Көп көңіліндегі Құлтума

  • 23.07.2018
  • 412 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Сағындық Байұзақұлы,
Өтемісұлы Құлтуманың өмірі мен еңбектерін зерттеуші,
зейнеткер-ұстаз

Құлтума Өтемісұлына биыл 190 жыл. Бабамыздың туған жылы туралы баспада және ауызша аңыздарда әртүрлі мәліметтер беріліп, әрі айтылып, жазылып жүрді. Өзіне етене туғандарынан да нақты мәлімет ала алмай біраз жүрдік. Жақсы, жете біледі деген шөбересі Мәлі­бекұлы Ақылбергенге он жыл бойы жалынып бабамыздың жерленген орнын көрсетуді өтінгенімізде, неше түрлі сылтаумен қорымын және ондағы кесенесін көрсетпеді. Сонсын, тарихи әдебиеттерден іздестіргенімізде нақты дерек шықпады. Амалсыздан тарихи шежірелерге сүйене отырып білетін-естіген, көрген адамдарды, оның ішінде Сағымбектің Мұқаны және Қайранбектің Әбілжанының айтуынша қорымды іздестірдік. Бұл екеуі де қорым Жартөбе маңында болу керек және сонда бабамыздың жерленуі қақ деген шешім айтты. Үшеуміз сонда бардық. Мұқанның айтуынша, қорымды тауып, «қорымның ортасындағы кесенені Құлтуманың немересі Жақып баласы Мәлібек көрсетті» деп ортасында төрт-бес адам жерленген кесенені нұсқады. Ал, Әбілжанның айтуынша, оның қарындасының жолдасы Дауыл баласы Нұрлан осы қорымның басына әскерде дүниеден өткен әкесіне ас бергенде әрі қорымды аралап жүргенде бір құлпы тастан «Құлтума» деген сөзді оқығанын айтты. Сонымен, Мұқан айтқан кесененің маңайынан құлпы тастарды іздедік. Тікен өскен кесененің ішіне кіру мүмкіндігі болмады, тікен қалың әрі биік өскен. Мұқанның айтуы бойынша, осы кесененің ішінде жерленген адамдардың бірі Құлтума және оның отбасынан Зада, Асқар, Қосбол және бәйбішесі екенін анықтап айтты. Себебі, маңайында балалары Жақыптың, Шәріптің, немерелері Асардың, Мәлібектің және келіңдерінің құлпытастары анықталды. Сонымен, батыс-терістік кесененің сыртында үш құлпытастың орны белгі беріп тұрды. Соларды мен түбіне дейін қаздым. Екеуінен ештеңе оқылмады, үгітіліп езіліп топырақ болып кетіпті. Ал, орта­сындағы құлпытастың орнынан тереңдеу қазғанымда шамамен жарты метрдей жер асты бөлігінен «Құл…»деген сөзді оқыдым да Әбілжанды шақырып алып:
– Сенің көргенің осы ма? – деп сұрағанда ол сол тас екенін растап, «бірақ, ол тас тұтас биік болған», – деді. Содан кейін маңайынан құлпы тастың сынықтарын іздестіре бастадық, сонда, тікеннің астында сынықтар көрінді. Қорымның жан-жағын байқасам, бір қада бөлек қисайып тұр екен. Сол қаданы ырғап, суырып алдық та, тастың сынығы жатқан тікеннің астын Әбілжан екеуміз көтеріп тұрып, Мұқанға сынықтарды теруді талап еттік. Сынықтар тұтас біріктіріліп құйылған екен. Барлық іздегеніміз сол сынықтардан анықталды. Тастың үстін сүртіп тазалағанымызда оқығанымыз: «Құлтума Өтемісұлы 82 жасында дүниеден өтті. Руы: Алтай-Саратты» – деп үстінде арап таңбаларымен, ал, астына үш рет кирил әріптерімен аты-жөні және 1910 жылы жерленген деп жазылған айғақ тасты таптық. Сонсын, аудан орталығында Қосбол баласынан туған қызы Бәтештен туған жиені Шайқы баласы Жаңабайдан сүйінші сұрадық.
Мен мұнымен қанағаттанбай тағы да туған жылын анықтайтын айғақ іздедім. Сонда, бабамыз атақты Кішкентайдың Жанқошқарының мешітінде, атақты халық заңсыз сайлап, кейіннен патша мойындаған, халық сенген губернатор Шоң Телқозыбекұлымен бірге оқығанын естіп едім, оны өзі дәлелдеді. Шоң 1902 жылы қайтыс болғанда барып басында толғау айтқан. Онда:
Өзіммен құрдас аталас,
Аты шыққан Шоң еді.
Ісімен көпке әйгілі,
Тәуірлердің соңы еді.
Шоң болыспен екеуміз,
Тауық жылы туып ек.
Талаптанып жас кезден,
Елдікке белді буып ек.
Сонымен, өткендегі деректерді, құлпытаста жазылған анықтамамен Шоң қайтыс болғанда айтқанына қарағанда Құлтума Өтемісұлы 1828 жылы Жартөбеде туып, 1910 жылы сол туған жері Жартөбеде дүниеден озған. Руы: Алтай – Әлке – Мұрат – Тыныбек (Саратты) – Жақсылық – Бердеу – Өтеміс. 1828 тышқан жылы дүниеге келіп, 1910 жылы дүниеден озған.
Енді, бабамыздың аты-жөніне тоқта­лайық. Соңғы баспадан шыққан «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды», «Он ғасыр жырлайды», «Ақындар туралы мәліметтер», «Ақындар айтыстарында» және соңғы басылымдарда, журналдарда дұрыс анықтама берілмей келді. Барлығында «Сармұратұлы» деп жазылып жүр. Бұл бір қиянат сияқты. Себебі Құлтума Өтемісұлы қазақ даласында бармаған жері жоқ және таныспаған зиялы адамдары кемде-кем. Айтыспаған ақындары да шамалы. Сонда да, аты жөні анық айтылмай тек дақпыртпен айтылып та жазылып та келген. Ол бабамыздың ата тегінің негізі: Арғын – Мейрамсопы – Қуандық – Алтай – Әлке – Мұрат – Тыныбек (Саратты) – Жақсылық – Бердеу – Өтеміс – Құлтума. Бұл шежіре ертеден халық арасында айнымай айтылып келе жатқан, халық санасында сақталған анықтама. Сондықтан, баспадан шығатын тарихи топтамаларда нақты анықтамасын бергені дұрыс. Себебі, қазақ халқының арасында Құлтуманың әнін, айтысын, жырларын естімеген адамдар кемде-кем. Бабамыздың отызға тарта әні, жыр­лары алтын қорға жазылыпты. Оны жаздырған халық әншісі – жерлесі Рәбиға Есімжанова.
Құлтума Қорғалжын қопасының ішін­дегі, екі көлдің арасына сұғынып жатқан Жартөбе ауылының қыстағында дүниеге келген. Ауылда Есім деген сауатты кісіден дәріс алған. Сөйтіп, ауылда сауаттанып, өлең айтып, домбыра тартып әуестеніп ержетеді. Одан Жанқошқар мешітінде дәріс алып, медресені тәмамдайды. Ән-жырлар айтып өзін маңайдағы адамдарға танытады. Түс көріп, түсінде домбыраны қабылдап алады. Осы мезгілде, аулына тақау Бескемпір деген жерде Бөрі руының жүз он мың қой біткен байы тұрады. Ол сол уақытта «Абылай» түбегінде орта жүзден әскер дайындау мақсатында Сұлтан Абылай болады. Бай Ырысбай Сұлтан Абылайды қонаққа шақырады. Бай оншақты ақ байтал сойып үлкен думанға айналдырып, Жартөбеден Құлтуманы алдырады. Жиынды Қаражар көлінің жағасына ұйымдастырады. Сонда көлдің аты «Сұлтан келген» деп аталсын деген ұсыныс айтылады. Міне, содан бері ол көл «Сұлтан келген» немесе «Сұлтан келді» деп аталып, аты осы уақытқа жетті. Бұл дақпыртты серілер тобы естіп, Мұхамбетқанапия басқарып байдың ауылында қонақта болады. Осы топқа Құлтума мүше болып қабылданады. Бұл топтан Құлтума өзіне қажетті көп нәрсені үйренеді. Әсіресе, халықтармен қалай қай дәрежеде кездесу, оларды қандай жағдайда ән-жыр, әңгімелерді айтса сусындататын және халық ақындардан нені талап ететінін, халыққа қандай жағдайда не туралы жырлауды толық байқап, өзі топтағы алдыңғы қатардағы әнші-жыршылардан көптеген дәріс алып, өнердің қандай, қай дәрежеде адамдар қабылдайтынын, әдіс-айлаларының сырларын меңгереді. Бұл топта болуы ақындыққа, әншілікке көп көмегін тигізеді. Онымен бірге сал-серілердің тәртібінен үлгі алады. Олардың арасында өнер адамдарының қасиеттерін, өнеге-өрістерінен өміріне көп азық жинауға мүмкіндіктер туады.
Құлтума ХІХ ғасырдың екінші жартысында, өзінің толық жетілген кезінде Сыр бойына Тайшық деген айтулы адамдарына ас бермекші болып сауын айтып шақырады. Той басталып ас берілген соң кешке ақындардың өнерлерін тамашалауға тігілген үлкен үйге жиналады. Оған Құл­туманы да кіргізеді. Ол үй сегіз қанат, атақты сері-батыр Байқадамның Сейілінің үйі екен. Ол кісі бір жағдаймен алғашқыда келе алмайды. Құлтума ән салып, жырлар айтып отырғанда, алғашқыда айтылған ән-жырға мән бермей халық аздау болған, Құлтума дауысын шығара әндерді нақышына келтіре орындағанда үйдің айналасына халық көп жиналып қалады. Осы кезде үйдің иесі батыр-сері Байқадамның Сейілі келеді. Құлтума Сейілдің өмір жолын, ерлігі, серілігін толық сипаттап, мақтауын жеткізеді. Себебі, Құлтума ең алғаш келгенде, қонақтарға табақ тарту үшін қолдарына су құйып жатады, ақын кірсе айқай болып, тамақ ішілмейді, сондықтан, тұра тұруын талап етеді. Мұны Құлтума қорлау көріп, іздеп келген мырзаға жолыға алмай кетем бе деп өлеңдетіп Ер Сейілге хабар береді. Сонда, оның сөйлеген сөзіне риза болғандығы сондай есіктегілерге: –Жібер – дейді.
Мен келдім Сейіл Ерді сырттан сұрап,
Бұл сөзім хан қараға тұрған ұнап.
Іздеп келген мырзаны көре алмасам
Көрер көзге естір құлаққа ұятырақ.
Мен өзім сондай жерде көп сөйледім
Үйдегі мырзаларға дөп сөйледім.
Арғынмын Арқадағы көз таңбалы,
Жүйрікпін содан келген деп сөйледім.
Мырзалар танымасаң, ұлы генмін,
Ішінде пұшпақ ішік құндыз жеңмін.
Асылым Қуандықтан болған пайда,
Арғынның Құлтумасы деген менмін.
Ер Сейіл үйде отырып бұл кім деді,
Сөйлер сөзге жоқ екен міні деді.
Арғыннан іздеп келген жүйрік болса,
Босатып есікшіге жібер деді.
Ер Сейілдің риза болғандығы сондай, көңілденіп:
Ақыным бұл айтқаның мақұл деді,
Жұмаққа иманды құл жақын деді.
Орынбор, Троицкіден былтыр келген,
Ырысбай қара қыпшақ шақыр деді.
Шақыршы Ырысбайды келсін дейді,
Арғынның бұл жүйрігін көрсін дейді.
Ат шапан беремін озғанына,
Жарысып бірін бірі жеңсін дейді
Осы арада екі ақын айтысады, Құлтума Ырысбайды тоқтатады.
Ер Сейілдің бергендерін сипаттағаны:
Ер Сейіл бір ат берді түсі сары,
Көрді ғой бергендерін жұрттың бәрі.
Қызыл қырмызы жібектен шапан
жауып,
Күн жауса су өтпейтін сырмалы.
Міне, осындай құрметке бабамыздың ие болған жерлері өте көп, оның барлығын айтып жатудың қажеті жоқ қой деймін. Негізінде бабамыздың ең асыл қасиеті ел аралап, жер көріп халықтың өмір өткізуімен жете таныс болғаны. Халықты жақсы танығандығы, олардың жетістігі мен кемшіліктерін төрелердің алдында қаймықпай айтып жырлауы. Батыстағы Орынбор, Троицк, Ақтөбе, Маңғыстау ай­мақтарын аралаған. Базарларын аралап жүргенде көз тартатын көрнектері бар, әдемі киінген бірінен бірі айнымайтын, анау мынау адамдар ажырата алмайтын сұлу-сәнді егіз көргенде өлеңге ерік берген. Сонда, туған әні – «Жомар-Шәмшия», халық арасына көп тараған.
Орынбор, Троицк үлкен базар,
Көңілім қапаланған қайтып тынар.
Қырық жылқы, он бес түйе қалыңдығы,
Есебін ер жігіттің өзі-ақ табар, – деп ән шығарған.
Көңілі кедейлікпен қапаланған ол өлең шумағына ерік беріп, ән шығарған. Мұндай әндері ел арасында көп. Соның бірі, Кереку базарын аралап жүргенде сөзімен ниеттері, көңілдері, пейілдері жарасқан, біріне-бірі сырларын айтысқан Дәмеге жауап ретінде шығарған ән – «Тау қиялап». Онда Дәменің өзіне шаққан мұңын терең түсініп, адамның зат ретінде малға сатылғаны айтылған. Ән халыққа ұнағаны сондай, ол әнді жастар көпке дейін ауыздарынан түсірмеген, неше түрлі ат қойып жырлаған. Міне, осындайда туындаған әндері көп. Осындай да туындаған әндерін «Алтын қорға» жаздырыпты. Оны жаздырған қазақтың халық әншісі, баба­мыздың жерлесі-Рәбиға Есімжанова. Москвада сақтаулы көрінеді. Ол кісі ағасы Қосымжаннан және әнші Ғарифолладан үйренген. Шамамен естуімізше отыздан астам әні мен жырлары жазылған дейді.
Құлтума Өтемісұлы өз өмірінде елу-алпыстан астам ақындармен айтысқа түскен. Оның көпшілігін осы уақытқа дейін халық зер сала тыңдайды. Бабамыз барған ауылда, жиындарда халық көп жиналған. Ол адамдарды алаламай барлығына өзінің ақ ниетін аша көңілдерін көтерген. Оған мынандай мысал айта кетуге болады. «Күзде өзінің ауылында Жартөбеде бір үйдің келіні босанып, жерошақ басындағы думандатып отырғандардың шетіне барып тыңдап отырғанда аулының бір жігіті бұл кісінің жырын айтады. Мұның орындауында әннің сазы, айту мәнері ұнамайды. Бұл жігіт бабамызды қорлағандай, ма­зақ­тағандай мағынада өзінің әлінің келгенінше орындап шығады. Бабамыз шыдай алмай домбырасын сұрап алып, жырды өзі орындап отырғандарға жігітті орынсыз мақтап, талабыңа нұр жаусын деген тілек айтып, кетпекші болғанда көпшіліктің ішінде отырған бәйбіше:
– Ау, қайным мына той сізге де қа­тысты, дүниеге бір азамат ке­ліп жатқанда, Сіздің де шашуыңыз болсын, мына көпшілікке бір-екі ән-жырды орындап берсеңіз қандай жақсы болар еді? – дегенде:
– Жеңеше, өтінішің өте орынды. Ауы­лымызда бір азамат дүниеге келіп жатқанда оған шашу-жыр айтпағанда, қайда айтамыз, – деп үйінен домбырасын алдырып, дауысын көтере көшкен ел еститіндей көңілді айқаймен думандатып жатқанда, туманың нағашылары келіп Құлтуманың үстіне шапан жауып және көп тілектер айтып, тумаға ат қойғызып көңілді кеш өтті» – деп Шоқанның Құлмұханбетінен естіп едім.
Құлтума Өтемісұлы көпшілік айтыстарын үлкен жәрмеңкелерде, аста өткізген. Атбасар жәрмеңкесінде тоғыз ақынмен айтысқа түскен, ал, Қызылжар жәрмеңкесінде он тоғыз ақынмен айтысқан. Бұл айтыстары туралы бізге мәлімет түспеді. Тек, Ақ­селеу Сейдімбековтың айтуы бойынша, Омбы қаласының архивінде он тоғыз ақынмен айтысы бар деп естідік, ондағы бір үлкен мешіттің найым имамының хабары: «Барлығы анық, тек мұнда шағатай-төтенше-парсы-араб әріптерін оқи алатын кісі болмаса кіргізбейді» деген хабар алдық.
Осындай, халыққа еңбегі сіңген заманында мәдениет үйлері болмаған, театрлары жоқ, өнердің қасиеттеріне сусап отырған халқына аянбай, кез келген көпшілік жиналған жерде ән-жырларымен сусындатып, халықты құма­рынан шығара қандырған, заманының уақытының жетіспеушілігіне қарамай, ел басқарғандарға көңіл аудармай, табиғат берген қасиетін халқынан аямай, еліне, халқына жете танымал болған ақын-айтыскер, жыршы, әнші, сазгер бабамызға биыл 190 жыл толады. Қорғал­жыңдықтардан өтінетініміз, осы мерекеге байланысты Құлтума Өтемісұлына туып-өскен аулы Қорғалжың орталығына бір ескерткіш орнатса деген тілек!
Құлтума Өтемісұлы орта бойлыдан жоғары, кеудесі көтеріңкі, денелі, толықша, жалпақ жауырынды, екі иығы қомды биік, мойны жуан, сұңғақты, кескіні қызылсары, жазық кең маңдайлы, сақалы мен мұрты сирек, жирен-бурыл шашты, атқа отырғанда шалқақтау, көтеріңкі отыратын, арқасында жинамалы-қалтаға салынған, сүйекпен өңделген домбырасы бар. Дауысы ашық, өлең айтқанда көпшілікке көзін қадап тесе қарап, ән-жырларды айтқанда дауысын көтермелей, омырауы қалталанып мұнартып төсіне түсіп кетеді, төрмен есік аралығын ырғақ­пен жылжи отырып, айтып отырған әніне, жырына мәнер бере орындайтын адам екен. Өз ұрпақтарының ішінде бет-әлпеті, дене пішімі ұқсайтын Қосбол баласынан туған Бәтеш немересі екен. Мұны тек ауыл адамдарының айтуы ғана емес, бұл суреттемеге өзі араласқан серілер-ақындар және зерттеме жүргізген ғалымдар, оқымыстылар, өте жиі қарым-қатынаста болған зиялы адамдардың толық түсініктемелерін бергендердің айтуы бойынша алынды, олар архивтегі жинақтарда сақталған. Ол кісінің үстіне көбіне киетіні пешпент, басына пұшпақ-құрама бөрік, денесіне жарасымды көз тартатындай әдемі киінеді екен.
Жинақ шығарарда қанша іздесем де ол бабамыздың суретке түскенін көре алмадым. Сосын суреттер салатын мекемелерді іздеп, сондағыларға Бәтеш апайдың суретін көрсетіп және осы сипаттаманы көрсетіп салуын өтіндім, олар ақылдаса келе осы туынды пайда болды. Меніңше осы туынды да бабамыздың көпшілік айтқан сипаттамалары және Бәтеш апайдың келбетіне ұқсастығы көп, тек бөрік кигізгенде ер адамның нұсқасы шыққанын байқадық. Өзіме ұнады.
Бұл сипаттаманы осы бабамыздың бойын­дағы қасиеттерін еңбектерінің ауыз­ша аңыздарының негізінде құрастырдым. Түсіне оқыған адамға өз шығармаларында қасиеттері айқын ашық көрінеді, мұны толық байқауға мүмкіндік бар.
(Құлтума Өтемісұлы. Бұл сурет бабамызбен өте жақын жиі араласқан, ол кісіні жас кезінде көрген, дидарласқан адамдардың және зерттеушілердің сурет­темесі бойынша және көпшілігінде өз туғандарының (Мәлібектің, Асардың, Шыныбектердің) айтуы бойынша салынды. Өзінің баласы Қосболдан туған Бәтеш деген немересінің бет-әлпеті бабамыздан айнымайды, өте ұқсас деген тұжырымның негізінде жасалды. Мұнда бабамыздың көп қасиеттерін байқауға-көруге толығынан болады).

Алдыңғы «
Келесі »