«Қорғансыздың күні» мен «Сіріңке сатушы қыз»

  • 28.08.2018
  • 74 рет оқылды
  • 0

Қымбат Нұрланбек,
Қытай Халық Республикасы Орталық
ұлттар университетінің магистранты

Адамзаттың ғұмырында әр халықтың өткен-кеткен тіршілігі мен бұрынғы халын образды тіл, асқан шеберлікпен бейнелеп, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктерді, реал шындықты шешен де шебер тілмен сомдап, халыққа жеткізіп, олардың рухани әлеміне әсер етерлік шығармалар бар. Сондай шығармалардың бірі болған осынау екі ел ұлылары: Әуезов пен Ан­дерсеннің «Қорғансыздың күні» мен «Сіріңке сатушы қыз».
Тілге тиек болған, осынау, «Қорған­сыздың күні» мен «Сіріңке сатушы қыз» қысқаша мазмұны былай:
Қорғансыздың күні: үрерге иті, сығар­ға биті жоқ кедей отбасының бар тірегі болған жақын туыстас ағасы Дүйсен деген мыл­жыңның басқалар айдап кеткен малын әкелуге барғанда ұрылар жағынан жазатайым қайтыс болады, ол шығармадағы бас кейіпкер Ғазизаның әкесі еді, тірегінен айрыл­ған ендігі жүдеу үйдің барлық жаны: сексеннен асқан кәрілігі әбден жеткен кемпір және қырықтың шамасындағы жа­нары су қараңғы әйел, он үш жастағы қыз. Кемпірдің жасы келіп, қуаты азай­ғандығы шын болса да, бетінде ерекше қайрат бар, еркек пішіндес, кесек, үлкен, жал­пақ маңдайлы, қошқар тұмсықтау келген үлкен мұрынды, тақырлау сүйек қабақ­тың астынан көрінген кішкене өткір көздері, қажыған салқын жанарымен жалтылдайды. Бұл кемпір – осы үйдің қазіргі қожайыны, әйелдің біреуі – келіні, біреуі, осы келінінен туған немере қызы, келіннің бойында не жақсылығы, не жаманшылығына айғақ болған орасан белгі жоқ, орта бойлы, орташа жаратылған адам тәрізді, бірақ бұның пішінінде де өзгерген жаттық бар, қадағалап қараған кісіге ол көрінетін тұңғиық көздері бір қараған жерде аумай, ылғи жансыздықпен қарап тұрғанына көзі түскен адам бишараның кім екенін ажыратушы еді, ол жаңа арада екі көзінен айырылған су қараңғы еді. Бұл екі әйелге ермек, жұбаныш болып отырған – жас қыз, ол сыпайы, нәзік болып өскен Ғазиза. Суық аязды бір күні, бұл үйге сәнді киінген, суық қарайтын қисық біткен кішілеу өткір көзінде және түксиген қабағында өзгеше қаталдық бар, күлгендегі пішінінен құмарлыққа көп салынғаны білініп тұра­тын, болыс – Ақан мырза мен оның атшабары Қатай, қалаға қазынаның алымын салуға барып, жұмыстарын түгел бітіріп, үйіне қайтып келе жатып, суықта пана көріп түскені еді. Қораның кейпін, үйдің сұрқын көрген болыс мырза басқа үй құрып қалғандай, бұл үйге несін түстік дегенде, үндеме, кейін білесің деп жымың қағады атшабары. Үйге кіріп, орныққан соң, кемпір Ақанның болыс екенін біліп, бастарындағы ауыр мұңды шағады, ондағы ойы: Ақанның әрі-бері өткенде, сондайлық бишаралар еді-ау деп еске ала жүрсе дегені-тін, өкінішке орай, Ақан мырза басқаларға жаны ашып, қайғысына ортақ болатын, сүрінгенге сүйеу боларлық жан емес еді, оның адамдығынан арамдығы басым, болыс жігіт қыз-келіншек көрсе қызынып қалатын әдетімен жас, пәк періште Ғазизаны көргенде оған әлсін-әлсін қадалып, арам ойымен болады. Екі мырза тамағын ішіп жайланып, біраз отырған соң, жатуға ыңғайланып, тысқа шығуға айналады, кемпір қонақтарын әуелгідей сый көрген, құрметтеген көңілімен Ғазизаға қонақтардың атына шөп алатын жерді көр­сетуін айтады. Ғазиза Ақанның өзіне қадала қарап отырғанын көріп, іш тартып қалған еді, шешесінің сөзіне зорға көніп, қонақтардың артынан бұл да шығады, осы кезде, Қатай мен Ақан бағанағы пасық ойларын жүзеге асырып, пәк періште Ғази­заның арын былғайды, бұл қорлыққа төз­беген Ғазиза жан тыныштығын тек әкесі мен бауырының қабірінен тауып, әкесінің қа­бірін құшақтап жылап, қайғыра егіліп, дүниенің таршылығын мұң етіп, қыр­шын­дай ғұмырын қияды.
Ал, Андерсеннің «Сіріңке сатушы қы­зында»: қақаған қыс күнінде, аяғына үлкен аяқкиім киген сіріңке сатушы қыз көшені бойлап, сіріңкесін сатуға кіріседі, оның аяғында өзіне дәл келер аяғы жоқ болған соң, шешесінің аяқ киімін киген ол, жолда келе жатқан ат арбадан қашамын дегенде аяғындағы үлкен галошы түсіп қалады, бір аяғымен жер басып келе жатқанда сыңар галошы да шешіліп кетеді, оның шешіліп қалған аяқ киімін жолдан өтіп бара жатқан бір бала ойыншық етіп, теуіп кетеді. Барар жер, басар тауы қалмаған, аңыраған көшеде еш жылу жоқ үйіне ешқандай сіріңке сата алмай барған күндері әкесі таяқтың астына алатын еді, бар үміті тек қолындағы санаулы сіріңкесінде ғана болған жас пе­ріш­те, бай-манаптың мәре-сәре болып жат­қан көшесінде, қақаған суықта сіріңке жа­ғып, жылынбақшы болады да, шырпысын тұтатады, шырпыны тұтатып қал­­ғанда оның көз алдына оты қыж-қыж қай­наған үлкен пеш елестейді, ол пешке аяғын жылытып алмақ боп, аяғын соза бергенде, сіріңке өшіп қалады да елесі ғайып бола­ды, үмітін өшіргісі келмеген ол тағы да сіріңке жағады, енді бірде, оның көз алдына әсем-сәулетті үйдің ішінде үлкен сәнді дастарқан, дәмді тағамдар елестейді осы кезде сіріңке тағы өшіп қалады. Енді, бір сіріңкені тамызғанда оның көз алдында үлкен шырша елестеді. Сіріңкесін тағы тұта­тады, енді, әжесі елестейді, әжесін көр­ген ол айқайлап: әжетай, мені ала кетші, сіріңке сөнсе сіз де жоғалып кетесіз дейді де, қолындағы бар сіріңкесін жағып тауысып, көк жүзіне елестеген асыл әжесінің құшағына өзін атып, әжесі осынау жан төзгісіз аяздан әкелсе екен деп үмітпен күлімсірей, бақиға аттанғаны айтылады.
Әуезов шығармасында өзі білетін, жанын қинаған ащы шындығын тебіре­ніспен, жан ашуымен сиясын көз жасына мала отырып жазса, ал, сол дәуірде, аштық пен қорлықтың азабын әбден тартқан кедей-кепшік жайларын аяй отырып,Андерсен өз шығармасын жаз­ған.
Ұқсамаған екі дүние, екі ұлт өкіл­дері­нің шығармалары әрі ұқсас, әрі екі бөлек.
Ең алдымен, екі шығарманың ұқсас­тығына келсек:
1. Шығарманың бас кейіпкерлері ара­сындағы ұқсастық. Ғазиза: жіңішке, сұңғақ бойлы, аз ғана секпілі бар дөң­гелек ақ сұр, көрген көзге алғаш жерден-ақ сүйкімділігін сездіретін уыз жас, ал, сіріңке сатушы қыз: періштедей сүйкімді, ұзын сары шашы бар, он жасар шамасындағы қыз. Екеуі де бесіктен белі шықпаған жас.
2. Екі шығарманың соңы да трагедиямен аяқталады. Ғазиза әке қабірі алдына барып, мұңын шағып, сол жерде қыршын жанын қиса, ал, сіріңке сатушы қыз қолындағы бар сіріңкесін тауысып, қиял әлеміне, арман дүниесіне, о дүниеге күлімсірей аттанады.
3. Екі шығарманың сюжет желісі қара­пайым, оқиғасы қысқа, қатынасқан кейіп­керлері аз, жанры: әңгіме.
4. Бұл екі оқиғада бейнеленген екі от­басының да отбасылық жағдай, күй-ауқаты тым нашар. Әуезов шығармасында ол былай бейнеленеді: төр дегені екі-үш кез ғана жерге жайылған ескі құрым киіз, соның үстінде бір-екі ескілеу сырмақ, үй ішінің барлық жасауы осы, бұл үйдің қабырғасы көп жылдардан бері сыланбағандықтан әр жерінен қара балшығы шығып, кір болып, қожалақтанып тұр. Пештің де өне бойы не күйе немесе қожалақ болып, кейбір жер­лерінің кернесі сынған, ол да тозығы жеткендігін білдіргендей, пештің қырында тұрған кішкене жалаң бас лампаның жалпылдап жанған болымсыз жарығы үй-ішінің қараңғылығын зорға жеңіп аз ғана елпілдеп, күңгірт, қызғылт сәулесін түсіреді десе. Ал, Андер­сенның шығармасында: олардың үйі де аңыраған көше сияқты, тек, үй деген аты болмаса. Үйдің қабырғаларындағы жарық­шақ­танған жерлерін шөп-шалаңмен бекіт­кендей болғанымен ол бәрібір пана бола алар емес деп береді. Яғни, екі шығарма да қоғамдағы кедей, жағдайы тым нашар топтың тіршілігін шынайы бейнелеген.
5. Екі оқиғаның соңы жай ғана бас кейіпкердің қаза болуымен ғана аяқтал­маған. Мысалы, Ғазизада: «өлер сағатына дейін қабағын басқан қайғы бұл уақытта жадыраған, ізі қалған жоқ, денесі әлі жылы» деп берілсе, ал, Андерсонның шығар­­ма­сында: «қыз өлді, бірақ, жүзінде сәл ғана жымиыс бар еді» дей келіп, оқырмандарына ой тастайды.
Екі шығарманың ерекшеліктері:
1. Ең алдымен авторлардың жасаған дәуі­рі ұқсамайды: Әуезов 20-ғасырдағы қазақ әдебиетінің шоқтығы биік жазушысы болса, ал, Андерсон – 19-ғасырдағы әйгілі балалар әдебиетінің шебері.
2. Ғазиза «жауыздың қолындағы бір ойын­шық», қаһарлы аязда пана іздеген Ақан мен Ақтайдың жымысқы әрекетінен сескеніп, сенің ойыңдағы сұмдығыңды біл­мей тұрмын ба, аулақ жүр, мен сенің мазақ қылатын адамың емеспін – деп, намысын қорғайды, қорлық-мазақ көрген Ға­зизаның көзінен дүниенің барлық қызы­ғы кетеді, ал, сіріңке сатушы қыз ондай жауыз­дардың жәбірлеуіне түспейді, ол – аш, ол – кедей.
3. Бейнелеген дәуір ұқсамайды. Әуе­зовтың шығармасындағы дәуір: қазақ хал­­қындағы кедей-кепшіктің таршылық, қорлық көруі бейнеленсе, ал, Андерсонның шығар­масында: капиталистік дәуірдің қа­раң­­ғылығы мен жиренішін, кедей халық­тың дәрменсіздігін емеурінмен бейнелеп, кедей халықтың тағдырына жаны ашып, жүрегі ауыра отырып, сол қоғамға деген на­ра­зылығын білдіреді.
Дүниенің екі шетіндегі екі ұлт болғаны­мен, олардың шығармаларында әрі са­бақ­­тастық, әрі парық сақталған, бұл әрине табиғи құбылыс екені шүбәсіз. Азат­тық­тың, тәуелсіздіктің жемісі болған, осынау, бейбіт те тыныш заманды қадірлеп, кеме­ліне келген, керекке жарар азамат болайық!

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.