Әл-Фарабиді ұлықтаған ұлағатты ғалым

  • 23.07.2018
  • 69 рет оқылды
  • 0

Мырзахан АХМЕТОВ,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Қоғаммен
байланыс жөніндегі бөлімнің бастығы

«Әр адам – өзінше бір әлем» деген сөз бар халықта. Шынында да, солай. Әркімнің тіршілікте көрген-түйгені, жүріп өткен жолдары, қуанышы мен қайғысы, тағдыр-талайы өзінше болатыны, біреудің өмірі басқа біреудің өміріне айна-қатесіз ұқсай бермейтіні сөзсіз. Сөйлеспей, сырласпай кімнің кім екенін қайдан білмексің?
Қазақстан математик ғалымдарының алдыңғы легінде келе жатқан Есен Бидайбеков та осындай бір өзі бір әлемге татитын азамат екенін мен келе-келе ұққандаймын. Мен көргелі, ол кісі өзінің қарапайым, салмақты, салиқалы қалпынан айныған емес. Данышпан Абайдың «Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» дегені осы болар деп ойлаймын мен үнемі. Шынында да Есаға өзінің мінезіне сай үнемі ақырын басып, біреуден озайын демейді, кісіге қиянат қылайын деген де ойы жоқ сабырлы қалпында таудай жұмыстар тындырып жүргенін мен тосыннан білдім. 2015 жылдың күзінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Білім мен ғылымдағы математикалық модельдеу және ақпараттық технология» тақырыбында өткен VII халықаралық конференция профессор Есен Ықыласұлы Бидайбековтың 70 жасқа толуына және мектептерге информатика пәні енгізілгеніне 30 жыл толуына арналған-ды. Осы жиында Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, Ресей ҒА академигі В.Г.Романов, белгелі Ресей ғалымдары В.С.Корнилов, В.В.Гринушкин, Краснояр мемлекеттік педагогикалық университетінің проректоры Н.И.Пак және басқалар Есен Ықыласұлының физика-математика ғылымдарына қосқан үлесі туралы көсіле сыр шерткеніне өзім де куә болдым. Ал, ғұлама ғалым Сергей Кабанихин мына бір қызықты жайды есіне алып, бізді бір таңырқатқан.
– Өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ортасына қарай Ресей ғалымдарын мектептегі оқу үдерісіне информатика пәнін енгізу туралы ой толғандыра бастағаны әлі есімде, – деген еді. Сонда, Сергей Игоревич – Ол КСРО-ға компьютерлік техника жаңа келе бастаған, компьютердің өзі қазіргідей даму деңгейіне жете қоймаған кез. Бірақ біз, зиялы қауым, түптің-түбінде шетелдердегідей Кеңес Одағында да компьютерлік техника дамитын заман туатынына сенімді едік. Сондықтан, шетелдіктердің үлгісі бойынша мектептерге информатика пәнін енгізу туралы ой қозғап, бұл пәнге арнап оқулық, оқу-әдістемелік құралдар жазуды қолға ала бастадық. Көптен бері Ресей ғалымдарымен тығыз шығармашылық және зерттеушілік байланыста жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан ғалымы Есен Ықыласұлы Бидайбеков те бұл мәселеге ден қойып, республика мектептеріне информатика пәнін енгізу мәселесімен түбегейлі айналысып, игі бастамалардың басында тұрды және өзін туған елін шын сүйетін нағыз патриот ретінде таныта білді,– дегенде мен де, басқа әріптестерім де тосын жайға таңырқасып қалғанбыз. Сөйтсек, Есен Ықыласұлы 1985 жылдары республика мектептерінде оқу үдерісіне информатика пәнін енгізу жөнінде бірінші болып мәселе көтерген, «Информатика және есептеуіш техника негіздері» мектеп курсының мазмұны мен оны енгізу әдістемесін жазып, Ресей ғалымдары дайындаған «Информатика мен есептеуіш техника негіздері» оқу құралы мен мұғалімдерге арналған «Информатика мен есептеуіш техника негіздерін оқыту» оқу-әдістемелік құралын қазақшаға аударып, информатика бойынша қазақ тіліндегі терминологияны әзірлеп, оларды оқу үдерісіне енгізуге көп үлес қосқан қайраткер ғалым екенін осы жолы білген едім.
Профессор Е.Бидайбековтың өзі де осы сала бойынша «ЭЕМ қалай жұмыс істейді?», «МSХ – BASIC-пен алғашқы танысу», «Информатика бастамалары» (алгоритмдеу), «Логикалық бағдарламалау», «Векторлық алгебра», «Топ, сақина және өрістердің қасиеттері» сияқты еңбектер жазыпты. Аталған еңбектерінің бәрі қазіргі таңда да өзекті және үлкен сұранысқа ие көрінеді. Оқу бағдарламасы мен оқулық, оқу-әдістемелік құралдар даярлау бір басқа да, мектептерге информатика пәнін енгізу туралы министрліктің келісімін алу, өз ұсынысыңды дәлелдеп шығу қиынның қиыны екен. Ол өзі информатиканың болашағын әркім болжай бермейтін кез. Ал, жаңалықтың жолы қашанда ауыр. Есағаң осы жаңалықты енгізу үшін қаншама есікті қағып, қаншама табалдырықты тоздырғанын кешегі аға ұрпақ қана біледі дейді көргендер.
Көзім жеткен ақиқат: Есен Бидайбеков Қазақстанда білім беру жүйесін компьютерлендіруді бастаушылардың бірі де бірегейі болумен қатар елімізде білім беру мен ғылымды ақпараттандыру саласында мықты қазақстандық ғылыми мектебін қалыптастырған ғалым. Жоғары оқу орындарының оқытушыларынан бастап ЖОО ректорлары мен министрлерге дейін Есағаның шәкірттері екенін мақтан етіп айтады. Есен Ықыласұлының «Қазақстанда білім беруді ақпараттандыру» (орыс тілінде), «Подготовка специалистов сов­мещенного по информатике профиля в Республики Казахстан», «Информационное интегрирование и анализ образовательной области в разработке электронных средств обучения», «Информатизация образовании и проблемы обучения», «Мәліметтер қоры және ақпараттық жүйелер», «Ақпараттық мәдениет негіздері», «Балбөбек ақпарат әлемінде», «Информатика. Балаларға арналған энциклопедиялық анықтамалық» сияқты жиырмаға тарта еңбегі оның білім беру жүйесін ақпараттандыруға қаншалықты үлес қосқанын көрсетеді. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізу, алған бетінен қайтпау сияқты қайсар мінезді Есағаның ғылымдағы, еңбектегі ізденістерінен байқау қиын емес.
Зерделей келсем, профессор Е.Бидай­бе­ковтың ғылыми-әдістемелік қызмет­тері жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, Информатика, Математика және Білім беруді ақпараттандыру салаларына ғылыми-педагогикалық кадрлар даяр­лауға бағытталып отыр. «Ол педагог-зерттеуші ретінде магистранттар мен PhD докторанттарын пәндік даярлаудың мазмұнын іргелендіру мәселесіне, оларды информатиканың теориялық негіздерін есептеу математикасын, ақпараттық модельдеуге оқытудың әдістемелік жүйесін, сонымен қатар информатика мен білім беруді ақпараттандыруды оқыту әдістемесін дамытуға ерекше көңіл бөледі» дейді Есағаңның әріптестері.
– Біздің ағамыз, әріптесіміз Есен Ықы­ласұлы өте еңбекқор, ізденімпаз және жаңашыл ғалым ғой,– деген еді әл-Фа­рабидің математикалық мұраларына байланысты жиында ҚазҰУ-дың механика-математика институтының директоры, профессор Мақтағали Бектемесов. – Университеттегі жаңа бастамалардың көпшілігі сол кісінің ақыл-ойынан туындап жатады.
Профессор Е.Ы.Бидайбековтың жетекшілігімен бірнеше жылдан бері ғұлама ғалым әл-Фарабидің математикалық мұраларын зерттеу және оларды қазіргі математикалық білім беру жүйесіне енгізу жөнінде зерделі зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Әл-Фараби мұсылман Шығысындағы, Орта Азия мен Қазақстандағы алдыңғы қатарлы қоғамдық-философиялық ойлардың негізін салушылардың бірегейі. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырында таңғажайып табиғи-математикалық және натурфилософиялық шығармаларды, олардың ішінде «Ғылымдардың шығуы», «Музыканың ұлы кітабы», «Птоломейдің «Алмагестіне» түсініктеме», геометриялық салулар бойынша трактаттар және басқа да ғылыми жауһарларды дүниеге әкелген ұлы ғалым,– дейді Есен Ықыласұлы.
Физика-математикалық пәндер әл-Фарабидің ғылыми қызметінде үлкен орын алады. Оның математикалық мұраларын едәуір жақсы зерттеген ғалым Қазақстандық математик Ауданбек Көбесов болатын. Бірақ ол кісіден кейін бұл мәселе көп көтеріле қоймаған.
Әл-Фарабидің математикалық мұра­сының сонылығы, ақиқаттығы, арадан мың жыл өтсе де, қазіргі мектеп матема­тикасының мазмұнына жақындығы, оның Фарабиге тән баяндалу әдістерінің қолжетімділігі таңқалдырмай қоймайды. Мұра басқа біреудің емес, өз бабамыз Фарабидің мұрасы болғандықтан осы математикалық мұраны заманауи білім беру жағдайында қарастырудың қажеттілігі туындап отырғанын айтады, профессор Е.Бидайбеков.
Фараби зерттеулерінің бірегейлігі ретінде математикалық мәселелерді шешуде алгоритмдік тәсілді пайдаланып, зерттеулердің қолданбалық бағдарда жүргізілуі керек. Информатика мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану негізінде алгоритм ұғымы жатыр. Ал, қолданбалық бағдар жайында айтар болсақ, Фарабидің ғылымда ұстанған басты принциптерінің бірі – ол математиканы табиғат құбылыстары мен үдерістерін зерттеу, практикаға жан-жақты қолдану мүмкіндігі тұрғысынан қарастырған. Оның математиканың айрықша бір саласы ретінде зерттелген айла-әрекет жөніндегі ой-пікірлерінің маңызы зор.
«Айлакерлік туралы ғылым – мате­матикалық қағидаларды табиғи және сезуге болатын денелерде әдейілеп қол­дануға қажетті әдістер мен тетіктерді қалай табу жөніндегі ілім», – дейді ғұлама. Бұл қазіргі математикалық әдіс­терді, алгоритмдерді ғылым мен прак­тиканың басқа салаларында қолдануды қарастыратын қолданбалы математикаға жуық келеді. Ал, қолданбалылық бағдары оқыту мақсатындағы модельдер мен алгоритмдерді қарастыруға мүмкіндік беріп, білім беруді ақпараттандыруға жол ашады.
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» демекші, бүгінгі күнде әл-Фараби бабамыздың белгілі ғалым А.Көбесов жинақтап жүйелеген математикалық мұрасы жас буынды тәрбиелеуге, ғылым-білімге баулуға қызмет етуге тиіс еді. Алайда, оны қазіргі оқу үдерісіне инновация ретінде енгізу әдістері мен технологиялары бойынша ғылыми-әдістемелік зерттеулер жеткіліксіз болып отырған бүгінгі таңда профессор Е.Бидайбековтың бастамасын қуана қолдағанымыз абзал.
Осы арада, өзім куә болған тағы бір жайды айта кетсем деймін. Профес­сор Есен Бидайбековтың бастамасымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті физика-математика институтының (факультетінің) ұжымы Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебімен байланыс орнатып, университет ғалымдары мектеп оқушыларын қамқорлыққа алыпты. Былайша айтқанда, физика-математика бағыты бойынша дарынды балаларды тәрбиелеуге, олардың ғылыми жұмыстарына бағдар беруге ден қойыпты. 2016 жылдың сәуір айында Есекеңнің бастауымен Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыздың математикалық мұраларын насихаттауға, оны мектеп оқушыларына тереңдеп түсіндіруге, балаларды зерттеу жұмысына тартуға арналған ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оған менің өзім де қатысқаным бар. Бұл іс-шараға профессор Есен Ықыласұлы Қазақстанның белгілі математик-ғалымдарын да шақырған екен, олар да тегіс қатысты.
– Бүгінгі мектеп математикасының негізгі мәселелерін данышпан баба өз заманында-ақ жазып қалдырған. Мысалы, шеңберді теңдей жеті бөлікке бөліп, жеті бұрыш шығару оңай дүние болмаған. Ал оны әл-Фараби сол кезде-ақ сызып шығарған. Үшбұрыштар жасау да сол кісіден қалған. Ол өмірге әкелген математикалық теңдеулер де бүгінгі математиканың негізі болып отыр,– деген профессор Е.Бидайбеков сол басқосуда студенттер мен оқушылардың әл-Фараби мұрасына байланысты ғылыми жұмыстарын талқылаған. Бұл конференцияда мамандығы математикаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын менің өзім әл-Фараби бабамыздың математикалық мұраларынан көп нәрсе ұққандай едім.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан – 2050» стратегиясы қалыптасқан – мемле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты жөнінде айта келе: «…Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжі­рибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп террабайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады…», – деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда, білім беруді, оның ішінде, математикалық білім беруді отан­дық ғалымдардың жаңалықтарымен, оның ішінде әл-Фараби сияқты ғұлама бабаларымыздың еңбектерімен толық­тырып, оқыту мазмұнын байыту, жастарға соның негізінде патриоттық сезімді сіңіре отырып, оларды ғылыми-әдістемелік зерттеулермен айналысуға жұмылдыру күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі даусыз. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Информатика және білімді ақпараттандыру кафедрасының профессор Е.Бидайбеков бастаған ғалымдары осы олқылықтың орнын толтыру үшін жан-жақты іздену және зерттеу үстінде.
Әл-Фараби мұраларына байланысты өткен жиында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы «Математика және математикалық модельдеу» институтының Бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қалменов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультетінің деканы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мақтағали Бектемесов әл-Фарабидің математикалық мұраларын бүгінгі ұрпаққа оқыту жөнінде бастама көтеріп, тың ізденістер жасап жүрген Есен Ықыласұлының еңбегін жоғары бағалағанына мен өзім де куәмін.
…Жамбыл облысы, Талас ауданындағы Аққұм ауылында мұғалімнің отбасында дүниеге келген Есен Ықыласұлы жастайы­нан ілім-білімге құштар болып өсіпті. Орта мектепті үздік бітірген соң сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне түсіп, жақсы оқумен қатар ғылыми жұмыстармен шұғылданған Есенді ұстаздары: «Түбінде сенен жақсы ғалым шығады» деп көтермелеп отырады екен.
«Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөз жан семіртеді» дегендей, ұстаздарының жан жылытар жылы лебіздерінен қанат­танған ол университетті бітірісімен ғылым жолына талпынады. ҚазМУ-дің есептеуіш математика (ЕМ) кафедрасының зертханасында математик-бағдарлаушы болып жұмыс істей жүріп, аспирантураға дайындалған Есен ақыры бұл мақсатына да жетеді. «Талпынған жетер мұратқа» деген осы емес пе? Орта бойлы, дөңгелек жүзді әдеміше қара торы жігіт сол кездің өзінде тым салмақты болатын. Уақытының көбін зертханада, оқу залдарында өткізетін Есеннің дарыны мен талабына тәнті болған ұстаздары оны нағыз ғылыми ортадан тәлім алу үшін КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің Есептеу орталығына тағылымдамаға жібереді. Онда Ресей ғылым академиясының корреспондент-мүшесі В.Г.Романовтың жетекшілігімен математикалық физиканың кері есептері тақырыбына байланысты кандидаттық диссертация жазуға дайындала бастайды.
Әр халықтың өзіндік ерекшелігі болады. Орыс ағайынның талантты адамды мойындаса оны өле-өлгенше қолдап отыратын жақсы қасиеттері бар. Сібірде жүріп Есен орыс ғалымдарының ықыласына бөленді. М.М.Лаврентьев пен В.Г.Романовтың ақыл-кеңесі оның ғылым айдынында кең құлаш сермеуіне серпін берді. Ұстаз ғана емес, досындай болып кеткен сол жандарды Есен Ықыласұлы күні бүгінге дейін ыстық сезіммен, зор сағынышпен еске алып отырады. Ең әуелі өзінің қажырлы еңбегі мен ғылыми ізденістерінің, сонан соң ұлағатты ұстаздарының ықылас-пейілінің арқасында аспирантурадан кейін «Гиперболалық типті кейбір квазисызықтық теңдеулер үшін кері есептің бірден-бір шешімі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын табысты қорғап шықты.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде электрондық есептеуіш машиналарды (ЭЕМ) математикалық қамтамасыз ету кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқарды, механика-математика факультетінің қолданбалы талдау кафедрасында жұмыс істеді.
Профессор Е.Бидайбеков 1984 жылдан бері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде есептеуіш математика және дифференциялық теңдеу­лер кафедрасында, университеттің Магистратура және PhD докторантура институтында, Информатика, математика және білімді ақпараттандыру кафедраларында басшылық қызметтер атқарып келеді. Көп жылдан бері оқу орнының ғылыми-ұйымдастырушылық қызметін жетілдіру, информатиканы оқыту теория­сы мен әдістемесіне байланысты өзекті мәселелерді шешумен, білім беру жүйесіне жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуге байланысты орасан зор жұмыстар жүргізді. Бүгінгі таңда Е.Ы.Бидайбеков жетекшілік ететін кафедра ғалымдары оқушыларға оқу құралын, мұғалімдер мен студенттерге арналған әдістемелік құралдар әзірлеу және оларды баспадан шығару, мектепте және ЖОО-да информатика пәнін оқытуды жабдықтау үшін бағдарламалық педагогикалық құралдар (БПҚ) жасау және енгізу жұмыстарын қызу қарқынмен жүргізуде.
Үнемі ізденіс үстінде келе жатқан жаңалыққа жаны құмар профессор Есен Ықыласұлы университетте Білім беруді ақпараттандыру орталығын құру туралы мәселе көтеріп, бұл идеясын толық жүзеге асырды. Оның тікелей жетекшілігімен бұл орталық университеттегі оқу үдерісін қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникативтік технологиялармен қамтамасыз ету, педагогикалық бағдарламалық құралдар жасап, оны енгізу жолында қажырлы еңбек етіп, тиісті нәтижелерге жеткенін атап өткен жөн. Оның жетекшілігімен білім беруді ақпараттандыру орталығында (БбАО) көптеген ғылыми жұмыстар жүзеге асырылуда.
«Қазақстан Республикасы универ­ситет­терінде информатикамен сабақтас мамандарға информатиканы оқытудың әдістемелік жүйесін дамыту» тақырыбында докторлық диссертациясын табысты қорғаған Е.Бидайбеков 1996 жылы Ресей білім беруді ақпараттандыру акаде­миясының толық мүшесі-академигі болып сайланды.
Иә, «ақырын жүріп, анық басып» ұстаздық етіп, ғылыммен айналысып келе жатқан, «мен, мен» деп кеуде соғудан аулақ Есағаңның ұлт мүддесі үшін атқарып жүрген ұлан істері ғұмырлы болса екен деп тілейік.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.