Заңы заңғар замана

  • 08.11.2012
  • 361 рет оқылды
  • Пікір жоқ

Мүлікті мемлекет мұқтажы үшін алып қою мүмкін бе?

Ақпарат құрал­дарында азамат­тардың пайда­лануын­дағы немесе пайдаланылмай жатқан, бірақ жеке мен­ші­­гіндегі жер телімдерін жер­гілікті атқарушы би­лік органдарының шешім­дерімен мемлекет қарауына алынғаны жөнінде жариялап жатады. Мүлік (оның ішін­де жылжымайтын мүлік) қандай жағдайда мем­­лекет мұқтажы үшін алы­­нып қоюы мүмкін?
Қорқытбай

Азаматтың, заңды тұлға­ның меншігіндегі мүлік мем­лекет мұқтаждығы үшін заңда көрсетілген ерекше жағдайларда және міндетті түрде құны қайтарылып алынуы мүмкін.

Дәрігермен қалай соттасуға болады?
Жеке меншікті клиникада ақшасын төлеп, балама операция жасатып едім. Операция сәтсіз жасалды деп ойламын. Жасаған дә­рігер «бәрі дұрыс» деп бой бер­мейді. Сараптау комиссиясын шақырғым келеді. Ко­миссияның жұмысына, одан әрі сот бола қалса, оның мәжілістеріне қатыса аламын ба?
Айтмағамбет

Егер ақысы төленген дәрі­гер­лік қызмет көр­се­тілген болса, сіз қоз­ғап отырған мәселе Тұты­нушылар құқығын қор­ғау туралы ҚР Заңымен реттеледі. Ол заңда тауар сату-сатып алу және ақылы қызмет көрсету ұғым­дары деңгейлес қолданылады. Заң баптары тұтынушының сатып алған тауарының (яғни, көрсетілген қызметтің) сапасының тексерілуіне қатысуына құқық береді. Демек сіздің көрсетілген дәрігерлік қызмет сапасын тексеретін сараптау комиссиясының жұмысына қатысуға құқығыңыз бар. Егер сіздің күдігіңіз қуатталса, жұм­салған шығыныңыздың бәрін және моральдық зиянды емдеу мекемесінен сот ар­қылы (егер өзара мәмілеге келе алмасаңыздар) азаматтық іс қарау тәртібімен өндіре ала­сыз. Ал, егер операция салдарынан балаңызды денсау­лығына зақым келіп, дәрігер қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болса, тергеу және сот процестеріне жәбір­ленушінің өкілі ретінде қаты­суға құқығыңыз бар.

Жәрдемақыдан несие
ұстала ма?
Банктен несие алып едім. Оны аларда ресімдеген шарт­та егер мен төлей алмай қал­сам, банктің сотсыз-ақ жалақымнан, өзге де та­бы­сымнан ұстай беруге құқылы екендігі көрсетілген. Кейінгі кездері тұрмыстың қиын­шылығымен бір­неше айын төлей алмай қалдым. Өзім бір мекемеде 22 мың теңгелік жалақымен сыпырушы болып істеймін. Жалақымды жұрттың бәрі сияқты банкоматтан аламын. Банк осы жағдайды пайдаланып, соны түгелімен және 12 жасар қызыма асыраушысынан (әкесінен) айырылуына байланысты тиесілі жәрдемақысын ұстап қалып отыр. Осының заңға сиятын -сыймайтынын білгім келеді.
Салиха

Банктің әрекеті дұрыс емес. Балаға тиесілі жәр­демақыдан несие үшін ұстауға мүлде болмайды және қанша қарыз болса да жалақысының тең жартысы өзінде қалдырылуы міндетті.

Жеңгем салған әлектен қалай қорғанамыз?
Біз көп ағайындымыз. Мен балалардың ор­тан­шысымын. Қай-қайсы­сымыздың да өз алдымызға отбасымыз бар. Әке-шеше­міз қайтыс болғанда қара­ғайдай қара үйге бәріміз де мұрагерлік құқығымыздан екінші ағамыздың пайдасына бас тартып, соның атына аударып, ресімдетіп беріп едік. Ол кезде жеңгем­мен некеде тұратын. Аға­мыз кейінгі кездері үлкен науқасқа душар болды. Ау­­ру­ханаға соңғы жат­қа­нында дәрігерлер енді ем қонбайтыны, ақыл-есі­нен ауысуы себепті өле өлге­нін­ше сәбише мәпелеп бағу­ға тура келетіні жөнінде жағ­дайсыз хабар айтыпты. Соны естіген жеңгеміз «кетемін» деп әлек салып жатыр. Әрине, ұстай алмаймыз ғой. Дегенмен ертең сот арқылы ажырасқанда дүние-мүлік, әсіресе, әке-шешемізден мұраға қалған үй қалай бө­лінеді?
Күзенбай

Неке және отбасы туралы Кодекстің 33-бабында ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезде жинаған мүлік олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылатыны көрсетілген. Бірақ, Заңның 35-бабына сәй­кес некеге дейін ерлі-зайып­тылардың әрқайсысына тие­сілі болған және екеуінің ор­тақ қаражаты есебінен са­тып алынса да, жеке пайдаланатын (қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат бұйымдарын қоспағанда) киім-кешек, аяқкиім сияқты заттары, сондай-ақ, некеде тұрған кезеңінде мұрагерлік тәртібімен немесе өзге де өтеу­­сіз мәмілелер бойынша сыйға алған мүлкі олардың әрқайсысының жеке меншігі болып табылады. Демек, аға­ңызға мұрагерлік жолмен бұйыр­ған үйдің жартысына ажырасайын деп жатқан жең­геңіз ауыз сала алмайды.

Алдыңғы «
Келесі »