ТИБОР, ҚОҢЫР ЖӘНЕ СЕЙІТБЕК

  • 08.11.2012
  • 9554 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бұл түркі әлемінің туыстық һәм достық, жалпы рухани байланыстарына өзіндік жүрек лүпілімен, нақты зерттеуімен үн қосқан осы үш тұлғаның – қыпшақ мадьярлар (Венгрия) Тибор Тот пен Қоңыр Мандокидің және торғайлық қыпшақ Сейітбек Нұрхановтың азды-көпті еңбегі ұрпақ кәдесіне жарарлық мән-мазмұнымен дараланып тұрады. Жаратылысы бөлек, зейіні ерек, ұлттар жақындасуының озық үлгі-өнегесін, ғалымдық күш-жігерін көрсеткен бұл абзал жандарды қысқа түйіп, тағдырлас тұлғалар десек, жарасар. Елдік байлам, тұжырым жасай білетін де осындай ақыл-ойдың иелері болса керек. Түркі әлемінің әр шалғайында туып, мол біліммен сусындап, адамзат проблемасына қатысты жанкешті ізденіске бүкіл саналы ғұмырларын сарп еткен дарабоздардың тындырған жұмыстары қайран қалдырады.
Белгілі ғалым Тибор – 1960-шы жыл­дар­дың ортасында мадьяр және қазақ халықтарының шығу тегіндегі тарихи байланысты жаһан кезіп, зерттеуді қолға алуымен-ақ, соңына ұлан-асыр нақты мұра қалдырған тұлға. Атақты түрколог Қоңыр болса, ол Түркі ұлысының күнбатысы Мажарстанның Ұлы Құмания мекенінде дүниеге келген қыпшақ ұланы. Ол – 1965 жылдан бері Балқан, Польша түріктерінен бастап, Орта, Кіші: кіндік Азия, Орал, Алтай, Памир, Орхон бойына дейін сан-алуан ғылыми экспедициялар жасап, түркі халықтарын жан-жақты зерттеуде айтулы үлес қосып қана қоймай, олардың рухани ынтымақтастығы үшін аянбай тер төккен, араларына алтын көпір орнатқан асқан білімпаз еді. Ал, қабырғалы қазақ ғалымы, энциклопедиялық білім иесі, Торғай өңірінің мақтанышынан еліміздің біртуар батагөйіне айналған Сейітбек бүгінде сексеннің сеңгірінен асса да әлгі рухани қос досының орнын жоқтатпай, олардың мұраларын тың көзқараспен безбендеп, ой қорытып, әлемдік ғылыми айналымға қосып жүрген ұлтжанды қария. Жазып та, айтып та, нақты ісімен де ғалымдық парызына адалдығын әрдайым дәлеледеп жүрген көнекөз, көкірегі көмбе сұңғыла кісі.
Тибор Тоттың қазақ ғалымы Сейітбек Нұрхановпен бірге 1965 жылы сәуір айын­да Қостанай облысының Жангелдин, Таран аудандарына барып зерттеп қайтқан мадиярлары – арғын ішіндегі мадиярлар. Осынау ғылыми экспедицияның қорытындысы есебінде антрополог ғалым Т. Тот 1966 жылы мадьяр тілінде «Ежелгі мадьярлардың қазіргі жұқанасы» дейтін зерттеуін Будапешт қаласында басып шығарды. Сондай-ақ, бірнеше еңбектері Алматы қаласында салалық журналдарда жарық көрді. Оның қазақ тіліне аударылған «Мадиярлар Қазақстанда мекендейді» атты сұхбатымен қазақ оқырмандары 1967 жылы танысып, мол кәде-сыйға кенелгендей болды. Әрине, бұл жазбаларды терең зерделеп, жан-жақты пайымдай түсу –уақыт еншісіндегі іс. Үлкен іс мінсіз болмайды. Әлі де баса ден қоятын тұстары жетіп жатқандай. Ең негізгісі этнография, археология, антропология, тіл білімі ғылымдарының бүгінгі табыстары түбі бір туыстықтың айшықты ақиқатын айғақтайтындай.
Филолог-ғалым С. Нұрхановтың дәлел­демесіне сүйенсек, қазақ елі мен мадьяр жұртының тарихи тамырластығын жақсы түсіну үшін Дунай мадьярларының тарихына көз жүгіртуге тура келеді екен. Венгрияда өз халқын мадьяр деп айтып-жазатыны белгілі, ал, бізде мадияр делінеді. Мадьяр халқы осы күнгі мекеніне 897 жылы барып орналасқан екен. Демек, бұл жұрттың Дунай өзенінің бойын жайлағанына биыл 1114 жыл толыпты. Мадьярларды бастап барған көсемі Арпад есімді князь екені тарихи деректерден белгілі. Арпадтың ұрпақтары 1000-1301 жылдардың арасында, яғни, 301 жыл бойы, мемлекет билеуші династия құрған көрінеді. Осылайша мадьяр халқының бастан кешкен тарихы, шығу тегі туралы мәселе шытырман әрі қызық болып жүлгеленеді екен. Бұл сөзімізге дәлелді мадьяр тарихшысы, академик Эрик Мольнардың: «Мадьяр халқының көне тарихы қазіргі Кеңес одағының жерінде өткен» деп, 1955 жылдың өзінде жария еткенінен келтіруімізге болады.
Үлкен проблеманың шеті-шегі оңайлықпен ұстатпайтыны тағы білгілі жайт. Т.Тот Қостанай облысына келіп кеткен соң, 1965 жылдың 16 қазанында Сейітбек Нұрхановқа жазған хатында былайша мәлім етеді: «…Но, между тем, я был делегатом нашей академии на ІІ-ом международным съезде финноугроведов в Хелсинки и выступил с докладом на немец­ком языке на тему: «Проблема этно­генеза древних венгров». В докладе высказался относительно прародины наших предков, а именно, территорией – исходной, оформления антропологического облика древних венгров считается, не Приураль а Северная Прикаспия и у нас печатается на венгерском языке: известия из Сов. Союза и в июне там было точно, хотя коротко, сообщено о том, что Т. Тот исследовал мадьяр Кустанайской области».
Ал, Т. Тоттың 1966 жылдың 25 шілдесінде Сейітбекке Будапешттен жазған мына хатының да маңызы ерекше болғандықтан толығымен келтіруді жөн көрдік: «Дорогой Сеитбек- друг! Большое Вам спасибо за очень интересные строчки. Мне уже удалось подвигаться с Шалабаевой и посоветоваться. С ней Вам пришлю список местоназваний нашей республики.
Что касается ссылки Аристова, это опять-таки очень интересная. Хотя и требует на мой взгляд, осторожности. Но если получается у Вас лично уточнение кипчакских мадияр это действительно заполняет вакуум гене­алогии аргинских мадияр. В таком случае доказывается, что промадияры про­жи­ли в Северном Прикаспии – Сарыкопи и после гуннской державы и участвовали в оформлении Дешт-и-Кипчака и более позднее одна их часть перешла в состав ар­гы­нов. Итак, много зависит от генеалогии кипчакских мадияр.
Предварительное сообщение моей коман­дировки о конраулинских группах скоро публикуется в печати и пришлю Вам. Если удастся к Вам приехать в Новом году, при­дется побывать и среди кипчакских мадияр. Крепко обнимаю, Ваш Тибор».
Міне, осы хаттың өзінен-ақ Тибордың Сейітбекті қаншалықты құрмет тұтып, зерттеп жүрген тақырыбына қатысты өзекті ойларымен бөліскенін аңғаруға болар еді. Торғай өңіріндегі арғын мадиярлардың жан санын анықтаған, олардың осы күнгі отырған жерінде 300 жылдан астам тарихы бар екенін және антропологиялық ерекшеліктерін алғаш рет зерттеп, әлемдік ғылыми айналымға қосқан атақты зерттеуші-ғалым Тибор Тот екені мәлім. Сол себепті де, бұл зерттеудің Дунай (Венгрия) мадьярлары үшін де зор мәні бар екендігіне күмәнсіз сенуге болар. Өйткені мадияр этногенезі де – қазақ халқының ру-тайпалық тегінің құрамдас бөлігі екендігін С. Нұрхановтың өзі де әрдайым дерек көздеріне сүйеніп айтып жүреді.
Ал, Қоңыр Мандокиге келер болсақ, ол Қазақстанға 1976 жылдан бастап жиі келіп тұрды. Оңғайша деген қазақ қызына үйленді. Қырық тоғыз жасында дүниеден өткенімен, соңында қыруар еңбек қалдырды. Әсіресе, ол түркологияда біртуар тұлға дәрежесіне көтерілді. Еуропадағы құман-қыпшақтар мен түркі жұрттары арасындағы тарихи-мәдени байланысты зерттеу мәселесін сапалық жаңа деңгейге көтере білген тамаша ғалым түркі халықтарының фольклоры мен әдебиетін аудару мен зерттеуге, насихаттауға зор үлес қосқан аса білімдар зиялы кісі еді.
1990 жылдардың басында Қоңырдың жазушы Темірхан Момбекұлына берген сұхбатын қазақ радиосынан тыңдаудың сәті түскен еді. Сонда, Қоңыр былай деп еді: «Венгрияда кез келген қыпшақ баласы өзін қыпшақпын деп мақтанышпен айта алады. Солардың бірі – өзім боламын. Әкемнің өсиеті, аманат сөзі: Балам, сен Орта Азияда қалған қазақ, қыпшақ туғандарыңды тапсаң, біз өте бақытты боламыз. Халқымызды қайта байланыстырсаң өте риза боламыз. Сөйтіп, бұл аманат сөзге құлақ асып, бала кезімнен бастап осы байланысты іздей бастадым». Міне, көрмейсіз бе, әке аманатына адалдықтың парқы қандай болғанын. Кейін ол сөзінде тұрып, екі елдің туыстық байланысын ақтық демі біткенше зерделі еңбектерімен дәлелдеп берген еді.
Тағдыр, талайы келісті адамдар болады. Соның бірегейі осы Қоңыр еді. Ол отыздан астам тіл игеріп, соның жиырма бірінде еңбектер жазған. Қазақша сөйлегенде қазақтар аузын ашып қалатын. Ал, жазуы да төл қазақтыкінен артық болмаса, кем емес еді. Осы арада С.Нұрхановқа жазған хатын келтірсек, айтқанымызға көз жете түсер еді деп ойлаймыз.
«Ассалаумағалейкүм, Секең ағай!
Алыс мадьяр отанында өмір сүретін қып­шақ ініңіз менен Сізге болып үй-іш, балаларыңызға сәлем жазғалы отырғаным­ның өзі маған зор қуаныш, әрі мақтан емес пе?
Үй-іш, бала-шағаларыңыз болып қалам­дас-жарандарыңыз сондай аман ба? Ардақты ағай, өз жұмыс-бабыңыз жақсы болар. Мұнда мен Алматыдан зор жігер, үлкен күшпен көңілді қайтып келіп, ескі әдетім бойынша байырғы жұмысымды бұрынғыдан да бел­сенді жалғастырып жатырмын. Бұдан бұрын мен тек бұл жердегі өмір сүретін қып­шақтардан тыс сонау Алматыдан Сіздей ағатай табылады деп, менің ойыма үш ұйық­тасам да, түсіме кірмеуші еді.
Сіздің айтуыңыз бойынша жолдаған сәлеміңізді Сіздерді сұраған қыпшақтарға, шешем болып басқа туған-туыстарымның барлығына жалғастырдым. Бәрі дағы : сәлемет болсын! Көп рахмет! – деген сияқты алғыстарын айтып мәз-мәйрам болды да қалды. Алыс Орта-Азиядағы туған-туыстарымыз қазақ халқына және Сіздің таныстарыңыз бен бізді сұрағандардың бәріне біздің қыпшақтардың атынан сәлем жолдауыңызды өтінеміз.
Сіздің маған тартуға берген кітабыңыз үшін тағы да көп рахмет! Бұл кітапқа біздің кітапханамыздың дәл төрінен орын бердік. Өйткені, бұл кітапхана тек менікі емес, біздің отандағы қазақ мұрасы мен салтына қызығатын адал жандардың барлығына көмек болады ғой!
Мен Сіздердің отанда өте аз уақыт бол­ған­мен көп туған-туысты, дос-жаранды, көп дүниені көріп қайттым. Уақыттың азды­ғына байланысты Сіздердің институттың менімен танысқан жолдастарының суре­тін алуға мұрсам келмеп еді. Егер Сіз маған барлықтарыңыздың бірігіп түскен сурет­те­ріңізді жіберсеңіздер, көптен-көп қуанар едім.
Хат соңында, ағай, Сіздің біздің отаннан қажетті дегендеріңізді жазуыңызды тілеймін. Алдағы өміріңізден бақыт, жұмысыңыздан табыс күтіп, үй-іш, бала-шағаларыңыз, дос-жарандарыңызға сәлем жолдаған Тоқсаба сүйекті қыпшақ ініңіз Қоңыр. Будапешт қаласы, 1976 жылы қараша айының 20-күні».
Қоңырдың жүрек лүпілі осы майда сөзінен-ақ ап-анық сезіліп тұр емес пе?
Ол өз өсиеті бойынша қазақ жерінен – Кең­сайдан мәңгілік тыныс тапты. Сыртта – Қап тауындағы Мақашқала қаласында ғылыми жұмыстарымен айналысып жүргенде 1993 жылы 22 шілдеде жүрек талмасынан кенеттен көз жұмған. Соңғы екі-үш жыл бедерінде өзін қазақ топырағына аманаттауды жиі айтатын болыпты, жарықтық. Сол өсиеті орындалды. Ақиық ақын Расул Ғамзатов ұшақ жалдап, асыл азамат Қоңырдың ақырғы тілегін орындаған екен! Тегін тереңнен іздеген Қоңыр осылайша жарқын ғұмыр кешкен еді…
Қ. Мандоки туралы Елбасы Н.Ә. Назарбаев: «Қоңыр екі халықтың арасындағы ұлы тарихи қандастықты жан-жақты дәлелдеп қана қоймай, ел мен елдің бірлігі, ортақ мәдениеттің гүлденуі, өзара қатынастардың кемелденуі жолында аянбай еңбек еткенін қазақ халқы мақтанышпен жадында сақ­тайды, үлгі-өнеге тұтады», – деп жазған болатын. Бұл зор баға әрдайым Қоңырдың қолтаңбасын анықтар тұста жадта сақталып тұрғаны абзал.
Құнды зерттеу еңбектерінің бірінде Қоңыр былай деп толымды түсінік жасай білді: «Бірінен соң біріне ұласқан халықтар миграциясы дәуірінде бірқатар ішкіазиялық салт атты көшпелі халықтар шығыстағы атажұртынан қопарыла көшіп, бірте-бірте батысқа қарай ойысты. Бірнеше мың жылға жалғасқан, бірде орасан үлкен толқын тудырған, бірде көптеген халықты қатарынан қамтыған халықтардың жойқын миграциясы Еуразияның аридтік (қуаң) зонасының батыс шебі – Карпат қойнауы мен Дунай бойының төменгі жазығына дейін келіп жетті». Осындай түйіннен соң ол мынадай қорытындыға келеді: «… Олардың қатарында скифтер, сарматтар, кейінгі Атилла (Еділ) патшаның ғұндары, онан кейінгі баян-қаған бастаған аварлар, ақыр соңында осы жерге біржолата қоныс тепкен мадьярлар бар».
Иә, Тибор Тот пен Қоңыр Мандокидің өмірлік ұстанымын өзінің аса білімдарлығымен, сыпайы пейілімен, үлкен жүрегімен қолдап, қуаттай білген Сейітбек Нұрханов бүгінде Астанада тұрып жатыр. Сейітбек ағаны іздеушілер көп. Бір ауыз сөзінің төрелігіне жүгінгісі келетіндер не сан. Күмәнді, күпті нәрселерін тиянақтау үшін ақыл-кеңесін сұрауға ынталылар қаншама. Ол «Қазақ» жалпыұлттық газеті редакция алқасының мүшесі ретінде де шығармашылыққа ден қойған тынымсыз жан. Кезінде Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовпен хат жазысып, «Ақиқат пен аңыз» романының алғашқы баслымына ашық пікірін айтып, оның кей тұстарын Әзағаң осы Сейітбек замандасының орынды ұсыныстарын ескере отырып, жөндеп, түзегенін ықыластанып еске алушы еді.
Сейітбек аға 2007 жылдың жазында Қос­танай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылында «Ұрпақтар кездесуі» деген атпен өткен халықаралық қазақ-венгр этнофестивалінің құрметті қонағы болып, қос халықтың терең тамырлы бастау тарихынан бәтуалы сөздерін айтып, ұрпақтар кәдесіне жарарлық өнеге көрсетті. Ұлағат деген осы да.
…Тибор Тот, Қоңыр Мандоки және Сейіт­бек Нұрханов! Осы үштаған –терең білім мен асқан парасаттылықтың, ұлтжандылық пен ұлысқа деген сүйіспеншіліктің, өршіл өмір мен туған өңірге деген шексіз махаббат пен құмарлықтың, жалпы адамзат баласына деген кіршіксіз іңкәрліктің көз қызықтырар, жү­рек елжіретер келісті тұлғалары екен-ау!
Қысқа қайырғанда, осы үш бейтерек білім мен ғылымның панасы екен! Жаратылыстың халыққа сыйлаған айтулы дарасы екен! Қос досының аманатын арқалап қалған Сейітбек аға сол екеуінің көзі мен қасының арасы екен.

Қайсар ӘЛІМ,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты

Алдыңғы «
Келесі »