Дүбірлі ғалам, мұқалмас қалам

  • 28.08.2018
  • 180 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Кітап… Ол санаң мен сезіміңді нұрлан­дыратын рухани күш. Ақылыңа қуат беретін құрал. Онда заманалар ойлары өмір сүреді. Бүгін мен болашақтың бағыт-бағдары да міне, осында. Небір жақсы кітаптарды оқып шығып, өз өмірінің жаңа беттерін ашқан адамдар қаншама! Сон­дықтан да, біз оны құрметтейміз. Қастерлеп ұстап, жинауға құмартамыз. Сондай, рухани құндылықтардың ішінде біреуі бірнеше кітаптағы дерек, мәліметті беретін, танымыңызды тың ойлармен төңкеріп түсіретін туындылар болады. Оған кездессеңіз, онда бұл үлкен олжа. Мұны тағдырдың өзіңізге тартқан сыйы деп біліңіз.
Көрнекті ғалым Әділ Ахметовтің таяу­да жарық көрген «Ғасыр ғибраты» атты еңбегін оқығанда бізге, міне, осындай ой келді. Кітап ХХІ ғасырдағы жаһандану әлемінің геосаяси келбетіне арналған. Бұл – күрмеуі көп күрделі тақырып. Олай дейтініміз, сіз бір сәтке өзіміз өмір сүріп отырған дәуірдің алғашқы 18 жылының ішіндегі адамдар психологиясындағы арпалысты түсініп көріңіз. Роботтық техника ғажайыптары мен компьютерлендіру кереметтеріне ой жіберіп қараңыз. Нанотехнология мен цифрландыру сырын көз алдыңызға елестетіңіз. Тіршілік ғарыштық жылдамдықпен дамып, өмір өте тез өзгеріп жатқан ғаламның осы кескін-келбетін кез келген қаламгер тап басып танып жаза алмасы анық. Оған тек шетжұрт тілін білетін полиглот, халықаралық жағдайлардан тәжірибе жинақтаған дипломат, мемлекеттердің саяси институттары құрылымдарында жұмыс істеген политолог, болашақты болжау жөніндегі ғылымнан хабары бар футуролог қана бел шешіп кірісе алатынына сеніміміз кәміл. Бірден айтайық, кітап авторында жоғарыдағыдай қасиеттердің бәрі бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін ағамыздың осыдан 59 жыл бұрын өзі қалап алған мамандығының ағылшын тілі екенін, содан бастау алған жұмыстың бертін келе Алматыдағы шет тілдері институты мен Қазақ-Британ университетінде ректор қызметтеріне жалғасқанын, одан АҚШ-тың Туссон қаласында тәуелсіз еліміздің тұңғыш уәкілі болып, республика Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі лауазымдарын иеленгенін, Парламент Сенатына депутаттыққа сайланып, сондағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комитетінің хатшысы міндетін атқарғанын, Еуропадағы беделді ұйым – ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі болғанын айтсақ та жеткілікті. Сондықтан да, осындай үлкен өмір мектебінің соқтықпалы-соқпақсыз жолдарынан сүрінбей өтіп, әлемдік саясат пен халықаралық құқық, дүниежүзіндегі нарықты экономика мен көп кешенді синтездік ғылымнан мол тәжірибе жинақтаған ғалымның ХХІ ғасырдағы жаһандану әлемінің геосаяси келбетіне қалам тартуы заңды әрі құптарлық іс.
«Ғасыр ғибраты» – танымдық-талда­малық сараптамалардан тұратын жинақ. Автордың ұтып тұрған жері де, осы. Өйткені, қазіргі оқырманға бос сөз, пәл­сапа айту немесе мәселені ежіктеп түсіндіру қажет емес. Нақтылық, соны пікір, шешімді сөз керек. Кітап иесі осы ұстаным үдесінен шыққан. Ал, туындыға қажет шикізатты қайдан алып, оның іргетасына нені пайдаланған дейсіздер ғой. Әлемнің күні кешегі және бүгінгі сұңғыла стратегтері Генри Киссинджер, Збигнев Бзежинский, Грэхем Аллисон, Майкл Сандел, Джордж Фридман, Джозеф Стиглиц, Джемери Рифкин, Пол Кругман, Лестен Браун, Альберт Гордың соңғы 12-15 жыл ішінде жарық көрген еңбектері дер едік. Ағылшын тіліндегі осы кітаптарды түпнұсқадан тікелей оқы­ған ғалым олардағы жаһанданудың жойқын үдерістерінің бірі геосаясаттағы ел әлі біле қоймаған жайттарды жинақтап, қазақ оқырмандарына түсінікті тілмен жеткізуге тырысады. Әлемнің әміршісі болып отырған нарықты экономиканың осыған дейін көп сөз етпеген моральдық-этикалық жақтарынан отандастарымызды хабардар етуге ұмтылады. Өздерін өркениеттің өзегіміз деп жаһанға жар салып жүрген астам державалардың кеу­демсоқ пиғылын іс басындағы атақты мемлекет қайраткерлерінің ақылды сөздерімен сақтандырады. Мысал керек пе? Айтайық.
Әңгімені геосаясаттан бастар болсақ, бұған қатысты кейбір мәселелер қазір әлемнің күн тәртібіне ашық қойылуда. Өйткені, уақыт кім-кімге де Шекспирдің атақты: «Бол, болмасаң бордай тоз», – деген сөзін айтқызуға мәжбүр. Ғалым Ә.Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» кітабында ол есімін бәріміз жақсы білетін Збигнев Бзежинскийдің «Стратегиялық көз­қарас: Америка және әлемдік биліктің дағ­да­рысы» атты монографиясына талдау жасаудан көрінеді. Сұңғыла саясаткер бүгінгі таңда әлем мемлекеттерінің бір-бірімен тығыз байланысты және бір-біріне өте тәуелді екенін тілге тиек етеді. Сөйтеді де ғаламшардағы адамзат үшін ең көкейтесті мәселе заманауи сын-қатерлерден қалай аман қалудың амалдарын іздестіру болып табылатынын қадап айтады. Оның ойынша әлемнің гравитациялық өзегінің Батыстан Шығысқа қарай ойысу нышандары, дү­ниежүзіне қара бұлттай төніп келе жатқан экологиялық, климаттық ка­та­к­лизм көріністері, демографиялық дүмпу, миграция машақаттарынан туған үрей, үмітсіздік, сананы сансыратқан ақпарат топан-селі бейжай қарайтын нәрселер емес. З.Бзежинский осыларды санамалай келіп, әзірше мұны алпауыт мемлекеттердің қолға алмай отырғанын бүкпесіз баяндайды. Сондықтан, геосаяси тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін болмай тұр дейді. Ал, бұл мәселелер жүзеге аспай жатқан жерде жаһандық ықпалдастыққа бағытталған шаралардың толық іске асуы екіталай екенін көкейге қонымды етіп түйіндейді.
Байыппен бағдарлап қарасақ, «Стра­тегиялық көзқарас: Америка және әлемдік биліктің дағдарысы» атты монография авто­рының айтпағы жалғыз бұл ғана емес екен. Оны, сондай-ақ, дүбірге толы мына мазасыз ғаламдағы өз елінің бүгінгі болмысы, болашақтағы бет-бейнесі қатты алаңдататын болып шықты. Оған оның: «Бейбітшілікпен аяқталған күні кешегі қырғи-қабақ соғыстың нәтижесінде қол жеткізген жаһандық мүмкіндіктерінен АҚШ қалайша айырылып қалды? Бұл елдің бұрынғы тартымдылығы неге бәсеңдеп келеді және оның халықаралық аренадағы құлдырауының басты белгілері қандай? 2025 жылға қарай дүниежүзілік деңгейдегі Америкаға тән басымдыққа Қытай ие бола ала ма?» – дейтін сауалдарға жауап іздегені дәлел. Сонымен қатар, З.Бзежинский: «АҚШ уақыт күттірмей өзінің ұзақ мерзімді геосаяси нысаналарын қалай айқындауы керек? Ол Еуропадағы одақтастарымен қанаттаса отырып, бұрынғыдан да зор әрі қуатты Батысты қалыптастыру үшін Ресей мен Түркияны ішке тартудың тиімді жолдарын қалай үйлестіре алады? Сондай-ақ, Америка өзінің Шығыстағы қос мүддесінің бірі – Қытаймен ықпалдасуға бағытталған ойы мен екінші мақсат – Азиядағы АҚШ-тың конструктивті рөлінің тек Аспан­асты елімен ғана шектеліп қалмай, сол аймақтағы қауіпті қақтығыстарға арандап қалмаудың қандай жолдарын таба алады?» – деген мәселелерді де қозғайды. Сөй­тіп, сұңғыла саясаткер өз еліне бүгін не ертең айтарлықтай қауіп төніп тұрмаса да қатты мазасызданады. Секемденіп, алаңдайды. Оған себеп те жоқ емес сияқты. Еңбегінің соңында өз ойын бүгіп қалмай, ащы шындықтың бетін айқара ашып тастайды. З.Бзежинскийдің пікірінше АҚШ-тың бүгінгі болмысы мен бейнесі мәз емес. Түптің түбінде бұл елдің құлдыраудан қашып құтыла ал­май­тын нышандары баршылық. Алып дер­жаваның бас идеологы және бір деген білікті стратегі өз елі туралы осылай дейді. Қоғам бұл сынды дұрыс қабылдаған. Оны 2006-2011 жылдары АҚШ-тың Қорғаныс министрі болған Роберт Гейтстің аталмыш туынды туралы: «Аса қажетті әрі дер кезінде соғылған ұйқыашар қоңырау. Егер Америка қордаланып қалған ішкі дағдарыстарын сәтті ауыздықтай алмаса, оның халықаралық салдарының қайда апарып соқтыратыны туралы сақтандыратын сараптама жатыр мұнда», – деген пікірі анық көрсетеді.
Енді, «Ғасыр ғибраты» кітабындағы нарық мәселесі тақырыбына келейік. Бұрын бұл ұғымды біз шаруашылық жүргізудің қаржылық механизм формасы, бухгалтериялық есеп-қисап, статистика деп ұқсақ, қазір оған мүлде басқа сипат­тамалар тән. Бүгінгі нарық – өмірдің өзегі. Тіршілік тірегі. Бизнестің қайнар көзі. Әлемдік экономикадағы баламасы жоқ басқару тетігі. Ал оның моральдық-этикалық жағы ше? Соған назар аударып көрдік пе? Өкінішке қарай: «Жоқ», – деп мойындай отырып, жоғарыдағы сұрақтың жауабын өзіміз сөз етіп отырған ғалым Ә.Ахметов еңбегінен табамыз. Автор оны АҚШ-тағы Гарвард университетінің профессоры Майкл Санделдің «Ақша не сатып ала алмайды. Нарықтардың моральдық шегі» атты ағылшын тілінде жарық көрген кітабындағы мысалдар негізінде баяндап, түсіндіреді.
«2008 жылғы қаржы дағдарысына түрткі болған үдеріс, – дейді М.Сандел, – одан көп бұрын, атап айтқанда, қоғамның өсіп-өркендеуінің, еркіндігінің және табысқа кенелуінің кілті өкіметтердің қолында емес, керісінше, нарықтық эко­но­миканың уысында деп, АҚШ президенті Рональд Рейган мен Ұлы­британия премьер-министрі Маргарет Тэтчер жар салған сонау 80-жылдары басталған болатын. Соңыра алдыңғылар секілді, Билл Клинтон мен Тони Блэрден де қолдау тапқан әлгі либералдық эйфория 90-жылдарға дейін жалғасты. Солай бола тұрғанмен, дәл бүгінгі таңда нарықтық экономикаға деген шексіз сенім әлсіреді. Себебі, тым әсіреленіп, асқақтата мадақталып, қоғамды шамасы келмес тәуекелдерге бел буғызған әлгі дәуірдің күні өтіп кетті…»
М.Санделдің пікіріне қарағанда, оның бұлайша ой түйіндеуіне негіз болатын дәйектер бүгінгі өмір болмысында жетіп артылады екен. Кез келген нарықтың қозғаушы күші мен тетігі сұраныс пен ұсыныста дегенмен, мәселе басқада дейді ол. Сөйтіп, бұл экономикалық басқару тетігін мораль мен этика тұрғысынан таразылап, оның көлеңкелі астарын жалпақ елге жайып салады. Әсіресе, оның аталмыш жүйені ар, ұят, қанағат секілді адамгершілік категорияларды көзге ілмей, ол құндылықтардан аттап-бұттап өте шығатын тұстарын дәл суреттегені керемет-ақ. Автор келтірген негіздемелерге ден қойсақ, бұл болмыстың қоғам мен әлеуметті терідей илеп алғаны соншалық, оның үстемдігі Батыстағы бір деген беделді мекемелердің өзінде айқын көзге шалынады екен. Мәселен, халықаралық әуежай терминалын алайық. Онда қауіпсіздік үшін ұйымдастырылған тексеру бекетінен өту үшін жолаушылардың ұбақ-шұбақ кезекте тұратыны белгілі. Бірақ, оны айналып өтудің әдісі де бар болып шықты. Ол ұшақтың бизнес-класс деп аталатын қымбат салонына билет алғандардың ешқандай кезек күтпейтін арнайы жолақ арқылы тексерушілер тұрған жерден зып етіп өте шығатындығы. Бұл бұл ма, әлемнің ендігі бір әуежайларында кезекті көзге ілмей аттап кету артық ақша төлеуде екен. Үстеме ақы талабын орындадыңыз ба, онда өзіңіз билет алған әуе көлігіне ұзын-сонар кезексіз кіре бересіз. Ал, білім саласында ше? Бүгінде АҚШ мектептеріндегі оқушылардың үлгерімін арттыру үшін ата-аналар тарапынан ақшалай сыйақы тағайындау үрдісі белең алған. Мұнда, сондай-ақ, емтихан кезінде жоғары балл алған оқушылармен қатар, көп кітап оқыған шәкірттер және олардың мұғалімдеріне де ақшалай сыйақы төлеуді мойындарына алған мектептер де бар екендігіне не айтасыз?
Ә.Ахметов «Ғасыр ғибраты» кітабында М.Сандел айтқан келеңсіздіктерді келтіре отырып: «Нарық не істетпейді, ақша не са­тып алмайды?» – деген сұрақты алға тартады. Сөйтеді де: «Дәл бүгінгі таңда мына өмірде сатылмайтын не қалды?» – деп оқырмандарға тағы бір сауалдың ұштығын ұстатады. Байқап қарасақ, ол адалдық пен достық, пәктік пен имандылық, кішілік пен кісілік екен. Және бұған табиғаттағы саф ауа мен мөлдір суды қосыңыз. Бірақ, өмірдегі кіршіксіз мораль мен этикалық ұстанымдардың басты белгісі, тіршілік өлшемінің негізгі эталоны ретінде бағаланатын жоғарыдағы құндылықтардың өзі ақшаның табанына түсіп, тапталып бара ма, қалай? Бір сөзбен айтқанда, автор бүгінгі адамзат нарық экономикасынан нарық қоғамына жаппай сырғып кеткендей әсер қалдыратынын кітабында дөп басып, дәл айтқан.
«Ғасыр ғибраты» туындысын оқып отырғанда ойымызға мына бір жайт орала берді. Ол әлемде Құдай жаратқан неше түрлі ұлт пен солардың басын құрап ел етіп отырған көптеген мемлекеттердің бар екендігі. Міне, біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп, қадери-халдерінше өз тіршіліктерін жасап келе жатқан оларды өркениеттің биік шыңына жеттік дейтін мына заманда кемсітіп, күстана­лайтын пиғылдағы саясаттың бар екенін жасыруға болмас, сірә. Бұл, әсіресе, Батыс жар­тышарындағы жұрт арасында айқын байқалады. Оған АҚШ-тағы Гарвард университетінің ірі ғылыми орталық жетек­шісі Грэхем Аллисон бастаған шы­­­ғар­­машылық топ келтірген мысалды айтуға болады. Бұлардың Сингапур ғажайыбы туралы жарыққа шығарған ұжымдық жинағында әлмисақтан өзін зор, өзгелерді қор санауға машықтанған Америка туралы еттен өтіп, сүйекке жетерлік бір сөз бар. Ол мұхиттың арғы бетіндегі ел идеологтарының алдыңғы қатарлы деген Азия елдерінің өзін автократтар мен диктаторлар, адам құқын тұншықтырушы қоғам деген байбаламына атақты Ли Куан Ю абыздың берген жауабы. «…Біздің елдегі басқару құндылықтарымыз бен ұста­нымдарымыз олардың идеяларына сай келмейді, – дейді ұлы реформатор. – Бірақ, солай екен деп өзгелерге өзіміздің өмір сүру салтымызбен эксперимент жасауға жол бере алмаймыз. Оның үстіне америкалық ақпарат құралдарының бізге таңбақшы болып отырған идеялары – мүлде дәлелденбеген теориялар. Ол теориялар кезінде Шығыс Азиядағы Американың отары болған Филиппинде де, иә болмаса Тайваньда да немесе Корея сияқты егемен мемлекеттерде де ешқашан құндылық болып саналған емес».
Осылай дей келіп, Ли Куан Ю Син­гапурдың мемлекет басқарудағы ұста­нымдары мен құндылықтарының еш уақытта да өзгермейтінін шегелеп айтады. «Егер, ол құндылықтар өзгеретін болса, Сингапур Оңтүстік Шығыс Азиядағы қызыл нүктеден қара нүктеге айналады», – дейді данагөй қарт. Артынша жұмбақтау болып көрінген бұл сөзінің мәнін ашып, мына бір батыл да асыл ойын ортаға тас­тайды. «Мемлекеттің ұлылығы тек жер көлемімен ғана өлшенбесе керек. Ұлылықты жұдырықтай жұмылған халықтың жігері мен бірлігі, табандылығы мен тәртібі және сол мемлекетті тарих­тың құтты мекеніне айналдыруға ұмтыл­ған ұлтжанды көшбасшылары мен көсемдерінің сапасы ғана сомдайды… Сондықтан да, мені Батыс әлемінің шаншу сөздері мен жөнсіз мін таға сынайтын қаңқу сөздері емес, керісінше, билік тізгінін өзіме сеніп тапсырған халқымның, түптен келгенде, қандай баға беретіні көбірек ойландырады».
Жоғарыдағы мысалды «Ғасыр ғи­браты» кітабына келтіре отырып автор Ли Куан Юге: «Бәрекелді дегеннен басқа айтарымыз жоқ», – дейді ағынан жарылып. Сөйтеді де, қорытынды ойын: «Оның осындай өзекжарды ішкі сырлары мен тастүйін ұстанымдарын құрметтемеу мүмкін емес. Өйткені, мұндай ізгі қасиет­тер мен батылдық, ең алдымен, туған елі мен халқын қапысыз сүйетін ұлтжанды да әділетті тұлғалардың ғана еншісі екеніне көзің анық жетеді… Жалпы, ол – меритократ деген қастерлі де қасиетті ұғымның өлшемі және іс жүзіндегі нақты көрінісі», – деп түйіндейді.
Сөз етіп, айта берсек ғалым Ә.Ахме­товтің біз әңгімелеп отырған кітабында жоғарыдағыдай «стандартты ұғымнан» тыс өзгеше мысалдар өте көп. Атап айтар нәрсе, бұлар бұрын бізде жарияланбаған, отандық ақпарат көздері мен танымдық-талдамалық еңбектерде айналымға әлі түспеген дерек, мәліметтер. Ғалым, міне, соларды жаһандану үдерісіне байланысты жаңаша ой айтқан саясат саңлақтарының ағылшын тіліндегі еңбектерінен тірнектей жинап, қазақ оқырмандарына ұсынып отыр. Бұл бұрын қалай еді? Тіпті, қазірдің өзінде ше? Көрнекті реформаторлардың шетел тіліндегі монография, мемуарлары алдымен Ресейде аударылатын. Олар туындыдағы өз елінің идеологиялық ұстанымына қайшы немесе қарсы келетін тұстар болса, алып тастап: «Баспаның мүмкіндігіне байланысты ықшамдалып аударылды», – деп жарыққа шығаратын. Толық емес сол нұсқа өз кезегінде бізге келіп жететін. Ал, мұнда олай емес. «Ғасыр ғибраты» жинағында пікір алуандылығына толы ой-ұсыныстар мен факт, деректер әлемдік тұлғалар туындыларының түпнұсқасынан тікелей тәржімеленіп, бізге еш бұрмалаусыз жетіп отыр. Еңбек осынысымен құнды, осынысымен бағалы.
Енді, кітаптағы келесі ерекшелікке көшейік. Ә.Ахметов бұл туындысында оқырмандарды тек жоғарыда біз айтқан ХХІ ғасыр стратегтерінің еңбектерінегі тың дерек, соны мәліметтерден хабардар етіп қоймайды. Сонымен қатар, ол елші, Парламент мүшесі, халықаралық ұйым өкілі ретіндегі әлем елдерінде болған іссапарларында өзі көріп, араласқан мәселелерден де қалам тартады. Ой түйіп, пікір айтады. Қажетті жерінде өз ұсынысын білдіруді ұмытпайды. Мұны «Ғасыр ғибраты» кітабына кірген «Британияда өткен Парламент сайлауының ерекшеліктері», «Әлем күтпеген саяси-тектоникалық сілкініс», «Хельсинки комиссиясымен бетпе-бет», «Үлкен әріп­тестік жолында» атты сараптамалық мақалалардан анық көреміз. Осылардың ішінен бізге керек-ау деген мысалға назар аударар болсақ, оған «Хельсинки комиссиясымен бетпе-бет» туындысын айтар едік. Мұнда автор өзінің ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасының Мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілі ретінде АҚШ-тың Хельсинки комиссиясының 2009 жылы Вашингтонда өткен мәжілісіне қалай қатысып, баяндама жасағанын сөз етеді. Ол кез өте бір қиын уақыт еді. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йорктегі Бүкіләлемдік сауда үйін мұсылман террористері жарды деген қауесет дүниежүзін шулатып, содан кейінгі 8 жыл ішінде Жер шарының Батыс бөлігіндегі тұрғындар арасында дінаралық өшпенділік күшейіп кеткен. Өзінің халықаралық деңгейдегі өкілеттігін шебер пайдалана білген сенатор Ә.Ахметов, міне, Капитолий үйіндегі үлкен жиында алдымен ислам фундаментализмі деген айыптауды тек мұсылмандарға ғана телуге болмайтынын атап айтады. Сөйтеді де, оның одан да зор түрі Еуропада бұрыннан «бүр жарғанын», ол мысалы Испаниядағы баскілер бассыздығы екенін еске салады. Сондықтан, экстремизм мен терроризм ел мен жерді таңдамайды, онда арандатушылар ұлт пен дінді тек бетперде ретінде пайдаланады дейді. Осыны айта келіп, баяндамашы уәкіл Хельсинки комиссиясы мүшелері алдында өзінің осы басқосуға келер кезінде Батыс елдеріндегі мұсылман қауымы өкілдерімен кездесуде көріп, көз жеткізген келеңсіздіктерді бұлтартпас дәлелдермен баяндайды. Олар: өркениеттің шыңына жеттік деген Америкада қасиетті Құранды отқа жағу, Құдай үйі – мешіттерді өртеп кету, мұсылмандарды сабап, жұмысқа алмау, балаларын мектепке кіргізбей, дәрігерлік көмекті қажет еткендеріне медициналық қызмет көрсетуден бастарту сияқты кемсітушіліктер еді.
ЕҚЫҰ уәкілі АҚШ тарапына мұндай ащы сын айтады деп күтпеген болуы керек, абдырап қалған комиссия мүшелері бір уақытта: «Ал, сіздерде ше? Этносаралық және дінаралық қатынастардың бәрі өз елдеріңізде дұрыс жолға қойылған деп ойлайсыздар ма?» – деген сипаттағы сауалдар арқылы дүрсе қоя береді. Оның себебі, айтпаса да түсінікті-тін. Өйткені, 2009 жылға дейін АҚШ-тың Хельсинки комиссиясы адам құқы жөнінде Қазақстанды үнемі сынап-мінеумен келген еді. Осыны білетін баяндамашы бұл мәселе о бастан-ақ БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі қағидаларына берік негізделгенін және оған қатысты заңдылықтың бәрі ел Конс­титуциясымен бекітіліп қойылғанын тілге тиек ете келіп, ұлтаралық қарым-қатынасқа республикамыздағы 130 этностан тұратын елдің бірлігін сақтайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді аты да, заты да жаңа саяси институттың кепіл болатынын егжей-тегжейлі түрде түсіндіріп айтып береді. Әңгіме ауаны, міне, осыдан кейін басқаша сипатқа ауысады. Мәжіліс залында отырғандар енді ҚХА туралы сұрап, оның міндеті мен қызметін білуге ұмтылады. Соңында қазақстандық Ассамблеяның дінаралық және ұлтаралық қатынас үшін заманауи басқару тетігі екенін атап өтеді. Оған аталмыш басқосуда сөз алған сенатор Дж.Вайновичтің: «Қазақстан өнегесі әлемдегі басқа мемлекеттер үшін үлгі бола алады», – деген сөзі анық дәлел.
«Ғасыр ғибраты» кітабындағы тағы бір атап айтар нәрсе, ол автордың бүгінгі Қазақ еліне қатысты ағылшын тілінде жарық көрген дүниелерді қалт жібермей қадағалап оқып отыратындығы. Соңынан олар туралы: «Шетелде біздің еліміз өмі­ріне, руханиятына қатысты мынадай дүниелер жарық көріпті. Оған төмен­дегідей баға беріліп, пікір айтылып жатыр екен», – деп отандастарымызды хабардар етіп отыратындығы. Жинақтағы «Канадалық ғалым пайымдаған Астана», «Геосаяси өзгерістер заманындағы «Жібек жолы», «Сөз саңлағы, поэзия бағбаны» атты мақалалар міне, сондай сараптамалық-талдамалық туындылар. Осылардың ішіндегі алғашқы мақалаға тоқталар болсақ, мәселе былай. Онда автор Канададағы Виннипег университетінің профессоры Франк Альбоның 2017 жылы жарық көрген «Астана: архитектура, миф және тағдыр» атты туындысын талдайды. Ұққанымыз, бұл монографияны жазу үшін шетелдік ғалым елімізге бірнеше мәрте келіп, тек елорда ғана емес, республикамыздың ежелгі тарихы мен тылсым табиғаты туралы да тамаша зерттеулер жүргізген. Олар Алматы облысындағы Хан тәңірі шыңы, Үшқоңыр жайлауы, Тамғалытас пен Қарғалы диадемасы, Қарағанды өңіріндегі қадым ғасырда тұрғызылған пирамида қирандысы, Қостанай айма­ғының қиян түпкіріндегі геоглиф жәді­гері, Шығыс Қазақстандағы Берел қор­ғанының құпиялары, Маңғыстаудағы жерасты мешіттері. Осыдан кейін ғана барып Франк Альбо ХХІ ғасырдағы Астана, оның заманауи келбетіне өз қол­таңбаларын қалдырған отандық және әлемге әйгілі сәулетшілер Кисо Курокава, Норман Фостер, Адриан Смит пен Гордон Джиллдың ұшқыр қиялынан туған архитектура ғажайыптарын сөз етеді. Бұлар елорда жүрегіндегі Бәйтерек мұнарасы, Ақорда резиденциясы, Хан шатыр кешені, Пирамида, Қазақ елі монументі, Астана-Опера ғимараты мен Солтүстік шұғыласы атауына ие зәулім тұрғынжай мен ЭКСПО орталығындағы шар бейнелі ғарыштық-фантастикалық символға ие супроматикалық құрылыстар ғой. Қазақстан астанасындағы осы сәулет туындыларына канадалық ғалым қатты қуанады. Қызыға баяндап сүйсінеді. Таң­данысын жасырмай, өзге елге үлгі етеді.
Сөз орайында: «Кітапта бұдан басқа Қазақ елі тақырыбына үндес тағы қандай дүние бар?» – десек, ол «Сөз саңлағы, поэзия бағбаны» мақаласы дер едік. Бұл автордың классик ақын-жазушыларымыз М.Мақатаев пен Б.Соқпақбаевтың шетелде жарық көрген туындыларына жасаған талдауы. Шын жүректен білдірген пікір-лебізі. Сөзімізді бастар алдында оқырмандарды мына бір жайттан хабардар ете кетейік. 2015 жылы қазақ ПЕН клубының президенті Б.Ғабдуллиннің бастамасымен «Біз қазақпыз» атты жоба аясында АҚШ-та Ұлы дала елі клас­сиктерінің шығармалары жарық көре бастаған. Ақиық ақын М.Мақатаев пен қазақ балалар әдебиетінің көшбасшысы Б.Соқпақбаевтың кітаптары, міне, соның тұңғыш қарлығаштары екен. Мұқаңның жан тебірентерлік отты жырларын ағыл­шын тіліне америкалық ақын Марина Карцева тәржімелепті. Ал, Бекеңнің туын­дысын аударған атақты Кэтрин Фитспатрик болып шықты. Атақты дейтініміз, ол Википедия энциклопедиясына енген адам. Осыған дейін И.Сталин, Б.Ельцин, В.Путиннің кітаптарын ағылшын тіліне аударған кәсіби маман.
«Қос шығармаға жазылған кіріспе сөздер де ағылшын тілді оқырманның кө­кейінен шығатыны қуантады, – дейді біз сөз етіп отырған мақаласында Ә.Ах­метов. – Мәселен, Мұқағали туындысына арналған мәнді де тартымды сөзді бүгінгі таңдағы отандық поэзия әлемінің ірі өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет жазған. Ол өзі тірісінде кеңестік өгей қоғамнан әділетті бағасын ала алмай кеткен ірі талант иесінің құдіретті жырларына қайта бойлап, терең тамырлы талдау жасайды». Жасай отырып өзі қайыра ашқан Мұқағалиына таңдана таңдай қаққанын жасырмай, кіршіксіз таза ақындық жүрегімен ұлы дарын иесіне деген түйінді ойларын ағылшын тілді әлем ортасына көсілте тастайды. Сондай пікірдің бірі поэзия мұзбалағының 45-ке толар-толмас ғұмырының соңғы 10-15 жылында ғана 700-ге тарта жасампаз жырлар мен поэмалар топтамасын өмірге келтіріп, Уильям Шекспирдің сонеттерін, Данте Альегеридің «Құдіретті комедиясындағы «Тамұқты», Уолт Уитмен, Роберт Бернс, Александр Блок сынды атақты ақындардың көлемді дүниелерін ұлттық тілімізге түпнұсқадан айнытпай тәржімелеп үлгергендігі. Мұқаңның жанартаудай атқылаған жоғарыдағы пас­сионарлық қуатына тағзым ете отырып, Ұлықбек әдебиет зерттеушілерінің бірі айтқан: «Мұқағали бір түйір жыр жазбай-ақ, тек поэтикалық аудармаларының өзімен ғана қазақ әдебиетінен орнын ойып алған болар еді» – деген ұрымтал пікірінің нағыз шындық екеніне ағылшын тілді оқырманның назарын аударады.
Шетелдік оқырмандарды осындай тың пікір, жаңа деректермен баурайтын ой-орамдары Бердібек Соқпақбаевтың жоғарыда өзіміз АҚШ-та шықты деген кітабындағы алғысөзде де молынан кездеседі. Оны жазған – Самал Соқпақбаева. Қаламгердің туған қызы мұнда әке еңбегінің кезінде өз елінде өгейлік көргенін өкінішпен еске алады. Мәселен, 50-жылдардың ортасында өмірге келген «Менің атым Қожа» повесіне кедергі өте көп болып, оның бағын Мәскеудегі «Детгиз» баспасы ашқан. Соның артынша аталмыш туынды Франциядағы атақты жазушы, халықаралық Лениндік сыйлықтың лау­реаты Луи Арагонның көзіне түсіп, Парижде басылып шыққан. Осыдан соң ғана барып ол Алматыда жарық көрген. Жазушы шығармасының өміршеңдігі сонда ғой, іле-шала «Менің атым Қожа» кинофильмге айналып, халықаралық Канн фестивалінде жүлдегер болады. Бірақ, қазақ көркемсөзінің хас шебері сол кездегі одақтас республикалар мен Еуропаның көптеген елдерінде мойындалса да, Қазақ­стандағы оған деген әділетсіздік жалғаса береді. Қаламгердің «Өлгендер қайтып келмейді» трилогиясының оқырмандарға жетер жолдағы мехнаты міне, кезекті қиянаттың тағы сондай бір белгісі еді. Алдымен «Жұлдыз» журналында басылмай ұзақ жатты. Жарық көреді деген кезде әбден қиқаланып, қолжазба аяусыз қысқартуға ұшырады. Кітап болып шығып, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда құлатып жіберді. Осындай қатыгез болмысқа қарамастан, Бекеңнің әдебиет майданындағы бағындырған биігін халық білді. Сондықтан, оған құр­метпен қарап, ұмытпады. Тұлғалы таланттың сол биігінің аласармайтынын алғысөзде атап айтқан Самал Соқпақбаева қаламгердің қазақ деген халқы үшін өз Марк Твені болып қала беретінін Батыс әлемінің оқырмандарына әдемі жеткізе білген.
Сөзіміздің соңында кітаптағы тағы екі-үш ерекшелікті қысқаша айта кетуді жөн көріп отырмыз. Оның алғашқысы Ә.Ахметовтің «Ғасыр ғибратында» ағылшын тіліндегі дүниелерді түпнұсқадан оқып, оларға сараптама жасап қоймай, солардағы ұтымды істер мен тартымды тәжірибелерді біз алып, пайдалансақ деп ақыл-кеңес бере білетіндігі. Оны мәселен, автордың «FinancialTimes» газетіне жасаған талдаудан кейінгі қазақ баспасөзіне үлгі тұтып айтқан алты ұсынысынан байқауға болады. Осыдан кейінгі айтайық деген ойымыз «Ғасыр ғибраты» бұл еліміздің шетелдердегі ел­шіліктері қызметкерлерінің алғашқы кезекте оқитын кітабы дер едік. Сөз етіп отырған туынды олардың күнделікті жұмыс үстелінде тұратын еңбек. Біздің Сыртқы істер министрлігі осы жайтты қаперіне алса, өзінің тиісті бөлімдеріне міндеттесе, көп нәрседен ұтқан болар еді. Тағы бір ой ол Ерлан Сағадиевтің 2014 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан «Үш тілді үйрену – үлгі етер үрдіс» атты мақаласынан туып отыр. Автор, онда, 2011 жылы әлемде ағылшан тілінде 550 мың кітап жарық көріпті деген деректі келтіреді. Бұлар жаңа кітаптар мен аудармалар екен. Яғни, жаңа ойлар, жаңа идеялар. Сауатты боламын деген адамға керекті тың ақпараттар көзі. Ғалым осыны айта келіп, бүгінде техника, технология туралы ақпараттың 70, электронды хабарлардың 80 пайызы ағылшын тілінде шығатынын айтады. Осы деректерді оқып, көзге елестеткенде «Ғасыр ғибраты» кітабының қазақ оқырмандарына пайдасының зор екенін көреміз. Өйткені, аталмыш туындының авторы Ә.Ахметов 17 баспа табақтық еңбегінде көптеген ағылшын тіліндегі сараптамалық-талдамалық кітаптардағы бізге қажет деген ойлар мен идеяларды, деректерді сығып, жинақтап беріп отыр. Осы қадамы үшін ғалым ағамызға рахмет айтамыз.

Алдыңғы «
Келесі »