Заманауи кикілжіңдердің астарлары

  • 27.06.2018
  • 46 рет оқылды
  • 0

Берік Аташ,
Шет тілдер және іскерлік
карьера университеті, философия
ғылымдарының докторы

«Адамзат қоғамында неліктен мың­даған жылдар бойы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер туындайды?» деген сауалға жауап беру және оны жою үшін бірнеше философтар әрқилы пікірлерін білдірген. Ал, қазіргі таңда ол саясаттану, әлеуметтану сияқты ілімдердің «конфликтология» деп аталатын арнайы бір саласының зерттеу обектісіне айналып отыр.
«Адам табиғатынан зұлым ба, әлде ізгілікті ме» деген көне Қытай философтары Мэнь-Цзы мен Сюнь-Цзы тартысында, Мэнь-Цзы: «Адам табиғатынан ізгілікті, оны кейіннен біздің қоғам бұзады» десе, Сюнь-Цзы: «Адам тумысынан зұлым, оны тәрбие, ілім-білім, мораль, заң, т.б. әлеуметтік институттар әрең тәрбиелеп алады», – деп жауап қайтарады, Гераклит: «Соғыс дегеніміз, барлығының әкесі және барлығының патшасы» деген пікірін ұсынады, Аристотель: «Адамдар жек көру, ұнатпау, қайырымсыздық арқылы да бірімен-бірі қатынас жасай береді» дейді, Т.Гоббс: «Бәрінің бәріне қарсы соғысы» қағидасын ұсынса, Плавт: «Адам адамға қасқыр» идеясын мотивтендіреді, Э. Фромм «Адам қой ма, қасқыр ма» деген сауал тастайды. Әлеуметтік дарвинизм өкілдері, адамзат қоғамы да тіршілік үшін күрестен тұрады деген идеяны ұсынады, геосаясат тұжырымдамасында адамдар жер үшін бірімен-бірі жиі қақтығысады, одан қашып құтылу мүмкін емес деген тәрізді пікірлерін шындық ретінде жариялайды, Льюис Козер «құндылықтар мен реніштердің қақтығысынан» барлық кикілжіңдер туындайды деп есептейді, Кеннети Боулдинг өзінің «әлеуметтік терапия» ілімінде қарама-қарсы күштердің пайда болуының себептерін іздеу, оларды жоюдың келісімді және парасатты жолдарын қабылдауды, адамдардың рухани кемелділігін арттыруды ұсынады.
Бүгінгі қазақ қоғамының келбеті туралы пайымдасақ, адамзат тарихындағы рухани-адамгершілік мәселелер аясына қойылған дағдарыстар мен жетістіктер туралы таптаурынды мәселелерге соқпай кету мүмкін емес. Ол түптеп келгенде, қазақ қоғамы және бүкіл адамзаттың этикалық кері кетулері мен адамгершілік қатынастарының құлдырауының алдын алу үшін, алдымен, оның шынайы себептерін іздеп табу мәселесіне келіп орайласады. Осыған орай, қазіргі қазақ қоғамындағы кикілжіңдердің астарларын зерделей келе, біз, дәстүрлі түсініктемелер мен ғылым тарихындағы теориялық идеяларға сүйене отырып, өзіміздің мынадай пікірлерімізді тиянақтаймыз:
1.ХХ ғасырдағы француз философы А.Камюдың идеясындағы «абсурдтылық» пен «зерігу», одан туындайтын «бүлік шығарушыларға» сәйкес, қазіргі адамзат және қазіргі қазақ қоғамында осы үлгі қайталанғандай сыңай танытатын секілді. Сондықтан, қазіргі қоғамымыздағы кикілжіңдердің философиялық астарлары қоғамдағы әлеуметтік уақыт аясындағы зерігуден туындайды. А.Камюдың философиясында адам өмірі мағынасыз, таза абсурд. Ол күнделікті күйбең тіршілік пен қайталанып отыратын мағынасыз және түпкі мақсаты да мәнсіз болып табылатын өмірлік әрекеттердің жиынтығынан туындайды. Сондықтан, осы өмір абсурдынан жалыққан адам қоғамда зерігіп, абсурдтылықты бүркемелеу және жабу үшін қоғамда әлісін-әлсін бүлік шығарады. Қоғамдағы болып жатқан төңкерістер мен шағын кикілжіңдер осы бүлік шығарудың көріністері. Демек, зерігу мен бүлік шығару синдромдарынан саналы түрде арылып, оны адамдар арасындағы игілікті істер мен қайырымдылыққа қарай бағыттауымыз керек. Бұл қазіргі саяси стратегиямыздағы ақылды қала идеясына келіп орайласуы тиіс деп санаймыз. Себебі, әзірге, осы идеядағы «Зерігу» шындық болса, оны қайырымды істерге де бағыттауға болады.
2. Егер де, батыстық психоанализ ілімінің талдауларына сүйенсек, З. Фрейдтің «тұңғиық психоанализ» ілімін негізге алсақ, адам психикасындағы қорғаныш тетіктері бойынша «көшірмелеу» ұмтылысы ерікті-еріксіз түрде іске асады, яғни, нақтырақ айтқанда, қоғамдағы кейбір кикілжіңдер осы бейсаналылық стимулдар арқылы жүзеге асып кетуі ықтимал. Яғни, «көшірмелеу» түсінігі психоанализ ілімі бойынша, кез-келген сәттегі реніш, мәселен, басшыға деген риза болмаушылық, түптеп келгенде, тура сол обьектіге емес, басқа обьектіге келіп ауысады, көшіріледі. Сондықтан, «Сізге кенеттен біреулер еш кінәсыз килігіп кетсе, ол мүмкін, бөгде адамдардан психологиялық зорлық көріп отырғандығының бір көрінісі» екендігі туралы қорытынды жасай аламыз, әрине, оны адамдардың өздері саналы түрле сезбеуі мүмкін, бірақ, бұл кикілжіңдер бейсаналы түрде жарыққа шығып отырады. Ендеше, бейсаналы «көшірмелеуді», біз, саналы түрде ұғынып, не үшін өзгеге тиісіп отырғандығымызды түйсінетін заман келіп жетті.
3. Қазақ қоғамына тән құбылыстардың бірі – қанымызға сіңген қасиет «көре алмаушылық» рухани жаңғыруға қайшы келеді. Мәселе қазіргі кезде де осы қасиеттің ұмыт болып қалмауында болып отыр. Міне, ұсақ тұрмыстық кикілжіңдердің астарында осы – көре алмаушылық психология жатыр деп пайымдай аламыз. Әрине, бұл мінез-құлықтың заманы өтті, дегенмен, оны саналы түрде реттеудің дәуірі келіп жетті.
4. Заманауи қазақ қоғамындағы отбасылық, туыстық, т.б. кикілжіңдер, түптеп келгенде, әлемге, қоғамға таралуы ықтимал. Сондықтан мынадай формула құруымызға болады: егер, ер адам бейтаныс әйелмен келіспесе, ол – әйеліне деген риза еместік көзқарасы, ал, көшедегі әйел ер адаммен келіспей қалса, онда ол – күйеуіне деген риза еместіктің көрінісін паш етеді және оны сол ортаға жариялай салуы да ықтимал. Бұны психоанализде былайша дәйектейді: «… Мысалы, басшы өзіне бағынышты адамды сынаған уақытта, ол өзінің ызасын басшысына ашық көрсете алмайды… Бірақ ыза сыртқа шығуы тиіс. Сол кезде, бағынышты субьект үйге келген жағдайда, кешкі ас оған дәмсіз болып көрінеді де, әйеліне агрессия ұйымдастырады». Бұны психоанализде «орын алмастыру» деп атайды.
5. А.Адлердің психоанализіндегі «кемістік комплексіне» сүйенсек, бүгінгі күнгі кикілжіңдерді бастаушылар оның балалық шақтарындағы өмірге риза болмаудың, өзгелерден қорлық көріп, өзінің кемістіктеріне үнемі налудың қайталанған үлгісі, бейсаналы ұмтылыстарының нәтижесі деп санасақ, кикілжің тудырушылар «кемістік комплексіне тап болушылар» деп болжамдаймыз. Демек, осы кемістіктерін есейе келе, еш кінәсіз өзгелерден өш алумен жалғастырады, кейде ол жасырын формада басшылыққа ұмтылумен келіп сабақтасады. Себебі, бағыныштылардан «өш алу» қашан да оңайырақ. Осыған байланысты, зерттеуші журналистердің бір ғана мысалын келтіре кетелік: «Кейбір әңгімелерге қарағанда, Гурджиевтің өзі құпия жағдайда адамның жүйкесіне әсер ету амалдарын Сталинге көп үйреткен деседі. Тіпті бұрын қабылданып қойған шешімді аяқ астынан өзгерте салу Иосиф Виссарионовичке түк қиындық келтірмеген…»
6.Ресейдің отаршылдық саясаты мен Кеңес дәуірінен қалған архетиптер халықтың бірін-бірі орға жығуы еді. 1937 жылдардағы қуғын-сүргін саясатын еске алсақ, қазақтардың бірін-бірі қызыл империя билігіне «ұстап беріп», шолақ белсенділердің сатқындық жасағандығын несіне жасырамыз?!. Бейсанамыздағы нақ осы сарқыншақтар әлі күнге дейін сақталып отыр. Ол заман өтті, «Болар елдің баласы бірін бірі батыр» дейді деген нақыл сөзден үлгі алуымыз қажет.
Заманауи әфсаналар бойынша, кезінде СОКП Орталық комитетіне мүшелікке бір қазақты ұсынғанда, халқымыздың тарапынан оның соңынан жоғарыға бірнеше арыз-шағым түсіпті, қысқаша мазмұны: «Анау біздің қазақты сайламаңдар… ол сондай жаман адам»… Ал бір грузинді ұсынғанда, соңынан бірнеше өтініштер ұсынылған екен, мазмұны: «біздің грузинді өткізе көріңдер, ол сондай жақсы адам!»
Келесі кезекте, заманауи Қазақстан әлеміндегі қоғамдық сана мен тұрмыстағы кикілжіңдердің мәдени-тұрмыстық астарларына тоқтала отырып, мынадай қорытындылар шығара аламыз:
1.Қазіргі заманның қоғамы кей сәттерде этика мен этикетті бірегейлендіріп жіберген сыңайлы. Бұл мәдени-әлеуметтік құбылыс ретінде қабылданса да, еуропалық құндылықтар аясында сақталуы тиіс, бірақ, қазақы рухани құндылықтар әлеміндегі «сүзгіден өтуі тиіс» өмірмәнділік параметрлерді ескеруіміз қажет. Қазір сыпайылық бар, ал, бірақ арғы мәніндегі адами қасиеттер құлдырап бара жатқандай болады, «сырт көзге жақсы көріну» идеологемасы, түптеп келгенде, адамдарды шаршатып, іштей жек көруге алып келетіндігін ескеруіміз керек.
2. Еліктеу феномені. «Біз қандай болуымыз керек?» деген сауалға жауап беру үшін бізге әр түрлі идеологиялар кеңістігінде өмір сүру бақыты тағайындалған. Демек, бізге әр түрлі идеологиялар кеңістігінен өзіңді алып шығу тағдыры белгіленген. ХХ ғасырдағы француз философы Ж.П. Сартр: «Адам абсолютті еркін, бірақ, сол еркіндік адамның бақыты емес, осы еркіндік кеңістігінде адасқан адам, бақытсыздыққа душар болады, демек, адам еркіндік жазасына кесілген», – деген тұжырымын еске алсақ, кері-қағытпа, ұлттық құндылықтарымызға сай келмейтін «идеологиялар әлеміндегі адасу» бізге: біріміз бен бірімізді қағыту мен өштесу идеологиясын білдіртпей, астыртын жариялайды. Бұл – жай ғана адамдардың кикілжің «сахнасы» емес, әлемдік әр түрлі идеологиялар кеңістігіндегі қайшылықтардың шағын үлгісі.
3. Жұмыссыздық, несие, уақытың же­тіспеу, күйзелістер, болашақ туралы үрейлер, т.б. кикілжіңдердің тұрмыстық қырларына жатқызуымызға болады. Қазіргі таңда қарапайым және төменгі (орта) таптың көпшілігі банктерден несие рәсімдеген, оны төлер сәтте қиналушылар да жоқ емес. Бұл қиналыстар адам санасында өздігінен-ақ ашу-ыза туғызады. Ол ашу тағы да өзгеге бағытталуы ықтимал.
Қаладағы қарбалас тіршілік қамы, көшедегі көліктердің дыбысы (шу) халықты әр түрлі жүйкелік дағдарыстарға алып келеді. Шудың әсерінен адам ағзасында ең алдымен, есту, жүйке, жүрек тамыр жүйесінің өзгерістері дамиды. Міне, осындай тұрмыстық жағдайлар кикілжіңдерді тудырудың алғышарттары болып отыр деп айта аламыз. Біздің елімізде психология, психосоматика, психоанализ сынды мамандардың тапшылығы психикасы ауытқи бастаған агрессиялы депрессияға ұшырағандарды сауықтыруға мүмкіндік бермей келеді.
Қорыта айтқанда, осындай жағдайлар қазіргі қоғамдағы кикілжіңдердің алғы­шарттары, демек, жанжалдардың алдын алу үшін осы жағдаяттарды саналы түрде түйсініп, ескеруіміз, – алдын алуымыз керек сияқты.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.