ОРЫНДАЛДЫ АТА-БАБА АРМАНЫ

  • 27.06.2018
  • 517 рет оқылды
  • 0

Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы

Өткенімізден аттап кетсек, сірә, өскенімізді танымағанымыз болар. Олай болса, кешегі күндеріміздің көзден кетсе де, көңілде өшпестей таңба қалдырған тұстарынан еміс-еміс әңгіме қозғап қою еш артықтық жасай қоймас. Бұл ретте, ең алдымен, ойға Елордамыз оралады. Оған негіз де жоқ емес. Таяу күндері біз мемлекеттігіміздің символы, асқақ абыройымыздың айғағы, елдің болашаққа салған алтын көпірі – Астанамыздың 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырмыз. Біле білгенге Астананың 20 жылдығы – ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, Қазақстан хал­қының айтулы мерекесі.
Иә, мемлекет ұғымының өзі, ең алдымен, астанамен астасып жатады. Қай елді атасаңыз, санаңызға бірден ол елдің астанасының аты түсетіні сондықтан. Біздің қазақтың арғы-бергі тарихында Ордабалық, Суяб, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Тараз,Түркістан сияқты қалаларда ордалы жұрттың туы тігілген. Астананың дәл іргесінен табылған Бозоқ қаласының да үлкен орталық болғанын, оның орнын ашу және зерттеуге орай, қала тарихының мыңдаған жыл өткен заманға кететінін ғалымдар дәлелдеді де. Тарихи деректер, сондай-ақ, қаланың орта ғасырдағы керуен жолының бойында стратегиялық маңызға ие болғандығын анықтап отыр.Ертедегі ер бабамыз Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандарымыз осы Есіл бойында орда тіккендері тіпті де тегін болмаса керек.
Бүгінгі жағдайға келсек, біз еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Әлбетте, жаңа ғана көтерілген тәуелсіз де, егемен елдің астанасын көшіру айтуға ғана оңай іс. Бірақ, біз үшін бұл дер кезінде, өз тағдырымызды белгілейтін сын сағатта істелген сәтті қадам болды. Шын мәнінде, біз еліміздің жаңа астанасын салуға кірістік. Сол арқылы, іс жүзінде жаңа мемлекет құруға кірістік. Халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы – халық өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбана кірісіп, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге өзінің жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Астана осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да, бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы.
Президент Н.Назарбаевтың Астана­ның тарихы біздің Тәуел­сіз­ді­гіміздің тарихынан ажыра­ғысыз екен­дігін тұ­рақ­ты түрде тілге тиек ететіні бекер емес. Расын айтқанда, жаңа Ел­ор­­даға ие болу біз үшін ақиқат ашар сәтке, жаһандық тарихтың толқынында қазақ­стандық жолдың басталғанын байқатып тұратын маңызды мәреге айналды. Әр мемлекеттің өзінің рәміздері бар, оларды айтқан кезде азаматтың жүрегі бұлқына соға бастайды. Ал, жанын өрлік пен мақтаныш кернейді. Біздер үшін осындай рәміз – Астана. Сан ғасырлық тарихы бар қала – бүгін Қазақ Елінің әлем таныған ордасы. Елорда Нұрсұлтан Назарбаевтың төл перзенті іспетті. Өйткені, Ұлы Жібек жолының күре тамырында бой көтерген Астана Ұлт Көшбасшысының бастамасымен дүниеге келген ғажайыптың бірі.
Негізі, астана таңдауды қай кезде болмасын, мемлекеттің асқақ мүдделері айқындаған. Біз үшін де астананы көшіру ұлттың стратегиялық мүдделерінен туындады, әрі мұндай шешімнің геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-тарихи астарлары болды. Көшірудің мерзімі мен жағдайын есептей келгенде, Астана феномені бүгінгі әлемде өзіне ұқсас белгі табу қиынға түсетін бірегей тарихи оқиға екендігін атап өткен жөн. Елдегі экономикалық ахуалдың едәуір күрделі болып тұрған 90-шы жылдар басында бізге бәрінен бұрын өзіміздің күшімізге сенімді орнықтыру қажет болды. Қазақстанды қуатты да өркендеген мемлекетке айналдыра аламыз деген сенім де өте керек еді. Осынау идеяны жүзеге асыру үшін ауқымды жұмыс атқаруға тура келді. Еліміздің бас қаласы 32 өлшем бойынша таңдалды. Атап айтқанда, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, ауа райы, жер бедері, қоршаған орта, инженерлік және көлік инфрақұрылымының, коммуникацияның барлығы мен болашағы, құрылыс кешені, еңбек ресурстары тәрізді өзге де маңызды факторлар есепке алынды. Осы ретте,таңдаудықазіргі Астанаға түсі­ретіндей түйінді дәлелдер көбірек бо­лып шықты. Мәселен, астананы ауыстыру Қазақстанның геосаяси айқын­дамасын күшейте түсуге тиіс болатын. Ел ортасында орналасқандықтан Астана бұл талапқа толығымен сай келді және жақын маңайға да, әлемнің әр қиырына да бірдей ашық мемлекет ретінде сыртқы саясаты бейбітсүйгіштік сипатқа ие екендігін таныта білді.
Астананы тоғыз жолдың торабында тұрған қалаға ауыстыру Қазақстан экономикасын сауықтыру қажеттігінен, бүкіл экономиканың өсуі үшін керекті мультипликативті тиімділікті қамтамасыз етуге ұмтылудан да туындаған еді. Елорданы құрамы жағынан көпұлтты өңірге көшіре отырып, біз сонымен бірге, тұрақты полиэтностық мемлекет құруға және ұлтаралық келісімге басымдық беруге бағыт ұстағанымызды таныттық. Сайып келгенде, жаңа Астана көшпелі ордадан бүгінгі заманғы республикаға дейінгі дамудың көп ғасырлық жолын жүріп өткен қазақ ұлтын өзін-өзі танып-білудің маңызды белесіне шығарды. Қазақ этносы қалыптасқан Дешті Қыпшақтың ежелгі жерінің қақ жүрегінде орналасқан ел астанасы бүгінде номадтардың сан ғасырлық тарихи көшінің діттеген жеріне келіп тоқтауы, ұлттың кеңістік-тарихи ұйытқысының орнықты өлшемдерін анықтау сынды әсер етті. Сөйтіп, Астана біздің ұлттық санамызды нағыз егемендік деңгейіне жеткізіп, қазақ этносын ұйыстырған идеялық символға айналды.
Әрине, тарих үшін жиырма жыл дегеніңіз уақыттың қысқа ғана кезеңі. Дей тұрғанмен, Астанада бұл кезең бүкіл Қазақстанның және оның көпұлтты халқының өмірін түбегейлі өзгеріске түсірген терең үдерістерге толы болды. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзімізді келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық.Осы жылдар ішінде Астана әлемдегі ең жас та танымал астаналардың бірі ретінде нақты елордалық ауқымға ие болып қана қоймай, бүгінде өте үздік дамып келе жатқан әлемдегі 30 мемлекеттер астаналарының ортасынан ойып тұрып орын алған астананың біріне айналды.
1999 жылғы 16-шілдеде Боливия астанасы – Ла-Пас қаласында әділ қазылар шешімімен Азия-Тынық мұхит аймағы бойынша жоғары марапат – ЮНЕСКО-ның «Қалалар бейбітшілік үшін» медалы мен Құрмет дипломы Қазақ елінің Астана қаласына тапсырылды. 2008 жылдың сәуірінде Мәскеуде өткен «ТМД-ның таңдаулы қаласы» деген байқау-конкурста Астана бәйгеге тігілген 16 жүлденің 9-ын алды! 2011 жылы халықаралық астаналар және ірі қалалар Ассамблеясының бастамасымен өткізілген «ТМД және Еуразиялық экономикалық қауымдастық елдерінің үздік қаласы» атты ІІІ Халықаралық қалалық тәжірибелер байқау-конкурсында Астана қаласы 81 қаланың ішінен үздік шықты. Сонымен қатар, Болгарияның София қаласында өткен 10-шы «ИНТЕРАХ-2003» Бүкіләлемдік сәулетшілердің триенналында жаңа қаланың архитектурасы бойынша Астана Күміс медалын иеленсе, Бішкекте өткен сәулетшілер фестивалінде «Бәйтерек» монументіне бірауыздан Гран-При және Алтын медаль табыс етілді. Сөйтіп, Елордамыздың аты халықаралық сөздік қорына тез-ақ енді, әлем картасында өзіне-өзі сенімді мемлекет пайда болғанын аңғартатын маңызды мағынаны ала келді. Нәтижесінде, Астана туристік қалалардың Бүкіләлемдік федерациясына енді. Бұл Лос-Анджелес, Рим, Берлин, Макао, Пекин, Лондон, Вена, тағы басқа да 50-ден астам мегаполистер мен туристік орталықтарды біріктіретін көлемі жағынан 4-ші туристік бірлестік. Бір айта кетерлігі, бұрынғы кеңестік елдері қалалары ішінде аталмыш федерацияның қатысушылары Мәскеу мен Минск болса, енді, міне, Астана қаласы да еніп отыр.
Сондай-ақ, біздің Елорда өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға мол үлес қосуы тиіс көптеген форумдарды өткізудің орнына айналды. Астана бүгіндері жай ғана Елорда емес, ол енді еуразиялық интеграцияның елордасы ретінде көрініп отыр. Нақ осы Астана өңірлік даму бойынша жаңа идеялардың, көзқарастардың, нақты бағдарламалардың генераторы болуда. Бұл қала жалпыәлемдік конфессияаралық үнқатысудың астанасына айналды. 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 жылдары мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бес съезі өтіп, біз әлемге діндер арасындағы үнқатысу мүмкін екендігін көрсеттік. Ал 2010 жылы Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) ТМД елдері ішінен Қазақстанның бірінші болып төрағалық етуі, Астанада бұл ұйымның соңғы он жыл бойы өткізілмей келген Саммитінің өткізілуі, Астана Декларациясының бірауыздан қабылдануы – сәтті атқарылған халық­аралық ауқымды іс болды, әрі 56 мем­лекеттің 28 басшылары,ірі қоғам қайрат­керлері, танымал саясаткерлерінің бас­тарын қосқан дүниежүзіндегі маңызды кездесуі ретінде әлемдік шежіреде мәңгілік жазылып қалды.
2011 жылы Астанада VІІ қысқы Азия ойындары, Ислам Конференциясы Ұйымы форумы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Шанхай ынты­мақтастық ұйымының мүшелтой саммиті, Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайы ұйымдастырылды. Мұ­ның сыртында Елордада Нобель сый­лығының лауреаттары, әлемге әйгілі сарапшылар, дүниежүзінің бизнес элитасы қатысатын Астана экономикалық форумы жыл сайын өткізіліп келеді. Былтыр «EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің Елордада жоғары дәрежеде өтуі – әлем назарын Астанаға аударған әрі оның үлкен мүмкіндіктерін, кемел келешегін мойындаған ірі тарихи уақиға болды. Түптеп келгенде, бұл орасан зор сенімнің, дамудың «қазақстандық жолының» тиімділігін, қазақстандықтар толеранттылығының жоғары деңгейін танудың белгісі деген сөз.
Жалпы алғанда, бүгінде Астана өмір сүріп, жұмыс істеуге барған сайын қолайлы, ыңғайлы болып бара жатқан, аз ғана жылда бір миллион халқы бар мегаполиске айналды. Осы жылдар ішінде денсаулық сақтауға бөлінген қаржы – 32 еседен астам, білімге бөлінген қаржы – 22 есе, әлеуметтік қамсыздандыру мүддесіне бөлінген қаржы алты есе артты. Астанада ұлы ғалым Лев Гумилев атындағы Еуразия университеті өңірдегі күшті оқу орындарының қатарына қосылды. Сондай-ақ, ұлттық білім беру жүйесінің барлық артықшылықтары мен үздік әлемдік білім беру тәжірибесін үйлесімді қамтитын, Қазақстанның ұлттық брэнді іспетті ерекше үлгідегі оқу ордасы – «Назарбаев университеті» табысты жұмыс істеуде. Мұнда студенттерді оқуға қабылдау тәртібі негізінен Foundation бағдарламасы бойынша жүргізіліп, университет талапкерлері үшін Мемлекет басшысының шешімімен студенттің тамағы мен тұрғын жайына жұмсалатын барлық шығындарды өтеу үшін 500 оқу гранты бөлінген. Бірегей білім ордасында үш зерттеу орталығы – Өмір туралы ғылымдар орталығы, Балама энергетика орталығы және Халықаралық инструменталдық орталығы бар. Студенттер ақпараттық коммуникация технологиялары, нанотехнология мен компьютерлік инжиниринг және ғарыш мамандықтары бойынша білім алады. Университетте сабақ тек ағылшын тілінде жүргізіліп, АҚШ, Канада, Ресей, Ұлыбритания, Түркия, Австралия, Қытай, Сингапур, Малайзия, Италия мен Армениядан келген атақты профессорлар дәріс береді. 2015 жылы Елбасы «Назарбаев Университетінің» алғашқы 446 түлектеріне диплом беру рәсіміне қатысты.
Астаналық медициналық қызмет­тердің инновациялық кластері жайы да көңіл толарлықтай. Ол осы заманғы ең озық алты медицина инс­титуттарынан құралған. Қазір мұнда Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Республикалық балаларды оңалту орталығы, Республикалық диагностикалық орталығы, Жедел медициналық жәрдем ғылыми-зерттеу орталығы, Жедел медициналық жәрдем станциясы, Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы және Кардио­хирургия ғылыми орталығы жұмыс істейді. Осы орталықтар негізінде біртұтас холдинг ретінде басқарылатын «Денсаулық қалашығы» құрылды. Озық медициналық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген мұндай кешен көптеген Еуропа елдерінде де жоқ. Қазірдің өзінде мұнда ауыр науқастарды емдеуге, бұрын тек шетелде ғана жасалатын аса күрделі операциялар атқаруға болады. Нәтижесінде, барынша сапалы ем алу үшін бүкіл Қазақстаннан және көршілес елдерден адамдар Астанаға келуде. Бұл – медициналық туризмнің кең етек алып келе жатқанының айқын көрсеткіші деген сөз.
Аз ғана жылда бой көтерген ауқымды мәдени ошақтары Елорда мерейін асқақтата түскенін де айтқан жөн. Бү­гінде Астана Опера және балет театры, Хореография академиясы, заманауи технологияларға негізделген Қазақстан Орталық концерт залы, «Астана» ұлттық сурет галереясы, Тұңғыш Ұлттық музей, Тұңғыш Президент кітапханасы және басқа да мәдениет ошақтары Елорданың мәдени өміріне елеулі үлес қосып келеді. Бір ғана мысал. Әлемде көптеген университет бар, бірақ Өнер университеті тек Астанада ғана бой көтерді. Мұнда 3 мыңға жуық студент білім алуда. 20 жыл ішінде университет Қазақстан Республикасының абыройын асқақтататын атақты музыканттардың шығуына және жаңа есімдердің танылуына мүмкіндік беріп отыр. Соның бір жарқын көрінісі іспетті, университеттің 500-ден астам түлегі халықаралық конкурстар мен байқаулардың лауреаты атанды.
Астана экологиялық мәселелерді шешуде де осы заманғы көзқарастың үлгісіне айналуда. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл белдеу» жобасын іске асыру арқылы мүмкін болды. Реті келгенде айта кеткен жөн, 1997 жылы Сарыарқаның сары даласына орман өседі дегенге күмәнмен қарағандар көп болды. Бірақ, ғылым мен білім жеңді. Санаулы жылдар ішінде пайда болған ит тұмсығы батпайтын ну орман баршаға жоқтан бар жасауға болатынын анық көрсетті. Қаланы желдің өтінен сақтап, таза оттегімен үнемі қамтамасыз етіп тұратын «Жасыл белдеу» жобасы – бүгіндері Елорданың мақтанышы, оның іргесін бекіткен пейіш мекенге айналды. Мұнда ағаштың алпыстан астам түрі өседі. Қайың, қарағай, шыршаңыздан бастап, қарақат пен жиде, алма ағаш пен шиеге дейін жайқалып тұр. Мамандар 2020 жылға дейін орман алқаптарының жалпы аумағын 100 мың гектарға жеткізуді көздеп отыр. Елбасының мәлімдеуінше, басты мақсат – Астанадан Бурабайға дейінгі аумақты жасанды орманмен тұтастыру.
Ең бастысы, Астана ұлттық табыс­тың жарқын өнегесіне айналды, ол қазақстандықтарға қанат бітіріп, бізге күрделі өтпелі кезең арқылы жүріп өтуге көмектесті. Және де Астана біздің кез-келген міндетті іс жүзінде шеше алатынымызды, ең қияли дейтін мақсаттарға қол жеткізетінімізді көрсетіп берді. Сонау, 90-шы жылдардың ортасында тың даланың төсінде көк тіреген үйлер бой көтеріп, осы заманғы қала салынатынына сенбеген де шығармыз. Алайда, бұған біздің «шамамыз» жетті. Бүгінгі Астана – қазақстандық ұлттық рухтың материалдандырылған жобасы.
Біз сәтсіздіктерге жалтақтауды, өзімізді әлі де қаншама қиындықтарды еңсеруге тура келеді дейтін оймен мазалауды қойдық. Астана табыс үшін бізге мақсатты айқын көру ғана және оған қол жеткізу үшін күн сайын жұмыс істеу керек екенін көрсетті. Өйткені, Елбасымыздың үміті, асқақ арманының қаласы болып табылатын Астананың гүлденуі – ол Қазақстанның гүлденуі.Және бұл Астананың арқасында біз мықтап тұрып түсінген, бәлкім, маңызды тағылым болар.
«Біреуге қарап пікір ет, біреуге қарап шүкір ет», – дейді халқымыз. Пікір етсек те, шүкір етсек те орынды. Ірілі-ұсақты кемшіліктерден біз де құр алақан емеспіз. Бірақ, бүкіл дүние ойсырап жатқан тұста, бізде бәрі де құдайға шүкір. Елбасының сөзімен айтсақ, «Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманын орындадық. Сол үшін біз зор бақыттымыз».

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.