М.Әуезов және болмысы биік білім ордасы

  • 23.07.2018
  • 789 рет оқылды
  • Пікір жоқ

(Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына орай)

Бақтияр Сманов,
ҚР ҰҒА академигі, Абай атындағы
Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі,
профессор

Қазақ елінің тарихында ХХ ғасырдың алғашқы ширегі ауқымды саяси, эконо­микалық, мәдени, әдеби, әлеуметтік өмір саласында зор өзгерістер алып келген айрықша кезең болды. Үш ғасырға созылған отаршылдық қамыт­тың бұғауынан босауды мақсат тұтып, «Керегеміз ағаш, ұранымыз Алаш» деп атой салған жылдар да осынау дүрбелең кезеңнің еншісінде. Елдік сананың ояну дәуіріне айналған сол заманда халқымыздың өмірінде үлкен рухани серпіліс болып, бүкіл қазақ зиялылары таптық емес ұлттық мүддедегі мемлекет құру жолында қайраткерлік танытып күресті. Соның бір нәтижесі ретінде алғаш Ташкентте ашылған білім ордасы қазақтың жаңа астанасы Алматыда 1928 жылы қайта тұсауы кесіліп, жұмыс істей бастады. Бұл сол уақыттағы көзқарас тұрғысынан қарағанда қазақ топырағындағы бүкіл ел үшін аса маңызды оқиға болды. Сонымен бірге, қазақ зиялылары үшін ол үлкен жеңістің бірі де еді. Міне, биыл сол баяғы қарт ҚазПИ-дің (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) 90 жылдық мерейтойы мерекесі қоңыр күзде атап өтілмек.
Институт алғаш ашылған кезде онда небары 9 оқытушы қызмет атқарып, 124 студент білім алды. Уақыт өткен сайын оқу ордасындағы оқытушылар қатары мен білім алушы жастардың саны біртіндеп өсіп, оның кадрлық әлеуеті де жоғарылап отырды. Қазақстандағы тұңғыш жоғары білім ордасы болғандықтан онда сол кездегі көзі ашық, көкірегі ояу деген ең білімді оқытушылар қызмет атқарды. Атап айтқанда, А.Байтұрсынов, О.Жан­­досов, Ә.Ермеков, Б.Алманов, І.Қабылов, Ш.Бекжанов, С.Аманжолов, Қ.Жұбанов, С.Сейфуллин, Т.Шонанов, Х.Досмұхамедов, Т.Жүргенов, І.Кеңес­баев, С.Мұқанов және т.б. белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ірі ғалым-ұстаздар, көрнекті қаламгерлер қызмет атқарды. Солардың қатарында қазақ мәдениеті мен әдебиетін өлшеусіз биікке көтеріп, әлемге танытқан бірегей тұлға, ұлы жазушы М.О.Әуезов те болды.
М.Әуезов сол кездегі солақай саясаттың салдарынан 1930 жылы абақтыға жабылып, одан 1932 жылы шартты мерзімге босап шыққан соң, Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқытушылық қызметке орналасады. Мұнда, ол 1932-1934 жылдар арасында қазақ әдебиеті мен Орта Азия халықтары әдебиетінен дәріс оқыды. Осылайша, М.Әуезовтің қазақтың жаңа астанасындағы тұңғыш жоғары оқу орнында ұстаздық жолының алғашқы әрі жемісті кезеңі басталды. Бүгінгі қазақ елінің жоғары оқу орындарының қара шаңырағына айналған Абай атындағы педагогикалық институтында жұмыс жасаған кемеңгер жазушы кейіннен өмірінің соңына дейін осы пединституттан бөлініп шыққан С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиетінен дәріс оқыды.
Ол тұста, елімізде жаңадан құрылған жоғары оқу орнының тасын өрге домалатып дамыту үшін сол кездегі басқа да туыстас республикалардың оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатуға тура келген. Өйткені, кәсіби білікті маманданған ғылыми-педагогикалық кадрларды жинақтау ҚазПИ-дің сол уақыттағы атқаратын маңызды шараларының бірі болатын. Бұл мәселе екі жолмен шешілді, біріншіден – мамандардың көпшілігі кеңестік дәуірдегі орталық Мәскеу, Ленинград секілді қалалардан шақырылса, екіншіден – жергілікті кадрлардан да мамандар даярланды. Институттың қалыптасуы мен дамуына одақтас республикалардың көптеген жоғары оқу орындары үлкен үлесін қосты. Олар өз кітапханаларындағы кітап қорларымен және аудиторияларға арналған құрал-жабдықтарымен бөлісті. Сол жылдары ҚазПИ-ге жұмыс істеуге атақты ғалымдар әдебиеттанушы Н.Фатов, математик Б.Кругляк, физик В.Литвинов, биолог С.Логинов, эмбриолог А.Захваткин секілді белгілі оқымыстылар келді.
Осы тұрғыдан алғанда, М.Әуезов институттың басқа республикалардың алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен қарым-қатынас орнатуына біршама еңбек сіңірді деп айта аламыз. Өйткені, ол 1923-1928 жылдары Ленинград университетінде білім алып, орыстың жоғары білім беру саласының мамандарымен, белгілі ғалымдарымен айтарлықтай танысқан еді. Сондықтан, ҚазПИ-де қызмет атқарып жүргенде оның сол тәжірибесі институтқа көп көмегін тигізді. Осы жылдары М.Әуезов Алматыдан Мәскеу мен Ленинградқа, Ташкентке жиі барып, ғылыми-шығармашылық жұмыстар жүргізді, тәжірибелер алмасып отырды. Бұл М.Әуезовтің кәсіби маман, өз саласының білгір профессоры, көрнекті ғалым ретінде қалыптасуына, кейіннен қазақ әдебиеті ғылымынан тұңғыш Қазақстан Ғылым академиясының академигі болып сайлануына, одан соң «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін кеңес­тік заманның ең жоғарғы дәрежелі әдеби сыйлығы – Лениндік сыйлықты иемденуіне алып келді. Ол 1953-1954 жылдарда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының про­фессоры қызметін де атқарды.
Жалпы, М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянына мән бере қарасақ, оның 1930 жылға дейін Алматы қаласында бірнеше рет болғанымен, мұнда тұрақтап тұрмағандығын көреміз. Тек абақтыдан шартты мерзімге босап шыққан 1932 жылдың сәуір айынан бастап қана ол Алматы қаласында орнықты қызмет атқарған. Сөйтіп, өзінің жазушылық, ғылыми-шығармашылық еңбек жолын жаңа қырынан танытқан. ҚазПИ-де ұстаздық қызмет еткен жылдары қаламгер жазушылықтан, шығармашылық-зерттеу жұмыстарынан бір сәт те қол үзбеген. Осы жылдары «Октябрь үшін», «Түнгі сарын» пьесалары мен «Білекке – білек», «Үш күн», «Қасеннің құбылыстары», «Іздер» әңгімелерін және «Абай» [1. 13] атты зерттеу еңбегін, оқу орны туралы бірнеше мақалалар жазды. Сол кезеңде болашақ әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылуына алғашқы арнайы даярлық жұмыстары қолға алына бастағандығын аңғарамыз. 1930 жылға дейін бірнеше кесек туындылар жазған қаламгердің «Хан Кене» пьесасы мен «Қилы заман» повесі қатаң сынға ұшырап, ақыр-соңы жазушыны абақтыға жабумен аяқталғандығы аян. Сондықтан, 1930 жылдардан кейінгі туындыларында ұлы жазушы астарлап жазу, арнайы үкіметтің тапсырмасымен жазу секілді жайттарды бастан кешірді. Айталық, оның абақтыдан босап шыққаннан кейінгі алғашқы шығармасы «Октябрь үшін» пьесасын биліктің арнайы тапсырысымен жазғандығын көреміз. Ол туралы дәлелді құжаттар да бар. Пьесаны оқу барысында «тапсырма берілгенде» қазақтар мен аз ұлт өкілдерінің Қазан төңкерісіне қатысуын баса көрсету талап етілгені айқын байқалады [2.108]. Қалай дегенде де, М.Әуезов туындыларынан оның арнайы тапсырмамен,алдын-ала белгіленген идеологиялық талаптармен жазылған шығармасының өзінде де суреткер ретінде ақиқат шындыққа адалдық танытқанына куә болып отырамыз.
Ұлы ойшыл Абайдың: «Адамның адамдығы ақыл, ғылым, …жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», [6.124] – деген тұжырымын берік ұстанған М.Әуезов ҚазПИ-де ұстаздық еткен жылдарында ғылыми-шығармашылық, жазушылық жұмыстармен қатар ұстаздық жолдың да ұлағатты мәні мен маңызына ерекше ден қойды. Осы салада арнайы зерттеулер жүргізіп, соның нәтижесінде қазақ әдебиеті пәнінен оқулықтар мен оқу құралдарын шығарғаны осы сөзіміздің дәлелі. Мәселен, бұған 1933 жылы М.Әуезов Ә.Қоңыратбаев, М.Жолдыбаевтармен бірлесіп жазған орта мектептің 7-сыныбына арналған «ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» [3. 155] атты оқулығын жазды. Жазушының жинақтаған барлық тарихи, әдеби деректері осы оқу құралында жинақталып, онымен жастардың оқып-танысуына зор мүмкіндіктер туды. Бұл оқулық бірнеше жыл бойы мыңдаған шәкірттердің, қазақ мектептерінің кәдесіне жарады. Ал М.Әуезов даярлаған «Абайдың творчестволық өмірбаяны» (1933) еңбегі институттағы лекциялық курс материалдарын топтастырған. Осының нәтижесінде «Абайтану» пәнінің оқу курсына жол салынды. Сөйтіп ұлы қаламгер қазақтың ұлттық әдебиеті туралы ғылымның тууына, қалыптасып өсуіне елеулі үлес қосты.
Бұл тарихи жылдардағы ұмытылмас ке­зеңдер туралы кемеңгер жазушы: «…Бүгінгі Қазақстан жастарының алдында білім-өнер өрісі ұшан-теңіз. Қай білімді, қай өнерді алам десе де таңдау-талдауына шек жоқ. Ғылым сарайлары бір емес әлденеше. Туып, бекіп орнағандарына да талай жылдар болды. Солардың ішінде аға ВУЗ-дың бірі Абай атындағы Мемлекеттік педагогикалық институты. Бұл институтты мәдениетті жұртшылықтың бәрі де біледі… ВУЗ-дың ашылуы қазақ халқы үшін үлкен игілікті іс еді, өйткені бұл қазақ халқының мәдениет өнер-білімінің жоғарылауына тартылған алғашқы арқалық сияқты еді. Мектептен жұрдай болып келген қазақ даласы білімпаз адамдарға, әсіресе, мұғалімдерге зар еді. Сол тілеуге ең алғаш жеміс берген осы ҚазПИ. Сондықтан ҚазПИ-дің рөлі басқа ВУЗ-дардан өзгеше. ҚазПИ бізге басқа ВУЗ-дан гөрі алғашқы тұңғышымыздай болып ыстық көрінеді », [5. 58-59] – деп еске алады «Білімнің тұңғыш ордасы» атты 1939 жылғы жазылған мақаласында.
Мақала авторы институттың үлкен бір табысы – соңғы жылдары жаңадан жақсы-жақсы оқытушылар, профессорлар жинағаны, 1928 жылы 20 шақты ғана оқытушы қызмет етсе, сол тұста 75 оқытушыға жеткенін, олардың ішінде 7 профессор, 15 доцент, ғылым докторлары, ғылым кандидаты деген ғылыми дәрежеге ие болғандар бар екенін, бұлардың дені жас кадрлар, ҚазПИ-дің өзін бітіріп шыққан С.Толыбеков, С.Кеңесбаев, Т.Тәжібаев секілді жас оқымысты түлектер екенін, оларды студенттер өздерінің жолдасындай, ағаларындай көретінін ағынан жарыла баяндайды. Ол институтта Орталықтан (Мәскеу, Ленинград қалаларынан) келген Маркович, Сильченко, Линчевский сынды үлкен ғалым-ұстаздар сабақ беретінін, олардың әрқайсысына анықтама бере отырып, дәрістерін студенттер көңілденіп қошаметпен тыңдайтынын, бұл ғалымдар әріптестері мен шәкірттерінің сүйіспеншілігіне бөленіп жүргенін баяндайды. Автор мұндай оқытушылар оқу орнында көптеп кездесетінін де тілге тиек етеді.
Жазушы осы мақаласында: «…Инс­титутта сырттан оқытатын бөлім бар, мұнда мың қаралы адам оқиды. Бұлардың көбі ауыл, ауданның мұғалімдері, білім дәрежесін жетілтуге ұмтылған қазақ жас­тары. ҚазПИ тұрған үйде ҚазПИ-дің інісі сияқты бір оқу орны бар. Ол мұғалімдер институты. Бұл институт шынында ҚазПИ-ден енші алып шыққан отау инс­титут. ҚазПИ-дің өкше басар жеткіншегі – рабфагы да бар. Оның оқушылары ертең-ақ ҚазПИ-ге кеп төрден орын аламыз деп, құлшынып тұрғандар…», [5. 62] – деп институт жанындағы құрылымдық-көмекші бөлімдер мен аспирантура жұмыс жасайтынын ескертеді. «ҚазПИ – бір білім комбинаты, өрісі, аумағы кең институт. Астана жұртшылығына таныс, меймандос институт. Жазушылар, ғылыми қызметкерлер, пропагандистер, мұғалімдер бұл институтқа тегіс үйір. Әдебиет туралы айтыс, ғылыми конференция, марксизм-ленинизм мәселелерінен баяндама деген сияқты ғылыми мәжілістер көбінде осында өтеді», [5. 62] – деп жазады ұлы жазушы. Мақала соңында институт жоғары оқу орнының үлкен дүкені іспетті болып, Дәрігерлік, Малдәрігерлік, Тау-кен инженерлері, Ауылшаруашылық секілді төрт институтты таратып шығарғанын айта отырып: «Міне, осындай өскелеңдеген өнер-білім, өрге басқан жас қауымның ұл, қыздары арқылы, қазақ сахарасынан ғасырлар қараңғылығын қуып айдап, жойып отыр», [5. 63] – деп ойын түйіндейді.
Институт туралы М.Әуезовтің жазған «ҚазПИ-дің жемістері» атты келесі мақа­ла­сының да биыл 90 жылдық мерейтойын атағалы отырған университет тарихындағы алатын орны ерекше. Онда ұлы суреткер өзі қызмет етіп жүрген білім ордасының оқу-тәрбие, ғылым саласындағы, ұстаздар мен түлектердің педагогикалық еңбектегі қол жеткізген табыстарын көпшілік назарына ұсынады.
«…Қазақ даласы, – дейді жазушы аталған мақаласында, – мәдениетке, білімге сусаған, бір шөлейт жер сияқты еді, сол шөлейт сахарада жайқалып өскен гүлдерді көресіз, ол мәдениет гүлдері. Сол гүлдердің ішінде қызғалдақтай бұлғақтаған ВУЗ-дардың жемістері сансыз көп».
Мұнда ол институт түлектерінен мем­лекеттік басшы қызметтерге жоға­ры­лап кеткен Қазақ КСР Оқу-ағар­ту халық комиссары М.Әбдіхалықов, Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы Талалаев, Оңтүстік Қазақстан обком комсомолының хатшысы Қойбағарова, Алматы обком ком­сомолының хатшысы Артықов сынды азаматтардың, әдебиет пен мәдениет саласында аты шығып жүрген Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Әли Есмамбетов, Қадыр Хасанов, Еркінбеков секілді айтулы түлектердің есімдерін мақтанышпен еске алады. Сол кездегі Одақтық Жоғарғы Кеңестің 1939 жылы 6 мамырда қарт мұғалім, жазушы Спандияр Көбеев, павлодарлық ұстаз Рахметов, шығысқазақстандық Зағира Күленова, Хан Валиев сияқты мұғалімдердің ерен еңбектері үшін отандық жоғары дәрежелі марапаттарға ие болғанына тоқталады. «… Бұл ҚазПИ-ге де үлкен қуаныш емес пе? Халық ағарту ісінің бұл сияқты тамаша адамдары толып жатыр. Олар республикамыздың алдыңғы қатарлы адамдары, қазақ мәдениетінің белсенді қайраткерлері», [5.65-66.] – деп қорытады мақаласын жазушы.
М.Әуезовтің сонау 1930 жылдары жазған «Оқуға ұмтылатын уақыт», «Мәде­ниет, сәулет қаласы», «Цифрлар сөйлесе не дейді?» атты бірқатар мақалалары хал­қымыздың өміріндегі оқу-білімге байланысты өзекті ойларын, мәдениетіміз бен өнеріміз жайлы пайымды пікірлерін, қазақ руханиятындағы Ұлы Отан соғысына дейінгі оң өзгерістерді, жағымды жаңа­лықтар мен жақсы нәтижелерді сөз етіп, осы бағыттағы келелі міндеттер мен маңыз­ды мәселелерді ортаға салады.
Ұлы ұстаз М.Әуезов Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында еңбек еткен жылдары бірнеше талантты да талапты шәкірттер тәрбиелеп шығар­ды. Бұл халқымызда «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» деген даналық сөздің бекер айтылмағандығын іс жүзінде дәлелдейді. Мәселен, сол кездегі М.Әуезовтің алдын көрген, дәрісін тыңдап, білім нәрімен сусындаған, кейіннен көрнекті әдебиетші-ғалым, Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болған, профессор Есмағамбет Ысмайылов «Биіктей бергің келеді» деген естелік мақаласында ұстазы жайлы өз ойын былайша толғайды: «Бұрын шығармалары арқылы сырттай жақсы таныс Мұхаңды 1932 жылдан бері қарай көріп, біліп, араласа бастадым. Оқу-білім жолында әркімнің де ұстазы бар, бірақ Мұхаңдай жақын араласқан ұстаз-досым сирек. Біреулер қызмет бабында, семья жағдайында араласады, ал менің Мұхаңмен жақындығым ең әуелі білім алу жолында, әдебиетке құштарлық жолында қалыптасты. Ең алғаш ҚазПИ-де, Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтында оқып жүргенімде Мұхаң бізге Орта Азия халықтарының әдебиеті тарихынан лекция оқыды» [4. 130]. Осылайша, әдебиеттану ғылымының екі алыбының, ұстаз бен шәкірттің алғашқы таныстығы ҚазПИ-дің қабырғасынан басталып, кейін үлкен шығармашылық достыққа, қызметтегі тату, ынтымақтастық қарым-қатынасқа жалғасқан. Оған бертінгі жылдары Е.Ысмайылов пен М.Әуезовтің Ғылым академиясында қызметтес болып, аралас-құраласта жүріп талай игілікті істерді тындырғандығы дәлел. Осы тұста ұлы қаламгер-ғалымның ұстаздық еңбек жолында Қ.Мұхаметханов, Ә.Жиреншин, С.Қирабаев,З.Қабдолов, З.Ахметов, М.Мырзахметов, М.Базарбаев сынды т.б. көптеген айтулы шәкірттер дайындап, қазақ әдебиеттану ғылымында Әуезов дәстүрін, Әуезов ғылыми мектебін қалыптастырып кетті. Бұл игі дәстүр уақыт өткен сайын тамырын кеңге жайып, жазушының ұстаздық жолындағы ұлы мұраттарын танып-білуде бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнегеге айналды.
Ұлы жазушы, ғұлама ғалым М.Әуезов еңбек етіп, шәкірттер дайындаған еліміз­дегі алғашқы жоғары оқу орны Абай атындағы педагогикалық институт үнемі даму жолында болып, өзінен кейін ашылған барлық жоғары оқу орындарына педагог кадрлар дайындауға мұрындық болып келеді. Бүгінде торқалы 90 жылдығын тойлағалы отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болмысы биік білім ордасы ретінде өркендеп өсіп еліміздің жоғары оқу орындарының қара шаңырағына айналды. Ол сан мыңдаған шәкірттерге саналы тәрбие мен сапалы білім беріп түлетіп, тәуелсіз еліміздің дамуына өзінің игі ықпалын тигізіп келеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. М.Әуезов. Энциклопедия. Бас редакторы С.Қасқабасов. – Алматы, 2011. – 686 бет.
2. Әбдіғұлов Р. Әуезовтанудың кейбір мәселелері. – Алматы: Олжа, 2009. – 172 бет.
3. Пірәлі Г.Ж. Қазіргі Мұхтартану: 2-кі­тап. – Алматы: Елтаным, 2014. – 224 бет.
4. М.Әуезов туралы естеліктер. 2-бас. Құраст. Д.Қонаев, С.Майлыбаева, Ә.Қуа­ныш­баев. – Алматы: Білім, 2007. – 288 бет.
5. М.Әуезов. Жиырма томдық шығар­малар жинағы. 8-том. – Алматы: Жазушы, 1981.
6. Абай. Шығармалары. 2 томдық. 2-том. – Алматы: Жазушы, 2002 .

Алдыңғы «
Келесі »