«Жаужүрек Ертұғрыл» тағылымы… немесе «Мәдениеттер қақтығысы» деген не?

  • 23.07.2018
  • 1614 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Әлімғазы Дәулетхан,
тарих ғылымының кандидаты

Кеңестік тоталитарлық жүйе талқан­далып, темір перде ашылғалы бері қазақ көрермендері жылдарға созылатын, шеті-шегі жоқ шетел сериалдарына тұт­қын­далып 25 жылды артқа тастаған тұста, осы­ған дейін нақтылы не көріп, не қой­ғанын есіне түсіре алмай дал боларына ешкім де таң қалмайтын сияқты. «Қайран алтын уақыт-ай, көгілдір экран алдында босқа өткен» деп өкініп жатқан тағы ешкім жоқ.
Көп сериалдардың бірі ретінде «31» арнадан көрсетіле бастаған «Жаужүрек Ертұғрылды» көріп жүрген біраз адамдармен әңгімелесіп көргенімде кейбір түйткілді мәселелер бар екеніне, әрі олар жөнінде мені толғандырып жүрген ой-пікірлерімді ортаға салу қажеттілігіне көзім жетті. Оларды жинақтап айтар болсам мынадай сұрақтар төңірегінде тоқталу керек сияқты:
Бұл сериалдың көрермендерінің басым көпшілігі орта жастан асқан адамдар, былайша айтқанда, кеңестік тәрбие мек­тебінен өткендер. Олар сөз болып отыр­ған сериалдағы тарихи оқиғалардан, нақ­тылап айтқанда Осман түріктері – оттомандар делінген елдің тарихынан хабар­сыз екендігін ескеріп, алдымен сол бостықтың орнын толтыру қажет еке­нін бай­қадым. Онсыз сериал көтеріп отыр­ған тарихи-тағылымдық, тәрбиелік-елдік мәселелер қалтарыста қалып қоя­тын сияқты. Сондықтан, «Жаужүрек Ер­тұғрыл» туралы жазарым рецензия да, көр­­кемдік жетістіктері туралы зерттеу де емес, ғылыми-танымдық дүние болуы керек деген ұйғарымға тоқтадым.
Тарихи тұлға ретінде танылған «Ер­тұғрыл» атауының түрікше мағы­насы – ер-азамат-батыр болғанда «тұғрыл» сұңқар дегенді білдіреді. Осыдан 2800 жыл бұрын тарихқа белгілі болған Алб Ертоңа – Апрасияб жөнінде М.Қашқари сөздігінде Тоң-тоңа аса күшті, пілден де зор, яғни, «батыр, ержүрек алп Тоңа» тәрізді деген анықтама берген.
Түрік халықтары ішінде Арыслан Бұғра, Тұғрыл, Ер Доған, т.б. есімдер қар­лұқ­тар мен оғұздарда жиі қолданылып келген. Қайы тайпасының көсемі Сүлеймен Шахөз ұлына сол дәстүр бойынша «Ер Тұғрыл – Ер Сұңқар» деген атты ырымдап қойған болар.
Әйгілі Осман империясын жоқтан бар жасаған қайылар 24 тайпалы оғұздардың бірі болатын. Ол М.Қашқаридың «Түрік сөздігінде» рет бойынша қынықтардан кейінгі екінші орында тұр. Ендігі сөзді сол қайылар жөніндегі тарихи деректерге арқа сүйей отырып жалғастырудың реті келсе керек.
«Түркия мемлекетінің тарихы» атты кітаптың авторы Илмаз Өзтунаның зерт­теулеріне қарағанда, оғұздардың хахандық сойына жататын Қайы тайпасының сүнни Ханафи мәзһабын ұстанған Гүндіз Алб, Қая Алб, Гөк Алб, Саркун Алб, Қайы Албтардың ұрпағы болып, Османлы ше­жіресі бойынша Ертұғрыл Қазының ұлы Осман қазы түріктер «Оғұз хан» деп атаған Метенің 46-ұрпағы делінеді. Метемен Осман қазы арасында шамамен 1500 жыл жатыр, Метенің туылған жылы анық бол­мағанымен қайтыс болған жылы жаңа дәуірге дейінгі 174-жылы екені анық.
Осы арада, Қайы тайпасының Қиыр Шығыстан Анадолыға дейін басып өткен 1000 жылдық көш жолы бар еке­нін айта кеткен жөн болар.
Әйгілі Мете қаған құрған ұлы Хұн империясының негізгі халқы Қытай қор­ғанының терістігіндегі аса жауынгер 24 тайпадан құралған еді. 24 тайпаның құра­мындағы Каиылар Мете қаған тұсында Уссури – Қара айдаһар дариясы жағалауында, оңтүстігінде, корей телесериалында сөз болатын Жумон ханзадамен соқтығысып тұратын бөгде тайпалардың бірі ретінде айтылатыны назарда боларға керек.
Мете қағанның тақ мұрагері – Сол Білге қағанның негізгі таянышы Шы­ғыстағы Қайы тайпасы екенін атақты си­нолог Чаванн Қытай Орда жазбаларына негізделген «Қытайдың Солтүстік көр­шілері» деген кітабында атап өтеді.
Ұлы Хұн империясы қытай патша­лығы­­мен болған ғасырларға созыл­ған қанды соғыстар барысында Қиыр Шы­ғыстағы жерлерінен айрылып Моңғол үстіртіне, одан батысқа жылжи отырып Ыстықкөл, Сыр бойын жағалай Селжұқ патшалығы тұсында, нақтылай түскенде 1040 жылдары Мауренақырдан Хорасан, Мербте біраз тұрақтап, 1071 жылдан былай қарай Шығыс Анадолыға Ертұғрылдың атасы Кайы Албтың басшылығында келгендігі белгілі. Қайылар ол арада да ұзақ тұра алмай шығыс Анадолының шығысындағы Ахлат қаласына келіп қоныстанады. Алайда, сол уақыттарда Анадолы шегіне қауіп төндіре бастаған Моңғол армиясының ша­буылына тап болып, азғантай кайыларды қырғынға ұшыратудан сақтанған Ер­тұғрылдың бабасы Гүндіз Алб Ахлаттан 200 шақырым қашықтықтағы Мардінге, одан оңтүстік батыстағы 250 шақырым шалғай жатқан Жәбер бекінісіне келіп орнығады. Ертеректегі аңыз-әңгімелерде айтылуларға қарағанда Ертұғрыл бектің әкесі Сүлеймен Шаһ Фират дариясынан өтерде атымен бірге суға кетіп қайтыс болып, Жәбер бекінісі маңындағы «Түрік мазарына» жерленеді. «Түрік мазары» османлылар үшін өте қастерлі орын болып қалуы Сүлеймен Шаһтың сол мазарда жат­қандығынан деп қаралады. Сондықтан да болар (1921, 1923 жылдары) Лозан келі­сімі бойынша Сирия жерінде қалған «Түрік мазары» Түркия жұмһұриятына тие­сілі жер ретінде мойындалып, түрік әс­кері тұруға, түрік жалауы қадалуға рұқсат етіледі.
Тарихи деректерге сүйенген ғалым­дар Ертұғрыл Ғазының әкесінің аты Гүндіз Алб еді, ол 1230 жылы қайтыс бо­лып кеткенде еліне Ертұғрыл Ғазы басшы болып қалған дегенге тоқтайды. 1191 жылы туылған Ертұғрыл 39 жасында тайпа көсемі болған делінеді.
Селжұқ патшасы ұлы Алаеддиннің назарын өзіне аударған Ертұғрылды Византияның шекарасына орналасып тұрақты мекен тұту мүмкіндігіне ие етті. Сөйтіп, Ертұғрыл бектің Каиы қауымы Анадолының солтүстік батысында, шамамен 1000-2000 шаршы километрлік шағын аумақта Османлы мемлекетінің іргетасын 1231 жылы қалаған делінеді.
Ертұғрыл бек византиялықтармен үздіксіз соғыс жағдайында көрсеткен ерлігі үшін «Ғазы» атанып, кішкентай ғана шекаралық бектікті 4800 шаршы шақырымдық аумаққа ие етіп, 1281 жылы (50 жыл ішінде) 90 жасында қайтыс болды. Византиядан тартып алған Согут қалашығына жерленді. Анасы Һаиме де ұзақ өмір сүріп, сол мекенге жерленген. Күмбезі бүгінге дейін жеткен.

Біз бұларды неге көбірек сөз еттік?

Біріншіден, түрік тарихшылары да Ертұғрыл Ғазы негізін қалаған Османлы мемлекеті қалайша, қандай құдіретті күштің арқасында әлемдік державаға айналды деген сұраққа жауап іздеп, алуан себептерді тілге тиек етеді. Екіншіден, «31-арнадан» жылға таяу көрсетілген «Жау­жүрек Ертұғрыл» телехикаясында сөз болған тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалардың тарихи шындыққа қаншалық сай келетінін салыстырып барып телехикая ұсынған басты-өзекті идеялар мен бүгінгі күннің шындығы арасынан қа­зақ көрермендері алар тағылым-сабақ бар ма, бар болса қандай дегендерді саралау қажеттілігі, нақтылай айтқанда ХХІ ғасыр басталмай жатып әлемді дүр­ліктірген Збигнев Бжезинскийдің «Великая шахматная доска» мен Семуол Хантингтонның «Мәдениеттер қақтығысы» атты кітап­тарында сөз болған Ислам мен хрис­тиандық мәдениет дегендердің бітіспес қақтығысы жөніндегі арандатушы идея­лардың үстіміздегі ширек ғасырда көз алдымызда болып жатқан ғаламдық қанды қақтығыстарға апарар жолды нұсқап, нақты бағыт-бағдар бергенін атап көрсету керек болды.
Ол үшін алдымен «мәдениет» дегені­міз не, «культура» дегеніміз не деген­ге беріліп келген анықтамаларды тағы бір сараптау қажеттілігі тұрғандай.
«Мәдениет» сөзі біздің тілімізге араб­шадан кірген болса да, ол жалпылай ағыл­­шын тіліндегі «культур – cultuve» және «civilization» түрінде қолданысқа келді. Кейінгі кезде «өркениет» деген жа­ңа атау кеңінен қолданыла бастады. Осыдан, «Дала өркениеті» деген аса кең мағынадағы жаңа атау орныға бастады. Басқаша етіп айтар болсақ, түріктердің «культура»-«мәдениет» атауларын «ру­ха­ни мәдениет» және «заттық мәде­ниет» деген жеке-жеке қолданысын бірік­тіріп «өркениет» атауына сыйғызуға болатыны белгілі бола бастады.
Осынау, естір құлаққа да, нақты қолданыста да өте сүйкімді, сыпайы атауға сыйып тұрған, адамзатқа ортақ дерлік жеткен жетістіктеріміздің салтанатына айналған «цивилизация – мәдениет-өркениеттері ХХІ ғасырда неліктен «қақтығыспаса» болмай қал­ды? Өркениеттер-мәдениеттер неге қақ­тығысады, қалай қақтығысады? Ол қақтығыстар неліктен мұсылмандар мен христиандар арасында болмай қоймайды? Адамзат тарихында бұған дейін болған барлық қақтығыстар – соғыстар ұқсамаған мәдениеттер арасында болған деп дәлелдегісі келген С.Хантингтонға мынадай қарсы сұрақ қоюға хақымыз бар сияқты. Арғы есте жоқ ескі заман архивін шаңдатпай-ақ, ХХ ғасырда жүз берген екі реткі дүниежүзілік соғыстың бір мәдениет категориясына жататын еуропалықтар арасында жүзбергенін немен түсіндіруге болады? Кеше ғана антикоммунистік идеологияны қатаң ұстанып келген Англия мен Америка бастаған Батыс елдері 1948 жылы сионизмдік бағыттағы Израиль тәуелсіздігін жариялағанда бірден қолдау білдіргенде, капиталистік жүйені басты жауы санайтын атеистік Кеңес одағы да іле шала Израиль мемлекетін танитындығын мәлімдеді. Таяу Шығыста Израильдей бір Сионистер мемлекетін қолдауда осы екі лагерьліктер қалайша бір майданнан табыла кетті? Солай бола тұра славян мәдениетіне, оның ішінде христиан дінінің православиялық Шығыс Еуропа мен кешегі Кеңес одағы құра­мындағы біраз елдің НАТО-мен ынты­мақтастық ұйымына мүше болып, Ре­сейге қарсы әскери, саяси майдан ше­бінен табылуын қалай түсінуге болады? Мәдениеттер қақтығысы туралы том-том кітап жазған білгіштер біздің осынау қарапайым болса да аса өзекті сұрақ­тарымыздың боларын білмей қалды ма екен?
Адамзат тарихында мәдениеттің алуан түрлі көріністері болғанын ешкім жоққа шығармайды. Кезінде Арнольд Тойнби мә­дениеттің 21 түрлі типін атаса, Хантингтон 7-8 типке айыра қарастырады. Қалай қарастырғанда да олар батыстық ойлау жүйесіне және Батыстың алысты көздеген стратегиялық мақсат-мүддесіне баса назар аударып отыратыны белгілі. Сондықтан, мәдениеттер қақтығысы дегеннің сол мәдениеттің негізі болған идеологияның мүддесіне қызмет етуге арнап дайындаған саяси, экономикалық, әскери және аймақ­тық мүдделердің жиынтығы екенін көре аламыз. Арғы тарихты айтпағанда, ХХІ ғасырда болып жатқан қанды қырғындар шын мәнінде «мә­дениеттер қақтығысы» емес, аса қуат­ты саяси, әскери механизмдерді іске қосу арқылы жоспарлы, басқыш-кезеңдермен, қажет деп табылған орайлы сәтте жарияға шығатын, құбылған желеу, сылтауларды перделеген кәдімгі басқыншылық соғыстар екеніне көз жеткізуге болады.
Арнайы дайындалып, әлемдік үгіт-насихат машинасы арқылы дәріптеліп жатқан «мәдениеттер қақтығысы» оны жүзеге асырудың стратегиясы мен тактикасын шоғырландырған «Әлемдік шахмат тақтасы» дегендердің шынайы кеспірі сол болатын. Хантингтонның анық айтары «мәдениеттер қақ­ты­ғысы» емес, кітаптың екінші аты ретін­де қолданылған «әлемдік тәртіптің қай­та орнатылуы» жөнінде болып отыр.
Аталмыш қайта орнатылар тәртіптің қандай тәртіп екенін, оны кімдер орнатуға тиіс екенін «Шахмат тақтасын» ұсынған З.Бжезинский жалпақ әлемге былай жариялап, шынын айтып қойған болатын: «в течение нескольких ближайших деся­тилетий система глобального сотрудничества, построенная с учетом геополитической реальности, которая постепенно возьмет на себя роль международного «регент» («регент» дегенге берген анықтамада: (Орысша-қазақша сөздікте) 1) монархиялық елдерде монарх орнында мемлекетті уақытылы басқарып тұрушы; 2) дирижер – шіркеу хорын басқарушы делінген), способного нести груз ответственности за стабильность и мир во всем мире. Геостратегический успех, достигнутый в этом деле, надлежащим образом узаконит роль Америки как первой, единственной и по­следней истинно мировой сверхдержавы» (Зб.Бжезинский «Великая шахматная доска» (Господство Америки и его геостратегические императивы) 254 с. Издательство «Международные отношения» М. Садовая-епаская, 20 А).
Қадірлі замандастар, сорымызға қарай біз осындай жаман ойлы адам­дардың ойыншығына айналған ХХ-ХХІ ғасыр шегінде өмір сүріп отырмыз. Көпті көрген абыз қариямыз Д.А.Қонаев айтқандай, «Жиырмасын­шы ғасыр таңғажайып ғасыр, тарих үшін қызықты, ал, замандас үшін қасірет ғасыр» болғаны, ал, ХХІ ғасыр сіздер мен біздер үшін «Қасірет ғасыр» деу жеткіліксіз болар ма екен. Ендеше, не істеуіміз керек, қасіреттің алдын алар, тым болмаса жеңілдетер амал бар ма? Жоғарыда сөз еткен «Жаужүрек Ертұғрыл» сол сұраққа жауап іздеген талпыныстай көрінді.

***
«Жаужүрек Ертұғрыл» телехикаясы түрік киногерлері мен мемлекеттік саясатты айқындаушы отаншыл қайраткерлердің ХХІ ғасырдағы «өркениеттер қақтығысын» қолдан қоздырушы христиандық «крест жорығына» төтеп берер рухани таяныш іздеп, тарихқа – 400 үйлік кайылардан әлемдік держава пайда қылған даңқты ата-баба аруағына тәу ету арқылы бүгінгі азып-тозған, 40 руға бөлініп, қырық пы­­шақ болған мұсылман арабтар мен түрік­­терді ауызбірлікке, діни, мәдени-ру­хани бірлікке шақыру мақсатынан туған шығармашылық еңбек деп түсіндік.
Көркем әдебиеттегі көркемдік шын­дық пен тарихи шындық арасына теңдік белгісін қоймағанның өзінде, сериалда баяндалған тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалар арасында өте тығыз байланыс бар екені анық байқалады. Сол бір қан қақсап, аласапыраң заман шындығын сомдар тұлғалардың роліне таңдап алынған актерлар өмірдегідей, ешбір жатырқаусыз, ешбір күмән-күдіксіз көрерменмен қоян-қолтық ара­­ласып кеткендей әсер қалдырады екен. Сценарий авторы мен режиссер-қоюшылардың жоғары талғамдары, түрік халқы алдындағы перзенттік адалдығы қазақ әріптестеріне ой салған болса олжалы болар еді-ау. Киносценарийлер мен театрлардағы басты образдарды сомдар артистерді таңдардағы тамыр-таныстық пен жершілдік-ру­шылдық дертінен айығудың жарқын мысалын «Жаужүрек Ертұғрылда» ойна­ған үлкен-кіші рольдердің қалай талдап алынғанына назар аударған адам танып-біле алар еді. Орнын таппай тұрған бір роль таба алмайсың.
Таяуда ғана асыға күткен «Қазақ хандығы» сериалын көргенде өз роліне лайық орындаушылардың бірен-саран ғана екенін байқап әттеген-ай деп өкіндік. Ал, аты шулы «Көшпенділер» туралы бұл жөнінен айтар тұшымды сөзіміз жоқ екенін жасыра алмаймыз.
Сүлеймен Шах азғантай Каиы тайпа­сының бегі бола тұра экранда аса байсалды, қайсар да қажырлы, қандай қиын жағдайда да болашаққа, оның ұлы мақсаттарына қол жеткізуге сенімді мыз­ғымас зор тұлғалы көсем ретінде көрінеді. Ал, оның жан-жары, өмірлік серігі, қайсар да батыр ұл-қыз тәрбиелеген Каима ана бейнесін сомдаған артисті таңдауда да ешбір күмән жоқ. Түрік билеушілері үшін сол тізесін басып отырар хатун (оң тізе басу кейінгі заман үрдісі) уәзірден кем емес еді. Сол ата дәстүр аталмыш сериалда өте жарқын, нанымды көрініс тапқан. Сол сияқты, әйелдердің көшпенділер өмі­рінде алар орны, ерлердің нағыз жауынгер серіктері бола алғаны нанымды шыққан.
Бізде қалыптасқан аталым бойынша айтқанда, ұнамсыз образдардың сомдалуы, тіпті, айрықша аталуға лайық. Сыртқы тұлға, пішіндерінен бастап ой­наған рольдеріндегі сенімділік, шын ше­бер­лікке селкеу түсірмейтіні сондай иланымды.
Міне, осылайша қатаң сұрыптаудан өткен таланттар ойнаған рольдердің жанды тіні, өзегі, көрерменге берер тарихи білім-білігінен тартып, идеялық нақты мақсат мүддесі, бір ғана өзекке – тұғырға байланғанын көреміз. Сол Сүлеймен Шах пен Каима ана, әл-Араби мен Ертұғрылдың аса парасатты һәм, батыл да қайтпас-қайсарлықтары бір Аллаға деген айнымас адал сенімі арқылы көрініс береді.
Әл-Араби сериалдың жан-жүрегі, рухани тірегі. Тарихшылардың көрсетуінше, әл-Араби Ертұғрыл заманынан көп бұрын өмір сүрген тарихи тұлға болса керек. Күллі мұсылман әлеміне танымал қасиетті әулие-әмбиені Ертұғрылдың ақылшысы, қорғаушы пірі ғана емес, сол дәуірдегі адасқан араб-түрік мұсылмандардың жол нұсқаушысы, ақылшысы, көріпкел көсемі ретінде бой көрсетуі керек болғаны иландырады.
Бүгінгі тілімізбен айтқанда, ұлт-халық мойындар, сенім артар кө­семге деген ділгір мұқтаждықтан туындаған дара тұлға еді. Сериалды көрген кейбір адамдар онда көтерілген негізгі идеялық тұғырнаманы түсіне алмағаннан, сондай-ақ, сөз болып отыр­ған тарихи тұлғалар мен Осман түріктері тарихынан хабарсыздығынан болар, «Детектив қойылым көргендей болдық-ау, Ертұғрыл самсаған қалың қолды бір өзі немесе екі батырымен жайпап тастай беретіні иландырмайды-ақ. Ал, әл-Арабидің жүріс-тұрысымен, сиқырлы дұғасының күш-құдіреті тіпті одағай, нанымсыз» деген сияқты үстірт баға беріп жатады.
Қалай десеңіз де, бекініс–қамалы түгіл, тұрақты мекені де жоқ 400 үйлік Каиылар мен Дұрдуганы шарболаттай ширатып, өз іштеріндегі сатқындарды аяусыз жазалап, елін құтты мекенге ие етіп, әлемдік держава – Осман қағанатын құрған, 90 жылдық жауынгерлік ғұмырында сансыз қанды қырғындардан өзін де, халқын да аман алып шыққын Ертұғрыл Ғазының дара тұлғасына көлеңке түсіруге негіз жоқ еді. Орта ғасырлық қарт тарих, қанды жорықтар тарихы оған куә.
Ендігі сөз, Ертұғрыл Ғазы тұлға­сынан, оның жасампаздыққа толы ерлік ғұмырнамасынан алар түйінді ойлар, тағылымдық үлгі-өнегелер жөнін­де болмақ. Ол жөнінде:
1. Халқының тағдыры таразыға тар­тылған, аяуды, обал-сауапты, адам­гершілікті мүлде білмейтін рахымсыз жау­лары жан-жақтан төніп тұрған алмағайып заманда Ертұғрылдай жау­жүрек батыр, көреген көсемнің жан­пидалықпен алға суырылып шығуы табиғи жағдай болар.
Алайда, қанша мықты болса да Ертұғрылға Сүлеймен Шахтай көреген, қормал әке, Каимадай мейірімді һәм батыл ана, адал жар қандай қажет болса, Тұрғыт, Бамсы қатарлы көзсіз батырлар да сондай қажет еді. Ал, қалай болғанда да қара күшпен, жалаң ұранмен алысқа бара алмасың белгілі. Оларға нық сеніммен күш-қуат, қайсар рух беретін рухани көсем – әл-Арабилерсіз Ертұғрылдар да бір оқтық батырлардың бірі болып қа­лары анық.
2. Сүлеймен Шах пен Ертұғрыл бас­­таған Каиылар жаулаушы-тонаушылар емес, тірі қалу, өмір сүру үшін жан­таласқан қорғансыздар еді.
Бар болғаны 400 үйлік көшпенді-босқындарды өлім-қалымнан аман алып қалған құдіретті күш – бір Аллаға деген шексіз берілгендік пен болашаққа деген нық сенім, бір көсемге адалдық, жұдырықтай жұмылған ұйымшылдық болатын. Каиылардың жұлдызды сәті, Л.Н.Гумилевше айтқанда пассионарлық бұлқынысын пайда қылған идеялық тұғыр осы еді.
Көзі ашық көрермендер осы тұғырға назар аударса, бүгінгі әлемдік жан­жалдар мен қолдан жасалған «мәдениеттер қақтығысы» дегендердің, сол қақтығыстар – қанды қырғындар ойналар әлем картасында сызылған «Шахмат тақтасы» дегендердің си­қырына алданбас еді. Адамзат баласына Мұхаммед пайғамбарымыз арқылы жеткізілген қасиетті Ислам бүгінгідей тәлкекке ұшырамас еді.
ХХ ғасырдың басында Англия бас­таған империалистер біртұтас Араб елін өз қалауларынша, тарихта болмаған ұсақ сұлтанаттар мен хандықтарға бө­ліп тас­тады. Бір-бірімен мүлде келісе алмайтын қуыршақ мемлекеттердің хал­қының жүрегінде иман болғанымен, билеу­шіле­рінің жүрегінде шайтан пайда болды. Сөйтіп, тұрақсыздық пен кедейшілік, әскери төңкерістер әдеттегі жағдайға айналды. Ал, 500 жылдай салтанат құрған Осман империясы бір ғасыр қалжыратқан «еуропалық індет» бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, бес-алты жылға созылған азамат соғысы мен Англия бастаған интер­венттердің соңғы «Крест жорығына» тойтарыс беріп тәуелсіздігін зорға сақтап қалды. Бірақ, соның өзінде ХХ ғасырда екі реткі әскери төңкеріспен, бүгінге дейін тоқтап толас таппаған қайдағы бір «Курдстан» лаңына киліктіріп отырғаны көз алдымызда.
Орта ғасырда басталған 4-5 реткі «Крест жорығын» бастаушы да, іске асырушы да христиан елдерінің крест көтерген кайзерлері мен рыцарьлары болғанымен, ол шын мәнінде «христиан, ислам» аралық қақтығыс емес, империалистік, жаулаушылық соғыстардың дәл өзі болатын. Ат атау­ын қалай құбылтса да әлем жұрт­шылығы көз алдында Азия мен Африканы, Таяу Шығысты жайлаған тұрақ­сыздық пен жоқшылық, ішкі-сырт­қы дұшпан күштердің астыртын әрекеттері арқылы әр жерде лаң салған «түрлі-түсті төңкерістер» дегендерге жалғасып келеді.
ХХІ ғасырдың алғашқы ширегінде араб ислам-әлемі, түркі дүниесі Збигнев Бжезинский сызып берген шахмат тақтасында С.Хантингтон армандаған «мәдениеттер қақтығысы» салтанат құруда. Өздерінің қызды-қызуымен бар карталарын ашып қойғандарын сезіп қалған әккі саяси стратегтер енді «жаһандану» деген бір бейкүнә, момақан ұранды жалаулата бастады.
«Жаһандану» қандай жағдайда, кімдерді сүйеніш, ядро етіп іске асатын нәрсе дегенді тарата түсінгісі келген адамға айналып келгенде Американы пана тұтқан хрис­тиан мәдениетінің салтанатымен аяқталатын империялық саясаттың өзі еді. Мінеки, біздің алдымызда осындай таңдау тұрған сияқты. Ендеше, алдымен құлашты жетпейтін межеге сермемей-ақ, түрік дүниесі өз қамын жасауы, тұтас түрік бірлігі, Ислам ахидаларына негізделген діни бірлігі, ділдік бірлігі туын көтерген аса зор беделді бір тұлға мен қуатты мемлекетке арқа сүйеу қажеттілігі алдымызда тұр.
«Жаужүрек Ертұғрыл» сериалы біз­ге сондай ой салды. Отандастарым, тағдырлас түрік перзенттері не ойлады екен? Әлде, әдеттегі парықсыздықпен көріп тастаған көп сериалдардың бірі ретінде ұмытыла бастады ма?
Міржақып атамша айтқанда:
Ей адамзат, ей мұсылман-түріктер,
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сыйқың?!
Мәдениет пен өркениетке беріл­ген алуан түрлі анықтамалар мен талдап-таразылаулардың ортақ заңдылық­тарына жүгінсек, нағыз мәдениет-өркениет ешқашан бір-біріне өздігінен қақтығыспас еді. Христиандық пен исламның түпкі негізі, қайнары Ғайса мен Мұхаммед ғалаиссаламға жіберілген аяндары негізінен ұқсас екенін дін ғұламалары мен философтар дәлелдеп келді. Бірақ, шайтани жолға түскен әзәзілдер керісінше екі ұлы дін арасына араздық, дұшпандық отын ұйтқытып, әлемдік те, аймақтық та жанжалдарды туғызып келгенін түсінетін уақыт жетті.
Сондай-ақ, тосындау болса да әлемдік тарихқа басқаша бір қырынан назар аударуды ұсынар едім. Қазақта «біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналады» деген сөз бар.
Л.Н.Гумилев, әділін айтқандай, Еуропа мен әлем халқы Қытайдың жойқын әскери қуатына сүйенген Таң патшалығының агрес­­сиялық жорықтарының жолын тосып, көлденең жатып алған хұн-көктүрік-түр­кеш-қарлұқ-қарахандықтары мен Шың­­­­ғысхан моңғолдарының күш-қуаты ХVІІ-ХVІІІ ғасырда-ақ сарқылып қалған бо­латын. Еуропа мен қара Африканы, кіші Азия мен Кавказды тұтастай би­леп-төстеген Осман халифатының тағдыры ХХ ғасыр басында-ақ шешіліп қойылғаны белгілі. Ендеше, әлемдік шахмат тақтасындағы ойыншылардың ХХІ ғасырдың екінші ширегінде толығымен жаңаланып кетуі әбден мүмкін. Ол ойыншылар арасындағы «қақтығыс» ешқашан, тағы да «мәдениеттер қақтығысы» (ислам мен христиан мәдениеттері арасындағы) болмасы, будда мен Күңзілік-Даоизмдік ілімдердің мұндай қақтығыстарға пәлен­дей ықпалы да, мүддесі де жоқ болса да, әлемдік тәртіп орнату арқылы, әлемдік картаны қалауларынша сызғысы келген Америка, Англия бастаған ашкөз империя­лар мен демографиялық қысым­нан тынысы тарыла бастаған Қытай, Үнді, Жапония арасындағы алапат қақтығыстарға ұласып кету қаупі төніп келеді. Мұсылман түріктері, әсіресе, шах­мат тақтасының эпицентрінде тұрған Қазақстан, Қыр­ғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Моң­ғолия мен Ресей тарихтың осынау қатерлі беталысынан көз жазбауы керек сияқты.
Алла тағала бүкіл адамзатқа «сақтансаң – сақтаймын» деп текке ескерт­пеген болар.
«Жаужүрек Ертұғрылдың» өлмес рухынан алар тағылым осылар деп ұқтық.

Алдыңғы «
Келесі »