Астана туралы әфсана (толғаныс)

  • 27.06.2018
  • 477 рет оқылды
  • 0

Жолтай Жұмат – Әлмашұлы,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Ата тарихтың кең көкжиегіне көз тоқтата үңіле қарасақ, қуанышынан кермек күндері басымдау түсіп жатса да, қиыншылықтарды қара жердей қайыспай көтерген, көтеріп те келе жатқан қазақ деген қабырғалы ел екенімізді танып-білеміз. Осы қазақ деген атау қашан, қайдан шыққан деп әредік айтысып та, таласып та жататынымыз тағы бар. Зерделі ғалым – зерттеушілеріміздің топшылауына сүйене сөйлесек, бұл «қазақ» деген аталым ертеден, сонау Геродот заманынан бар түсінік. Геродот өзінің бір жазбаларында «сақ» деп таңбалап атап өтеді, содан бері қарай түрлі жазбаларда «Геродоттың сақтары» деген танымал тіркес пайда болған. Ендеше, сол сақтарыңыз осы қазақ, яғни, Қас – Сақ болып жалғасқан ата жолды нұсқамас па!
Аталым жайындағы әңгіме бүгін де, ертең де аяқталмас, жалғаса түсер, бәлкім! Өз өткенімізге өзіміз күдікпен қарағанды құп көріп тұрамыз. Бірақ, солай ма? Әрине, әр заманның өз арман-мүддесі мен сұрақ-сауалдары болғаны рас. Бұл, әрбірден соң, ғылыми тұрғыда дәлелденіп, бұлжытпас дәйекпен шегеленбейінше сөз де, талас та тұсаулана қоймас. Алайда, бір нәрсенің басы ашық: қазақ қай заманда да қазақ болып келген, бола да береді, болашағы да нұрлы елге айналары тағы да хақ…
Сосыны бір сөз – қазақтардың өмір-асуларында қауымдық һәм хандық кезеңдер болған екен деп, бірігіп тіршілік кешкен замандарды айтамыз да, содан соң «бұл елде мемлекет болмаған, сосын да астанасы жоқ» деген сынар езу сылтың сөздерге ерік беріп жататындар тағы да кездесіп қалады. Осы ретте, кешегі хан Абылайдың үш арманының бірі «келбетті қала салсам болар еді» деуі тегіннен-тегін емес. Келбеті келісті қаланы хандар да арман етіпті, армандап өтіпті.
Сонда, бізге керегі қандай қала еді? Ол қала қандай болғаны дұрыс еді?

***
Тоғызыншы ғасырда ғұмыр кешкен әйгілі ғұлама, ғалым – энциклопедист Әбунасыр әл-Фараби өзінің бір трактатын «Қайырымды қала тұрғындары туралы» деп атапты. Осы трактатты оқи отырып, еріксіз ойға қаласың. Бабамыздың жазуынша, кез-келген қала қайырымды, мейірімді, көрікті, тартымды болуы үшін оның әсем архитектурасынан бұрын ақылды да парасатты басшысы һәм мәдениеті мен әдебі биік халқы болуы қажет екен. Сонда ғана ол қала кісі өмір сүруіне жайлы, ұрпақ өрбітуге қолайлы мекенге айналмақшы.
Расында да, қаланың көркі – тек ғимараттар мен әсем даңғылдар ма? Жоқ, оның әсемдігін мейлінше әйгілейтін, ең алдымен, тұрып жатқан халқы. Тұрғындары көркем мінезді, ойы түзу, тірлігі тәрбиелі болса – ондай қаладан сіз бен біз жан рахатын таба алар ұлы мәдениет исі аңқып тұрмас па!
Бұдан соң ғұмыр кешкен, он екінші ғасырдың ойшыл-ғұламасы, сопы ақыны абыз Ахмет Ясауи болса, өзінің хик­меттерінде қай елді-мекен болмасын, онда тұрып жатқан халық та, билік те, ең алдымен, иманға ұйып, имани қалпын сақтап, бір-біріне қиянат пен кесірлік, зұлымдық пен залал жасаудан аулақ жүргенін қалаған. Егер, осылай болса, онда барша жұртшылыққа өмір сүру анағұрлым қызғылықты, жеңіл, әрі мазмұнды бола алады дейді.
Ахмет армандаған қала – иманды болумен қабат, өзінің ежелгі әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін сақтаған, оны мейлінше әуелете білген шаһар. Содан да болар, ол қазақтың барша дұрыс дәстүрлерін Ислам дінінің сүзгісінен өткізіп, өміршең өмір сыйлап беруге құштарлық танытыпты. Оның заманында дін мен дәстүр сабақтастығы берік сақталып, халықтың ой-арманымен астасып кетіп жатты. Сөйтіп, шаһар жұрты бақытты өмір терезесінен тіршілікке көз тастап, рахатқа молынан кенелді. Кейінгі заманның ғұламалары қала туралы әңгіме қозғалса, ең алдымен, оның сыртқы келбетіне, архитектурасына, тазалығына көбірек көңіл аударып жататыны бар. Бұл да, өз ретінде, дұрыс шығар. Әйтсе де, қаланың сән-салтанатын көріп-пайымдау үшін сан түрлі белгілер аз, одан өзге де компоненттер керек екені өзінен-өзі белгілі. Сайып келгенде, Астана дегеніміз – қайсыбір ел мен мемлекеттің айшықты бетпердесі, мақтанышы. Ендеше, Астана – жәй ғана шаһар емес, ол сол халықтың ұлы айбыны һәм мақтанышы болып тұруы алдыңғы кезектегі шарт.
Әлбетте, қазақ деген халық қай заман, қай кезеңдерде де астанасыз қалып, жұтаң өмір кешпеген, ауызды қу шөппен сүртушілер қатты қателеседі, тарихи құжаттарға үңілсек, біздің бабаларымыз өз астаналарын төбесіне көтере дәріптеп, әуелете аспандата біліпті. Қыпшақ мемлекеті дәуірлеген кезде көне Сығанақ қаласы гүлденсе, қазақ хандарының орталық ордасы (ставкасы) болған – Түркістан да тарихи һәм аса үлкен маңызға ие. Тек, бұл екі шаһар ғана емес, Қазақ елінің батысы мен шығысында Астана деңгейлес, мәні мен маңызы зор, барынша көркейіп-өркендеген ордалы орталықтар аз емес-ті. Міне, солардың қай-қайсысы да қазақтың ерте кезден ұлы мәдениетке, ұлы өркениетке қол созғанын бек дәлелдеп бере алмақшы.
…Кеңестік кезең тұсында қазақ елінің астанасы әуелі Орынборда болып, содан соң Ақмешітке (Қызылорда) ауыстырылды. Ал, 1929 жылдап бастап еліміздің бас ордасы – Алматыға орнықты, сөйтіп, 1998 жылға дейін бас қала болып дәуірледі. Кеңес өкіметі тұсында, ашығын айту керек, бұл қазақ ел болып еңсе көтере алмағаны былай тұрсын, өз астанасын өзі атап, өз қолымен қала тұрғызуға қауқарсыз болғаны тағы да шындық. Үнемі Орталыққа жалтақтап, солардың емеурініне бас изеумен күн өткергені күні кеше ғана емес пе еді!
Міне, ХХ ғасырдың аяғында еліміздің тәуелсіздігімен бірге ілесе келген еркіндік өзіміздің жаңа астанамызды айқындап, орнын белгілеп, оны өз қолымызбен тұрғызуға мүмкіндік берген еді. Бұл ұлы бастаманың бастауында бүгінгі ел Президенті Н.Назарбаев тұрғанын да атап өту ләзім.

***
Еліміздің бас қаласы – Астананың қадамдары мен қалыптасу жолы қандай?
Әлі есімде, ең бірінші ұлы көш 1997 жылдың желтоқсан айында басталды. Алғашқы лек осы өңірдің қақаған қысы кезінде Алматы – Ақмола поезымен асқақ арман арқалап, алқына жетіп келгені, сұп-суық вокзалға дірдектеп түскені, сонда да кеуделерін қуаныш кернеп, жаңа күндерден жақсылық нышанын іздеп тұрғаны бұл күнде тарихқа айналды. Сол жылғы қату қыс пен үскірік аяз да жадымызда мәңгілік қалып қойды.
Мен өзім Ақмола топырағына Алматыдан 1998 жылдың орта шенінде қоныс аударып келген болатынмын. Оған себеп – Үкіметтің ресми басылымдар (Президенттің Жарлықтары мен өкімдері, Үкіметтің қаулылары) жинағын айма-ай басып шығаратын баспахана әлі Алматыда еді. Сосын да, біздің шағын топ (мен сол топтың жетекшісі – бас редактормын) уақытша көшті кешеуілдетті де, елдің соңын ала бізге де кезек тиген-ді.
…О-о, ол кездегі Астананың келбетін көз алдыма елестетсем, тіпті, өзім де сенгім келмей кетеді. Кішкентай қала, көшелері тар, ғимараттары бірсарынды, қонақүйлері жұпынылау, ал, ас ішетін асханалары, тіпті, саусақпен санарлық еді-ау! Жұмыс аяқталып, көшеге шыққанымызда бір жағынан суық аяз бен салқын жел бойымызды тоңдырып, екінші жағынан қарнымыз шұрылдап, барар жер таппай сасқалақтаған кездеріміз де аз болмағаны сізге өтірік, маған шын. Ол ғана емес, енді ашығын айтуға болады, кей күндері «әй, бұл жер Астана болып жарытпас, түбі басқа жаққа көш түзейтін шығармыз» деп те ойға батушы едік. Ондай қиястау қиял көбіміздің басымызға жиі-жиі келе беретіні өтірік емес-ті. Алайда, бірімізге-біріміз сүйеу бола жүріп, қиын күндерді де артқа тастадық. Алдағы жарқын болашаққа деген сеніміміз де, үмітіміз де үлкен-ді. Біз жаңа Астананың дүр сілкініп, еңсе көтеріп, аяғынан тік тұрып, көркейіп кетеріне шын ықылас-ниетімізбен сенген ұрпақпыз…
Жаңа, жас Астана өзіміздің көз алдымызда өсіп-өркендеді, кең қанат жайды. Мұндағы әрбір ғимарат пен әрбір зәулім үйлердің қалай бой түзегенін көзімізбен көрдік. Анау тұрған «Бәйтерек», мына «Океанариум», «Мәңгілік ел» монументі, көптеген ғажайып сәулет өнерлерінің тарихын біз қай кезде де мүдірместен, жыр ғып айта алатын шығармыз, сірә! Оған қоса, жап-жаңа аэропорт пен су жаңа вокзал да соңғы жылдардың үлесіндегі игі іс.
Айтатыны жоқ, жас Астана жыл санап, ай санап, тіпті, күн санап қарыштап өскен ғажайып шаһар. Бұл – тіпті, ертегідегідей тез-тез, жылдам ажарланып шыға келген қала деуге де болады.
Көшелер мен даңғылдар, көпірлер мен аллеялар бүгінгі заманауи келбетімен көз тарта түседі. Осы қалада қазіргі кезде хан Кененің, нешелеген би-батырлардың, Ж. Жабаевтың, сонымен бірге, Отан соғысының батырлары – Б. Момышұлы, Р. Қошқарбаев, т.б. ескерткіштері шаһарға ажар беріп, алыстан мен мұндалап тұрады. Қала заманмен бірге жаңарып, жетіліп-жақсарып келе жатқаны рас-ақ.
Көшіп келген алғашқы жылдары бұл қалада небәрі 200-мыңның үстінде ғана халық тұрып жатқан болса, қазір бұл цифр бір миллионға тақады. Қаншама оқу орындары мен мәдениет орталықтары ашылды. Назарбаев университеті мен Президенттің мәдениет орталығының өзін шабытпен молынан сөз етуге болар! Қала қала болғалы нешелеген әлемдік һәм халықаралық деңгейдегі форумдар, конференциялар, басқосулар өткізілді. Одан да бөлек ерекше атап айтарлығы – мұнда өткен жылы ғана халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі ұйымдастырылып, оған жүзден аса мемлекеттер қатысты. Халықаралық көрменің салтанат құруы кезінде Астана тағы да әлем назарында болды. Бүкіл дүние жүзі бізге, біздің жаңа Астанаға еріксіз құлақ түрді. Мұндағы ұлы дүбірге елеңдесті. Бізбен бірге қуанып, бізбен бірге масайрады…
Бұл тарихи дата әлемдік шежіре беттерінде өз қолтаңбасын мәңгілікке қалдырғанын да атап айта аламыз.
…Осындайда еске түседі, бір қызмет­тес досымыз алғашқы кездердегі қиын­шылықтарға (пәтер жоқ, ауа райы қолайсыз, т.б.) шыдай алмай, қайтадан Ал­ма­тыға қоныс аударған-ды. Сол таныс-доспен таяуда Астананың кең көшесінде бетпе-бет кездесе қалғанымыз бар. Ол мені көре сала:
– Ештеңе деме, өзім де өкінулімін! – деді. – Шыдауым керек еді.
– Әлі де кеш емес қой…
– Әй, енді біз оқта-текте қонақ болып келіп-кетіп жүретін шығармыз. Жас болса ұлғайды, зейнеткерлікке шығатын уақыт та тақады.
– Балалар ше? Олар қайда?
– Бір балам осында. Соған қыдырып келген едік…
…Тағы бірде Ресейлік қаламгер – дос Астанаға ат басын тіреген. Оны өзім күтіп алып, бір күн қаланы аралаттым. Сонда, әлгі қаламдас-әріптес әр сәт сайын таңданысын жасыра алмай:
– Аз уақыт ішінде осынша ғажап, керемет қала тұрғызуға болады екен-ау, деді. – Өз көзіме өзім сене алар емеспін.
– Ал, осы көргендеріңді енді қағаз бетіне түсіріп, басқаларға баян етпейсің бе?
– Жазамын. Сөзсіз жазамын әсерімді. Маған Астана ерекше қатты ұнады, тіпті ұлы таңданысымды оятты. Бұл – шын сырым…
…Енді бір досым, суретші жігіт айтты:
– Мен осы күні жаңа Астана туралы көп ойланып жүрмін. Керемет бір картина салсам деймін. Соны қалай бастарымды білмей, әлі де толқулы күй кешудемін.
– Е, салына ма сурет?
– Әрине. Оған күдігің болмасын…
…Жан жадыратар жүрекжарды сөз-тілектерді ести жүре, шын сырым, кей кездерде өзімді-өзім аса бақытты санайтын болып барамын. Өйткені, мен жаңа ғасырдың жаңа Астанасының тұрғынымын. Ең бастысы – жас шаһар менің көз алдымда өсіп, өркен жайды. Көркейіп, қанаттанды. Әсемденіп, ажарлана түсті. Мұндай өзгерістерді көзбен бақылап отыру менің маңдайыма бұйырғаны – айтып тауыса алмас бақыт!
Әр күн сайын соны ойлаймын…
Әр күн сайын соны ойлаймын да, «Астана дастаны енді ғана басталып келе жатқан болар» деп кеуде кере дем аламын…

***
Біз, міне, осындай көркем де әсем, сұлу да келбетті жас қалада – еліміздің астанасында ғұмыр кешудеміз. Таң атып, ұйқыдан оянғанда, терезені ашып жіберіп: «Армысың, асыл Астана, жайнай бер, гүлдене бер жақсы қала!» деп айқай салғың келіп тұрады.
Биыл жас қаламыз жиырма жасқа толыпты! Бұл аз ба, көп пе? Аз десең – ұят, көп десең – тағы да ұят! Қаланың жасына көркі мен келбеті сай, әр сәт сайын жаңарып-жасарып бара жатқаны ғана көңіл қуантады.
…Жиырма жыл бойы осында тұрып, саф ауасын армансыз жұтып келе жатқан мына пақырыңыздың өзі қаламгер ретінде не тындыра алды деген сауал да көңілді кес-кестеуі әбден ықтимал. Жауап беруге болады.
Елорданың он жылдығы тұсында «Бәйтерек басындағы кездесу» атты драма жазып, осы туындымыз Қ.Қуанышбаев атындағы сазды-драма театры ұжымының күшімен (қоюшы режиссері О.Ақжарқын-Сәрсенбек) «Конгресс-холда» сахналанған-ды. Оған мыңнан аса көрермен жиналып, үлкен өнер мерекесіне айналып кеткен-ді. Ертесіне аға басылым – «Егемен Қазақстан» атаулы спектакль туралы «Астана туралы алғашқы қойылым» деген көлемді мақала жариялап, оның маңызына тоқталып өтті.
…Мен бұл шаһардың ұлы баба Әбунасыр әл-Фараби арман еткендей керемет, қайырымды да мейірімді қала боларына бек сенімдімін.
Жасай бер, Астана!..

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.