Қытай және Грекия мифтерін салыстыра баяндау

  • 23.07.2018
  • 414 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Қымбат Нұрланбек,
Қытай Халық Республикасы Орталық ұлттар университеті қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің магистранты

Мифтік әңгімелер адамзат көркем өнерінің жауһары, ол – романтикалық түске бай еңбекші халықтың ақыл парасаты арқылы топталған құнды мұралар. Қазіргі замандағы зерттеушілер мифті – алғашқы адамдар тіршілігінің маңызды бөлігі дей тұра, табиғат құбылыстары мен қоғамдық өмірдегі қарапайым білімдер арқылы әртүрлі мәдениеттің қайнары бастау алады және адамның балалық кезіндегі табиғат пен өміріндегі қиындықтар, табиғатты бағындыруға деген арман-тілектері жатады, табиғатқа болған түсінігі мен қоғамдық танымының өзара әсерінен туындаған деген ой-пікірлер айтады. Сон­дықтан, мифтерден байқалатын адамзаттың алғашқы танымдық форму­лалары, тіпті, адамзаттың алғаш­қы кей пікірлерінің ұлттық рухындағы ең жинақы, ең тартымды, ұлттық мәдениеттің ең байырғы, ең мықты тірші­лік тамыры болып көзге түседі. Қытай мен Грекия шығыс пен батыс өркениетінің бастау көзі ретінде екі елдің мифтік ертегілері де әлемдік мифтік әңгімелер арасындағы жарқырап тұрған екі жақұт сияқты. Сондықтан да, шығыс пен батыстың мәдениетіне терең ықпал жасады деуге болады. Екі елдің мифтік ертегілерінің мазмұны мен құрылымын салыстыру арқылы біз бөтен елдер арасындағы мәдениет парықтарын байқай аламыз.
Дүниенің жаратылысы туралы ұғым

Қытай мен Грекия мифтерінде он сегіз мың ғаламның жаратылысы бір қараңғылықтан басталады. Қытайдың ерте­дегі мифтерінде тас қараңғылық ішінде Пан Гу атты қаһарман болады, ол алып балтасымен қараңғылықты екіге бөліп тас­тайды, жеңіл бөлімі көтеріліп аспан болады да, ауыр бөлімі төмендеп жер болады. Аспан мен жер ажырағаннан кейін Пан Гу екеуінің қайта қосылып кетуінен қорқып басымен аспанды тіреп тұрады, аяғымен жерді басып тұрады. Аспан күн сайын бір құлаштан көтеріле береді, Пан Гу де барған сайын созыла беріпті. Осылайша, қанша уақыт өткені белгісіз, аспан мен жер осы қалпына келіпті, Пан Гу де шаршап құлап түсіп тыныс алғанда демінен бұлттар мен жел пайда болыпты. Екі көзі ай мен күнге, қол-аяғы батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстікке айналыпты. Терісі жерге, қаны өзендерге айналыпты.
Ал, Грекия мифтерінде табиғаттың даму барысында тіршілікке жүкті болғаны дәріптеледі. Бір күні Қараңғылық Құдайы өздігінен екіге ажырап, қараңғылық пен түнге айналады да, тағы да бірнеше Құдай­лар пайда болады. Құшағы кең жер ана Гаия, Қараңғылық Әйел Құдайы мен Түн Әйел Құдайы пайда болыпты. Уақыт өте Қараңғылық пен Түннің арасынан Жарық пен Күндіз пайда болыпты. Жер ана тағы көптеген ұрпақтарды өмірге әкеліпті де он сегіз мың ғалам пайда болыпты.

Адамның жаратылысы туралы ілім

Адамзаттың пайда болуы Қытай мен Грекия мифтеріндегі ең бір қою түс алатын бөлігі саналады. Екі елдің мифтерінде де «Құдай адамды өз бейнесіне ұқсатып балшықтан жасаған екен» дейді. Ертедегі Қытайда ұрғашы жыныс пен табиғатқа табынатын жылан текті жануарлармен қабысып жатады. Мифтерде Нүй Уа атты Әйел Құдай болыпты, ол топырақтан адам сияқты нәрсе жасап шығыпты. Кейін Нүй Уа жерге түсіп адамға айналыпты, әлгі топырақтан жасаған нәрсесіне бар ақыл парасатын сарп қыла отырып, жіпті балшыққа араластырып, балшыққа шыр­малған жіптің әр жерінен тартқанда кішкентай балшық түйірлер ұшып түсе беріп адамға айнала беріпті де, жер бетіне адам қаптап кетіпті.
Ал, Грекия мифтері аталық рулық қоғамның туындысы болғандықтан, алғаш­қы кезде еркек жынысқа табыну етек алған болатын. Адамзатты жаратушы Полемей мифтердегі ең байырғы Айтан әулетінің ұрпағы, топырақтан жасалған адамға жан бітіру үшін ол жануарлардың аруақтарынан ізгілік пен жауыздық сынды екі ерекшелікті алып, кеудеге кіргізеді. Парасат әйел құдайы Афина осы жарты рухы бар балшыққа құдайдың демін үрлеген екен осыдан адамға жан бітіпті.

Төрт дүние ілімі

Қытай мифтері мен Грекия миф­терінің бәрінде кең байтақ әлемді ұқсамаған реңдегі төрт дүниеге бөледі. Әрбір дү­ниенің территориясы мен ұқсамаған мінездегі билеушілері болады. Осы төрт дүние мына­дай болады: Аспан әлемі, адамзат дүниесі, Тамұқ дүниесі, Теңіз. Қытай миф­терінде аспан әлемінің билеу­шісі қалған үш дүниеніңде билеушісі саналады да, Иүй Ди (әлем патшасы) деп аталады. Адамзат дүниесі қарапайым адамдар өмір сүретін фәни дүние, батырлардың аспаннан келген немесе тамұқтан келген жын-албастылардың сайысатын алаңы «батысқа сапар», «ақ жылан аңызы» қатарлылар. Тамұқ дүниесі өлілер мен аруақтардың мекені, қараңғылық пен сұрқиялыққа толған дүние; Қытай мифтеріндегі тозақ­тың бейнесі қылмыстарының ауыр-жеңілдігіне қарай тозақты 18 қабатқа бөл­ген, әр қабатында өзіне тиесілі қатаң жазалар болады. Мифтік ертегілерде өлген адам не ізгілігі үшін жұмаққа шығады не күнәсі үшін тозаққа кіреді. Тамұқ дүниесінің жаратылуы реал өмірдегі адам­дарға қорқыныш үшін жаратылған болып, адамдарды жақсы істер істеуге шақырады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мифтік ертегілер реал өмірде белсенді рөл атқарады деуге болады. Теңіз дүниесінің патшасы айдаһар патша, ол теңізді билейді және жаңбыр жаудыруға жауапты болған. Соқыр сенімділік жайлаған көне заманда адамдар құрғақшылық болса малдарды тасаттық ету арқылы су тәңірінен жаңбыр тілейтін болған.
Грекия мифтерінде аспан дүниесі, тамұқ, теңізді жеке-жеке Zeus, Hades және Poseidon қатарлы ағайындылар басқарады, аспан құдайы Crososті керексіз еткеннен кейін олар жеке-жеке аспан, тамұқ, теңіздің құдайларына айналған.
Құдіреті ең күшті Zeus Грекия құдай­ларының әміршісі болып Olympus тауын­дағы көп құдайларды басқарған. Барлық құдайлар оның айтқанын тың­даған. Телегей теңіздің құдайы Poseidon оның інісі болған, ол Дельфинге мініп алып теңізді шарлап жүрген. Zeus қалалардың қорғаушы құдайы болсада жаңбыр жаудыру оның міндеті саналмаған, та­мұқтың құдайы Hades те Zeusтің інісі болған, тамұқ жер астында болғандықтан Hades дүниедегі қазыналардың қорғау­шысы болған.

Табынатын құдайларының ерекшелігі

Батыс пен шығыста өркениеттік па­рық­тар болғандықтан құдайға берген си­пат­­тамаларында да парықтар бар. Қы­тай мифтерінде құдайлар айбатты да сұсты, ештемеге мұқтаждығы болмаған. Оларда өскелең мөрал, мінез әрекеттері адамдарға үлгі болған. Ал, Грекия миф­те­ріндегі құдайлардың бейнелерінде оларда қара­пайым адамдар сияқты мінез бен сүйіс­пеншілік болған. Құдай да адам сияқты, ашу, қуану, қайғы болады, ішеді, жейді, махаббаттасады, ұрпақ қалдырады, осын­дай тұрмыстық қажеттіліктерді қа­жет етеді, адал, турашыл, батыр келеді, кейі арамза, қатыгез болады. Сондықтан, Қытай мифтеріндегі құдайлардың бей­несі адамдарға арман-мұрат арқа­латқан. Ал, Грекия мифтеріндегі құдай бейнесі реал өмірге сай жасалған. Сондықтан, біз өмірде батыстықтар таби­ғатқа тәуелді, ер мінезділік, әр адамның дербес мінезі, еркіндік және даму, махаббатқа берілуді дәріптейді. Ал, шығыстықтар кемел мөрал­ды, кемел мөрал болғанда ғана әулие болуға болады дегенді қуаттайды. Сондықтан, Грекия мифтерін оқыған кезде оны қарапайым тарих немесе қаһармандық Эпос ретінде қарауға болады, ал, Қытай миф­терін оқыған ке­зіңізде терең түс алған мөралшылдықты байқай алар едіңіз.

Мифтердің сақталуы мен  жалғасуы жөнінде

Қытай мифтері соғыс себебінен әр өңірдегі классикалық шығармаларда сақ­тал­ған, кемелді түрде жинақты сақтал­маған. Әр жерде шашыраңқы түрде болып бір жүйеге түспеген. Қы­тайда ертедегі мифтер ең көп, қатысты материалдарда аса мол, ішіндегі ең құнды­ларынан «тау-теңіз сипаттамасы», «Huai nanzi» бар, оларда мифтік аңыздар көп сақталған. Ал, Грекия мифтері өзгеше, бір бөлімі 48 тараудан тұратын, 28000 жолдан тұратын Гомердің «Ил­лиада», «Одиссея» дастандарын ай­туға болады. Онда Грекияның бай миф­тік аңыздары қамтылғанда маз­мұны бас­қалай тартымды болған.

Қорытынды

Қытай мифтері мен Грекия мифтері ұқсамаған ұлттың өзіндік ұлттық рухы мен идеялогиясын бейнелейді. Қытай мифтерінің мазмұны асқақ та айбынды болып Қытай халқының жігері мен мінезін бейнелейді. Ал, Грекия мифтері табиғи, қарапайым, көркемөнерлік тар­тымдылыққа ие. Ол батыс адам­дары­ның еркіндік пен құштарлыққа табыну идеясына терең әсер еткен. Осы екі түрдегі ұқсамаған мифтер әртүрлі өрке­ниеттің дамуына игі ықпал еткен. Екі түрдегі мифтерді салыстырып сара­лаудан шығаратын қорытындымыз, біз батыс мифтерін зер салып оқуымыз керек, ондағы адами мінездерге, онда­ғы мәдениеттің артқы көрінісіне де түсі­ністікпен қарауымыз керек. Сонда ғана батыс қоғамы мен біздің арамыздағы мәдениеттік парықтарға дұрыс баға бе­ріп, мәдени алмасуды жеделдетуімізге жол ашылады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. У Хуңгуаң: Қытай мифы мен Греция мифтерінің ұқсастық-парықтарына аз аял, «әдеби өнер», 2011,12.
2. Суң Хау: Қытай мифы мен Греция мифтерін салыстыра зерттеу, 2006, 6.
3. Шуе Яңхун, Лиу уынжын: Мифтік образдардың құдайлық қасиет жайлі ізде­ніс, «луйляң инстинкты газет», 2014,12.

Алдыңғы «
Келесі »