Парасаттылығы мол еді

  • 08.11.2012
  • 383 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Өмір деген өзен сияқты ағып жатыр, тіпті тоқтайтын түрі жоқ. Қазіргі заманымызда қаншама қилы-қилы өзгерістер болуда. Кешегі уақиғалар, енді мінеки, тарихтың бір куәсі болуда. Осы уақыттың ішінде еліміздің тарихына белсене кіріскен, соған барлық күш-жігерін жұмсаған бірсыпыра ардақты асылдарымыз кетті-ау, шіркін. Сондай ағаларымыздың бірі, халқымыздың асыл перзенті Ғайрат Сапарғалиұлы еді. Мінеки, екі жылдан асты мәңгілік ұйқыға кеткеніне. «Адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», – деген екен ұлы Абай атамыз. Сондықтан, Ғайрат Сапарғалиұлы туралы жазу, әрқашанда есте сақтау біздің борышымыз ғой деп ойлаймын. Әрине, Ғайрекең туралы көп жандар бірге істес болған азаматтар, әсіресе заңгерлер тобы, бізге қарағанда көбірек айта алады. Бірақта, ол кісінің тұлғасы, адамгершілігі есте қаларлықтай ерекше еді.
* * *
Өмірдің өткен бір белесіне көз жүгіртейік. Өткен ғасырдың 40-шы жылдарының екінші жартысында Ғайрекеңмен бір мектепте оқыппын. Ол кісі Семей облысы, Жарма ауданының орталығы Георгиевка қалашығының Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірген кезде, мен сол мектептің бесінші класының оқушысы едім. Ғайрат ағайдың есімін естігенім болмаса, 90-шы жылдың басына дейін ол кісімен кездескен емеспін. Кейін, тағдыр жазып, он екінші шақырылған Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесінде танысып, содан бері сыйласымды, ағалы-інілі болып кеттік. Жоғарғы Кеңес егемендік алған мемлекетіміз үшін өте зор, аса керекті заңдар қабылдады. Соның бірі еліміздің Ата заңы еді. Әрине, тәуелсіздік алған мемлекетіміздің бірінші Конституциясын қабылдау оңай болған жоқ. Ол баспасөз бетінде, Жоғарғы Кеңестің отырыстарында қызу талқыға түсті. Осы бірінші Конституцияның негізін жазған Ғайрат ағамыз еді. Әлі есімде, Жоғарғы Кеңестің демалыс үйінде (бұрынғы Ленин, қазіргі Достық көшесінің бойында) сол кісі басқарған бір топ заңгерлер таңертеңнен кешке дейін қызу жұмыс істеп жатқандарын көрген едім. Ғайрекеңнің бір тамаша қасиеті – әр адамның ойын, айтқан сөздерін бөлмей, ұйып тыңдаушы еді. Ата заңға керекті жақсы пікірлерді қоштап, жас мамандарды қолдап отыратын. Сол кезде Ғайрекеңнен дәріс, тәрбие алған жас заңгерлер Бауыржан Мұқамеджанов, Талғат Донақов, Әуезнұр Қаженов және тағы басқалары, қазір еліміздің белгілі азаматтары болып, лауазымды қызметтерде еңбек жасауда. Ол кезде мен он екінші шақырылған Қазақ Рес­публикасының Жоғарғы Комиссияның мүшесі едім. Жоғарғы Кеңестің бір мәжіліс отырысында, әлі бекітілмеген Ата заңның кейбір баптары бойынша үлкен айтыс болды. Сонда мен 19-шы бап туралы өз пікірімді айтқан едім. «Бұл бапта, – дедім, – әр адамның еңбек жасауға құқы бар делінген. Бірақта, кейбір депутаттармен заңгерлер қазіргі нарық заманына бұл бап келіңкіремейді, деп отыр. Олардың айтуынша: адамның еңбек құқысының орнына, «мамандық іздеу» құқысы деп жазу керек. Осы дұрыс па? Әр адамның еңбекке, демалуға, денсаулығын сақтауға, білім алуға құқысы бар. Дамыған батыс елдерінде, еңбек құқы Ата заңдарында нақтылы жазылған. Адамның еңбекке деген құқысы жоқ болса, ертең ол қалай өмір сүреді? Осы жарыс сөзден кейін, 19 бап өзгермей сол жазылған қалпында бекітілді. Мәжіліс біткеннен кейін күлімсіреген, сабырлы, ақсары бір адам қасыма келіп, қолымды қысты. Ол «Айтқаныңыз бәрі дұрыс. Адам еңбек жасау құқысы ең керекті құқы. Онсыз өмір де, қоғам да болмайды», – деді. Мен таңырқап тұрып қалыппын. Сөйтсем, қолымды алған еліміздің ғұлама ғалымы, белгілі азаматы Ғайрат Сапарғалиұлы екен. Ағамыздың қарапайымдылығы, үлкен адамшылық қасиеті, дарынды ғалымдылығы бірден байқалып тұрды. Ғайрекең өте кішіпейіл, мәдениетті адам еді. Оның жүріс-тұрысынан, мінезінен үлкен адамгершілік қасиеттері сезіліп тұратын. Заң ғылымына беріле істеп, барлық күш-қуатын, күн демей, түн демей еңбек жасап, Қазақстан ғылымына үлкен үлес қосты. Республикамыздың 1978, 1992 және 1995 жылдардағы Конституциясының жоба-негізін жазған ғалым заңгеріміз осы ағамыз еді. Ғайрекең халқымыздың асыл тұлғаларының бірі, отандастарымызға, әсіресе жастарға үлгі болатын абзал адам. Қазіргі заманның мықтылары осындай тұлғалардан өнеге алулары тиіс емес пе?! Бірақта, кейбіреулер қолына берген билікті өзінің қара басына жұмсап, жұрттың аузынан керектіні жырып алып жатыр. Ал, кедей, ақшасы да, билігі де жоқ адамдар ақшалы, биліктің төрінде бөсіп отырғандардың алдында жәутеңдеп тұрады. Осындай жайсыз істерді Ғайрат Сапарғалиұлы әрдайым сынға салып отыратын. «Ең алдымен азамат болайық, елімізге қолдан келгенше жақсылық жасайық», – деген пікірлерін талай рет естіген едім.
Осы кезде, сонау көне заманында ұлы баба­ларымыздың айтқан ғажап сөздері ойға келеді. «Кісіні кісі еткен кісілік» немесе «Бақыттың бе­сігі байлықта емес – адамшылықта», – деген өсиетті сөздер қазіргі заманға өте қажетті ғой деп ойлаймын. Ғайрат ағамыз әрқашанда өз ой-пікірлерін осы тұрғыда тоғытатын. Ол кісінің туыстарына, дос-жарандарына, шәкірттеріне деген ықыласы өте зор еді. Көрген сайын, менің хал-жағдайымды сұрап бауырына тартып жататын.
«Сенің жүрегіңнің ауыратынын білемін, ал жұмысқа беріліп істейсің. Байқа, Нығмет, саулығыңды. Өзіңді өзің күтпесең болмайды. Сен елге, от басыңа керек азаматсың», – дейтін.
* * *
Мен қырық жылдан астам комсомолдық, партиялық, мемлекеттік және кәсіподақтық қызметтерді атқардым. Ал, ғылымға, публицис­тикалық жазу жұмысына кешірек, кейінгі 13-14 жылдары кіріскен едім. Жазған кітаптарыма, монографияларыма Ғайрекең өз пікірлерін кездескен уақытта айтып отыратын. 2001 жылы менің демократия және парла­ментаризм туралы («О демократии и парла­ментаризме») кітабым шыққан еді. Осы еңбегіме үлкен баға беріп, өз ойларын «О демократии и начале парламентаризма в Казахстане» атты жеті беттік мақаласында жазды /«Правовая инициатива», №6, 2001г./.
Ғайрат Сапарғалиұлының айтуынша, бұл кітапта «автор түсінікті тілде демократия принциптерін және де парламентаризмнің қалыптасу жайы туралы жақсы жазған көрінеді. …Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ оқырманның қызығушылығын тудырып, оған саяси, экономиканы, тарихи және құқық мәселелеріне біраз мағлұматтар беріп отыр».
«Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы қадамдарын, он екінші шақырылған Жоғарғы Кеңестің тарихи жұмыстарын терең айтып, үлкен із қалдырып отыр», – деп жазады әрі қарай мақаласында.
«Нығмет Жотабаев бұл еңбегінде демократия мен парламентаризм тақырыбын жалғыз Қазақстан емес, бұрынғы Кеңестер Одағы, АҚШ және Дания мемлекеттері арқылы көрсете білді. Сон­дықтанда, менің ойымша, бұл кітаптың маңызы зор сияқты».
Ғайрат Сапарғалиұлының 80 жылдығын бүкіл ел болып тойлады. Өйткені, Ғайрекеңнің өте зор еңбек сүйгіштігі, парасаттылығы, ғылымдық іс­кер­лігі көпке танымал еді. Ағамызды мүшелді тойымен құттықтай отырып, «еліміз үшін, бола­шақ ұрпақтар үшін бойыңыздағы шалқар қазынаны төге беріңіз», – деп айтқан едім. Бірақ, тағдыр олай болғызбады. 80 жылдық тойынан бір ай өтпей, Ғайрат ағамыз дүние салды… Көпті көрген, көңілімен зердесіне түйгені көп, сезімтал, қайырымды, үлгі боларлық, халқымыздың абзал азаматы, енді міне, мәңгі ұйқыға кетті.
…Уақыт өткен сайын о дүниеге кеткен асыл­дарымыз, аруақ болып тірілерден алыстай береді. Сол себепті Ғайрат ағамыздың ізгі істерін, пара­саттылығын, адамгершілігін ұмытпайық, құрметті ағайындар. Ғайрат Сапарғалиұлының бейнесі көз алдымыздан кетпесін, жүрегімізде мәңгі сақталсын!
Нығмет ЖОТАБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Алдыңғы «
Келесі »