МӘНГІЛІК ЕЛДІҢ ҰЛТТЫҚ КОДЫ

  • 28.08.2018
  • 336 рет оқылды
  • Пікір жоқ
Мекемтас Мырзахметов

Мекемтас Мырзахметов,
филология ғылымының докторы, профессор

Ел тағдырында бағасы жоқ егемен­діктің жиырма бес жылдығын атап өткенімізге көп уақыт бола қойған жоқ. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының нәтижесінде Қазақстан тәуелсіздік жылдарында дамыған экономикасы бар саяси тұрақты мемлекет болып қалыптасты. Республиканың экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларында үлкен ілгерілеушілік жасалып келеді. Руханият пен білім жолында да көп жұмыстар атқарылуда. Дегенмен, Мемлекет басшысы алысты болжаған көшбасшы ретінде бүгін біздің алдымызға қоғамдық сананы жаңғырту мәселесін қойып отыр. Рухани жаңғыру, ұлттық кодты сақтау – ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының ең өзекті түйіндемесі.
Нұрлан Мыңбаевтың Германия­да басылған «Этнос және этноним» (LAP LAMBERT Academic Publishing. Saarbrucken, Deutchland 2016) кітабы тәуел­сіздіктің 25 жылдығына арналған. Бұл кітап рухани жаңғыруға өзіндік үлес қосатыны анық. Мұнда қазақ халқының қалыптасу тарихының қайталанбас ерекшеліктері жан-жақты ашылған. Осы еңбекте ғылыми жаңалықтар мен тың деректер мол. Монография қызықты және өзекті мәселеге арналған. Өйткені, тек тарихты ғана емес, этнографияны, тіл ғылымын, мәдениеттануды және ғылымның басқа да салаларын қамтиды. Кітаптың ерекшелігі көпқырлылығында. Себебі, еңбек түркология мен қазақтану мәселелерімен ғана шектелмей, жалпы адамзат тарихында маңызды орны бар этникалық жүйенің қалыптасу үрдісін қарастырған. Зерттеудің мұндай сан қырлылығы еңбекті логикалық жүйеге жетелеген. Осылайша, еңбек алғысөзден, кіріспеден, бес тарау мен тоғыз параграфтан тұратын негізгі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттердің тізімінен және қосымшадан құралған.
Зерттеу жұмысының тағы бір ерекшелігі – оның әр бөлігін жеке жариялайтын еңбек немесе мақала ретінде де қабылдауға болады. Еңбектің авторы проблеманың шешімін монографияның тақырыбы меңзегеннен де кеңірек қарастырады, соның өзі зерттеу нысаны мен бағытының маңыздылығын күшейтетін жаңа ғылыми проблемаларды туындатады.
Монографияның барлық бөліктері өткен және қазіргі уақыттағы көрнекті ғалымдардың жұмыстарынан алынған эпиграфтардан басталады, ал, кітаптың негізгі бөлігі Құранның «Құжра» сүресінен бастау алады. Онда: «Бір-біріңді тану үшін сендерді жер бетінде түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым», – делінген. Адамзат дамуының барлық кезеңдері үшін өзекті болып табылатын бұл сөздердің қазіргі заман үшін де маңызы үлкен, себебі, халықтар, мемлекеттер, діндер экономикалар, тілдер, т. б. арасындағы түсіністік пен бейбітшілік бүкіл адамзат қоғамының алға жылжуына негіз болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда монография дер кезінде жазылған, әрі ол сұранысқа ие. Өйткені, этнос пен этноним түсініктері халықтардың дамуымен және ұлттық мемлекеттердің құрылуымен байланысты.
Еңбектің авторы, филология ғылым­дарының докторы Нұрлан Мыңбаев зерттеу жұмысының басынан бастап аты әлемге әйгілі ғалымдармен пікір таластырады. Біздің пайымдауымызша, сол пікірталас ғылым үшін оң нәтиже берді.
Біріншіден: еңбекте этнография ғы­лымының негізін қалаушы Л. Г. Морган адамзат қоғамы дамуының алғашқы сатысын зерттей отырып, бастапқы жұп­тасудың бес түрін сипаттағаны туралы айтылады. Сонымен, адам қауымы дамуының бастауында некелесудің мынадай түрлерін ажыратады: 1) қандас туыстар арасындағы некелік қатынас; 2) бірнеше апа-сіңлілердің ағайынды ерлермен немесе бірнеше ағайынды ердің апа-сіңлілермен топтық некесін меңзейтін пуналуальдық отбасы; 3) синдиасмиялық отбасы; 4) патриархалдық, яғни, полигамиялық отбасы; 5) моногамиялық отбасы (Морган Г.Л. Древнее общество или исследование линий человеческого прогресса от дикости через варварство к цивилизации. Л., 1933).
Этнографтың пікірінше, некелесудің барлық формаларының ішінде ең тұрақтысы және маңыздысы бірінші, екінші және бесіншісі, осы формалар адамдардың арасындағы туыстық қатынастарды қалыптастырған. Бірақ, Н.Мыңбаев бұл пікірмен келіспейді. Себебі, ол жұптасудың бірінші және екінші формалары адам табиғатына қайшы келетінін айтады. Сонымен қатар, автор алғаш рет қан тазалығын, генофондты сақтайтын тек түркі халық­тарының арасында қалыптасқан экзогамиялық некелесу формасы жайлы жазады. Бүкіл түркі әлемі соңғы кезге дейін некелесудің осы түрін ұстанып келді.
Қазақ халқы этникалық жүйені осы күнге дейін алғашқы қалпында сақ­тап келе жатқанын айту қажет. Монография авторының пікірінше, тек қазақ халқы ғана ежелде қалыптасқан экзогамиялық неке жүйесін таза күйінде сақтауда. Бұл неке түрі жазылмаған заң ретінде қазақтың санасына қаны­мен сіңген. Сонымен қатар, қазақ қоғамында қажеттілікке байланысты некенің полигамиялық түрі кеңінен тарады, себебі, этностың санын тез арада толықтыратын күшті, бірігей ресурс еді. Тынымсыз соғыс жағдайында адам шығынының орнын толықтырып отырудың бір жолы осы еді. Некелік қатынастың басқа жабайы формаларын түркілер ысырып тастады.
«Этнос және этноним» кітабында экзо­гамияның қалыптасуы бірінші кезекте халықтың иммундық жүйесін нығайтатыны, түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұру мүмкіндігі болғаны жайлы айтылады. Тұтастай алғанда, мұның бәрі ата-бабаларымыздың генофондты сақтаудағы негізгі факторына айналды. Осылайша, автор өз монографиясында экзогамиялық неке жүйесі жайлы алғаш рет жазды. Түркілер қан тазалығын сақтап, метисация үрдісіне жол бермеді. Сондықтан, қоғам маргиналдану, ассимиляциялану (жұтылу), құлдырау үрдісінен аман қалды. Екіншіден: автор этностың пайда болуы жайлы өз теориясын жасаған Л. Г. Гумилевпен пікір таластырады. Гумилевтың пікірінше, этнос консорция түрінде пайда болады, конвиксияға, субэтносқа, содан кейін этносқа айналады. Ол былай деп түсіндіреді: «Консорциями обозначаются группы людей, объединенные исторической судьбой. Это кружки, артели, секты, банды. Если они не распадаются, то вырастают в конвиксии, уже связанные семейными узами. Уцелевшие конвиксии, становятся субэтносом. Это землепроходцы, в основном религиозные сектанты, баптисты, квакеры, католики, старообрядцы. В условиях изоляции первоначальные консорции энергичных людей вырастают в этнос, который для ранних эпох мы именуем «племя» (Гумилев Л.Н. Этногенез и биосфера земли. М., 1978).
Бірақ, Н. Мыңбаев түркі тай­паларының, руларының кез-келген шежіресі мұндай теорияны жоққа шығаратынын алға тартады. Түркі әлемінде патриархалдық-рулық қоғам­ның бұлжымас шарты – оның нақты бір атадан бастау алуы. Түр­кілердің шығу тегін кездейсоқ, белгісіз тұлғадан тара­туға мүлдем болмайды. Түркі халықтары шежірелерінің бірқатары аңыз тұлғалардан бастау алады: Адам ата, Нұх пайғамбар, т. б. Жоғарыда айтқанымыздай, түркілер шежіресі нақты атадан тарауы айдай анық. Осылайша, Л. Н. Гумилевтың теориясына қарсы тұжырым жасалды: түркілердің, қазақтардың қалыптасуы оның теориясына қайшы келетіні және оның өзіндік ерекшеліктері бар екендігі нақтыланды.
Үшіншіден: автор өз еңбегінде этно­нимдердің ғылыми этимологиясы мен семантикасын айқындауда қандай да бір заңдылықты іздеу бос әурешілік деген пікірді жоққа шығарды. Заңдылық жоқ деген ұстаным кезінде идеология диктатының күшімен қалыптасқан тұғын. Ф. Энгельс былай деп жазған екен: «Названия племен, по-видимому, большей частью возникали случайно, чем выбирались сознательно, с течением времени часто бывало, что племя получало от соседних племен имя, отличное от того, которым оно называло себя само, подобно тому, как немцам их первое историческое общее наименование «германцы» было дано кельтами» (Маркс К., Энгельс Ф. Соч. т.21, 1966).
Осыдан барып А. И. Попов заңды­лықтардың жоқтығына көз жеткізген, оның сөзінше: «этникалық атау жанама болады, көп жағдайда кездейсоқ атау, тарихи үрдіске байланысты атау, сондықтан, этнонимика заңдарын жасауға қандай да бір әрекет сәтсіз аяқталатынын тікелей айтуға болады; этникалық атаулардың қалыптасу жолдары тым диалектикалық және көпқырлы, оларды айқындайтын нақты бір кестеге салуға болмайды» (Попов А.И. Название народов СССР. М., 1973). Тарихшы, математик, әуесқой филолог осылай жазды. Ол ең басты нәрсені ескермеді: этникалық есім – кез-келген атау сияқты, сөздің қалыптасу заңдылығына бағынатын тілдік факті.
Монография авторының пікірінше, «ғылымның күші шындықты іздеудің мәңгі үрдісінде, үрдіс бетқаратпайды және авторитеттерді мойындамайды».
ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында көрнекті лингвист Н. Я. Марр типологиялық универсалияны анықтады. Ол көптеген тілдер мәліметтерін талдау нәтижесінде мынадай қорытынды жасаған: «племенные названия как таковые, и простые и составные, являлись непосредственно словами, означавшими «человека», первоначально естественно лишь «данного человека» (человека данного племени) (Марр Н.Я. Избранные работы. Этно-глоттогония Восточной Европы. М., Л., 1935).
Белгілі этнографтар Д.Е. Еремеев, Г.Г. Стратанович, Я.В. Чеснов та түрлі жүйелік тілдердегі типологиялық универсалияның барлығын атап өткен.
Ғалымдардың тұжырымдарын және өзінің пайымдағандарын жинақтаған М. В. Крюков өткен ғасырдың сексенінші жылдарында алғаш болып осы заңдылықты нақтылады (Крюков М.В. «Люди», «нас­тоящие люди» (К проблеме исторической типологии этнических самоназваний) // Этническая ономастика. М., 1984).
Этнонимиядағы типологиялық универсалия – шығу тегі көмескіленген және семантикасы өшіп кеткен көне этникалық атаулардың ғылыми этимологиясына бірігей дұрыс жол. Типологиялық универсалия заңдылығы монография авторын этнонимдердің қалыптасуындағы басқа заңдылықтарды іздеуге бағыттады. Нәтижесінде этникалық атаулардың шығуының өзге заңдылықтары белгілі болды.
Бірінші кезекте «адам», «адамдар» деген мағынаны білдіретін типологиялық универсалияға сай семантиканы айқын­дайтын жалпытілдік морфемаларды нақтылау қажет болды. Бұл көне түркі этнонимдерінің ғылыми этимологиясы мен бастапқы семантикасына апарар жолдағы айқындаушы бағыт болды. Автор 220 этнонимді, 94 теонимді және 29 титулдық есімді қарастырды. Бұл «адам», «адамдар» мағынасын білдіруші ен//-эн//-ин//-ан//-ян универсалды жалпытілдік түбір морфеманы айқындауға мүмкіндік берді.
Келесі топ: Еуразия кеңістігіндегі 54 этноним, 67 қазақ және жалпытүркілік этнонимдер, 30-дан астам топонимдер қазақ демонимінің құрамындағы -аз//-ас жалпытілдік универсалды түбір морфеманы айқындайды. Бұл, сонымен қатар, «адам», «ұлы адам» деген типологиялық универсалды мағынасын айқындауға мүмкіндік берді. Қазақ демонимінің құрамындағы түбір морфема осы сөздің семантикасының түпкі мәнін, яғни, «ұлы адам» ұғымын білдіреді. Осы жерден бүтін семантикалық кеңістік шығады: «батыл, өжет, сарбаз, сұрапыл, батыр» т. б. Дегенмен, басқа да мәселелер болды. Түркі сөздері қалыптасуының агглютинативтік дәуіріне дейінгі изоморфизмнің болғандығы, фоно­семантиканың пайда болуы және атаулар қалыптасуындағы қатар заңы ғылыми жаңалықтың ашылуына себеп болды. Соңғы жетістіктердің айқындалуы монография авторына этникалық атаулардың ғылыми этимологиясын ашу әдістемесін құрастыруға мүмкіндік берді. Әдістеме әрбір этноним тұтас тілдік жүйенің бірлігі екеніне негізделді. Тіл ғылымының толық­қанды бөлігі ретіндегі этнографиялық ілімнің, лингвистиканың, ономастиканың соңғы мәліметтері жасалған әдістеменің ғылыми базасы болып табылды. Осылайша, этимологиялық ізденістер барысында осы инновациялық әдістемеге сай ғылымның мына төмендегі жетіс­тіктерін міндетті түрде ескеру қажет:
– типологиялық универсалия (Н. Я. Марр, М. В. Крюков);
– көне этнонимдер құрамындағы айқын­­далған бастапқы праформалар тү­бір морфемалар (Н. Ж. Мыңбаев);
– фоносемантиканың мәліметтері (С.В. Воронин);
– кезінде түркі тілдерінде изомор­физмнің болуы (Н.А. Баскаков);
– ономастикадағы қатар заңы (В.А. Никонов).
Нәтижесінде автор көне этноним­дер ғылыми этимологиясының инно­вациялық әдістемесін жасап шық­ты. Монографияда осы әдістеменің негізінде Н. Мыңбаев бірқатар көне этникалық атаулардың, соның ішінде қазақ демонимінің ғылыми негізделген этимологиясы мен әуел бастағы семантикасын ұсынады.
Түркітану ұзақ уақыт идеологиялық қысымның тұтқынында болғаны, қазақтануға, тіпті, тыйым салынғаны бізге белгілі. Маркстік-лениндік идеологияның үстемдігі дәуірінде ғылыми және оқыту әдебиеттерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында Азияда ежелден әлемдік өркениет пен мәдениетке қатысы жоқ халықтар өмір сүрді деген жаңсақ пікір басым болды. Осы жағдай монография авторын толғандырып, тереңнен ой қозғауға бағыттады, сондықтан, кітапта мәселе кеңінен қарастырылған. Автордың пікірінше тарихи мәліметтер біздің даңқ­ты бабаларымыз әлем халықтарының қоғамдық дамуының алғы шебінде болға­нын көрсетеді. Олар жоғары деңгейде ұйымдастырушы этникалық жүйе құрған. Соның нәтижесінде халық-әскер болған. Бұл жүйенің жоғары жетістігі – патриархат және некелік қатынастың экзогамиялық формасы. Осы жетістіктер Орталық Азия көшпенділерін өзге әлемнен биіктетті.
Біздің тікелей аталарымыз скифтер, массагеттер, хазарлар, сақтар, ғұндар, моғолдар ретінде белгілі еді дейді автор. Жоғарыда айтқанымыздай, этникалық жүйе олар үшін халық-әскер құрылымының қуатты құралына айналды. Сондықтан, біздің жерімізге келген жаулар тас-талқан болып жеңілген. Басқыншылар әскерінен айрылған, қолбасшылары қаза болған немесе бас сауғалап қашқан. Оған Кир, Дарий, жоңғар қонтайшылары мысал бола алады. Тіпті, атағы жер жарған Александр Македонскийдің өзі шегінуге мәжбүр болды. Оның әскері тек саптағы соғыста мықты еді, ал, «ұшқыр сарбаздармен» соғысу оларға ешқандай абырой әпермейтін. Көшпелілердің стратегиясы мен соғыс жүргізу тактикасы әрқашан жеңіс әкелген. Аспан асты елінің тұрғындары ашық шайқастың пайдасы жоғын мойындап, қытай қорғанын салды. Соғыста шейіт болуды жәннатқа жолдама деп қабылдайтын араб әскері Сырдариядан ары аса алмады. Ежелгі әскери өнердің дамуының деңгейінен өндірістің, технологиялардың, ғылымның, соның қатарында мәдениеттің деңгейін байқауға болады. Мемлекеттердің дамуы мен жоғары жетістіктері оның әскери әлеуетінен көрінетін.
Түркі тайпалары тарихының күр­делілігі – олардың жазбаны жоғалтуы, сақталған жазба ескерткіштерінің мардымсыздығы, «ойы бөтендердің» бар мәліметтерді бұрмалауы Азияның жүрегінде жабайы-көшпенділер өмір сүрді деген пікір туғызды. Бірақ, дегенмен, XX ғасырдың соңғы онжылдықтарында жағдай күрт өзгерді. Жалған арийлік және үндіеуропалық басымдық туралы қалыптасқан идея шайқалды. Археологиялық жаңалықтар, көне түркі жазбаларын оқу және басқа да мәліметтер әлемге түркі мәдениетінің ұлылығын паш етті.
Музыка тарихын зерттеуші маман­дардың мәліметінше, алғашқы ішекті құрал – қылқобыз алты ғасыр бұрын Ұлы Далада жасалған. Қорқыт ата әулие бұл музыкалық құралдың даусын жетілдіргені соншалық, әуезден адамның дене және жан ауруларын емдейтін болды. Аңыз бойынша, қылқобыздың әуезінен, тіпті, ажалдың өзі шегінетін болған.
Отырар жерінен шыққан ұлы әл-Фараби нотаның қағазға түсіретін жаңа табулатурасын жасады, оның жүйесін мәңгі етіп жасағаны соншалық, бүкіл әлемнің музыканттары мен композиторлары осы күнге дейін соны қолданады.
Жылқы үш ғасыр бұрын қазіргі Еуропа аумағында қолға үйретілген деген ойдан шығарылған пікір көптен бері айтылып келген еді. Бірақ, жабайы жылқыны бірінші болып біздің бабаларымыз қолға үйреткені бүгін бұлтартпай дәлелденді. Шығыс Қазақстан облысындағы археолог Виктор Зайберт Ботай шатқалы артефактілерінің ағылшын ғалымдары жасаған химия-биологиялық анализінің мәліметтері негізінде керемет архео­логиялық жаңалық ашты: 6000 жыл бұрын осы өңірдің тұрғындары жыл­қыны қолға үйретіп қана қоймай, оның сүтінен шипалы қымыз сусынын дайындаған. Қымызды дайындау технологиясын ескерсек, жылқыны қолға үйрету мерзімін кемінде мың жыл арыға апаруға да болады.
Жылқыны қолға үйрету көшпелілер өмірінде революциялық өзгеріс жасады. Жылқыны қолға үйрету ертедегі әскери іс-қимылда үлкен серпіліс болды, атты әскерден жаулардың зәре-құты қалмады. Алыс қашықтықтарға жету үшін дөңгелекті ойлап тапты. Ат үстінде жүретіндіктен тері шалбар мен ұшы қайқы етік алғаш Азияның жүрегінде пайда болды. Біздің бабаларымыз алғаш болып дөңгелекті ойлап тапты, сүтті қайта өңдеуді үйренді, жалаң бұт адамдарға шалбар «кидірді».
Егер, он тоғызыншы ғасырда скиф қорғандарын зерттеушілерді аталарымыздың аңдардың бейнесін салған өнері таң қалдырған болса, соңғы он жылдағы археологиялық мәліметтер сананы жаңғыртады. Қазақстанның үш жерінен табылған алтын адамның әлем мәдениетінде теңдесі жоқ екенін айтсақ та жеткілікті. Жақында табылған Тақсай патшайымы да үлкен сенсация.
Берелде жасалған қазба жұмыстары кезінде күрделі инженерлік құрылғылар табылды, олардың қуысында қолдан жасалған мәңгі мұздақтар бар. Бұдан бөлек, прототүркілерге сынапты қолданып бальзамдаудың құпиясы белгілі болған. Алтай ханшайымы, сақ ханзадасы адамзатты таң қалдыруда. Шығыс Түркістаннан табылған Черчен адамын зерттеген ағылшын ғалымы Элизабет Тейлор Азияның жүрегінде сары шашты, көк көзді арийлер өмір сүрген деген қорытындыға келді. Олар біздің арғы аталарымыз еді.
Археологтардың ашқан жаңалықтары тағы бір революциялық жетістік жайлы айтады: алғашқы темір өндірісі мен өңдеуді Алтай және Саяндағы түркі тайпалары қолға алды. Академик А. П. Окладниковтың мәліметінше, түркілер өндірген темір сапасы жағынан қазіргі күнгі домендік құрыштан бірнеше есе асып түскен.
Жаңа металдан бірінші кезекте қару-жарақ жасалғаны заңдылық. Сол себепті, ежелгі алғашқы темір қаруды қазіргі уақыттағы атом бомбасымен, ал, сарбаздың астындағы атты ракетамен салыстыруға болады.
Жоғарыда айтқандарынан кітап авторы мынадай қорытынды жасайды: «Иығында басы барлар оны көшпелілер мәдениетінің ұлылығының алдында бас иетін уақыт жетті. Жалған арийлік және үндіеу­ропалық басымдық идеясының іргетасы сетінегенімен, бастион әлі алынған жоқ. Сондықтан, біздің ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміз оған тезірек жету үшін көп жігер қосуы керек».
Бұл маңызды іске «Этнос және этноним» кітабы мол үлес қосып отыр. Мұнда қазақ және түркі халықтарының қалыптасуының өздеріне ғана тән ерекшеліктері мен қырлары ашылған. Бұл табанды еңбек тарихи фактілерді сүзгіден өткізуімен және автордың этникалық жүйе проблемасына жаңаша көзқараспен келуімен ерекшеленеді.
Жиырмасыншы жүзжылдықтың соңында қазақ халқының көптен күткен арманы орындалды, біз тәуелсіздікке қол жеткіздік. Тәуелсіздіктің жолы ұзақ және ауыр болды. Алтын Орданың құлдырауы бірыңғай жалпытүркі мемлекетінің соңғы бөлшектенуі еді. Сол кезде қазақ хандығы құрылды. Сондықтан, XV ғасыр мен одан кейінгі кезеңді қазақ халқы этногенезінің аяқталу тұсы деуге болады. Қазақ халқының үш ордаға бөлінуі моноұлттың қалыптасуына кедергі болған жоқ. Бірақ, ауыр сын әлі алда еді. Еркіндік ұзаққа бармады. Өзара қақтығыстар халықтың бірлігін әлсіретті. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқы елім-айлап, қырғыннан әрең аман қалды. Соғыстың осы ойранынан қазақтар бірлігін нығайтып, мемлекеттігін сақтап шықты. ХІХ ғасыр қазақ халқына бодандық алып келді. ХХ ғасырда да біздің басымызға аз ауыртпалық түспеді. Шығынды санап шығу мүмкін емес: революцияның отына шарпылған жүздеген мың қазақ Шығыс Түркістан, Ауғанстан және Иранға қашуға мәжбүр болды. Зиялылардың көзін жою, ұжымдастыру, аштық, екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған адамның өмірін жалмады. Тек ХХ ғасырдың соңында ғана халықтың көпғасырлық арманы орындалды – тәуелсіздік жолындағы ұзақ та ауыр күрес сәттілікпен аяқталды.
Бірақ, адамзаттың маңдайына жазылған болар: тағдырдың сыны ешқашан бітпейді, оның жаңа формалары пайда болады. Тарихи тағдырдың қалауымен біз жаһандану дәуірінде өмір сүреміз. Жаһандану үрдіс­тері қазіргі заманға текетірес болып табылады. Адамзат дамуындағы жаһандану үрдісі ХХ ғасырдың соңында өмірге әлем экономикасының қарыштап дамуын, қаржы капиталының интеграциясын, ақпараттық кеңістіктің бұрын-соңды болмаған кеңдігін алып келді. Жаһандану – адамзатқа радикалдардың терроризмі, есірткі ма­фия­сының халықаралық жүйесінің ұлғаюы, интернетшабуыл, экологиялық ахуалдың әлемдік масштабта нашар­лауы, жаппай көшіп-қону түріндегі толып жатқан қауіп-қатер. Бұл үрдістің осындай жағымсыз көріністері туралы Мемлекет басшысы өзінің Еуразия ұлттық университетінде оқыған «Білім экономикасына инновация мен оқу арқылы» лекциясында айтты. Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «жаһанданған қоғам – бұл шекарасыз әлем» екенін және пайдалы жағымен қатар адамзатқа халықаралық терроризм, есірткі саудасы, ақпараттық соғыс, эпидемия, экологиялық апат түріндегі қауіп-қатер әкелетінін айтты. Кітап авторы осы идеяны дамыта түсуге әрекет еткен. Ол әлемнің жаһандануы экспансияның жаңа формасын туындатуда екенін – рухани құндылықтарды «бейбіт жолмен» жойып жатқанын жазады. Мұның бәрі құндылықтардың басымдығын саудаға салудың салдарынан болып жатыр, ал, қазір материалдық құндылықтарға басымдық берген заман. Көпшіліктің, мүмкін барша адамның мақсаты қалайда баю болып тұр.
Жаһандану күллі адамдарға тек қана жаппай тұтынушылық идеяны таңып отыр. Күш қолдану, қатыгездік, адамның теріс жолға түсуі сияқты жағымсыз нәрселердің көбейіп бара жатқанында да жаһанданудың зор үлесі бар. Кинолар мен кітаптар осындай оқиғаларды насихаттаудан бір танбай келеді. Әлем экономикасы пайдаға кенелу жолында өндірген тауарына көміліп, қоршаған ортаны өндіріс қалдықтарымен ластап, экологияны бұзып жатыр. Одан да жаманы – жаһанданудың қалайда сәттілікке ұмтылатын «тұтынушы-мешкейді» қалыптастыру жарнамалық идеологиясы еріксіз түрде санамыздың түкпір-түкпіріне енді. Дүниежүзін фанта, кола, сағыз жайлап алды. Адамзаттың жеткен осы «жетістігі» қыр соңымыздан қалмай қойды. «Кола, твикс, сникерс сатып ал, да рахаттан, сонда сен бақыттысың». «Өмірдің мәні – қайызғақпен және жағымсыз иіспен күресу». Осындай жарнамалар өмірімізге бастырмалата еніп барады. Нарықтық қатынастың үстемдік құрып тұрған қазіргі жағдайында адамдар жаппай ұлттық құндылықтардан, рухани беталыстарынан айырылуы мүмкін. Адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған жоғары моральдық-этикалық жетістіктері мен ұлылыққа, шындыққа, әсемдікке деген талпыныстары көз алдымызда күлі көкке ұшуда. Әлемге Шекспирді, Джордж Байронды, Роберт Бернсті берген Ұлыбритания бүгінгі күнгі Гарри Поттерден есі шыға басы айналып, осыны жер жүзіне таңып отыр. Биік өнердің мәніне нұқсан келтірілуде.
Қазіргі әлемді жайлаған Батысша ойлаудың басы постмодернизм мен неолиберализмнің (еркіндік, адамның ішкі өз қалауынша еріктілігі, ойына не келсе, соны істеу) философиясы болып табылады, жүйелі түрде көптеген нигилистік ілімдерді туындатады. Осындай идеологияның басында тұрған Батыс соңғы уақытта мораль мен адамгершілік құндылықтарының адамдық нормалары құлауының шегіне жетті. Қазіргі батыстық өмір сүру үрдісінің «көгілдір» және «қызғылт» бояулары айқын түрде көріне бастады. Және де осындай өмір салты әлемге адам еркіндігінің үлгісі ретінде ашық түрде насихатталуда.
Осындай қауіпке қалай қарсы тұрамыз? Оның бір-ақ жолы бар. Жаһандануды өзіміздің терең этникалық тамырымызға бойлатпауымыз керек. Мемлекет тек экономикалық тұрақтылыққа, әскери-стратегиялық қуатқа, лидерлердің саяси қайратына ғана емес, ең бастысы, өз Отанының патриоты болып табылатын халықтың бірлігіне ие болуы керек. Біздің әрқайсымыздың этникалық тарихымызды, өзіміздің тамырымызды біліп қана қоймай, өз халқымыздың тарихи қалыптасқан моральдық-этикалық және рухани-менталдық құндылықтарын терең құрметтеуіміз керек.
Кез-келген мемлекеттік құрылымға, егер, ол аман қалғысы келсе, өз елінің патриоты керек. Өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім тәрбиелеу – қоғамның әлеуметтік-идеологиялық тапсырысы. Аман қалу үшін қауіпке қарсы тұру керек. Оған тек қана тәр­биені, тағы да тәрбиені қарсы қоюға болады. Ұлы ұстаз әл-Фараби «тәрбие білімнің алдында жүруі керек, тәрбиесіз білім апат әкелуі мүмкін» деп бекерге айтқан жоқ.
Біздің отандасымыз, ақын және ғалым, қоғам қайраткері, есімі әлемге әйгілі Олжас Сүлейменов бізді жаһандану үрдістеріне ыңғайлануға шақырады («Егемен Қазақстан» 12. 03. 2010 ж.). Бірақ, монография авторы мұндай ұстаныммен келіспейді (Мынбаев Н. «Қазақ (казах) ─ скиталец или войн (генезис народа и научное этимология)», Алматы, 2011 г.). Мұнда ол былай деп жазады: «Если мы слепо пойдем по пути адаптации, что получим в результате? Да, мы не в состоянии изменить ход развития человечества, но мы имеем право что-то принять, а что-то отвергнуть. Самое главное, мы должны сохранить самобытную национальную идентичность. Приведем один пример перерождения национальной идентичности в среде казахской молодежи. Речь идет о бессмысленной жестокости, которая изначально казахам никогда не была присуща. В Туркестане (в народе, именуемом второй Меккой), где покоится святой Ходжа Ахмед Ясауи, главенствует уголовная идеология. У местной молодежи в почете попасть в тюрьму за убийство – это «круто». Дети «лихих» девяностых, когда победа глобализма над советской властью легализовала ранее запрещенную видеоиндустрию, выросли на насилии и жестокости. И вот плоды: уголовная романтика требует крови. Во время уличных разборок, по неофициальным данным, от огнестрельных ранений в течение 2009 года погибло 38 молодых людей. А сколько человек получили увечья от ножевых и других ранений – об этом нет сведений. Чрезвычайность ситуации вынудила саму «братву» принять решение о запрете огнестрела. Но запрета на разборки с поножовщиной и другим холодным оружием нет. Поэтому потери еще будут. Спрашивается, во имя чего? Ответа нет. Правоохранительные органы действуют постфактум, общественность молчит, народ закрывает кредиты. В воздухе повисает вопрос: что делать?»
Бұл мәселеге жауапты Елбасының өзі беріп отыр. Президентіміз Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлттық кодты сақтау керектігін алға қойды («Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «Егемен Қазақстан» 12.04.2017 ж.).
Монография авторының пікірінше, жаһандану дәуірінде әлемнің көптеген халықтарының алдынан өзін-өзі сақтап қалудың қиын проблемасы көлденең шығады. Нәтижесінде ұлттық болмыс пен тарихи сананы сақтап қалудың өзі үлкен маңызға ие болады. Адам, ұлыс, тайпа, ұлт, халықта өзінің жеке тұрпаты, қайталанбас бет-бейнесі, ойлау және әлемді көру образы, дүниетанымы, рухы, мәдениеті және тілі болады. Әрбір жеке бастың да, халықтың да менталитеті тоғысатын ұлттық ерекшелік деген осы.
Өзге ұлттар мен ұлыстарға жұтылып кетпеу, бет-бейнесіз конгломератқа айналмау өмірлік маңызды. Демек, жеке басымдықтар мен жоғары құнды­лықтарды айқындауда бүгінгі күннің бірінші кезектегі міндеті этникалық ерекшелікті сақтап қалуда болып тұр.
Әлем халықтары өздерінің көпғасырлық даму тарихында жалпыадамзаттық құнды­лықтарды қалыптастырды. Олар – тіл, имандылық, өнер, мәдениет, капитал. Автордың прогресс туралы айтқаны назар салуға лайық: «Жоғары құндылықтарға ұмтылу, жоғары құндылықтарға бас июдің өзі прогресс деп ойлаймын». Мәселе қай құндылықтардың басымдыққа ие екендігінде.
Осылайша, жаһандану дәуірінде ыңғайлану мәселесі емес, этносты сақтап қалу проблемасы көлденең тұрады. Нақты қазақтар үшін ұлттық болмысты өлтіріп алмау, тарихи сананы қалпына келтіру, ұлттық ерекшелікті сақтау аса маңызды. Дегенмен бұл оңай шаруа емес. Болмыс пен сана, ұлт ерекшелігі этникалық жүйеге негізделген қоғамдық құрылым басталған тұстағы тым ежелгі кезеңде қалыптасты. Бұл проблемаға көзқарас қазақ қоғамында біртекті емес. Кейбіреулер бұған оң көзқарас танытса, енді біреулер, тіпті, жаратпайды. Сондықтан да, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ халқының рулық-тайпалық құрылымына қарсы мақалалар жариялануда. Өкінішке орай мақалалар үстірт, Б. Федотовтың мақаласы осыған жарқын мысал бола алады (Федотов Б. «Нашествие гадалок и целителей», «Доживем до понедельника», №8.2003 г.).
Бұл проблеманы көрнекті ғалымдар Н. А. Аристов, Н. Я. Бичурин, Б. Я. Владимирцов, А. Н. Бернштам қарастырған. Л. Н. Гумилев этникалық жүйені геронтократия ретінде айқындайды (Гумилев Л.Н. Хунны. – СПб., 1993 г. с. 67.). Сондықтан, этникалық жүйені дәріптеуші монография авторы былай деп ескертеді: «хотим мы этого или не хотим – это историческая данность, выбор наших предков, сделанный в силу исторических обстоятельств. Нам остается изучить историю происхождения, обстоятельства выбора, преимущества этой системы. Изменить мы ничего не можем. Отказ от этой системы предполагает утерю этнической идентичности, которая приведет к маргинализации, ассимиляции, в итоге к полной деградации».
Нұрлан Мыңбаевтың пікірінше, проблеманы оймен қорыту тарихқа үңілуді қажет етеді. Өмір сүрудің тарихи жағ­дайына байланысты Орталық Азия көшпенділері халық-әскер болды (Л. Н. Гумилевтің айқындамасы), оларда кәсіби армия болған жоқ. Қажет жағдайда қолына қару ұстауға қауқары барлардың бәрі сапқа тұрды. Бұл патриархаттық-рулық құрылыс жағдайында туындаған этникалық жүйенің арқасында ғана мүмкін болды. Мәселенің өзектілігі патриархаттың жолын салған да болар. Патриархаттық қатынастар рулық құрылысты мәңгі етті. Эволюциялық даму жағдайында бұл құрылым иерархиялық- этникалық жүйе түрінде жетілген фор­маға ие болды. Жүйе бүкіл қоғамның өмірін үйлестіруші құралға, рулар мен тайпалардың бұлжымас тәртібіне айналған экзогамияның пайда болуына жағдай жасады. Құрылымдық жағынан жүйе үш бөліктен тұрды: оң қанат, сол қанат және орталық (орда). Қазақ халқы осы триалдық этникалық жүйені жетілдіре отырып, ата-бабаларымыздың негізгі этникалық құндылықтарының мұрагері болып қалды.
Автор монографияда мәселенің түп-төркіні қаралатын мәліметтерге назар аударады. Н. Я. Бичурин былай деп жазады: «Дом Хуннов чрезвычайно усилился и возвысился, покорив все кочевые племена. При Модэ были Восточный и Западный-Чжуки и Восточный, Западный-Лули (Князья), Восточный и Западный предводители, также имели титулы Дуюй, Данху и Гудехэу. От Восточного и Западного Чжуки – князей до Данху высшие имеют по 10 тысяч, а низкие по нескольку тысяч конницы. Всего 24 старейшины, которые носят общее название темников. Каждый из 24 старейшин для исправления дел пос­тавляют у себя тысячников, сотников, десятников» (Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах, обитающих в Средней Азии. т. 1., М. – Л., 1950 г.).
Осы айтылғаннан шаньюйдің бас­шы­лығымен сол және оң қанат, орта­лық орда болған деген қорытынды жасауға болады.
Аты аңызға айналған Оғыз қаған­ның әскери іс-қимылы да триал­дық жүйеге негізделді, яғни, оң, сол қанат және хан ордасы – орталық. Көне мәліметтерге сүйене отырып, Қадырғали Жалайыри былай деп жазады:
Даст раст – сөзбе-сөз. «Оң қол», яғни, оң қанат.
Кун хан Ай хан
Кайы Баят Иазр Дөгер
Алкараулы Дурдурға
Караулы Жапарлы.
Даст чаб – сөзбе-сөз «сол қол», яғни, сол қанат.
Көк хан Таг хан Теңіз хан
Ердур бачиа Салор Имур Иакдир
Чавулдур Часи Ала иунтлы укуз Иануа
Букдур Каттык.
Әскердің ортасында өзінің бүкіл ордасымен Оғыз қаған болды (Жалаири Қ. Шежірелер жинағы. Алматы, 1997 ж.).
Қазіргі оғыздар – анадолы түріктері, әзербайжандар, түркімендер, хорезмдіктер екені нақты белгілі. Тарихи скифтер – ишкуздар, яғни, «ішкі оғыздар».
Көне түркі кезеңінде триалдық дәстүр сақталған еді. Қағандық Толос, Тардуш және Телес деген үш ірі құрылымдық бір­лестіктерден тұрған. Л. Н. Гумилев осы жайлы былай деп жазады: «Обычная орга­низация орды как войска предполагает наличие правого и левого крыла. Таковыми были Толос – восточное и Тардуш – западное крыло, в центре было объединение Телес» (Гумилев Л.Н. Древние тюрки, М., 1993 г.).
Дәстүрді жалғастырған Шыңғысхан ғұн-түркілік этникалық жүйені қолданды. Орталықты Наяа басқарды; сол қанатты – зюнгар// жоңғар (шығыс жақ) Мухали басқарды, оң қанат – барунгар (батыс жақ) Боорчудың басқаруына берілді. Сол қанат жетекшілік етті. Әскер ондық, жүздік, мыңдық болып бөлінді (Козин С. А. Сокровенное сказание. М., Л., 1941 г.).
А. Г. Митрошкинаның пікірі де назар аударарлық. Ол Алтын Орда Жошы ұлысының орталығы, Ақ Орда – оның оң қанаты, ал, Көк Орда – сол қанаты болды деп есептейді (Митрошкина А.Г. Термин «Золотая Орда». Труды Иркутского государственного университета им. Жданова А.А., т. 65, сер. Языкознания, Иркутск, 1968 г.).
Көріп отырғанымыздай, триалдық этникалық жүйе ежелде пайда болған. Тек қазақ халқы ғана бұл құрылымды мұра етіп алды. Ал, бұл, өз кезегінде, қазақ халқының бай мұраны – ғасырлар бойы жинақталған ғұн-түркілік этнографиялық, мәдени, моральдық-этикалық құндылықтарды қанында сақтауына себепкер болды. Сондықтан, қазіргі түркі халықтары қазақ қара шаңырақтың иесі екенін мойындайды. Осыдан барып патриархалдық-рулық құрылым, қандастық байланыс, қатаң экзогамиялық некелік қатынас, жаңартылған этникалық символика және атрибуттар сақталды. Осындай интуициялық-саналық өзін-өзі сақтау халықтың ұлттық этникалық сәйкестігінің қалыптасуына жағдай жасады.
Отарлаушылар алғашқы күннен бастап қазақ халқының жұтылып кетуін және бет-бейнесіз конгломератқа айналуын мақсат етті. Большевиктер осы саясатты жалғастыра отырып, аз ұлттарды құлдыратуға әрекет етті. Олар форма мен мазмұнның пәлсапалық шындығын ескермей: КСРО халықтарының мәде­ниеті «формасы бойынша ұлттық және мазмұны бойынша социалистік» болуы керек деген ақылға сыймас тұ­жы­рымды орнықтырды. Өкінішке қарай, қазіргі тәуелсіздік кезеңінде де біздің ұлт­тық-этникалық ерекшелігімізге деген ашық түрдегі түсінбеушіліктің бары байқалады. Ұлттық-этникалық ерекшелікті жоғалту халықты мәң­гүртке, өзге мәдени құндылықтарды бойына сіңіретін бет-бейнесіз тобырға айналдыратынын естен шығармау керек.
Қазақ хандығы құрылатын кезеңдегі тарихи жағдай жүздердің триалдық жүйесін қабылдауды қажет етті. Себебі, осы жүйе туындаған мемлекеттік құрылымның бірден бір өзегі еді. Мұндағы басты себеп – жүздердің триалдық жүйесі моноұлттың іргетасы болды. Осылайша, жүздер жүйесі халықтың бірігуінің және бірлесе қозғалуының жалғыз және ең маңызды құралы ретінде қарастырылды. Соғыс жағдайында этникалық жүйенің атрибутикасы жылдам жұмыс істеді. Мыңдаған әскери қабілетті адамдар әп-сәтте әскери сапқа тұрды.
ХV ғасырда Қазақ хандығы құ­рылды. Жаңа хандық шұғыл мем­лекеттік қалыптасуды қажет етті: басқарудың тетіктері мен органдарын, халық-әскерді, қазақ этникалық жүйе­сінің жаңартылған рәміздері мен атрибутикаларын жасады. Бұлай қалыптасудың бірден-бір құралы мен жолы дәстүрлі триалдық ғұн-түркілік этникалық жүйе болатын.
Орталық Азиядағы мемлекеттік құрылымның іргетасы ежелден этникалық жүйе болып табылады. Бұл жүйе тек халық-әскердің ұйымдастырушы күші ғана болған жоқ, сонымен қатар, қоғамның бүкіл шаруашылық-өндірістік қызметінің негізін де құраған.
Аталған уақыт кезеңінде ғұн-түркілік мұра – этникалық жүйе жаңа тарихи жағдайға ыңғайланды. Мемлекеттік билік Қазақ демониміне және Алаш ұранына ие болды. Қазақ тайпалары үш жүзге бөлінді: Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз. Әр жүздің құрамына бірнеше тайпадан енгізілді. Дегенмен, үш жүздік жүйені енгізуге және қалыпты этникалық жүйені ыңғайландыруға не себеп болды деген сұраққа жауапты тағы бір нақтылап алайық.
Мәселеге алыстан қарау керек. Монография авторы былай деп түсіндіреді: «Таким образом, с первых дней, зародившегося казахского ханства, народ-воинство был распределен на три жуза. Соблюдено было традиционное деление хунно-тюркской этнической системы на три орды. В ряде случаев атрибуты, т.е. ураны, флаги-знамена, тамги, необходимые во время военных действий и в процессе проведения обрядовых мероприятий в мирное время, были обновлены. Общетюркские символы дерево и птица в казахской символике родов и племен были упразднены.
Эта необходимость возникла в связи с тем, что отдельные части казахских родов и племен, в силу различных политических причин, оказались в составе других ханств и народов. Например, часть ряда крупных племен Қанлы, Қоңырат, Қыпшақ, Найман, Үйсiн и др. остались в составе ногайского, хивинского, бухарского, и ряда других ханств, вплоть до Османской империи. В связи с этим возникла острая необходимость в полном отмежевании. Нужно было окончательно определиться: казахи – есть подданные казахского ханства. Для этого необходимо было, в первую очередь, модифицировать этническую систему, унифицировать структуру, обновить символику и атрибутику этнической системы.
Вопрос стоял ребром: кто встанет под флагом рода и племени, если в случае войны прозвучит призывный клич (уран)? Поэтому обновленные тамги, т. е. тамги конкретно казахских родов и племен, были выбиты на отвесной скале горы Улытау. Обновлены были и другие атрибуты. Таким образом, казахские жузы сформировались сразу после образования нового ханства, так как эта система должна была и могла стать основой жизнеобеспечения нового государства. Откладывать этот вопрос на будущее не было ни времени, ни возможности. Военно-политическая ситуация требовала срочного, экстренного государственного обустройства. Моди­фикация и унификация этнической системы, требовало реорганизации этнической атрибутики».
Ары қарай кітапта жалпытүркілік атрибутикаларды қарастыратын тарихи мәліметтерге талдау жасалады. Шә­кәрім бұл туралы былайша жазды: «Шың­ғысханды ұлы қаған етіп сайлағанда ол әр рудың бектеріне ұран, құс, ағаш және таңба берді. Ұлы жүздің бегі үйсін Майқы биге «Бұдан былай сенің ұраның – Салауат, құсың – бүркіт, ағашың – қарағаш, таңбаң – сүргі ()», – деді.
Орта жүздің Қоңырат руының биі Саңғыл биге: «Сенің ұраның – Қоңырат, құсың – қаршыға, ағашың – алма, таңбаң – ай», – деді (Шәкәрім. Түрiк, қырғыз, қазақ пен хандар шежiресi. Алматы, 1991 ж.).
Оғыз қағанның тұсындағы Әбілғазы Бахадүр хан түркі этникалық жүйесінің атрибутикасында құстың болуы жайлы былай деген: «Тарихты білетін түр­кімен ақсақалдары Оғыз ханның он екі ордасында отырған жиырма төрт неме­ресінің есімдерінің мағынасы жайлы және бабаларының рухтарына сәйкес келген таңбалары мен құстарының аттары туралы әңгімеледі. Қайы есімінің мағынасы – шымыр, оның таңбасының белгісі – дойырдың бейнесі, баба рухы – ақсұңқар. Байат есімінің мағынасы – бай, оның таңбасының белгісі – жантайған құйрықты о әрпінің бейнесі, баба рухы – үкі. Алқа ойлы есімінің мағынасы – сәйкес келеді, оның таңбасының белгісі – дөңгелек сурет, баба рухы – күйкентай» (Әбілғазы хан. Түркімен шежіресі, (ауд. Кононова А.Н.), М.-Л., 1958 ж.).
ХV ғасырда қазақ халқының билеу­шілері мен көшбасшылары жалпы­түркілік этникалық жүйені жаңа тарихи жағдайға бейімдеді. Мысалы, Үйсін және Қоңырат тайпаларының атрибуттары өзгертілді. Содан бері Қоңырат тайпасының таңбасы П әрпіне ұқсас бейнеде, ол босағаның мағынасын береді, ал, ұраны – Алатау. Үйсін тайпасының таңбасы тігінен қос сызық //, ұраны – Бақтияр.
Түркілерге тән ағаш және құс сим­вол­дары жаңа қазақ символдарында жоқ. Бұдан бөлек, атрибутикаға өзгерістер енгізілді, яғни, бірқатар қазақ руларының ұрандары мен таңбалары өзгерді, кейбір этникалық есімдер де түзетілді. Мысалы, Шаншиут этникалық есімі Шанышқылы атанды, Аранут – Араншы болды, Кангюй//Кангха – Қаңлы болды, т.с.с.
Жаңа үрдістер жайлы хабар барлық қазақ руларының әрбір отбасына дейін жеткізілді. Әркім өзінің таңбасын білуі тиіс еді, ұран тасталғанда ту астындағы саптан өз орнын бірден табатын әрекетте болды. Нәтижесінде жаңа хандық әскери тәртіпке жақсы ұйымдасқан халық-әскерді жасады. Осылайша, өз заманында халық пен оның көшбасшылары халық-әскер өмірін қалыптастырған құрал ретіндегі этникалық жүйені саналы түрде таңдады. Жүздердің бейімделген этникалық жүйесі институтын енгізу әр этникалық топ пен қазақ халқының құрамындағы бірлестіктердің орны мен рөлін айқындайтын ұйымдастырушы күшке айналды.
Ұлттық ерекшеліктердің көрсет­кіш­терін айқандау қажеттігін ескере отырып, монография авторы этни­калық жүйе туралы айтыл­ғандарды былайша қорытады: «Почи­тание предков, духовных и куль­тур­ных ценностей, созданных ими, героическая история, отраженная в народных эпосах и сказаниях рождало самосознание избранности этноса. Совершенная этническая система вела к росту и расцвету нации. Экзогамия обеспечивала чистоту генофонда, не допус­­кала кровосмешения, в результате приум­ножались поколения физически и духовно здоровых потомков. Другая форма брака – полигамия стала нескончаемым источником самовосполнения и приумножения этноса без инородного вливания. Таким образом, качественный и количественный рост становился мощным стимулом чувства избран­ности».
Кітапта алғаш рет этникалық жүйеге қатысты «тірі», яғни, іс-әрекет үстіндегі деген түсінік енгізіледі. Ендігі бір жаңалық – этникалық жүйенің иерархиялық құрылымы айқындалуы. Этностың иерархиялық құрылымының кестесі төменнен жоғары қарай құрылған: арғы ата – отбасы, ататегі (түп, зат, сүйек) – ру – тайпа – тайпалар бірлестігі – халық (ұлт).
Автордың қазақ этникалық бірлес­тіктерінің қалыптасу кезеңі және этникалық терминнің пайда болу уақыты туралы пікірлері де үлкен мән беруге тұрарлық. Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығы қазақ халқының қалыптасу кезеңі жайлы пішіп-кесуге мүмкіндік бермейді. Генезистің бастапқы кезеңі ықылым замандарға жетелейді. Орталық Азия аумағында біздің дәуірімізге дейін Үйсін және Қаңлы патшалықтары құрылғанын, дәуірлегенін еске саламыз. Бұлар – кейінірегінде қазақ этникалық қоғамының өзегі болған. Бұл – айтылған пікірдің дұрыстығын білдіретін маңызды факті.
Осыған байланысты, қазақ этникалық терминінің пайда болуының талдауы қызығушылық тудырады. Ресей тари­хының атасы Н.Карамзин Қара теңіз жағалауларындағы даланы қосоқтар (косоги) мекендегені туралы жазды. Бір­­қатар ғалымдар қосоқты қазақ деп есептейді (Карамзин Н. Примечания к истории государства Российского. Т.I. – СПб., 1852). Тағы бір анық мәлімет – тас­тағы жазулар. Көрнекті түркітанушы В.Радлов Ұйық Тұран өзеніндегі Енисей көнетүркі ескерткішіндегі «қазғақ терген» сөзін «казахская арба» деп аударды (Радлов В.В. Опыт словаря тюркских на­речий. Т.II. Ч.1. – СПб., 1899. – С. 1033). Ғалым «қазғақ» сөзін «қазақ» этникалық тер­мині деп есептейді.
Осы үлкен факті төртінші ғасырдағы этникалық терминнің ашылуымен ғана емес, ежелгі терминнің кең таралуымен де өте маңызды. Бұдан бөлек, мәлімет бізге тарихи жағдайды ойша қорытуға мүмкіндік береді.
IV ғасырда қазақ ат-арбасының болуы­ның өзі көп жайтты аңғартады. Егер, дөңгелек пен арбаның ойлап табылған кезін ескерсек, қазақ этникалық терминінің пайда болу кезеңін тағы бір мыңжылдыққа ары жылжытуға болады. Осылайша, этникалық бірлестіктер мен қазақ этникалық термині өте ежелде пайда болған, ал, арбаның болуы өзіндік ерекше өндірістің болғанын көрсетеді.
Қорыта келе монография авторы кезінде халық көшбасшылары халық-әскердің өмір­шеңдігінің құралы ретіндегі этникалық жүйені саналы түрде таңдағанына тағы да мән береді. Жүздердің бейімделген этникалық жүйесі институтының енгізілуі халық-әскердің бүкіл шаруашылық ісімен қоса құқықтық және ата жолы қатынастарын ұйымдастыратын дәстүрлі әскери-әкімшілік жүйесін реформалауды қарас­тыратын және әр этникалық топтың өз орны мен рөлін айқындайтын құралға айналды. Қоғамның барлық салаларын қамтитын осы жүйе қазақтардың ұлттық ерекшелігінің көрінісі. Соның ішінде моральдық-этикалық, тәлім-тәрбиелік басымдықтар мен халықтың рухани құнды­лықтарын да айқындайды. Жоға­рыда айтылғандарды қорыта келе, автор этникалық жүйенің басым­дықтарын былайша саралайды:
1. Патриархаттық-рулық құрылыс этникалық жүйенің іргетасы болды. Патриархат пен экзогамия – көшпенділер этникалық жүйесінің негізін қалаушы ұстын болып табылады.
2. Ұлы даланың ежелгі тұрғындары гендік инженерияны танып-біліп, неке­лесудің экзогамиялық үлгісін құрды. Ондай отбасы қан тазалығын сақтады, генофондтың сақталуына жағдай жаса­ды. Қазіргі уақытта некелесудің мұндай формасын жазылмаған заң ретінде тек қазақ халқы ғана сақтауда.
3. Экзогамиямен қатар полигамия да кеңінен тарады. Полигамия халық санын көбейтудің мықты ресурсына айналды.
4. Этникалық жүйе жабық болды. Сондықтан, этносқа өзге ұлттардың сырттан келіп қосылуына жол берілмеді, бабаларымыз метисация қаупінің алдын алды.
5. Өмір сүру аумағына қарамай, адам­ның руға немесе тайпаға қатыс­тылығы туа­бітті болып, өмір бойына және өлге­нінше сақталды.
6. Триалдық нұсқадағы этникалық жүйе халық-әскерді ұйымдастырудағы теңдессіз құралға айналды.
7. Қазақтар дәстүрлі ғұндық-түркілік этникалық жүйені мұра етіп алған.
8. «Тірі», қолданыстағы және өз күшін­дегі этникалық жүйенің құрылым­дарында өзінің айшықтары мен атрибути­калары болды, олар – ту, ұран және таңба.
9. «Тірі», қолданыстағы және өз күшін­дегі этникалық жүйе халық-әскер­дің өмірін қамтамасыз етуші ұйымдас­тырушы күшке айналды.
10. Демократия негіздері, билік орган­­дарының (хандардың, билердің, датқалардың, болыстардың) ашық сай­лауы, халықтың өзін-өзі басқаруы, сөз еркіндігі болды.
11. Этникалық жүйе мемлекеттік құрылымның негізіне айналды.
12. Кез келген қоғам мүшесі этни­калық жүйенің құрылымын, шежіресін және бабаларды (қырық атаға дейін, ең кемі жеті атаға дейін) білуі міндет болды.
13. Патриархалдық жүйе бабалар рухын ардақтауды талап етті.
Этикалық жүйенің осы аталған негіздері қазақ халқының ерекше мо­раль­дық этникалық басымдықтарын қалыптастыруға жағдай жасады. Нә­тижесінде қазақ халқының қасиетті болып саналатын ұлттық-этникалық рухани құндылықтары қалыптасты. Рухани құндылықтарымыз туған жерге, Отанға, тарихы ерлікке толы халыққа деген біздің сүйіспеншілігімізді сусындатты, ұлттық қасиеттерімізді айқындады. Тізбектейік:
1. Жер-Ана. Туған жерімізге оны жау­дан қорғаған бабаларымыздың қаны мен тері сінген.
2. Туған жерімізде халық пен оның біртұтастығы үшін жанын қиған баба­ларымыздың бейіті.
3. Тәу ететін қасиетті аталарымыздың бейіттері, олардың рухы бізді Жара­тушымен жалғайды.
4. Ұлттың рухын биіктететін тарихы тереңде жатқан сакралды қасиетті орындар.
5. Ислам діні. Қазақтар – мұсыл­мандықты өз еріктерімен қабылдаған бірден-бір халық, көпшілігі дәстүрлі Ислам дінін бұлжытпай ұстанады.
6. Әбу Насыр әл-Фараби, Қорқыт ата, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Майқы би, Асан Қайғы, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Абай Құнанбаев, Бекасыл Әулие, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайберді, Мұхтар Әуезов т.б. сынды ұлы оқымыстылар мен ағартушылардың өмірі мен қызметі.
7. Ана тілі – ерекшеліктің түп негізі. Қазақ тілі лексикаға бай, оның грам­матикалық және фонологиялық жүйесі жетілген. Фонологиялық жүйе­сінің сингармонизмі тіліміздің айрықша үндестігін айқындап тұр, бұл – табиғаттың сирек сыйы.
8. Қазақ халқының батырлық рухын паш ететін ертегілер мен аңыздар, ескіліктің әңгімелері.
9. Ата-баба рухына деген ерекше тағзым. Бабалар рухын шақыра отырып, қазақтар жауға шапқан, жауапты сәттерде рухтарға жүгінген.
10. Ана-жер ұлт меншігі.
11. Ұжымдық, қоғам санасында эгоцен­тризмнен этноцентризмнің жоғары болуы.
Осы қасиеттер мен құндылықтар қазақ халқының феноменін, оның ерек­шелігін айқындайды. Халықтың ерекшелігі мен болмысы мына жайт­тардан көрінеді:
– туған халқымен қандас екенін сезіну, қазақта «туған ел» деген ұғым бар;
– туған халыққа деген шексіз махаббат;
– өзімен туабітті біте қайнасқан, жерін қорғай білген туған батыр халықты мойындау және мақтаныш ету;
– атақты ағартушы, оқымыс­ты­ларымен мақтану, оларды мойындау;
– туған жерге деген шексіз махаббат, қазақта «кіндік қаны тамған жер», «туған жер» деген ұғымдар бар.
– ана тілге деген құрмет пен сүйіспен­шілік;
– өзінің асыл екенін сезіну, бұл халықтың әрбір өкіліне тән;
– ұжымдық жауапкершілікті сезіну, өйткені ру, тайпа – қандастардың бірлестігі, ұжымдасу ежелде қалыптасқан.
– эгоцентризмнен этноцентризмнің жоғарылығын сезіну;
– отан үшін жан беру, батырлық және патриоттық сезімдерінің басым болуы.
Автордың зерттеуінде қазақ хал­қының батырлығы мен патриотизміне баса назар аударылады. Ол жоғарыда аталған қасиеттерді халықтың туған жерге, Отанға деген махаббаты деп есептейді. Осы махаббат қазақ халқының жүрегінде қайсар рух, қайтпас жігер, патриотизм мен батырлық ұялатты. Осы сезімдер ұрпақтардың жүрегінде әліге дейін орын алып келеді. Радлов бостан босқа былай деп жазған жоқ: «Особенно возвышает их над народами Алтая чувство собственного достоинства и воинственный, я бы даже сказал рыцарский дух, до сих пор присущий всем киргизским (казахским – Н.М.) племенам».
Ұлы бабалардың рухани-ділдік құн­дылықтарын мұра еткен қазақ хал­қының пассионарлығы өзінің барша тарихындағы пассионарлық өрлеуінде – түрлі шабуылдарға қарсы жанқиярлық күрестен Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктерге дейін көрінеді.
Құжаттық және статистикалық мәлі­меттер Кеңес Одағының Батырларының саны бойынша қазақтар бұрынғы КСРО халықтарының арасында төртінші орында екенін көрсетеді. Егер бұл мәліметті халықтардың санының өлшемімен қарастырсақ, онда біз бірінші орында боламыз.
Жастардың 1986 жылғы желтоқсандағы қайтпас қайраты және қаһармандығы қазақ халқының жаңа тарихында көптеген ұрпақтардың армандап келген шын мәніндегі мемлекеттік тәуелсіздіктің жаңа парағын ашты.
Қазіргі бейбіт заманда біздің отандастарымыз жанындағы адамдарды құтқару үшін таң қаларлық ерлік көрсетіп, құрбандыққа барады. Ресей полигонында әскери бөлім командирі, полковник Серік Сұлтанғабиев гранатты өзінің кеудесімен жауып, жанындағы сарбаздардың өмірін сақтап қалды. Тараз қаласында терроршы жарылғышты іске қосар сәтте полиция капитаны Ғазиз Байтасов оны өзінің дене­сімен жауып қалды, сөйтіп өзгелердің өмірін сақтады.
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланы әскери нарядының бастығы Абзаловтың, Аяпбергеновтың, Сатыбалдиевтың, шекарашы Қайырбек Төлеуовтың, кіші сержант Бейбіт Толықбаевтың, аға сержант Арман Смағұловтың, полиция капитаны Ермек Досмағамбетовтың жасаған ерліктері де айтуға тұрарлық. Осы оқиғаларға назар аудара отырып, бұл қазақ халқының қанындағы қасиет деген ойда қаласыз.
Тұтастай алғанда, зерттеу еңбегінде автор Н. Мыңбаев халықтың жат жұрттықтармен айқаста жерін қорғаған ерлік тарихы Отанмен, Ұлы даламен байланысты деген идеяны арқау етеді. Ұлы дала – қазақ халқының талбесігі. Осы талбесікті сақтап келген Ұлы дала тұрғындарының көпғасырлық ерлік тарихы, тар жол, тайғақ кешулерден кейінгі қалпына келу мен гүлдену халқымыздың шын мәніндегі «Мәңгілік ел» екенінің куәсі болар.

Алдыңғы «
Келесі »