Теріс оқу

  • 27.06.2018
  • 839 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Эссе

Орыс деген атыңнан,
Теріс жазған хатыңнан.
Дулат ақын

Кемеңгер Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романының 2-кітабының 410-бетінде мынадай аса мағыналы сөзді келтірген:
– Бұл теріс оқуды неге сонша қадалып оқиды екен, ә!
Романда заман ыңғайына қарай, жазушы мұны айтушылар «ел жуандары» деген, анығында, олар, арабша, парсыша хат танитын елдің зиялы адамдары. Олай десе, кемеңгер Мұхтарға қырағы коммунист-сыншылар қадала түспек. Бірақ, ретін тауып, орыс оқуының теріс екенін айтып қалған.
«Теріс оқу» бұл жәйдан-жәй айтылған пікір емес. Ата-бабамыздан оқып келе жатқан кітаптар оң жақтан басталатын. Араб жазуын білетін қазақ кітап оқуды оңнан бастайды. Оңнан жазу, оқу қазақ дүниетанымына әбден сіңген. Тілек тілегенде – «Жолың оң болсын» дейміз. Әлденеге көңіл жұбатып «ісіміз оңынан болғалы тұр» деп сабырға түсеміз. Әлпештеп өсірген қыз баланы «қанаттыға қақтырмай, тырнақтыға шоқтырмай» ел көркі етіп тәрбиелеудегі орны «оң жақ». Батамыз да «Ісіміз оңынан болсын» деген ізгі ниеттен беріліп жатады. Қазақтар үшін оң деген сакральды, дүниеден озған адамды оң жаққа салу рәсімі бар. Ал, Абай болса, теріс оқуға ынтық болған, бұл несі? Заңды сұрақ.
Бұл мәселенің басын ашып айтсам, рас, оңынан оқу – бір дүниетаным болса, теріс оқу – екінші дүниетаным.
Екі оқудың идеологиясы екі басқа. Діни ұстанымдары өзгеше. Араб жазуы оң жақтан басталып жазылады. Ол – Құран тілі. Мұхаммед пайғамбарға Құранның аяттары араб тілінде түскен. Бұл жөнінде Құран-Кәрімнің бірнеше сүрелерінде айтылған. «(Мекке тұрғындарын), оның төңірегіндегіні ескертуің үшін, қиямет күніндегі (қиындықтан) сақтандыруың үшін Біз араб тілінде осы Құранды түсірдік. (Шура сүресі, 7 аят). Құран пайғамбар тілінде түскен. Осы мәселе талқыға түскені үшін Фуссейлат сүресінің 44 аятында былай делінген: «Құранды Біз ғажам тілінде» (бөтен бір тілде) түсірсек, онда олар, дау жоқ, «Құран аяттары неге (бізге түсінетін тілде) ашық баяндалмайды? Пайғамбар – араб, ал – Құранның бөтен тілде болғаны қалай?» – дер еді».
Өзімізді исламдық дәуірмен анықтасақ, біздің мәдениетіміз оң өрістегі мәдениет. Дүниетаным осы мәдениетке негізделген.
Абай замандастарының, оның «теріс оқуға» ынта қойғанына таңданыс білдіргендерінде мағына бар. Теріс оқу халықты теріс жолға салмай ма? Ресей әкімшілігі жергілікті халық өкілдерінен өздеріне қызмет етулері үшін балаларды оқуға жинағанда, байлар, молдалар бұл ұсыныстан бас тартты. Уәж – балаларымыз «шоқынды» болып, бұзылып кетеді деген қауіп. Бұл шындық еді. Ресей әкімшілігіне, шынында да «бұзылғандар», яғни, халыққа емес, орыс әкімшілігінің ісін атқарушылар қажет болған. Олардың бұл ниетін Абай «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлеңде ашып берген.
Интернатта оқып жүр
Талай қазақ баласы –
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне қолдың саласы.
Балам закон білді деп,
Қуанар ата-анасы.
Ойында жоқ олардың
Шариғатқа шаласы.
Әңгіме неде болып отыр. Қазақ даласына Абай заманында Ресей отаршылдық жүйесі әбден орнықты. Қазақ халқы, Ресей патшалығының қол астындағы өз еркінен айырылған халық. Ендігі жерде қазақ тағдыры тек патшалы Ресей қолында. Хандық билік, Билер кеңесі келмеске кеткен. Сонымен бірге, Ислам діні мен қазақ тілі де әлсіреген. Орыс шенеуніктерінің еркіне салсаң, бір-ақ күнде дінді де, тілді де жойып жібермек ниеттері анық. Бірақ, дүйім жұрт бұған көне қояр түрі жоқ. Сол себепті уақытша айла-шарғылар керек. Халықты бір жағынан, алдаусыратып, екінші жағынан, қорқытып-үркітіп, жаңа тәртіпке иілдіру Ресей идеологиясының түпкілікті мақсаты. Интернат ашып, оған қазақ балаларын «теріс оқуға» оқытуда мақсат орысша білгізу, мүмкін болса, халық мүддесіне қарсы жалдамалы «ұлт шенеуніктерін» қалыптастыру. Абай бұл ниетті анық сезген, сондықтан да, бұл «теріс оқудағы» балалар шариғатқа шала дейді. Шариғат ислам жолы, ол ізгілік жолы. Ол орыс идеологиясына қажеті жоқ, залалды іс. «Теріс оқу» мейлінше шариғатқа қарсы. Шариғат оң білім жүйесінің ережесі. Оң жүйе «теріс оқуға» – жат. Абайдың айтпақ болған трагедиясы осы. Ол «оң оқуды» да, «теріс оқуды» да білген. Заман теріске кетіп барады. «Теріс оқудың» мәнісі:
Орыс тілі, жазуы –
Білсем деген таласы.
Прошение жазуға
Тырысар келсе шамасы.
Ынсапсызға не керек,
Істің ақ пен қарасы.
Міне, бар шындық. Істің ақ пен қарасы шамалы. Мәселе, орыс тілінде өтініш, арыз жазуды үйреніп алып, орыс шенеуніктерімен бірлесіп халықты сору, сауу. «Теріс оқу» ынсапсыздарды даярлауда. Оларға шариғаттың еш қажеті жоқ. «Теріс оқуды» оқушылардың арман, мұраттары келте, шолақ. Олар «пысықтар» қатарын толықтырмақ. Заты қазақ болғанымен, Ресей әкімшілігінің нағыз жалдамалары. Осы үрдісті көп кейін коммунист-қазақтар жалғастырды, олар «шаш ал десе, бас алатындар» болып тәрбиеленіп, өсіп-өніп, қазақтың дініне де, тіліне де қырғидай тиіп, халықты бүгінгі халге жеткізді. Ондай коммунистерді жұрт кезінде «шолақ белсенділер» деп атаған. Өкінішке орай, сол «шолақ белсенділер» әлі де жойылған жоқ. Сірә, оларды бүгінгі заман лексикасына орай, «ұлттық нигилистер» деп атаған жөн. Сондайлардың қалыптасуын хакім Абай тамаша бейнелеп берген.
Ойында жоқ бірінің
Салтыков пен Толстой,
Я тілмаш, я адвокат
Болсам деген бәрінде ой
Көңілінде жоқ санасы.
Ақылы кімнің бар болса,
Демес, мұны тілі ащы.
Айтыңызшы болсаңыз
Здравомыслящий
Ақыл айтпай ма ағасы.
Абайдың «я тілмаш, я адвокат болам деген бәрінде ой» дегені, қазақтардан сот, прокурор дегендерді даярлауға тыйым салынған.
Абай «теріс оқуды» тереңдете айтқан, интернатта оқып жүрген қазақ балаларына Салтыков, Толстойлардан үлгі алу «теріс». Олар орыс отаршылығына наразы, тіптен, ашық наразы болмаса да, олардың сұрқия амалдарын құптамайтын гуманистер. Абай «теріс оқуға» кіріскенде іздегені, Толстой сияқты ойшылдар еді. Ақылды адамның тілі ащы, ол бисымақтарға (болыстарға) ұнамайды. Сонда не істеу керек. Абай ақыл айтатын «Здравомыслящий» ағаларға дәмелі. Ондайлар аз, мәселе азшылықта емес, олардың сөзін тыңдаушы жоқ па деген қайғылы шешімге келесің. Заман бәрін ысырып, қазақты ауыр қасіретке бастап барады. Қазақ мүддесі – отаршылдарға мүлдем қажеті жоқ, олардың ниеті елді қанау, тонау, жергілікті халықты «теріс оқумен» аздыру. Мұндай жағдайда Здравомыслящий Абайдың өзі ғана болып тұр. Оның ақылы алтын.
Пайда ойлама – ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Военный қызмет іздеме,
Оқалы киім киюге.
Бос мақтанға салынып,
Бекер көкірек керуге.
Қызмет қылма оязға,
Жанбай жатып сөнуге.
Тым биік талап. Оң ойлаудың үлгісі. Ар ойламай, пайда ойлау – теріс сана. Пайда, күнкөріс бірінші орынға шыққан. Ар туралы ойландыратын қазақ қауымында институттар қалмаған. Бәрі өзгерген, қиратылған. Абай секілді ғұламаны дүниеге әкелген қазақтың алтын ғасыры, XVIII ғасыр дәуірі келмес­ке кетті. XVIII ғасыр қазақтың гүлденген, көркейген, өзімен-өзі бола бастаған ғасыры еді. (Егер, заман сапасын ғасырмен, яғни, жүзжылдықпен өлшесек. Ғ.Е.).

***
XVIII ғасырда қазақ жерінде қандай инс­титуттар болып еді?
Бірінші – бас­қарудың хандық инс­титуты. Елді хандар басқарды. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы. Әз-Тәукенің Жеті Жарғысы. Сонау Шыңғыс хан, Жошы ханнан келе жатқан ел басқару жүйесі бар. Ел аузында «Ханда қырық кісінің ақылы» бар деген түсінік. Хандық билік негізінен Отан қорғау ісімен айналысып, қазақ мемлекетінің сыртқы саясатын жүргізіп отырған. Осы аталған жайлар хандық институтының жүйелері. Бұл инс­титут туралы аңыз, ертегі, жыр-дастандар, қиссалар жеткілікті.
Екінші. Ел басқарудың Билер инс­титуты. Осы ғасырда қазақтың үш биінің атақ-даңқтары қатар шықты, олар – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Хандық билікке Билер таласқан жоқ, олар Хан сайлау құқына иелі болды. Бұл ертеден бар дәстүр, бірақ, XVIII ғасырда, ол дәстүр жаңа сапаға көтерілді. Аталған үш бидің сол заманда қазақ қауымына ықпалдары зор еді. Билер қазіргі Парламентке және Сот жүйесіне тиесілі қызметтерді атқара бастады. Осы кезде «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» – деген Төле би сөзі императивке айналды. Би табиғатынан әділетті болуы басты шарт. Әділетсіз биді халық қабыл алмады. Ел ішін әділетсіздік жайласа, халық тұтастығынан да, жерінен де жұрдай болар еді. Қазақ қауымы әділетсіздікті қабылдамайтын – қауым. Әділеттілік – қауым болып өмір сүрудің алтын қазығы. Онсыз ел болу, бірлік болу, кең байтақ жерді қорғау мүмкін емес-ті. Бір сәт ойланайық. Сол кезде қазақ елінің ішкі шаруасын, тұрмысын негізінен үш би жүргізіп отырды. Оңтүстік жақты Төле би, Орталық және Солтүстік аймақты Қазыбек би, Батыс өңірін – Әйтеке би. Төле би басқарған өңірде бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Алматы облысы. Қаншама қызметкерлер, соттар, құқық органдары, депутаттар, тағысын тағылар. Төле би заманында пирамидалық жүйемен билер соншама істерді тындырып, халықты жаудан сақтап, ашықтырмай, ұрпақ тәрбиелеп өсірді.
Дәл осындай жағдай Қазыбек би үле­сінде болды. Қарағанды облысы, Шығыс Қазақстан, Көкшетау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары – бір би Қазбектің ықпалында ғұмыр кешті. Қазыбек би бюрократиялық аппарат болған жоқ. Ол елді билермен, ел жақсылары – ақсақалдарымен басқарды. Басқару аппараты ұлғайған сайын, бюрократия, оған ілесе коррупция өсіп-өніп шыға келетіні бар.
Батыс өңірінің бүгінгі Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда облыстары бір адам Әйтеке би жетекшілігінде болды. Жер-жердегі билер келе-келе Әйтеке биге бағынышты болды, тыңдады, сөйтіп халық өсіп-өнді.
XVIII ғасырда қазақ қауымы азаматтық қоғамның тамаша үлгісін көрсетті.
Мемлекетті қорғау және сыртқы сая­сатпен айналысатын Хандық институт бар. Елдің ішкі шаруасымен айналысып, әділеттілікті қорғайтын Билер институты бар. Биліктің тармақтары қалыптасты.
Үшінші. Батырлық институты. Ер баланы ес білгеннен бастап жауынгерлік рухта тәрбиелеу қазақ қоғамының басты мәселесі. Отан қорғау, атамекен, туған жер туралы тәрбие жүйесі әбден сұрыпталып, өнегелік мазмұнға ие болған. Ұлттық ойындардың бәрі жауынгер даярлау. Ақын Махамбет айтқандай: «Ат жігіттің майданы, қылыш жанның дәрмені» – деген қағида әрбір ер азаматтың құлағына құя беретін тәрбие-сана. Қазақта «Азамат» деген есім жиі кездеседі, ол тегін емес. Шоқан Уәлиханов азамат деген ер адамның өз тәуелсіздігіне жетуі деген. Ерлік жыр-дастандардың басты тақырыбы. Батырлар жырларын жатқа айту дәстүрі, ерлікке, мәртікке тәрбиелеу арнасы. Әр ер баланың арманы – батыр атану. Бұл отбасындағы ең өзекті әңгіме болатын.
Төртінші. Жыраулар институты. Жыраулық, шешендік, әрі кетсек, Сақ дәуірі Анахарсистен, одан бергіде Түрік қағанатындағы Тоныкөк, Иоллытегіндер, қазақ атанғалы Доспамбет, Қазтуған, Асан қайғы, бертінгі Бұхар жыраулар осы ғасырда ерекше аңғарылды. Әдетте Абылай ханға Бұхар жырауды қоса айту бар. Шындығы, сол жыраулар хан мен халықтың арасындағы көпір болған. Жырау, шешендерді бүгінгі саяси лексикаға салсақ, парламент, мәслихат депутаттары деуге болады. Олардың атқарған қызметтері солай. Бұл негізінен ізгі жандар. Олардың әділеттілік жолындағы іс, қарекеттері аңызға айналып, бізге жеткен. Хан қаһарлы болады, демек, қателеседі. Сонда оны түзеуге қарекет ететін осы халық ішінен шыққан жыраулар, шешендер. Халық жадында Жиренше шешеннің ханға айтқан уәждері сақталған. Дарынды жастардан жырау, шешендер даярлау қазақ қауымында жүйелі түрде жүргізіліп отырған. Әрбір жырау, шешеннің ұстаздары болған және өзінен кейінгілерге ұстаздық еткен.
Бесінші. Діни институт. Ислам діні XVIII ғасырда қазақ елінде нық күніне енген. Бірақ, қазақ жұрты ислам дінін Қожа Ахмет Яссауи негізінде қабылдады. Түркіленген ислам, сопылық халқымыздың мәдениетіне игі әсер етті. Орта ғасырларда қалыптасқан исламдық мәдени кеңістік XVIII ғасырда сапалық көрінісін тапты. Қожа Ахмет Яссауи, Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, т.б. теолог ойшылдар еңбектері қазақ даласына таралып, өз оқырмандарын тапқаны белгілі. Осы дәуірде зиялы қауым үш тілді еркін меңгерген, поэзияда парсы тілі, дін мен философияда араб тілі, билікте – түрік тілі. Осы үрдіс XVIII ғасырда да айқын аңғарылды. Діни-ғұрыптарды моллалар, имамдар, хазіреттер атқарды. Діни медреселер қызмет атқарып, елдің діни сауатын көтерді. Батыс өңірінде (қазіргі Қызылорда) ахундар мектебі қалыптасқанын айту да қажет. Діни мәдениетті көтеруде Қожалар сословиесінің орны ерекше еді, Қазақстанда Қазан төңкерісіне дейін ислам таралмаған деген теріс пікір. Қазақ даласына исламның қарқынды таралуына татар миссионерлерінің еңбегі ерекше, мен білетін Семейдегі мешіттердегі хазіреттердің дені татарлар болған. Бұл жерде Уфадағы «Ғалия» медресесінің де орны айтарлық.
Алтыншы. Ақындар институты. Ақындық өнер XVIII ғасырда сапалы деңгейге көтерілді. Ақындық жыраулықтан бөлініп, жеке салаға айналды. Жырау, шешендер оқиғаға орай сөз қайталап, тұрақты тіркестерді кеңінен қолданса, ақындар тың теңеулер, айшықты дүниетанымдық метафораларға қарай ауысты. XVIII ғасырда ақындар мұрасы сұрыпталып, зерттеліп жүйеге теңелген. Махамбет, Абай осы XVIII ғасырдағы ақындық өнердің жалғастырушы әрі жетілдірушілері. Қазақта суырып-салма ақындар көп болған. Сөз қадірін түсінген қазақ ақындарға да биік талап қоя білген. Батырлар жырлары, лиро-эпос жырларын дүниеге әкелген қазақ ақындары. XVIII ғасыр ақындары бұрынғы аталған жырларды «редакциялап», бізге жеткізген, соның бір озық үлгісі «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры.
Жетінші. Сал – серілер және бақсылық, балгерлік институты. Сал бір басқа, сері бір басқа. Салдар бүгінгі заманның әртістері. Серілік жігіттік өнер, ол әскери өнерге де жақындау. Серілер аңшы, мерген, жүйрік ат баптаушы, әрі ақын, әрі композитор, әрі әнді орындаушылар. Салдар да осындай үш өнерге ие жандар. Бізге белгілілері Біржан сал, Ақан серілер, бұлар кең-байтақ қазақ даласының бар жерлерінде болған. Оларсыз рухани мәдениет жоқ. Халықтың көңіл-күйі үшін осындай талант, дарын иелері қызмет көрсететін.
Бақсы деген шаман емес. Бақсы тумысынан өзге табиғат, бітім болмысы бір жан. Оған гипноз да, өзге де сапыранды қасиеттер біткен жоқ. Балгерлік – емші. Балгер де ерекше қасиетке ие жан. Халықтың денсаулығы осы балгерлерге тікелей қатысты болған. Балгер әр ауылда болған. Бақсы да адамға, әсіресе, психологиялық ауытқығандарға жәрдем беретін жағдайы бар адам.
Сегізінші. Кәсіби институттар. Қол өнері, оның толып жатқан түрлері – темір (ұсталық), ағаш терімен, т.б. шеберлерінің қауымдастығы. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, жеміс-жидек шаруа­шылығы, т.б. шаруашылық түрлері болған. Абай қазақтың қолөнерлік әулиесі деген, мал жұтайды, өнер жұтамайды.
Тоғызыншы. Тәрбие институты. Ұл бала тәрбиесі. Қыз бала тәрбиесі. Қыз өссе – елдің көркі. Қызға қырық үйден тыю. Қыз баланың жолы жіңішке, т.б. түсініктер тәрбие қағидалары. Ер баланы азаматтыққа, ерлікке тәрбиелеген. Әжелер тәрбиесі, жеңгелер тәрбиесі, т.б. тәрбие жүйелері болған.
Оныншы. Байлар институты. Қазақ бай болуды арман еткен. Балаларына (ұлдарға) ат қойғанда, бай деген сөзді жалғап отырған, мысалы Құнанбай, Назарбай, т.б. бай болу – мақсат. Бай адам елге ие. Ол жұртқа жұмыс беруші. Шаруашылықты ұйымдастырушы. Жоғарыда аталған тоғыз институттың жұмыс істеп тұруына мүмкіндік беруші байлар.
XVIII ғасырда қазақ халқында байлар көп болды, соның арқасында ғана ел кемелдену жолына түсті. Байлық деген барлық деген сөз. Бар болса, іс түгел. Кедейлік ел еңсесін басатын – мұң.

***
Осы қоғамдық институттар XIX ғасырда күйрей бастады, Хакім Абай ес жинаған азамат болғанда, аталған институттардың көбінің жұрнағы ғана қалған. Хандық билік, Билер билігі мүлдем жойылды. Абай заманында билерге қалғаны бос мақалдап, сөз сөйлеу.
***
Теріс оқу, теріс сана, түсінік, дү­ние­таным әкелді. Жұрт теріс оқуды қа­былдағысы жоқ. Бірақ «теріс оқу» – заман оқуы. Заман билігі терісшілер қолына өтті. Араб тілін, парсы тілін және араб жазуын білу «терісшілер» үшін білімсіздік. Кеңес заманында араб жазуын біліп, араб тілінде оқу зиянды құбылыс деп саналып, ескіше (оң сауаттылық) білімі барлар қудалауға түсті. Араб тілінде жазылған еңбектер өртелді, жойылды, жұрт оларды жер-жерге тығып, әуреге түсті. Бұл жалпы жұртқа белгілі жағдай.
***
Неге Абай «теріс оқуға» ден қойды. Бір сөзбен айтқанда, заманға бейімделу. Ол «жаңа тәртіпке» бейімделе бастады, басқа шара жоқ. Әкесі Құнанбаймен келіспеушілік те осы мәселеде. Құнанбай «оң оқу» бағытындағы дүниетаным адамы. Абай заманға жұртты ыңғайлай бастады. Басқа амал бар ма еді?!
Абай «Жиырма бесінші» қара сөзінде «орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» деген. Неге бұлай деді, ол заманда бүгінгідей интернет жоқ. Қазақтардың ешбір елмен байланысы жоқ. Аралас тек орыс елімен ғана. Тек орыс тілі арқылы әлемге «шығуға» болмақ. Орыс ғылымы дүниенің кілті дегені сондықтан. Еуропа елдерімен байланысқа, қарым-қатынасқа түскен орыстарға еуропалық білім, ғылым әсерлері келіп жеткен. Ресей империясына қызметке көптеген шетелдік ғалымдар келген. Оларды білу үшін орыс ғылымы, өнері қажет. Бұл бір десек, екіншіден, Абай орыс ғылымын, өнерін білсек, дүние арзанырақ түседі дейді. Бұл прагматизм. Орыста барды даяр алсақ, әрине дүние арзан болмақ. Ол үшін бұл халықтың тілін біліп алу жөн. Араб тілін білгенмен араб елдеріне шығу некен-саяқ. Парсы тілін білгенмен, парсы жұртымен қатынас жоқ. Түрік тілін білгенмен, Түркиямен қатынас жасау қауіпті. Ресей Түркиямен соғыста, олай болса, сен Ресейге жау болып шығасың. Ағылшын, француз, неміс тілдері аспандағы «жұлдыздар». Ол елдерге Ресей әкімшілігі қырғыздарды (біздерді солай атаған) шығаруға ынталы емес. Бір-ақ амал, әуелі орыс тілін, ғылымын, өнерін біліп алып, өзге елдерге иек арту керектігін Абай жақсы түсінген. Осы орайда Абай орыс біліміне балаларын оқытқан қазақтарды, олар адам болсын деп емес, өзге қазақтарды аңдыссын, соларға күш көрсетсін деген мәністе болғандары үшін сынайды. Әрине, бұл теріс түсінік, надандық. Томаға-тұйық халге түскен, бодан халықтың басында болатын құлдық сана көрінісі. Бұл жол ел болу жолы емес. «Қазаққа күзетші болайын деп біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, жұрт қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» – дейді Абай.
Жұрт қатарына қосылуды, жетуді мақсат тұту кісілікті, азаматтық сананы қажет етеді. Ауыл-аймаққа айналсоқтай бермей, жұрт қамын жеу заманынан озық адамның арман-тілегі. Мұхтар Әуезовтың бар ғұмырын Абайға арнауы, кемеңгерлік, яғни, өзінің де өз заманынан озық болғандығының дәлелі.

***
Абайдың қара сөзіне қайта оралсақ, ол одан әрі былай деген: «Қазірде орыс­тан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр». Абай оның себебі «ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр». Солайы солай, бірақ, бұл түпкі себеп емес, түпкі себеп, ол «теріс оқуда», оларды арнайы жүйемен «теріс оқытуда». Сондықтан да, орыстан оқығандардан артық жақсы кісі, яғни, кісілікті адам шыға алмауда. Абай заманында солай болған, кейінгі біздер заманымызда «теріс оқудың» залалы тым ауыр еді. Теріс жазуды былай қойғанда, теріске тәрбиелеп, теріс оқуды оқытты емес пе?
Абай заманының талабы, қазақ баласы орысша оқығанда, «теріс білім» алып, теріс тәрбиеленіп шығу ісін орыс әкімшілігі жіті қадағалап отырды. Мұның бір-ақ амалы, емі бар, ол орыс оқуымен бірге, «оң оқуды» қатар оқытып, «оң тәрбие» беру үрдісін жүйелі түрде жүргізу. Еврей халқы балаларын қай елде болсын, сол елдің білімін алуымен қатар, отбасында өз халқының жазуын, білімін, тәрбиесін жүйелі түрде алып отырады. Сөйтіп, еврейлік ғасырдан ғасырға сақталып келуде. Орыстан оқыған қазақ баласына осы жүйе аса қажет еді, ол болмаған жерде, әрине, «теріс оқығандардан» қайтып артық жақсы адам шықпақ? Бірақ, Абай прагматист. Ол заман жағдайын ескеріп отыр. Бүгінгі күнгі, қалай болса да, «теріс оқу» қажет. Абай айтады: «Сөйтсе де оқыған балалар – ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық». Бар жағдайды қабылдамай, ауылда өмір сүре берем деген, әрине, надандық. Шәкәрім айтқандай, «құбылған әлем жарысы, ақылды жанның табысы». Заман ақылы, әзірше орыс ғылымы мен өнерінде. Соларды меңгер де, әрі қарай биіктей бер, жол аша бер. Орыс ғылымы, өнері Абай заманында өрлеудің алғашқы баспалдағы.
Абай «теріс оқуға» ден қойып, ынталы болғанымен, ол барлық шығармаларын оң жазумен арабша жазды. Ол «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, рас сөз ешқашан жалған болмас» деген қағидадан ажыраған жоқ. Сірә, оның «екі кеме құйрығын, ұста жетсе бұйрығын» деген түйіні осы ауыр мәселеге қатысты болса керек деген ойдамын.

***
Қазақ жұрты «оң жазу» және «теріс жазу» ортасында көп талқыға түсті, әлі де өз бағытын, яғни, дүниетанымын анық анықтай алмай келе жатқан – халық. Сол жазу, (теріс жазу) – христиандық дүниетанымға негізделген. Оң жазу – мұсылмандық дүниетанымға негізделген. Қазіргі қазақ, осы екеуінің қайсысын таңдауы керек. Меніңше, заман жазуы – латынға көшу, ол прагматистік тұрғыда ғана, құбылған әлем жарысынан өз үлесімізді алып, пайда табу үшін, бірақ ол дүниетанымға айналмауы керек.
Дүниетаным үшін, оң жазу араб жазуына өту қажет. Ол – Құран тілі. Ғұмыр мәні, мағынасы, адамның бүгіні мен ертеңі – Құран-Кәрімде баяндалған.
Қазақтың Құран-Кәрімнен, мұсыл­мандықтан мүлдем алыстап кетуі қауіпті. Бұл арнайы тақырып етіп, ойланып, толғанып, санаға сабыр сала, ақылмен тарихи шешімдерге келуді қажет ететін келелі мәселе.

Алдыңғы «
Келесі »