Аттила – текті халықтың ұлы қайраткері

  • 28.08.2018
  • 645 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бердалы Оспан, мәдениеттанушыБердалы ОСПАН,
мәдениеттанушы

Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам, –
Мағжан Жұмабай,
қазақ ақыны.

Қазақтың бабалары сақ-скифтер, ғұн­дар мен байырғы түркілердің қан­дай болғаны туралы бұрынғы кезде жазылған әдебиеттер аз емес. Байырғы тарихшылардың жазбаларын «гун», «хун», «ун» деп аталатын, сақтардан кейін тарих алаңына шыққан ғұндар өздерін еш ұмытылмастай із қалдырған. «Искусство западной Европы» (Батыс Еуропа өнері) атты кітап жазған ғалым Лев Любимов Ноин-Ула атты жердегі қазба жұмыстары туралы былай баяндайды: «…біздің дәуірімізге дейінгі ғұн басшыларының денелері аса байлықпен көмілген жер. Онда қиял-ғажайып құстардың шайқасы бейнеленген керемет кілемдер табылды (бұл бейнелердің орындалу әдісі атақты Пазырық қорғанынан табылған баға жетпес туындыларды еске түсіреді), салт аттылар бейнеленген маталар, қолшатырлар, жалтырақтатылған қасықтар». Ғалым сөзін ары қарай жалғастырады: «Сол кезгі басқа қорғандарда… жібек маталардың қалдықтары табылған, жалтырақтатылған табақтар, қола айналар, ақ нефриттен жасалған бұйымдар».
Бұның бәрі ғұндардың өз дәулеттілері, ғұн шеберлерінің кілем тоқығаны, кілемді тек қана тоқып қана қоймай сол кілемдердің бетіне  салтаттыларды бейнелеуі, олардың бейнелеу өнерінің даму деңгейінің өте биік болғанын көрсетеді. Олар нефрит сынды қымбат тастарды өңдей алған, жалтырақтату әдістерін меңгерген, қолша­тырлар қолданған.  Басқалар ғұн­дарға салық төлеп тұрған, бұның бәрі олардың мемлекетінің дамып, зор беделге ие  болғанының көрінісі. Сондықтан да, өркениеті биік дамыған ел Аттила сынды ұлы тұлғаны тарихқа әкелді.
Қазақтар ғұн патшасы Аттиланы әр­дайым білген. Қазақ халқы ғұндарды өз бабалары деп таныған. Ғалым Шоқан Уәлиханов Аттилаға үлкен мән беріп, А.Тьерридің 1856 жылы Парижде шық­қан «Аттила тарихы» атты кітабын аудармақшы болған. Ақын Мағжан Жұмабайұлының 1911-1922 жылдары аралығында жазған  «Пайғамбар» атты өлеңінде:
…Ерте күнде отты Күннен Гун туған,
Отты Гуннен от боп ойнап мен туғам, – деген жолдар бар. Өлеңге ұлы ақын өз қолымен «Гун – түркінің атасы» деп түсіндірме жазған. Совет өкіметінің саяси шалғысының ақынға қаһарлана сілтенуінің бір себебі осында жатқан болар. Ия… содан бері қазақтар Аттила туралы тіс жармай, ұзақ уақыт үнсіз қалды.
Көп жылдар өткен соң, жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында қазақ қоғамына Аттиланың есімін еске салған әдебиетші ғалым Рахманқұл Бердібай болды. Ол Мұхтар Әуезов мұражай-үйінің жанынан ашылған қоғамдық негіздегі «Халық университетінің» бір сабағын ғұндардың басшысы ұлы Аттилаға арнады. Оның бұл әрекеті ол кезде ерлікке пара-пар болатын. Әрі ғалым үшін де оңайға соққан жоқ. Қазақ тіліндегі Аттила туралы алғашқы кітап Қазақстан егемендігі жарияланғаннан кейін жарық көрді.
Сонымен, 1911 жылы Санкт-Петербург қаласында жарық көрген «Военная энциклопедия» (Әскери энциклопедия) кітабында «Оған Еуропа өзінің сақталынып қалғанымен қарыздар…» деп баға беріліп, әлем мойындаған Аттила, кім еді?
Византия елшілігінің құрамында болып Аттиланы көзімен көрген Приск Панийский, ол туралы былай жазған: «…Ромул айт­қан­дай Скифтер елінде, және басқа елдерде де патшалық құрғандардың ешқайсысы да осындай қысқа уақыт аралығында Аттиладай ұлы жетістіктерге қол жеткізе алған жоқ. Оның қарамағындағы елдер мұхиттағы қаншама аралдарға дейін көсіліп жатыр… және ол Римді өзіне салық төлеуге мәжбүр етті.   Бірақ бұнымен қанағат етпей, ол өз мемлекетін бұдан да ары кеңейтіп Парсы еліне жорық жасамақ…».
Ия, ғұн өркениетінің өрлеуінің өзіндік жолы болды. Ғұндар дамыған мемлекет құрды. Олардың елі шынында да кең байтақ болатын. Бұндай даму сатысына олар қалай жетті? Бұл мәселеде көп нәрсе бірінші басшыға, оның жеке басының қабілеттілігіне байланысты еді. Тарихта Аттила туралы көбінесе оның қандай адам, қандай мемлекет қайраткері екені емес, қандықол жаулап алушы, қатыгез, жауыз екені көбірек айтылды.  Ғұн патшасы сондай болды ма? Ол сондай болса қалайша үлкен әрі күшті мемлекет құра білді?
Аттиланы мақтаған белгісіз ақынның мына­дай өлеңі бүгінгі күнге жетіп отыр:

«АТТИЛА БАСТАҒАН ТАЙПАЛАР ОДАҒЫНЫҢ  КҮШТІЛІГІ ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІК»

Бауырларым, әлемнің үшінші бөлігі Еуропа деп аталады. Онда
Тұрмысы мен сенімімен, есімімен, тілімен және әдет-ғұрпымен
Әрқайсысы ерекшеленетін, түрлі халықтар мекендейді:
Олардың ішіндегі Паннонияны мекендеген бір халық өте өзгеше,
Ғұндар деп оларды, біз  жиі атап әдеттенгенбіз.
Бұл халық өте күшті әрі ерлігімен даңқы шыққан еді.
Көрші елдерді ғана бағындырып қоймай
Ол Мұхитқа дейін жетті. Бас иіп бейбітшілік сұрағандарға
Одақ силап, бағынбағандарды күлге орады.
Көп ғасырлар бойы, ол мықты әрі күшті билік орнатты.
Ал, бүгіндері ғұндардың тәжін киген Аттила, дамыл таппай
Тыныштықты тәрк етіп, өзіне жаңа жеңістерді іздеуде.
(Аударған – Б.Оспан.)
Осы өлеңді оқыған кім де болса еуро­палық ақынның Аттила мен оның елі туралы жақсы пікірде болғанын түсінері сөзсіз. Аты беймәлім ақын ғасырлар өткеннен соң өзінің бұл ойымен ХХ ғасырдың ға­лымының ғұндар туралы мынадай пікірі үндес болатынын білген жоқ: «Даланың жаулап алу ағысы өзімен бірге туған жерінің кең алқаптарында пайда болып гүлдеген мәдениетінің демін айналасын толтыра салқын самал желдің жаңа лебімен бірге алып келді».
Ия, бұл рас еді. Себебі жаңа жерлерді тек қарумен және қара күштің көмегімен басып алу мүмкін болғанмен ұзақ ұстап тұру мүмкін емес. Ал, жолындағының бәрін жойып жіберу өздеріне тиімсіз екенін ғұндар жақсы түсінген. Әрине, Аттила мен оның үзеңгілестерін жабайы етіп көрсетуге тырысқандар да болды, бірақ бұл шындыққа жанаспайтын еді. Ғалым В.Савукова Григорий Турскийдің «История Фракии» (Фракия тарихы) атты кітабына Аттиланың қарсыластары туралы түсініктемесінде былай деп жазады: «Аэций Батыс Рим империясының солтүстік аймақтарын сақтап қалу үшін, вестготтар, франктер және бургундтардың жабайы тайпаларын білгірлікпен пайдалана білді. 401 жылы Аттила басқарған ғұн қолына қарсы римдіктердің әскерін және олардың жабайы одақтастарын Каталун даласында болған атышулы шайқаста басқарды». Ғалым Аттиланың жабайыларға қарсы соғысқаны туралы анық жазған. Демек жабайыларға қарсы соғысқан Аттиланы жабайы деуге негіз жоқ.
Ал, Аттиланың қарсыласы Аэций өте зымиян әрі қу болатын. Каталун шайқасынан кейін ол Торисмоданы бауырың таққа отырып қоюы мүмкін деген өзінің ойына сендіріп еліне қайтарып жібереді. Аэцийдің бұл қылығын Григорий Турский қулық деп ашық жазған: «Осындай қулықпен Аэций франктердің королін де кетірді. Олар кеткен соң, шайқастан кейінгі олжаның бәрін жинап жеңімпаз ретінде оралды». Ия, тарихшының берген бағасы осы, Аэций жеңімпаз болып емес, «жеңімпаз ретінде» оралды.  Демек ол Каталун шайқасында жеңіске жете алған жоқ.
Осы жерде айта кететін тағы бір нәрсе, Г.Турский өз жазбаларында тарихшы Ренат Фригеридтің Аэцийдің өмір жолы қалай аяқталғанын да келтірген: «Император Валентиан ержеткен соң, өзін Аэций билік үшін өлтіруі мүмкін екенін болжамдап, Аэцийді өлтірді».
Ал,  не істесе де алдын ала жақсылап жоспар түзетін ұлы қолбасшы Аттила үшін Каталун даласындағы шайқас тек көп шайқастардың бірі ғана еді. Сондықтан, ол шайқастың барысына қарай отырып оны ары қарай жалғастыруды дұрыс деп санамаған еді. «Аттила бұл шайқастан өзінің аз қалған жауынгерлерімен қалады» деп пікір білдірген Г.Турский ары қарай өзіне-өзі қарсы ой білдіреді: «Осыдан аз уақыттан соң ғұндар Аквилеяны басып алып, өртеп қиратты. Содан соң олар шайқастарын жалғастыра отырып бүкіл Италияны басып өтіп елді әбден жұ­татты». Жүйелі түрде ойлайтын кім болса да бұл сөздерді оқыған соң: Сонда «аз жауын­герімен қалған Аттила» қалайша Аквилеяны басып алғанымен қоймай бүкіл Италияда шайқастар жүргізуге қандай мүмкіндігі бар еді, деп сұрақ қоюы сөзсіз ғой?!
Аттила туралы бұрынғы кездері теріс пікірлердің қалыптасуы неліктен? Себебі Аттила асқан дарынды тұлға еді. Жаулары болса оның осы басымдылығын мойындап, талап еткен мөлшерде салық төлеуге мәжбүр болды. Сондықтан, римдіктердің оны жақтырмай Аттиланың аты жүрген жерде шөп өспейді, дегені түсінікті де. Олардың бұл сөзіне Аттила: «Римдіктер маған не тілесе өздерінің басына сол келсін» деп нақты да лайықты жауап қатқан.
Сонымен Аттила мен ол басқарған ғұндар қандай болған?
Бабалар салтын бұлжытпай ұстанған Аттила басқалардан да соны талап еткен. Оның елшілері ғұндардың әдет-ғұрпы бойынша ат үстінде отырып келіссөз жүргізген. Сондықтан, басқа мемлекеттің елшілері де бұған мойынсұнуға мәжбүр болған. Приск Панийскийдің куәлігі: «Олар жиынын қала сыртында ат үстінде отырып жасады, себебі… жаяу жүріп келіссөз жүргізу олардың салтына жат болатын; сондықтан рим елшілері де скифтерге барғанда осы салтты ұстанды».
Аттила келіссөздерді өзі жүргізген. Оның қарамағында хатшылары мен тіл­маштары болды. Керек жағдайда ол ел­ші­лерді басқа елдерге жұмсайтын. Приск римдіктердің ғұндарға салықты қандай мөлшерде төлегенін және салықтың мөл­шерінің әрдайым ұлғайып отырғанын жазған: «Келісім шарттары мүлтіксіз орындалуы және римдіктер жағы жыл сайын жеті жүз литр мөлшерде алтын салықтың патшалық скифтерге төленуі  күшінде қалуы тиіс болатын (бұрынғы салық сомасы  үш жүз елу литр еді)».
Аттила сөзге керемет шешен болды: «Қараңдар! Жаулар сендердің тегеуріндеріңнен есі шықты: олар опық жеу­ге кеш қалып, бас сауғалау үшін биігірек төбелер іздеп, қорғандарға тығылып аман қалу үшін жалбарынуда. Римдіктердің қаруы қаншалықты жеңіл екені: олар үшін қалқандарын тасбақаша түзеп саптарын қабыстырғанда алғашқы жарақат түгілі, кәдімгі шаңның ауыр көрінері өздеріңе белгілі. Кім жарақаттанса да жауын жер жастандыруға тырмысуы шарт, егерде сау болса жауының қанын шөлі қанғанша ішсін. Жеңіске жетемін дегендерге жебе дарымайды…
Мен бірінші болып оғымды жауға жұмсаймын. Егер Аттила шайқасқанда кімде-кім әрекетсіз қалса, оны өлдіге есептеңдер».
Аттила ұлы қолбасшы ғана емес, ол білікті ұйымдастырушы да болды. Оның әскері әрдайым қару-жарақтың жаңа жетістіктерін дер кезінде пайдаланып отырды. Қарудың небір түрлері мен сауыттардың жасалуы бір ізге қойылды. Оның қол астында жауынгерлермен қатар соғыс барысында қолданатын тас ататын құрылғылар мен машиналарды жасайтын шеберлер де болды. Тарихшы Наисс қаласына жасалған шабуылды былайша суреттейді: «…өз жасақтарына қаланың оң жағын айналып ағатын өзеннен өтуді жеңілдету үшін көпір салды және доңғалақтардың үстіне орнатылған бөренелерден жасалған ыңғайлы машиналарды жеткізді; олардың үстінде тұрғандар қаланың дуалының үстінде тұрған қаланы қорғаушыларды атқылады…». Ғұндардың бұндай машиналары көп болды.
Аттиланың билігі тұсында сәулет өне­рі жақсы дамыды: «Өзеннен өткен соң біз үлкен елді мекенге жеттік. Жұрттың айтуынша жақсылап сүргіленген ағаш бөренелерден тұрғызылған Аттиланың бұл жердегі сарайларының көркемдігі басқа жердегілерден әлдеқайда артығырақ және айнала тұрғызылған ағаш дуалдар қорғаныс үшін емес, әдемілік үшін жасалынған еді»; «…мен Аттиланың сарайына оның жұбайы үшін әкелген сыйларымды ала келдім… дуалдың ішінде бір-біріне әдемі қиюластырылып ою ойылған ағаштардан тұрғызылған ғимараттар, кере­мет сүргіленіп тұрғызылған бөренелер дөңгелене биікке көтеріліп тұрды… еденге жүруге арналған киізден жасалынған төсеніш кілемдер жайылған».
Аттиланың өзі өмірге саналы көзқараста болды. Ол үшін байлық ешқашан басты құндылық болған жоқ.  Себебі ол қаласа жан-жағының бәрін алтынға толтыруға мүмкіндігі мол еді: «Аттила бізді Скотта ар­қылы шақырды, міне біз оның шатыры астына жақындадық… Кіруге рұқсат алған соң, біз ағаштан жасалған тақтың үстінде отырған Аттиланы көрдік».
«Аттилаға ағаш табаққа салынған еттен басқа тағам әкелінген жоқ.  Және бар­лық жағдайда да ол қанағатшылық танытып отырды: мысалы, қонақтарға алтын-күмістен жасалынған табақтар тартылып жатты, ал, оның ыдысы ағаштан жасалынған еді.Киімі де басқалардыкінен артық емес, көзге ұрып тұрған ештеңесі жоқ; беліне асынған қылышы да, аяқ киімі де, атының жүгені де басқа скифтердікіндей алтын және бағалы тастармен әдіптелмеген еді».
Ол патша болса да, оның қасына барып сөйлесуге болатын: «…мен келе жат­­қан көпшілікті көрдім және осы жерде Атти­ланың жұрт алдына шығатыны туралы айтылып жатты; ол сарайынан салиқалы кейіппен шықты… көпшілік оның қасына жақындай бастады, арыздары барлар одан әділдік сұрап дегендеріне жетіп жатты. Содан соң ол сарайына қайтып келген елшілерді қабылауға кірісті».
Аттила өзінің қай кезде ғұмыр кешіп жатқанын, өзінің кімдермен елшілік қарым-қатынас жасап, хат жазысып жүргенін, жауларының қандай екенін жақсы білетін: «Римдіктер осы келісім-шарт жасаған болып өтірік мүләйімсиді»; «олар өздеріне өте ауыр тиетін салық төлеудің шарттарымен келісу себебі, олардың табыстары мен патшалық қазынасы қажетті істер үшін емес, еш мақсатсыз көңілді көрсетілімдерге, ақылға симайтын салтанатқа және басқа жағдайда ешқандай есі дұрыс адам шыдай алмайтын сорақылықтарға жұмсалды».
Аттила бейбіт өмір сүргісі келді. Бірақ ол кезде олай болуы мүмкін емес еді. Көп­шілік ғұндар тек соғысты кәсіп етті деп ойлайды. Ал, шынында олар бейбіт өмірді бас­қалардан көбірек аңсады. Аттила ғұн халқының тыныш өмір сүруі мен ұрпағын өсіріп, үйлер тұрғызу мүмкіндігіне ие болуы үшін бар күш-жігерін жұмсады. Аттила басқарған кезде ғұндар өздерінің қандай шебер әрі еңбекқор екенін көрсете білді: «Аттиланың бұл жердегі сарайларының көркемдігі басқа жердегілерден әлдеқайда артығырақ және айнала тұрғызылған ағаш дуалдар қорғаныс үшін емес, әдемілік үшін жасалынған еді»;«Истр өзені арқылы жү­­зіп өткізушілер біздерді өз қолдарымен ағаштан ойып жасаған қайықтарына отырғызып алып жүрді».
Ғұндар білімге және көп тіл білуге жа­қын болды: «өз тілімен қатар, олар гот және авсон тілдерін тез үйренеді».
Ғұндар тазалықты құрмет тұтатын, олар­дың моншалары да болды: «…дуалдан алыс емес жерде Аттиладан кейінгі беделді адам Онегесий тұрғызған моншаны көрдік. Моншаға керек тастарды ол пеондардың жерінен жеткізіпті».
Ғұндар басқа кәсіппен қатар балық аулау­мен де шұғылданған: «бір адамдар Аттила беріп жіберген балықтарды әкеліп берді».
Аттила өзінің басқа адамдардан артық емес екенін түсіне білді. Сонымен қатар, ол өз мойнына қандай жауапкершіліктің ауыртпалығы түскенін жақсы сезінді. Ол өз қарамағындағыларға жақын болғысы келді: «Ұзын да жұқа аппақ мата жамылғыларды ұстаған қыздар қатары; әр жамылғының екі жағынан қатар келе жатқан саны жеті немесе одан да артатын қыз-келіншектер скиф әндерін шырқауда; бұндай маталарды ұстаған қыздардың қатары көп еді. Аттила Онегесийдің үйіне жақындағанда оның алдынан түрлі тамақ, енді біреулері шарап (бұл скифтердің салтында үлкен құрмет саналады) ұсынған адамдар оны құрметпен қарсы алып дәм татуын өтінді. Өзінің сыйлы адамының көңілін жыққысы келмеген Аттила ат үстінде отырып тағамнан дәм татты… Ұсынылған табаққа ернін тигізіп ол сарайына аттанды…».
Еуропада ғұн мемлекетінің патшасы Аттила туралы «Құдайдың қамшысы» деген пікір бар. Демек, Еуропа халықтары Аттиланы тек жаулап алушы ретінде ғана емес, Жаратушының қалауын, әділет­тілікті орнатушы ретінде де білген. VI ғасырдың 594 жылына дейін ғұмыр кешкен  өз заманының білімді адамы, епископ Григорий Турский «Франктер тарихы» атты еңбегінде Францияның солтүстік-шығысында орналасқан Мец қаласы жайында қызық оқиғаны баяндаған: «Сонымен, кейбіреулердің айтуынша ғұн­дар Паннониядан шығып, …пасха мейрамының қарсаңында Мец қаласына келді. Олар қаланы өртке орады, халықты қылыштарының ұшымен қырды. Ал дін­дарларды шіркеу төрінде өлтірді. Бүкіл қалада әулие Стефанның шіркеуінен басқа сау жер қалмады.
Жұрттың айтуынша ғұндар қалаға кірмей тұрған кезде, бір діндарға мынадай аян берілген екен. Әулие Стефан апостолдар Петр және Павлмен сөйлесіпті. Әулие Стефан: «сендерден тілейтінім бір ғана нәрсе, Мец қаласын жаулардың өртінен сақтай көріңдер, себебі бұл қалада мендей күнәһардың денесі жатыр. Халық менің Құдайдың алдында сәл де болса бағам бар екенін білсін. Ал, егер халықтың күнәсі көп болып қаланы отқа орандырмауға болмайтындай жағдай туса, онда менің денем жатқан шіркеу аман қалсыншы», деп өтініпті.
Апостолдар оған былай деп жауап береді: «Бара бер, өрт сенің күнәлі денең жатқан жеріңе жетпейді. Ал, қала халқына келер болсақ, оның күнәсінің молдығы мен жасаған жауыздықтары Құдайдың құлағына жетіп, ол өз шешімін қабылдап қойды. Сондықтан, қала қалайда өртке оранады. Бұған біз ештеңе істей алмаймыз». Г.Турскийдің жазуы бойынша Мец қаласы түгелдей өртеліп, тек апостолдардың ара түсуіне байланысты, әулие Стефанның денесі жатқан шіркеу ғана аман қалған.
Григорий Турскийдің әңгімесінен Құдай Мец қаласының тұрғындарын Аттиланың қолымен жазалағаны белгілі болып отыр. Және бұндай оқиғалар аз болмаған болуы керек. Демек, оның «Құдайдың қамшысы» деген атқа ие болуы тегін емес.
Аттила ең алдымен қарапайым адам, содан соң ғана патша, мемлекет қайраткері еді. Ол әрқашан болашақты ойлады. Присктің айтуы бойынша, балгерлер ғұн патшасына оның елін өзінен кейін кенже ұлы биікке көтеретінін айтқан екен. Ғұндардың ұлы патшасы жұмбақ жағдайда Ильдико сұлуға үйленген тойынан соң көз жұмды.

АТТИЛАНЫҢ  ӨМІРДЕН ОЗУЫ

Аттила көз жұмған түні оның жауы император Маркиан түсінде Аттиланың сынған садағын көреді. Себебі Ат­тиланың жауын­герлері осы қаруды көп қолданатын.
Аттила өте сұлу Ильдикоға үйленеді. Той өткен күннің ертеңіне біраз уақыт өткен соң сарай қызметшілері сезіктеніп, қатты дауыстап есікті қағады да жауап болмаған соң есікті бұзып кіреді. Олар төсекте жатқан Аттиланы көреді. Ол денесінен қан кетіп көз жұмыпты. Қасында көзін төмен түсіріп жылап отырған қалыңдықты көреді.
Патшаның бақилық болғанын білген ғұндар ата салты бойынша шаштарын қырқып беттеріне терең жара салып қайғырады. Осылайша Аттиладай әйгілі әскербасы әйелдердің дауыстап жылауымен емес, нағыз ерлердің қанымен жоқталады.
Тарихшы Иордан былай деп жазады: «Патшаның денесі жібек шатырдың ішіне қойылады. Содан соң көргендерді таң қалдырарлық салтанатпен қоштасу рәсімі басталады. Іріктелген аттылы жігіттер үлкен шеңбер құрып патша денесі жатқан шатырды айналып жүре бастайды. Шатырды айналып жүріп олар жоқтау жырын жырлайды: «Ғұндардың ұлы патшасы, күшті тайпалардың басшысы Аттила Мұңзұкұлы! Сен Рим әлемінің екі империясын қорқынышқа бөлеп, олардың басшыларының жыл сайын салық төлеп тұрайық деген өтініштерін қабыл алып, елдерін таланудан қорғап қалдың. Осындай істі оң нәтижеге жеткізе біліп, халқың дін-аман тұрған кезде, сен жаулардың салған жарасынан емес, көңіл қуаныштан көтерілгенде, ешқандай жан ауыртпалығын сезінбей дүниеден оздың. Кек алуға ешқандай себеп жоқ болғандықтан сені өлді дегенге кім сене қояр екен?!»
Осылайша жоқтау айтқан салт аттылар патшасының денесі жатқан шатырды ұзақ уақыт айналып жүрді. Жоқтау айтылып болған соң ғұндар биік төбенің басына шығып орны толмас өлім үшін қайғыру мен патшаның қиналмай жан тапсырғанына қуану сияқты қарама-қайшы сезімдер араласқан кең дастархан басында патшамен қоштасу рәсімін өткізді.
Түн өз иелігін жүргізіп әбден қараңғы болған кезде үш табытқа салынған патша денесі жер қойнына берілді. Табыттың алғашқысы алтыннан, екіншісі күмістен жасалынған болатын. Үшіншісі өте қатты темірден құйылған еді. Ғұндардың түсіндіруі бойынша екі табыттың алтын мен күмістен жасалынуы екі елді бағын­дырғаны, ал, темір табыт көптеген тайпаларды біріктіргенін білдіреді. Табыттың қасына жаулармен болған шайқаста қолға түскен көптеген қару-жарақпен бірге жалт-жұлт етіп сәулесін шашқан бағалы тастармен әшекейленген әскери заттар, патша сарайындағы баға жетпес байлықтар қойылды.
Ұлы ғұн халқының ұлы өкілінің қысқаша өмір тарихы осындай. Бұл әр азаматы өзін текті ұлттың өкілі екенін саналы түрде сезінетін үлкен де әрі күшті ел құрғысы келген арманшыл жанның тарихы.
Аттила Римді басып алғанда Теодоз деген римдік ақсүйек ғұн патшасына:
–       Сіз қандай текті әулеттің ұлысыз? – деген сұрақ қойыпты.
Сонда Аттила байыппен:
–       Мен текті ұлттың ұлымын! – деп жауап беріпті.
Ұлы ғұн халқының ұлы перзенті Аттила Мұңзұқұлының өмір ұстанымы осындай болған.

Алдыңғы «
Келесі »