ОСЫ ЖҰРТ МӘДЕЛІНІ БІЛЕДІ МЕ?

  • 08.11.2012
  • 2410 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мәделі Жүсіпқожа ұлы 1816-1888 жылдары өмір сүрген, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданы «Қожатоғай» деген жерде дүниеге келген. Туысқандары дәу­летті кісілер болған. Жас бала ойын-сауық­тарға қатысып, өнерін ұштай беріпті. Наға­шылары шешен кісі болған деседі. Сондай ортаның әсері жас Мәделіге игі-ықпалын тигіз­ген. Оңтүстікте ертеректе ескі кітаптар, қол­­жазбалар тез тарап отырады емес пе? Медреседен хат танып шыққан бала шәкірттің сондай көнекөз кітаптарды оқып, өздігінен ізденістерге түсуі жаман нәтижеге апармаған. Ең алдымен, Мәделінің ауыз әдебиетінің ажарлы мектебінен өтіп, сонан соң барып кітабилық білімге бас қойғаны аңғарылады. Мәделінің «Бір жан жоқ болыстыққа талас емес» деген өлеңі «Түркістан уалаяты» газетінде (1878, 8 февраль) авторсыз жарияланыпты. Революцияға дейінгі жарық көрген ескі хрес­томатия, жинақтардан Мәделі есімін әзір ұшырата алмақ. Мүмкін, алдағы уақытта кездесіп қалар. 72 жыл өмір сүрген ақыннан ел арасында 15000 жолдай өлең қалуы айтар ауызға аздау секілді. Батырлығына, айтқыштығына қарағанда Мәделі сынды мықты сөз шеберлері өлеңді төгіп-төгіп тастап, өмірден өте шыққан ғой. Бағдарлап қарағанда, ақынның тіршілігі бірқалыпты болмағанын, ала-құла күй кешкен жан екенін өлеңдерінен көреміз.
Мәделі Жүсіпқожа ұлына тақырыпты өмірдің өзі беріп отырған, толғау, айтыс­тары соны аңғартады. Ең маңызды деген туындыларының өзі ортасынан ойып алын­ған, жеке басының қайшылығы болған адам екен. Бірақ, әр нәрсеге өзіндік көзқараспен барған, ауқатты жерден шықтым деп асқақ­тамайды, асқынбайды. Зорлықшыл ортаның тізесі батқанда батыл сөйлеп, айтып тас­тай­ды. Патшаның генерал-губернаторы Кауф­манның оған назар аударып, бір кезде болыс етіп сайлауына қарағанда дипломат та бола білген тәрізді. От тілді, орақ ауызды шешен болғандықтан шындықты бетке басып айтамын деп болыстықты да күйттеп көп ұстамаған. «Тіріліп Наушаруан келсе-дағы. Бұл күнде болыс болмас ақшасы жоқ» деуіне қарағанда, мансаптың тұрақсыздығын, мейірімсіздігін, халықты қанайтындығын ерте сезіп қалған, сосын одан бойын аулақтап тез суынған.
Наушаруан деп отырғаны Фирдоуси «Шах­на­масындағы» өзінің әділдігімен даңқы әлем­ге жайылған Ануширван еді. Қазақ ақыны оны әділетті атауының белгісі ретінде алып отыр. Кішкене ғана деталь, әйтсе де соның өзі Мәделінің Шығыс әдебиетінен хабардар екенін көрсетеді. Бірақ, басқа шайырлармен қатар қойғанда Мәделіде өте кітабилік жиі кездеспейді, көбінесе өз «домнасынан» қорытып шығарады. Ол тек шындықты ғана айтуға талпынған, болыстан ұлықтан қорықпаған. Елді, жұртты басқаруға есі бар, ақылы толық, арлы азамат керек деген. «Шешендік сақау қылды тіл байланып» дейтін заманда дәуір кешкен ақынның алғырлығына, батырлығына таң қалмасқа болмайды. Бір кезде Мәделі айтып кеткен «Тұлпардан есек озып бәйгі алып жүр» деген сөзін кейін мыңдаған ақын қайталады десек артық айтқандық емес шығар. Аңдап қарасаңыз, Мәделі өмірінде бір күн де тыныштық болмаған сияқты, атыс, шабыс, қоныс, шындық үшін арпалыс мәселесінің арасында батырлықтың да, шешендіктің де қылышын қатар ұстаған, ұрымтал жерде қолына түскен жауын қиып түскен, ол қолында бар малын мейірім түскен жаннан аямаған айқайсал азаматтың өзі болған да қойған.
Нендей бір жайды тербетпесін ақын әуелі сөзін мақалдап, мәтелдеп бастайды, сөзін объекті туралы қорытындыларымен бітіреді. Арнайы ақыл-нақыл айтуды ол мақсат тұтпаған тәрізді, біреуге ұнаймын деп те жарамсақтанбаған, кейде батырлығы биік түсіп отырса, кейде ақындық айдынымен бас изетеді.
Бір атты атпенен өңгере ме,
Арыстаннан аю өзін кем көре ме,
Өзінің әркім бақпай қотыр тайын,
Біреудің тұлпарына жем бере ме?
Көкірегім дариядай шалқушы еді,
Қызыл тілім кемедей қалқушы еді.
Сөйлессем мың кісінің ортасында,
Тыңдаған қорғасындай балқушы еді, – дегеніне қарағанда ол өз бағасын өзі білген шешен шайыр. Әр жолдың өзінде бір-бір образ, сурет жатыр. Айтқан сөзіне шөп-шалам араласпайды, сөзді қорғасындай балқытып та, қатырып та құйып тастайды. Әсіресе, кісі мінездерін кескіндеуге, суреттеуге келгенде шебер-ақ. Бір ауыз шумақпен тұтасқан картина береді. Елін, жерін, шаруасының жағдайын тегіс біріктіріп ойлайды, тентек қимылының өзінен мейірімділігі көрініп тұрады. Мұңға да беріліп кететін кездері бар. Әйтеуір, айтқан сөзіне характері түсіп отырған адам, сыршылдығынан шыншылдығы асып түседі. Ақын эмоцияға толы эпитеттермен, тосын антитезамен, мықты метафоралармен сөйлейді. Ақылдан нақылға жақын тұрады.
Көркем шығарма көрінген ойдан туа салмайды, оны жасаушылар біріншіден, тума талант болуға тиіс, екіншіден, тірліктің көрігінен, жүзіктің көзінен қисапсыз өтіп барып, өмір тәжірбиесін жинақтап алғасын ғана ойды ұштай алатын сөз айтпақ кіріседі және ондай сөз орынды бағаланады. Мәделі өлеңдерінің мәні шыншылдығында, бөтен сөз қоспай болған уақиғаны уытты түйінмен бере білетіндігін ұмытпаған жөн. Өлеңді өлең үшін жазбай, өзегін жарып шыққан ойларын кейінгіге бір белгі болсын деген берік мақсатпен шығарады. Мәделі Жүсіпқожа ұлы негізінен кіші форманың ақыны. Аз ауданға көп нәрсе сыйдырып жібереді, сөзі неғұрлым қысқа болған сайын соғұрлым халықтық тіл, сөзді аударып, төңкеріп, қыр-сырына қарап жатпайды, боратып, түйдектетіп айтып салады, содан болар шабытты шумақтары кей тұстары мақалға, мәтелге, көркем сөзге айналып кете береді. Көзін ашып кісі танығаннан төрелер мен бектерге жұлдызы қарсы болған Мәделі зорлықшылар тарапынан да біраз қоқан-лоққы көреді, бірақ, жасымайды, жалтармайды, тіл ұшына кеп тұрған сөздерді кері қайтармайды, көсеп-көсеп тартып жібереді…
Мәделі Жүсіпқожаұлының жырлары арқылы ақынның өмірбаянын оқып шығуға болады. Өйткені, көргенін, білген-түйсінгенін, сүйсінгенін сыналатын сырлы жолдарға енгізе береді. Мәделі өліңінің тақырыбынан-ақ болған немесе болатын драмалы шиеленістің ұшқынын байқау қиын емес…
Мәделі Жүсіпқожаұлының өлеңдерінің басылғанын, басылмағанын салыстырғанда көзге түсетін бір жай бар. Ол кейбір текс­терде ала құлалық, ретсіз қысқарту, шұба­лаңдылық немесе сөз ауыстыру кейінгі айтушылардан, жинаушылардан кетуі мүмкін. Әр уақыттың, заманның поэзиясына сай өзіндік қор болады, сол ғасырдың ортасын, кескін-келбетін, кісілерінің мінезін беретін сөздер, сөз тіркестері бар, ара-кідік оларға қол тигізіп «түзетіп» жібергенде күзеліп қалатын жайлары баршылық. Бұл жалғыз Мәделі шығармашылығына байланысты айтылған сөздер емес, мәселен, сонау ХV-ХVІІІ ғасыр ақын, жырауларынан түпнасқалар қалмағандықтан тақырып ұқсастығын айтпағанда, поэтикалық арсеналдың бір-бірінен аумай қайталанып келетінін білеміз. Тіпті, беріде өмір сүрген ақындардың өлеңдеріндегі синонимдес клишелерді де көріп жүрміз. Өлеңді осы заманға жақындатпақ ниетпен, оқта-текте зерттеушілер де қол тигізіп қояды. Содан, өлең, жыр жөнделе келе ең алғашқы нұсқасынан қашықтай береді…
Мәделінің әрбір өлеңінің сюжеті не әңгіме, не повеске бергісіз. Шетінен шиыршық атып жатқан драма. Сөзқылыш па, әлде қылыш сөз бе, айыра алмай қаласыз. «Қара ағашты Ташкеннен, Мырзаби деген бек шықты» деп бастау алатын батырлар жырының стилімен жазылған жай оғындай жырында қаншама қайратты күш жатыр. Қарапайым халықтың ұлдарын, қыздарын зәбірлеген, халық қанын сорған қоқан бектеріне Мәделі бастаған жігіттер батыл тойтарыс берді. Асқанға тосқан жасайды. Батыр ақын хан алдында бидің басын кескендігін ашық айтады, жасырмайды. Еріксіз коныс аударған жұрттың мұңын жоқтайды.
Бұл жерден үш жұрт өтіпті,
Төртіншісі біз едік,
Бізге де түсті салмағы-ай.
Бектерінің қорлаған,
Зорлығына шыдамай,
Көшті елім жапа-тармағай.
Адамға тән ар-ұят,
Бектерінде қалмады-ай, –деуінде ащы шындық бар, елдің басынан өткен жағдайды ашына айтып отыр, символмен еселеп, төпелеп айтады, шабытты шамырқанып, буырқанады.
Мәделінің мұндай туындылары, оның халық әдебиетінен қол үзбегендігін, фольклорлық мектептің шәкірті екенін, сондай үлгілі мектептің қағидаларымен іштей үндестігін танытады. Эпитет, метафоралармен сөйлеп кету жалпы кітаби шайырларға да тән қасиет болған дер едік. Олардың поэзиясы сырттай дидактика боп көрінгенмен, іштей ақылдық нұрын орнықты салмағымен ерекшеленіп тұрады.
Мәделі тілі кедір-бұдыры аз, бейнелі де қарапайым қазақ тіліндей естіледі, бедерлі, айшықты суретті: бірде сазды, бірде төкпелі ұйқаспен береді. Тегінде, Шәді, Майлықожа, Мәделі мәнермен, анық айтқыштық, суырып салмалық қасиетпен кең қарпып сөйлеген кітаби ақындар санатына енеді. Халық поэзиясының шырайлы асылдарын олар керекті жеріне көрегендікпен жарата білген, көксегеннің, көргенін өткір өжет айта алған, әйтпесе өрімдей өлең туа бермейді. Анау-мынау жазылған дүние ауыздан ауызға көше бермейді, құндылары, қымбаттылары ғана халық аузында қалады. Шығармашылығының кейбір табиғи сырларына, сипатына қарағанда, Мәделі өлеңді өндіртіп, тез тудыратын, кесек кесегімен тастай салатын тарлан таланттар тобына кіреді. Жырларында жарқын сәулетінің келбеті бар, әр біреуінің артында тұрақты объекті тұрады. Ол балалық па, жастық па, махаббат, адалдық па, әділеттілік пе ақын өзінің поэзиясын берік ұстанады.
Өтеген КҮМІСБАЕВ,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Алдыңғы «
Келесі »