Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы ?..

  • 28.08.2018
  • 53 рет оқылды
  • 0

Ой, Алла-ай, Жұмекеңнің, Жұмабек бауы­рымның өмірден өтіп, келместің көшіне ілескен қаралы хабарын естіп, қабырғамызды қайыстырған қайғыдан көкірегіміздің қарс айырылғаны күні кеше сияқты еді. Қарашы, бір жылға жуық уақыттың қалай өте шыққанын да аңғармай қалыппыз ғой, біз бейбақ. Рас, біз құлын-тайдай тебісіп, бір ауылда өскен жоқпыз, не сыныптас, не курстас та емеспіз, аз уақыт қарамағында қызметтес болып, Жұмабектің «Ақиқат» журналының басшылығынан «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлығына тағайындалып, ұзамай мен де «Қазақстан әйелдері» журналы бас редакторының орынбасары қызметіне шақырылып, содан арамыздың ажырағанына тура жиырма жыл өткен. Оның үстіне біздің редакциямызбен бірге Астанаға қоныс аударғанымыз тағы бар.
Мұның бәрін ежіктеп отырғанымның мә­нісі неде десеңіз, міне, жолымыз екі ай­рылған сол жиырма жылдан бері Алматыда не Астанада болсын анда-санда араға жылдар салып жүздесіп тұрсақ та сол баяғы сый­ластығымызға ешқашан селкеу түскен емес. Жұмекең болса сол өзінің қанына біткен бекзат болмысынан, елпілдеген елгезектігінен танбай, туғаныңдай іші-бауырыңа кіріп, өз аман-саулығыңды, бала-шағаңның жай-күйін, «Ақиқатта» екі-үш жыл корректор қызметін атқарған үлкен қызым Гүлжанның кейінгі кезде қай салада жүргенін де түгін қалдырмай сұрап-біліп жататын. Онымен жүздескен сайын айызың қанып, бір жасап қалатынсың.
Мен «Ақиқатта» оның кеңес зама­нын­дағы «Қазақстан коммунисі» кезінен, яғни, 1979 жылдың 1-ақпанынан 1999 жылдың 1-ақ­панына дейін, бір күн әрі-берісі жоқ, ту­ра 20 жыл қызмет еттім. Нақ осы басылымда Баукеңнің, атақты Бауыржан Мо­мыш­ұлы­ның үзеңгілес досы, соғыс жылдарында майдандық газетті басқарған тау тұлғалы, екі иығына екі кісі мінгендей зор қапсағай денелі, бүркіт қабақты Құрманбек Сағындықов, өзгеге де, өзіне де маза таптырмайтын Мұқан Мамажанов, Рейхстагқа бірінші ту тіккен қазақ Рахымжан Қошқарбаев туралы хал­қына тұң­ғыш рет таныс­тырып кітап жаз­ған, өзі де, сөзі де салмақты қа­лам­гер Кәкім­жан Қа­зыбаев, әйгілі жазушы-публицист Камал Смайылов, белгілі ақын-журналист Сар­бас Ақтаев, содан соң қазақ жур­налистикасының қай­таланбас тұлғасына ай­налған осы аяу­лы Жұмабек Кенжалин ініміз бен жазушы Ахат Жақсыбаев сынды кілең сен тұр мен атайын апайтөс бас редакторлардың мектебінен өттім.
Соның ішінде Жұмекеңді қазақ жур­на­листикасының қайталанбас тұлға­сы деуім­нің өз себебі бар. Өйткені, оның қазақ ба­сылымдарының тізгінін ұстаған өзге аға буын өкілдерінен даралап тұратын бұл ерекшелігін жалғыз мен ғана емес, басқа әріптестері мен достары да баса айтып, мақтаныш ете, сағынышпен еске алғанын жақсы білеміз. Тіпті, оның өмір жолының өзі ешкімге ұқсамайды десем, артық айтқандық болмас. Қараңызшы, еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған ол кейін мектепті үздік бітіргендігі үшін Торғай топырағының мұғалімі тапшы шалғай ауылындағы өзі оқыған білім ордасында ұстаздық ете жүріп, Қарулы Күштер қатарына шақырылып, одан азаматтық борышын өтеп келгеннен соң ғана ҚазМУ-дің журналистика факультетінің студенті атанған. Атанып қана қоймай, сол студенттік жылдарының өзінде мыңның біріне бұйыра бермейтін бақыт – Алматы қалалық кеңе­сінің депутаты деген ең абыройлы атақты иеленген. Бұл бір десеңіз, екіншіден, сол университеттің қабырғасынан бірден рес­публиканың бас газеті ол кездегі «Со­циалистік Қазақстанға» тілші болып қа­был­­дану бақыты да өз курстастары арасынан ең алғаш осы Жұмабекке бұйырған екен.
Міне, университетке дейін-ақ көп ба­­лалы отбасының бас көтерер азаматы ретінде қаршадай жасынан қара жұ­мыс­тың да қаза­нында қайнап, ұстаз­дық жауапкершіліктің де жүгін сезініп, жауынгерлік борыштың да белес­терінен өтіп, өмірдің ащы-тұщысын татып үлгірген Жұмабектің журналистік қыз­метінің өрлеу кезеңі осы бас газеттен басталған. Әрине, мәселе онсыз да көпшілікке мәлім жайларды тізіп шығуда емес, мәселе оның жо­лында ұдайы әділдікті ту еткен жақсы жан­дардың жолыққанында болып тұр. Ал, енді, әңгіменің шынтуайтына келсек, бар мәселе басқа басқа емес, Жұмабектің тек өзінің жеке басына байланысты болғанын қалай айтпассыз.
Неге десеңіз, ол біріншіден, қаламы қа­рымды, ойы жүйрік, білімі терең, диапазоны кең, талантты журналист, екіншіден, жүрегі таза, адам баласына қамқорлықтан өзге ойламайтын, кісіге қылдай қиянаты жоқ, елі мен жерін шексіз сүйетін, қашан көрсең де жүзінен мейірім-шуағы төгіліп тұратын нағыз зиялы азамат болды. Ол өзінің туған-туыстарын ғана емес, бірге оқы­ған достарын да, әріптестерін де, тіп­ті, айналасындағы таныс жандарды да бөліп-жарып жатпай, бауыр тұтты. Қыс­қасы, Жұмабек Омарұлы қай басылымды басқарса да жаңашылдығы мен жан­ашырлығын, із­денісі мен ізгілігін қатар алып жүруден еш­­қашан жалыққан емес. Ендеше, нағыз көр­соқыр болмасаң, мұндай азаматты қалай бағаламассың. Жұмекеңнің өсу жолының түп-тамырын да, міне, осыдан іздеу керек деп ойлаймын.
Сірә, кезінде «Зерде», «Ақиқат» жур­нал­дары мен «Халық кеңесі», «Ана тілі» және «Қазақ әдебиеті» газеттеріне бас редакторларды тағайындау барыстарында да оның осы айрықша қабілеттері мен қасиеттері ескерілсе керек. Кешегі нарық қыспаққа алған тоқсаныншы жылдары республиканың ел өмірінің айнасына айнал­ған алты бірдей басылымын (бұрын өзі басқарған «Ақиқат» пен «Ана тілі», сондай-ақ «Мысль», «Экономика», «Ұйғыр авази» және «Үркер» журналдары мен газеттерін) біріктірген «Қазақ газеттері» ЖШС (жау­ап­кершілігі шектеулі серіктестігін) құр­ғанда оның бас директорының таң­дауы Жұмабек Кенжалинге тегіннен тегін түс­пе­гендігін, бұл тағайындау оған құр­мет қана емес, үлкен жауапты да қиын мін­дет жүк­тегендігін де әріптестері жақсы түсінген. Бірақ осынау қысталаң кезде Жұме­кеңнің қиыннан қиыстырып, қиядан жол таба білетін кәсіпкерлік қасиеті де ашыла түсіп, қоғам дамуына белсене үлестерін қосып жүрген журналистер қауымын қаржы тапшылығының тақсыретін тарт­қызбай, оларды тығырықтан аман алып шығып, көңілдеріне қуаныш пен сенім ұялату қамының қарекетімен жүріп те қолынан қаламын тастамай, «Желкілдеп өскен құрақтай», «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз», «Ұлт рухын ұлықтаған ұр­пақпыз», «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа», «Саяси менеджмент және баспа­сөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» сынды кітаптарын. сондай-ақ зерделі зерттеулері мен эссе-мақалаларын жазуға уақыт таба білгендігін де ерлікке парапар қайрат деп санауымыз керек.
Бірақ, Жұмекең басына қандай қиын­дық түссе де налып, еңсесін түсірген жан емес. Ол қай басылымға басшылық жасаса да оның үлкенді-кішілі әрбір қызметкеріне құр­метпен қараудан танбай-ақ кетті. Бес га­зет пен журналдың бас редакторы қыз­метін атқарып, «Қазақ газеттері» ЖШС қам­туындағыларды қос­қанда респуб­лика­ның іргелі тоғыз басылымын басқарған бірде бір маман кадр Қазақстанда бұрын да болған емес, қазір де жоқ, болашақта болуы да екіталай. Қайталанбас тұлға деуіміздің мәнісі де осында. Ол соңынан ерген шиеттей бауырларын, бала-шағасын ғана емес, өмірінің соңғы жылдары өзі басқарған ал­ты бірдей басылымның журналистерін де жерге қаратпай, «қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқтырмай» асырап, жеткізіп кетті.
Сол алты басылымның редакторлары­нан қатардағы қызметкерлеріне дейін Жұме­кең қайтқанда көңіл айтудың иша­ратын жасап қана көппен бірге қаздиып-қаздиып тұрмай, егіліп келіп көз жасын төгуі, әншейінде көңілі еріп, босай бермейтін әріптес ағасы Марат Тоқашбаевтың анадайдан «ой бауырымдап» келіп, ебіл-дебіл болуы нені көрсетеді? Әдетте, ер азаматтар жыламайды деуші еді ғой. Бұл жолы ол дәстүрдің де бұзылуы өмірде ең қимас адамыңның қайғысы жанында дәстүрің де, қатып қалған қағидаң да дәрменсіз екенін көрсеткеніне куә болды ел. Осындайда өзіңді жан-жүрегі езіліп, жоқтайтын жанның бар болғаны да бір бақыт шығар-ау деп ойлайсың еріксіз. Ұлы Абайдың: «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?» деген данышпандық сөзі нақ осы Жұмекеңе арналып айтыл­ғандай. Өйткені, Жұмекеңнің артында өлмес мұра – ұлағатты сөзі, ғибратты ісі мен өшпес өнегесі қалды.
Бақұл бол, бауырым, пейіште нұрың шалқысын. Сен жарқын жүзіңмен, періште пейіліңмен мәңгі біздің жадымыздасың, өзің кие тұтып өткен халқыңның жүрегіндесің.

Мұрат КҮЛІМБЕТ

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.