Киелі сахнаны ұялмайтындардан қалай қорғаймыз?

  • 23.07.2018
  • 1362 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Жуырда Өзбекстанның танымал әншісі Тамила елімізге қашып келіп, саяси баспана сұрады. Сөйтсек, ол әлеуметтік желіге ұятсыздау бейнежазба жүктеп, бұл өзбек қоғамында үлкен дау туғызған. Өзбек ағайындар Тамиланың танымал екеніне «пішту» деп те қарамаған. Оны әншілік лицензиясынан айырып, елінен қуған. Құшағы кең қамқор қазақ оны бауырына басты. Аракідік киелі сахна төрінен орын беріп, тайраңдатып қойды.
Өзбек жұртшылығы Юлдуз Усманова мен Шахзодамен қатар 11 орындаушыға ескерту жасапты. Әрине, ерсі қылықтары үшін.
Ал, жуырда «Өзбекконцерт» мемлекет­тік мекемесінің басшысы Одилжан Абдукаххаров Рамазан айы кезінде өздеріне пиар жасаумен айналысып жүр деп эстрада жұлдыздарын сынға алды. «Өзбекконцерт» басшысы әншілерді ауызашар кезінде имамдармен суретке түсіп, оны әлеуметтік желілерге жүктеуге қатаң тыйым салған. Одилжан кейбір әртістер діни шараларды өздерінің атақ-абыройын көтеру үшін пайдаланады деп есептейді екен. Әрине, қасиетті Ислам дініміз әншілердің пиарына мұқтаж емес. Мекеме басшысы сонымен бірге сахнаға шығатын қыз-келіншектерге ашық-шашық жүрмей, ұлттық дәстүрге сай киінуді талап етіп отыр. Ол әншілерге көрермендер көңілін алаңдатпай, таланттарыңызды шыңдаңыздар деген талап қойған.
«Өзбекконцерт» мемлекеттік меке­месі әншілер мен әртістерге бір жылға дейін лицензия беретін көрінеді. Сахнаға жартылай жалаңаш шыққан қыз-келіншектердің лицензиясын сыпырып алған кездері де аз болмаған. Бұған Тамила мен кезінде Юлдуз Усманованы елден шығарып жібергені де куә. Қалай дегенде де өзбек бауырларымыздан осы тұста үлгі алуымыз керек-ақ. Неге? Мұны, көзі қарақты оқырман, өзіңіз де іштей сезініп отырсыз.
Қазір әлеуметтік желілерді, сайттарды, әртістердің жеке парақшаларын ашып қараңыз, шалқаңыздан түсе жаздайсыз. Ар-ұяттан жұрдай танымал жұлдыздарымыздың ашық-шашық суреттері биттей өріп жүр. Міне, әйгілі әншіміз Айдана Меденованың Араб Әмірліктеріндегі бал күндері. Әне, Мақпал Исабекованың шетелдегі шаттыққа толы сәттері. Ерке Есмахан, Кәмшат Жолдыбаеваның жарқ-жұрқ еткен «ғажап» суреттеріне қарап, тіпті, «сүйсінесіз». «Қалаулым» бағдарламасында қонақта болған осы Кәмшат Жолдыбаеваның екі қызбен бірге билегенін көріп, тіпті, таң-тамаша қалдық. Кәмшат бұл жолы да тар шалбар, кеудесі ашықтау көйлек киіпті. Ал, «Джейран» тобының әншісі Алтынай Жолдыбаеваның «стилі» тіптен бөлек. «Кешью» тобы да сахнаға жартылай жалаңаш шыққанды хош көретін сыңайлы. Бір тамсандырары, мінсіз мүсіндерімен жұртты қызықтырып қойғысы келетіндер қатары тіптен көп. Олардың қатары Баян Алакөзова, Аша Матай, Дильназ Ахмадиева, Рано Умарова, Диана Шарапова, Жұлдыз Өмірғали, Айдай Исаева, Бибігүл Оразғалиева, Луина, Айсұлу Әзім­баева, тағы басқалармен толыға түседі. Енді бірқатары соңғы кезде қымтана да бастаған шығар-ау, дегенмен, жоғарыда аты аталғандардың сәулелі суреттері әлеу­меттік желілерде жиі көрінетіні рас.
Мұны айтасыз, киелі сахнаға ашық-шашық шығатын өнер иелері соңғы кездері көбеймесе азайған жоқ. Тоят төстері өрістен қайтқан сиырлардың желініндей тырсылдап, сахнада бөкселері былқылдап шығатын кейбір әншілерімізді көргенде кірерге жер таппай қиналатынымыз жасырын емес. 31 канал аталатын телеарна әртістердің жатқан-тұрғанынан бастап, не ішіп, не жейтініне дейін тәппіштеп, термелеп көрсетуден жалықпай келеді. Бұдан басқа да арналар қалыспайды. Кейде ойлаймын: өнер иелері өздерін жан-жақты насихаттау үшін оларға ақы төлейді ме екен деп. Әйтпесе, әншілердің отбасы, ошақ қасындағы өмірі кімге дәрі болыпты? Қандай баспана алғаны немесе салғаны, қандай көлікпен жүретіні, қандай киім киетіні, іс-сапарларға қандай көліктермен баратыны, қандай қонақүйлерге түсетіні, не ішетіні, кімдермен байланыс жа­сайтыны, қонаққа кімдерді шақыратыны, баласының бесік тойын қалай өткізгені, баласына кімнің ат қойып бергені, баласын сүндетке жатқызғаны, перзентханадағы келіншегі мен баласын қандай салтанатпен алып шыққаны, ыңғайсыздау болса да айтайық, естігенде бет түгілі безеу ұялады, арсыз киноларға қалай түскенін, т.б. Құдайым-ай, түгін қалдырмай көрсеткенде, «мынадай сый-құрметті патшалар мен хандар, әміршілер, корольдер, президенттер, канцлерлер де бастарынан өткермеген шығар» деп еріксіз ойланасыз. Оларды алақанға салып, бастарынан құс ұшырмай мәпелегеніміз соншалық, Төреғали Төрәлі дегені тізгіннен шығып кеткені былай тұрсын, өзінің концертіне келген дап-дардай адамға аузына келгенін айтып, шатып-бұтты. Арада шамалы уақыт өтпей-ақ бұл батыр атасындай кісіден кешірім сұраған болып, киелі сахнаның төріне қайта шықты. Бүгінде жер-жерді аралап, концерттерін беріп жүр. Оған ешкім ештеңе демейді. Оған не істесе де бәрі жарасатын сияқты. Әрине, «қой дейтін қожа, әй дей­тін әже» табылмаған соң ойындағысын істемегенде қайтеді?
Мұндай «еркелер» соңғы кездері жиі-жиі көрініп жүр. Өздерін «жұлдыз» санайтын базбіреулер көкке ұшып-ақ кеткісі келгендерімен, Құдай сақтап қанаттары болмай Жерде қалып жатыр. Түбі жерлік екендіктерін білгендіктен де мұндай «жұлдыздар» желпіне бермей, сабаларына түссе екен дейміз-дағы. Тым құрығанда олар әріптестері Еркін Нұржановтың орын­дауындағы «Құлагер» атты әнді тыңдаса қайтеді?
Жарқ етсе сөнген ізгі ой, жойылар өкпе-нала,
Бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана.
Тегі, кімде-кім болсын, періштелердің көкте ғана екенін әсте естерінен шығар­маулары керек. Демек, әншілер де періште емес. Оларды мұншалықты даңдайсытып жіберуге жол берілмеуі тиіс. Қазақта «Итті күшігім-күшігім десең басыңа шапшиды» деген сөз де бар екенін ұмытпалық.
Осындайда, кешегі Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мәди, Әміре, Балуан Шолақ, Кенен, тағы басқалары еріксіз еске түседі. Одан беріде Күләш, Роза, Ғарифолла, Рашит, Мүсілім, Жәнібек, қазір ортамызда жүрген Қайрат Байбосынов, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Айгүл Қосанова, тағы басқалары ән әлемінде бұлбұлдай сайрап, қырандай қалықтағанымен, кейбір Ай батпай жатып жарқырайтын «жұлдыздардай» оғаш қылық танытқандарын естімеппіз.
Айтпағымыз бұл емес еді. Жалпы, қазақтың киелі сахнасын ұятсыз­дардан қалай қорғауға болады? Телеарна­лардағы масқарампаздықтарға қашан тыйым жасалады? Бүгінде қазақ қоғамы алдындағы күрмеуі қиын сұрақтардың бірі осы сияқты.
Ұлы Даланың заңдары бойынша ұлағатты ұландарға, қылықты қыздарға салынған тыйымдар мен тоқтамдар бар. Соның ішінде, «қызға қырық үйден тыйым, қала берсе қара күңнен тыйым» деген тәмсілдің мәні тереңде. Ал, енді, «біз қыздәуреннен өткенбіз, не істесек те жараса береді» деп ойлайтындар мықтап қателеседі. «Әйел бұзылса, әлем бұзылады» дегенді даналар текке айтпаған. Есер еркектерге де ескерту жасайтын кез жетті. Түбі мұның соңы жақсылыққа әкеліп соқтырмасы анық.
Сахна – киелі орын. Ал, киелі атаулымен ойнауға болмайтынын есі дұрыс адам жақсы біледі. Жұрт алдына жартылай жалаңаш шығып, өзіңнің қадіріңді кетіріп қана қоймай, сахнаның құтын қашырасың. Өнер адамдары қанша дегенмен елдің көз алдында жүреді. Жастар, киелі өнерді сүйетіндер соларға еліктеп өседі. Өнер адамдарының барлығы журналдың бірінші бетіне жалаңаш суреті шыққанын мақтаныш көретін Ресейдегі «ТНТ» телеарнасының жүргізушісі Анфиса Чехова емес. Екінің бірі шетелдерге шыққанын айдай әлемге жар салып хабарлап, жартылай жалаңаш суреттерін әлеуметтік желілерге топырла­тып жүктейтін біздегі кейбір кердеңдер емес. Сондықтан, сахнаға шыққанда тап бір елді сорлатқан салдақының сорақы бей­несін сомдамасаңыз, жартылай жа­лаңаш­танбағаныңыз жөн.
Тамырсыз ағаш болмайды. Тамырсыз ағаш жапырақ жаймайды. Сол сияқты әр ұлттың да тамыры болады. Ол – рухани құндылықтарымыз. Осы құндылықтарымыз көзге көрінбейтін тамырлар арқылы бір-бірімен берік жалғасқан. Өміріміздегі өзекті күре тамырларымызды өз қолымыз­бен үзсек, ертеңіміз ертегідегідей бола қал­майды. Өнер – халықтың діні. Діні қура­ған ағаш көктер ме?
Қазақ – ең алдымен Ар мен Намысты бірінші кезекке қойған халық. Ендеше, өз Арымызды өзіміз аяққа таптамайық. Ар мен Намыс өлген күні Қазақ өледі. Олай болса, өнер адамдарының ашық-шашық, қалай болса солай киініп жүруіне тыйым сала­тын бір Заң керек-ақ. Бірақ, мұндай зайыр­лы Заңның бүгін-ертең қабылдана сала­тыны күмәнді…

Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ,
журналист

Алдыңғы «
Келесі »