Шортанбай жырау мұрасындағы ұлттық идея

  • 23.07.2018
  • 1071 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Кәмел Жүністегі,
жазушы, Құрмет орденінің иегері

«Шортанбай ұлы дарын…
қоғам қайраткері, ірі идеолог».
Тұрсынбек Кәкішев

ХІХ ғасырда Ресей отаршыл­ды­ғы­ның қатігез саясатына қарсы қазақ халқының мүддесін қорғап, ұлт бола­шағы үшін жанталасып, елінің сөзін сөйлеген дуалы ауыз ақын-жырауы, абызы Шортанбай жырау еді. Бар ғұмырын туған халқының өзіндік қай­таланбас болмыс-бітімін сақтауға арнап, елінің жоғын жоқтағаны үшін көзінің тірісінде орыс үкіметін жақта­ғандар оған қырсықты қабақ танытса, өлгеннен кейін де, кешегі совет заманында есімі қуғынға ұшырап, кітаптарын белсенділер өртеп, бірер шумақ жырын жатқа айтқан талай азамат Сібірге айдалды.
Шортекеңнің қай өлеңін алып қарасаң да қозғайтын мәселесі елдің жайы, езгіге ұшыраған ұлтының көкейкесті арма­нын көресің. Жүздеген жылдар бойы халқымыздың жинаған рухани қазы­насының аяқ асты болғанына ашы­нып, сол қазынадан шеттетілген қазақ­тың бейшара күйге еніп, өткен тарихы, мәдениетінен жұрдай етіп, даланы мақсатсыз кезіп- қаңғып жүрген тобыр дәрежесіне түсірген отаршылдыққа қарсы үндейді. Ашынған жырау, мына дәрменсіз халден елін құтқарудың жолын іздейді.
Қазақтың европаша білім алған ұлдары қалыптасып болмаған, сонау бір қиын кезеңде ұлт құрып кетпес үшін Шортанбай жырау өзінше жол іздеп жанталасты. Отаршылар билігі қазақты ұлт ретінде құртудың бір жолы деп, шоқындыру мәселесін жаппай қолға алған тұста қазақ баласының ғасырлар бойы қанына сіңген ислам дінінің негізін жырларына қосуы да соның бір көрінісі. Ата-мекен жерінен айырыла бастаған қазақты қарсы күреске шақырып «жалаңаш мін де, жауға шап» деп үндеуі де езгіден құтылудың бір жолы деп қарастырғаны даусыз.
Түптеп келгенде, патшалық империя аяусыз езіп-жаныштаған қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүрінен, дінінен айырылып қалмас үшін жыраудың жеке басының жанталас-арпалысы еді.
Шортанбай жырау сөйтіп зар заманның туын көтеріп, көп адам айта алмайтын қазақтың жүрегінде тұрған мұңды әлемге жария етіп, газеті жоқ заманда қазақ даласын аралай жүріп, отаршылардың озбыр саясатын әшкерелеуден бір тынбады. Оның жырлары жалғыз қазақ емес, татар, башқұрт, өзбек, түрікпен, қарақалпақ, қырғыз, ноғай, қарашай тектес түркі халықтарына да тегіс тарады. Оның халқым деп тебіренген жүрегі елінің еңсесі биік болғанын, азаматтарының ата-дәстүр мен ата-дінінен аумауын тілеген еді. Сол себептен де, оның жырлары сонау Петерборда көзі тірісінде жарық көрсе, өзі дүниеден өткеннен кейін Татарстан астанасы Қазан қаласынан 1883, 1888, 1890, 1897, 1901, 1906 жылдары қайта-қайта жеті рет жарық көрді.Түркі тектес халықтардың қолдан-қолға көшіріп алып таратқан қолжазбалары әлденеше мыңға жететін еді.
Әрине, мұндай ұлтына деген жана­шырлық кейбіреулер ойлағандай руына, тегіне байланысты емес. Әл-Фарабидің, Едіге батырдың, Махамбеттің, Абылайдың, Шортанбай жыраудың, М.Сералиннің т.б. қазақ тарихына қосқан үлесі руының, тегінің кім болғандығында емес, олардың қазақ жерінде дүние есігін ашып, ұлт болашағы үшін күрескендігінде жатыр.
Шортанбай жырау жырлары туған хал­қының дәрменсіз халін көріп, өрт-жалынның ортасында қалған елін құтқаруға үндеген адамның жанайқайы болып басталып, бара-бара сол үшін ғұмырын арнаған үлкен мұратқа айналды. Отаршылдықтың ауыр езгісіне түскен халқының аянышты халі, өз жерінен айырылып босқынға айнала бастаған жағдай, желкелеген отбасылардың алдан үміт күтпес тіршілігі Шортанбай жырларына еніп, сонан құтылудың жолын іздеген ұлттық идеяға айналды.
Отаршылдықтың ауыр езгісіне түс­кен халқының аянышты халі, өз жерінен айырылып босқынға айнала бастаған жағдай, жекелеген отбасылардың алдан үміт күтпес тіршілігі Шортанбай жырларына еніп, сонан құтылудың жолын іздеген ұлттық идеяға айналды. Оның осы ойға толы жырлары ұлтының санасына сіңіп, жүрегін биледі. Заман танымастай өзгерді. Сүттей ұйыған қазақы қалып бұзылды. Рулық көшпелі кооператив болып өмір кешкен тірлікті патша билігі қасақана талқанын шығара бастады. Бір отбасының ішіндегі бірлік те бұзылып, көне жолдағы тәрбие де бүлінгенін Шортанбай жырау былай суреттеген.
Мұның өзі қар заман,
Қарлығының белгісі,
Ұл сыйламас атасын.
Арам сідік болған соң,
Атасы бермес батасын.
Сыйламағын ағасын,
Алысып жыртар жағасын.
Қыз сыйламас анасын…
Қазы, болыс қойыпты,
Некесіз туған шатасын.
Шортекең заманның бұлай бұзылуын ел тағдырымен, ұлттың болашағымен, қазақтың халық ретінде құрып кету қаупімен байланыстыра қарайды. Осы пәленің бастауында қазақтың халық ретінде құрып кетуін мақсат тұтқан орыс билігі, сақалды сары патшасының өзі тұрғанын халыққа түсіндіруден ұлы жырау жалықпайды.
Уәліден кетті керемет,
Патшадан кетті ғаділет,
Ақыр заман таянды.
Ұлы жыраудың «Ақыр заманы» Алладан келер қиямет-қайым емес, ол отаршылар билігінен келетін сұрқия саясат, қазақты ұлт ретінде жою саясаты. Билік қазақы қоғамды іштей іріте бастады.
Әуелгі қорлар зор болды,
Сондай зорлар қор болды…
Жөн білмеген жамандар,
Ел билеген бек болды, – деп сұрқия саясатты әшкерелесе, онан әрі:
Мініп көрер күші жоқ,
Сауып ішер сүті жоқ,
Ақша деген мал шықты,
Жарлы кедей, жоқ-жітік
Жеткізе алмай жан шықты, – деп халықтың басына түскен ауыр да, аянышты халді суреттейді. Жырау бұған зар қағып қана қоймайды:
Таңда махшар күн туса
Таразыны аударар, – дейді. Шортанбай жырау айтып отырған Таразыны (әділдік келер) аударар, таңда Махшар күні де Қиямет-қайым күні емес, жер бетіндегі отаршыл орыстың езгісінің жойылатын күнін мегзеп отыр. Сол күнге жету үшін де имандылық, беріктік керек екеніне халқын сендіріп, үгіттеп отыр.
Арқадан дәурен кеткен соң,
Қуғындап орыс жеткен соң,
Амал таппай қазағым,
Түстің барып торына, – деп қиналған жырау осыдан құтылар «амалды» іздестіру керек екенін айта келіп, «орыстан қорлық көрген» игі жақсы билердің амал іздеп «алқынып» отырғанын да, орыстың қолы жетпеген «Бұхар» жағымен байланысу қажеттігін еске салады.
Ақсақалдан ұялмас,
«Қой» деп айтса тіл алмас,
Жүгірісер қалаға,
Қалтасы толып жалаға,
Қандырып иін кәпірдің,
Алып бір шығар далаға.
Дұшпаның кім деп сұраса,
Алып келер ауылына,
Өзінің туған бауырына, – деген Шортанбай жырау отаршылар билігі туғызып отырған мынадай кесапат халден жұртты түңілдіріп, өз хәлін өзі түзейтін, өз қотырын өзі ғана қаситын қазақы билікті сақтап қалуға, әділ билерге ғана жүгініп, орыстың зымиян саясатын жүргізбеуге үндейді.
Шортанбай жыраудың елдің ендігі беталысы туралы ойлары, ұсыныстары оның өлеңдерінің, пайымының астарында жатыр. Оның мақсаты отаршыл орыс билігі жанталаса қиратуға кіріскен қазақы дүниетанымды сақтау. Қазақы дүниетанымды сақтау – қазақты халық ретінде сақтап, өзінің ерекше жолымен келер заманға бейімделуде жатыр. Сол себептен де, Шортекеңнің абыздай сарнаған жырлары халықтың бойынна сіңімді болды, қазақы дүниетанымы сақталған үлкендер оның ой-пайымын жақсы түсінді. Шортанбай жырлары ауыздан-ауызға тарап, қазақ баласының санасын биледі. Қазақ баласының жүрегін Шортанбай жырау сөздерінің ерекше билегенін Алаштың ардақты азаматы, репрессияның құрбаны болған Қошке Кемеңгерұлы өзінің кітабының «қарсы қозғалыстар» деген бөлімінде Кенесары сарбаздарының арасында кеңінен тараған, ұранға айналған Шортанбай жыраудың мына өлеңін жазады.
Бағынбағын, қазақ, орысқа!
Бағынсақ, қазақ орысқа,
Осы бастан амандас,
Сарыарқа деген қонысқа.
Береке кетер асыңнан,
Билік кетер басыңнан.
Некеннен некен күйерсің,
Күйдіруші табылып,
Көршілес жақын-қасыңнан
Қызығып тұрсың байқамай,
Күйінгеннен айтам-ай!
Көрінісі орыстың –
Текеметтің түріндей.
Ойлағаны жамандық,
Жарадан аққан іріңдей.
Абақты деген үйі бар,
Қазулы қара көріңдей.
Қара қазан, сары бала,
Обалына қаларсың.
Кейінгі ұрпақ бұтақтың
Қарғысын нəлет аларсың,
Ап кетейін бір жаққа,
Соңымнан ерші ерінбей.
Қазақ сарбаздарының арасына, демек, қазақ халқының арасына жүрсе аузынан кетпейтін, жатса жүрегінде жатталған бұл ұранды сөз қазақтың ХІХ ғасырдың идеологиясы болған. Сол идеологиясының бастауында тұрған тұлға Шортанбай жырау.
Ұлттық даму, өрістеудің ежелгі заманнан жалғасып келе жатқан қазаққа ғана тән жолы күйреуге ұшырап жатқан тұста көне әдебиеті жоқ халықтың басқа, бөтен жұртқа сіңіп, жұтылып кете беретінін де, оқыған-тоқығаны бар Европа халқынан хабары бар Шортекең жақсы түсінген. Өз халқының көне жұрт екенін, ежелгі сөздің иесі екенін таныту үшін өз жырларында «Софы Алдияр» кітабын жиі атап, Қожа Ахмет Яссауи сөздерін еске алып отырады. Өз халқының басына осындай күн туып отырғанда ол «Жерұйық», «Жиделі Байсынды» іздеген Асан қайғы, Бұқар жырау тәлімін ары қарай жалғайды.
Шортанбай жырау сайын далада сайранды дәуір құрған көшпелі елдің сағынышты заманын жырлаған – еркіндіктің жыршысы. Қазақты шырмап, торға түскен торғайдай халге жеткізген отаршылдарға жырмен қарсы тұрды.
Кетейін десе, алды бар,
Тұрайын десе, кәпір бар,
Қайсы бірін айтайын,
Қазақтың ұлы қамалды, – деп ашынған жырау.
«Алдаушы жалған» жырында
Аяқты қия басу жоқ,
Орыстың салған жолы бар
Емін-еркін заман жоқ,
Енді жүрген жігіттің
Маңдайының соры бар, – деп отаршы­лардың енді қазақ баласын биліктің, орыс­тың жазған заң-законімен өмір сүруге мәжбүрлеп отырғанын әлем жұртына айғақ­тайды. Ұлы жырау «Заманың кетті баяғы» деген жырында:
Жандарал болды ұлығың,
Майырды кердің жездеңдей,
Кәпірді көрдің піріңдей,
Тілмашты көрдің жеңгеңдей,
Дуанды көрдің үйіңдей,
Абақты тұр қолыңда,
Қазылған қара көріңдей, – деп патшалық биліктің аяр да зымиян бетін ашып, оған бағынбауға, мойынсынбауға, әр қазақ азаматын осы көріністен жирене білуге шақырады. Оның бұл шақыру жолы – күрес жолы, азаттыққа ұмтылу жолы, қазақты ұлт ретінде сақтау жолы.
Қазақ туған даласының табиғатымен бірге өсіп-өнген халық. Тамылжыған жаздың масайраған қызығына ғана емес, иен даланың ат құлағы көрінбес боранына да сүйсіне білген халық. Сол далаға деген сүйіспеншілігі де ерен күш, қуат берген. Онда оның бабаларының мүрдесі жатыр. Ұлы даладан қымбат қазақ үшін ештеңе жоқ. Сол сүйіспеншілік Шор­текеңнің жырында былай кестеленген екен:
Арқаның жазы бейішті,
Жылқының еті жемісті, – десе, енді, сол далаға қазақ қана ие болу керек екенін былайша жеткізеді.
Ұзын аққан Сарысуды,
Өзің жайлап, жағала.
Жүйрікпенен жорғаңды,
Өзің мініп бағала, – деп үгіттесе онан әрі отаршылар құлдығына түсіп, қазыналы жерінен айырылған жағдайды:
Еділді алды, елді алды,
Енді алмаған нең қалды?
Қораны санап малды алды,
Қазаққа қамқор ханды алды.
Кетейін десең алдың тар,
Кетпейін десең кәпір бар, – деп күйіне жырын төгеді.
Елінің осындай жағдайға түскеніне жырау көнбейді, қарсы әрекет етуге үндейді. Міне, осы үндеу – халықтың сана­сына еңген сөз, идеялық бағыт алып, ХІХ ғасырда халықты езуші отар­шылдарға қарсы тік көтерген рухани күшке айналған.
Жалаңаш болып, жауға шап,
Ажалдан бұрын өлер ме?
Ноқталы басқа бір өлім,
Өлмей де адам жүре ме?
Қатын-бала қамы үшін,
Қарсы шап та, мылтық құш!
Құр жабырқап жүдеме, – деп Ұлы жырау қарсы әрекетке шақырса, дұшпанымен бірге күресу үшін түркі халықтарының бір болуына да үндейді.
Дұғай сәлем айтайын,
Ташкен менен Бұқарға.
Мұсылманның баласы,
Қор болмасын дұшпанға, – десе онан әрі түрік билігі Қондыгерге хат жазу, бірлесу қажеттігін де еске салады.
Орыс патшалығы қазақты халық ретінде құртуды жоспарлы түрде, ке­зең-кезіңімен жүргізді. Ұлттың басын біріктірер күш, мемлекеттігінің белгісі хандықты бірінші кезекте жойса, екін­ші жолы өзін-өзі билеудің, бөтенге – дұшпанға мойынсұнбаудың көрінісі – билер билігін құрту үшін болыстықты еңгізіп, болыстың майлы жілігін ортаға тастап, қазақты өзара қырқыстырып қойды. Қазақ жерін тартып алу қоса жүріп жатты. Өзен-көлдердің маңын мұжықтар алды. Олар сол су көздерінен малын суаруға қазаққа рұқсат бермеді, аңша қуып, атты. Осыны пайдаланған отаршылар билігі шоқынған қазаққа ғана мүмкіндік туғызып, қалғаны қаңғып, қырыла берсін дегенге тоқтады.
Шортанбай жырау діннің, имандылық­тың отаршылар езгісіне қарсы болар ең өткір идеологиялық қару екенін де білген тұлға. Мұсылман діні қазақтың қанына сіңген ата-баба діні, сенімі. Ұлы жырау:
Менменсінген зор кеуде,
Қиық жүріп кете алмас,
Аспанменен өте алмас,
Алдандағы жолығар,
Құдайдың құрған тезіне, – деп отаршылар билігін қолдаған-қолпаштағанға сес көр­­сетсе:
Медресе, мешіт салдырып,
Мүфтиге берсең балаңды…
Сираттың желі соққанда,
Ораза намаз панаң-ды, – деп кез-келген жерге шіркеуін салып, мұсылман дініне қысымшылық жасап, қазақты шоқын­дыруды шұғыл қолға алған отаршылар билігіне көнбеуге үндейді.
Ғайбаттың жаман екенін
Біле тұра айтасың,
Намаз қаза боларын,
Біле тұра жатасың,
Алланың берген ақ дәмін,
Аузыңа алмай әуелі,
Арамды неге татасың, – деп Шортекең жақсы мен жаман айқасқан, қазақ баласын тобығынан қағу үдеген заманда табан тірер жерің, арқа сүйер тіреуішің, үміт қазығың мұсылман діні екеніне елдің көзін жеткізе түседі.
«Алланың өзі да рас, сөзі де рас» деп Ислам дінін ашық насихаттаған Абайдан гөрі Шортекеңнің дін туралы пайымын әр сөзінде келтіре беруі, оның Ислам дінін дұшпанмен күрес үшін идеологиялық қару ретінде пайдаланғандығының айғағы.
Зекетсіздің бұйырар,
Сүндетсізге жиғаны.
Аузы түкті ие боп,
Қазаққа берер қиғанын, – деген Ұлы жырау күнкөрісі қиындап, жөнсіз тонауға ұшырағанға «зекеттің» малымен қарайлас деп бірлікке шақырып, сол бірлік болмаған күні бар игіліктің «аузы түктіге» бұйырар қатал, қатыгез заманның келе жатқанын туған еліне ескертеді.
Отаршылдың іштен бүлдіру әрекеті сүттей ұйыған қазақтың отбасына да кері әсерін тигізетінін Семей, Көкшетау, Омбы, татар жұртын аралаған Шор­текең көре білген. Алар жарының пәктігі – отбасын ұйытар негізгі күш екенін, отбасының беріктігі қазақы қоғамның беріктігі екенін Ұлы жырау айтудан жалықпаған.
Шынарға біткен мақтадай,
Шырайлы болса алғаның,
Халал сүт емген жолықса,
Болар ма еді арманың.
Шортекең тегі, тәлімі жақсыдан қыз алып, ата-бабаның ізгілікті қасиетін сақтап, өркендететін ұрпағын ойлаған адам­ның арманы осылай болса керек екенін жырлаған. Европаның улы дерттей жұққыш салтынан сақтандырған.
Аударылған дүния,
Ұлың киді дүрия,
Ұстараның жүзіндей,
Қызың киді биқасап,
Байқап кимей байқастап, – десе онан әрі батыстың бұзылған салтын тілге тиек етіп, келер заманды айтқандай болжайды.
Зәкөн айтып қатын тұр,
Қойнында жатқан еріне,
Зарланып тұрған әйел бар,
«Қосылғам жоқ» деп теңіме…
Кел жігіттер, түспелік,
Жанған отқа көріне.
Шортанбай жыраудың кешегі өткен «құдайсыздар» қоғамын құрған заман­ның отбасыларының сипатына келетін мына өлеңі әулиеліктің көрінісі демеске шара жоқ.
Қойнында қатын жатпайды,
Ұрса тілін тартпайды,
Күнәсі асқан бұл пенде,
Құдайдан әсте қорықпайды.
Келер заманда улы дерттей тарайтын, адам баласының түпкілікті азуына, тіпті, адамзаттың құрып кету қаупіне әкелетін сайтани жолдан Шортекең туған елін сақтандырып баққан.
Қылымсыған қатыны,
Қызыл көйлек киеді.
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді.
Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліс жеңіліске ұшырап ер азаматтың талайы жазаланып, қуғынға түсіп, енді қайтып бас көтере алмас жағдай туып, отаршылар билігінің тор-шырмауына түскен халге жырау қатты ашынған.
Заман ақыр аяғы,
Заманың кетті баяғы.
Ықылас-ниет қалмады,
Үлкенге билік салмады, – деп басынан билігі кеткен елдің тоқырауға ұшыраған халін суреттесе, отаршылар ынсапсыздығын:
Ынсапсыз екен бұл кәпір,
Жеріңді алды, малды алды.
Пәлесі жоқ салмаған,
Қайысады қабырғаң.
Көтере алмай салмағын, – деп онан әрі іштей бүлінген елдің де халіне тоқталады.
Екі кісі ұрысса…
Зәкөннің түсер жолына,
Өте қусаң – оралдың,
Орыстың жайған торына, – деп қазақ­тың басындағы жағдайды айтып қана қоймайды, қазақтың сөнуге айналған рухын оятып, жол сілтеп, бас бүтіндікке үндейді.
Жақынға – жақын қас болып,
Шіл боғындай тозбайық, – десе, онан әрі:
Ұрлық пенен қорлықтан,
Өтірік, ғайбат, зорлықтан,
Бойыңды тартып тік жүрсең,
Көрмессің деген залалды, – деген өсие­тін ұлы Абайдың да әрі қарай жал­ғағаны әлемге мәлім.
Билер пара жемендер,
Жалғанды жолдас демеңдер,
Кісі ақысын алмаңдар,
Аузыңа харам салмаңдар, – деп ұлы жырау болыс-билікке отаршылар би­лі­гінің таңдауымен жеткен ендігі ел жақсыларын елді аздырар жолдан ау­лақ­татып, ғасырлар бойы келе жатқан қазақтың көне арнасын еске салуды еш уақта құндылық бағасын жоғалтпайды.
Шортанбай жырау түркі дүниесінің рухани оянуына игі әсерін тигізген өзінің замандасы Шаһабутдин Маржани (1818-1889) ғұламаның ой-пікірінен әсер алды десек, артық кетпейміз. Ш.Маржанидің замандасы, әрі шәкірті Камараддин Хазірет Семей медресесінің ұстазы болған. Камараддин хазіреттен Абай тәлім алып, араб, парсы, тілін меңгеріп, шығыстың ұлы жы­рауларының еңбектерімен танысуға жолы ашылған. Шортанбай жырау Семейге барған әр сапарында осы Камараддин ха­зіретпен жиі жолығып, біраз күндерін бірге өткізген.
ХІХ ғасырдың басында Петербор, Қа­зан, Уфа, Омбы, Ташкент қалаларында мың­даған данамен кітабы шығып, исі түр­кі жұртының рухани әлеміне әсер еткен «қанша уақыт өтсе де ұмытылмай…(те­ріс қара­ған күндерде де, С.Қирабаев)», «Шортан­бай – ұлы дарын… қоғам қай­рат­кері, ірі идеолог» (Т.Кәкішев) болып ғұ­мыр кешкен тұлға.
Сөйтіп, Шортанбай жыры ХІХ ғасырда халық арасына ең көп тараған, елдің ой-санасын билеген, рухани күшке айналған.
Қызыл империя заманында қазақ баласын орыстық коммунистік идеологияға жығу үшін Шортанбай жырау арқылы исі қазақтың қанына сіңген қазақы идеологияны құрту қажет болды. Коммунизмнің шапанын жамылған шовинистер сол себепті Шортанбай жыраудың әр сөзіне тыйым салды. Оның бірер шумақ өлеңін еске алғаны үшін елді қатты жазалады.
Қазақ халқының басына құрып кету қа­сіреті төніп, жер-суын тартып алып, өзенге малын суаруға келген қазақты аңша қуып, шыдамағаны шоқынсын, бағынбағаны қы­рылсын деген заманда отаршылардың осы сұр­қия ісіне өлең-жырларымен қарсы шық­қан, айтқаны халқының өн-бойына сіңген, қандай заман туса да туған елінің санасында жатталған Шортанбай жырау – ХІХ ғасырда қазақ намысын ту еткен ірі идеолог.

Алдыңғы «
Келесі »