«Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамытудағы музейлердің ролі

  • 23.07.2018
  • 2725 рет оқылды
  • Пікір жоқ

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы музейлер қызметіне де тың серпіліс беруде. Қазіргі таңда елімізде қазақ халқының сан ғасырлық тарихи-мәдени құнды мұраларының қазынасы іспеттес музей қорларына ерекше назар аударылып, музей ісінде инновациялық технологияларды пайдалану жолдары жүзеге асырыла бастады. Жуырда, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің құрылғанына 40 жыл толуына орайластырылып өткізілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамытудағы музейлердің атқаратын ролі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда музей ісін жаңғырту, жас ұрпақты тарихпен тәрбиелеудегі музейлердің ролі, жергілікті өлкетануды дамыту мәселелері, аймақтардағы археологиялық зерттеу жұмыстарының барысы, музей жәдігерлерінің сақталуы, музей ісінде жаңа ақпараттық технологияларды қолдану, музей қорларындағы жәдігерлерге қамқорлық және тағы басқа өзекті мәселелер қозғалды. Осыған орай, ғылыми конференцияға қатысқан музей қызметкерлері мен тарихшылардың, өлкетанушылар мен зерттеушілердің ой-тұжырымдарын ықшамдап назарларыңызға ұсынамыз.

Раушан Қа­па­рова, Жез­қаз­ған тари­хи-ар­хео­логиялық му­зейі­нің директоры: –Хал­қымыздың сан ғасырлық тарихына зер салсақ ата-бабаларымыздан қал­ған қаншама баға жет­пес құнды мұраларының, ұлттық жауһарларының куәсі боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы «Отан – өткенімізді танып, бағалай білу, ең әуелі өзімізді қадірлей білу» деген екен. Шынымен де бүгінгі күні елімізді төрткүл дүние танығанда ұлттық құндылықтарымызды толық қалпында түгендейтін кез келді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамның рухани-мәдени жаңғыруын көздейтін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттық санамызға сілкініс әкелді. Елбасымыз мақаласында: «Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп баса айтып өтті. Шынында да, бүгінгі күні елімізді дүниежүзі түгел танып отырғанда ұлттық құндылықтарымызды толық қалпында түгендейтін кез келді. Елбасымыздың өзі айтқандай халықтың мұрасын болашаққа жеткізу үшін оны бүгінгі ұрпақтың бойы­на сіңірудің маңызы ерекше. Әсіресе, туған жер тарихы, ұлт мәдениеті, халық ауыз әдебиеті, әні мен биі, жыры мен күйі, мәдениеті мен әдебиетінің інжу-маржандарын тереңнен сүзе жинау және оны жастарға ұғындыра ұсыну ең алдымен әрқайсымыздан ұлттық мұраға ерекше жанашырлықты талап етеді. Терең мазмұнға толы бұл мақалада жаһандық үрдістерден қалыс қалмай, бола­шаққа нық қадам жасау үшін, патрио­тизмге, туған жерінің, елінің тарихын сүю­ге, салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында, қандай бағытта жұмыс жасау керектігі баса айтылған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті, Елбасы «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, рухани байлығы, адамдарының бәсекелік қабілетімен де айқындалары анық. Сондықтан, әрбір қазақстандық, қос тізгінді қатар алып жүру арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге: компьютерлік сауаттылыққа, шет тілдерін меңгеруге, мәдени ашықтыққа ие бола алады.
Бүкіл әлемде жаһандандыру үрдісі қарқынды жүргізіліп жатқан бүгінгі таңда Қазақстан музейлерінің ісіне түбегейлі өзгеріс жасап, халықаралық байланыстарын жандандыру қажет екендігін өмірдің өзі талап етіп отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы музей мамандарына таптырмайтын тұсбағар, компас құралы іспеттес. Қазіргі таңда музей жәдігерлері мемлекеттік каталогқа енгізіліп, қорды ұлғайту, сақтау, консервациялау мәселелеріне кірісе бастады. Көптеген музейлердің ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозиция залдары жаңартылуда. Сонымен қатар, инновациялық технологияларды да музей ісіне пайдалану жолдары тиімді жүзеге асып келеді. Расында, біздің дәуір ғылым мен технологияның дәуірі. Ендеше, ұлттық ерекшеліктерді сақтай отырып, жаңаруға қадам басу өте өзекті мәселе. Ол үшін адамға ең алдымен рухани негіз керек. Рухани негіз – ұлттық тамыр, ұлттық кодта жатқан жоқ па?! Елбасы мақаланы қазақ ұлтының рухани баюына, һәм ұлттық тінінен ажырамауына арнап отыр. Ендеше, ұлттық тамырдан ажырамауда елдің тарихы мен өткенін, тұтас шежіресін сақтап отырған музей қызметкерлерінің атқарар жұмыстары орасан зор. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, біздің кім екенімізді, ата-бабамыздың қандай болғандығын, ұлан-байтақ өлкені қалай қорғағанын, бостандықты қалай аңсап, қалай қастер­легенін, кешегі тектілердің ұрпағы екенді­гі­мізді ұғындырып, келешекке жеткізу парызымыз.
Хангелді Әб­жа­нов, ҚазҰАУ «Ру­ха­ни жаңғыру» гуманитарлық зерттеу­лер ор­та­лы­ғының жетек­ші­сі, ҰҒА акаде­мигі: – Елбасымыз Н.Назар­баевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы отандық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың әдіснамалық негізін жаңа биікке көтеруді талап етуде. Мұндағы: «Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ», «Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық», «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек» деген пайым-тұжы­рым­дар кешегі адасуларымыздың себеп-салдарын ашып қана қоймайды, бұдан былайда тарлан тарихымызды зерделеу мен оқытуды, насихаттау мен қоғамдық санаға қондыруды түбегейлі қайта қарауға жетелейді.
Біздің ойымызша, Ұлы далада адам баласы пайда болғаннан беріде тарихи үдеріске тірек болған, салалануын және мазмұнын анықтаған, тарихтың басты субъектісі – адамдардың антропологиясына, нәсілдік тегіне, әлеуметтік-кәсіби жіктелуіне іргетас қалаған, елдің шаруашылығын, әлемдік аралас-құраластағы орны мен мәртебесін, т.б. мәнді нышандарын бекемдеген, ерекшелеген үш дің бар. Олар – жер, тіл, мемлекет. Қай дәуірдегі тарихымызды зерделесек те, бұлар өзгермейтін және әмбебап субстрат биігінде қала береді.
Адамды адам қылған жер, жерді гүлдендіретін де, қу тақырға айналдыратын да адам. Адам пайда болумен бас­талған тарихымыздың сахнасы – жер. Адам – жер басып жүргенде ғана адам. Ұлы географиялық жаңалықтар, мұхиттан мұхитқа, құрлықтан құрлыққа өту, ғарышты игеру, теңіздің табанын ақтару, шахталарда кен қазу – бәрі жер бетіндегі тіршілік қамы. Бабаларымыз жердің қасиеті мен құдіретіне табынғаны әлемдік және отандық жазба деректерде тұнып тұр. Күлтегін тасына мына жолдар жазылған екен: «Мәңгі тас тоқыттым. Бұл киелі жер еді. Қазір де киелі жер. Осындай киелі жерге мәңгі тас тоқыттым, жаздырдым. Бұны көріңдер, осылайша біліңдер». Ал осыдан жүздеген жыл өткеннен кейін, 1926 жылы Қызылорда мен Ташкент қалаларында алаш азаматы Телжан Шонановтың «Қазақ жері мәселесінің тарихы» монографиясы жарияланады. Мұнда жер отырықшы халықтың да, көшпелі халықтың да тағдырын анықтаушы негіз екені кешенді дәйектелген. Автор «Қазақ жердің қадірін біле ме?» деген сұраққа былайша жауап берген: «Қазақ жердің қадірін аса жақсы біледі. Оны тарихи тұрмыстың тоқпағы үйреткен. Жер шаруаға қандай әсер беретінін, қандай жерде қандай шаруашылық қылуға керектігін шаруа әдемі түсінеді. «Жер – анасы, мал – баласы», «Жері байдың – елі бай» дейді ел. Халық ақынның аузымен: «Жайықтың бойы жайлы қиян, Маңғыстаудың бойы шаңды қиян» дейді. «Көк Есілден кеткен соң, жылқының қонысы табылмас» дейді. «Ащының бойы айтақыр, алалы жылқы жусап тұр», «Қалдығайты, Былдырты, жер өрнегін қарасаң, көдесінің түбі сайын бір жылқы» дейді. Бұл – жердің шаруаға жайлылығы туралы қазақтың көзқарасы. Жерсіз жарық тұрмыстың жоқтығын қазақ жақсы біледі. Жерден айырыларда қазақтың қабырғасы қайысып, омыртқасы майысады. Жалғызынан айырылғандай жермен қоштасады. Ботадай боздап өлең айтады. Қазақтың бір себептермен шаруаға тәуір қоныстан айырылғанда айтқан өлеңдері – өлікті жоқтаған жылаулармен бірдей».
Томирис заманынан қазақтың жермен қоштасып жылағанының арасын 25 ғасыр, яғни 2,5 мың жыл бөліп тұр. Бірақ, түр­кілердің жерді қастерлеуі қазақ әлемінде де сол биіктен еш түскен емес. Адам жерден қуат алады, адамды табиғаттың бірде-бір өкілі шықпаған биікке көтерген, әлі де көтеріп тұрған күш – жер. Ол масылдардың мекені емес. Ізденіс пен еңбектің бастау көзі. Қарыс-сүйем жер үшін аз қан төгілген жоқ. Қазіргі кез келген мемлекеттің конс­титуциясы жердің мәртебесін азаттықтан бір мысқал төмен түсірмейді. Қысқасынан қайырсақ, жер тарихы, ғылым тіліне көшіргенде – геотарих қазақ тарихының іргелі бағытына, маңызды теориялық-методологиялық тұжырымына айналуы қажет. Елбасының сөзімен айтсақ, туған жер – «бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық қодының негізі».
Адамның адамдық белгісі мен жасам­паздық қарымының коды – тіл. Аумақтық бірлік пен тілдік біртектілік негізінде қазақ этносы, түркі мемлекеті, барша әлемі қалыптасты. Демек, адам адам болғаннан бергі баға жетпес табыс, ең құдіретті қаруы – сөз. Онсыз жануарлар дүниесінен бөлініп шыға алмас еді. Тіл мен сөзді дүниеге әкелген адам тап сол тіл мен сөздің үздіксіз артқан интеллектуалды-инновациялық әлеуеті арқасында кемелденді, тарихтың объектісінен субъектісіне айналды. Тарихи география мен ономастика, терминология мен фразеология, тіпті, ғылым атаулының бәрі халықтың, жердің, тілдің байланысын анықтауға үлес қоса алады. Ең маңыздысы – тілдік және аумақтық бірегейлік пен біртектілікті ғылыми тиянақтау, методологиялық басшылыққа алу түркі халықтарының этногенезін дұрыс ашуға, қоршаған ортаны игеруде, төл тарихымызды түзуде басқаның емес, өз қандастарымыздың сүбелі үлесін әділінен баяндауға асыл арна салады. Әде­биет пен өнерде молынан кездесетін жер­ге шексіз сүйіспеншілік пен махаббат жайлы шығармалар адам, аумақ, тіл байланыстары сананы, танымды, сезімді билеп алғандықтан дүниеге келген.
Қазақ әлемі мен түркі дүниесінде жаңа тіл пайда болатын заман енді келмейді. Өткенге салауат айтайық. Бұдан былайда көпұлтты, көптілді, көпдінді сипаттағы барша әлемге де, нақты мемлекетке де, егер, болашақтан үміті үзілмесе, бейбітшілікті соғыстан, татулықты дүрдараздықтан, қауіпсіздікті тұрақсыздықтан, ақылды ашудан жоғары ұстаған саясат пен идеология керек-ақ. Елбасымыз атап айтқандай, «мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек». Түйіп айтар болсақ, әрісі ортақ түркі тарихының, берісі Қазақстан тарихының кеңістігі мен ортасын, мазмұны мен ерекшеліктерін айқындаған тұғырлы факторларға аумақты, тілді, мемлекетті жатқызатын методологиялық пайым байтақ зерттеу объектісі мен пәніне бағыт-бағдар беріп, барлық тарихи шығармаларда басынан аяғына дейін басымдықпен алға шығуы керек. Кеше де, бүгін де, ертең де осының бәрінің берекесі алдымен елішілік ахуал екені, әсіресе тұрақтылық пен бірлікке келіп тірелетіні бірінші сыныптағы әліппеге де, күнде көрсетілетін жарнамаға да дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомадай енуі қажет.
Абат Үржанов, Ө.Байқоңыров атын­­­дағы Жез­қаз­ған универ­ситетінің оқы­ту­шысы, тарих ғы­лы­мының кандидаты: – Қоғамда тарихи сана дұрыс қа­лыптаспаса, ұлт­тық сананың жаңғыруы да екіталай болмақ. Ұлттық сананың негізі тарихи санада жатыр. Оны жүзеге асырудың бас­ты құралы – өзіміздің төл тарихымызды, мәдениетімізді жете білуімізде. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында: «төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады» деп, баса көрсетуі мемлекеттік тұрғыдан мәселенің қаншалықты маңызды екендігін аша түскендей.
Бүгінгі жаһандану жағдайындағы жүріп жатқан рухани майданда тарих ғылымына аса зор жауапкершілік жүк­телуде. Тарихпен тәрбиелеу күн тәр­тібіне өткір қойылып отыр. Оның басты себептеріне өскелең ұрпақта патриоттық сезімнің жеткіліксіздігі, өзінің шыққан тегін дұрыс білмеуі, Отан деген қасиетті ұғымды жете түсінбеуі, мәдени-тарихи мұраларды сақтау мен дамытуға нем­құрайдылық, жаһандану жағдайында шет елдердің мәдени құндылықтарына әуестенушілік, отбасылық, ұжымдық дәстүрлерге үрке қараушылығы, тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдегі алатын орнын жете түсінбеуі сияқты факторлар жатады. Тарих арқылы жеке тұлғадан бастап, бүкіл адамзат тәрбиеленеді. Тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды, әр дәуірдің өзіне тән игіліктері болады. Адамдар тарихтан ата-бабаларымыздың бастан өткерген қиындықтарынан сабақ алып, қол жеткен жетістіктерін мақтан тұтып, басқалармен салыстырады. Тарих ғылымы алдыңғы ұрпақтың өмір салты, тұрмысын нақты деректер арқылы үйрете отырып, тарихи дамудың заңдылықтарын сіздің көз алдыңызға алып келіп, бағыт сілтейді. Сондықтан, Елбасының: «мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» – деп, атап көрсетуі тарихтан сабақ алудың қанша­лықты маңызды екендігін меңзейді.
Бүгінгі таңда ұлттық сана-сезімнің оянуы тұлғаның азаматтығы мен отан­сүйгіштігіне деген әлеуметтік тапсырысты өмірге алып келіп отыр. Сондықтан да, «Рухани жаңғыру» бағдарламасында атап көрсетілген «патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деген тұжырым тарихшыларға аса зор жауапты міндеттер жүктеп отыр. «Отан отбасынан басталады» дегендей, «патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен аулыңа, қала мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады». Жастардың туған елге деген патриоттық сезімін ояту тарих ғылымының парызы. Өткен тарихты білмей, болашақты бағдарлай алмайсың.
Тарихты бұрмалау, оны жоюға ұмты­лушылық – тарихи жадыңнан айы­рылу, ал, ол дегеніңіз ұлт болудан айы­рылу деген сөз. Тарихтан белгілі, тіпті, әріге бармай-ақ, кешегі Кеңес дәуірінде тарихи санадан айырылған ұлттар тарих сахнасынан біржола кетіп тынған болса, бізде соның алдында тұрған едік. Өйткені, ұлтты жоюдың ежелден қалыптасқан тиімді құралы – тарихи сананы жою болып табылған. Тарихи санадан айырылған ұлттың санасы төмен болғандықтан құлдық психология басымдық танытып, жігерсіздікке, өзін төмен қор санап, басқаның мәдениетінің бәрі озық саналып, бодандыққа түскенін аңғара алмай қалады. Қазақ халқының «жеті атасын білмеген жетесіз» деген тұжы­рымының мәні өзінің тегін білмейтін адамнан ақыл сұраудың қажеті жоқ дегенді білдіреді. Сондықтан, дана халқымыз өз ұрпақтарына арғы тегін таныта отырып, олардың арасынан шыққан батырларды, данышпандарды, жалғасын тапқан салт-дәстүрлерді жадына сіңіре отырып, жаман қылықтардан сақтандырды. Жасампаздыққа тәрбиелеп, жігерлендіріп отырды. Егер, біреу жас ұрпақты «әке-ше­шең тексіз еді, соларға тартыпсың, сенен ештеңе шықпайды» деп тұқыртып тастаса, өскелең ұрпақ ойланып, болашаққа күмәнмен қарайды. Кеше европалықтардың кейбір «ғалымсымақтары» көшпенділерге «жабайы» деп айдар тағып, өркениетке қосқан еш үлесі жоқ деп баға берген кезде, көбіміз соған имандай ұйып, олардың аузына қарап, құлшылық етіп, жадымыздан айрылсақ, бүгінде арман болған тәуелсіздікке қол жеткізіп, соның жемісін көріп отырсақ та, тарихтан тысқары қалған жастарымыздың сол құлдықтан әлі шыға алмай, біреулердің қолжаулығына айналып, жетегінде жүрген жайы бар. Олай болса, бар кінә өз тарихымызды жете білмеуімізде жатыр. Сондықтан, мемлекетіміздің бүгінгі ұстанымы тарихымызды, мәдени мол мұрамызды өз игілігімізге ғана жаратып қоймай, «әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек». Бүгінде кейбір замандас­тарымыз аға ұрпақтың қол жеткізген табыстары мен ерліктерін жоққа шығаруға тырысуда. Оның басты себебі, «…жат идеологиялардың әсерінен» екендігін ескере отырып, «олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстай» отырып, оларға «өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз». Сондықтан, тарлан тарихқа көз салсақ, сіздің мансұқ етіп отырғаныңыз, сіз бен біздің ата-бабаларымыз болып шығады. Олай болса, өткенге тас лақтырғанымыз, өз ата-бабаларымызға тас лақтырғанымыз. Атам қазақтың «әке тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген сөзінің мәніне үңілсек, алдымен тарих сөйлесін деп тұрғандай. Тарих болса, адамзат өркениетінің істеген жақсылығының да, жамандығының да куәсі.Тарихтың ақ-қарасын ашатын тарихшы ғана. Ұлтымыз үшін қирататын, күйрететін тарих емес, жасампаз тарих қажет. Жасампаз тарихтың арқасында ғана Ұлы дала біздің еншімізге тиіп отыр.
Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап-ақ жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелеу басты назарда болып келе жа­тыр. Өйткені, тәуелсіздікті дамытып, нығайтатын жастар болғандықтан, өткеннің тарихи сабақтарын зерделемей жасампаздық істерге қол жеткізуі мүмкін емес. Сондықтан да, мемлекетіміэ жастарды тарихпен тәрбиелеуге басым бағыт беруде. 2004 жылы «Мәдени мұра», 2013 жылы «Халық тарих толқынында» бағдарламалары қабылданып, тарихи санамызды жаңғыртып, әлемдік өркениеттегі алатын орнымызды айқындап, болашаққа деген сенімімізді нығайтты. Өткен ғасыр­лардан жеткен орасан зор мәдени-тарихи мұраны сақтап, оны жинақтап келешек ұрпақтың игілігіне айналдыру міндеті қойылды. Еліміздің аумағындағы мыңдаған тарихи мәдени нысандар мемлекеттің қорғауына алынды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы екі мыңнан астам шара ұйымдастырылып, 85 миллиард теңге бөлініпті. «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 735 мәдени ескерткіш қалпына келтіріліп, 134 археологиялық және этнографиялық экспедиция ұйымдастырылып, ішкі туризмді дамыту үшін тарихи-мәдени мекендерге 150 турбағыттар іске қосылған. Елімізде киелі жерлер бойынша этномәдени экспедициялар ұйымдастырылуда. Киелі жерлер туралы кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді. Республикалық музей-қорықтарды құру жұмыстары бас­талды.Бұл жобалар бірегей мәдени ескерткіштерді сақтап қалуға, туристер тартуға мүмкіндік беріп, ғылыми-зерттеу, археологиялық, ағартушылық және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. ВВС-дің атсалысуымен «Күлтегін. Жаңа көзқарас» атты деректі тарихи фильм, «Көшпелілер жері» фильмі түсірілді. Бүгінде тарихи сананы жаңғырту жолында қолға алынып, жүзеге асып жатқан іс-шаралар келер ұрпақтардың тарлан тарихтан үлгі тұтатын құндылықтары болып қалмақ.
Рабиға Егешо­ва, Жез­қазған қаласының та­ри­хи-архео­ло­гиялық музейі экс­­­курсия-бұ­қа­ралық бөлімінің мең­­­герушісі: – Қазақ халқының ба­­сынан өт­кер­ген қи­сапсыз зобалаң-нәубеттерді еске алсақ, ұлтымыздың тарих сахнасында сақталып қалғандығына таңғажайып құбылыс ретінде қарауға мәжбүрміз. Қазан төңкерісі арқасында ғана көсегеміз көгерді дейтіндер арамызда әлі де жетерлік. Сон­дайлардың 1920-шы жылдардың соңын­дағы «Алашорда» қайраткерлерін қудалауды, 30-шы жылдардың басындағы халқымыздың тең жартысын жойған қолдан ұйымдастырылған аштықты, 1937-1938 жж. ұлтымыздың ұйытқысы болған тұлғаларды жойқын жазалауды естеріне алмайтындықтарына таңданасың, назаланасың, әрі өкінесің. Қаламыздың тарихи-археологиялық мұражайы қорында бұрынғы Жезқазған облысы аумағының едәуір бөлігін қамтыған «Қарлаг», «Степ­лаг» лагерьлеріне қатысты жинақталған біршама мәліметтер бар. Мәселен, «Қар­лагтың» атақты бөлімшесі «Алжир» – 1937 жылы ашылған №17 лагерь бөлімшесінің лақап аты. Оған Кеңес империясының түкпір-түкпірінен «халық жауы» атанған қайраткер тұлғалардың тұтқындалған әйелдері және туыстары топтастырылған. «Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері» деген ұғымды білдіреді. Ашылғанда 3 мыңдай әйел отырса, 1942 жылы ондағы тұтқындар саны 21 мыңға жеткен.
«Ақмола-Қарағанды арасында,
Қой бағам Батық, Жарық даласында.
Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,
Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды…»
Бұл Қазкрайкомда екінші хатшы болған, кейін Мәскеуде аса лауазымды қызмет атқарып жүргенде ұсталған Сұлтанбек Қо­жановтың зайыбы Күләндәм анамыздың «Алжирде» жүргенде шығарған өлеңі. Осы деректен-ақ «Алжирдің» аумағы қуғын-сүргін машинасының қарқынымен үндесе ұлғайып, жезқазғандықтардың бәріне белгілі «Батық», «Жарық» сияқты елді мекендерді де қамтығанын байқаймыз. Мысалы, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Бейімбет Майлиннің әйелі Күнжамал кешегі «Батық» кеңшарының Жаңаарқа жақ бетіндегі «Купка» деген төбешікте 8 жыл бір отар қойды баққан. Аса ірі мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың жары Әзиза осы Күләндәм мен Күнжамал азапты өмір кешкен аймақта мал дәрігері қызметін атқарған. Екі жасқа толмаған емшектегі сәбиі өзімен бірге болған. Халық жауы атанған қайраткер ағаларымыздың әйелдерін балаларынан тірідей айырды. Оларға «НКВД» балалары деп ат таңылып, балалар үйлеріне тапсырылды. Емшектегі сәбилер ғана аналары отырған лагерьлерде болды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі ке­зең­де «Алжир» тұтқындары жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Темір тор ішінде тотыдай тұншыққан апаларымыздың ара­сында қазақ қыздары арасынан дәрігер мамандығы бойынша тұңғыш жоғары білім алған Мағрипа Қазыбекова мен Дәмеш Ермекова-Жүргенова бар. Мағрипа Қазыбекованың жары Смағұл Қазыбеков Ұлытау өңірінен алғаш жоғарғы білім алған қазақтардың бірі. Әуелі Омбыда орта білім алып, кейін­нен Москвадағы Тимирязев атындағы ауыл шаруашылық академиясын бітірген. Америкада іс-сапарда болып, тәжірибе жинақтаған ғалым азамат. «Алашорда» көсемдерімен бір көзқараста, достық қатынаста болған. Мағ­жан Жұмабаевтың жолдасы, Мағжан оған өлең де арнаған.
Орайы келіп отырғанда, «Алжир» тозағынан өткен асыл қыздарымыздың бір тобының есімдерін атап өтейік, олар: Рәзия Меңдешева, Сағадат Тәштитова, Шәкітай Тәтімова, Мариям Тоғжанова, Гүлбахрам Сейфуллина, Рабиғаханым Асфандиярова, Мариям Есқараева, Майнұр Сармолдаева, Айша Қабылова, Баршын Кәлменова, Шаһзада Баймағамбетова, Айыш Құлым­бетова, Бибіжамал Сырғабекова, Хадина Мусина, Мәдина Оразова, Лиза Сәдуақасова, Мағрипа Рүстемова, Зүпнұп Нұрмақова, Фатима Диваева, Мағрипа Осжанова, Мариям Есенгелдина, Жанбике Шанина, Сұлухан Бағзыбаева, Сақыпжамал Назарова, Әрипа Атауылова, Зағипа Тыналина, Уазипа Күленова, Самал Текежанова, Шүкіре Сүлейменова, т.б. «Алжирде» көптеген ұлттың әйелдері отырды. «Басқа түссе, баспақшыл» дегендей бірігіп барақ салды, мал бағып, қамыс орды. Жер өндеп, бау-бақша екті. Сиыр сауып, киім тікті. Бір нүктеде енесі, шешесі, келіні, қызы қатар отырғандар да болды. Каторганың төбе құйқаңды шымырлатар тірлігін бірге көрді. Асыл аналардың есімдері тарихта ешқашанда өшпей, ұрпақтар санасында мәңгі сақталуға тиіс.
Жамаладин Ибра­­гимов, Л.Гу­милев атын­дағы Еуразия ұлт­тық уни­вер­ситеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конс­­ти­туциялық құқық кафедра­сы­ның меңгерушісі, заң ғылымының док­то­ры, профессор: – Рухани жаңғыру бар­лық азаматтардың тарихи санасын жаңғыртудың ең үлкен қадамдарының бірі болып табылады. Осы бағдарламалық мақала аясында жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізілуі өт өзекті. Әсі­ресе ел тарихы, жер тарихы, оған қатысты тың деректер болашақ жас зерттеушілердің одан әрі ғылыми қызығушылығын тудырады. Біз кейде, тарих дегенді ата-бабаларымызды тек дәріптеу деп, шолақ қайырып, таяз түсінеміз. Шежірені – адам атауларының тізбелері ретінде қарастыратындар да баршылық. Баба-тарих сан жылдар бойы дәріптеуге зәру болғаны рас, бірақ ел өмірінің өткені тарих пен тағылымнан тұратынын есте ұстағанымыз абзал. Шежіре тарихи оқиғалардың көрі­ністерін алдымызға тартып, талдауын кейінгі ұрпаққа аманаттайтын тұсы барын да ескеруіміз керек. Мұны ескермегендер қазақта тарих болмаған деп қысқа қайырғаны әлгі астарды ұқпағандықтан туындаған. Сол себепті, ақын-жыраулар шығармаларында эпикалық сипаттамаға еліктеп оқиға желісін тым қиырға салып жіберетіні де кезігеді. Қазақ пен жоңғар-қалмақтар арасындағы соғыс кезеңінің үстірт қарастырылып жүргені де рас. Қазақ пен жоңғар, қалмақ соғысы көшпелі екі халықтың арасындағы жайылымға таласқан қайшылықтар болғанымен сол кезеңдегі халық тағдырына ауыртпалық салғанын білеміз. Елге, жерге деген қауіп төнетін болғандықтан Арқа өңірінің халқы бұл шайқастарға өз үлесін қосты. Сондықтан, жергілікті ер-азаматтардың Ұлытау өңірінде өткен Бұланты шайқасында көрсеткен ерліктері әлі де терең зерделеуді қажет етеді. Отан соғысына пара-пар болған оқиғаға нақты пайымдар жасалмауы әлдекімдердің айтып қалған сөзін желеу етіп әркімнің өзіндік топшылау жасауына мұрындық болып келеді. Сондай батырдың бірі – Бадана, Жәлмен батырлар. Олардың кезеңін тым шырқатып, 1600 жылдардағы қалмақ пен арада болған қақтығыстарға теліп келгеніміз анық. Нақтысы бұл Бұланты шайқасы өткен тұстағы оқиғаларға, сол тұстағы батырлар шоғырын көтерген шолғыншылық, барлаушылық қосын басшыларының өсіп жетілуін қамтамасыз еткен оқиға болатын. Не нәрсе де тәжірибеде шыңдалып, кіші­гірім шайқастардағы батылдықтан бас­тау аларын есте тұтқанымыз жөн болмақ.
Жұртшылық қанды шайқас, яки, соның алдындағы жекпе-жек сынағынан өт­кендерді ғана батыр санауға дағдыланып алғаны белгілі. Ол заңдылық екенін де жоққа шығармаймыз. Өйткені, «Батырлар жыры» кейіпкерлеріне айналған Алпамыс батыр, Қобыланды, Ертарғын, т.б. халық қаһармандарының келбеті көкейі­мізге қонып алды. Ол солай болуға тиіс. Дегенмен, халықты жалғыз адам басқаруы, болмаса, жаудан қорғап тұруы шын­дықтан алшақтатып жіберер еді. Сондықтан, олардың соңына ерген батырлар шоғыры халық деген үлкен ұғымды құрайтынын санамызбен түйсіну парызымыз. Ендеше, батырлардың төңірегіндегі халық өкілі, батырлар маңынан табыла алатын аңыз бабалар келбеті жастар жүрегіне орнықпайынша, елдік сезімнің туы биіктеуі екіталай. Шежіредегі сыр осыны аңғартады. Әр рудың басшысы ұйытқы болып, батыры мадақталып, би-шешені елге өнеге айтып, ақын-әншісі мадақ жырын төгілтуі – тұтас халық бейнесін қалыптастырмақ. Міне, сол үшін де, жастарға батыр бабаларымыз жайлы мағлұмат бере отырып, елдің тарихын қалыптастыра алмақпыз. Мәселен, ұлттық тарихымыз оқиғалар мен құбылыстардан тізбектеліп құрала келе, халықтың басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдер, нәубеттерден сабақ алуға негізделеді. Сондықтанда, өз өлкеміздің дәстүрін, таби­ғатын, шаруашылығын, экологиялық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық және мәдени жаңаруы мен дамуы мәселелерін терең білуге дағдылану қажет.
Қазіргі таңда тарихты ізгілендіруге, оған мәдениеттанушылық және әлеуметтік баға беруге, сонымен бірге, жергілікті жерлерге қатысты зерттеулерге көңіл бөлінуде. Ең қуантарлығы, кәсіби тарихшылардан бөлек, қарапайым азаматтарымыздың да тарихқа деген қызығушылықтары арта түсті. Рухани жаңғыру аясындағы тарихи деректерде көрсетілген әр өлкенің тарихи тұлғалары арқылы туған елдің, туған жердің тарихы тұтастана түседі. Ендігі міндет – осы жазылған деректерді жас ғалымдардың, жас зерттеушілердің одан әрі жетілдіріп зерделеуі.
Қабдол Әуезов, Жезқазған тарихи-археологиялық му­зейі Тарих және археология бө­лі­мінің басшысы: – Ғасырлар бойы аңсаған тәуел­сіз­дікке қолымыз же­тіп, өз еліміздің тарихына сын көзбен қарай бастадық. Кім-кімге болса-дағы кіндік қаны тамып, шыр етіп дүниеге келген жері ыстық сезілетіні анық. XX ғасырдың басында отарлық езгіге қарсы қаруды қаламға айырбастап, рухани күрес жолына түскен Алашорда қайраткерлері ұлттың санасын ояту үшін білім мен ғылымды халыққа игертудің жолдарын іздеді. Міне, осы тұста қазақ зиялыларының барлығы өз кіндік қаны тамған жерлерінің тарихын зерттей бастады. Бұл жұрт тарихына, өлкетану жұмысына жасалған алғашқы ізденіс еді. 1921 жылдың 7 ақпанында Қазақ АКСР Халық ағарту комиссариаты тарихи, мәдени ескерткіштерді қорғау туралы қаулы қабылдады. Онда Халық ағарту комиссариатының ғылыми бөлімінің рұхсатынсыз өлкедегі тарихи қорғандар мен ескерткіш орындарына өздігінен зерттеу жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды.1930 жылы сәуірде Өлкетану Бюросының жетекшісі қызметін атқарған С.Аспандияровтың басшылығымен алғаш рет бүкіл қазақ өлкетанушылар съезі шақырылды. Оның жұмысына ірі ғалымдармен қоса 238 делегат қатынасты. Шақырылған жиында, жоғары оқу орындарының студенттерін және мектеп оқушыларын тәрбиелеу барысында өлкетану ісін жандандыруға көңіл бөлініп, шешімдер шығарады. Әр жеке тұлғаның, өз өлкесін, табиғатын, өндіргіш күштерін, тарихын, климатын, өсімдіктер әлемін білу, оны ғылыми тұрғыда еліміздің тарихын дамытуға пайдалана білу аса қажетті белгі болып табылатындықтан, жоғары оқу орындарында өлкетану жұмыстарын жан-жақты жандандырып, үйірмелер ашуды көздеген. Міне, осылай ұлт зиялыларына халқымыздың қазынасын жүйелі түрде зерттеуіне мүмкіндік жасалды.
Егемендікке қол жеткізген уақыттан бастап туған өлкеге, туған жердің тарихын оқытуға ерекше назар аударылып, бұл мәселе мемлекеттің стратегиялық бағыттарының негізіне айналды. Бүгінгі таңда Қазақстан тарихы ғылымы жаңа сапалық сатыға бет түзеді.Білім беру жүйесіндегі өзгерістер қазақ тарихы мен өлкетану пәндерін оқытудың ғылыми және әдістемелік деңгейін көтеруді талап етеді. Біздің қоғамда гуманитарлық ғылымдардың жүйесі айтарлықтай жетістіктерге жеткенімен де, рухани май­данда қауқарсыздыққа бой алдырып, қоғамның ішкі сұранысын қанағаттандыра алмай отырғаны шындық. Сондықтан, мына мәселелерге басымдылық берген дұрыс.
Біріншіден, қазақтың толыққанды ұлт, яғни, оның өзіндік «Мен» дегізерлік қасиеттерін сақтау мүмкіндіктерінің бар екенін фактілермен дәлелдей отырып оқыту – парыз. Отаршылдықтың ауыр зардаптарына қарамастан, аса тегеурінді этномәдени сананың сақталуының қайнар көзінің бірі дәстүрлі өмір салтының тарихи маңызы терең талданып, оқу барысында берілуі қажет.
Екінші, тарихпен қатар өріліп келе жатқан дәстүрлі құқықтың ел билеудегі, мемлекет пен қоғам үшін атқарар қызметінің ұлт болып ұйысуындағы ролін нақты мысалдармен оқыту білім берудің ұлттық үлгісінің негізіне айналуы шарт.Ерлік пен ездік, соғыс пен бейбітшілік, құлдық пен тәуелсіздік жайында жазылған тарихи деректерде ұрпақ үшін ұлтымыздың болашағына қажетті тағылым жеткілікті, яғни ұстаз осының мәнін терең талдап оқытқаны дұрыс.
Үшіншіден, қазақтың жеті атаға дейін қыз беріп, қыз алуға тыйым салғандығы ұлттық сананы шыңдаудың дара жолы екенін, автохтонды халықтың тіл, жад, санасы жаңарып сақталып отыратынын ашық әрі қарапайым түрде дәлелмен ұғындырып, сол дәстүрдің бүгінгі жаһандану заманында қазақ жастары үшін, ұлтымыздың болашағы үшін құндылығы зор екенін түсіндіріп, оқыту қажет.
Осы орайда, белгілі бір жердің, қала­ның, елді мекеннің тарихын оқып білуде өлкетанудың мән-маңызы ерекше екені белгілі. Мұндай жұмыспен негізінен жергілікті тұрғындар айналысады. Соның ішінде мектептегі өлкетану пәні білім беру мен тәрбиелеуді өмірмен байланыстыратын маңызды құрал болып табылады. Өз өлкесінің бұрынғы және қазіргі өмірін білу, өлкенің жаңаруына тікелей атсалысуымыз үшін қажет, өйткені, туған өлке – шегі жоқ әлемнің бір бөлігі. Өлкетану отансүйгіштік сезімді – Отанға деген терең махаббатты тудырады. Мектептегі өлкетану жалпы өлкетанудың бір бағыты болғандықтан, оқушының адамгершілік, интеллектуалдық, эстетикалық, еңбек­сүйгіштік, тұлғалық дамуының маңызды факторы болып табылады. Туған өлкенің өткенімен, қазіргі кезімен және жорамалды болашағымен, табиғи, экономикалық, тарихи, мәдени және басқа да ерекшеліктерімен танысу оқушының дүниетанымын қалып­тастыруға жағдай жасайды.
Түйіндей айтсақ, болашақ жастар өзі өмір сүріп отырған мемлекеттің өткені мен келешегін, оның алдында тұрған жоспарларды жақсы білуі қажет. Оқушы өз елінің басынан кешкен қиындықтарымен танысып қана қоймай, сондай қиындықтан елін, халқын алып шығуға белсене қатысып, оған өзінің үлесін қосатындай болып тәрбиеленуі тиіс. Ол үшін өлкетану пәні қосымша емес, негізгі әрі міндетті пән ретінде енгізілуі қажет. Оны оқу мен тәрбие кешенінің барлық сатыларында жүйелі түрде пайдалансақ дұрыс болар еді.
Асыл Ихашова, Балқаш қалалық-тари­хи өлкетану музейінің бас қор сақ­таушысы: – Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деп, мемлекетіміздің ұзақ жылдардағы стратегиялық дамуының негізгі бағыттарын айқындап берді. Және бұл стратегиялық құжаттың еліміз тек рухани дамуының басымдық бағыттарын айқындауға арналуы оның құндылықтық қуатын ерекше айқындайды.
Қазіргі таңда осы стратегиялық құжат­тан туындайтын мақсаттар мен міндеттер айқындалып, оларды іске асыру әрекеттері басталып кетті. Олардың ішіндегі ең маңыздысы ел тарихын отансүйгіштік тәрбиенің негізіне айналдыруға бағыт­талған «Туған жер» бағдарламасының қабылдануы еді. Осы бағдарламаның маңызды бір саласы ретінде жалпыұлттық, аймақтық деңгейлерде қасиетті жерлердің географиялық картасын жасау қолға алынды. Осы мақсаттағы жұмыстар біздің тарихы терең Солтүстік Балқаш өңірі бойынша да қолға алынып, өңіріміздің тарихы ерекше мекендері мен ескерткіштерінің картасы жасалды. Картаға географиялық тұрғыдан Солтүстік Балқаш өңіріне енетін – шығысы Аягөз өзені, батысы Мойынты өзені, оңтүстік-солтүстік бағыттағы ендігі 200 шақырымдай қашықтықты қамтитын аумақта орналасқан ескерткіштер, тарихи жерлер енгізілді. Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейінде Солтүстік Балқаш өңірінде орын тепкен қасиетті орындардың тізімі дайындалды. Тізім басында, әрине, табиғат шеберлігінің құдіреті ретінде Жер шарының ешбір бөлігінде қайталанбайтын, Қазақстанның Балқаш-Алакөл ойпатында орналасқан, әлемде көлемі жағынан 13-ші, кеуіп қалмайтын көлдер арасында 2-ші орын алатын, суы жартылай тұщы, әрі ащы ірі жабық су бассейні – Балқаш көлі тұр. Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 60 шақырым жерде, ұсақ шоқылы-белесті жазықта орналасқан, екі табиғи-географиялық орта – Арқа мен Бетпақдаланы тоғыстырған, алуан таңғажайып тас бейнелерге толы Бектауата тауы; Қазақ ұлттық мәдениетінің тұмса бұлағы, қола дәуірінің соңғы кезеңі – б.з.б. ХІІ-ІХ ғасырларда Орталық Қазақстанда қоныстанған тайпалар мәдениетінің ұлы ескерткіші – Беғазы некрополі; Қола және ерте темір ғасырларында осы аймақты мекендеген тайпалар қоғамындағы әлеуметтік орны жоғары болған Тасарал аралы және басқа көптеген қасиетті нысандар бар.
Әрбір өлкенің қасиетті жерлерін осы өңірде туып-өскен барша азамат білуге тиісті. Туған жердің текті тарихынан су­сындап өскен ұрпақ қана ел қамына жарар азамат болып өсетіні белгілі екенін естен шығармауымыз керек. Елбасының өзі бас болып бастаған «Туған жер» бағдарламасының басты мақсаты да сол – халқымыздың мыңдаған жылдар беле­сінде жинақтаған тарихи жетістіктері мен мәдени байлығын тәуелсіздігіміздің рухани азығына айналдыру.
Жұмакүл Абсеметова, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық музейінің аға ғылыми қыз­меткері: – Қандай да болмасын қоғам өз тарихынан сабақ алмаса оның алға дамуы мүмкін емес. Сондықтан, «тарих үйретеді», «тарих сабақ береді» деген сөз тіркестерінің пайда болуы бекер емес. Әр елдің өз тарихы бар. Алайда, сол тарихи даму үрдісі белгілі тарихи оқиғаларға байланысты өзгеріп отыруы да мүмкін. Осындай, тарихи оқиғалар үрдісі қазақ халқының да тағдырын өзгертіп, белгілі бір арналарға бұрып жібер­гені тарихтан белгілі. Сондай, тарихи оқиғалардың туындауының себептері неде? Сол оқиғалар халық тарихында қандай әсер қалдырды? Ол оқиғалардың салдары қандай болды? Міне, осындай сұрақтарға жауап іздеп, болған тарихи оқиғаларға баға беріп, сабақ алып отыру қажет. Бұл халық тағдыры үшін болашақта сондай жағдайдың қайталанбауы үшін сабақ болу керек. Тарих және мәдениет екеуі бір-бірімен байланысты процестер. Жоғарыда айтқандай тарихи оқиғалар тарих дөңгелегін өзгерткенімен, мәдениет сол күйінде қалады. Мәдениет – сол халықтың жады. Біз сол жадымыздан нәр алмасақ, болашаққа нық қадам жасап, жетістіктерге қол жеткізу мүмкін болмайды. Сол нәр алатын тарихымыз бізге несімен жетіп отыр деген сұрақ туындауы мүмкін. Олар, әрине, рухани мәдениетімізден жеткен құндылықтар мен материалдық мәдениетіміздің бізге жеткен ескерткіштері. Осылар жастар санасынан терең орын алып, оларда Отанға, елге деген сүйіспеншілік тәрбиеленсе ғана мәдениетіміз өз ролін орындап шығады. Алайда тарихымыз көрсетіп отырғандай, елге, жерге сүйіспеншілік тәрбиеленбесе оның салдары өте қиын жағдайға апарады.
Ұлттық, отансүйгіштік сананы қалай тәрбиелеу керек? Әрине, бұл оңай нәрсе емес. Ол бір күнде жүзеге аспайды. Сондықтан, тәрбие жұмысы отбасын­да, балабақшада, мектепте үздіксіз жүзеге асырылуға тиіс. Оған қосымша әртүрлі тәрбиелік мәні бар әдебиеттер, кино шығарылымдар да өз үлесін қосады. Адам санасына тәрбие мысқалдап, яғни біртіндеп кіреді. Сонымен қатар, тәрбие жұмысында тарихтың алатын орны ерекше деп айтуға болады. Тек тарих арқылы қоғамдық сананы қалыптастыруға болады. Елбасы Н.Назарбаев: «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды» деп атап көрсетті. Осыған байланысты сол тамырдан нәр беретін, адастыруға жол бермей ұстап тұратын, адам санасында тарихи сананы қалыптастыратын – тарихи білім деп білеміз. Жасөспірім буын балабақша, мектеп қабырғасында тарихи білім алуды бастайды. Алайда теориялық білім тәжірибемен ұштаспаса, оның маңыздылығы төмендейді. Осыған байланысты тарихи-теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мәселесінде өте қажет болып табылатын орын – музей. Музейдің мәдениеттің негізгі мазмұнды тірегі болып отырғанын ешкім жоққа шығармайды. Осыған байланыс­ты біздің тәуелсіз Қазақстан мемлекеті елде музейлерді дамытуға үлкен көңіл аударып отыр. Сонымен қатар елімізде біздің отандастарымыздың өзінің тарихы мен мәдениетіне қызығушылығының күннен-күнге артып келе жатқандығы өте қуантады және сонымен бірге үлкен міндет жүктейді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жұмыс істегеніне бар болғаны үш жылдан астам ғана уақыт өтсе де, тарихи дәстүрді сақтап, мәдени ошақтың орталығы болып қалыптасып келеді. Музей қабырғасында құрылған залдар қазақ халқының ежелгі дәуірінен бастап күні бүгінге дейінгі тарихынан сыр шертеді. Музей экспонаттары үнемі толықтырылып отырады. Тарихи сананы қалыптастыруда, жасөспірім буынның патриоттық сезімін тәрбиелеуде, кейде сағаттап дәріс оқымай-ақ, бір экспонат арқылы-ақ көп мағлұмат беріп, тәрбиелік мәні зор әңгіме айтуға болады.
Ал, музейлерде өлкелік мәні зор мағ­лұматтар беретін экспонаттар мыңдап саналады. Тек біз соларды дұрыс бағытта пайдалана білуіміз шарт.
Берік Байболов, «Әзірет Сұлтан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-му­зейі­нің бөлім меңгерушісі: – Музей ісінің бір саласына экспозиция және көр­ме жұмыстары кіретіні белгілі. Экспозиция және көрме жұмыстары музей жәдігерлерін насихаттай отырып, еліміздің өткені мен бүгінгі тарихын, көне құнды жәдігерлерімізді заттай көрсетуді мақсат тұтады. Қазіргі түсінік бойынша топшыласақ, музей экспозициясы музей жәдігерлерін бір мақсатқа бағыттап ғылыми негіздейді. Халық назарына қойылған барлық жәдігерлерді экспозиция деп атауға болады. Бірақ музей экспозициясының өзіндік ерекшелігі бар. Оның негізін кезкелген зат емес, өзінің тарихы бар музей жәдігері құрайды. Экспозицияда олар жаңа мәртебеге ие болып, экспонат атанады. Экспозицияға жәдігердің түпнұсқасымен қатар көшірмесі де қойылады. Ал, қосалқы шығармашылық музейлік бұйымдарға түпнұсқа жәдігердің көшірмесі, муляж, кесте, макет, диаграммалар жатады. Оларға да құнды экспонат секілді қорғалу құқығы беріледі. Экспозиция құрылғанда жәдігерлер бір-бірімен үйлесім табуы қажет. Сонда ғана экспозицияның табиғаты мен мазмұны ашылып, көздеген мақсатына жетеді. Экспозицияға қойылған жәдігерлер келушілерге мәдени-рухани, тарихи-танымдық дүниетанымын дамытып, санасына қозғау салып жатса құба-құп.
Музей саласын экспозициялау жұмы­сында музеефикация тақырыбы қатар жүреді. Музеефикация – тарихи-мәдени көне жәдігерлерді жаңартып, музей экспозицияларында көрсету. Демек музеефикациялауды кез-келген музейді қайтадан жаңғыртып жасау деп те ұғынуға болады.Мәселен, 2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Асхана, Құдықхана және Үлкен Ақсарай бөлмелерін музейлендіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен бірге, Түркістан тарихы музейінің экспозиция­сы алпыс пайызға жаңғырды. Биылғы жоспарда «Қылует жерасты мешіті» музейі, кесене ішіндегі кітапхана бөлмесін тарихи маңыздылығына сай экспозициялау жұмыстары жалғасын таппақ. Яғни, кітапхана бөлмесіндегі ұстаз бен шәкірт сұхбаты, Асхана бөлмесіндегі Халім ботқа дайындаушы аспаздың көрінісіне аса ерекше мән беріліп, келушілердің қызығушылығын туғызады деп есептейміз.
Ойымызды қорытындылай келгенде, музей – тарих, музей – шежіре, музей – білім мен ғылым. Сан-салалы өнер мен ғылымның қоспасы. Менің түйсігімде музей – өткеніміз бен бүгінгі тарихымыз, мәдени дүниетанымымызды байытып, руханилыққа жеткізетін орталық. Сон­дықтан, музей ісін қарқынды дамытуды мемлекет басты назарда ұстауы тиіс. Бұл тұрғысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Түркістан төңірегінде ел аузында жүрген мәнді аңыз, әпсана мен әңгіме көп, көненің көзі, асылдың сынығы – құнды жәдігерліктер мол. Біз осының бәрін екшелеп қажетімізге жаратуымыз керек» деген болатын. Бабаларымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, отандық музейтанушылар түйткіл мәселелерді шешудің жолын бірге қарастырса, олардың нәтижесі де алыс емес. Ол үшін республика көлемінде конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, білім жетілдіру курстары, өзара тәжірибе алмасу жұмыстары мен музей саласына қатысты қазақ, орыс тілдерінде оқулықтар шығаруды ұйымдастыра білу қажет.
Зағира Қал­менова, Жез­қазған тарихи-ар­хео­логиялық музейі басшы­сының орынба­сары: – Жезқазған тарихи-архео­ло­гиялық музейі жар­­­ты ғасырға жуық тарихын­да өлке­­міз­дің тарихы мен мәдени құнды­лықтарының сақталуына, зертте­луіне көп үлес қосуда. Сонымен қатар, еліміздің өткенін зерделеп, ұлттық тарихтың көкжиегін кеңейтіп, тарихи дүниетанымын қалыптастыруда көптеген игі істерді атқарып, заман талабына сай жаңа инновациялық жобалар мен бағдарламаларды іске асырып, толымды табыстарға жетуде.Музейде тарих куәсі ретінде көне заманнан қазіргі күнге дейінгі халықтың тарихи құндылықтары мен жәдігерлері арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Музей қызметкерлері Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі ең маңызды оқиғаларды назардан тыс қалдырмай, орасан зор жұмыстар атқаруда. Мәселен, «Тарих тұғырындағы тұлғалар» атты бағдарлама аясында Республикада тұңғыш рет «Есімі көшеге берілген тұлғалар» атты музейдің алғашқы жобасы жасалды. Жобаның мақсаты Ұлытау-Жезқазған аймағының және еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, өндіріс озаттары, ғалымдар, әдебиет, мәдениет, өнер өкілдерінің және дүниежүзіне белгілі тұлғалардың есімін есте қалдыру және олардың өмірі мен қызметін көрсету. «Ұлы Отан соғысының ардагерлері», «Жезқазған қаласының Құрметті азаматтары», «Ауылым – алтын бесігім» жобалары да жалғасын тауып, түрлі көрмелер ұйымдастырылуда.
«Біздің өміріміз қас-қағым сәт қана. Бірақ әлемде жақсының аты қалады. Халық тек ізгілікті істердің ғана даңқын асқақтатады» демекші, өңірдің дамуына және қалыптасуына үлкен үлес қосқан, халық мақтан тұтқан ұландарын еске алу және оларды ұлықтау мақсатында «Ұрпаққа үлгі» атты бірнеше кезеңнен тұратын ерекше жобалар атқарылды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласы аясында, адал жұмысымен сый-құрметке бөленіп, ел игілігін еселеп арттыру жолында үлгі-өнеге көрсетіп жүрген тұлғаларды дәріптеуге арналған «Еліне елеулі азаматтар» атты жоба да көптің көңілінен шықты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясын­да Қа­зақстандық патриотизмді тәрбиелеу мақсатында «100 жаңа есім – жетістіктер тарихы» атты жоба іске асты. «Музейлік кездесулер: Алтын қор» жобасы бойынша Ұлытау-Жезқазған өңіріне келген құрметті қонақтармен кездесулер ұйымдастырылып отырады. Атап айтсақ, Халық артисі Асанәлі Әшімов, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері Нұрқанат Жақыпбай, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай және т.б. тұлғалармен кездесулер өтті.
Музей қызметкерлері қалыптасқан дәстүрлі жұмыстарымен қатар, жаңа үлгідегі қызметтерді де меңгеріп, музей жұмысын жаңа сатыға көтеруде қызмет етуде. Қазіргі таңда музей «Туған жер – туған ел» базалық бағытындағы «Жас өлкетанушы», «Жас экскурсовод» жобасын іске асыруды қолға алып отыр. Жобаның басты мақсаты – өлкетану сабақтарын музей қабырғасында өткізу арқылы Ұлытау-Жезқазған өңірінің бай тарихи мұрасын насихаттай отырып, материалдық және рухани мәдениет жетістіктерін ашып көрсету.
Өткенін өзіне өнеге тұтып, өзгеге үлгі ете білген халық қана өркениеттімін деп айта алады. Еліміздің тәуелсіздік туы тұғырының биіктей беруі, жаһандану көшінен қалыспай еруі үшін осындай игілікті шаралардың мәні мен маңызы зор болмақ.

***

Осылайша, «Рухани жаңғыру бағ­дарламасын дамытудағы музей­лердің атқаратын ролі» атты респуб­ликалық ғылыми-тәжірибелік кон­фе­ренцияның жұмысы табысты өтті. Алқалы жиынның соңында арнайы қаулы қабылданды. Қаты­сушылар «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасының музейлердің иннова­циялық жұмысын жандандырып жүр­гізудегі маңыздылығын ескере оты­рып, аталған бағыттағы жұмыс­тарға еліміз­дегі барлық оқу орында­рының оқытушыларын, магистранттары мен студенттерін, музей және архив қызметкерлерін кеңінен тартуды қолдады. Бағдарламаны жүзеге асырудағы музейлердің ғылыми әлеуетін ескере отырып, кешенді шаралар атқарылуы тиіс. Сондай-ақ ел мен жердің тарихын жинақтау, зерттеу, жариялау және насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу мақсатында Жезқазған тарихи-археологиялық музейі­нің ғылыми кеңесі мен тәуелсіз сарап­шылар конференцияны дәстүрлі түрде (екі жылда бір рет) өткізіп тұруды ұсынды.

Дайындаған
Дина ТАЗАБЕКҚЫЗЫ

Алдыңғы «
Келесі »