Жиырма бес түрлі ой

  • 23.07.2018
  • 95 рет оқылды
  • 0

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
филология ғылымының кандидаты, жазушы-драматург

(қысқа  қайырымдар)

БҮТІН БАҚЫТ

«Күні кеше бір жігітпен жолықтым» деп сөз бастады Ол. «Айтқан әңгімесі жүрегімді қозғады, бойымды тітір­кендірді». Мен олардың арасында нендей әңгіме болды екен деп қызыға түскем. Тыңдауға аса ынталы екенімді де байқатып қойғам. Ол болған жағдайды мақамдап, әріден қозғап айтып, соза сөйлеген. Айтты: « Әлгі жігіт жетім болуы керек, не әкесі жоқ, не шешесі жоқ. Сосын да, жүрегі жаралы болып өскен білем!» Мен сөз астарын түсіне алмай, тұл жетім болмаса оны неге жетім дейсің деп өзімше ой суыртпақтай бастап ем, Ол сөзімді бөлді. Ары қарай тыңда деді. Тыңдай бергем. Тағы жалғады: “Сол жігіт айтады. Әр отбасында не әке, не шеше болмаса, ол жарты бақыт. Әр отбасында жақсы ана болып, ішкіш әке болса – ол жарты бақыт! Әр отбасында жақсы әке болып, заржақ, ақылсыз әйел болса – ол жарты бақыт! Қысқасы, бүтін бақыт деген төрт құбыласы тең отбасы! Әке өз орнында, шеше өз орнында болып, бала өз өмірін сүріп жатса қандай ғанибет! Көңілге кермек сезім ұяламайтын жарасты отбасы болу қандай тамаша! Міне, шын бақыт осылай өріледі…» Ойландырды. Ой салды санаға! Жөнсіз әңгіме емес! Әй, бірақ… Ол тілге тиек еткен бүтін бақыт кез-келгеннің қолы жете берер шың ба? Оп-оңай ма? Бола бере ме, ол?

БІЗ ҚАШАН ӨЗІМІЗГЕ  ОРАЛАМЫЗ?

«Қазақпыз ба? Қазақпыз. Елміз бе? Елміз. Ұлтпыз ба? Ұлтпыз. Өз мәдениетіміз бар ма? Бар. Әдебиетіміз қалыптасқан елміз бе? Әлбетте, солай. Бірақ, біз неге өлгенше өзге елге еліктегішпіз осы? Қазақ суретшісі тұрып, өзгенің мақтанын алдымен тілге тиек етеміз. Қазақтың ғажап сазгері бола тұрып, басқаға таңдай қа­ғамыз. Қазақтың өте талантты ақы­нын біле тұрып, оны емес, өзгенің ақынын аузымыздың суы құрып сөз етеміз. Бізде шамасы, талантты жазушы жоқ, тіпті, туып үлгермеген. Бізде шамасы, шетелмен тайталаса алар драматург жоқ, жуық арада болмайтын да сыңайлы. Оның есесіне басқа бір елдің жер-көкке сыйғызбай, мақтана тілге тиек етіп жүрген қаламгеріне ал, кеп қолпаш сөз айтамыз! Ал, енді, бізді тоқтатып көр! Айтпақшы, өзіміздегі басқа тілді театрлар қазақта драматург тумағандай шекесінен қарайтынын қайтерсің! Қазақ театрлары шетелге шығар болса, дереу сол елдің пьесасын сахналап әлек. Қазақ пьесасы тақиясына тар. Керісінше, өзге елден бізге гастрольмен келген ұжым тек өз туындыларымен таңқалдырады бізді! Осы, біз, өзімізге өзіміз қашан оралар екенбіз, а?» Бұл – оның монологы! Ол айтқан ащы шындық! Мен бір ауыз сөз қосқам жоқ! Тіпті, қазір де пікір айтпаймын. Сіз ше? Сіз қандай ой үстінде отырсыз? Мүмкін, Ол артық кетті ме?

ЕСТІ АЗАМАТТЫ ІЗДЕУ

«Тойға бардым» деді Ол сөз бастап. Бірақ, сөзінде ешқандай қуану лебі байқалмайды. Қайта әлденеге алаңдау бар. «Сол тойдан, сенесің бе, өте қатты шаршап қайттым. Кеудемді әлдебір кермек ой қайта-қайта сығымдай берді». Мен оны қостай жөнеліп, «е, сөз сөйлегіштер болар, малтасын езіп, әбден мезі еткен болар» деп өзімше жалғап әкетіп ем, Ол мені тоқтатты. «Мәселе сөйлегіштерде, мылжыңдарда емес, оларды қойшы, мүлде басқада» деді. «Жанымда алпыстан асқан аға-азамат отырды. Сол айтты. Осы күні той-томалаққа бара қалсам, есі бар есті азаматтарды іздейтін болыппын. Ондай жандармен әңгіме-дүкен құру да бір ғанибет. Жасап қаласың! Жаның жадырап сала береді. Өмірге деген құлшынысың оянып кетеді. Өкінішке орай ондай адамдар мүлде аз, тіпті көріне бермейді. Күндіз шырақ алып іздесең де таппассың! Сөзі салмақты, әңгімесі салиқалы, айтары маңызды жандар, сірә, тым азайып кетті ме деп қорқам. Бұл сұмдықтың басы! Елдің елдік қасиетінің күйрей бастауы. Кейінгі ұрпаққа сөзінде мән жоқ, өзінде ой жоқ, күлдібадам-дәлдүріштер жол-жоба сілтейтін болса, нағыз құрдым жолы әне, сол болмақ!» Ойлана тыңдағам. Кеудеме әлдебір ащы сезім ұялап қалғандай. Жаным сыздап қоя бергені. Жер бетінде есті адамдар азайып-азайып, тіпті, жоғалып кете берер болса, ертеңге кім ие? Кімге сенер екенбіз? Кім ие ертеңіне? Уа, адамдар, мына фәни дүние сіз бен бізден соң аяқталмайды ғой!

СӘЛЕМДЕСУДІҢ ЖӨНІ

Шаршапты. Шаршағаны көзінен де, өзінен де көрініп тұрды. «Ай, адамдар-ай!» дейді Ол күрсініп қойып. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым!.. Көшеде мың-сан адамды көресің. Бәрі де әдемі киінген. Жүріс-тұрысында бір мін болсашы. Ғажап! Қарсы келе жатқан әнебір жас жігіттің езуіне күлкі келіп қалғандай екен, менімен амандасуға икемделгені болар деп ішімнен сүйсіне қарағам. Қайдан! Жанымнан түк көрмегендей боп, кердең қағып өте шықты. О, тоба! Ә, әне бір бұйрабас жігіт иманжүзді екен, ернінің ұшымен болса да амандық сұрар дегем. Ол да байқамаған боп өте берді. Үлкен көшені бойлап бір сағат жүрген кезімде бір адам маған бас изеп сәлемдеспеді-ау! Міне, біз осындай болып барамыз! Тасжүрек дейсің бе, мейірімсіз дейсің бе – кім десең о де, бүгінгі адамдар безбүйрек. Тіпті, сәлемді айтасың, кейбірі өзіңе одырая қарап, екі көзімен ата, сені жеп қоя жаздайтыны да бар. Сескене, көз жанарыңды тайдырып әкетесің. Машайықтан қашайық деуші ме еді, қалай еді? Қысқасы, мен байқаған бір шындық – бүгінгі күннің адамдары сәлем деген сыпайы мінездің сырлас досы және иманжүзділіктің түп атасы екенін мүлде ұмытқан. Естен шығарған». Оны тыңдап отырып, ойша талай адамдарды мен де көз алдымнан өткіздім. Өзіммен амандаспайтын кісілер қаншама! Тіпті, мен бас изеп жатсам да, иілгісі келмейтінін қайтерсің!
***
О, сәлем! Сенің де қадір-қасиетің қаша бастағаны ма?

АҚЫЛЫ АСҚАҚ, ОЙЫ ОЗЫҚ…

«Мына дүниеде әсіресе не нәрсе барынша қауіпті?» деді Ол маған сұраулы жүзбен қарап. Мен иығымды қиқаң еткізгем. Аяқ астынан қалай жауап бере салам! Жауабым ұнай ма оған, жоқ ұнамай ма? Ол менің жауап сөзімді күтіп тұрмады, қайтадан сөзін жалғаған. « Саясаттың айналасында жүретін сайқымазақтар – оны ойыншық етеді. Діннің айналасында жүрген дүмбілездер – оны мазақ алаңына айналдырады. Әдебиеттің айналасындағы әпербақандар –оны шөре-шөре жасайды. Қысқасы, қай салада болмасын, ақыл мен парасат алдыңғы кезекке шықпай болмайды. Орта деңгейдегі, одан да төмен жатқан «данагөйлерден» қоғамға да, адамға да пайда шамалы. Аман жүрсін дейсің ғой әйтеуір! Ақылдың асқақ, ойдың озық түсіп жатқаны қандай ғанибет! Санасы биік жандар қай салаға барса да, «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» алып шығары имандай кәміл!» Ішімнен әріптесімді қостағандай боп, әр салалы ойға кіріп кетейін. Рас-ақ! Ақылы асқақ жандар – айбынды! Ойы орман адамдар – өрелі! Саясатты сыздықтатып, дінді дөң­гелентіп, әдебиетті әуелетіп, жаныңа жылы әсер құя, бойыңды балқытып ала жөнелер жақсылар, санасында сәулесі барлар қандай дерсің! Барсыңдар ма, байыпты ойдың бағбандары?

АДАМЗАТТЫҚ ӘДЕП

«Осы екеумізге өте жақын халық – қазақ бар ғой, соншалық әдепті ел ме?» деп сауал берді Ол. Мен жұлқына сөйлегем. «Әрине, әдепті. Жер жүзінде қазақтай жомарт, қазақтай қонақжай, қазақтай кеңпейіл қандай халық бар екен!» Ол күлді. Миығынан. Мысқылды пішінмен. Ішімнен жақ­тырмадым. Сөзімде не сөкеттік бар? Ол сөзін әрі қарай жалғады. Айтты: « Өзгеге сонша мейірімді, сонша ақкөңіл болып көрінетін қазағың өз ішінде қандай? Бір отырыста отырған екі жігіттің /екі жүздің жігіті/ басы піскен кезін көрдің бе? Бір мекемеде қызмет ететін екі азаматтың /екі рудан/ шексіз сыйласып, мөлтек көңілмен араласқанын байқадың ба? Бір мәртебелі сыйлыққа ұсынылған қазақты екінші қазақтың сыртынан барын сала мақтағанын-қоштағанын кездестірдің бе? Жалпы, қазаққа қазақтың биік баға бергенін де көре қою қиындап кетті білем! Тартыншақ қазақ жылдан-жылға қусырылып-қымтырылып барады. Барған сайын бір-біріне салқынқабақ. Күн өткен сайын кесір мінезге әуестік. Сағат сайын – сілкінбе мінез!» Не дерімді білмедім. Мен де қазақ, Ол да қазақ. Тағы да сол қазақты жағадан алып тұрмыз. Тағы да сорлы қазаққа біз тығып жатырмыз… Адамзаттық әдеп қандай, онда бір тиын шаруамыз болса кәні?

ӨМІРДІҢ БИІГІ

«Мына өмірдің биігіне жете алмай жүрген жандар өте көп» деді Ол. Сөзіне әуелде түсіне алмағам. Өмірдің биігі дегені не сөз? Өмірді жақсы сүруге, орташа сүруге, тіпті, орташадан төмен сүруге болады. Бірақ, қалай десең де, ол – өмір! Біреуге ұнар, біреуге ұнамас – бәрібір өмір. Сол туралы айтпақшы болып оқталып тұрғанымда, Ол сөзді өзі жалғап әкетті. Былай деді: «Өмірдің де деңгейі бар. Кейбіреулер орта деңгейде қалып қояды. Кейбіреулер оған да жете алмай тоқтайды.Ал, біреулер… биікке, шыңға ұмтылады. Алыстағыны алғысы келеді. Қол жетпеске тырмысып бағады. Бірақ, ондай биікке жететіндер бар ма? Жетіп пе бір пенде? Өмірдің биігі – нағыз батыл, жүректі, қайсар, бірбет, алғыр, табанды, күрескер адамның ғана жете алар шыңы білем! Өмірдің биігіне жете алмай, қыршынынан қиылғандар қаншама!» Ойланып тұрмын. Біз мұны мүлде басқаша бағамдаймыз. Біреу бір іске барын салып кіріссе, өзі тойымсыз жан екен дейміз. Тоқтамай қойса, жердің жыртығын жамайын деп жүр ме дейміз. Тәубасы жоқ адам ғой деп сыртынан келемеждейтініміз тағы бар. Сонда, адамның талпынысы деген не? Оның көлем-мөлшері бар ма? Жоғары-төменін анықтауға бола ма? Жоқ! Мүлде жоқ! Оны ешкім де айта алмас.
***
Демек, өмірдің биігі де жұмыр басты пенде үшін таусылмас шексіздік. Жету қайда-а!

ОЙДЫҢ БИІГІ

Ол маған енді адам ойы туралы сөз қозғаған. Әңгімесі ә дегеннен қызық басталды. Айтты: «Сен қаншалықты биік ойлай аламын деп ойлайсың? Ойыңның деңгей-дәрежесі қандай? Оны өлшеп көрдің бе?» Аң-таңмын. О заманда бұ заман, ойдың да өлшемі болады дегенді осы қазір естіп тұрмын. Жауап айта алмай, тұтығып тұр едім, Ол күлді де, тағы да сөзін әрі жалғай берді. «Тереңнен қозғай білген жанға ойдан биік ештеңе жоқ. Өйткені, ой сені алыс шексіздікке алып кете алады, зеңгір аспанның қат-қабатына мидай араласып кете барасың. Әрине, қиялың жүйрік болса… Бірақ, біздің заманда қиялы қысқа адамдар көбейді. Ойы шолақ. Текірек. Әріге шаба біл­мейді. Ең сұмдығы – мына өмірді сол өзінің қысқа қиялымен бағалайды. Кем өлшейді. Сосын да, өмірдің бүгінгі сиқы – қырық жамау! Қайда қарасаң да көретінің жүдеу көрініс. Адамдарда асқақ арман үзілген. Ел сенген қызметкерлердің адымы қысқа, айтары қасаң. Ел оқитын әдебиеттің ойы күрмеулі, оқиғасы шашыраңқы, кейіпкері «кесел». Елге жөн сілтейтін шешендердің сөзі де қиқы-жиқы, астарсыз әңгіме, түйірсіз көпірме сөз. Шіркін, берсең ой биіктігін бер менің халқыма!» Қосылдым. Оның айтқанына. Артықтығы жоқ. Дөп сөйледі.
***
Расында да халқыңның ойы биік те асқақ болғаны қандай ғанибет!

СӨЗДІҢ БИІГІ

«Біз сөйлей білмейміз, сөзге мағына бермейміз, мән бермейміз» деп, ол екпіндеп сөйлеп кетті. «Айтатынымыздың бәрі де белімізден аспай жатады. Сөзіміз шашыраңқы, әңгімеміз нәрсіз». Мен «барлық қазаққа бұлайша кінә таға беруге бола ма» деп дау айтпақшы болғам. Ел ішінде сөз мәйегін түсінетін, сөзді өнер деп білетін адамдар аз ба? Талайымен күнбе-күн кездесіп те жүрміз. Жүйелі әңгімесіне құлақ төсеп те келеміз. Бәрін жоққа шығара беру – аса білгірлік пе? Енді, сөзге ілгек сала бергенімде Ол тағы бастырмалатты. Былай деді: «Сенің ішіңдегіні сезіп-біліп тұрмын. Рас, сөзді сөйлей алатындар баршылық. Айтары да салмақты кісілер жоқ емес. Бірақ сол кісілердің көңіліне келмесін, сөз деген құдіреттің биік шыңына еркін көтеріле алатындар ілуде біреу. Әйтпесе, ол да жоқ. Бәрі төменде. Етекте. Сөйте тұра, «сөз айта аламыз, сөз құдіретін түсінеміз» деп бөседі. Жоқ! Олар сөз деген кереметті әлі толық танып білген жоқ! Тек тану жолында. Сөздің биігі – заңғар шың ғой. Шексіз алыстық қой. Көз де, көңіл де жете алмас сағым әлем! Сөз биігінде жолығатындар өте сирек. Олар тым сирек!» Айтсам ба деген ойымды амалсыз ауыздықтадым. Жұтып қойдым. Бір сәт сөз деген құдіреттің соншалық биік болатынын, тым алыста екенін ойлап, қиял әлеміне сүңгідім.

ОЙБОТҚА

Ол маған мынаны айтты: «Кей­біреу­лер ойдан шаршадым деп жатады. Жоқ, ойдан кісі шаршамайды. Мәселе – қандай ой екендігінде. Ойдың да ойы бар. Қиялыңа ерік бере берсең, сені қайда бастамайды, а? Түкке тұрмайтын, мәні де, маңызы да жоқ ойлар бар – мезі етіп, миыңды ашытатын сондай ойлар. Оны, асылы, ой демеу керек, ойботқа десе дұрыс шығар. Міне, кісіні қалжыратып, есінен алжастырып, есалаң ететін –ойботқа сезім! Жөні түзу, санаңа сәуле кіргізер, ақылыңа ақыл қосар көшелі ой- кімге де керек! Әбден керек!» Осылай деді. Ойландырып тастады мені. Қай-қайсымыз да ойланамыз, еркін қиялға ерік береміз. Ал, сол ойымыз… ойботқаға айналып кетіп жатқан жоқ па, а? Бәрін былықтырып, қойыртпақ жасап, өзімізді де, өзгені де шаршатып жүрген жоқ па екенбіз, а? Сіз бұл жайлы ой толғап көрдіңіз бе?

БАСҚАНЫ ЖАРЫЛҚАҒЫШ ХАЛЫҚ

Ол айтты: «Сен мына жәйтке көңіл аударып көрдің бе? Осы біздің халық тым жалпақшешей. Қалай дейсің бе? Айтайын. Өз үйіндегі ең тәттіні өзіне, балаларына емес, келмекші құдайы қонағына сақтап отырады. Оны қоя берші. Одан да жоғарылайық. Бір топ қазақ тұрған жерге өзге ұлт өкілі келе қалса, дереу соның тілінде сөйлеп кетуге асығады. Оны да қойыңыз. Біздің өнерде де тап осы жағдай берік орын алған. Айталық, қазақтың драма театры өзге елге гастрольге бармақшы болса, аяқ астынан сол елдің бір драмасын сахналауға жанталасады. Әйтпесе, ұят! Бұны да білеміз дейсіз бе? Жарайды, оны да сөз етпедік. Ал, енді мынаған не дейсіз? Біздің ауылдағы соғыс ардагері немересіне Иванильин деп ат қойды. Түсінбедік. Сөйтсек, майдандас досының аты мен фамилиясы екен. Сонда, дейміз-ау, әлгі майдандасы өз елінде бір ұрпағына қазақ есімін бере ме? Әй, қайдам! Жаса! Жасай бер, басқаны жарылқағыш халық! Басқа не деймін саған!» Кеудемді кермек сезім баурап әкетті. Оған ештеңе де айта алмадым. О, тоба! Біз расымен осындаймыз ба? Осындай елміз бе шынымен?..

СӨЙЛЕМЕЙТІН АДАМ

«Біз екеуміз де сөйлегіштер санатына жатамыз ғой» деп күлді Ол. «Ал, мына жарық әлемде мүлде сөзге жоқ кісілер де өмір сүріп жатыр. Жақында мен жолсапарға шығып қайтқам. Поезбен. Екі орындық купемен. Жаныма орта жастағы бір кісі жайғасқан. Өте сәнді киініпті. Жүріс-тұрысы жинақы, адам қызығарлықтай. «Мәдениетті кісі екені айтпай-ақ сезіліп тұр» дегенім ғой. Ішімнен қуанып сала бергем. Жол ұзақ. «Барар жерге жеткенше әңгіме соғатын болдық қой» деп ойлағамын. Кей-кейде кісі әңгімеден де ләззат алатын сәттер болмай ма! Алайда, менің ойымдағыдай болмады. Ол сөйлемейтін кісі екен. Әңгімеге де жоқ. Сауал берсең де, жауабы өте қысқа! Сосын, не айта бересің. Ұзақ жолда екеуміз үнсіздікті қаладық. Мен емес, оның қалауы. Ыңғай бермеген соң, бейсауат сөйлей беру де ыңғайсыз көрінеді. Тоқтадым. Тежелдім. Өмірімде бірінші рет сөзге жоқ адамды көрдім. Сөзге мүлде жоқ адамды…» Тыңдап отырып, іштей мен де кейбір таныстарымды еске алдым. Көп емес болар. Аз да болса, ондай жандар бар. Әредік кездесіп те қалады. Бірақ… мен де сондай адамдарды еш түсіне алмаймын. Тіл сөйлеу үшін беріледі. Пенде-пенде болған соң да бірде артық, бірде кем түсіп жатады. Онда тұрған не бар? Әй, бірақ… көп мылжыңдағаннан үнсіз қалған да кей-кейде ұлылық па, екен?

***
Қайсысы дұрысырақ? Кім айта алады осы арасын?

ТАҢДАНУ МЕН ТАҢҚАЛУ

Бір әріптесім бар. Ол да қаламгер. Ол да жап-жақсы жазады. Бірақ, оны да не мақтап, не даттап жатқан сыншы жоқ. Аты не бар, не жоқ. Мен үшін емес, әрине! Сол әріптес-қаламгер бір жолы маған мынадай әңгіме айтты: «Өткенде менің жұмыс орныма бір азамат келді. Аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Айтсам – араларың суысып кетер. Соның сөзіне таң қалдым. Сен туралы айтпағаны жоқ. Өзіңді әбден сыбап алды. Кісілігі төмен жігіт деді. Жарайды. Оны қойшы. Осы күні біреу біреуге ұнай бермейтін заман болып барады ғой. Оның үстіне қызметте жүрген адамның әркімге жаға беруі де екіталай. Сосын, сөзін жалғай түсіп, «оның жаз­ғандары түкке де тұрмайды, таланты кемшін, өресі белгілі» деп төгілдірді. Тоқтаттым. Сенің жаз­ған­дарыңды мүлде оқымаған болсам, әрине, мен де бас изей берер ме ем. Қия­нат сөзге шыдамадым. «Ау, сол өзің жамандап отырған қаламгердің қай шығармасын түгел оқып шықтың?» деп қарсы сауал бердім. Жауабы қысқа. «Оқитын не бар дейсің онда, жалпы деңгейі белгілі ғой» деп салды. Қиналмай сөйлейді. Қысылмай айтады. Обал-сауап дегенді әсте естен шығарған жан секілді. Оған қорқа, үрейлене қарадым. Тап қазір сенің сыртыңнан ату жазасын шығарып жіберетіндей денем түршігіп кетті…» Оны тыңдап отырып, менің де денем түршікті. Таңдану да бар. Таңқалу да бар. Ештеңе түсінген жоқпын. Тек жүргенді де тепкінің астына ала беретін осы әдет бізге қайдан жұқты? Қазақпыз ғой, біз!

***
Осындай қазақпыз! Басқа кім болушы ек?

СӨЗГЕ ТҮСІНБЕЙТІН АДАМ

«Ит ашуымды келтіргенін қарашы оның!» деп Ол күйіне сөйледі. Аң-таңмын. Кімге ренжіп тұр? Кіммен айқайласып қалды екен? Аяғын күте түскем. Сабырмен күткем. Ол сөзін қайта жалғады. Айтты: «Өзі сұрақ береді. Сосын, жауабын күтеді. Ойланасың. Басыңды қатырасың. Жауабым мәнді болса екен деп, біраз қиналасың да. Содан соң, осылай да осылай деп, бар білгеніңді айтпайсың ба! Тыңдайды. Тыңдауында мін жоқ. Бірақ… түсінбейді. Қалай құйқылжытып айтсаң да еш қабылдамайды. Неге? Не үшін? Неліктен? Аузынан осындай сауалдар саулап қоя береді. Ал, басыңды қатыр! Ал, қара терге түс! Ал, қинал! Әу баста түбі түсіндірермін, қайтсем де құлағына құярмын деп үміттеніп ем. Санасына жеткізермін деп жанталасып бағып ем. Қайда-а! Ол қандай адам дейсің бе? Шамасы, сөзге түсінбейтін адам. Сөз мәнін өз бетінше бағамдап жатпайтын жан болар. Қысқасы, сол күні ол мені қатты шаршатты. Қажытып жіберді мәнсіз сұрақтарымен…» Тыңдап тұрып, не күлерімді, не қуаттарымды білмей, аңтарылып қалғам. Рас-ау, түсінбейтін адамға ақылды сөзің де қор болып кете барады. Бәріміздің де басымызда бар емес пе бұндай жағдай! Ол емес, өзің қорланасың! Асылы, пендәуи тірлікте қорлықтың ең үлкені осы ма деп қаласың кей-кейде…

АР СӨЗІ
(монолог)

«Сөздің төресі қайсы? Сіз өзіңіз айтатын сөзге мән бере білесіз бе? Айтпай тұрып, бір сәт ойланып алу да ақылдың белгісі деседі ғой кешегі ғұламалар. Осыны ойлап қоясыз ба? Бір досымнан осыны сұрап көріп ем, ол шалқасынан түсті. «Сен де айтасың-ау, адам күнбе-күн қанша мыңдаған сөз сөйлейді. Соның бәрінде алдымен ойланып тұра ма? Сөз – байланыс құралы. Адам мен адамның арақатынасына аса қажет ілгек. Олай болса, адамның әр сөзінен саяси астар іздегенді бұдан былай доғар!» деп өзімді тығырыққа тіреген. Ол мені түсінбеді. Бәлкім, өзім дұрыс түсіндіре алмадым ба? Қысқасы, былай. Әр адам сөйлегенде ар сөзін айтса екен деген тілек! Ар сөзі – ақиқат сөзі! Адам өз ары алдында ешқашан өтірік айтпайды. Айтқысы келсе де, биік ары ондайға жібермейді. Ар сөзі – адамзатты жарқын заманға бастайтын баспалдақ болмақ! Ар сөзі – өтірік атаулыны өшіреді, қиянат атаулыны қашырады, зымияндық атаулыны зынданға тығады, көлгірсу атаулының күлін көкке ұшырады. Жаса, Ар сөзі! Жаса, Жүрек сөзі!..»

ТӘРТІП ПЕН ҚҰЛДЫҚ

«Сені қайдам, өз басым осы күнге дейін бір нәрсеге түсіне алмай келемін» деді Ол салалы әңгімені бастамас бұрын. «Жас адамды қалай тәрбиелеу керек? Нені көбірек айту ләзім? Қандай әңгіме оның мінез-құлқына көбірек пайдасын тигізеді? Осы жағын терең таразылап, кеңінен ойламауымыз қалай? Үлкендер үшін ең бір кешірілмес күнә бар болса – ол осы деп ойлаймын!» Мен сөз астарын дереу түсіне алмағам. Қай жерде болмасын үлкендер өсиет сөз айтудан өзге не деуші еді? Оны құлаққа құйып алар жас болса, әрине! Бірдеңе деуімді күткен де жоқ, тағы өзі жалғады әңгімені. Былай деді: «Саған тәптіштеп айтайын, құлағыңа құйып ал! Мен қорқатын бір нәрсе бар. Мен ғана емес, бәріміз де қорықсақ болады осыдан. Ол не дерсің? Ол ма? Ол – бүгінгі белсенді топтардың аузындағы адуын сөздер! Ащы сөздер! Кермек әңгімелер! Үндемей жүрген, тәрбиелі, ұяң мінез жасқа «құлдық санадан қашан құтыласың?» деп тап-тап береді. «Ойыңды ашық айт, дауыс көтер, еркін көсіл» деп ақыл берген болады. Ойлап қарашы, әрбір ойланбай жасалған қадам мен еркін қимыл аяғы тәртіпсіздікке әкеліп соқса ше? Бұзақылыққа ұласып кетсе ше? Демек, құлдық санадан құтылу деген – бос көкіректену мен айбат шегу емес, тәртіпке бағына отырып, ой тұңғиығына сүңги білу. Ақыл-парасатқа көбірек жүгіну! Өз деңгейіңді өзің мейлінше көтере түсуге күш салу! Санаға жақсы ой-сезімдерді молынан ұялата білу! Сен осыны ойладың ба? Ойлап көрдің бе, осы жайлы?» Тағы да тосылдым. Аяқ астынан бірнеңе деу – тіпті де, мүмкін емес! Ойландырар сөз! Ой салар тұжырым! Мұндайда не дерсің? Сөйлемедім. Тіпті бірауыз да бірдеңе айтпаған күйі қала бердім.

САҒЫНҒАН КӨЗДІҢ МОНШАҒЫ…
(мөлтек сыр)

Оны қатты сағынам! Үздіксіз сағынам! Шексіз сағына берем! Бұл – ұзаққа созылған сағыныш! Менің жан-дүниемде өшпей келе жатқан, өшпейтін де ұлы сағыныш! Бастауын бала күннен алатын осы мөлтек сезім неліктен маған өмірлік серік ой болды? Өзім де таңқалам. Талай заман өтті, талай су ақты, талай-талай күн мен түн алмасты. Ол кездегі өмір мен бұл кездегі өмірді де салыстыра алмайсың. Жер мен көктей. Ой мен қиял, сезім мен түйсік те талай-талай сынақтардан өтті. Астық, тастық. Бұрқ-сарқ қайнадық. Аспандап барып, қайта жерге де түстік. Не заман өтпеді дейсің мына бастан! Мықты сындық. Өзгеге мұрын шүйіре де қарадық. Кеудеге нан пісті. Сосын… бәрі қайта орнына келді. Тек таң қалатыным – өзіңе деген ып-ыстық сезімнің сол пәк қалпында, сол шынайы күйінде сақталуына не себеп? Сол бір сартап сағыныштың еш өзгеріссіз, бастапқы қалпында жүрекке орнап қалғаны ғажап! Өзім де түсіне алмас ерекше жағдай! Осындай да сағыныш болады екен-ау! Әлгі, Айбергенов ақынның «Қайтейін, жаным аңсады, сабыр да керек десек те, сағынған көздің моншағы, шашылып жатты төсекте» деп жазатыны тап маған арналғандай. Мен сені өмір бойы сағынумен келем, жан бауырым! Осынау, сағынышты өзімнен бөлек ешкім де дәл мендей сезіне алмас! Сен менің жүрегімдесің, інім! Мына пәниде он-ақ жыл өмір кештің! Он жыл ғана мені қуантып, жанымды жылытқансың! Сенсіз өмір кешіп жатқаныма да, міне, 45 жыл! Үзілер алдында ғана маған «мен кенет өліп қалсам, сен мені ұмытпашы» деп ең! Жо-жоқ, ұмытқам жоқ! Қалай ұмытам? Қайтіп ұмытам сені, жан бауырым? Сен тек менімен бірге өлесің! Мен тіріде өлген жоқсың, Нартай! Ізімнен ерген асыл інім, қымбат қазынам, ет-жүрегім, жан жылуым-м…

ЕЛ ЕСКЕ ТҮСКЕНДЕ…
(мөлтек сыр)

Сағыныш деген – ең қымбат қазына. Сағына білмегендер – шын бақытсыздар! Есейген сайын осы сағыныш деген ға­жайып құбылысты ешбір түсіне алмайтын болып барамын. Бұл қандай сезім? Оның өлшемі қандай? Оны көркем тілмен бейнелеп айта алармыз ба? Бар ма сол құпия қалпында бейнелеп бере алған жан? Әй, қайдам! Есейдік демекші… жас алпыс деген ауылға қарай еңкейе бастағанда ең алдымен туған елді, кіндік қаның тамған жерді еске түсіреді екенсің. Өйткені, өмір соқпағы сол жерден басталған, ал, қай жерде үзіледі оны бір Аллам білер! Сыр бойындағы Жаңақорған елді мекенінің аумағындағы Қыраш деген кішкене ауыл! Бәрі туыс, бәрі ағайын! Бөлінер жөні жоқ! Бір атаның балалары…Сол ауылда менің бала күнгі достарым тірлік кешіп жатыр. Оларға қызмет қызық та қат емес. Оларға билік деген сөз де анау айтқан асқақ ұғым бола алмайды. Оларға өз өмірлері қызық. Өз өмірлері аса маңызды. Тек…біреулер тұнығын ылайламаса болғаны. Баяғыда-а… мен «журналист боламын» дегенімде көп достың бірі «ауылда қалсайшы, қайтесің бас қатырып» деп еді. Әттең, тыңдай салуым да керек пе еді сол досымды! Жә, болар іс болды! Енді, кері шегіну жоқ! Журналист те атандық, ептеп жазу­шылыққа да бой ұрдық, драматург те болып кете жаздадық. Жеткен сайын жетпеген болып көрінесің. Жеткеніңнен жетпегенің басым болады да тұрады. Бұл не? Талай-талай үлкен басылымдарға шықтық. Көсіліп жаттық. Суретіміз де молынан басылыпты. Бірақ… соның қай-қайсысы да өзім туған аудандағы газетке басылған шағын мақаланың көл-көсір қуанышын сыйлай алмаған. Бұл не? Туған жер туралы көлемді мақала да, әңгіме де, тіпті, роман да жазыппыз. Кітап болып басылыпты да. Алайда… ол да тап аудандық газеттегі кішкене мақаланың шаттығын көңілге ұялата алмай жатты. Бұл қалай? Шіркін, сол шағын ғана дүниемде менің туған мекенге деген шынайы сезімім, бала махаббатым, шын іңкәрлігім жасырынып жатқаны ма? Оны түсіну үшін осынша уақыт керек болғаны қалай? Неге ұзақ-қ уақыт сезіне алмай келгенмін? О, туған жер! Сен менің кішкентай жүрегімде аудандық газетке алғаш басылған кіп-кішкентай мақалам сияқты мәңгі орнап қалғансың! Саған деген асыл сағынышым мәңгілік! Ол өзіммен бірге кететін асыл сезім! Алғаусыз ақ сезім-м…

АДАМДЫ ҚУАНТАТЫН АДАМ
(өте шағын әңгіме)

Оны жек көретін кісіні естісем екі құлағым таскерең болсын. Рас айтам, елдің бәрі құрақ ұшып, өлердей жақсы көреді. Тіпті, қисая сөйлегіш қыңыр кісің де ол дегенде жайылып сала береді. «Ол ма, оның жөні бөлек қой» деп, жылы әңгіме айта бастайды. Таң қаласың! Мына тірлікте бір кісіні бір кісінің дұрыс түсіне салуы ақырзаманға айналып кеткен кезде, екінің бірі басқаның сыртынан ат айдап жатқан дүниеде неге екені белгісіз, бар адам оны мақтайды. Қызғанып отыр дейсіз бе? Жо-жоқ, қызғанып қайтем! Қайта таңқалып отырмын. Арамызда осындай мінсіз пенденің бар екеніне…Ана жолы мен де онымен ойда-жоқта кездесе кеткем. Бір жиында. Амандасқам. Ол дереу менің қолымды қысып алды да, көпке дейін жібермеді. Талай уақыттан бері таныс досыңдай. Тіпті, тонның ішкі бауындай ыстық ықылас. Таптырмас туыс көңіл! Жаныңа барынша жақын адамдай. Сөздері ше? Жүрегіңді жібітеді. Бойыңды балқытады. Түймедей ісіңді түйедей етеді. Көз алдында тұлғаға айналып шыға келесің. Сенбейін десең, сөзі мәйін. Жан-жүйеңді аралап бара жатыр. Бір сағатқа жетер-жетпес уа­қытта ол мені бақытты етіп тастады. Дүниенің бар бақыты – менің басымда екен. Өзім де байқамай жүріппін. Сосын, жып-жылы қоштасқан. Мен де қия алмай тұрдым…Міне, сол күннен бастап оны мақтай бастағам. Айтқым келеді де тұрады ол жайлы. Ойыма түсе береді. Кездесуге де асықпын. Көргендеріңіз бар ма оны? Қайда жүр екен, а?

КӨҢІЛ АЛАҢЫ

Ол бүгін өте жайдары. Көңілі шал­қып-ақ тұр. Көздерінен өмірге ризалығы да ап-айқын көрінеді. «Сен осы көңіл алаңы туралы не білесің?» деді маған. Сөзіне түсінбедім. Осындай да сұрақ болар ма? Иығымды еріксіз қиқаң еткізсем керек, Ол әрі қарай тағы да сөзін жалғады. Былай деді: « Кісінің көңілі деген өмір бойы өз құпиясын ашып болмас түпсіз әлем. Адамдар неге аяқ астынан ренжиді? Адамдар неге аяқ астынан шаттанып сала береді? Адамдар неге бірде олай, бірде былай? Оның басты құпиясы – көңіл түкпірінде тұмшаланып жатады. Біз, адамдар, кей-кейде сол көңіл деген көкжиектің алаңына да үңіліп отыруымыз қажет. Көңіл алаңы – кінәмшіл! Оған өзгеше әлди, бөлек құрмет болмаса болмайды. Әйтпесе, көңіл айнасы кірлейді. Кір басады. Мына заманда көп адамдар өзінің де, өзгенің де көңілін кірлетіп алып жүр. Кірлеген көңіл – айықпас дерт! Ал, дертті адамдар ашушаң, бетпақ, жұ­лынып тұрады. Содан барып жер бетіндегі барша айтыс-тартыс, ұрыс-төбелес, соғыс-соқтығыс туындайды. Ең әуелі көңіліңе қара! Соның бабын тап!» Ол осылай деп сөзін соза айтып, тоқтай берген. Мен еріксіз бас изеп қалдым. Ештеңе де демедім. Не айтам? Не қосуға болады осы әңгімеге?

***
Бәлкім, сіз қосарсыз? Ойланып көріңізші?

ЖАЗУШЫ ДЕГЕН КІМ?

Ол айтты: «Кеше күні бойы жазушылармен айтысып-тайталасып, әб­ден сілеледім. Бірінің сөзі бірімен қабыспайды. Бірін-бірі қолдамайды. Бұл өзі қандай халық жазушы деген?» деді. Мен күлдім. Ол бетіме бажырая қарады. Одан бетер күлдім. Ол «сені жын қаққан ба?» деп ренжи сөйледі. Күлкімді әзер тежеп, оған жазушы-ақындардың өзгеше жаратылыс екенін аз-мұз түсіндіре бастағам. Сосын барып, ашуы тарқап, қайта сөз жалғады. Былай деді: «Әуелі біреуімен тілдескем. Ол көркем шығармада ағыл-тегіл тіл болмаса, асып-төгіліп жатпаса, онда қанша жерден әспеттесең де, жазушы емес» деді. Көкейге қонарлық сөз. Тіл тұңғиығын қаламгер білмесе, кім білмек! Енді, екінші біреуімен сөйлескем. Ол айтты: «Тіл біледі екем деп ойға келгенді елеп-екшемей, бар бояуды баттастыра беру – аса талант белгісі емес, шама келсе қысқа, нақ, дөп тиер тілмен қайырып отырғанға жете ме!» Бұныкі де шындық аулына қоңсылас. Осы күні сөзден сөз балалатып, қысқа қайыратын нәрсені ішекше созып жіберетіндер де баршылық. Оқып болғанша төзіміңді тауысып, әбден сілелетеді кейде. Үшінші қаламгермен сөйлесе қалып ем, ол мүлде басқаша сайрап ала жөнелсін. «Тіл көркем шығармада ең басты нәрсе емес, бастысы – ой! Терең, тылсымды, түпсіздікке бастар астарлы ойы жоқ шығарма – дәмсіз аспен тең!» деді. Мен оларды тыңдап, әрі-сәрі күйге түстім. Асылы, жазушылардың шығармаларын оқи сала «па, шіркін» деп таңдай қаға бермей, санада салмақтап, қалай, қандай ерекшелігімен бағалаған жөн, ә? Бүгін күні бойы осы ой үстіндемін». Ойланып тұрмын. Не десем екен? Қазіргі кезде ұзақ романдар оқылмайды, артық-ауыс су­реттеулерді де ауыздықтаған артық емес, тілді де мейлінше тұсап ұстап, нақпа-нақ жазар күн келді, ой-идея соңына түсіп ке­тіп, алыстан қайырмалайтындарды да жас оқырман қабылдай бермейтін болып барады, т.с.с. айтып, оған өзімше «лекция» оқымақшы да едім. Бірақ, олай етпедім. Кім біледі, мені де сол көпіре сөйлеп, көңілін қалдырған көп қаламгердің бірі екен ғой деп түңіліп кетіп жүрсе… «Жазушылық – сиқырлы әлем!» дедім бар болғаны. Ол бетіме қарады. Көзінен «сені де есі бар адам деп әңгіме айттым-ау» деген күдік ойды оқып қойдым…

ТАЗАЛЫҚ
(өте шағын әңгіме)

Қыз келді. Өзі. Сөйлеген жоқ. Жанына отырды. Жігіт қарады. Көзіне көзі түсті. Мұңлы. «Не үшін келдің?» «Сені сағындым!» «Мен де», «Ендеше неге іздемейсің?» «Ойша сағынам сені», «Ол не, сонда?» «Ол – таза сезім!» «Сонда… кездесуге ұмтылу таза сезімге жатпай ма?» «Кездескен жандар бәрібір қателік жасайды», «Жоқ, сенімен келіспеймін!» Көзбен ұғынысу. Жанармен ымдасу. Арада сөз жоқ. Басын бұрып әкеткен. Бөлмені шарлап болды да, жігіт тағы қарады. Қыз жанарын тінтіді. Мұң ұлғая түскен. «Мені қашан құшақтайсың?» «Жоқ, ол болмайды», «Мен сендікпін, соны қалай байқамайсың?» «Білем, бірақ, бұлай жолығу жөн емес!». Тағы жанарын тайдырды. Басқа жаққа. Аз-кем отырды да, қайтадан көзіне зер салған. «Мені сүйші!» Жігіт шошынды. Кеудесін қорқыныш жайлап барады. Орнынан ұшып тұрды. Сосын айтты: «Сен үйіңе қайт! Кеш боп кетті!» Қыз сонда да үндемеді. Күрсінді. Ауыр дем алды. Жанарынан екі тамшы жас мөлт етті…

КЕЙІПКЕРІ КӨП ҚОҒАМ

Ол танысым! Жәй танысым емес, қағаз шимайлайтын танысым болады. Яғни, өз атымен атасақ – жазушы! Қандай жазушы дейсіз бе? Әзірге менен кесімді пікір сұрамай тұра тұрыңызшы! Бәріне де өз көзіңіз жетеді. Сосын, менің жауабым керек болмай да қалар! Күні кеше Ол маған келді. Келді де, сөйлеп кеп берсін. «Мен осы күнгі сыншысымақтарды еш түсінбеймін. Оларға салсаң, жазушы жазатын тақырып санаулы-ақ! Әлде отыз, әлде қырық… Жер бетіндегі қаламгерлер оны жазып тауысқан дей ме тағы да! Түсінсем бұйырмасын. Көп езіп сенің басыңды ауыртпайын. Мысалы, жер-жахандағы әрбір адам бір-біріне ұқсамай ма? Әрине, ұқсамайды. Ұқсауы мүмкін де емес. Өйткені, әр адам өзінше ойлап-толғанады, өзінше күйзеледі. Демек, әр адам – бөлек бір тақырып! Өзінше дастан! Ендеше, бұл қоғам – кейіпкері өте көп қоғам! Кез-келгенін ал, да, талантыңды қамшылап, жаза бер, жаза бер. Сомда! Тұлғаландыр! Образ шығар… Ал, сыншы бауырларыма айтарым – бұдан былай тақырып туралы ойланып сөйлеңдерші! Өтінемін..» Айтқаны – осы!

***
Маған не үшін айтты – оны да білмедім. «Ау, мен сыншы емеспін ғой» демекші ем, бірақ сол сөзім оған қажет пе? Несіне жағаласам…

ДІН – ҚҰДІРЕТ!

Оның айтқан әңгімесі еді. Былай деді: « Күні кеше ғана бір жерде қонақта болдым. Үлкен, ойлы кісімен (әуелде солай көрінген) қатар отыра қалыппыз. Сөзі салалы. Нығырлап айтады. Ұзақ. Түбі көрінер емес. Кей тұста өз пайымымды айтайын десем, сөзге қонақ берер кісің ол ма? Жосылтып отырды. Арғы-бергіден сөз сапырды. Тек өзінікі дұрыс деп ойлайтын болса керек. Қашан үйге қайтқанша бір ауыз пікір айтуға мұрша бермеді. Сол сыбағамен үйге табан жалтыратуға тура келген. Жол үстінде кеудемді кермек сезім қысып, әлденені ойладым. «Әттең, әлгі кісі анық дін жолында болса, бір Алланың бар екеніне күмәнсіз болса, кісі мен кісі тең екенін ойласа, кемшілік екі жаққа да бірдей екенін салмақтаса, пікір қай кезде де біржақты болмауы керектігін ескерсе… отырыс та басқаша өрбитін бе еді!» Соны ойладым. Адам бойындағы Иман мен Сабыр деген сезімнің осыны ескертусіз-ақ реттеп оты­ратын соншалық ғажайып құдіретін, кереметтігін есіме түсірдім».

***
Тыңдай түскем. Бітпесе екен деп тілегем. Аяқталмағанын қалап ем…

НЕГЕ?
(монолог)

Менің досым бүгін тым көңілсіз екен. Кездескен сәтте-ақ маған сөз бермей, төгіліп сала бергені. Әңгімесі мынадай: «Жақыным ғой, одан жақын кімім бар деп ылғи ішіңдегіні жасырмай, сыр айтасың. Бар құпияңды жайып саласың! Сол жақын санаған адамың күндердің-күнінде сенімен қырғи қабақ болады. Жанжалдасады, айтысады, тіпті, өзіңді сотқа да сүйреуі әбден мүмкін. Неге? Жап-жаңа көлік аласың. Қуанасың! Шаттанасың! Жақын адамыңа барып, көрсетіп, көрімдік сұрамақ боласың! Ал, ол көрімдік беру орнына өзіңді сан сауалдың астында қалдырып, мұны қалай алдың, ақшаны қайдан таптың деп тергеп кетеді. Неге? Ұзақ уақыт ойға батып, азапқа түсіп, кітап жазасың. Біткен кезде қуанасың! Бойың жеңілдейді. Мәз боласың! Бір танысыңа қолтаңба жазып, қуана тапсырып жатасың. Сөйтсең…ол сыртыңнан сөз таратып, түкке тұрмайтын кітап деп көрінгенге айтып, келекелейді. Неге? Балаңның қызметі өседі. Қуанасың! Досыңмен сол қуанышыңды бөлісіп, бірге шай ішкің келеді. Шай үстінде досың жақсы тілек айту орнына «шамасын білем ғой баланың, мұндай қызметке жайдан-жай көтере салмайды» деп қисая сөйлейді. Неге? Мына өмірде осындай негелер тым көбейіп барады. Неге?»

***
Расында да неге? Неге осылай болып барамыз, біз?

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.