«АҚЫЛДЫ ОЙЫНШЫҚТАР» ДҮКЕНІ

  • 23.07.2018
  • 90 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одақтарының мүшесі

Сарша тамыздың саумал самалы бала жетектеп келе жатқан ерлі-зайыптылардың шаттықтан бал-бұл жанған жүздерін еркелете сипап, лықси ақты. Жас келіншек бетіне төгілген шаштарын әнтек сілкіп қалғанда көздері жаһұттай жайнап, бетінің шұңқырына дейін сұлулық ұялады. Бала тым ерке еді. Оның әрбір қылығына аналық жүрекпен еркелей қарап келе жатқан келіншектің күлкісі маржандай шашылды.
Жас әке ұлын мойнына отырғызып алды. Жұбайы оны қолтықтап, бауырына тығыла түсті. Лекіте соққан самалмен бір­ге гүл мен әтірдің иісі қосарлана жетіп, жігіт шала мас күйге түсті. Тентек жел келіншегінің шашын ала қашып, мұ­ның бетіне әкеліп ұрғылайды. Қап-қара шаштың құдіреті керемет: тиген жерін әдемі қытықтап, желікке жел бітіреді. Жігіт кілт тоқтап, талшыбықтай бұралған келіншегінің нәзік белінен құшақтап, өзіне тарта түсіп шоқтай ерніне сүліктей жабысты.
– Жүрсеңші, әке. Неге тоқтап қалдың?- деп мойнындағы ерке ұл шашынан тартқыштады.
Жігіт те, жәудіреген жас жұбай да ләззәттің бал бұлағына енді бас қоя бергенде төбедегі «тәңір» тепкілеуді үдетті. Сахарадан қаталап келіп бастаудан енді су іше бергенде оқыстан қасқыр көріп амалсыз жылыстаған еліктей екеуі бір-біріне елжірей қарап, амалсыздың күйін кешті. Жігіт сонда да жалындаған аптығын баса алмады. Келіншегі ұяң жымиып, «мынадан ұялсаңшы» дегендей ұлын от шашқан көзімен ымдап көрсетті. Тоғыз торқалы тор-сауыт мықтап құрылған екен. Жас әке де, жас ана да дәрменсіздіктерін күлкімен жеңді.
– Аңсаржан, түсші енді. Мойыным ауырып кетті, – деді жас әке шарасыздықтан.
– Жоқ, түспеймін. Сен менің тұлпа­рымсың. «Шу, жануар!» десем, шабасың, – деп Аңсар әкесінің бүйірінен тебініп қалды.
Бала тілі балдай тәтті еді.
Қиқар қылығы да өзіне сондай жарасып келе жатты.
– Әке! Ана! Ананы қара! Ананы қара!- деп кенет иықтағы Аңсар айқай салғанда ерлі-зайыптылар әлдене болып қалды ма дегендей шошынды.
– Әне! Әне! – деп Аңсар кішкентай балғын саусақтарымен алдыңғы жақты көрсетті.
Жас жұбайлар өкшелерін көтеріп, мойында­рын қаздай созып алға сүзіле қарады.
Қарсы бетте түрлі-түсті шамдармен бе­­зен­­дірілген дүкен тұр еді. Дүкен әйнек­терінде жан-жануарлардың, техникалардың неше атасы айшықты безендіріліпті. Дүкен шатырындағы «Ақылды ойыншықтар» деген жазу сонадайдан өзіне еріксіз ша­қырады.
Жігіт жүрегінің қарақотырланып біткен жарасының ауызы ашылып кетті. Сынық көңілінің нәзік сымдары бырт-бырт үзіліп жатты.
Жаралы жанның жапырақтары үлбірей үзілді. Қос жанардан еріксіз ытқып шыққан ащы жас омырауға құлады.
Ұлының алдында осалдығын сездіргісі келмеген әке алабұртқан жүзін жасыра берді.
***
Ол анасын еміс-еміс біледі. Бірде оны қолынан жетелеп әкеліп әлдебір тәтейлерге табыстады да боталаған көздерінен жасын сорғалата отырып, екі бетінен алма-кезек ұзақ сүйді.
– Мама, неге жылайсың? – деген Манарбек былдыраған тілімен түкке де түсінбей.
– Жаным, балам! Мен бірер күннен кейін сені келіп алып кетемін. Әзірге осын­да қала тұр. Мына тәтейлердің тілін алып жүр. Бұзық болма. Ал, жылай берсең келмей қоямын, – деді анасы.
Манарбек шынында да анасы келмей қояды ма деп қатты қорықты. Сосын өксіп тұрып: «жыламаймын, мама» деген.
Анасы кілт бұрылып, шығып кетті. Анасы кеткеннен соң мейірімді апайы бұған көп-көп ойыншықтар берді. Түрлі ертегілер айтты. Тәттілерді алдына үйіп тастады. Бірақ өз анасының жұлқынып отырып берген жарты нанындай дәмді болмады. Қос гауһардан құлап, сүйкімді баланың топ-томпақ бетінен сырғи түсіп, еріндері арасынан ауызына құйылып жатқан кермек дәмнен бе, әйтеуір мұндағы тағам атаулының барлығы оған тұщымсыз сезілді. Тіпті, анасын ойлай-ойлай тамақ ішуден де қалды. Күндіз-түні шерлене жылаған баланы жұбата алмай тәрбиешілер де титықтады.
Аяулы анасы сол кеткеннен қарасын мүлдем көрсеткен жоқ. Жылай-жылай құр сүлдері қалған Манарбекті дәрігерлер бақылауына алды. «Ішігіп өліп кетер ме екен?» деп қорықты. Балақай түнімен сандырақтап сөйлеп шығатын болды. Дене қызуы басылмай-ақ қойды. Жетімдіктің, жалғыздықтың жасы көп болғандықтан шығар-ау, басынан қара бұлт кетпейді. Оған мұндағылардың барлығы да жат болып көрінді. Тіпті, өзі сияқты шерлілердің түнде әке-шешелерін ойлап өксіп шығатыны да бұған үрей тудыратын. Ол осы қасірет басқан қаралы үйден ертерек қашып құтылғысы келді. Жұдырықтай жүрегін жеген дерт  жүйкелетіп тастады. Кіртиген қабағында қалың уайымның сызы бар нәрестеге үлкендер таңдана қарайтын. Өзге балалар түрлі ойыншықтарға алданады ғой. Манарбекте оның белгісі де жоқ. Меңіреу дүниеге малып алғандай тұнжырайды да отырады. Түпсіз терең тұңғиыққа батып кеткен балақайды қасіреттен құтқаратын біреу болса, ол – Анасы ғана еді. Алайда, аяулысы келмей-ақ қойды ғой.
Манарбек анасын түнімен түсінде көріп шығады. Баяғыдай бетінен сүйіп, еркелетеді. Қолынан жетелеп, қала­ны қыдыртады. Балмұздақ әпереді. Балмұз­дақты енді жей бергенде әлдене тысыр етіп оянып кетеді. Ернінің ұшында қалған тәтті дәм балмұздақтай тез еріп жоқ болады да, көңілінде, жүрегінде тек сарытап сағыныш қана қалады. Анасының бейнесі көз алдында көлбеңдеген Манарбек шар ете түседі. Күтуші әйел қасына жанұшырып жетеді. Сосын әлдилеп, жұбатуды бастайды. Балжан тәтей жүрегіне мейірім шуағы тұнған сондай мейіржан жан. Манарбек тұншыға жыласа, оның да жанарлары жасаурап қалады. Жаулығының ұшымен тума бұлақтан шып-шып шыға келген қос тамшыны білдірмей іліп түсіреді де балапанды бауырына басады. Шашынан иіскейді. Басынан сипайды.
Өмір сүрсем деген оттың ақырғы жалыны сөне бастағанда Манарбек өзін терең бір шыңырауға құлап бара жатқандай сезінуші еді. Сол шыңыраудан Балжан апасының аялы алақаны, жылы жүрегі, мөлшерсіз махаббаты құтқарып қалды. Манарбек мейірім бұлағынан аз да болса нәр алды. Ол енді өзі секілденген жалтаңкөздермен бірге есік сықыр ете қалса «анам кіріп келер ме екен» деп әр дыбысқа елеңдеп, жәутеңдейтін болды. Көңілсіз салқын өмір оны да құшағына алды. Тұлдыр тағдыр дауылы оны да ырқына бірте-бірте бағындырып келе жатты. Дәмелендіріп қойған дүрия-дүние құпия қойнауына мұны да тартып бара жатты. Уыз жас бойын жайлаған удан оңайлықпен құтылмаса да уанды. Уандырған – тас тағдыры еді.
Көңілсіз, сұрқай күндер тым баяу жылжыды. Анасын күте-күте әбден зарыққан Манарбек өкпелегіш болып алды. Томпиып өкпелеп отырған Манарбекке жетім жүректер жабырқай қарады.
Оның жұдырықтай жүрегі шер-ше­менге, запыран-заһарға, әлемдегі барлық қасірет-қайғыға лықа толғаны соншалық, жүрегі беріштеніп бітті. Сондықтан ба, ортайған көңілінің орнын ештеңе де толтыра алмады.
Есейген сайын анасының елесі тұманға сіңіп, бірте-бірте мұнарға айналып, мүлдем жоғалды. Ол ұйықтаған сайын «анамды түсімде бір рет болса да көрсем-ау» деп армандайтын. Бірақ, көзден кеткен асыл бейне көңілден де жоғала бастады. Анасының аты кім еді? Қанша ойланса да есіне түсіре алмаған. Бірде ол Балжан тәтесінен қиылып тұрып анасының есімін сұраған.
– Ондай ананың…, – деп тұншығып барып Балжан тәтесі әлденені бүлдіріп алғандай еріндерін қымқыра тістелеген.
Содан соң бауырына басып, басынан сипап тұрып: «Менің де есімнен шығып қалыпты» деді дауысы дірілдеп.
Манарбек апайының өтірік айтып тұрғанын әлдебір түйсікпен түсінді де тым-тырыс қалды. Бірақ, тәтесін жек көре алмады. Өйткені, қайғының қапасында қалғанда алдындағы қою тұманды сейілткен апайы ғой ол.
Уақыт – емші уыз жас Манарбектің де жүрегін ептеп-ептеп емдей бастады. Бесіктен белі шықпай қалың уайым, жетімдік, жалғыздық торына белшесінен шырмалған Манарбектің жан жарасы бәрібір уаныш таба алмай-ақ қойды. Балалармен асыр салып ойнағанда ғана уайымнан аз да болса босайтындай еді. Көңіліндегі мұң-зарынан қас-қағымдай уақыт арылатын. Бірақ, қабақтары жадыраған сәт аса ұзаққа бармайды. Көңіл қабаржытқан уайым, көңілсіздік кірбіңі таудан төмен түскен қою тұмандай жылдам сырғып, өн бойын құрсаулап алады.
Басына түскен бейнет пен зілмауыр салмақ оны тез есейтті. Ол, енді, айнала­сындағыларға сезіктене қарайтын күмән­шіл кесел тапты. Оны алғаш алдап, сол өтірігіне, елес-ертегісіне сендіргісі келген Балжан тәтесі еді. Қанша жерден бала болса да Манарбек осы Балжан тәтейінің жұбаныш, алданыш үшін айтатын көп-көп өтірігін іштей сезіп тұратын. Бірақ, апайына «өтірік айтасыз» деген емес. Бәлкім, сол өтірікке имандай ұйып иланғысы келген шығар-ау.
Балжан тәтейінің тәтті өтіріктерінен ығыр бола бастағанда ол ересектердің кердең көлгірсулеріне тап болды. Өңшең бір ығай мен сығайлар, көп-көрім киінген тәтейлер мен өтірік жымиған, сол өтірігін жасырғысы келіп қаншама тырысқандарымен безеу беттерінде безбүйректік, жалғандық жағал-жағал болып жарқанаттанып көрініп тұратын шіренген, шідірейген, шегірткенің айғырындай шытынаған ағайлар сыр сандықтың ішінен шығатын мың сандықтай қаптап кетті. Қанша жерден күліп тұрғандарымен олардың жанарларында жасырынған бір жалғандықтың барын Манарбек іштей сезініп, жүрегі жұлым-жұлым болатын. Бірінің ауызына-бірі түкіріп қойғандай барлығы бірдей «Біз барда сендер алаңдамаңдар. Сендер жалғыз емессіңдер. Сендерге қашан да көмек қолын созуға дайынбыз» дейді де сол кеткеннен мұның анасы сияқты қараларын біржолата батырады. Қамқоршы болса неге мұның анасын тауып осында әкелмейді? Содан соң сараңдықтары да бірінен бірі аумай қалған. Балалар үйінде тек еңбектеген сәбилер жүрген сияқты горшок пен базарларға өтпей қалған ойыншықтарды көліктеріне сықита тиеп, тау қылып үйіп тастайды. Бұл ойыншықтар олар табалдырықтан кері аттамай жатып-ақ быт-шыт болып сынады. Машиналардың доңғалақтары ұшып-ұшып түсіп, дөңгелеп барып бір қуысқа жасырынады.
– Қазір ғана әкелген ойыншықтарды бүлдіргендерің не? Осы сендерге не шақ келеді? – деп сосын тәрбиешілері құйрық­тарынан шықпыртады.
Бәрінен де бұрын «осы сендерге не шақ келеді?» деп айыптаудан артық кінә болсашы. «Ата-аналарыңды жастай жалмаған сендерге не шақ келуші еді?» деген зілбатпан салмақ бар осы бір ауыз қабаған сөзде. Сондықтан, Манарбек үлкендер әкелген үйдей-үйдей үлбірек ойыншықтардан зәрезап бола бастады.
Айтпақшы, аяулы анасы да мұны балалар үйіне тастап кетерде алдансын деп қолына ойыншық ұстатып кеткен жоқ па еді?
Енді, қарап отырса, бүкіл ғұмыры алданумен өтіп келеді екен-ау. Өмірінің азапты ақтүтегі қаншама рет жүрегін жұлқылады десеңізші. Сол дауылдардан аман қалған Манарбек енді майыспайтын да, өмірдің қандай да қиындығына мойымайтын да шығар-ау.
Дегенмен, оның бойында ойыншықтарға деген бір өшпестей өшпенділік қалды. Барша жалғыздық, аярлық, сатқындық ойыншықтардың ішіне жасырынғандай. Расында, ойыншық дегеніңіздің өзі – алдамшы дүние. Олар шынайы өмірдегі құндылықтардың көшірмесі ғана. Ал, көшірме алдартқанмен, көңіл кірбіңін кетіре алмайды. Онда жалғандықтың жалмауыз таңбасы бар.
Міне, иттің етінен де жек көретін жал­ғандық оның алдынан сайтандай сап етіп тағы да шыға келді. Аңсап көрген, армандап сүйген Аңсарын қалай ғана жалғандыққа қияды?

***
Иә, сол бір қайырымды үйде оның балалығы, еркелігі, қайғысы мен қасіреті қалды. Мұң оранған балалығы мен еркелігі жүрегінің мәңгі жазылмас жарасы. Өйткені, сол еркелігінің өзінен ол шынайылық таппай, қиналушы еді.
Қалың тұманда адасып, жол таппай мәңгіріп келе жатқанында алдыңнан бір бозамық жарық жылт етсе, түңілген тағдырына тәубе дегізіп үміт шамы қайта жанады емес пе? Манарбектің мұңлы кеудесіне де сол күні шоқ түсіп еді. Сол шоқ – Жансая еді.
Манарбектің ес білгелі байыз таппаған көңілі содан кейін тыныштық тапқан. Ол жанына сая болды. Қайғы-мұңын ұмыттырды. Сырға толы шоқ жанардың тұңғиығына Манарбек тағдырын сеніп тапсырды.
Манарбек пен Жансая балалар үйінде бірге тәрбиеленді. Манарбектің мұңға батқан жүзіне бақыт нұрын шашқан сол күн мәңгі ұмытылар ма?
Жанарынан жаз, көңілінен көктем көрінген келіншек күйеуінің неден тіксін­генін жазбай таныды, айтпай ұғынды. Сосын, ол Аңсарды алдаусыратып, басқа жаққа алып кетті.
«Ақылды ойыншықтар» дүкені көзден таса болды.
Бұл жолы олар бала қалауын әперіп қуанта алмағанымен, жүректеріндегі жазылмас ескі жараның ауызын қайта тырнап алмағандары үшін өздерін бақытты сезінді.
Қала шамдары бірінен соң бірі көзін ашып, маңайға түрлі жарық шаша бастады.
Әкесі мен анасының құшағындағы Аңсар армансыз еді. Түнгі қаланың сұлулығына сәби санамен үңіліп, әрденені айтып былдырап келе жатты.
Жас жұбайлардың толқымалы көңіл­деріндей сиқырлы сәулелер сан құбылып тұрды…

САРҚЫНШАҚ «САЛТ» САЛҚЫНЫ

Біздің ауылда Бектас деген қадірменді қария болды. Жарықтықты бүкіл ауыл болып қатты сыйлаушы еді. Онда мектеп жасындағы баламыз. Таңертең Бексұлу, Камила деген жеңешелерімізбен бірге құлдыраңдап мектепке бара жатамыз. Кенет жеңешеміз кілт тоқтайды.
– Тоқтаңдар, балалар. Ата келе жатыр екен ғой, – дейді.
Біз алдымызға көз жібереміз. Бектас ата үйінен шығып әлдеқайда жол жүрмекші болып тұрады. Содан, Бектас ата қашан қасымыздан өтіп кеткенше көшенің бойында тікеден-тік тұрамыз. Бектас ата жа­қындай бергенде Камила жеңешем иіліп сәлем береді дейсіз бір. Сұңғақ бойлы оның иіл­генінің өзі қандай әдемі. Барлық қимыл-қозғалысы өзіне сондай жарасып тұрады. Осындай жеңеше әкелгені үшін ағамызға іштей дән риза боламыз.
– Өркенің өссін! – дейді Бектас атамыз.
– Енді, жүре беруге болады, – дейді күлімсіреген Камила апайымыз.
Содан соң, жол бойы тағы әңгіме айтады.
– Балалар, үлкендердің жолын кесіп өтпеңдер. Сәл ғана шыдасаңдар, олар өтіп кетеді. Бұл – ізеттілік. Үлкенге деген құрмет, – дейді апайымыз.
Осы тәрбиені, сірә, бесікте жатқанда аналарымыз құлағымызға сіңірді-ау деймін. Әкеміз де «үлкен тұрғанда бейпіл сөйлей берме» деуші еді.
Мектепке келеміз. Алдымыздан ағай­ларымыз шығады. Бас киімімізді қолымызға алып «сәлеметсіз бе?» деп сызылып өтеміз. Одан кейін бізде үн жоқ. Сабақ сұрағанда ғана жауап береміз. Аздап есейе бастағанымызда арамызда аздап тентектік жасағандар да болды, әрине. Мұндайда мұғалімдеріміз тақта алдына тұрғызып қояды. Кейбір шолжаң балаларды шапалақтап та алады. Бірақ, ешқайсымыз «мектепте ағай ұрды» деп айта алмаймыз. Деп көр, әкеміз мұғаліммен қосылып сабайды. Аш құ­лақтан тыныш құлақ. Сондықтан, ұстаздарымызды көрсек ығып жүреміз. Қазір айтсақ, біреулерге ертегі сияқты көрінер, ағайлар мен апайлардан қарадай қысылып жүруші едік-ау.
Осы бір әдемі сыйластықтың алтын жібі кейінірек бырт-бырт үзілгендей болды. Әскери борышын өтеп келген көкелеріміз ата-бабаларынан қалған өші бардай арақ пен темекіге өршелене ұмтылды. Мас болып бүкіл ауылды қырып кете жаздайтын «атамандар» көбейді. Тіптен, бір көкеміз араққа сылқия тойып алып, трактор руліне отырмай ма? Сол көкеміз тракторын тырылдатып көшедегі қаз-үйректі бақылдатып қуғанымен қоймай, бір-екі жеңгесін басып кете жаздап зорға тоқтады. Мұндай сорақы көріністерге етіміз өле келе күнделікті үйреншікті көрініске айналды. Тойдың сәні арақ болды. Той-тамаша төбелессіз бітсе, бұл жиынды қызық өтті деп санамайтынбыз.
Сонымен бірге, науқандық жұмыс­тардың барлығы арақсыз өтпейтін болды. Әсіресе, астық жинау, қой қырқымы, күйек алу науқандарында жұмысшылар топтанып ішеді. Арада ішімдік жүрген соң әрине, мұның соңы жанжалмен, төбелеспен бітеді. Көзі, ерні, шекесі кө­гер­ген көкелеріміз «кеше осындай бо­лып қалыпты» деп мұнысын Айға ұшып барып қайтқан ерліктей көреді. Ал, мал қыстату науқанының әр күні «той». Сана семіп, ой ұйықтап, зерек қалғып кеткендіктен де шығар, талай көкелеріміз түзелуден біржола кетісіп те қалып еді. Соның салқыны шығар, біразы түрменің тәрелкесінен тамақ татып та келді.
Осы сарқыншақ «салт» салқынынан өскелең ұрпақ әлі де сытылып шыға алмай келеді. Мәселен, бүгінде үлкеннің алдын кесіп өтпейтін келіндер мен жас­тар бар ма? «Жоқ» деп аузымызды құр шөппен сүртуден аулақпыз, алайда әлі де үлкендердің алдын кесіп өтпеу былай тұрсын, қағып-соғып өте шығатындар бар.
Қаладағы қоғамдық көліктерге мі­ніп көріңізші, сабаққа бара жатқан немесе келе жатқан студенттер күн­діз-түні оқып, шаршап-шалдығып жүретіндері соншама кейде «ұйықтап» та қалады. Олардың санасын кім оятады. Жатақханалардың, ғимараттардың артында, саябақтарда темекі түтінін будақтатып отыратын студент қыз­дарды шыққыр көзіміз күн сайын көріп жүр. Кәмелет жасқа толмай жүкті болып қалған қыздарымыздың көбеюі неліктен? Түні бойы тәнін саудалап жүрген «түнгі көбелектер» неге тиылмайды? Оқушылар неге бір-біріне мылтық кезенеді? Бүгінгі оқушылар мұғалімдеріне қандай құрмет көрсетіп жүр?
Міне, осы сауалдарға жауап іздегенде жүрегім жаншылады. Мектептердегі төбелестерді айтпағанда, мұғалімін ұрып кеткен оқушылар жөнінде жиі еститін болдық. «Шыбық тимей шыңқ етерлер» ұстазы ұрмақ түгілі, қабағын түйсе, әке-шешелеріне айтып келіп, есесін қайтарғандар табылып жатыр. Қазір оқушы мұғалімнен емес, мұғалім оқушысынан қорқады.
Менің бір таныс мұғалімім бар. Енді, сыйлас-сырлас болған соң түрлі тақырыпта әңгіме-дүкеннің түйме-түймелері ағытылады. Сол айтады, бүгінде жоғары сынып оқушыларына сөйлеуден қалдық деп. Оны айтасыз, алтыншы, жетінші, сегізінші сыныптың оқушылары да басқа планетада жүретін көрінеді. Сабақ үстінде қалта телефондарымен ойнап, әлдекімдерге хат жазып отыратын олар сауатсыз болып шықпағанда қайтеді. Баланың барлығы вундеркинд емес. Кейбір сабақ оқуға тырысатын балаларды төңірегіндегілер етектен тартатын көрінеді. Ынтасы бар оқушыларды достары «оқымысты», «профессор» деп мұқатады дейді таныс мұғалім. Осыдан соң балалар білім алуға талпына ма? Жалпы, ата-ана­лар­дың жауапкершіліктерін көтермей іс оңбайды. Қазір байдың балаларына бірдеңе деудің өзі қиын деп күйінеді танысым. Әрине, кәсіпкерлікпен шаруасын дөңгелетіп алғандар ұл-қыздарына «ағай, апайларыңды тыңдамаңдар» демейтін шығар-ау. Дегенмен, әке-шешелерінің бойларынан көрген маңғаздық, тәкап­парлық оларға жұғыспайды дейсіз бе?
Ұлтымыздың рухани жан-дүниесіне сіркеше сіңісіп, ажырамай келе жатқан кертартпа мінезден толық тазармайынша іргесі бүтін елге айнала алмаймыз.
Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,
Оның да алған жоқ па Құдай құлқын?
Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,
Сапырылды байлығың, баққан жылқың!
Баста ми, қолда малға талас қылған,
Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.
Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,
Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?
Қай жеріңнен көңілге қуат қылдың,
Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?
Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қалпың,
Не түсер құр күлкіден жыртың- жыртың.
Ұғындырар кісіге кез келгенде,
Пыш-пыш демей қалар ма ол да астыртын? – дегенде Абай атамыз ұлтын жек көрген жоқ. Өз сөзінен басқа сөзді ұқпай жүрген, аузымен орақ орған өңкей қыртыңға күйінді. Көрсоқыр, күншіл, міншіл, жалқау, сараң, сұм, қу, мақтаншақ, өтірікші, өсекші, өсімқор, арсыз жұрттан көңілі жыли алмады. Малға бөгіп, кісімсіп жүргендердің жан-дүниесінің жұтаңдығына налиды. Бет-аузын жүз құбылтып, қоразданып сөйлегендерді жүдә жек көрді. Жалғыз атын терлетіп, ел қыдырып, сәлемдеспей, алыстан ыржаң қаққандарға күйінді. Данышпан ақын өз ұлтының осындай мінін сынағанда, қазақтарды жерге ұрмайтыны хақ. Сөзді ұғар бозбала ба­рын біле тұра үзілмес үмітпенен бос қуарды. Әйтеуір ақсақалдар айтпады демес үшін аузынан аз ғана сөз шығарды. Иә, жан жарасы жазылмай кеткен ұлы ақын халқының осындай мінін түзеймін деп барын салды. Абай заманындағы ұлтымыздағы осы кемшіліктер ада-күде жоғалып бітті ме?
Мемлекет болып өз алдына шаңырақ көтерген елді өте аз мезгілде әлемдегі тең­десі жоқ қуатты республикаға жеткізген, Қазақстанның әлемдік және халықаралық аренадағы орнын айшықтап, таңбалап берген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдесі жоқ ерлігін айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлт көшбасшысының ақыл-ой парасаты мен ерлік, жігері, даналығы, көрегендігі, кемеңгерлігі, аңсар-арманы Мәңгілік Ел идеясы арқылы айқын көрініп, таң нұрындай жарқырады. Отанын, Атамекенін алпауыттар қоршаған мына сын-қатерге толы алмағайып заманда Мәңгілік Ел жасауға барын салуы Елбасының ұлы мақсаты әрі кемеңгерлігі екенін паш етпей ме?
Енді, міне, Ұлт Көшбасшысы «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық маңызы зор мақала­сын­­да бізді тағы да жігерлендіріп қана қоймай, жаңа қадамдарға бастап отыр. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деді Елбасы. Осы кертартпа тұстарымыз қайсы? Абай айтқан жоғарыдағы міндеріміз. Біз тұспалдаған тұстарымыз. «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» деп Елбасы біздің осал тұсымызды тамыршыдай тап басып отыр. Әрине, елжанды Елбасымыздың ет жүрегі елжірегенде халқымыздың ғасырлар бойғы тамаша салт-дәстүрлерін, бойларындағы тамаша қасиеттерін саф алтындай таза қалыпта сақтап қалуға ұмтылғанын танып, біздің де бойымыз шымырлады. Терең ой тұңғиығына баттық. Жан тебіренді. Жүрек жұлқынды.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тағылымдық тұ­жы­рымдамасы өте дер кезінде жазылған баға жетпес құжат. Ұлттық құн­дылықтардың алтын тамырынан ажырап қалған ұрпақтың адасары сөзсіз. Сондықтан, Президент жадынамасы сананы жаңғыртты. Сілкіндірді. Біз бұл еңбекті әрбіріміздің төрімізге іліп қоюымыз керек. Отбасымыздан бастап отандастарымыздың барлығына стратегиялық мәні орасан зор мақаланың түпкі идеясын үйретейік. «Сөз түзелді, ендеше, сен де түзел» деп Абай атамыз айтпақшы, болашағымызға бағдар айқындалды. Олай болса осы бағдаршамнан айныма, адаспа, бауырым!
Көреген Көшбасшымыздың бар екенін мақтан тұтайық. Ұлтымыздың ұлы ұстазы көрсеткен жарқын жолмен жүрелік!
Серпілетін, сілкінетін күн келді!

ҰЛТТЫҚ АСХАНА ЖӘНЕ ҰЛТ ҰЯТЫ

Ана бір жылы Мәскеуге жолымыз түс­кен. Внуково әуежайынан Санкт-Петер­бург бағытындағы ұшаққа отыруымыз керек. Оған әлі уақыт бар. Әуежайды аралап келген сапарластарымның бірі:
– Мына жерде өзбек асханасы бар екен, – деді.
Бардық. Өзбек халқының ұлттық нақыш­тарымен безендірілген дәмханада кісі көп. Палауын таңдадық. Дәмді. Самсасы мен пәтір наны да тіл үйіреді. Алматыға, Таразға жиі барып тұрамыз. «Узбечкалар» тағамды тым тәуір дайындайды. Өзіміздің Шым­кентте де өзбек тағамдары жетіп артылады.
Гарвард университетінің студенті Шың­ғыс Мұқанның айтуынша Нью-Йорктің өзінде оншақты өзбек мейрамханасы бар екен. Американдық қазақтар ұлттық тамақты сағынғанда сол мейрамханалардан табылатын көрінеді.
Мына түрік ағайындар Жер шарының түкпір-түкпіріне «Адана кебап» деген тағамын тез таратып үлгерді. «Адана кебап» атауымен Америкаңыздың өзінде айқайлап алдыңыздан шығатын көрінеді.
Ал, біз ше? Ұлттық тағамдарымыз дегенде қазақша ет, қуырдақ, қарын­бөртпе, мипалау, сірне, бауырсақ, құрт, ірімшік, жент, қымыз, қымыран, қазы-қарта, жал-жая деп шұбырта жөнелеміз. Бірақ, осы ұлттық тағамдардың қайсысын жарқыратып көрсете, насихаттай алдық? Кешегі ЭКСПО кезінде мұхит асып келгендер қазақтың қай тамағын сүйсіне жеп не ішіп, «осыны біздің қалада да жасауға болады екен ғой» деп оны қалай жасау керектігі жөніндегі нұсқаулықты алып кетті? Ештеңе дей алмаймыз. Неге? Өйткені, кезінде қымызымыздың өзін немістер патенттеп алып, сан соқтырып кете жаздады. Осыдан соң өзгеге өкпе жүре ме?
Сондықтан, облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық тағам­дарымызды насихаттау жөнінде бірнеше семинар өткізіп келеді. Соның ішінде, күнделікті тұрмыста әзірленбей, ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағам­дарымызды насихаттауда көп ізденістер жасады. Мәселен, «Көмбе» деген тағамды жеп көріп пе едіңіз? Оны былай жасайды. Жерді жарты метрдей қазады да ішіне от жағып, бүйірлерін әбден қыздырады. Содан соң, күлін алып тастайды да, қарынға салынған етті осы қуысқа салады. Қарын ауызына қамыстан ұзын түтік жасайды. Мұнан кейін ыстық топырақ пен күлді қарынның жан-жағына үйіп көмеді. Топырақ үстінен қызуы қатты от жағады. Осылайша, марқаның еті үлбіреп, әдемі піседі. Тіпті, сүйегіне дейін еріп тұрады. Жайлауда, жорықта жүрген жауынгер халық көмбені өте дәмді етіп пісіру тәсілдерін жақсы меңгерген. Қарынға түрлі дәмдеуіш шөп қосқан.
Осыны жақсы меңгерген қазақ Жер шарының әр түкпірінен келген туристерге бренд болатындай бірер тағам ұсына алмауы мүмкін бе? Ендеше, қазақ мейрамханаларына тән өзіндік стильдер неге қалыптастырмасқа?
Оңтүстік – туристер тартуға ең қолайлы аймақ дейміз. Мақтанғанда аспанға лақтыратын бөркіміз қайта түспейді. Сонда дейміз-ау, үнемі шекесінен қарайтын шетелдіктердің өзі «е, қазақтарда мынадай тамақтар бар екен ғой» деп таң қалатын ұлттық тамағымыз қайсы? «Бесбармақ» деймісіз. Келісеміз. Бірақ, оның жаймасы, тұздығы қандай? Қамыры қалың, бетінде кеуіп кеткен бірер түйір сиыр не қой еті бар тағамды «мынау біздің мақтанышымыз» деп қонақтарға көрсете аламыз ба? Әлде олардың алдына құда ретінде бас қоямыз ба?
Қалың қазақ шоғырланған Шымкен­тіңізде ұлттық асхана неге аз? Толып жатқан «Палау орталықтарға», «Гамбургер», «Лаваштарға», «Адана кебабтарға», «Түрік мейрамханаларына» қашанғы бара бермекпіз? Әрі-беріден соң Шымкент – Қазақ­станның қаласы емес пе еді? Ұлы ұятымыз қайда қалады сонда?
Рухани жаңғырамыз деп жатырмыз. Қоғамдық сананы өзгертпекпіз. Ол ұлттық құндылықтарынан бірте-бірте ажырап жатса, қалай жаңғырамыз?
Міне, гәп қайда?!.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.