ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЙНЕКЕЙ

  • 28.08.2018
  • 374 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Нағашыбай Мұқатов,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, филология ғылымдарының кандидаты

Көрнекті ақын  Қайнекей Жармағанбетовтың туғанына 100 жыл 

Қазақта «Әкең өлсе де әкеңнің көзін көрген өлмесін» деген ұлағатты сөз бар. Бір қарағанда естіп, тыңдауға оңай көрін­генмен арғы жағы терең әрі тұнып тұрған тағылым. Арқалық қаласында еңбек және соғыс ардагері Әукен Қанатбеков деген кісі тұрды. Мамандығы өзге болса да әде­биетті жан-тәнімен қадірлейтін. Әсіресе, ақын Қайнекей Жармағанбетовтың шығармашылығына әрқашан тәнті еді. Оның оқиғалы өлеңдеріндегі шұрайлы шумақтардың денін жатқа соғатын. Және әлгі жырларды қазақы қоңыр дауысқа салып оқыған сайын, желпініп, серпіліп, рухани ләззатты бастан кешетін. Кезінде әлі де күш-қуаты әлсірей қоймаған 90 жастағы қария зулап өтіп кеткен балдәурен шақты былайша еске түсіретін.
– Қайнекей екеуміз 1932-ші жылдары Торғайдағы жетім балалар үйінде бірге тәрбиелендік. Ол қаршадайынан киелі өлең-сөзді өте жақсы көрді. Бірде мен оны табанда жоғалтып алдым. Әрі іздеп, бері іздеп таппай қойдым. «Қайнекей әне, әне» деді балалар шу ете қалып. Ескі интернат үйінің төбесіне өрмелеп шығып алыпты. Ақ қағазға бірдеңелерді жазып жатыр, жазып жатыр. Маған бұрыла қарап:
– Әдебиет жолына түсетін шығармын. – деді де үнсіз күйге түсіп, өз шаруасымен бола берді.
Шамасы, Қайнекей бойындағы ал­ғаш­қы талант оты сол жылдары ұшқынын көрсетсе керек.
Өзімнің әкем, партия Кеңес қызметте­рінде жауапты жұмыс атқарған Оразбай Мұқатов та Қайнекеймен бір жылы туған. Қазақша айтқанда түйдей құрдас. Яғни, 1918 жылдың перзенттері. Жүздесе қалса әңгімелері жүйе-жүйесін тауып, қиысып, қабысып, өзгеше өрнектелетін. Бір ғажабы, көне Торғай мен әсем Алматы қаласы арасында ыстық сағынышқа, азаматтық пейілге, кісілік жылы лебізге толы хаттар легі әсте таусылмайтын. Екеуінің де жазулары ап-анық. Әріптері үп-үлкен. Ізгі сөздердің, туған жерге деген сағыныштың тізбегі іспеттес екі жақтан жолданған хаттарды кейде қызықтап, бала болсақ та біз де оқып жүрдік. Шын мәнінде ертеректе хат алысу тамаша бір дәстүр еді ғой. Мұның артында адамдық аппақ жүрек, меймілдеген мейірім тұратын. Әрі уақыт тауып, бір-біріне хат жазған ағайындардың алшақтағанын ешқашан көргенім жоқ. Қазір кейде тиімді, ал, кейде тиімсіз байланыс жүйелері қаптап кетті ғой. Ақыры қайырлы болсын.
Әлі есімде, әкеміз Жанкелдин ауданы­ның Көкалат, Аралбай ауылдарында селолық кеңес төрағасы қызметін істеп жүрген жылдары Алматыдан Қайнекей Жармағанбетовтен хаттар ұдайы келіп тұрды. Амандық саулықтан кейін, әлгі хаттарда «Оразбай, соғым сойған соң сыбаға салып жіберуді ұмыт қалдырма, қаланың адамы емеспіз бе? Елдің дәмін аңсап жүрмін» деген жолдар болатын. Қазақтың белгілі қаламгерінің өтінішін шешем, батыр ана Зибагүл Шәйменқызы уақтылы, тап-тұйнақтай орындайтын. Әжәптәуір көлемді жәшік ішіне жылқының қазы-қартасын, ірімшікті, жентті, бауырсақты, тіпті қуырдақты салғанын талай көрдім.
Қайнекеймен бірге өсіп, бірге жетілген, қыр төсінде тайға мініп қатар жарысқан әкеміз Оразбайдың өзі де шешендік сөздерге бейім болды. Үйге мейман келсе төргі бөлмедегі кілемнің жоғары жағында ілулі тұрған Қайнекей ақын екеуі қатар отырып түскен фотосуретті алдымен көрсететін. Кітаптарын, онда өз қолымен жазып қалдырған қолтаңбаларын әкелетін. Айшагүл есімді қызын тұрғызып қойып, Жармағанбетовтың кезінде оқулық кітаптарға енген «Кекті бала» балладасын тыңдағанды тәуір көретін. Қыза-қыза келіп блокноттарына ұқыпты түрде жазып қойған Қайнекейдің адамгершілік, парасат, өмір, қоғам туралы тамаша өлеңдерін төгілдіріп оқи жөнелетін. Мәселен былай:
Өскенді де көргенбіз,
Бөскенді де көргенбіз,
Өсіп, бөсіп ақыры
Өшкенді де көргенбіз.
Болғанды да көргенбіз,
Толғанды да көргенбіз,
Болып, толып ақыры
Солғанды да көргенбіз.
Асқанды да көргенбіз,
Тасқанды да көргенбіз,
Асып, тасып ақыры
Сасқанды да көргенбіз.
Қызығы сол, қария өлеңді оқып болған соң да аузын буып, жайдан жай отырмайды. Құрдасы үшін көкірегін мақтаныш кернейді.
Қандай көреген, ә. Өмірлік маңызы терең туынды ғой. Қай заманға да келіп тұр. Ақынның жүрек үні десек, аз әрине. Тұнып тұрған философия, – дейтін әңгі­месін ептеп түйіндеп.
«Семіздікті қой ғана көтереді» деген даналықпен айтылған салиқалы сөз бар. Өмірдің өзінен ойып алынған ғой. Бірақ ірі лауазымға кердеңдеп кетпей, жұмсақ орындықтан оңай көтерілетін кісілердің сирек те болса бары рас. Қайнекей Жар­мағанбетов адамды тегіне, руына, жүзіне, жеріне қарап бөлуді ешқашан білмеген. Керісінше ар-ұятына, біліміне сәйкес сұрыптаған.
Ақиқатты айқайлап айтқаны, бірсөз­ділігі, жағымпаздыққа жақын жүрмегені үшін қудалауға да түскен. Бірақ, бірбет­кейлігінен ауытқымаған. Басқа жаққа бетін бұруға бір сәт әрекеттенбеген. Сырт көзге қатал сияқты сезілгенімен Қайнекей шын мәнінде мейірімі мол жан болған. Академик С.Қирабаевтың айтуынша, қазақ әдебиетіне елуінші, алпысыншы жылдары келгендердің дені Жармағанбетовке қарыздар көрінеді. Жас әдебиетшілерді тәрбиелеуге қосқан үлесі өте қомақты. Әсіресе, Абай атындағы педагогикалық институтының проректоры қызметі тізгінін иеленген уақытта ел адамдарына ерекше ілтипатпен көп қамқорлық жасаған. Сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың тапсырмасымен талантты жастардың біразын оқуға қабылдаған. 1949-шы жылы Торғайдың тоғыз баласын осы институтқа түсірген. Кезінде талантты жас ақын Өтежан Нұрғалиевтің «Менің махаббатым» атты тұңғыш жинағын шығаруға, семейлік Кәмен Оразалинның кітабын бастыруға, арқалы ақын Еркеш Ибрагимнің тұңғыш туындысын оқырман қауыммен қауыштыруға қамқорлық жасаған. Шәміл Мұхамеджановты «әдеби ортаға сіңісе бер, арғы жағын көре жа­тарсың» деп, «Қазақ әдебиеті» газетіне кассирлік жұмысқа орналастырған. Кейін ол қазақтың талантты ақындарының сапына барып қосылды. Бір жылдың төл перзенті есебінде Шәміл ақынның өзіндік бейнесі ұлттық поэзияның мақтанышы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың отты өлеңдерінде де сұлу сомдалған. Сондай-ақ, Қайнекей 1958 жылы ұйымдастыру комитетінің мүшесі ретінде Мәскеу қала­сындағы қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін халық ақыны Нұрхан Ахметбековке аштырған. Әйгілі тың теңеу, сұлу сөздермен өрнектелген «Торғайдан сәлем» толғауы содан бері жалпы жұртшылықтың жүректеріне жайғасқан.
Қарымды қаламгер қазақы жерде, Торғай төсінде туып өссе де екі тілге өте жүйрік болған. Кітапты көп оқып-тоқу, зердеге түю, ішкі әлемді байыту жағынан алдына жан сала қоймайтын. Пәтерінде аса бай кітапхана болды. Екі бөлме түгелдей рухани қазынаға сығысып тұрды. Әлі ақталып үлгірмеген алты алаш арыстары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатовтардың кітаптары осы үй сөресінде, қуыс жақта, жасырын жерде тұрушы еді. Жалынып, жалбарынып болмағандарға әлгі кітаптарды ұстатып, іле-шала әрі қарай алып кететін.
– Заман, саясат өзгереді. Бір күндері бұлар түгелдей ақталады. Сонда, ұлы Ақаң, Жақаңдардың идеялары, ойлары, құнды туындылары салтанат құрады. Өзінің ұлан ұрпаққа қажеттілігін әбден дәлелдейді, – деп және бір қоятын қарымды қаламгер.
Солтүстік Қазақстан облыстық газе­тінің редакторы, баспасөз ардагері Ғалым Мұхамеджанов өткен жылдардағы өне­гелік жағы басым бір оқиғаны былайша еске түсіреді. Облыста республикалық шеңберде әдеби бас қосу өтпекші. Бағдар­лама бойынша жоспарланған адам табанда болмай қалады. Баяндама қос тілде әзірленуі қажет. Уақыт аз, жұрт күтіп отыр. Амал құрыды. Ең соңғы шешім қажет. Жаратылысынан маңғаз, баяу сөйлейтін Ғабит Мүсірепов:
– Тұйықтан шығаратын бір ғана адам бар. Ол Қайнекей Жармағанбетов, – дейді.
Қазақ әдебиеті хас шеберлерінің бірі Ғабеңнің өтінішін Қақаң жерде қал­дырмады. Бірден көнді. Арада аз мезгіл өткен соң басталған мәжілісте Қайнекей қолына бір парақ қағаз ұстамаған қалпында ең алдымен қазақ, содан кейін орыс тілінде ұлттық әдебиеттің қырық жылдық тарихына сипаттама берді. Мазмұнды әңгіме залға жиналғандардың барлығын да еріксіз елеңдетті. Жұртшылық қазақ әдебиетінің бүкіл жанр саласындағы тынысынан молынан хабардар болды.
Ақын соңғы жылдары ғұмыр кешкен үй Алматы қаласындағы Абай және Абылайхан даңғылдары қиылысында. Бірінші қабаттағы осы үйге қазақ зиялыларының көбі жиі бас сұғатын. Ақын да, жазушы да, сазгер де, әнші де, домбырашы да осында. Өз басым атақты ғалым Бек Сүлейменов, әйгілі ақындар Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Шәміл Мұхамеджанов, Ғаббас Жұмабаевтарды тұңғыш рет осы үйден көргенмін. Бірде әйгілі ақын пәтерінде Ақылбек Шаяхмет екеуміз кезектесе өлең оқыдық. Ұнаған сияқты.
– Біз мәңгі емеспіз. Жастар жетілуі керек. Мына екі жас талапкерді қамқорлыққа ал, – деді Қақаң Шәміл ақынға бұрыла қарап. Сол жылдары «Жазушы» баспасында қызмет істейтін Мұхамеджанов талдырмаш, еті аз, сүйегі көп кісі екен. Кітаптағы өлеңдері тәп-тәуір. Өлеңін оқып, өзін көрмей-ақ қойған дұрыс шығар деп те ойлап қалдым.
– Қайнекей аға, сіз бізге қандай қам­қорлық жасасаңыз, тура солай жәрдем берсем болады ма бұл екі жігітке.
Шәміл ақын сөзіне Жармағанбетов ақырын ғана басын изеді.
– Бірақ, сіздей болу қайда бізге.
Мұхамеджанов осы сөзді айтты да ұзақ отырып қалды. Қайнекей ағасына екі көзін қадады. Біз де Шәмілмен бірге көрнекті ақын бойынан кісі атаулыға төгілгісі келіп тұратын бір мейірімді анық, айқын байқап қалғандаймыз.
Қайнекей аға қызық еді. Пәтеріне келушілердің бәрін де үлкен-кіші демей, лауазымдарына қарамай, елжіреп, елпілдеп қарсы ала беретін. Күлкісінің өзі бөлек. Булығып, бүкіл денесімен кү­летін. Жадыраған сәтте аспан көгіндегі жарық күнге ұқсайтын. Ал, ашуланғанын көру онша қызық емес. Бірбеткейлігі, турашылдығы түр әлпетінен-ақ аңға­рылатын. Жалған сөйлейтін, деректері дәмсіз, сөздері сұйық, білімдері таяз жандармен жаны қас. Алдымен жұртты асықпай тындайды. Ұнамай қалсаң, қайран надандық деп ах ұрады. Аты-жөндерін айтудың өзі ыңғайсыз елге белгілі әйдіктердің кейбірін өтірік, өсіріп сөйлегендері үшін пәтерден қуып шыққанын талай көрдік. Ұ мен Ү әріптерін ажырата алмайтын ғылым докторын, романында бір тоқтыны екі мәрте сойғызған жазушыны, «тырысты» сөзінен айырылмайтын қарымы нашар журналисті сын садағына алғанын және білеміз.
Қайнекей үйінде шетелдік түрлі бұйым­дар, сонымен қатар жұрттың қолына түсе бермейтін құнды кітаптар көп болу­шы еді. Асыл заттың бірі – қос шекті қара домбыра. Көп сазды аспаптың бірі емес. Қазақтың ғажайып домбырашысы Рүстембек Омаровтың өзі сыйға тартқан. Әуелі қолымызбен ұстап көрудің өзіне жасқанып, бірте-бірте шертіп те көрдік. Шешен сөйлейді екен. Жармағанбетов үйіне келген өнерпаздардың ішінде домбыраны ұстамағандары кем де кем.
– Байқап тартыңдар. Киелі домбыра. Әруақты адамның заты ғой, – деп отыратын Қайнекей сөз ортасында.
Қарымды қаламгер өзінің турашыл мінезінен біраз азап та шекпей қалмады. Ұмытпасам 1958-ші жылдар болу керек. Бұрынғы «Бірінші май» колхозына, қазіргі Шұбалаң ауылына Алматыдан бір топ қаламгерлер келе қалды. Онда ел іші ақын, жазушы, әнші десе қоғадай жапырылатын. Әнді, сөзді тыңдап, мөлдір бұлақтан мейірлері қанып, су ішкендей болатын. Бастауыш сыныпта оқитын кезіміз. Бір әңгімесін тыңдап үлгеріп, екіншісін ести алмай қаламыз. Сол жолы Қайнекейдің әріптес жақын інілерінің бірі мені жөнсіз балағаттады деп үстінен боратып арыз да жазған. Кейін «кешіріңіз, бекер жасадым» деп Алматыдағы Қайнекей пәтерінің табалдырығынан аттаған. Сонда көрнекті ақын іні қателігіне кешіріммен қарап, бұрынғыша қабылдаған.
– Есіңде болсын, заман өзгерді, адам өзгерді. Бір күндері мен сияқты дұрыстап боқтайтын аға да таба алмайсың, – деп түйінді сөз айтқан көрінеді.
Шынында да, ініні еркелете алатын, алтын сөздің абыройын асқақтататын ағалар қазір азайып бара жатыр-ау өзі.
Қайнекей қашаннан бірбеткей адам. Ақиқат мінбесінен сөйлеуді ғана ұнатады. «Ешкіні апа, текені жезде» демей-ақ қойды. Әйтпесе «оның орны ана жақта» деп қолымен көк аспанды нұсқайтын қазақ ақыны Қасым Тоғызақов.
Қазақстаның құрметті журналисі, рес­публика мәдениет қайраткері Жақсылық Жүнісұлы жерлес, әріптес, іні ретінде Қайнекей Жармағанбетовпен көп араласты. Әйгілі адам жайлы естеліктерді жиі жазып жүруінің негізгі сыры да осында.
Жәкең аға ертеректе «Қостанай таңы» газеті редакциясының аппаратында қызмет істеген. Жаңа үй алғанша Нариманов көшесінде 36-шы үйде пәтер жалдап тұрған. Пейілі кең кісі тұрмыстық хал-ахуалды, шамалы қиындықты ескерген бе? Қостанай қаласына іс-сапармен келген Қайнекей Жармағанбетовке дастархан жаяды. Қазақтың әңгімесі қарқын алған сайын тартымды, қызықты. Ағалы, інілер асыға-үсіге аэропортқа келсе, Торғайға ұшатын АН-2 ұшағы зеңгір көкке көтерілуге әзірленіп, қос ебелегі айналып тұр екен. Билет қолда. Не істеу керек. Қайнекей жедел басып диспетчердің бөлмесіне барады. Бір ғана құжат көрсетеді. Мәскеуден шығатын сатиралық «Крокодил» журналының Қазақстандағы тілшісіне берілген куәлік. Сыртында крокодилдің айыр ұстап тұрған суреті. Міне, ғажап. Аэропорт маманы сасып қалады. Ұшқышпен байланысқа шығады. Ұшақтың есігі ақырын ашылып, аласа бойлы, тығыз денелі, көзілдірікті қазақ ішке іркілмей кіріп, билетте көрсетілген тиісті орнына барып жайғасады.
Міне, мықтылық, міне, биіктік, міне, бедел!
Бірде шығармашылық жұмыспен Арқалық қаласына сапар шегеді. Әртүрлі басшылар болмай ма? Елді мекенге жетуге қиналады. Сол кездегі Торғай облыстық партия комитетінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы зиялы азамат Өзбекәлі Жәнібеков іс-сапардан келісімен Қайнекейді қабылдап, өтінішінің бәрін қанағаттандырады. Торғайға жетіп қалу үшін жайлы, жеңіл автомашина береді. Сөйтсек, аға мен іні арасындағы байланыс ертеден қалыптасқан екен. Қайнекей Абай атындағы педагогикалық институтта оқытушы болып жүргенінде Өзбекәлі алдынан дәріс алыпты. Ұлағатты ұстазды ұмытпау, кісілікті кішірейтпеу осындайдан басталады ғой.
Алматыдағы студенттік жылдар. Қайне­кей ағаның үйіне барып тұрамын. Бірде көрнекті ақынды қолтығынан демеп Қазақстан Жазушылар одағына баруға жинақталдық. Ғимаратқа тақай бергенде Қайнекей аға:
– Әне, қарашы. Өзінің руы да аю. Өзі де қалың орман ішінен қорбандай шығып келе жатқан аю тәрізді, – деп, Сырбай Мәуленовты сыртынан көрсетті. Сосын, бүкіл денесі қозғалып, булыға, тауып айтқан өз сөзіне риза бола, рахаттана күлді.
Одақтан үйге қайтып келген соң менің студенттік тірлігімді, тұтастай хал-ахуалымды сұрағыштап қоймады.
– Сабақ қалай? Емтихандардан өтіп жатырсың ба?
– Жаман емес.
– Бұл не сөз. Жақсы деп айтпайсың ба? Шамасы бір проблемаң бар-ау, сірә.
Қашатын жер, тығылатын таса қалмады. Ештеңені жасырмауым керек. Міңгірлей жөнелдім.
– Қазақ тілінің грамматикасынан емтихан қиындау соғып тұрғаны. Тапсыратын шығармын.
– Қай оқытушы. Аты жөні кім?
– Әзиза Нұрмаханова.
– Ол әйелді жақсы білемін. Баяғыда екеуміз делегация құрамында Қарақал­пақстанға бірге барғанбыз. Қазір, қазір…
Қайнекей аға табанда телефон труб­касына жармасты. «Біраздан бері қина­лыңқырап, қайтсем екен» деп жүрген шаруамды әп-сәтте дөңгелетіп жіберді.
Қайнекей аға Оразбай отбасына жат адам болмады. Белгілі журналист Жақсылықты Жақсантай дейтін. Көрнекті ақынға ел ішіндегі жаңалықтың дені осы кісі арқылы жетіп жататын. Алматы қаласындағы эстрада студиясында оқыған, кейін талай шет елдерді аралаған қазақтың көне аспаптарынан құрылған «Шертер» ансамблінің белгілі әншісі, Арқалықтағы облыстық жасөспірімдер театрының директоры болған, мәдениет қайраткері Отаркүлді өжеттігіне, өткірлігіне, ашық мінезіне орай
«қасқыр қыз» деп атайтын. Ол студент кезінде Қақаң пәтерде жалғыз тұрған кездерде жиі барды. Кір-қоңын жуып беретін. Үй ішін тазалайтын. Сөйтіп жүріп қызық көрініске тап болатын. Құрбысы Ғафура екеуі том-том кітаптардың шаңын сүртіп, сөрелердегі заттарды тәртіпке келтіріп жүріп, кілең жиырма бес сомдық, одан да үлкен ақшаларды тауып алады. Шамасы, Қайнекей аға түннің бір уағына дейін кітаптарды парақтайды. Ақшаларды кітап арасына салып тастап, артынан ұмытып кету дәстүрге айналған.
– Сендердің де еңбектерің бар. Сту­дентсіңдер. Қаржы ешқашан артық болмайды. Алыңдар, – деп әлгі кітап ішінен табылған ақшаларды қыздардың өздеріне үлестіруші еді-ау, мейірімді ақын. Пенде қызық емес пе?!. Отаркүл де, оның құрбылары да ақын пәтерін жинап, сыпырып қалыпқа келтіруге үнемі асығып тұратын.
Қайнекейдің танымайтын адамы болмайтын. Және оның бір ауыз сөзі ылғи өтімді еді. Бірде Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтында оқитын жеңгем Қалқа Досмағанбетованың күнделікті оқуға байланысты түйіні шешілмеген хал-ахуалы қаламгер ағаның құлағына жетеді. Ол кісі ежелгі әдетімен телефон құлағын бұрайды. Байланысқа ректордың өзі шығады. Ақын мән-жайдың бәрін түсіндіріп, негізгі шаруаға көшеді. Шамалы үзілістен соң оқуды жалғастыруға көмек керектігін айтады. Бәрін түбірінен білгісі келген оқу орны басшысы:
– Ол студенттің сізге қандай жақын­дығы бар еді, – дейді.
Ректордың мына қылығына онша көңілі толмаған Жармағанбетов ашуға булығып:
– Онда не шаруаң бар. Есептеспей көмегіңді берсеңші. Ал, Жармағанбет пен Досмағанбет бірге туысады. Одан келер-кетері қанша саған.
Сөзден тосылған ректор әңгімені тез тәмамдап, шаруаның орындалатынына уәде берген. Бұл бір ғана мысал. Жар­мағанбетовтың қанатты қамқорлығы арқасында талай жастар оқу орнына түскен, қызметке қабылданған, өсіп, өрлеп қазақ зиялыларының қатарларына қосылған.
Энциклопедиялық білімі бар Қай­некей Жармағанбетов кез келген саладан білгір, өте сауатты болған. Ол Мей аударған Гейненің «бір сөзге қайғымды да, қуанышымды да сыйғызып» деп келетін өлеңіне жазған Чайковскийдің, Пушкиннің «Жылама сұлуым мен барда» деген өлеңіне жазған Рахманиновтың романстарын оңашада қоңыр дауысымен әуелетіп, шырқап та жіберетін. Жармағанбетовтың әнге, домбырамен қосып айтуға лайықталған сөздері де бір төбе. Қостанай облысы Жанкелдин ауданындағы Албарбөгет кеңшарында тұратын белгілі термеші Нағашыбай Алпысов әйгілі «Кекті бала» балладасын нәшіне келтіре орындайды. Атақты әншілер, ағайынды Ришат, Мүсілім Абдуллиндер сахналардан, республикалық қазақ теледидары мен радиосынан сан мәрте орындаған «Теміртау жастарының маршы» әні әйгілі сазгер Бақытжан Байқадамов пен көрнекті ақын Қайнекей Жармағанбетовты патриоттық, отансүйгіштік сезім бесігінде тербетті. Республикалық «Бөбек» қорының президенті Сара Алпысқызы Назарбаеваның Қайнекейдің зайыбы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, аты мәшһүр академик Қаныш Сәтпаевтың қызы Ханисаға:
«Нұрлы Нұра даласы,
Міне, бүгін қарашы.
Жас ұландай жайнап өскен
Теміртаудың қаласы, – деп келетін ән қайырмасын Нұрсұлтан екеуміз той тома­лақта талай айтқанбыз» дегенінде ерекше гәп бар.
Айтпақшы, Қақаң 1958 жылы Бірінші май колхозына келгенде бар болғаны қырық жаста екен. Алматыға қайтадан кетерде туыс, ағайындарымен фотосуретке түсті. Сол жылдары суретте Қайнекей көтеріп тұрған Амантай інім үш жаста еді. Арқалық медициналық колледжін 23 жыл басқарып, 56 жасында өмірден озды. Ерекше бір қасиеті, қазақ және орыс тілдеріне әбден жетік болды. Домбыра шертті. Әндерді әуелетті. Әзіл-сықақ жазды. «Әзіл әлемі» және «Ғибратты ғұмыр» деп аталатын кітаптары жарық көрді. Марқұм, ізетті інім көрнекті ақын өлеңдерінің көбін жатқа білетін.
Әлі есімде, Қайнекей Жармағанбетов ауыр дертке шалдыққан соң Алматыдан елге оралды. Алғашқы ат басын тірегені Арқалық қаласы. Қасында жазушы Қоғабай Сәрсекеев бар. Жұмыла қарсы алдық. Туысы Дәмір Қызжанұлының үйіне түсірдік. Қабатты үйлерге қарағанда жердегі пәтер күтімге ыңғайлы шығар деп жобаладық.
– «Өмірдің күнгей жағында жүрген азаматтар едік, міне, көлеңке жағына ауыстық».
Тілі күрмеліңкіреп, қинала сөйлесе де Қайнекей аға әлгі сөздерді шынайы жүректен айтқанын түбірінен түсіндік. Сезген екен ғой. Туған Торғайда да көп жатпады. Көз жұмғаннан кейін өзінің Шилісіне барып, бір төмпешікке айналды. Сөйтіп ол 1974-інші жылдың қоңыр күзінде, оныншы қыркүйекте елу алты жасында өмірден озды. Биыл қайраткер ақынның туғанына 100 жыл, яғни ғасыр толып отыр. Бұл халықтық рухани мереке.
Шындығын айту керек, Қайнекей шаршаңқырап ауырғанда біраз әріптестері теріс қарап кетті. Сезімтал ақын жүрегі сол бір сәттерді ақ қағаз бетіне түсірді.
Қай қиынға тікпедім ғазиз басты,
Шарладым ғой шартарап, тау мен тасты.
Етегімнен ұстаған елпекбайлар
Кісі болды, мүгедек менен қашты.
Қиял менен төңіректі түгендеппін,
Адамдыққа арамдық жібермеппін.
Азап көрсе азамат ер болмай ма,
Ашуымды ақылға жүгендеттім.
Қазақтың ұлттық әдебиеті әлемінде Жармағанбетовтың жарық сәулесі түспе­гендер некен-саяқ. Ол кімге болса да жайсаң жүрегін, аялы алақанын ала жүгіретін. Тарихи деректерді зерделесек, кезінде оқиғалы өлеңді ең алғаш Саттар Ерубаев жазыпты. Ал, оны берік орнықтырып, жайғастырған Жармағанбетов екеніне ешкімнің дауы жоқ. Оның атақты «Мұғалима», «Бидай туралы баллада», «Жидебайдың түндері мен күндері», «Кекті бала», «Галилей туралы баллада», «Фирдоуси туралы баллада» оқиғалы өлеңдері, адамгершілік тақырыбын қамтыған лирикалық жырлары ұлттық сөз өнерінің мәңгі қазынасы. Әдебиеттегі кәсіби шеберлігі, қызметтегі биік беделі, әріптестер арасындағы асқақ абыройы өз алдына, шын мәнінде адамдық, қазақы қайырымның қайнары еді-ау, жарықтық Қайнекей.

Қайнекей Жармағанбетов көрнекті ақын, әдебиетші, аудармашы, қоғам қайраткері ретінде кеңінен танымал. Ол Қостанай облысына қарасты, Жанкелдин ауданындағы Шилі кең­шарында 1918 жылдың 25 тамызында туған. Орта мектепті, Абай атындағы педагогикалық институтты (қазіргі университетті) үздік, алтын медальмен тәмамдаған. Ел ішінде энциклопедиялық білімімен ерекшеленген. Бір өзі бірнеше қызметтерді атқарған. Атап айтқанда, Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің хатшысы (1941-1948 жж.) Абай атындағы педагогикалық институтта (қазіргі уни­верситетте) аға оқытушы, доцент, директордың орынбасары (1948-1958 жж.) қазіргі «Жұлдыз» (бұрынғы «Әдебиет және искусство») «Ара»-«Шмель» журналдарының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы (1958-1964 жж.) болған.
Алғашқы жинағы «Заман біздікі» деген атпен (1950) шықты. Өлеңдері мен балладалары «Адам туралы аңыз» (1951), «Мұғалима туралы баллада» (1957), «Бал­ладалар» (1962), «Соңғы түн» (1967), «Сырлы тал» (1971), «Шыңдағы шам­шырақ» (1976) атты жинақтарына енді. 2008 жылы «Балалар әдебиеті» баспасынан «Бетпақдала» аңызы кітабы жарық көрді.

Алдыңғы «
Келесі »