АШКӨЗДІК немесе қазақ кәсіпкерлері неге мейірімсіз?

  • 27.06.2018
  • 54 рет оқылды
  • 0

Сабырбек ОЛЖАБАЙ – Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты, Ресейдің Халықаралық психология академиясының Құрметті мүшесі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі

Құдайға шүкір, қазір байлар байыған сайын байып, дүниелерінің есебіне жете алмайтын жағдайға жетті. Бұған қуанбасақ, қызғаныш деген ішмерездік, қолымызды жүрек тұсына қойып айтайын, бізден табылмайды, енді. «Бермесе де бай жақсы, жемесең де май жақсы». «Елде болса ерінге тиеді» дегенді де місе тұтамыз. Өкініштісі сол, бүгінде ішіне май байланғандар Шығайбай, Қарабайларыңызды жолға тастап кетіп жүр. Ілуде бір болмаса, байшыкештер жарлы-жақыбайға, кедей-кепшікке қол ұшын созыпты дегенді естімейсіз. Естісеңіз де, кез-келген адамның дуанаға ұстата салар тиын-тебеніндей бірнәрсені тастай салғанын естисіз. Тіпті, айтуға тұрмайды. Сонысына қарамай, түймедей тірлігін таудай етіп көрсетуге тырысатындарын қайтерсіз. Бір «жомарттарды» білеміз. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында жетім балаларға киім-кешек әпергенсиді. Мұндайда ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақыруды да ұмытпайды. Содан соң, оны қолыңызға майшам алып таппайсыз. Тырп етпей жатып алады. Жаздай қоң жинап, қыстай бармағын сорып жататын аю сияқты. Мұндайларға не деуге болады?
Бүгінде адамдар арасында ашкөздік деген ауру барынша дендеп барады. Байыған үстіне байысам, толған үстіне толсам деген әлдекедей жалмаңдаған, ашкөздене аласұрған біреулер. Қашан тояды? Қашан ашкөздігін тияды? Бір Құдайға ғана аян. Осы қазақ бай-манаптары мен шіренген шенеуніктері жиған-тергендерін о дүниеге өздерімен бірге алып кететіндей аш кенеше жабысып ажырағысы келмейді. Олар үшін бақыт деген байлық қана тәрізді. Байлық бақыт болса, кешегі Рахат Әлиев шетелде қашып-пышып жүріп о дүниеге аттанар ма еді? Әкежан Қажыгелдин, Мұхтар Әбілезев, Виктор Храпунов шетелдерде ығып, бұғып жүрер ме еді? Халықты тонап, ел байлығын еселеп ұрлағандар осы тірліктерінің есебі түптің түбінде Ар алдында берілетінін ұғынар ма? Айтып ауыз жиғанша, күні кеше банкир, кәсіпкер Жомарт Ертаев Москва-Сити бизнес орталығы жанында қолға түсті. Сондай-ақ, Qazaq банкінің негізін салушы Бақыт Ибрагим Германияда ұсталды. Білетіндер оны елімізге танымал тұлғаларының бірінің күйеу баласы болған деседі. Осы болғандар мен толғандардың балалары жасап жатқан былықтарды санап отырсаңыз, тауыса алмайсыз енді. Мәселен, кешегі экс-министр Қуандық Бишімбаев, «шыны королі» атанған Мұратхан Тоқмәди, «сыра королі» Тоқтар Төлешов ашкөздіктерінен істі болды. Соңғы екеуінің мойнында кісі қаны бар екенін сот дәлелдеп берді. Бұл тізімді жалғастыра берсек, ұзап кетеміз. Жә, осымен доғарайық.
Мүмкіндіктері бола тұра байлыққа ұмтылмағандар, қолында барды өзгеге бөліп бергендер қазақта да көп. Мен соның шырқау шыңында, қазақ халқының дара да аяулы перзенті Дінмұхамед Қонаев тұр деп санаймын. Талай жыл ел басқарды. Зейнеткерлікке шыққанда мемлекет есебінен берілген төрт бөлмелі пәтерінен басқа дүниесі болмаған. Мәскеудің мысықтілеулі мыстандары індете келіп тергеп, тексергенде, бір тиын да артық дүние жимағаны белгілі болып, өздері соңында кешірім сұрап құтылғанын білеміз. Дінмұхамед атамыз академик есебінде мемлекет есебінен бөлінетін жалақысын балалар бақшаларына аударып отырғанын да кезінде кітаптардан оқып, білдік. Не деген тазалық! Не деген имандылық! Не деген адалдық!
Мансапқа мастанбаған Уругвай Прези­денті Хосе Мухики ел қатарлы тозығы жеткен фермада өмір сүрген. Президенттер арасында жағдайы нашар деп танылған ол жалақысының басым бөлігін әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларына таратып беріп отырған.
2010 жылдың 1 наурызында мемлекет басшысы болып сайланған Хосе Мухики өзіне тиесілі алып резиденциядан бас тартып, қала сыртындағы әйелінің шағын фермасына қоныстанған. Бірінші ханыммен бірге ол жер аударып, гүл өсірумен де айналысқан. Тіпті, ауыз судың өзін Президент ауласындағы құдықтан алып ішкен көрінеді. Ұлт көшбасшысының тыныштығын небәрі екі тәртіп сақшысы күзеткен. Он екі мың доллардан тұратын бар байлығын Мухики қайырымдылыққа жұмсайды. Ал, оның бар байлығын 1987 жылғы «Фольскваген Жук» көлігі мен тұрып жатқан үйі және тракторы құрайды екен. Қарт Президент кезінде өзге ел Президенттерінің дүниеқоңыздығын сынап, көз тоймаушылықтарын айыптап отырған. 2010 жылдың 1 наурызы күні Президент болып сайланған ол 2015 жылдың 1 наурызында мемлекет басшылығы лауазымынан бас тартқан. Тегі, ең таза ел басшыларының бірі болып ол да тарихта қалары анық.
Қытайдың 38 жастағы ірі кәсіпкері Лю Цзинчонг мультимиллионер еді. Ол бір-ақ күнде бар байлығынан жерініп шыға келді. Сөйтіп, бар дүние-мүлкінен бас тартты. Өзі қарапайым лашыққа көшіп барды. Оның мұндай қадамға баруына досымен бірге саяхаттап жүріп, жол апатына түсуі себеп болған көрінеді. Бүгінде Лю Цзинчонг қарапайым лашықта тұрып, ғұмыр кешуді асқан бақыт деп санайды. Лю жол апатынан кейін буддистік философияны оқуға біржолата ден қояды. Бұл ғылым материалдық жағдай адамға көп қайғы-қасірет әкеледі деп үйрететіні белгілі. Осының нәтижесінде ол ел қатарлы қарапайым өмір сүруді қалады. «Мен барлық дүние-мүлкімді таратып бердім. Оның ішінде 8 автокөлік, жекеменшік үй, қала сыртындағы хан сарайындай ғимараттарым болды. Қазір мен кішкентай лашық сатып алып, сонда тұрып жатырмын. Бұл жерде мен діни мәтіндерді оқимын» дейді ол.
Сюн Шуйхуа деген қытай азаматы өзінің туған ауылында қайырымдылық істерге білек сыбана кірісіп кетіпті. Ол кіндік қаны тамған ауылындағы құлағалы тұрған ескі үйлерді трактормен сүрдіріп тастап, барлық тұрғындарына су жаңа баспана салдырып берген. Жомарттық деп осыны айтар болар!
Күні кеше телеарналардан Қызылорда қаласында атам заманғы көпқабатты үйді көрсетті. Тұрғындары көшіп кетейін десе, барар жер, басар тауы жоқ. Ал, биліктегілер өз қотырларыңды өздерін қасыңдар деп міз бақпайды. Алматы жақта да осындай оқиға болды. Тіпті, бір отбасының мал қорасында тұрып жатқанын көрсетті. Шымкент маңайында алты-жеті баласы бар бір жесір келіншек біреудің құлайын деп тұрған кепесінде өмір сүріп жатқанын да телеарналардан көріп, білдік. Бұл келіншек айтуға ауыз бармайтын жаман кеселмен сырқаттанады екен. Сонысына қарамай, балаларына тамақ тауып беру үшін жанталасып жүр. Көріп отырып көңіл құлазыды. Күресуге дәрмен жоқ. Жалаңаяқ журналиспіз. Қолымыздан келсе, осындай мүміндерге шайла да болса тұрғызып бергің келелі-ақ. Бірақ, бүгінде 8 сотық жер алу аспандағы Айды алудан қиын болып тұр. Жүрегінде мейірім оты сөнбеген жан-ау деп әлдекімдерге айтып та көрдік. «Қай жетімді жарылқай беремін» деп қолын бір-ақ сілтеді. Әне, біздің бай-бағыландар өстеді. Жиған дүниелерін көртышқан сияқты індеріне тасиды. Қолдарынан келгендер, есебін тапқандар ақшаларын, басқаларын шетелдерге жөнелтеді. Тіпті, шетелдің қай банкісінде қанша қаржысы бар екенін «ұмытып» қалатындар да бар. Бұларға не айтарсыз? Қазақты бір құртса, осы ашкөздік, қанағатсыздық, тойымсыздық құртады. Ұры-қары жайлаған елдің ертеңі бұлыңғыр. Мұхаммед пайғамбарымыздың «Бір жетімнің басынан сипаған жанға жеті пейіштің есігі ашық» дегенін неге ұмытып кете береміз?
Кешегі жаугершілік замандарда бабаларымыз жетім-жесірін қаңғытқан жоқ. Мұны тарихтан жақсы білеміз. Мына жақтан жау аңталап тұрды. Ана жақтан дұшпандар жерімізге сұғына кірді. Міне, осындай аласапыран кезде де бабалар ел бірлігін жадынан шығарған жоқ. Ұрыса жүріп, жұлыса жүріп, соғыса жүріп, ел қорғады, ешкімді де алалаған жоқ. Алалау, бөлектеу, ыдырату, жау жоқ жерден жау табу кейін басталды. Өзінің жеке мүддесі үшін бауырын да аямайтын қатыгездер көбейді. Миллиардтарды жұғынына жұқ көрмейтін ашқарақтар молайды. Бұлардан қандай жақсылық, мейірімділік күтуге болады? Олар ұлт мүддесі үшін күресе алады ма? Мұндай ашкөзділік меңдеп тұрған қоғамды Ізгілік нұрымен суармаса, ертеңіміз қараңғы.
Қазір байығандардың көпшілігі халық қалаулысы атанбаққа талпынады. Неге? Өйткені, депутат мандаты оларға үлкен қалқан. Бизнестерін қорғайды, биліктің марапаттарына ие болады, үлкен астаулардан ас ішеді. Осындай бақайесеппен депутаттыққа бір қол жеткізіп алған соң, сайлаушыларын естен тарс ұмытатындарды да көріп жүрміз. Кешегі жастық болып иіліп, көрпе болып жайылып жүрген «игі жақсыны» танымай қаласың. Іс біткен соң, «маңғыт, ауызына саңғыт» деп жайына кетеді. Олар жетім-жесірлерге қарайласу былай тұрсың, есігінен сығалатпайды. Бірең-сараңы болмаса, жетім-жесірге үй әперіпті дегенді ести қоймаймыз. Мұның орнына «ойбай, несін айтасыз, шетелдің пәлен деген әншілерін тойына шақырып, долларды суша шашыпты», «тойында пәленбай доллардың тортын жасатыпты» дегендерді естисіз. Бүгінгінің байлары көкпаршы болып алды шетінен. Көкпар беріп, додаға бірнеше машина тігіп жатады. Аттарың осылай аспандатады. Бұдан қолдары босаса, баяғыда өліп, сүйегіне әлдеқашан қына бітіп кеткен «ұлы» бабаларына ас береді. Артынша осы бабасының атына көше беріледі. Есімін ел естімеген батырлар көбейді бүгінде. Оларға кесене, ескерткіш тұрғызып әуре болып жатқан бір жұрт. Япырай, қайда барамыз? Рухани жаңғыру дегеніміз осы ма?
Меніңше, дәл қазіргі жағдайда шектен тыс байып кеткендерді үкімет арнайы тізімге алуы керек. Оларды байлығының бір бөлігіне жарлы-жақыбайға тұрғын үй салып беруге міндеттеу қажет. Қазір баспанаға қол жеткізе алмай отырған кедейлер көп. Өз елінде, өз жерінде біреудің босағасында жүрген халық екеу болса, бірі – қазақ. Біреу болса, нағыз соның өзі. Мұндай сорақылықты басқа елдерден табуыңыз қиын. Япырай, қалай ғана ынтымағы жарасқан ел боламыз?
Қазақ байлары ашкөзділіктен арылмай, ел болуымыз күмәнді. Таласпаймыз, қызғанбаймыз, бай бол, бақытты бол. Бірақ, бай болуға түрлі кедергілер қолбайлау болған қандасыңа көмек беруді де ұмытпасаңшы. Адамның мейірімі жүрегіңде. Жүрегіңе үңіл. Ақыретіңді ойла. Ертең ана дүниеге байлығыңды арқалап кете алмайсың. Рас, ұрпағыңа қалар. Бірақ, атам қазақ «әкенің малы ұлына мал болмайды» деп текке айтпаған.
Алаш ардақтыларының бірі Міржақып Дулатұлы: «Адамның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын жеке басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан-қаны тамып тұрған ұлтшыл артық» деген екен. Иә, ел тілегін тілей алмайтындардан арылуымыз керек. Тағы да, Міржақыпқа жүгінелік. «Қай істің болса да, негізі түзелмей-өзі өркендемек емес, көштің беті түзелмей-болжаулы жерге жетпек емес». Еліміздің болжаулы жері, Құдайға шүкір, шырқау шыңда. Ендеше, көштің бетін түзейік. Ашкөзділіктен, ашқарақтықтан, тойымсыздықтан арылайық. Осы ретте сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің «өзі тойып, көршісі аш отырған жан мұсылман емес, оның ақіретте барар жері-тозақ» дегені естен шықпағаны абзал.

Алдыңғы «
Келесі »

Пікір қалдыру

Сіздің электронды поштаңыз жарияланбайды.