ҚАЗАҚ ҚАЛАЙ ҚЫРҒЫЗ АТАНДЫ?

  • 27.06.2018
  • 2317 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Бұрын қырғыз елі Сібірді мекен етіп тұрғанда, Сібірдегі орыстың қалаларын, ауылдарын дамылсыз шауып мазасын кетіре бергендігі мәлім. Ол кездерде орыстар «әне, қырғыз шауып кетеді, міне, қырғыз келіп қалады» деген күйге ұшыраған. «Қырғыз келеді» десе, орыстың жылаған баласы уанатын болған. Сондықтан, орыстың ұғымында «қырғыз» деген сөздің өзі «жау, шабағыншыл» мағынасында орнап қалған. Ал, қырғыздан кейін әрі көп, әрі орысқа бағынбай өз алдына отырған қазақ жұрты орысты қырғыздан жаман жәбірлеп, әсіресе Сібірдің оң тұсындағы облыстарына үлкен зиян келтіре берген соң, қазақты да қырғыздай жек көріп, сөгіс орнына қырғыз (киргиз) деп атаған. Қазақ секілді Сібірде ол кезде орыс­пен сыбайлас отырған татар, моңғол елдері, өздерінің аздығынан болса да, жуастығынан болса да орыспен жаулас­пай, ұрыс-қағыссыз тату тұрған.
Қазақты орыстың «қырғыз» деуінің жаңағы айтқаннан басқа тағы бір себебі болған. Алғаш Сібірді мекен еткен орыс­тар, Сібірді алушының бастығы Ермак, оған ергендері, оның тұқымы – бәрі казак (казак-орыстар) еді. Сондықтан, оларға өздерін де казак, қазақты да казак деу қапелімде ыңғайсыздық келтіретін болған. Үнемі «қай қазақ» деп айырып отыру қажет бола берген. Міне, сонан бері қазақты қырғызбен шатастыру, қырғызды да «кырғыз», қазақты да «қырғыз» деп атау басталады. Сонан бері бұл екі елдің шежіресін білмегенде, кейбір тарихшылардан бастап, қазақ-қырғызбен қатынасы кем жұрттардың көбі екеуін де «қырғыз» дейтін болған. Қазақты орыс «қырғыз» деп атайтын болған соң, қазақ орысқа бағынып, жазу-сызу, заң-законның бәрі орыс тілінде жазылғаннан кейін, күні бүгінге шейін қазақтың орысша оқығандарының өзі орысша жазғанда, сөйлескенде қазақты «киргиз» деп әдеттенген.

М.ДУЛАТҰЛЫ,
«Шолпан», 1923, №3-5.
«Қызыл Қазақстан», 1923 ж. №17-18

Алдыңғы «
Келесі »