Ақбөбек пен Қайып: Аңыз бен ақиқат

  • 08.11.2012
  • 4621 рет оқылды
  • 1

Гурьевте, казрадионың тілшісі болып жүргенде, Алматыға бағалы хат жіберетін болып поштаға барғанымда мені танитын қызметкер «Ақбөбек пен Қайып» туралы білесіз ғой, Сізге сол Қайыптың баласы туралы айтайын. Ол «мына кісі» деп жігіт ағасы болып қалған мосқалдау адамды көрсетті. Мен кейін барып амандастым, аты – Боздақ екен. Сол кісіні мен – кейін Доссорда тағы көрдім. Нұржанның үйінде. Нұржан озат мұнайшы, оператор. Жұмыс туралы сұрай бастағанда ол: «Ауылымда қонағым бар еді, сонымен бірге бол, сөйлесеміз» – деді. Қаладағы поштада көрген ағай отыр екен. Шәй үстіндегі әңгіме, одан кейін дастархан жиналғанда домбыра келді. Нұржан: «Ағай Қайыптың әнін тыңдайықшы» – деді. Ол көп бөгелмей, домбырасын күйлеп, әнге кірісіп кетті.
«Ақбөбек сайқылықпен сылаңдайсың,
Бұл жалған өтер десем, тіл алмайсың,
Алтайы құмнан қашқан түлкідейін,
Ұстатпай сылаң қағып бұлаңдайсың…
Құдайға бір мінажат қыламын-ай,
Берсең деп сүйікті жар сұрадым-ай.
Қайыпта кедейшілік бір қасірет,
Жеді ғой, қол қысқалық құлағымды-ай.
Бастаудан ағытайын бұлағымды-ай,
Мойнымды қалқажанға бұрамын-ай.
Бір сөзің зәруім маған жандырмашы!
Тіл қатшы, ең болмаса шырағым-ай».
Қайыптың Бөбек ауылына келуі кездейсоқ. Бөбек айттырулы. Бірер жылда ұзатылуы керек. Соған әкесі қайғырады, жан дегенде жалғыз қызы, көңілінің базары. Амал не, қыз – жат жұттық. Ұзату үшін қамқа тон керек, сәукеле мен аяғына биік тақа етік керек. Оны тігетін шебер керек. Осы тұста, ел аралап жүрген етікші Қайып келе қалады. Тапсырыс берілді. Бұрыннан шеберлігі бар Қайып іздегенге сұрағандай етіп, тақасына сары-ала шеге қағып, өкшесін кере қарыс етіп көксауыр кебіс тігіп шығарады. Осыны ұнатып қалған Бөбек «Ағатай, тағы тап осындай етіп кебіс тігіп бердағы» –деп жалынады. Қыз қиылып сұрап отырғанда жігіт; қайт демейді, іске кіріседі. Етікші асығар емес, Бөбекке қарай береді, ыңылдап өлең айтады, арасында Бөбектің атын да қосады. Ән ұнап қалады. «Ағатай, тағы айтшы» – дейтінді шығарды. «Қайыптың өнері Бөбектен аусыз ғой» – дей салады да, шырқап кетеді. Сөйтіп жүргенде екеуінің жүрегі бірін-бірі табады. Торы атпен екеуі бір түнде ауылдан ұзап кетеді. Қыздың кеткенін білген ауыл да, айттырып қойған жағы да: «Ойбай, қыз кетті, ойбай жесір қашты, әкеткен кім? Табыңдар, ойбай!» Айқай басылар емес. Ел басшылары керілдесе келіп, аяғы сотқа жетеді. Қайып «Сам құмынан, Уәліден. Бұл сол Боздақ қой, дауысын айтсаңшы, әкесі Қайыптың дауысы ғой» – деп оны көре қалған Нұржанның шешесі Әсия да қосылып қояды. Мен репортер магнитофонымды ала барғанмын, әңгімені де, Боздақтың әнін де жазып алдым.
Екі ғашық Маңғыстаудың Бостан құмына жалғас Асардың үңгірін паналайды. Бір қыс сонда қыстап шығады. Қайып киік, қоян аулауға кеткенде қуғыншылар Бөбекті тауып алып, айттырылған ауылға, байының қолына береді. «Қайыпқа айып салынсын! Ештемесі жоқ болса, ауылы, жақындары төлесін». Істің аяғы насырға шауып, іс Форт Александровскідегі сотқа беріледі. Қайыпты ұстап түрмеге жабады. Тергеу аяқталып, Қайыптың кінәсі анықталады. Бөбек қаламаса да күйеуі Есенбайға қосылады. Бірақ, Қайып зарлап, Бөбек барған ауылдан кетпейді. Бөбегін әнге қосып, ауылдағылар қанша қуса да, кетпей жүріп алады.
Атыңнан айналайын Бөбек деген,
Ерте кеш Қайып қасқан безектеген.
Апырай ауылыңда есіркерлік,
Жан жоқ па жүрек сырын сезеді деген?
Өзін қуатындар жоқ кезде, Қайып тағы жақындайды. Мүмкін естігілері келген болар. Қайып жақын келіп, киіз үйдің керегесінен баласын емізіп отырған Бөбекті көреді.
Апырай, мынау қайсың, Бөбегім бе?
Ақылға дариядай тереңім бе?
Айтсаңшы өңім қайсы, түсім қайсы
Тірелді Қайып сорлың не дейінге?
Тірі аруақ Бөбек ілмиіп түрегеліп, қолындағы сәбиін жабықтан қол созған Қайыпқа ұстата салады да, ұша түрегеліп, отаудан шығып, Қайыпты құшақтай, қысып бір сүйді де, тіл қатпай, бүрмелі омырауын айырып жіберіп, Қайыпқа ұмтыла беріп, сылқ етіп құлап түсті. Ауыл адамдары да Бөбекке жүгіріп келіп ішке алып кетті. Қайып баласын қысқан күйі егіліп тұрды.
Тыңдап отырғандар көздерінен жас парлап: «Бишара, сондағы сәби қайтты ме екен?» – деп бір-бірінен сұрап жатты. Сонда жыр айтып отырған ағай, мырс етіп, оны осы кісі білетін болар деп, Нұржанның шешесі Әсияны нұсқады. Әсия да: «Иә, осы сол Боздақ ғой, әкесі мен шешесінен жетім қалып боздап қалған Боздақ осы кісі». Боздақ күліп отыр. Расында да солай екен. Қайып сәбиін Тайсойғандағы ағасына қалдырыпты. Осы естігенді мен айнытпай жазып, Қазақ Радиосына бердім. Эфирден айтылды.
Қайыптың Маңғыстаудан екенін білетін едім. Осы жырды мен Таушықта Уәйіс Қайралаповтан тыңдадым. Домбыраға қосып, айтып отырды. Кейін осы Ақбөбек Гурьевтің драма театрында Берік Қорқытов екеуінің атынан қойылған пьесасын көрдім.
Қайып арманына жете алмады. Оның ғашық сезімін жырға қосқан әнін ел сақтап қалды. Қайып түрмеден шығып, екі-үш жыл ағайындардың ортасында болды. Ғашық жарына қосылуға көмектеспеген ағайындарға өкпелеп, ол Қарақалпақ жақ­қа кеткен. Бірақ, ол жақта да жұт болып ашаршылықта отырған елді қойып, Жи­делі-Байсын, одан әрі Тәжік жеріне барған. Қорғантөбеде тұрақтап, сол жаққа барған бір қазақ ауылының қызына үйленеді, балалары болады.
Қайып сол жақта 1938 жылы қайтыс болған. Балаларының үлкені кейін Маң­ғыстауға өтіпті дегенді естідім. Бі­рақ, оларды көре алмадым. Қайып пен Ақ­­бөбектің әнін сол жақтағы қазақтар да, Түркімендер де айтып отыратын көрінеді, әлі күнге дейін. Тіпті Ақбөбек әні анау Ауғанда, Иранда, Түркияда айтылатын көрінеді.
Ақбөбек әні Иранға Ақбөбектен бұрын барғанға ұқсайды. Ақбөбек күйеуі Ес­бер­генмен 30-шы жылдары тәркілеуге ұшырап, Түркімен жаққа кеткен. Онда да тыныштық болмай, шекара асып Иранға өтер жерде күйеуі атыс-шабыста қайтыс болған. Ақбөбек көшкендерден қалмай Горген қаласына барған. Ол жерде Иран жеріне ерте келген Түркімендер көп екен. Солардың жұмысын істеп, ара­ласып отырған, тілін де меңгерген. Иран­дықтар қазақтарды «түркімен» деп атаған. Қазақтың балаларын түркімендер парсының егісіне салған. Күн көріс керек, жалданып жүргендердің көбі – қашып барғандар болды. Ақбөбектің балалары да сонда жүрді. Ақбөбек қартайды, ақшашты кемпірді қазақтар Ақбөбек дегенге нанбады. Атағы жайылған Ақбөбекті осындай болады деп кім ойлаған. Қайғымен қартайып, сүйгені Қайыптың әнін іштей айтатын. Сондағы Ақбөбекті көре қалғандардың бірі мен, 1992 жылы Ақтау теңіз портына тоқтаған кемеден түскен бір топ оралманның бірі Зайыр шалдан естідім. Сол кісінің үйінде мен қасымда көші-қон қызметінің бастығы Жаздырхан бар, Ақбөбекті сұрадым. Біледі екен. Ол сол жақта қайтыс болыпты. Сол кемеден келгендерге қаладан үй берді. Солардың біріне бір жас отбасы кірген екен, іздеп барып сөйлестік. Жас жұбайлар Таған Қазақ, келіншегі тіней Қажыбибі. Сұрастыра келсем, жігіттің руы Медет, нағашылары Мамыртай болды. Жаңа қоныста бірінші нәрестелі болды. Мен Тағанды ертіп, «Маңғыстаумұнайгаздың» бастығы Сағын Қырымқұловқа бардым. Таған Жетібайдағы базада жұмысшы болды. Келіншегі босанғанда бардық. «Аға, мына кішкентайға ат қойыңыз» –деді. Мен: «Мамыртай қой, Ақбөбек болсын» – дедім. Сөйтіп, бұл ұрпақта Ақбөбектің ұрпағы болсын деген тілек болды. «Ақбөбек әні тағы да Маңғыстауда қалықтасын» – дедім. Оны мында Ізбасар Шыртанов та, Күріш Тасболатов та ай­тып жүрген. «Ақбөбек» жыры сонау 30-шы жылдары шыққан. «Қазақтың 1000 әні» жинағына композитор А.Затаевич енгізген болатын. Қазақ сахнасында ер­те­ден айтылып келе жатқан бір-біріне қосыла алмай, арманда, кеткен ғашықтар әні өмір болса жалғаса береді. Ешқашан да өлмейді. Ол мәңгі жасайды. Сол Ақ­бөбек пен Қайып жырының дүниеге келгеніне 80 жыл болған екен. Бір ғасыр болсын, одан да көп болсын, ғашықтар оны жоғалтпайды. Ол мәңгі жасайды! Адамдар ұрпағына соларды берген. Маңғыстау мұнай барлаушысы Азанбаевтың аты да Қайып. Мен: «Ақбөбегің бар ма?» – дедім. «Бар болғанда қандай» деді. Иә, болсын, бола берсін.

Мұқтасын СУҚАНБЕРДИЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі, Ақтау қаласының Құрметті азаматы

Алдыңғы «
Келесі »

1 Пікір бар

  1. Біз Қайып атамыздан Көбес атадан бөлінеміз. Білеиін дегенім атамыздан Боздақ деген бала қалды депсіз, ол кісіні көрдім депсіз, Боздақ атамыз сол кезде қайда тұрған, және балалары қазіргі кезде қайда тұрады соны жазып жіберіңізші. телефоным 87758812002. атым Жамбыл. қу ауызды Қуанбай бидің шөбересімін Ақтауда тұрамын.

Пікірлерге тыйым салынады.