«Бақсы» туындысының көркемдік-философиялық ерекшеліктері

  • 08.11.2012
  • 2406 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бүгінгі таңдағы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі саяси-мәдени, экономикалық-әлеуметтік өрлеу өз кезегінде руханияттық дамумен жалғасын тауып келеді. Осы руханилық аясындағы ілгерілеп келе жатқан салалардың бірі – бейнелеу өнері. Ол өзіндік бір қоғамдық сұраныстармен, табиғи қажеттіліктермен, ұлттық рухтың талаптарымен және жалпыадамзаттық көркемдік таным айшықтарымен сабақтаса отырып, соңғы уақыттарда әлемдік аренадан да мәдени-эстетикалық мәртебесін айғақтау үстіндегі іргелі буынға айналып келе жатыр. Осы орайда, бейнелеу өнерінің даму беталысындағы ұлттық идея аясымен көмкерілген нақты көріністерінің айтарлықтай мазмұнға ие болуы – өткеніміз бен бүгінімізді қайта таразылау, қазақ халқының болмыс-бітімінің шынайы мәнін ашып көрсету ұстанымдарын қуаттайды. Нақтырақ айтқанда, тарихи таным, дәстүршілдік, бұрынғыны бағалау мен оның құндылықтарын паш ету, сайып келгенде, қазіргі ғылыми дискурс аймағында жиі толғанылып жүрген жалпы түркілік идеяға, түркілік рухани құндылықтарды сараптау мен қайта жаңғыртудың қағидаттарына келіп тоғысады.
Осындай көркемдік санадағы ізденістердің бір көрінісі – біз нысанаға алғалы отырған суретші А. Бектасовтың «Бақсы» туындысы. Шамандық сенім байырғы түркі халық­тарының дүниетанымында айтарлықтай орын алған, өмір сүру салттары мен тірші­лік ету бағдарында өзіндік бір ерекше құбылыс ретінде сабақтасып келген фено­мен. Ол бір қырынан алғанда, діни сенім, екінші бір қырынан алғанда қастерлі құбы­лыс, үшіншіден эзотериялық ілім болып табылатындығын жіті пайымдаған А. Бектасов, оның осы тылсымдығын көркемдік тұрғыдан паш етуді нысанаға алады.
Бірінші, туындының формалық көрсет­кіштеріне, композициясы мен құрылымдық жағына назар аударсақ, белгілі бір прапор­циялық жүйе мен симметрияны бірден-ақ аңдай аламыз. Себебі, адамзаттың рухани өй өрісі тарихында тылсымдық пен эзотерияның ішкі мәні көп жағдайда математикалық өрнектер мен геометриялық пішіндерге сүйенеді. Ендеше, шығарманың геометризациялануы құр форма ғана емес, ішкі мазмұнды ашып көрсетудің негізгі жобасы болып табылады. Дәстүрлі үш өлшемді кеңістік бойынша құрылған тұтас идеяда биіктіктің өзі шартты түрде үш өлшемге бөлінген. Жоғарғы әлемнің өзі горизонтальді жазықтықта тағы да үшке ажыраған. Орталық алаңдағы негізгі нысана, ол – бақсының жалпы концептуальді жобасы, себебі, оның тарихи тұлғалығы, нақты кім екендігі, қай кезеңде өмір сүргендігі аса маңызды емес, шындап келгенде, «абстрактілі портрет» тікелей эстетикалық талғамның аренасына шығарылған және орталық алаңда тұтас шығарманың үштен бір бөлігін қамтыған. Ең жоғарғы бөліктегі «алты түйсік көздерінің» (жұлдыздардың) өзі үш-үштен тағы да екіге бөлінген. Осындай үштіктердің әрқалай тұтасуы бақсылық құбылыстың жалпылама сакральділігін арттыра түседі. Кенептің өзі квадрат түрінде берілген және төртбұрыштардың кіріккен ансамблі шығарма мазмұнын толықтырып, симметрия мен үйлесімділіктің тылсым бірлігін паш етіп тұр. Ал түстердің үйлесімділігі мен шешімі, сәйкесінше, сары мен қоңырдың және қою көктің көркемделуімен жалғасын тауып, белгілі бір мағынада үрей мен сезімталдылықты, асқақтық пен тылсымдықты, құпиялылық пен жұмбақтықты және айқынсыздықты бейнелеп беруге арналған. Кеңістік, дала феномені – «қазақтың сары даласы» атты қастерлі ұғымды нақыштауға арналса, орталық жоспардағы бақсының денесінің сарылығы, оның ішкі жан-дүниесінің осы сары даламен тоғысатын мазмұндық бірлігін ашып береді, түркі-қазақтық «сары» құпиясының мәнін әйгілейді.
Автор түпсары мен бүгінгі сарының са­рынын ішкі рухтың бірлігімен біріктіреді. Нақтырақ айтқанда, арғытүпсары – дала архетипінің сабақтасқан шынайы көзі болса, «бүгінгі сары» – байырғылық пен көнелікті аңсау сезімінің сарғайған сағынышы, бұл – тек жеке суретшінің көңіл-күйі ғана емес, тереңнен тамыр тартқан дүниетанымның бүгінгі күнгі хабаршысы немесе барша түр­кілік тарихи сана-сезімнің рухтанып қайта оянуының визуальді түрткісі.
Бұл тұста автордың жеке шығармашылық батылдығы мынаған келіп түйіседі: «тылсым­дықтың тылсымдығын ашуға ұмтылыс – тылсымдықты рационалдандыру (ақылмен түсіндіруге ұмтылу) – өз бетінше батыл пайым жасау – оның түпархетипке сәйкес келуі – ең бастысы бүгінгі күнге рухтық тұрғыдан тасымалдануы – ой саларлық өмірмәнділік нұсқаны баршаға, әрісі түркі, берісі қазақ халқына ұсына алуы».
Мифологиялық-тарихи жанрға келіп тоғысатын бұл еңбекте, кубизм мен абстракционизмнің елесі бар. Бұл өз кезегінде белгілі бір идеяға да арқау болады және бұл стильдерді ұлттық рухпен салғаластырады.
Шығарманың мазмұнына тоқталсақ, осы формалық көрсеткіштер оны толықтырып, құбылыс пен мәннің жалпы үйлесімділігін толғауға арналады. Сары далада өзге артық обьект жоқ, ол – бақсының оқшаулығы мен әлемдегі Өзіндік жалғыздығын, «өзімен-өзі» және «өзіне-өзі» құпиясын танытуға арналады. «Жапандағы жалғыз үйдің» өзі осы ұстанымды қуаттай түседі. Туындыда сары даланың шексіздігі аяқталып қалмайды, жоғарыға өрлеп басқа кеңістікпен ұласады. Бұл бақсы дүниетанымы бойынша құрылған кеңістіктердің еркін ауысу мен өту сәтінен анық хабар беретін ауқымды амплитуданы ишаралайды. Жоғарыдан төмен қарай бағдарланған үш өлшемді кеңістіктің ортаңғы бөлігіне және оның да орталық алаңына көз жіберсек, тылсым перде елеусіз елес береді. Бірақ перденің арғы жағындағы жұмбақтық, оны қоршап тұрған алаңдардың көркемделуі арқылы қайтадан өзінің мәнін ашып көрсете алады. Кеңістіктің екінші алаңындағы өз сырын ішіне бүккен бейнелер, төрт субьекті шартты түрде құрылған сюжет. Олар рухтар әлеміндегі тіршілік иелерін және бақсының көмекшілерін, о дүниелік болған басқа да бақсылардың осы дүниедегі шаманмен тылсым байланысын ниеттеп тұрған сыңайлы. Ал, ең жоғарғы бөліктегі ғарыштың руханияттық көздері немесе бақсының түйсік көздері түріндегі нүктелер «бақсы-адамның» әлеммен байланысын меңзеп тұр. Нақтырақ айтқанда, жұлдызды аспанның көрінісі бір қарағанда, жұлдыздардың бақсының ғарышқа ашылған «жарықтандырылған нүктелерімен» келіп орайласады.
Бақсы, алдымен, психологиялық тіршілік иесі екендігін пайымдасақ, оның денесінің «жерлік» (жердегі) сипаты, арнайы сызықпен бөлініп көрсетілген, ал психикасы мен санасы аруақтар әлемінің тұсына сәйкестендірілген. Орталық жоспардағы бақсының рухы (басы, миы) ең жоғарғы әлеммен байланыстырылған, тұтастандырылған. Ол қою қоңыр түс арқылы жұмбақтық пен асқақтықты, шын мәніндегі физикалық ғарыштың қараңғылығын, өз сырын өзіне бүккен, тек бақсы ғана қол жеткізе алатын трансмедитациялық күйді сипаттайды.
Шаман дүниетанымындағы өзге бол­мыстың танылмайтын-трансцен­денциялығын барынша бейнелік тұрғыдан ұғындыруға бағдарланған өзіндік бір жүйені сездіртеді. С. Ақатаев айтқандай, бақсы өзін әлемнің орталығына орналастырады, өзге болмыс пен бейболмыс аясындағы тіршілік иесі ретінде өзіндік дүниетанымын айшықтайды[5,14-16бб.]. Олай болса, жоғарғы әлемді нақыштайтын күлгін көк пен қоңыр жабық түстер, бейне бір өзге болмыстық тылсымдықтың, тұңғиық түпсіздіктің, шексіздік пен үмітсіз айқынсыздықтың көрінісін паш етеді. Э.Мертеновтың, шын­дығында да, нонкогнотивист-су­рет­­ші үшін түстер парасаттылық пен сезім­діктен тыс шынайылықты бейнелеп, адам болмысының рухани-жандық қобал­жуына келіп тоғысатындығын пайымдаған көзқарастары[6,364б.] осы жерде А. Бектасовтың «Бақсы» туындысындағы түстердің үйлесімділігі мен олардың ішкі мәніне сәйкес келеді.
Бақсы биологиялық-физиологиялық болмысы жөнінен кәдуілгі табиғи жаратылыс иесі – адам, ал психологиялық-рухтық бітімі тұрғысынан ғарыштық деңгеймен өрлей түсетін – тылсым жан. Ол әлеуметтік өмірде қарапайымданған, материалдық игілік пен тәндік ләззатқа ұмтылмайтын аскеттік тұлға және өзін қоғамда әйгілеуге аса құштар емес елеусіз кісі. Себебі ол өзінің түпмақсаты мен танымын ғарышпен, аруақтар әлемімен байланыстыратын және онымен қатынас орнатқан, адамның тәндік болмысының құрсауының шеңберінен шыққан, оның табиғи бітімін кеңіткен ерекше бір даралық. Бірақ ол ғарышпен тұтасқан болғанмен, жердегі өмірге алаңсыз, одан мүлде оқшау емес, халықты емдеумен, болашақты болжаумен шұғылданады, жауларына қатал, еліне қайырымды болып, мақсатын «сөзсіз» іске асырып отыратын сәуегей.
Автор бастапқыда, маңыз берген жерлік өмірді де оқшау қалдырмайды, бірақ оның өзін шартты түрде екіге ажыратады; бұл ажырату киген киім үлгісіндегі екі жақты дихотомиялайтын қоңыр түстермен айғақталады, яғни, сол жағы – адамдық, оң жағы – хайуандық. Осыдан түп мәселе туындап тұрғандығы анық: хайуандық пен адамдық-тәндік бір жазықтықтағы төменгі әлемде, бұл бақсы үшін ғана алынған оңтайлы шешім немесе суретшінің ой-қиялының шындығы. Ал, жоғарғы әлем кеңістігі – хайуандық пен жерлікті біріктіретін тұтастықты шартты түрде, ғарышпен салыстырмалы түрде ғана біріктіре алады. Бұл – жалпыадамзаттық қарапайым танымды, шындығында, бүгінгі күнгі, адамзаттың тәндікке бағытталған жерлік өмірінің куәсі іспеттес. Өнертанушы А. Юсупова да А. Бектасовтың осы еңбегін сараптай келе, орталық жоспардағы бақсының жоғарғы және төменгі әлемді біріктірушілік тұрпатын атап көрсетеді[7,82б.].
Шығармада динамика мен екпін, қозғалыс пен шабыт жоқ, бақсы зікір салу немесе өзінің іс-әрекеті аясында көрінбейді, портрет келбеті шаманның тұлғалық болмысын тұтастай ашуға бағдарланғандықтан, ол – қимылсыз. Осы тұрақтылық пен тыныштық оның бейне бір даналығы мен тұңғиық ішкі сезімін көрсету арқылы көркемдік таным талаптарымен шешімін табады. Сақалы мен бет бейнесінің кіріктіріле бейнеленуі вертикальді де, горизонтальді түрде де симметрия мен пропорцияға құрылған және тұтастай шығарманың түпорталығына орналастырылған. Бақсы әрине, сұлу болуы тиісті емес, бірақ осы симметрия оның сыртқы пішінінің де жасырын ішкі үйлесімділікке құрылғандығын, дүниетанымы мен пайымы да стихиялы, жүйесіз емес, өзіндік бір тәртіппен жүріп отыратындығын меңзейді. Яғни, автор шығармада өзіндік рухани келбеті мен шеберлігін оқырманға паш етуге арнаған. «Бақсы» деп аталатын еңбек бүгін де еліміздің қылқалам шеберлерінің обьектісінен тыс қалып жүрген жоқ. Олардың әрқайсысының ерекшелігін, қайталанбас даралығын нысанаға ала отырып, герменевтикалық түсіндірмелер жасау алдағы уақыттың түйінді мәселелерінің бірі болмақ.
Қорыта айтқанда, қазіргі Қазақстандық суретшілердің туындыларын, әсіресе, ұлттық болмысты реконструкциялайтын еңбектерін көркемдік-философиялық тұрғыдан талдап көрсету, өз кезегінде жастардың бойында ұлттық рух пен ұлтжандылықты оятудың визуальді-ықпалды, өнегелілік-ой саларлық үлгілерінің бірі болып саналады. Сондықтан, бұндай шығармаларды өнертанулық, эстетикалық тұрғыдан талдаумен қатар философиялық негізде таразылау – бүгінгі күнгі жалпытүркілік руханияттық кеңістіктің сұранысы аясындағы маңызды қадамдардың бірі деп айта аламыз.
Берік АТАШ,
философия ғылымдарының докторы

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Жұмабаев М. Шығармалар.-Алматы: Жазушы, 1989.-204 б.
2.Оразқұлова Қ. Қазақстан суретшілері шығармашылығындағы архетиптік образ бен ұжымдық бейсана философиясы. Филос.ғыл.канд.дисс.-Алматы, 2010.-124б.
3. Хюбнер К. Истина мифа: Пер с нем.-М.: Республика, 1996.-448 с.
4.Абаев Н.В., Аюпов Н.Г. Тенгрианская цивилизация в духовно-культурном и геополитическом пространстве Центральной Азии.-Часть2.-Алматы, 2010.-200с.
5. Акатаев С. Мировоззренческий синкретизм казахов. Автореф.док. филос.наук.- А., 1995.-32 с.
6. Мертенов Э. Феномен цвета в исскустве живописи//Шулембаевские чтения. Материалы международной научно-практической конференции, посвященной 75-летию доктора философских наук, профессора К. Шулембаева, Алматы: КазНПУ им. Абая, 2012.-407 с.
7. Юсупова А.К. Живопись Казахстана 1980-1990-х гг.: пути и поиски.-Астана: Фолиант, 2009.-152 с.

Алдыңғы «
Келесі »