Бердақтың «Аманкелді» шығармасындағы әдеби фольклорлық дәстүр ерекшелігі

  • 23.07.2018
  • 263 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бердақтың шығармашылығында халық­тың басынан өткерген әртүрлі оқи­ғалары шеберлікпен суреттелген. Бұл тұрғыда оның «Аманкелді» шығармасының маңызы айрықша.
«Аманкелді» шығармасында Зарафшин аңғарында өмір сүрген «жоғарғы» қарақалпақтардың тұрмысында болған оқиғалар суреттеліп, халық батырларының әділдік үшін күресі жырланады. Ақын мұндай әлеуметтік теңсіздік пен әділетсіздікті, жалпы адами құндылықтар, азаматтық борыш және де адам құқықтары көзқарастарынан, сондай-ақ, өзі жасап тұрған ортаның, қо­ғамның, тұрмыстың ерекшеліктерінен келіп суреттейді.
Бұл шығарма бойынша ғалымдар М.Тілеумұратов, Н.Дауқараев, И.Сағитов, А.Пахратдиновтар өз пікірлерін білдірді.
Эпостық жырларда батырлардың прототипін табу қиын болса, ақын шығарма­шылығында тарихи тұлғалардың бейнесі (Ерназар, Зарлық төре) айқын суреттелген.
Ақын өзі туылмастан бір ғасыр бұрын болып өткен оқиға жайлы жазуда халық аузында жүрген аңыз-әңгімелерді пайдаланып, жаңа реалистік образды бейнелеген. Себебі, Аманкелдінің бойындағы қасиеттер (халық ауыз әдебиеті) эпостық жырларда берілген образдардағы халықтың арман-тілегі батырларға ғана тән. Біздің бұл пікірлерімізді М.Тілеумұратов («…шы­ғарманың негізін халық аузында жүрген тарихи әңгіме құраған»), А.Пахратдинов («…Бердақтың тарихи шығармаларының сюжетін көбінесе халықтың жадында сақталып, айтылып жүрген тарихи әңгімелер құраған»), Т.Керуенов («Аманкелді» жыры аңызға негізделіп жазылған шығарма деуге болады») өздерінің ізденулерінде келтіріп өтеді.
Ақын бұл оқиғаны өз көзімен көрмесе де Аман­келді жайлы есіткен аңыз-әңгімелері жайында суретейді. Себебі, біз сөз етіп отыр­ған «Аманкелді» тарихи шығармасында оқи­ғалар ақын тумастан бұрын болып өткен. Автор оны халықтың аузында жүрген аңыз-әңгімелері негізіне тұрмыс шындығын көрсетуге әрекет еткен және де жоғары табысқа жете алған. Сюжетке көңіл бөлсек Қоқан хан қыз сұратып жіберу оқиғасынан басталады. Бұл оқиға тарихи шындыққа негізделген. Себебі, сол дәуірде тақта отырған хандар өз мүддесін ғана ойлап, соның құрбаны болып, халықтың қамын ойламай, тіпті еркін өмір сүруіне де кедергі жасап отырған. Осы сияқты хандардың тарихта шынымен болғандығын біз тек осы шығарма арқылы ғана емес, халықтың арасында кеңінен таралған «Әуезжан қожа» тарихи өлеңі арқылы да білеміз.
Қарақалпақстанның Хожелі қаласында Әуезжан қожа бас болып, ол 1916 жылы Хиуа ханы Аспандиярға қарсы әрекет жасайды. Осы ханға қарсы әрекет үшін Ресей патшасының генералы Галкин ханның сұрауына сәйкес Әуезжан қожа мен он адамды атып өлтіреді. Хиуа ханы Аспандияр орыс үкіметінің қойған адамы еді. Бұған наразы болған халық осы оқиғаға сәйкес өлең шығарып, бұл халық арасында кеңінен таралған.
«Әуезжан» өлеңі 1916 жылы болған Әуезжан басқарған халық көтерілісінің негізінде туған. Аспандияр ханның халықтан қыз жинау жайлы үкімі халықты оған деген күшті наразылығын туғызады. Халықтың наразылығы соншалық, қыз жинаушыларға тас лақтырып, тіпті, қыздарын ұлша киін­діріп, қол астына өткеріп жібереді. Осындай әрекеттер нәтижесінде біраз қыздар суға кетіп, шыдамы әбден таусылған халық ақыры көтеріліске шығады. Оған Әуезжан бас­шылық етеді. Көтерілісшілер жеңіліп, Әуезжан қолға түседі. Ақыры дарға асылып, өлтіріледі.
Мысалы:
Мал базар үстінде ағаш құрған
Үш ағаш бойында жайқалып тұрған.
Белі бір қысым медалы буған,
Халқы үшін жанын берген Әуезжан.
Бұл қайғылы жағдай халық жадында ұзақ уақыттан бері сақталып еді. Осындай оқиғаларды көріп отырған Бердақ ақын жырларындағыдай қаһармандардың өзі жасап тұрған дәуірде де болуын арман еткен. Нәтижесінде, фольклорлық шығармалардағы батырлықты дәріптеген, теңдік пен еркіндік үшін күрескен, ұлт азаттық идеяларын алға тарта алатын, өз құқықтарын керек жерде талап етіп орындата алатындай қасиеттерді Аманкелдінің бойына сіңіріп жазба әдебиетке, фольк­лордағы батыр образын алып кірді.
Фольклорлық шығармаларда беріл­ген образдарды халық арман еткен қаһарман, батыр, халық идеяларындағы қаһарманды өзіне сәулелендіретін образдарды бас қаһарман етіп алады. Себебі, олар сондай батырлардың болуын арман еткен. Ал, біз сөз етіп отырған Бердақ шығармашылығында осындай халық арман еткен қаһарман символын автордың «Аманкелді» шығармасында кездестіреміз. Бұл шынымен де тарихта болған оқиға. Бұл шығарма қарақалпақ халқының XVIII ғасырда жасаған батырлары, тарихи оқиға болған Асан аталық пен Аманкелді жайлы жазылған жанрдағы шығармасы. Бұл шығармада сөз етілген оқиғалар XVIII ғасырдың екінші жартысында Қоқан хандығында болған халық наразылықтарының бірін сипаттайды, хандар мен уәзірлердің зорлық-зомбылықтарына қарсы халық көтерілістері суреттеледі. Аманкелді – осы халық наразылық әрекет­теріне қатысқан тарихи тұлғаның жырдағы прототипі.
Эпостық жырлардағы батырлардың ерліктері, Бердақ шығармасында Аманкелді мысалында көз алдымызға келеді. Халық азаттығы жолында жанын қиған батырлар образын жасау ХІХ ғасырдағы қарақалпақ әдебиеті жазушыларының шығармаларында көркем дәстүрге айналған. Сол үшін де, ақын Аманкелді образын жасауда көркем тәсілдер гипербола, теңеу, метафораларды кеңінен пайдаланған.
…Дұшпанды басып өлтірді,
Басын кесіп келтірді.
…Әскер тартып аттанғанда,
Бөлек-бөлек думан келді…
Арыстан туған Аманкелді…
Арыстан еді Аманкелді.
Міне, осы қатарларда Аманкелдінің батырлығы ұлықталып, халық эпоста­рындағы қаһармандардың күшін арыс­танның, жолбарыстың күшіне теңестірген фольклорлық суреттеуді еске салады. Шығармада халық эпостарындағы, аңыз­дар­дағы әділеттілік пен әділетсіздік арасын­дағы күрес фольклорлық баяндау формасында қолданылған. Бердақ мұнда фольклорлық образдарды, оқиғаларды суреттегенде реалистік образдармен ой-пікірін жарыққа шығарған.
Жалпы, Бердақ шығармашылығындағы фольклорлық мәліметтер халық аузында айтылып келген, өткен оқиғаларға негізделген ер-азаматтар жайлы түсініктерді поэтикалық деңгейге көтеріп, олардың эстетикалық, этикалық байлығын жеткізуде, халық қаһар­мандарын ардақтау, замандастарының рухани талаптарын қанағаттандыру жас буынның сана-сезімін жетілдіру сияқты міндеттерді өз мазмұнына сіңіріп алғандығымен ерекше маңызға ие.

Малика Палымбетова,
Қарақалпақ мемлекеттік университетінің докторанты

Алдыңғы «
Келесі »