Тұңғыш Президент сарайы – бірлік идеясының іске асуы

  • 28.08.2018
  • 171 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Тәуелсіз егеменді Еліміздің ертеңі бірлік пен келісімнің құдіретінде. Қазақ халқы қашанда әділдік пен мейірімділікті, достық пен ынтымақты тіршілігінің өзегі еткен. Ата-бабаларымыздан осы күнге дейін жеткен салт-дәстүр, ұлттық дүниетаным өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Соның айқын көрінісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының халық тарапынан кең қолдау табуы. Бағдарлама аясында қабылданған «Туған жер» жобасында еліміздің мерейін өсіретін, бірлігімізді бекемдейтін іс-шараларға, шығармашыл тұлғалардың еңбегіне ерекше назар аударылғаны белгілі. Осы орайда белгілі суретші, мүсінші, Қазақстан Республикасы және КСРО Суретшілер одағының мүшесі Құрмаш Құттыбаевпен сұхбатымызда ел игілігін еселейтін бірегей идеялар төңірегінде өрбіді.

– Құрмаш Қарашұлы, шығарма­шылыққа бастау болған балалық шағыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Менің балалық шағымда суретші болу деген қиял секілді көрінетін. Ол заман қиыншылыққа толы кез еді. Ең­бекке бала кезімнен араластым. Мек­теп қабырғасында оқып жүргенде Сере­жа Воробьев деген баламен дос болып өстім. Сәл әлжуаздау демесең, өте мейірімді, қиялы ұшқыр болатын. Осы Сережа досыма күш көр­сеткен жігіттерді сабасына түсіріп қоюшы едім. Бала кезімнен қара күштің иесі болдым. Батырлық қасиет Шапырашты Қарасай батыр бабамыздан дарыған, адалдық пен әділдік үшін жанын бере­тіндердің бірімін.
Бір күні Сережа досым: «Құрмаш, мен мақала жазғым келіп жүр. Сен суретін көркемдеп саласың, сосын «Молния» де­ген апталық газет шығарайық» деп ұсыныс жасады. Міне, содан бастап мек­тепте апталық қабырға газетіміз пайда болды. Менің енді сурет салуға құмарым арта бастады. Бірақ, 8-ші сыныптан кейін мектеппен қоштасуға тура келді. Өйткені ата-анама және екі ініме көмектесу үшін еңбек етуге бел будым. Қазіргі Көктерек ауылында сол кезде құрылыс қарқынды жүріп жатқан. Құрылыс басына жұмысқа алыңыз деген өтінішпен барып едім, басшысы сен жассың, бұл жұмысқа әлі лайық емессің деп, арқамнан қағып шығарып салды. Содан ауылымызға жылу беретін орталық қазандыққа от жағушы керек дегенді естіп қалдым. Олар қарсылық білдірмей жұмысқа қабылдайтын болды. Қуаныштан көңілім көкке көтеріліп, жұмысқа кірістім де кеттім.
Күндер өтіп жатты. Үсті-басым күйе­­ден қап-қара, ауыр жұмыстан шар­шап келіп, мұрттай ұшып ұйқтай­тыным бар. Бір күні жұмыстан үйге келсем, анам мұңайып отыр екен. Маған қарап: «Құрмаш, балам! Қашанғы осы қара жұмыспен жүрмек ойың бар? Әкең екеуміздің бар өміріміз осындай жұмыспен өті ғой. Сен сол жолды қай­талағың келіп жүр ме? Құрдастарыңа қарашы, бәрі оқуға түсуді ойлап жүр. Сенің мына жүрісің өзіңе жараспайды, балам!» – деп, өксіп жылап жіберді. Қиын­шылықты көп көрген анамның сөзі­не құлақ асып, «Уайымдамаңыз, мен де оқуға түсем» деп көңілін ауладым.
Бір күні әлгі Сережа досым «Құрмаш, достым, қам жеме. Газетте Алматыдағы Н.Гоголь атындағы училищеде суретші мамандығына студентер қабылдаймыз деген хабарландыру басылыпты. Осыған екеуміз барып түспейміз бе?» деп ұсынысын айтты. Маған бұл ұсыныс болашақ арманға жетелегендей қанат бітірді. Бұл әңгімені естіген анашым да қатты қуанды. Содан Сережа екеуміз дайындыққа кірістік. Өкінішке қарай, ол жылы училищеге түсе алмадық, дайындығымыз бен сурет салатын құ­рал-жабдықтарымыз жеткіліксіз бо­лып шықты. Сережа болса Құрылыс техни­кумына түсуге кетті. Ал мен кешкі орта мектепке жазылдым. Суретшілер учи­лищесіне жиі барып, білмегенімді сұрап, келесі жылға оқуға түсуге дайындалдым. Сонымен бір жыл өтті, қайта емтихан тапсыруға құжаттарымды тапсырғанмен, тағы да конкурстан өтпей қалдым.
Бірақ, Құдайдың көзі түзу екен, сол оқу орнының директоры Ахрап Құдай­бергенұлы Жұбанов деген ағамыз мені училищеде бірнеше рет көрсе керек, «Мына жігіттің ізденісі мол сияқты. Меніңше осы жігіттің жағдайы болмай жүр. Дайындалып, оқуға түсуге тырысып жүргенін байқап жүрмін» деп, мені даярлық тобына қосқызды. Жарты жыл­дан кейін осы даярлық тобындағы оқу­шылардың арасынан үздік атандым. Үздік оқығаныма байланысты комиссия мүшелері мені бірінші курс оқып жүрген студенттер тобына өткізді. Қуанғаным сонша, өзіме «осы оқуымды үздік біті­ремін» деген серт бердім. 1975 жылы арма­ным орындалып, оқу орнын қызыл дип­ломмен тәмамдадым.
Ахрап Құдайбергенұлы бір күні каби­нетіне шақырып, маған: «Құрмаш, сенің талантың бар екенін байқап едім, міне, оқуыңды да бітірдің. Осымен тоқтама балам, суретшілік сенің өмі­ріңнің мәні екен. Саған Мәскеудегі кәсіби суретшілер дайындайтын жоғарғы оқу орнына жолдама береміз» деді. Мен болсам «Жоқ, аға, рахмет! Мен ата-анама көмек беріп, жұмыс істегенім дұрыс болар» деп, директордың кабинетінен шығып кеттім. Дегенмен, осы әңгімені естіген әке-шешем жоғарғы оқуды жалғастырғанымды дұрыс көрді. Қайта айналып директорға келсем, жолдаманы басқа оқушыға беріп қойыпты. Мұны естіген соң директордың кабинеттен шы­ғып бара жатқан едім, сол кезде Ахрап ағамыз: «Құрмаш, тоқташы, Львов қала­сына бір орын бар, сол жаққа жол­дама берейін, барасың ба?» деп сұрады. «Әрине, барамын» деп қуанып кеттім. Мәскеуді білетін едім, ал Львов қайда екен деген ой басымнан шықпады. Жолға дайындалып жүргенде Таңатбек деген суретші танысымды кездестірдім. Таңатбек Львов қаласындағы көркем­сурет институтын тәмамдап келген екен. Мені көрісімен қатты құптап, қайрат­тандырып: «Құрмаш, ол жерде нағыз суретшілерге лайық кәсіби білімді Мәскеуден артық бермесе кем бермейді. Барғаның дұрыс» деп жігерлендіріп қойды. Тәуекел деп, жолға аттандым. Батыс Украинадағы Львов қаласына барып, емтихан тапсырдым. Төрт деген бағаны алғанымда, институтқа өте үлкен талаппен қабылдайтындығына көзім жетті. 1980 жылы қызыл дипломға да қолым жетіп, мәртебем көкке жетті. Сол жылдары оқуды үздік тәмамдаған студенттерді КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне бірден қабылдау туралы бұйрық шықты. Львов қаласындағы жоғарғы көркемсурет институты атынан хат жіберіліп, мені Суретшілер одағына өткізді және Алматы қаласындағы «Өнер» комбинатына суретші әрі мүсінші ретінде жолдама берді. Ол кез­де бұл комбинатта жұмыс істеу әркімге бұйыра бермейтін. Міне, шығармашылыққа осылай келдім. Еліміздің түкпір-түк­пірінде композицияларым, сурет­терім, жобаларым көрмелерге қойылып, бірне­ше мәрте рес­пуб­ликалық байқау­ларда жүлдегер атан­дым.
1993 жылы «Өнер» комбинаты жабы­лып, еркін шығармашылықпен, мү­сін­ші­лікпен айналыстым. Сондай-ақ, рес­публикалық Т.Жүргенов атын­дағы өнер академиясында, Алматы қала­сын­дағы көр­кемсурет колледж­дерінде сту­денттерге дәріс беріп, шәкірттерге су­ретшіліктің қыр-сырын үйретіп жүрге­німді мақтан тұтамын.
– Құрмаш Қарашұлы, қазір сіз жаңа жобамен жұмыс істеп жатыр екенсіз. Бұл композицияның идеясы қалай туды және «Тұңғыш Президент Сарайы», «Бірлік» монументі деп аталу себебі неде?
– «Тұңғыш Президент Сарайы» атты Бас жобаның дүниеге келуі үшін 18 жыл­дай еңбек еттім. Бірегей жобаны жасау барысында еліміздегі көптеген танымал сәулетші, су­ретші, мүсіншілер құптау білдірді. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» ұлағатты сөз бар ғой. Бірлік пен ынтымақ жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та жиі айтады.
Міне, бұл жоба ондаған жылғы тыным­сыз еңбектің нәтижесінде орын­далған ар­ман десем болады. «Қазақ халқын құ­райтын Ұлы, Орта және Кіші жүз, даңқты Төле, Қазыбек, Әйтеке би-бабаларымыздың басын қосып, әлемдік деңгейдегі ерекше ескерткіш жасауым керек» деген оймен еңбегімді бастадым. Бірақ, ақ қағазға талай сурет түсірсем де, түйінін көпке дейін таппай жүрдім. Тіпті осы жобам іске асады-ау дегенге сенім азайған кездер де болған. Алайда, жігерлі іс-әрекетім күмәнді ойдың бәрін женді.
Бірде отбасы жағдайымен Астанаға шұғыл сапарға шығу керек болды. Көп ойланбастан жолға жеке автокөлігіммен шықтым. Күздің соңғы айы болатын. Қарағанды – Астана тас жолы көктайғақ, мұз айдынындай жалтырап жатыр екен. Бір кезде айналам жарқ ете қалды да сөнді. Сөйтсем, жол апатына ұшырап, «Жедел жәрдем» көлігімен ауруханадан бірақ шығыппын. Есімді білмеймін. Бір кезде алыстан гүрілдеген әмірлі дауысты естідім. Содан кейін жарық пайда болды. Айналаға қарасам көк аспан, жан-жағы бұлттанып тұр екен, әлгі Би бабаларымыз шаңырақты көтеріп тұрғанын байқап қалдым. Сол кезде «Ау, он жыл бойы іздегенім осы ғой» деп қуанып кеттім. Содан бірер сәттен кейін есімді жинап, көзімді ашыппын. Ақ халаттағы қарындас: «Аға, әйтеуір көзіңізді аштыңыз ғой, әйтпесе біз сізден күдер үзе бастап едік» деп қабағы ашылып, күлімсіреп тұр екен. Ауруханада жатқанымды сонда ғана түсіндім. Бабалардың аян бергенін сезіндім. Бір апта клиникалық өлімде болыппын. Көретін жарығым бар екен. Дәрігерлердің өзі «Бұндай жағдайда жазылу екіталай, сіздің ажалыңыз жоқ екен» деп таңғалды. Енді ауруханада жата алмай, жұмысқа асықтым. Алматыға келісімен қайтадан жобама кірістім. Үш жылдың ішінде дайындап, физикалық есеппен дәлме-дәл шығардым.
Ал енді «Тұңғыш Президент Са­райы» және «Бірлік» монументі деген атаудың қайдан келгенін айтайын. Елба­сымыз әр­дайым тек қазақ елін емес, барша әлем қауымын бірлікке, бейбіт өмірге, жақсылық жолына шақы­руда аянбай тер төгіп келеді. Бұл мону­менттің түпкі идеясы сол Елбасы баста­маларының ескерткіш түрінде бейне­ленгенін білдіреді. Шын мәнінде «Бірлік» монументінің нағыз авторы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев десем қателеспеймін. Сондықтан да «Тұңғыш Президент Са­райы» және «Бірлік» монументі деген атауға тоқталдым. Мен суретші ретінде елі­міздің дамуының басты кепілі саналатын достық пен бірлік идеясын скульптуралық композиция етіп сомдадым.
«Тұңғыш Президент сарайы» мен «Бірлік» монументінің жалпы биіктігі 200 метрге дейін жетеді. Монументте қазақ халқының айбынды тұлғасы Абылай Хан, әйгілі үш биіміз – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бейнеленген. Басты идеясы – қазақты құрайтын үш жүздің және елімізді мекендеген түрлі ұлт өкілдерінің бірлігі мен достығын дәріптеу. Негізі, қазақ жүзге бөлінбейді, жүзден құралады. Бұл біздің тектілігіміздің символы, тарихымыздың тағылымы. Тарихтан білетініміздей, Абылай хан бастаған үш би қазақ халқын дұшпанға қарсы күресте біріктіріп, мемлекет құрды. Бұл біздің барша ұрпақтарымызға мәңгілік үлгі болатын ұлы уақиға. Бүгінгі күні де бірлік пен тұтастық мемлекетіміздің стратегиялық басымдықтарының бірі болып табылады.
Ұсынылып отырған композиция Елбасы Н.Назарбаев белгілеп берген «Мәңгілік ел» жобасын іске асыруда өте қажет деп есептеймін. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді қа­лып­тастыруда мұндай жобалардың мән-маңызы жоғары. «Бірлік» монументі бейбіт­шіліктің, барлық игіліктер мен текті­ліктің символы іспеттес шаңырақты көтеріп тұрған төрт тұлғадан тұрады. Шаңырақ бұл композицияда келушілерге айналаны алақандағыдай көрсететін алаң міндетін де атқарады. Монумент тат­тан­байтын болаттан және әйнектен салы­нады. Композицияда көшпелілердің ұлы туындысы, сандаған ұрпаққа пана болған ғажайып киіз үй орналасады. Бұл киіз үй бейнесіндегі ғимарат түрлі жиындар мен кездесулер өткізуге қолайлы болмақ. Ал ұлттық киімдегі төрт тұлға бейнесі мәрмәр таспен әшекейленген металл конструкциялардан жасалады. Аталған пішіндер сегіз қырлы тұғырға орнатылады. Оның жан-жағы киіз үйдің керегелеріне ұқсас және әйнекпен әсемделеді. Бұл композицияға әуеде қалықтап тұрғандай әсер береді. Қорған пішіндес тұғыр-ғимаратты да мәдени, ғылыми мақсатта пайдалану көзделген. Мұнда конференц-зал, кітапхана, музей сияқты мекемелер орналасады. Жалпы монумент биіктеу жерде салынуға тиіс. Арнайы жеделсатылар шаңыраққа дейін көтерілуге мүмкіндік береді. Нысан дербес электр қуатымен жабдықталып, шаңырақ пен қорғанда орналасқан күн батареялары жарық беріп тұрады. Монументалды композицияның жалпы көлемі қорғаннан шаңыраққа дейін 116 метрді құрайды. Мүмкіндік болса жалпы көлемін 150-200 метрге дейін ұлғайтуға болады. Қорған айналасында жасыл желекке толы бау-бақша, шеберлер қаласы, балалар алаңқайлары орналасса нұр үстіне нұр болар еді.
– Құрмаш Қарашұлы, идеяңыздың сәт­ті іске асуына тілектеспіз. Еңбегіңіздің жемісін көруге жазсын! «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дегендей, халқы­мыз­дың бірлігі арта берсін.

Азамат Омаров,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »