ҚҰНДЫЛЫҚ немесе Жеңіс Баһадүр прозасы

  • 28.08.2018
  • 199 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жанұзақ Аязбеков,
әдебиеттанушы, Халықаралық әдебиетшілер қауымдастығының
мүшесі

Бәрі қарапайым, бәрі шынайы бас­талады. Өзі қамшы сабындай-ақ, таспадай өрілген туынды («Қара шаңырақ», «Жа­лын» жур. №5.2015.). Кәдімгі қазақ ауы­­­­лында сексенге аяқ артқан Ауғанай кейу­ана азын-аулақ тұяғы бар, өзіне ес кө­ретін қос итімен даңғарадай үйде жалғыз тұрып жатады. Күндердің күні ауру әбден айналдырғасын, аудан орталығында қона жатып, сауда жасайтын қолындағы кен­жесі Секенмен бір соққанда арнайы отырып сөйлеседі: «Әкең түсімде аян беріп жүр. Менің де күнім жақындап қалды-ау, осы. Қолдағы бірен-саран мал­дың жөнін өзің-ақ табарсың. Ал, көзім тіріде мына Жолдыны Марқадағы ағаңа, Аққоянды таудағы нағашың Тоқанға апарып бер. Мен кеткеннен кейін иесіз, қаңғыбас, бұралқы болып қалмасын. Иттің иесі бар, бөрінің тәңірісі бар. Бұл ақылды жарықтықтар солардың да әже­тіне жарайды. Кешіктірмей, бірер күнде тапсырып кел, – деді екеуінің аяғын ала керіліп-созылып жатқан қос итке көз салып», – дейді автор. Әңгіменің дәл осы жеріне келгенде кеуде тұсым бүлк етті! Жүрек пе, көңіл ме, әйтеуір іштегі сонау тұнып жатқан бір мөлдірді, бір тұнықты шайқап жібергендей болды. Апырау, мына кемпірдің уайымын қараңызшы! Бала да емес, бауыр да емес, адам да емес. Жанын жай тапқызбай отырған қос иті – Жолды мен Аққоян! Неге? Бұл төрінен көрі жуық жай бір кейуана ма десек.. Ішіміз жылып, ынтыға, жіпсіз байланып, одан ары асыға оқуды бастадық. Бірақ, біз асыққанмен Баһадүр (автор) асықпайды. Баяны – бипаз. Кемпір баласына айтарын тағы бір нығырлады, қос итін қадап тапсырды. Жолды мен Аққоянды апарып тастайтын көлік іздеп баласы ауыл аралауға шығып кетті. Сол-ақ екен, «екі ит кеп кемпірдің қолтығына тығылды». Кемпір екі жақтан аяғына оратылып, шалғайын тістелеп, соңына ерген қос итке сөйлеп үйге енді. «Екеуін де екі айлық күшік кезінде асырап едік. Дәуіне жиырма жылдай болыпты-ау. Кішісіне де он жылдан асты. Бұлардың да қартаятын уақыты жеткен шығар». Ке­зінде ортаншы баласы Алматыға оқуға аттанғанда бағы жансын деп қазақы итіне «Жолды», қояндай құлдыраңдаған күшікке түріне қарап «Аққоян» деп ат қойыпты. Оқып отырып Ауғанай әжемізбен енді, біз де кәдімгідей Жолды мен Аққоянның тағдырына алаңдай бастадық. Баһадүр болса сыздықтатқан күйінен жаңылар емес, біз болсақ оның соңынан томпаңдап ере беруге пейілдіміз. Сонымен, кемпірдің баласына айтқан аманатын «кәнігі мақұлықтар» сезе қойыпты. Итаяққа тамағын құйып бергенде «әншейінде шақырмай-ақ зырылдап жетіп келетін қос ит жатқан жерлерінен тырп етпей, әдейі түк көрмегендей, дәнеме сезбегендей, қимылдамай, ояу, елгезек қалпы жатып алды. Кемпір аң-таң: «біржақтан тыңқиып келгендерден саумысыңдар, өз үйіңнің тамағын қорынғандарың ба бұл, мейлі аш болсаңдар өздерің-ақ қоймассыңдар» – деп әжеміз ойында басқа дәнеңе жоқ күн­делікті күйбең тірлігімен айналысып кетеді.
Кеш батып, ас ішіліп, баласы иттерді апарып тастайтын ат-арба тапқанын айтып жатып қалады. Кемпір де үйреншікті төсегіне барып қисаяды. Бір уақытта кіреберістегі табалдырықтан иттерінің үздік-создық ұлығанын естиді: «Тыңдап аңдаса – бірі бастаса, екіншісі іліп әкетіп, қосарлана үздіге уілдейді. Үргенге ұқса­майды, іштерін тартып ышқына ұлыған бір жуан, бір жіңішке дауыс. Жан түршіктіріп сай-сүйегіңді сырқыратады-ай. «Әй бұлар­ды жын қақты ма, түге. Өз бастарыңа көрінгірлер-ай» деп кейуана аш дейтін емес, тіпті итаяқта құйылған тамақ мұрты бұзылмай тұрғанын көріп «Өзектерінде түк жоқ болса, жеп қояр. Ауылдастарына ілесіп қосылып ұлып жатқан шығар» деген бойы далаға шығып, байқағысы келгенімен қалжырапты. Жатқан күйі дүниеден озып жүре береді.
Сөйтіп, Ауғанай жарықтыққа ақ бұйрықты өлім бұйырды. Арулап жерледі, ретімен жетісін де, қырқын да береді. Кейуананың кенжесі қос иттің бірін аға­сына, екіншісін нағашысына апарып табыстап, анасының аманатын орындайды. Енді, не қалды, әңгіме осымен тәмам ғой деп ойлайсыз. Бірақ, олай емес, Жеңіс бізді ақырын ғана бүлкек желісімен одан әрі жетектей небәрі екі ауыз сөзбен мы­нан­дай көріністі көлденең тарта қойды.
..Кемпірдің жылын өткізуге ауылдағы қарашаңыраққа келген кенже баласы Секенге қарбалас сәттің бірінде «бастыр­маның бір бұрышында бір-бірімен бауыр­ласып жатқан қос ит көзіне оттай басылады. Бәрінен бұрын Секеннің аң-таң болатыны – Жолды ағасымен еріп келсін-ақ, ал, Аққоян ит арқасы қияндағы қыстаудан қалай келген? Бұл барғанда еріп келгенін көрген жоқ. Таңданысын жасыра алмай көршісінен сұрағанда ол мұның арбасының астындағы белдемшедегі қуыстан зып етіп түскенін көзі шалғанын айтады. «Оны сенің өзің алып келген шығар десем. Сені көріп, ит те болса, өскен ұясын аңсап келгені де» деп иттің адамнан кейінгі ақылды жануар дегенді айтады қоңсысы. Ақыры не болды дейсіз ғой, ас берілгесін, туысқандарын шығарып салып тұрып, кемпірдің кенжесі Секен ағасы Боранның артынан бүлкектеп кетіп бара жатқан Жолдыны, нағашысының артынан құлдыраңдап бара жатқан Аққоянды көріп, аң-таң.
Біз бір деммен оқыған осы шағын туын­­дының әдейі мазмұнын баян еттік. Қара шаңыраққа, ғұмыр бойы бірге күн кешкен иесінің жылына келіп, бір парызын өтегендей қайтып кетіп бара жатқан қос иттің қылығы жүрек басын шым еткізді. Қазақы қара шаңыраққа деген бір елжір, аяулы сезім жан-дүниемізді сыздатып қоя берді. Ішкі бір түйсік түрткі салып, кесе-көлденең сауалдар атойлады. Ана екі ит – Жолды мен Аққоян құрлы бола алмай жүрген замандастарымызға бір налыдық. Себебі, біз өзімізді арда емген, алдыңғы ұрпақтың алқындысымыз десек, онда қара шаңырақ алдында адамдық парызымызды қалай өтеп, кісілігімізді қаншалықты ат­қардық? Тіпті, биыл 25-ке толған немесе толатын толқын, тұрпаты бөлек, жаңа буынның жанына үңіліп, барлап көрдік пе? Олардың бойына қара шаңырақ ұғымын қаншалықты сіңіре алдық, олар мұны қаншалықты түйсінеді? Нарық заманында көңге айнала бастаған жаны ашу сезімін қалай жібітеміз? Жақсы мен жаманның парқын да, нарқын да таразылайтын, сарапқа салып, сұрыптап беретін қара шаңырақтың киесі емес пе еді?! Қара шаңырақ – рухани діңгек, қазақтың жаны, ұлттың ұясы, қазақтық болмыс кө­рігі. Егер, қара шаңырақтан мүлдем айырылсақ, онда қазақ бір қасие­тінен, бір киесінен айырылады. Ұлт үшін бұл ұғым – асыл түйсік, сарабдал сана, аяулы сезім. Түйсек – бұл тастүйін құн­дылық еді. Енді, бұл құндылық тарих сахнасынан көшпек. Ұлттық бол­мыстың бір қоңды жері ойылып бара жат­қандай, ұлттық қасиеттің іргетасы опы­рылатындай. Олай болса қара шаңырақ ұлттың коды болудан қалмақ-ау..
Тағы бір сәтте Жеңістің әңгімесі қала­дағы бүгінгі тірліктен кірленіп, сүрленіп, оязданып қалған көңіл – жанымызға бір нұр төгіп, елжіретіп, сағынтады. Күнде көшеде ұшырасып жүрген кемпірлердің денін Ауғанай әжеге балағың келеді. Жеңіс әңгімесінің эпиграфы етіп Ұлықбек ақынның бір шумағын тегін келтірмеген: «Бақытты ата-анасы бардың бәрі, алайда, бақытты ма Ата-анасы?» дейді. Әңгіме оқылған соң барып осы сұраққа әңгіме контексінен жауап іздейсің. Шынында да, Ауғанай кемпір бақытты ма? Туындының өн бойында кемпір құрсағын жарып шыққан төрт перзентіне риза секілді, ренжіп-налығанын байқамайсыз. Кері­сінше, қолымызға алып бағайық, қағайық деп жалынғанына, үгітіне көн­бейді. Көнбейтіні – «қара шаңырақтан ешқайда кетпейді. Алда-жалда олай-пұлай бо­лып кетсем, барар жерім белгілі – әке­­леріңнің қасына қойыңдар. Одан кейін жетімді де, қырқымды да өткізерсіңдер. Жылына дейін де бұл шаңырақтың отын өшірмей, асымды осы үйде жасаңдар. Содан кейінгісін өздерің білесіңдер» деп аманаттайды. Әңгіменің идеялық түйін жібі де осы жерде. Кемпір балаларына еш өкпе айтпағанмен, автор қос иттің қы­лығымен кейуананың ішкі бір түйткілін – қара шаңыраққа деген адалдық, сенімнің топсасы бұзылғанына өкінішін аңғартады. Кенжесі баласын «ауылда можантопай болып кетесің» деп сегізіншіден кейін қа­ладағы әскери мектепке тапсырғанын, бас­қа балаларының немерелерін әрқай­сысы өзінше тәрбиелесем деп кем­пір­дің қолына қалдырмағанын айтумен автор осыны сездірді деп түсіндік. Құн­дылықтардың өзгеруі мен алмасуы – диа­лектикалық құбылыс. Осыны жақсы түсінген Баһадүрде кейбір қалам­герлердей не кейіпкерге, не авторға тән ашыныс та, толғаныс та жоқ. Басы ар­тық штрих, детальді таппайсыз. Бәрі де орын-орнымен, логикалық қисын кестедей тігілген. Сондықтан да, қос иттің өздерінің қара­ шаңырақ – қатпа кемпір алдындағы ақ-адал парызын орындап бара жатқаны табиғи, кәміл сендік. Же­ңіс сендірді. Баяншы – Жеңіс Баһадүр, заманды да, адамды да айыптамайды, ешкімге кінә артпайды. Оның даралығы да осы стилінде жатыр. Жеңіс баяндауда – қаракөк, суреттеуде – су жорға.
Міне, шағын әңгіменің шыншылдығы осындай ой-толғамдардың көзін ашып, жүректі қозғайды. Рухыңызды бір сілкіп, оятып жібергендей, кірленген көңілді бір шайып жібергендей күйге түсесіз. Мұндай дүние дәл қазір керек. Тасжүрек, безбүйрек қоғамының өтпелі тұсында жаңа ұрпақтың ұлттық рухани болмысының қалануына керек.
Жеңіс Баһадүрдің әңгімелерінің дені шымыр, қазақы. Оқығанда да таза, ке­кеш­­тенбейсің, тұтықпайсың, жаныңды жібектей еседі. Жеңістің прозасынан қаза­қылықтың исі бұрқырайды. Мысалы, «Қара шаңырақтағы»: «…жан-дүниесін бәдік түрткілей бастады», «бүйіріне бүк­кен бүйіні», «қасқыр алатын абылаңқы едің», «мауыздай төбет», «қауғыр дене­сі» сияқты тың теңеулері лайықты жара­сым тапқан. Қаламгердің «Кіреуке» («Жұлдыз». №6. 2015) деген әңгімесінің бас кейіпкері –Кендебай деген аспазшы. «…Қақ-соқпен шаруасы жоқ, ылдым-жылдымнан ада, мінезі томаға-тұйық, бірқалыпты сартап мінезді жігіттің бұрын-соңды өзі түгіл атасы істемеген аспаз­шылық кәсіпке күтпеген жерден ден қойғанымен» елең еткізеді. Автор осы қарапайым адамның күнделікті тірлігі арқылы ел айтатын кісі дүниеден озар кезін өзі сезеді деген түйсікті нанымды суреттейді. Ал, таяуда ғана Ж. Баһадүрдің «Үңгірден шыққан адамын» («Жұлдыз». №6. 2016) оқып бір марқайып қалдық. Ожаубай – нағыз біздің заманымыздың адамы. Жемқор-жылпостың шынайы бейнесі көз алдымызға елестейді. Ол біздің күнде көріп жүрген замандасымыз. Жекең қазақ әдеби образдар галереясына тағы бір олжа салды.
Баһадүр прозасының ерекшелігі – кейіпкер психикасын беруде сыртқы іс-әрекетке жүгіну. Суреткер кейіпкердің психологиясына еніп алып, соның жете­гінде жүрмейді, керісінше геройдың қимыл-қозғалысын бақылап, оның мінез-құлқындағы құбылыстарды қалт жібермеуге ұмтылады.
Ал, енді, Жеңіс Баһадүрдің осы және басқа да туындыларын бүгінгі көр­кем әдебиетке деген талғам-талап тұрғы­сынан алып қарасақ – классикалық дәстүрге адалдығын байқаймыз. Соңғы екі ғасырда ауыл прозасының өшпес өрнегі жасалды. Биағаңнан бастап төл әде­биетіміздің көркем сөз таспасын өргендер тағлымды дәс­түр қалыптастырды. Ай­талық, Бер­дібек Соқпақбаев, Дулат Исабеков, Сайын Мұратбеков, Дүкенбай Досжанов, Тынымбай Нұрмағанбетов салған ауыл прозасын Мархабат Байғұт, Несіпбек Дәутай, Қуандық Түменбай, Роза Мұқанова, Көсемәлі Сәттібай және басқалары лайықты жалғастыруда. Қазіргідей қоғамымыздың түйетайлы, ауыспалы кезеңінде ұлт әдебиеті дағдаруда. Шынтуайтында пос­тиндустриялық қоғам өмірін сурет­тейміз деп батыстың постмодерн үлгі­леріне еліктеу әл-әзір сүбелі нәтиже бере қойған жоқ. Әйтсе де заманауи руханият құбылыстары кез-келген көркем ой мен көркем сөзге ықпалын тигізетіні сөзсіз десек, Жеңістікі дәстүрлі ұлт проза­сының экзистенциалистік сипаттағы жарасымды жалғасы. Қазір жаңа дәуірде жаңа туынды іздеу заңдылық. Бірақ, ол сыртқы формада емес, көркем туындының ішкі мазмұнына тән. Ал, ішкі мазмұн ақиқат шындықпен тамырласып жатса ғана, өміршең болмақ. Өйткені, әдебиет дәстүрлі ұлт менталитетін өзгерте алмайды. Қазір экспериментке ұмтылып жүрген жастар мен жасамыстар бар. Оның нәтижесін уақыт көрсетер. Алайда, әлемдік әдебиет үдерісін бағам­дасаңыз, менменсіген Америка мен Еуропа әдебиеті классикалық әдебиеттің жаңғырған дәстүріне бағыт алған. Қазақ әдебиеті постмодерндік немесе транзиттік кезеңдерді бастан кешіре отырып, түптеп келгенде, темірқазығы – дәстүрлі проза болмақ.
Біздіңше, Жеңіс Баһадүр прозасы осы орайда оңқай сақадай үйріліп тұр.

Алдыңғы «
Келесі »