын сіз қалай қазақшалар едіңіз. Кеңес кезіндегі «Бейбітшілік» сөзін қазір қатып қалған таптаурын, жаттанды деп санамыз қабыл­дамайтын болды. Әлде «Әлем» дейсіз бе? Оны да қазір оңды-солды кө­рінген жерге қолданып қадірін қашырып жүрміз. Болмаса «Дүние» деген дұрыс па? Ол телекомпанияның табиғатына сыңаржақ сияқты, келіңкіремейді. Ойлана келе мен мұны екі сөзбен «Бейбіт әлем» деп алдым. Ал, Ғаділбек «Мир» компаниясының атауын алдымен жаңағы өзі жазған ноосферада шұғыла шашып тұрған «өлмес ойлар мен өрелі ұмтылыстардан» іздеді. Солардың бірі испан биологы, Нобель сыйлығының иегері, 8 жыл бойы Юнеско-ның Бас директоры болған, 2000-шы жылды «Бейбіт әлем мәдениетінің жылы» деп атауды артына өсиет еткен ғұлама Федерико Майор. Оның айтуынша «Әлемде бейбіт ғұмыр кешу – әр адамның азаматтық қақысы!» Өзі бүкіл өмірін арнаған осы «Бейбіт әлем мәдениеті» («Культура мира») идеясының авторы да сол.
Енді, одан да тереңірек, осы Майор сияқты мықтылардың «өлмес ойлары өрілген» ноосфераға келейік. «Белгілі энциклопедияларда, – дейді Ғаділбек «Ноосфераның 40 октавасы, немесе, В.И. Вернадскийге 150 жыл» деген жазбасында, – дүниенің қазіргі таңдағы заманауи ғылыми картинасының қалыптасуына Вернадскийдің идеялары аса көрнекті роль атқарды. Оның жаратылыстану және философиялық мүдделерінің мақсаты биос­фера (тірі заттың жасыл қабатқа орануы) және сол биосфераның ноосфераға айналатын эволюциясында адамның ақыл-ойы мен қайраткерлігі, ғылыми жаңалығы дамудың негізгі факторы болып табылатын ноосфера туралы біртұтас ілім жасау болды» делінген. Одан әрі Ғаділбек ұлы ғалым,Украина ҒА-ның тұңғыш президенті, СССР ҒА-ның толық мүшесі В.И. Вернадскийдің 1941 жылы СССР ҒА-сын Томскіге емес, Бурабайға көшіргісі келгенін, «Ноосфера» кітабін жазуды сол Бурабайда бастағанын, өзінің досы СССР ҒА президенті В.Л Комаровқа «Қазақ ССР ҒА-ның болашақ президенті тек қана геолог Қаныш Сәтбаев болуы керек» дегенін, 60 жыл отасқан жары Наталия Егорқызының Бурабайда жерленгенін, сол Бурабайда Абылай мен Вернадский екеуіне бір мұражай ашылғанын, «бұл қалай?» деп сұрағанда мұражайдың иесі Әмина апай Тұрсынбаеваның ойланбастан «Вернадский Кеңес ғылымының Абылай ханы, өзім де Абылайдың ұрпағымын, сондықтан, біз өзімізді ұмытуға ешкімге жол бермейміз» деп жауап қатқанын жазады.
Сондай-ақ, Ғаділбектің өзі осы В.И. Вернадскийдің «Сәуле таратудың 40 октавасының көзге көрінетін бір ғана бөлігі – күн спектрі» деген сөзін Астанада өтетін халықаралық «Экспо-2017» көрмесіне «Болашақ энергиясы» тақырыбымен эпиграф етіп алуға болар еді деген идея ұсынды. Оның бұл идеясы 4 жылдан кейін жүзеге асқанын көз көрді.
Ғаділбекті жас кезінен-ақ біз «идея генераторы» дейтінбіз. Сондай идеямен «Мирді» ашқан соң ол енді ұлылармен «араласа» бастады. Күллі түркі әлемі пір тұтатын, тарих ғылымының теңдессіз ғұламасы Л.Н Гумилевтің артында қалған жесіріне әлі күнге көмектесіп тұрады. Ғалымның 25 томдық толық ғылыми жинағын осы ХМТРК қаржысына басып шығарды.
Адуынды қос ақын Николай Гумилев пен Анна Ахматовадан туған Арыстан туралы «Ұлы орыстық патриотизм тұрғысынан қарағанда бұрын да, қазір де орыстан басқа халықты оңды көрсету дұрыс болмайтын. Оның үстіне бұның «бөрінің бөлтірігі» екенін қоссаңыз орыстардың оны дәріптемеуін түсінуге болады. Сондай адамды реабилитация жасап, оның тарихтан тиісті орнын алуын жалықпай насихаттап жүрген Ғ.Шалахметовтың еңбегін ерлік демеске шараң жоқ. Астанадағы Еуразия университетіне Гумилевтің аты берілді, Ғаділбек арқылы Гумилевтің аты өз Отаны Ресейден гөрі Қазақстанда көбірек танымал», –деп жазады Ғаділбектің аға – досы Р. Өтесінов.
Ғ.Шалахметов «Мирде» жүріп Амери­каның бұрынғы президенті Джимми Картермен танысады. Картер ол кезде «АҚШ-ТМД екі жақты халықаралық комиссиясының тең төрағасы, ал, Ғаділбек сол комиссияның мүшесі болатын, екеуі­нің арасы достыққа ұласады. Картер 72 жасында өлең кітабін шығарады. Ғаділбек оны орысшаға аудартып, өз қаражатына бастырып шығарарда кітапқа алғысөз жазуға Картердің рұхсатын сұрайды. Картер оған алғысын айта отырып келісімін береді.
«Несі бар, – дейді мұны Ғаділбек, – ол Американың бұрынғы президенті болса, мен ХТРК «Мирдің» қазіргі президентімін, ол поэзияға жаңа араласқан жас ақын болса, мен бұл салада «тас шай­наған» тарлан едім».
Ғаділбек, тіптен, Кеңес кезінің өзінде Алматыға «Денсаулық сақтаудың Халық­аралық конгресіне» келген АҚШ сенаторы Эдвард Кеннедимен, ал, «Мирде» БҰҰ бас хатшысы Бутрос Галимен, Шыңғыс Айтматовпен, президенттер Асқар Ақаевпен, Эдуард Шеварднадземен тағы басқа да көптеген тау тұлғалармен сұхбат құр­ды. Ресей жаратылыстану ғылымы Ака­демиясының мүше-корреспонденті, ғылым докторы, мәдениеттанушы ғалым ретінде та­нылған, «Әлемнің ұлттық образы» атты көптомдық топтаманың авторы, жазушы Георгий Гачевтің өзі Ғ.Шалахметов пен Н. Сқақовтың Мәскеу­дің «Еуразия» баспасынан шыққан «Пирамида принципі» деген кітабы туралы «Пассионарлық Қа­зақстан және оның ойшылдары» атты философиялық ойтолғамын жазды. Демек, Г.Гачевтің өзі Ғаділбекке ойшыл, яки, философ деп баға берген. Ол дүниеден өткенде (2008 ж.) Ғаділбек қайғы-мұңын күнделігіне өлеңмен жазды.

Достар. Соңғы экспедиция.

Шолпан туралы кітаптың тұсау­ке­се­рінде Ғаділбек маған «Литер» газетінің осы жылғы 10 ақпанда шыққан сенбілік санын «Мә, саған әкелдім, сен мұндай газеттерді оқымайсың ғой» деп қолыма ұстата салды. Бұл әдетті біз алғашқы ұстазымыз, Қазақ теледидарының көкжиегінде көрінген тұңғыш жарық жұлдызы болған марқұм Совет Масғұтовтан үйренгенбіз. Қолына түскен жақсы кітап, не баспасөздегі бір жақсы дүние болса «оқыңдар, біліңдер»деп бізге де әкеп беретін. Газетте «Однажды и на всю жизнь» («Бір мезет және бар ғұмыр» Қ.И) деген тақырыппен қос бетке айқара басылған мақаланы көрдім. Соңына көз салып, бұдан 5 жыл бұрын дүние салған марқұм, қазақтың аса аяулы азаматтарының бірі, өзі де, жаны да сұлу жазушы «Сәтімжан Санбаев» деген жазуды оқығанда көкірек шіркін шым ете түсті. Сәкең менен бір жас үлкен еді. Мен оны қазақтығыммен «Сәке» деп кеткем.
Мақала басында редакция атынан «Назарларыңызға қазақтың белгілі жазушысы С.Санбаевтің 2012 жылдың соңында өзінің жақын достарына арнап жазған, бірақ көзі тірісінде еш жерде жарияланбаған мақаласын ұсынып отырмыз», – депті.
Тұсаукесерге таныстар жиналып жатыр. Мен Ғаділбек екеуіміздің ортақ досымыз Әбекең (кинорежиссер Амангелді Тәжібаев) келіп қалар деп алаңдадым. Артынан хабарласқанда ауырып қал­ғанын айтты, былтыр ол да бұрынғы Нұрпатшасынан кейін Қарагөзінен қапыда айрылып қалған. Қазір Ғаділбек екеуі сырластан гөрі мұңдас достар. Жұрт жиналғанша деп қайтадан газетке бас қойдым.
«2013 жылдың табалдырығында тұрып, әлдеқандай қуанышты хабар ала­тындай болып тап қазіргідей қатты толқымағаныма көп болған, – деп бастапты Сәкең, – оның ешқандай құпиясы жоқ, тап осы жылы менің үш досым – Мұрат Әуезов, Тимур Сүлейменов және Ғаділбек Шалахметов 70 жасқа толады… Мен бұ­ларды 1968 жылдан білемін. Онда 25-тегі жігіттер еді. Қазір олар өмірдің экваторынан аттап өтіп, бұдан үш жыл бұрын мен шыққан жотаға қарай өрмелеп келеді…».
Одан әрі Сәкең Махамбеттің «Біз Өтемістен он едік, онымыз атқа қон­ғанда, жер қайысқан қол едік» дегенін келтіріп, археолог Алан Медоев, музыка зерттеушісі Болат Қарақұлов, биолог Мұрат Ғилманов, суретшілер Салахиддин Айтпаев пен Мақұм Қисамеддинов, журналист Ғаділбек Шалахметов, дизайнер Тимур Сүлейменов, дипломат Болатхан Тайжанов, шығыстанушы, әдебиетші Мұрат Әуезов деп 9 жігіттің атын атайды (өзімен он ғой). Солардың арасынан алдымен «Жас тұлпардан» кейін әр қадамы аңдуда болған Мұрат Әуезов және аналары «халық жауының әйелдері» атанған, екеуі де бала кезден тапшылық тақсіретін тартып өскен Тимур Сүлейменовке тоқталады. Мұратты Алматыға сиғызбаған кездерде оның қазіргі Атырау, ол кездегі Гурьевтің Ма­қат мекеніндегі өзінің анасы Жәнияның қолын­да тұрғанын, Алматыда үйсіз-күйсіз жүргенде өзінің де бала-шағасымен Мұраттың пәтерін паналағанын, көп жылдардан кейін Мұраттың «Уйти, чтобы вернуться» деген кітап жазғанын, ондағы «Мақат», «Дели», «Есентай», «Главпочтамт» атты эсселері қазақ әдебиетінде елеулі оқиға болғанын айтып, Мұраттың өзін «ойшылдарды бағаламайтын елдегі нағыз ойшыл» деп бағалайды.
2004 жылы Ғаділбек өзінің достарына «Мұнай және мәдениет» деген атаумен ғылыми-мәдени экспедиция жасауды ұсынады. Бұл эккспедиция Үстірттің мәдени ескерткіштерімен қоса Маңғыстау облысын, Мақат, Қызылқоға, Махамбет, Индер аудандарын қамтыған Атырау облысы, одан әрі Каспий жағалауындағы қазіргі Астрахан губерниясымен шекаралас Исатай, Құрманғазы аудандарын аралап Астраханда, анығырақ айтқанда Еділдің ен жатқан алып атырауындағы аралдарында аяқталуы тиіс болатын,
«Ғаділбектің мұндай экспедицияны әдетте ақылға қонбайтындай, әлдеқандай бір жарқын аккордтармен аяқтайтын тапқырлық қасиетін айтпай кетуге болмайды, – деп жазады Сәкең, – Кезінде ноғай-қазақтың Шалкиіз бен Доспамбет, Мөңкеұлы Мұрат жырлаған Еділдің жарқырап жатқан кең қолтық атырау айдынын бір сәт көз алдыңызға келтіріңізші. Сол айдынның үсті ал-қызыл өрттей жанып, жапырағын жайып, әрқайсысының көлемі кісінің бүге жайған алақанындай болып қауызын жаңа ашып, жаңа гүлдеген лала гүлдеріне толы. Мұны «гүл теңізі» деуге болар еді, сол теңіздің жағасында Будданың құдды қола мүсініндей қатып қалған бір сұлба тұр. Бұл кім десек, ол шіркін, лаланың гүлдегенін бір көруді өмір бойы армандаған бір жалғыз үндіс болып шықты. Ол өз халқының жанға дауа санайтын қастерлі гүлінің тым құрыса гүл ашқан бір жапырағын көріп, оны еліне емге апару үшін күллі жаһанды кезіпті. Ол енді, міне, лаланың жалғыз жапырағы емес, жайқалған теңіз болып Ғаділбектің кіндік кесіп кір жуған туған жерінде тұр. Бұл неткен бақыт! Осыдан кейін оның қиялға толы, бірақ бізге, достарына өмірлік қажетті, шытырман оқиғаларға толы қызықты бастамаларына қалай ілеспейсің?!
Бұл шынында да ғажап сапар болыпты. Мақаттағы Қазақстанға еңбек сіңірген алғашқы мұғалімдердің бірі Хамза Санбаев (1948 ж.) атындағы орта мектепте болып, Мұқыр стансасының маңындағы елсіз даладан Махамбеттің шәкірті, шерлі ақын Шернияздың шөп басқан құлпытасын тауып, басына тәу етіпті. Тайсойған мен Қызылқоғаның құмдарын басып, Сырым Датұлы мен Махамбеттің патша әскеріне қарсы қайтадан қол жинаған жерлеріне, Сәкеңнің бабалары Секер мен Ботақан батырдың мүжілген моласына барыпты. Олар туралы Сәтімжан «Мәңгі шайқас» деген алғашқы кітабін жазған. Одан әрі қазіргі Ресейдің Алтынжарындағы Құрманғазы мен Дина және Махамбеттің кесенелерін көріпті.
Осынау алыс сапарға Алматыдан әлі толық емделмей шыққан Сәкең жолда қатты ауырыпты. Сонда Мұрат бұған өзінің түйе жүнінен тоқылған жылы свитерін кигізіпті. Сөйтсе мұны Мұратқа Моңғолияда, кезінде Шыңғысханның әскер басыларының бірі болған керей батырдың ұрпағы саналатын бір сұлу қыз сыйлаған екен.
«Мен Еділдің бойына, Ғаділбектің туған жері Үлкен Банкіге келгенде тәуір болдым. Көк шөптің иісі мен теңіз тұ­зының дәмін сезіндім… Өкінетінім тек Құрманғазы мен Дәулеткерейдің еліне, Исатай мен Махамбеттің жеріне, бабаларымның бірі, Бөкей ордасының теңіз бойындағы екі губерниясын билеген тарихшы, этнограф Мақаш Бекмұхамбетов пен елінің өзі «екінші Шоқан» атаған Мұхамбет – Салық Бабабажанов жүрген жерлерге жас кезімде келе алмағаным ғана. Қазір бұл тұлғалар туралы роман жазып жүрмін…Сол сапарда сырқаттан өзіме келіп, еңсе көтерген сәттерімде мен даланың жолдарына, өзімнің достарыма деген рахмет-алғысымды қайта-қайта қайталай бердім…» деп аяқтайды әңгімесін Сәкең. Бұл, сірә, жазушының өзінің жан қимас дастарымен соңғы қоштасуы болған сияқты.

Сөз соңы

«Пингтон Гардинг» қонақ үйінің алдында Ғаділбек өзі жалғыз тұр сорайып, қолында шылым.
– Қайда жүрсің, біз сені іздедік қой?
– Ұлттық арна сұхбатқа шақырып еді, қонақ үйлеріңіздің атына тілім келмейді, жазып алғаным жақсы болыпты, таксимен келдім.
– Жарайды, мә, кітабің, атын «Елдидар» деп сен қойыпсың ғой, маған ұнады, бәрін таратып әкетті, мынаны саған алып қойдым, – деп Қазақ теледидарының жалғыз шежірешісі, шағын бір институттың жұмысын бір өзі атқарып жүрген ғылым докторы, профессор Құдайберген Тұрсынның құрастыруымен 60 жылдыққа арнап «Қазақстан» Ұлттық арнасы шығарған ап-ауыр, үлкен, әдемі кітапты ұсынды, – қазір министр келеді, сөз сөйлейсің, сөлкебай тағасың, асықпай шылым шегіп ал, мұны қоймайтын болдық қой…
Іште қаптаған камера. Ғаділбектің «Қазіргі заманда адамды алдымен камера іздеп табатын болды, содан соң журналистер, бұл жақсылық» деп жазғаны бар еді. Тағы да «қолды» боп кеттік.
Енді бір қарасам, Ғалекем кілең жастардың арасында, өзінің Мұқағалидан орысшаға аударған өлеңдерін оқып отыр. Оның «Менің ең осалдығым – жастарға деген жаңылмас махаббатым» деп жазғаны бар және онысы рас та. Көз алдыма баяғы 70 жылдардағы Қазақстанның барлық студияларынан жылына бір рет жиналатын «Жолдас» телефестивалі, ондағы қыз-жігіттер келді көлбеңдеп. Сондағы жастардың жалғыз «кумирі» осы Ғаділбек болатын. Тап қазір менің де осы жастардың арасына барып, оларға бұл қарияның 1996 жылдан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», 2001 жылдан Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, «Құрмет белгісі» ордені мен толып жатқан алтын медальдардың иесі, көптеген ғылыми-публицистикалық кітаптардың авторы, Ресей зиялылары «ғылым мен өнердің серісі» деп атайтын мәдениеттанушы, философ, қазір Л.Н. Гумилев атындағы Ұлттық Еуразия университетінде ЮНЕСКО-ның этникалық және діни толеранттық бойынша халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі екенін айтып, ең бастысы – жоғарыдағы жалғыз иеміз, менің ойымша, осы Ғаділбекке ғаділдік жасап, оны ғаламшардың ең жаңа және құдіретті өнері, қазақтың маңдайына тәңірдің өзі жазған Қазақ Теледидары үшін арнайы жаратқан сияқты дегім келді.

Алдыңғы «
Келесі »